Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Ақылбек Манабаев. Күзіне де үйретті өмір-ұстаз...

17.02.2019 5402

Ақылбек Манабаев. Күзіне де үйретті өмір-ұстаз

Ақылбек Манабаев. Күзіне де үйретті өмір-ұстаз - adebiportal.kz

Ақылбек Манабаев (1934-1984)өлең әлемінде өз сүрлеуін тауып, поэзия аспанына пәкизат жыры, сағыныш-ғұмырымен қанат қаққан белгілі ақындардың бірі. Ақынның «Жазира», «Самал сазы», «Мәуелі бәйтерек», «Алтын мен көпір», «Тау тескен», «Анама хат», «Жүрек сөйлейді» кітаптары жарық көрген. 1989 жылы шыққан «Жүрек сөйлейді» кітабына ақынның ең таңдаулы өлеңдері мен балладалары, «Чили балалары» атты поэмасы енді. Өміршең де өрелі өлең жолдарынан ақын жанының тынысы, жүрек дүрсілі анық аңғарылады.

ЖУСАН ИІСІ

Жондағы боз жусанды құлын жалды,
Бұрқыраған иісі мұрын жарды.
Былтыр келіп қайтып ем шала мас боп,
Сол құмарым, шіркін-ай, бүгін қанды.

Шайыры ма əжемнің ақ шашының,
Қаңсығы ма атамның шақшасының,
Қышқылы ма қымыз бен қымыранның,
Буы ма əлде қазақтың жақсы асының?

Соны иіскеп:
Бүгілгенде қасіреттен,
Бабамыздың, – дейді, – көзінің жасы кепкен.
Меніңше, бірді емес, ол бəрімізді,
Сайын дала сазына ғашық еткен.

О, досым,
Ауылыңа түспейді жол,
Əкетсе қиыр тартып қиыс кейде ол,
Кез келген жотасына сахараңның,
Ауна да боз жусанын иіскей бер...

***

Сəбидей былдырласа тұнық бұлақ,
Жағада елжірейді тыныш құрақ.
Бұлқына құшақтайды асау өзен,
Жартасты əкетердей жұлып бір-ақ.

Жағалай қойлар жатыр малшы үйлерін,
Қосады шопан əнге жан сүйгенін.
Бөктерден кең далаға көз тастаса,
Мұхиттай күн астында шалқиды егін.

Қаптатып сайға қарай жылқыларын,
Сом жігіт шаужайлайды сұр құнанын.
Келіншек жолын тосып су ұсынды,
«Дəмінен татыңыз, – деп, – бұл тұманың...»

ХАТ

Р-ға

Бұлқынып, бұла сезім мөлдіреген,
Көтеріп ұшты өзіңе тілегімді.
Қиналдым,
бір сені аңсап елжіреген,
Қағазға түсіре алмай жүрегімді.

Әнімен әлдилеген дала-қырды,
Үн қосып бұлбұлға – таң жаршысына.
О, сәулем,
жаздым мұны қаламымды,
Матырып жанарымның тамшысына.

Жүрсің-ау, қарайлаумен жолыма көп,
Төзе тұр,
Жетем болып гүлді көктем
Хат емес бұл,
Қона қалған қолыңа кеп,
Жанымның жапырағы дір-дір еткен...

ЖАНАРЫМДА ЖАЗУЛЫ

Ұнатам ба,
Әлде сені жек көрем бе,
Сұрамашы,
Сұрама,
Айта алмаймын.
Ашу ойнап от денемде,
Кектенем бе,
Арнадан асып бірақ шайқалмаймын,
Отырамын үнсіздікпен шектелем де.
Себебі не,
Тура жауап қайтармаймын.
Жанымды орап ыстық жалынына,
Өзегімді өртесе ыстық сезім,
Ілеспей құр елестің сағымына,
Сабырымды сақтайды іркіп төзім.
Мұңая да білемін,
Сүйіне де,
Жүзімнен емес әсте таң арылған,
Жазғы күндей жарқырай ма,
түйіле ме,
Сырымды ұға алмайсың қабағымнан.
Оқыңдар,
Көңілімнің күйі неде?
Жүрек үкімі жазулы жанарымнан.

ЖЕТІМ ҚОЗЫ

Көп қозылар жатқанда енесіне жамырап,
Ол тұрады бір шетте өкси зарлап-маңырап.
Жаутаңдаған жанармен сүзіп шығып маңайды,
Жабырқайды, жан-жаққа жалтақ-жалтақ қарайды.
Емшек іздеп егіліп аралаумен көп қойды,
Емінсе де оны елеп, ешкім керек етпейді.
Одан әрі шарлауға төзімі де жетпейді.
Күдер үзіп, үн-түнсіз үйшігіне беттейді.
Шопан ана әкеліп бергеннен соң жылы сүт,
Ол ұйықтайды балбырап, барлығын да ұмытып.
Мейірімнің мәңгілік сөнбес оты дарыған,
Шіркін, адам, кіршіксіз жүрегіңе табынам.
Өшіруге өмірдің өгей сөзі – жетімді,
Құдіретің тек сенің жететұғын секілді...

СЕМЕЙ КЕШІ

Күреңденіп күннің соңғы шапағы,
Көкжиекке өрт боп жанып батады.
Асып-таспай, арнасында ақырын,
Ерке Ертіс сабырлы ағып жатады.

Шалқар айдын құшағына ап ойлы айды,
Көп жұлдыздар тұңғиыққа бойлайды.
Жарқ-жұрқ етіп ақ шабақтар асыр сап,
Су ішінде шортан шоршып ойнайды.

Толқындарға жапырағын жайып тал,
Шаң-тозаңын келтіреді шайып бар.
Жүрек сырын су бетіне сызады,
Баяу жүзіп жастар мінген қайықтар.

Сансыз оттар қара түнді тілімдеп,
Алтын тісті бағаналар күлімдеп,
Омырауына алқа тізген үйлердің,
Су бетінде суреті тұр дірілдеп.

Салқын, сабат самал ескен тыныш бақ,
Жұпар сеуіп, аспанына нұр ұстап.
Қала жатыр құшағында ұйқының,
Тұнық ауа, тəтті күймен тыныстап...

СЫР

Нәр алып ақ сүтінен анашымның,

Өстім,

Ұқтым,

Жәдігөй кім,

Жанашыр кім.

Жетсем деп асыл арман биігіне,

Талабымның құнанын таң асырдым.

Көктем болып көркінен төгіліп саз,

Күзіне де үйретті өмір-ұстаз.

Аптапқа сап,

Аунатып ақ қарына,

От пен судан өткізді мені қыс-жаз.

Уақыттың меңзеп асқар, құз-белеңін,

Алдымда сайрап жатты із дегенің.

Бірақта табуға өз соқпағымды,

Бел байладым,

Бедел-олжа іздемедім.

Келемін қиынға сап өзімді кіл,

Тер төктім,

Шыңдау үшін сезімді гүл.

Болсам деймін:

Қайла ұстаған қатардағы,

Асыл жырдың кеншісі төзімді бір.

ДОМБЫРА

Күйші қарт кеуде кере шабыттанып,

Жібергенде қос ішекті қағып-қағып.

Күмбірлеп күңіренген сырлы саздар,

Көңілдің көгін құшты талып барып.

Бес саусақ өрлі-қырлы жеңіл аунап,

Сырғиды пернелерді омыраулап.

Саңқылдап сағыныштың әуендері,

Қиялды жетектейді соныға аулақ.

Ашқандай ақ құшағын сүйікті арман,

Көз жұмып, көп тыңдаушы ұйып қалған.

Жұлқысар шаршы топта палуандай,

Кейбіреу жалаңаштап иықты алған.

Секілді шыңға қонған бала бүркіт,

Біреулер өзеурейді, алабұртып.

Мөлт еткен қос тамшыны көтере алмай,

Майысып айқасады қара кірпік.

Қиқулап, кейбіреулер жанасалап,

Өрекпиді, отырмай тек тамашалап.

Барады баурап алып бар жүректі,

Безектеп, бебеулеген қара шанақ.

Жаныңды сиқырлы бір дауыс арбай,

Ырғақтар бірден-бірге ауысар жай.

Қаз мойын, сал домбыра өксиді-ай кеп,

Саусақтар сырды санап таусыла алмай.

Сағақта тұншығып қап тарпаң бір үн,

Асқақ күй ұқтырады бар паңдығын...

Далама ризамын мен қол басындай,

Ағашына сыйғызған дарқандығын!

ТАУҚҰДІРЕТ

– Тауқұдірет, мекен еткен орманды,

Кішкентай құс, – деді де қарт толғанды.

Үкілеген домбырасын қолға алды,

Алға ұмсынып, екі иығын қомданды.

Желпініп ап, ішектерді бір қағып,

Нарттай болып жүзі жайнап, нұрланып,

Іште тұнған бардай үлкен арманы,

Күрсінді де әңгімесін жалғады.

– Табиғат та аямастан көрікті,

Жұдырықтай денеге үйіп-төгіпті.

Халық оны қасиетті санаған,

Оған қолын көтермейді жан адам.

Ол жайында,

Мәңгі кетпес санадан,

Мынадай бір аңыз да бар тараған.

Адам біткен айбарынан шошыған,

Серуенге шықты бірде Жошы хан.

Ас әзірлеп, шатыр тігіп жолына,

Мың шамалы серік ерді соңына.

Желік қуған өңкей сұмдар жалаңдап,

Ойға-қырға шапқылады далаңдап.

Табу үшін билеушінің көңілін,

Қиюға да әзір олар өмірін.

Иен жатқан өлкелерді жағалап,

Тауды кезді, сай-саланы сағалап.

Ит жүгіртіп, жүйріктерін сабалап,

Кетті қалың ормандарды аралап.

Құртты талай құралайды көзге атып,

Жықты елікті, лақтарын боздатып.

Қыр сұлуы – киіктерді жаралап,

Құлындарды жем қылды итке қамалап,

Оққа жығып аққудайын еркені,

Жүрген жерін жайпап, жойып, өртеді.

Жазықсыздың жанын үзіп, жалмады,

Сонда-дағы шер-құмары қанбады.

Келе жатты, астам пиғыл басылмай,

Кенет көзі жарқ-жұрқ етіп жасындай.

Тастай қатып бір нүктеге қадалды,

Беттің түгі сыртқа теуіп, сазарды.

Жалған күліп, жалбаң қағып жағынып,

Нөкерлер де тұра қалды аңырып.

Елес беріп өткендей қас дұшпаны,

Хан қолымен алғы жақты нұсқады.

Қожасының меңзегенін байқады,

Қошеметшіл тобыр басын шайқады.

Жасыл теңге жапырақты жамылып,

Күннің күміс шуағына малынып.

Алдарында отыр еді екі құс,

- Ұстау керек, - деді уәзір, - не тұрыс!

Торға қамап, қызғалдақтай жайнатып,

Ақ сарайға қойсақ жөн-ау сайратып.

Өзіңізге жіберген сый тәңір шын,

Нендей шешім қабылдайсыз әміршім...

Осыны айтып құлдық ұра иілді,

Бірақ ханның қас-қабағы түйілді.

Жемге төнген қара құстай шүйілді,

Доғар сөзді! – деп айғайлап бұйырды,

Шүңгіл сөздер қып-қызыл боп қанталап,

Нығыздана шіренді ерге шалқалап.

Қос ғұмырдың махаббаты бүлдіршін,

Шайпау жанын шайқалтты ма, кім білсін.

Бейбақтарға жүрген бақыт сұраумен,

Тарсынды ма дүниені мынау кең.

Мүмкін әлде, татулықты қызғанды...

Келбетінен соқты дауыл ызғарлы.

Қарашықтан шығатындай у ытқып,

Айбарлы әнін билеп алды суықтық.

- Жүректерге жылу құяр көркімен,

Сұлулықтың қырам бәрін, өлтірем...

Сөздің соңы алқымына тығылып,

Қалш-қалш етіп түйді патша жұдырық.

Қаһарланып қатыгез жүз томсарды,

Қорамсаққа қоқилана қол салды.

Сыпсың етіп, сұр жебе ұшты сырылдап,

Мертікті де бір құс жатты шырылдап.

Аман қалған оның әлгі сыңары,

Жеке-дара көкке шырқап шығады.

Серігі үшін құстар-дағы тегінде,

Тайсалмастан барады екен өлімге.

Сонан соң ол жасқанған жоқ қорғалап,

Іркілместен ақты төмен сорғалап.

Шүйіліп кеп, жаралыны іліп ап,

Көк аспанға шықты қайта зымырап.

Көрдей қуыс көкірегіне мұз қарып,

Хан қалшылдап кетті мүлде сызданып.

Қара түнек бұлт қаптап қабағын,

Қаһарланып қайта тартты садағын,

Кетті тағы қозы жаурын жалтылдап,

Масаттана күлді жауыз қарқылдап.

Сыңар қанат құстар зарлап, құлады,

Орман шулап, жапырақтар жылады.

Қарғыс айтып қанды қолға күнәлі,

Сыңсыды өксіп өзеннің ну құрағы.

Кенет, қырдың қызғалдағы, жуасы,

Болды ғажап оқиғаның куәсі.

Көтерді де басын құстар жаралы,

Жан-жағына құштарлықпен қарады.

Таңқаларлық қимыл жасап бір есті,

Құшақтасып, иыққа-иық тиісті.

Ажырамас айналып бір денеге,

Ұшты самғап,

Ұқсап ұшқыр жебеге.

Қанат қағып, алыс тауды бетке алды,

Кіжінді хан, артта адасып оқ қалды.

Алдарында тұрды азапты дауыл, шың,

Асты іркілмей, төтеп берді қауырсын.

Қос жүректі бөле алмады ауыр сын,

Қара жерге қаратты олар жауын сұм.

Егіз құстың ерлік сырын ел ұқты,

Ғасыр бойы аңыз етіп келіпті.

Батылдықты, батырлықты мадақтап,

Тудырды жұрт талай әсем ән асқақ.

Жырға қосты, шертті талай әңгіме,

Татулықтың үлгісі етті мәңгіге.

Өтті жылдар, өнеге өлмей жатталды,

Заманалар шежіре ғып ақтарды.

Бас имеген, берілмеген дұшпанға,

Қайсар жанды қарапайым құстарға,

Таудай мықты өмір тілеп, көрікті,

Тауқұдірет деген атақ беріпті!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар