Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Ақынның азаттық жыры...

10.11.2020 6650

Ақынның азаттық жыры 12+

Ақынның азаттық жыры - adebiportal.kz

«Әдебиет порталы» алда келе жатқан азаттықтың 30 жылдығы аясында «тәуелсіздік», «егемендік», «бостан», «бодамсыздық», «суверенділік», «азаттық» т.б. синонимді мағыналарда айтылатын осы бір қастерлі ұғымды әр дәуірдің шығармашыл ұрпағы туындыларында көрініс табуын зерделеп, «Қалам ұшындағы тәуелсіздік» циклі бойынша оқырманға ұсынуды қолға алып отыр.

Тәуелсіздік туралы қалам тербемеген қаламгер жоқ шығар, сірә! Солай болуы да сөзсіз ғой. Отты, шымыр шағын өлеңдер, балладалар мен поэмалар, әңгімелер мен хикаяттар, романдар жазылды. Ата-бабалардың аңсаған асыл арманы – азаттық таңы арайлаған сәт ақын-жазушылардың шабытына тың серпін, жаңа екпін үстегендей еді. Тәуелсіз Қазақстан аға буын қаламгерлерінің шығармашылық ғұмыры тақырыптық, идеялық тұрғыда «азаттықа дейін» және «азаттықтан бергі» деген екі дәуірді қамтитын болды. Ал Қазақстан тәуелсіздік алған тұста үлкен әдебиетке араласып таныла қоймаған 70-жылдар соңынан бергі шығармашылық өкілдері – таза Азаттық дәуірдің төл туындыгерлері.

Бүгіндері дүйім қазаққа аты танылған белгілі ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы, ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Саринді жоғарыда біз атаған буынның төлбасы деуге де болатын шығар.

Шығармашылығының бастауы мен өсу жолдары Азаттықтың таңы атып, күні шығумен қатар өрілген қаламгер буын тәуелсіздікті қалай жырлады, дәуірлердің, қоғамдық құрылымдардың өзгерісі әкелген қиындықтар мен қол жеткізген жетістіктерді қалай сезінді деген сұрақтарға Қалқаман Сарин шығармашылығы арқылы жауап іздеп көрдік.

Қалқаман Сарин – аудиториясы кең, оқырманға, әсіресе жастар арасында оқылымды ақын. Шығармашылығында азаттық туралы өлеңдер де аз еместігіне ақынның кітаптарын немесе ғаламторды ақтарған адам бірден көз жеткізеді. Ақынның «Тәуелсіздік» атты өлеңіне назар аударалық:

...Уа, Еркіндік, қош келдің!

Өзегімді өртке ораған қоғамда,

Өз үйіме өзім өгей болам ба?!

Алшаң басып жүре алмаса алты алаш,

Азаттығым – қадірің де жоқ онда! –

дейді ақын. Тәуелсіздік алғаш бақыт құсындай басқа қонған тоқсаныншы жылдар басында ақындарымыз қуанышқа толы асқақ көңіл-күймен, үлкен шабытпен жырлады. Бірақ азаттық деген, әлемдегі барша ұлттың басына бірдей қона бермеген қастерлі құсты ұшырып алмай, оның баста баянды болуы үшін аялап, көздің қарашығындай сақтауға ұмтылу, осы жолда жұдырықтай жұм болу керек екені де айқын сезіле бастаған еді. Сондықтан да болар, ақын:

…Саған жету қиын болса қаншалық,

Сақтап тұру қиынырақ одан да!

Алла берген азаттықтың әр сәті –

Аманат қой маған, саған оған да! –

деп жырлайды. Иә, қол жеткізген Азаттыққа қуандық, шаттандық. Бірақ заман алға озып, ескі жыртылып тозып, жаңа алға озған сайын дәуірдің тап болдырған сынақтарына төтеп беріп нығаюымыз, эйфориядан айығуымыз, оған сіз де мен де, ол да атсалысуы қажет екен. Иә, ақын айтқандай, тәуелсіздікке жету қаншалықты қиын болса, оны сақтап тұру – одан да қиын екеніне осынау отыз жылдың ішінде айналамызда болып өткен және болып та жатқан оқиғаларға көз салып, ой жүгіртсек түсінікті-ақ.

Қазақ – арғы тарихында кең сахараның әр тұсына салуалы орда қондырып, Еуразияның төсін ен жайлаған халық болғанымен, кейінгі екі ғасыр жүзінде өз еркі өзіне тимей, жүдеу-жадау күй кешкен халық. Азаттықтың ең үлкен сыйының бірі – қазақ жерінің қақ ортасында еліміздің кіндік қаласын белгіленіп, ескі шаһардың қайта түлеп, жаңғыра өркендеуі екені анық.

Астанам, ару қалам, асқақ ордам,

Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған!

Ту ұстап тұлпар мінген бабаларым,

Бермеген ел намысын жатқа қолдан, -

дей отырып ақын көне Қараөткелдің бойына Алматыдан көш келіп қонғанына, Есілдің бойына ескерткіш болып орныққан Хан Кененің өр тұлғасымен бірге ер рухы да оралғанын шаттана жырлай отырып, мұнда да сырт көздің сұғынан, жат пейілдің қара ниетінен сақтануды ескертеді:

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,

Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.

Сұрланып сырт айналған суық көздер

Қарайды әлі саған сәл қызғана, -

деп жырлайды ақын «Астана» өлеңінде. Иә, Алатау баурайындағы ару Алматыдан Арқа төсіндегі, Есіл мен Нұра ортасындағы Қараөткелге қоныс аударған ел астанасының тәуелсіздігіміздің нышаны болып өркендей беруіне баршамыз жауаптымыз. Қызыға қараушылармен қатар, қызғана көз тігетіндер де жоқ емес деп айта алмаймыз ғой.

Елдік сананың, ұлттық рухтың туған топырағында тамырын тереңге жіберіп, гүлденуіне алаңдау, осы жолда қолынан келгенінше қызмет жасау – алаш азаматының қастерлі борышы, алаш ақынының азаматтық лирикасына өмірлік тақырып болуы тиіс қой. Өлеңдерінің тақырыбына көз салып, ондағы мазмұнды оқып идеясынан ой түйгенде Қалқаман ақынның да осы үдеден шығатынына көз жеткіземіз. Иә, азаттық жайлы айту да, жырлау да оңай, азаттық дәуірдің де жақсылығына қоса, өз қиындығы бар. Оны жасырып қалу мүмкін де емес.

Мұнар да мұнар, мұнарлы күннен мұң жұтып,

Бабалар өтті-ау, біздерден биік жыр күтіп.

Ұлтымнан қалған уызымды әбден ірітті,

Ұл менен қызға удай бір ащы тіл бітіп.

Бүгінгі күннің ащы шындығы ма? Иә. Жаһандану атты замананың өкпек желіне төтеп беру – қиының қиыны болып отырған кез – қазір. Есті жұрттар ерте қамданып, тілін, ділін, дәстүр-салтын осы бір дүлей дауылға төтеп берер қамсау ретінде қорғаныш, тосқауыл жасап әлек. Ал біз ше? Бұл жағынан сірә да мақтана алмаймыз ау.

Ата-бабамыз жаһанданамыз деген жоқ,

Келбетін сақтап келмеске кеткен кемел боп.

Еуропаның ән-күйі десе елеңдеп,

Анаңның мынау әлдиі десе керең боп...

Солай. Туған жері мен елі, ата-бабасы, әке-шешесі қазақ болғанымен, салт-санасы, әдет-қимылы өз топырағына жат, ана тіліне мұрнын шүйіре қарайтын, өзінікін қаңсық, өзгенікін таңсық көретін жатбауыр ұрпақ өсіп келе жатыр. Тәуелсіздіктің отыз жылын, бір ғасырдың үштен бірін басып өтсек те, ұлттық руханиятымызды елдігіміздің өзегі ете алмай, әйтеуір «аспанымыз ашық, күніміз жарық болсынмен» шөре-шөре күй кешіп отырғанымызға ақын жаны еріксіз күйеді:

Не дерсің анау желігіп жүрген қызға – арсыз,

Не дерсің мынау намыссыз ұлға – ұждансыз.

Қор көріп өзін, өзгенің құлы боп кетер,

Боркемік ғұмыр бұйырды неге, бізге әлсіз?

Түбінің бір қайыры болғай, әйтеуір. Ақын жаны осыған күйінеді, шырылдайды. Бұл – ұлтының ертеңіне алаңдап, жаны ашитын кез келген қазақтың көкейіндегі ойдың қағазға өлең болып түскен сұлба бейнесі ғой. Қорытынды шығарып қамдану – есті оқырман сіз бен бізге сын.

Ақын шығармашылығы – қашанда өз дәуірінің, қоғамының барометрі. Қоғамдағы келеңсіздіктерге өз мезгілінде ел көкейіндегі түйінді мәселелерді көтере үн қатып, жырына тиек етпесе, ақынның ақындығының да мәні шамалы. Қалқаман ақынның өлеңдерінде біздің қоғамымыздың түйткілді проблемалары, сыздауық жарасы бар. «Тілсіз жау» атты өлеңінде ақын былай дейді:

Мінбедегі мұңсыз қауым,

Кімнің айтып жүрсіз дауын?

Өзегімді өрт боп шалған,

Өзің болдың – тілсіз жауым.

«Жартасқа бардым, күнде айғай салдым: онан да шықты жаңғырық», - деп, сонау бір дәуірде Абай ащы запыран зарын төксе, метрополияның бодандық қамыты мойнынан түскенін әлі де болса сезіне алмаған, сезінгісі де келмеген «тілсіз жау» байырғы ұлттың, ата-бабасының тілі мен ділін, дінін мансұқ етуден еш тартынбақ емес.

Рухымның кім құнын сұрар,

Дінің – шала, тілің – шұбар.

Басқа жұртқа бал жегізіп,

Ұлт дегенде уың шығар, -

деп ақын жаны шырылдайды. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас», тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жақындаса да, ұлттың өзегі болған қасиетті құндылықтарымызды төрге оздыра алмай кембағал күй кешіп отырғанымыз мынау.

Ана сүтін ембегендей,

Ана тілін кем көрердей.

Сізде қандай құдірет бар,

Пірге балап қол берердей?

«Қайғы мен ыза қысқан соң, зар шығады тілімнен», - демекші, мұны – халық қайғысы мен ызасының ақын тілінен төгілген еріксіз түңіліс деп білеміз. Қазақ тілінің мұң-зары жуық арада шешіле қояр түрі және көрініп тұрған жоқ. Ақын өлеңіндегі ащы зарды оқып, еріксіз опынғаннан басқа не қайран?!

Біз бұл мақаламызға Қалқаман ақынның елдің мұңын мұңдаған, елдік мұраттарды ұлықтаған өлеңдерді көбірек тиек қылуды мақсат еттік. Бұған қарап ақын өлеңдері бірөңкей ащы зардан, мұң мен түңілуден тұрады деген ой туындамаса керек. Ақын шығармашылығында жастық шақтың жарқылды сәттері, ғашықтық сезімнің алуан күйлері, азат елдің арайлы күндері, бақытты балалық шаққа деген сүйсіну – бәрі бар. Кейбірі әнге айналып, саз бен сөздің үйлесіміндей құлақ арқылы көкейге қонақтаған.

Замана шындығын өлең етіп өрмесе – ақындықтың қадірі қайсы? Ақын сөзі – қашан да көптік ұғым, типтік бейне.

Қарауылда қалды әне, қара шалым, тектім-ау,

Қара шалдан қалғаны – Қара шаңырақ тек мынау.

Қара күйе жағылып арыңа аппақ, ауылым,

Қара ниет қоғамның құрбаны боп кеттің-ау...

Ауыл – қазақтың қара мекені, түпқазығы. Шаруашылық жүргізу қалпы өзгеріп, ауыл тірлігін нарықтық қатынастың еркіне бағындырып ел мәйегінің тағдырын талапайға тастағанымыз – тарих алдындағы үлкен ағаттық болғаны анық. «Мүмкін, көш жүре түзелер», - деген дәмемен, заман көшіне ілесіп, қазақ ауылы да келе жатыр. Қарауылдың мұңы – барша қазақ аулының мұңы. Дегенмен, ертеңнен үміт бар, бүгінгіміз үшін тәуба етуден жаңылмаған қазақ баласымыз ғой:

Далиған мынау далада жүрміз,

Дара нұр төгіп қыр таңы.

Соры бес елі Бабалардың –

Біз Бағы батпандай ұрпағы!

Басымыздағы батпандай бағымыз – АЗАТТЫҒЫМЫЗ мәңгілік болса, өзге аздаған қиындықтың бәрі де өтер, кетер.

Қалқаман Сарин – өзіндік жазу өрнегін тапқан, өз оқырмандарын қалыптастырған ақын дедік қой. Біз бұл мақаламызда ақын өлеңдерінің көркемдік қырларына, жазу формасына, өлең жазудағы жетістіктері мен бар болса, кемшіліктерге тоқталуды мақсат қылмадық. Ол – арнайы бөлек тоқталатын бағыт және ақын шығармашылығы оған әбден лайықты, әрине.

Біздің мақсатымыз – ақын өлеңдеріндегі АЗАТТЫҚ тақырыбы және азаттық дәуірдегі қазақ қоғамының жай-күйі көрініс табуы болатын. Осы тұрғысында Қалқаман ақының 2010 жылы жарық көрген «Арманымның бейнесі» атты өлеңдер жинағындағы өлеңдерге тоқталған болатынбыз. «Өлмейтін өлең жазып өзіме тән, Өзгеше қалдырамын қолтаңбамды!» - деп ақынның өзі жырлағанындай, ақынның арманы асқақ, бағыты түзу, шабыты шалқар екендігіне күмән жоқ.

Жырымнан жақұт шашып ең таңдаулы,

Қарсы алам құшақ ашып мен таңдарды.

Осылай әр қазақтың жүрегіне,

От қылып қалдырамын қолтаңбамды!

...Қалдыру үшін, досым, қолтаңбаңды,

Қалдыру міндет емес том-томдарды!

Орда бұзар отызда оза шауып, қамал бұзар қырқында да қарқынынан таймай, оқырмандарына өрелі жырдан тарту ұсынып келе жатқан Қалқаман ақынның өмірлік кредосын осы деп ұғындық. Азаттық жырлары ұзағынан болғай!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар