Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Ақын және түн...

21.04.2022 4828

Ақын және түн 12+

Ақын және түн - adebiportal.kz

Ерғали Бақаш – ақын. Әңгімелері де жарияланып тұрады. Оның өлеңдеріне кездейсоқ, сайттар арқылы тап болдым. Сөзбен сурет салуға әуес екені байқалады. Оның қаламынан туған әр өлең мөлдіреген тіл тазалығымен, образдылығымен, көркемдігімен, ерекше нәзіктігімен оқырманын баурап алары сөзсіз.

Әр шебердің қолынан шыққан өнер туындысы сол шебердің өзіне ғана тән нақышымен ерекшеленсе, Е. Бақаштың әлемі ешкімге ұқсамайтын сырлы да, нәзік, әсем әлем дегім келеді. Міне, мен өлеңдерін оқып отырмын. Ақынның жан дүниесі түпсіз тереңнен бастау алып, шартарапты шарлап, күнделікті қарбалас тірлік пен толғауы тоқсан тіршіліктен босай қалғанда өз әлеміне ұмтылып, түнгі тыныштықпен сырласады.

Сұлу кеш, түн қойнына кетті кіріп,

Қалды ымырт, құры босқа жөткірініп.

Түтілген жүндей анау ақша бұлтың

Қасына Темірқазық жетті күліп

Көрінді сылаң қағып Ай да керім

Көктемнің сағынышын майда лебін,

Гүл емес, пана іздеген жарық нұрдан

Көбелек-ау, жастығым қайда менің?!

Құшағы керемет пен құпияға толы түннің тылсым сырын бейнелей келе, жастық шаққа деген сағыныш сезімін құлпырған көктемгі тіршілікке балайды.

Балғын шағын еске алған әрбір адамның көк майсасын белден кеше жалаң аяқ жүгірген қыры мен даласы, балағын тізеден түріп, балығын аулаған өзен-көлі, жұпар иісі мұрныңды жаратын шалғында шалқадан түсіп, көк аспандағы ақша бұлттарды тамашалай арман қуған өндір кезі есіне түсері сөзсіз. Автор сағынышын жырлай келе, енді ғана бас жарып, тіршіліктің кереметіне ынтыққан балғын гүлдерді өзінің балалық шағына, өскен ортасына теңесе, күн нұрына ұмтылған, пана іздеп, шарқ ұрған көзсіз көбелек бейнесімен қайталанбас жастық шағын сағына еске алып отырғандай әсерде қалдырады.

Күз міне, дірдек қағып жапырақ тұр,

Құлазып қалады ертең, атырап тұл.

«Бармын ба, жоқпын ба», – деп тіршілікте

Күрсінер терек байғұс аһылап құр.

Жоқ өкпе, жұпар аңқыр қоңыр кешке

Ілесіп күн кешерміз өмір-көшке.

Санамда сары уайым салады ойнақ

Сабырға шақыра алмай көңілді еспе.

Адамның арманға, қиялға толы жастық шағы өтіп, ақыл тоқтатып жан-жағына ойлана қарайтын, сабырлы шағын автор байсалды қоңыр күзге теңеп, өнер тілімен бейнелей білген.

Адам жастық шақтан өткен соң, саналы жасқа жетіп, тамырын тереңнен тарта, әр ісін сараптай, жан-жағына байыппен қарайтын бәйтерек бейнесінде сипатталады. Өмір-өзен ағысымен бірге жүзсе де, ақын жүрегі өз елінің, жас ұрпақтың болашағы үшін қобалжып, көңілі тыныш таппағанын өлеңнің соңғы шумағынан байқаймыз. Балалық шақта байқала бермейтін, байқалса да бала көңілі мән бермейтін шырғалаң да қызықты өмірді есейгенде басқа қырынан танып, болашақтан жақсылық пен жаңалықты тағатсыздана күткен, әрбір жаңа күнге үмітпен қараған бозбала бейнесін ақын оқырман жүрегіне жеткізе білген.

Ақын көп ізденіс пен толғаныстың арқасында өз шығармаларында әдемілікті іздеп табуы – үлкен еңбектің нәтижесі. Бір қараған адамға өлең жазу оңай сияқты көрінгенімен, өз ойыңды әдемі сөз тіркестерімен оқырман жүрегіне жеткізе білу, адамның жан дүниесіндегі арпалысты өлең тіліне түсіру, оны бейнелей білу шеберлікті қажет етеді.

Құс жолы анау, соққанда қоңырауын

Ақ бұлттардың түртеді Ай омырауын

Енесімен көкке өрген қозылардай

Жұлдыздардың қарашы жамырауын

Еркін жайлап жарықты түн ақсиды

Паналады көлеңке құрақ, шиді

Кеберсіген даланың маңдайынан

Жымиып кеп мөп-мөлдір бұлақ сүйді.

Көзбен көріп, қолмен қойғандай анық, дәл сурет емес пе? Автор тбиғат көріністерін ерекше бояумен суреттейді. Өлеңді оқып отырғанда көз алдыңызға еріксіз түнгі аспандағы керілген құс жолы, жамырай жымыңдаған жұлдыздар, ақша бұллтарға еркелей қыр көрсеткен Ай, ала көлеңкелі кең далада сылдырлай аққан бұлақ, сыбдырымен осы әдемі көріністі толықтыра түскен құрақтар елестейді. Ақынның жан дүниесіне еніп, осы түнмен бірге өзіңіз де сырласқандай әсер аласыз.

Түн ығысар күн көзі жылтыраса,

Кісінейді ақ бұлттар жылқыларша.

Жалт-жұлт еткен жұлдыздар ғайып болды,

Жанып біткен оттағы шырпыларша.

Немесе:

Елпілдейді қара түн жаны қалмай

Жұлдыздарсыз аспаннан жалығардай.

Айдың бірақ қабағы ашылмайды

Өле сүйген Күнді әлі сағынардай.

Бір-біріне кереғар қарама-қайшылық қалай жымдасып, тұтасып кеткенін қараңызшы. Бұл енді ақынның шеберлігі емес пе?

Өмірде әр ортаның өзіндік ерекшелігі мен үйлесімділігі бары рас. Аспанның әдемілігі жұлдыздармен болса, Айдың да Күнсіз сәулесінің нұры болмайтындығын айқай-аттансыз, өлең тілімен жеткізе білген. Өлеңді оқып отырып, жұлдызды аспанға, Ай мен Күнге, табиғат атаулыға басқаша қарай бастағаныңды өзің де сезбей қаласың. Міне, бұл өлеңнің құдіреті болса керек.

«Дауыс» өлеңіндегі философиялық астары терең мына жолдарды бірге оқып көрейікші.

Зер салсам жүрегімнің қақ төріне,

Күнә көп өкінетін сәттеріме.

Аузымнан шыққан сөзді жазып отыр,

Періштем жоғалмайтын дәптеріне.

Сол дәптер жолымды ашар жабылмастай.

Түнекке сіңіп кетсем табылмастай,

Бір елес қыр соңымнан қалар емес,

Ол менің мұңым ба әлде арылмастай?..

Ақ пен қараны, ізгілік пен күнәні шебер үндестіре білген. Бәріміз жүрекке үңілуіміз керек. Сонда періштеміз «жоғалмайтын дәптеріне» тек жақсы қасиеттерімізді ғана жазатын болады.

Ерғали Бақаш – махаббат лирикаларын, үздігіп, үзілдіріп жазады. Ақын жүрек сұлулыққа, әдемілікке ынтық болмауы мүмкін емес деген қағидаға сайсақ оның да жарасып тұрғанын айтуға тиіспіз.

Хафиздей сүйіп, Мәжнүндей күйдім дертіңе

Ажалдың өзі қарсы тұра алмай сертіме.

Өмір дегенің – сүю екен ғой біреуді,

Дүниені мынау көндіріп алып еркіңе.

Іңәрім менің – қара көзіңдей қара түн,

Тесіліп саған жұлдыздар қарап қалатын

Бір аунап алып, өз мұңына өзі тұншығып,

Күрсініп Ай да қағатын әлсіз қанатын.

Немесе,

Ақыл мен көрік қатар дарыған жарығым,

Сөзім жеткенмен, қолым жете ме зарығым.

Құдайдың шексіз құдіретінің біреуі –

Сұлулық екен, қапысыз соны таныдым.

Әр шумақ музыка ойнап тұрғандай, ырғақты, ойнақы оқылады. Ақын сұлулықтың, хас сұлудың мінсіз бейнесін шығармашылығының өзегіне айналдыра білген.

Міне, ақын жүрегінің лүпілі, мөп-мөлдір пәк сезім өлең тілінде үн қатып тұр.

Мәжнүндей мұңды, Хафиздей шерлі жас ақын,

Жанының шөлін шараппен ғана басатын.

Жүрегінде оның Алатау бұғып жатқанын,

Білмейді-ау ешкім, жан да жоқ сырын ашатын...

Иә, ақын өзгеге емес, өлеңіне ғана сырын ашуы керек. Себебі ұлы Жаратушы оған «жаз» деп қалам, «айт» деп тіл берді емес пе? Ендеше, жазу керек. Шағын мақаламызды ақынның «Түн осылай» деген өлеңімен аяқтағым келеді.

Тымық түнге сіңіп кетсем, буланып,

Өз мұңыма өзім ғана уланып.

Рахаттанып жатар едім шынымен,

Бірақ, мені кетті дерсің... қуланып.

Ішімде өлген армандарым түске еніп,

Ту сыртымнан айбат шекті тістеніп.

Ат шалдырып, түнге бұрдым бетімді,

Кеше ғана кетсем-дағы түстеніп.

Түн осылай тартып кетті тереңге,

Түнек әлем айналдырмас кереңге.

Жұлдыздардың көптігінен не пайда,

Түспеген соң шұғыласы төменге.

Құшағына ап, қара түнді аймалап,

Ай барады көк жүзінен тайғанап.

Жұлдыз біткен жиналыпты бір жерге,

Ақ бұлттарды жібермек боп майдалап.

Түнге сыйлап, ойын, шаттық күлкіні,

Бұл жалғаннан ғайып болам бір күні.

Сонда менің буға айналып өр рухым,

Жер астынан білінеді бүлкілі.

Әлмира Сәрсембаева,

Әбдікерім атындағы

Шыңғыстай орта мектебінің мұғалімі,

Шыңғыстай ауылы,

Шығыс Қазақстан облысы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар