Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ақын Айша Көпжасарова 80 жаста...

24.09.2021 4550

Ақын Айша Көпжасарова 80 жаста 12+

Ақын Айша Көпжасарова 80 жаста - adebiportal.kz

Қазақ әдебиеті тарихында ақын қыздардың алатын орны ерекше. Кейінгі дәуірдің көшін бастаған Мәриям Хакімжанова әжеміздің соңынан ерген бірнеше буын ақын қыздар поэзиясын «қызылды-жасылды Қыз Жібектің көшіне» теңесек болады. Бүгінгі тегеурінді буынға дейін бұйда созған Осынау көштің сәнін келтірген аяулы ақын аналардың бірі – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айша Көпжасарова сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Қаламдас сіңілісі Шырын Мамасерікованың ақын әпкесіне арнаған мына бір шумақ өлеңінде шығармашыл ғұмырдың шынайы болмысы жатқаны анық.

Бір қолында – қаламы, бір қолында – қазаны,

Оңай емес білемін, ақын әйел азабы.

Оқушысын қуантар табу үшін тың теңеу,

Ертелі-кеш инемен жыр құдығын қазады...

Иә, ақындық, оның ішінде әйел заты үшін ақын болу – қиын екені айтудай-ақ айтылып, жазудай-ақ жазылып келе жатқан тақырып. Бірақ та ешкім де бұл жолды: «Мен ақын бола қояйын!» - деп қалап алмайды ғой. Ақындық – Жаратқанның жазмыш сыйы. Адам тағдыры, ақын тағдыры осы жолмен жүріп өтпек. Шығармашыл шабыттан туындылар тудырмақ. Бұл – жалпы қалам ұстаған қауымға тән қалып-күй.

Қарапайым өмір кешіп келемін,

Қоламта ойлар көбейтіп мұң көлемін.

Сенімменен зау биікте жүреді,

Асқақ арман әлдилеген жүрегім, -

деп жырлаған қазақтың ақын қызы Айша Көпжасарова 1941 жылы 24 қыркүйекте Тараз қаласында дүниеге келген. Ата-анасы өнерге бейім жандар болыпты. Анасы суырыпсалма ақын болса, әкесі Жұмағұл қисса-дастандарды жатқа айтатын адам болыпты. Айша Көпжасарова 1968 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әбу Насыр әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ) филология факультетін бітірген. Еңбек жолын Жамбыл облыстық «Еңбек туы» (қазіргі «Ақ жол») газетінде бастайды. Қаратау қаласындағы «ХХІІ партсъезд» мектебінде жиырма жылға жуық мектепте мұғалім болып қызмет істейді. Сондай-ақ 1980-1999 жылдары Жамбыл облыстық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді.

Түземін жаһұттан жыр өреліге,

Шабыттың батып теңіз тереңіне.

Танитын зер қадірін зергерім деп,

Халқымның ұсынамын керегіне, -

деп жырлаған ақын бірнеше жыр кітаптарының авторы. 1978 жылы «Шұғыла» атты топтамада өлеңдері алғаш жарық көрген. Тұңғыш дербес жинағы 1980 жылы «Жаз келеді» деген атпен оқырмандарға жол тартқан. «Бақытым менің» (1982 ж.), «Соны соқпақтар» (1986 ж.) жыр жинақтарынан өзге, 1999 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген Жамбыл облысы ақын-жазушыларының «Өлеңдер мен әңгімелер» жинағына ақынның бір топ өлеңдері енген. «Ана жүрегі» (2017ж.) «Таразым – тал бесігім» (2001 ж.) атты таңдамалы жыр жинағының, сондай-ақ «Аяулы қазақ қыздары» (2019 ж.) кітабының авторы.

«Айша өлеңдері өзінше ойлауымен, шарттылыққа ұрынбауымен, табиғилығымен қызықтырады. Айша өлеңнің сыртын, түрін қызықтамай, ішін бағады. Топырлап келген теңеулерін тоқтатпай төгеді. «Оқыған жан бір керегін алар», - деген екен ақын Күләш Ахметова. Туған жердің тамаша табиғаты, ақжарқын, көңілі дархан қазақ әлемі, өмірдің алуан құбылыстары – ақын өлеңінің арқауы.

Қазақ деген – пәк періште баладай,

Кімге болсын, мейірі ыстық анадай.

Жер жаһанда мұндай халық жоқ шығар,

Мырзалығы, дархандығы даладай...

Айша Көпжасарова өлеңдеріне Мэльс Өзбеков қатарлы көптеген композиторлар өлең жазған екен. Ақын өлеңдері мәтініне жазылған әндерді қазіргі күні кенже ұлы Айбек Жансейітовтің орындауында жиі естиміз. Яғни, қалың жұртшылыққа «Бүркіт» лақап есімімен таныс танымал әнші, сазгердің «Мекенім – Қазақстан», «Туған жер» т.б көптеген әндерінің мәтінін анасы жазған. Ақынның ұлы Бүркіт пен келіні Айша – көрерменнің көзайымына айналып, тыңдарманның ықыласына бөленген әнші жұп.

Отағасы Бекжігіт Жансейітовпен бірге төрт бала өсіріп ержеткізіп, ұрпақтарының қызығына бөленіп бақытты өмір кешіп отырған ақын ана – әдемі қартаюдың үлгісі.

«Әдебиет порталы» ақын ананы сексеннің сеңгіріне шыққан мерейлі жасымен құттықтай отырып, ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, шығармашылық толайым табыстар тілейді!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар