Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Аласалау болса дағы атағым, Таудан биік болсын шыр...

15.11.2016 2698

Аласалау болса дағы атағым, Таудан биік болсын шырқар биігім.

Манарбек ҚЫДЫРБАЙ  1991 жылы қыркүйек айының 26-сы күні Монғолияның Бай-Өлке аймағы, Делуін сұмынының Көксерке елді мекенінде дүниеге келген. 2005 жылы ата жұртқа қоныс тепкен. 

 2009-2013 жылдары Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінен « Драма тетрының әртісі» мамандығын бітірген. Қазіргі таңда Астана қаласындағы қазақ ұлттық өнер университетінің «Кинотеледраматургия» мамандығының, 3-ші курс студенті. Әр түрлі ақындар мүшәйрасы мен өнер бәйгелерінің жеңімпазы. Әңгімелері мен өлеңдері облыстық және республикалық газет жұрналдар мен қатар интернеттегі порталдарда жарияланып жүр. 

Тау баласы 

Елпең қағып, елеңдеген елік жыр, 
Саумалыңнан қанып ішіп сенің дүр. 
Тас қаланы талақ етіп осынау, 
Түп тамырым, тауға кеткім келіп жүр. 
Тауға кетем, таулар менің құт әнім, 
Тұмасынан, қынасынан жұтамын. 
Өн бойыма әтір қылып себемін, 
Ақсүйрік* пен боз жусанның жұпарын. 
Тауға барып, арыламын құсадан, 
Заңғарынан, таңдарынан, күш алам. 
Ой санамды босатамын тұтқыннан, 
Ғаламшардың ғаламторы тұсаған. 
Тағдырымның болмаса екен, сыйы мұң, 
Жылқыдаймын көп аңсаған үйірін. 
Аласалау болса-дағы атағым, 
Таудан биік болсын шырқар биігім. 
Тау баласы таусыз ғұмыр кешпейді, 
Аңсап тұрар, беткейлер мен төскейді. 
Даласынан, қаласына көшкенмен, 
Санасынан таулар мәңгі өшпейді! 
 Ми қатпарын жаһандану жаулаған, 
Мезі қылды, екі жүзді дау қоғам. 
Жансарайы ұқсамайтын ешкімге, 
Сырт келбеті Көксеркеден* аумаған, 
Мен де бір күн... Өр тұлғалы «Тау» болам!... 

Ақсүйрік* - тауда өсетін гүл. 

Көксерке* - Кіндік қаным тамған жердегі тау атауы. 
05.11.2016 

 Күзге қарап... 

Менің ішкі әлемімдей тұншығып, 
Қарашада қалтырайды тіршілік. 
Қара жердің ақ самайы терлейді, 
Күннің күлгін сәулесінен қымсынып. 
 Менің жалаң сезімімдей сандырақ, 
Ырғалады жапырақсыз тал-құрақ. 
Тырналардың үзік жеткен үніндей, 
Көкейімде құлазиды ән жылап. 
Менің арам ойларымдай адасқан, 
Қабақ түйіп, тұнжырайды көк аспан. 
Қара қарға қарқылдайды тынымсыз, 
Сыған кемпір секілденіп бал ашқан. 
Менің күзгі көңілімдей сынық бір, 
Солған гүлдер өп-өтірік күліп тұр. 
Сол бір қыздың жанарындай жәудіреп, 
Қарашықта қара өлеңім тұнып тұр... 
Күзге қарап... 

01.11.2016 

 Күтіңдер... 

Өр кеудемде кісінесе құлын мұң, 
От өлеңнің толғағы деп ұғындым. 
Өмір атты өкпек желдің өтінде, 
Жасын жырдың шуағына жылындым. 
Ақ параққа жайып тастап жан күйін, 
Еске аламын балғын күннің әлдиін. 
Жаңа жазған жас өлеңге мас болып, 
Ару түннің құшағында қалғиын. 
Қылаң берсе қыр басынан үміт ән, 
Күрсінуді, қырсығуды ұмытам. 
Аппақ айдың сүт сәулесі секілді, 
Атар әлі мені күткен Ұлы таң! 
Күтіңдер! 

31.10.2016 

 Жынды қылма күз мені... 


Күрсінеді кірпік ілмей құла дүз, 
 Сағыныштың самалына бүркеніп. 
Мөлдір шық боп жасаурайды бұла күз, 
Көк жүзінде қара бура бұлт өріп... 
Қалтырайды оңашада бір шыбық, 
Бұтағына сары түсті мұң іліп. 
Бүгін, міне, солып қалды қырсығып, 
Кеше ғана қауыз жарған гүл үміт! 
Бара жатыр батыс жаққа қаңғырып, 
Тас төбемде тырналардың тізбегі.
 Көп қарадым жанарымды талдырып, 
Әлде олар құс кейіпті қызба еді?.. 
Көңіл кімді, көңіл нені іздеді? 
Жынды қылма күз мені... 

29.09.2016 

***
 Тағы да бір жанып бітті шырпы күн, 
Түн мен бояп күннің қызыл кірпігін. 
Мен отырмын иек сүйеп іңірге, 
Жамай алмай көңілімнің жыртығын.
 Өзгелерден тұру үшін биік тым, 
Ақ қағазға аппақ өлең ұйыттым. 
Сынық айдың сәулесіне шомылып, 
Қара түннің қабағынан күй ұқтым. 
Жетелейді биіктерге өр екпін, 
Кешегіден бүгін сәл-пәл бөлекпін.
 Мен әлемге болсамдағы керексіз... 
Өлең маған, мен өлеңге керекпін!

 27.10.2016

 *** 

 Арудың арындай ақ мамық. 
Аппақ қар жауып ед алаңға. 
Қалды, әне, аңдаусыз тапталып, 
Қап-қара ниетті табанға. 
Сол бір сәт жұта алмай өз демін... 
Шер жұтып, сетінеп күйінді. 
«Кешір» -деп күнәсін өзгенің, 
Тек іштей тәңірге сыйынды... 
...Тағы да қалықтап құлады, 
Алланың жолдаған хатындай. 
Ғайыпқа асығып жылады, 
Аспанын аңсаған ақындай... 
Түнерген аспан да құсалы, 
Жауған қар жалғаннан жерінді. 
Ақ қарға кәрі түн құшағы, 
О неге сұп-суық көрінді... 

29.10.2016. 

 НЕГЕ... 

 Ең ауыр ойлардан, Ең жеңіл тойлардан Шаршадым!
 Неге? 
 Ең арзан бақытты, Ең қымбат уақытты Аңсадым! 
Неге? 
 Ең тәтті тірлікті, Ең ащы шындықты Сағындым! 
Неге?
 Ең әлсіз әмірге, Ең ұлы тәңірге Бағындым! 
Неге? Ең таяз сезімге, Ең терең көзіңе Бас ұрдым!
 Неге? Ең кіші күмәнді, Ең үлкен күнәмді Жасырдым!
 Неге? Ең қапас түндерден, Ең жарық күндерден Торықтым!
 Неге? Ең соңғы сөзіңнен, Ең алғаш өзімнен Қорықтым! 
НЕГЕ? 

29.10.2016 

 

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар