Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов

05.03.2021 973

Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейханов 12+

Мемлекет және қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің төрағасы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан тарихымыздағы өте күрделі тұлға. Өз болашағын ұлт мұратымен ұштастыра білген Әлихан әлеміне үңілген сайын оның бекзада болмысына, телегей теңіз біліміне, ұлттық және адамзаттық ойларына тәнті боламыз. “Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден” – деген жалғыз ауыз сөзінде тұлғаның тұтас тағдыры жатқандай көрінеді. Бар ғұмыры күрескерлік жолға құрылған қыр баласының бүкіл арманы алаштың азаттығы мен рухани еркіндігі, ел мен жер мәселесі, мәдениеті мен әдебиетінің дамуы еді.

ХІХ ғасырдың аяғында Патшалық Ресейде өнеркәсіп төңкерісі аяқталды. Империя эконмикасының барлық саласында жаңа экономикаға жаңа мамандар қажет болды. Сондықтан Патша өкіметі қол астындағы бұратана халықтардың да жоғары білім алуына кедергі келтіре алмады. 1890-жылы империя астанасы – Санкт-Петербург қаласында Омбы техникалық училищесін үздік бітірген, қолында қазақ қауымдастығы берген екі жүз сом шәкіртақысы бар Әлихан Бөкейхан келеді. Сол тұста маркстік идеялар белең алған төңкерісшіл жастардың үйірмелері көбейген Санкт-Петербордағы өзгерістерден ерекше белсенді Әлиханның сырт қалуы мүмкін емес еді. Оның өзі орыс билігіне қарсы төңкерісшілерді ұйымдастырған «Зар заман» деген әдеби топты ұйымдастырушылардың біріне айналады. Солшыл көзқарастағы студент Әлиханды патша полициясы ескерусіз қалдырмады. Оған мына құжат дәлел: «Санкт-Петербургтегі жоғарғы оқу орындарындағы жастардың арасында іріткі салу байқалады... Орман институтында іріткі салушылардың арасында IV курс студенті Букей-Ханов Нурмухамедов Али-Хан - сенімсіз тұлға болып табылады».

Қазақ даласынан келген бозбала Орман институтын бітіріп большевиктердің болашақ көсемі Ленинмен қатар Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, қосымша заңгер мамандығын алып шығады. Саяси үйірмелерге қатысып қазақ даласына тарайтын газеттерге мақала жазып жүріп, орыс географиялық қоғамының жалпы географиялық сипаттама атты көп томдық еңбегінің, қазақ даласына арналған бөлімдеріне автор болып үлгереді. Қазақ даласын зерттеуге арналған ғалым Щербинаның басқаруымен ұйымдастырылған тұңғыш ғылыми экспедицияның құрамында туған елінің бірқатар өлкесін аралап, сахара халқының тұрмыс-тіршілігі, жер қатынастары, мал шаруашылығына, шежіре тарихына қатысты бірнеше ғылыми еңбектерін жариялайды. Сол экcпедициялардың құрамында жүріп қазақтың жартылай көшпелі шаруашылығын, мәдениетін, ұстанған салт-дәстүрін зерттей келе маркцизмнің қазақ даласына тигізер ешқандай пайдасы жоқ екеніне көз жеткізеді.

Қазақ даласының жер жағдайымен танысқан соң ауыл шаруашылығы мен жылқы, сиыр, қойдың қазақы тұқымдарын егжей-тегжейлі зерттеумен айналысады. Қазақ даласына темір жол салу бастамасы көтерілгенде шойын жол эканомиканың күре жолы екенін жақсы білген жас экономист Патша үкіметінің қазақ даласымен өтетін «Түрксіб» жобасына қарсы шықты. Сібір теміржолы салынғаннан кейін қазақ даласына келімсектердің қаптап кететінін ол жақсы білген. Қай аймаққа қанша келімсектер келгенін зерттеп қағазға тіркеп отырған. 1894-жылы Омбы қаласына орманшының көмекшісі және математика пәнінің мұғалімі болып келгенде Әлиханның беделі өз жасы мен қызметінен биікте еді. Жергілікті «Степной край» газетінің ең танымал авторы. 9 тіл білетін терең білім алған Әлиханның қазақ даласындағы әлеуметтік теңсіздікті жою, сахарадағы мәдениетті және өркениетті дамыту, экономикалық мешеуліктен құтылу жолдары туралы жазғандары қазақ ойшылдары іздеп жүріп оқитын дүниеге айналды. Халықтың жаппай мал соңында жүруін адасушылыққа теңейді.

Тынымсыз саяси күрестің бел ортасында жүрген Әлихан қазақтың тарихын, этнографиясы мен әдебиетін зерттеуге де уақыт табады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» секілді халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлігісін жинақтап баспа бетіне шығарды. «Қозы-Көрпеш - Баян» – біздің түрік баласының сүйген ертегісі. Норманға «Фауст» қандай болса, түрік баласына «Қозы-Көрпеш-Баян» сондай» - деп бағалайды.

1904-жылы Абай дүниеден өткенде қазақтың бас ақыны туралы тұңғыш рет баспасөзге «Семейпалатинский листок» газетіне азанаманы Әлихан Бөкейхан жазады. Ол шын мәніндегі ең алғашқы абайтанушы. Ақын шығармаларының Санкт-Петербургта кітап қып шығаруға атсалысқан ол патша жандармдары өзін тұтқындағанда Абай қолжазбаларының қолды болып кетпеуін сұрайды.

Әлиханның «Абай (Ибрагим) Құнанбаев» атты қазанамасы 1905 жылы жарық көреді. Онда тұңғыш қазақ әдебиетінің классигі, әдебиетіміздің жаңа бастауышы, жаңашыл, ойшыл Абайдың өмірбаяны мен шығармаларының негізгі идеялық бағытын, халық арасында өсу жолы көпшілікке оның ішінде орыс оқырмандарына күтпеген жаңалық болатын.

Абайдың ақындығы мен жан-жакқты ислам дініне қатысты ойларына Әлиханның толымды пікір айтуы сол кезеңнің елеулі жаңалығы болатын.

Елдің мұң-мұқтажын жырлаған Абай өлеңдерін, туған жұртының көкейдегі арман-аңсарын, тұлғаның өзі мен қалдырған бай мұрасын тану, келешек ұрпаққа насихаттау, әділ баға беру тек қайтқаннан кейін ғана қолға алына бастады. Оған себеп, қазақтың отаршылдығы ұлтық сананың тоқырауында еді.

«Абай – поэтикалық қуаттың иесі, қазақ халқының мақтанышы. Абай сияқты халықтың рухани творчествосын осынша жоғары көтерген қазақ ақыны әлі кездескен жоқ» - деп Әлиханның бағалауының өзі Абай мұрасын терең танығандығын дәлелдейді.

«Абайдың жылдың төрт мез­гіліне (жазғытұрым, жаз, күз, қыс) арнап жазған әдемі өлеңдерінің өзі Абайдың Еуропаға әйгілі ететіндей» - дейді Әлекең.

«Ақын Абай сөзін оқырман атаулының бірден түсіне алмаған­дығын, әр сөзінің мағынасының өте терең екендігін, оның не мағынада айтылғандығын біреу баяндап ұқтырғанда ғана білуге болады» - дейді алаштың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсынов.

1911 жылы шыққан Шәкәрім жазған қазақ шежіресі жайлы Әлихан: «Мұнан бұрын қазақ шежіресі қазақ тілінде кітап болып басылған жоқ. Шәкәрімнің бұл кітабы – қазақ шежіресінің тұңғышы, қазақ шежіресін білмек болған, аға-іні, іздегенді осы кітаптан табасың. Енді мұнан былай қазақ шежіресін жазбақ болған кісі Шәкәрім кітабын әбден білмей қадам баспа» - деп ерекше көңіл бөліп, ұрпаққа жол көрсетеді.

Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр» шығармасына сын айта келіп: «Қалқаманның мақсатын Мамыр білді, Аз ойланып, үндемей сабыр қылды. Жылы жүрек өзіне жар тапқандай, Қызарды, бір ағарды байдың қызы. Бетке шықпай қоя ма жүрек ізі?» деген үзінді келтіріп, қазақ қызының көркем бейнесіне сүйінеді.

Қара қыпшақ Қобыланды жырындағы кейбір ұғымдардың ол заманынан көп кейін пайда болғанын айтады. Оны жыршының өзі қосып отырғанына қынжылады. Жырдың алғашқы нұсқасын шығарған Шәкәрім ақын деп халыққа көрсетеді.

Жүсіп Сұлтанхан Аққұлұлы құрас­тырған Әлихан Бөкейханов шығармаларының толық жинағының 1 томында Абайды 1905 жылға дейін білетіндігі байқалады.

Әлихан алғаш Абай есімін Омбыда студент кезінде жазған мақаласында «қазақ халқының өз алдына өлеңдері бар, кім білмейді: қазақтың ақындары Шортанбайды, Шөжені, Орынбайды, Найман баланы, Шерниязды… деп көптеген ақындарды, оның ішінде Абайды білетіндігі көрініп тұр. Қазақтарға осы ақындардың қайсысының күшті екенін білдіруге жөні бар ма?» деп ақындардың жырларын мақтаса, екіншіден сынға алады.

1903 жылы шыққан «Полное географическое описание нашего общества» атты көп томдық анықтамасының қазақ өлкесіне арналған «Исторические судьбы Киргизкого края и культуры его успехи» атты 18-ші томында Әлихан Бөкейханов Абайды қазақ поэзиясының көрнекті өкілі ретінде сипаттайды. Бұдан Әлиханның Абайды ертеден білетіндігі байқалады. Оған тағы біл дәлел, Ахмет Байтұрсынның айтуы бойынша, Әлихан «Абай Еуропаның Спенсер, Луис, Дренер сияқты терең ойшыл адамдардың еңбектері және орыстың алдыңғы қатарлы ойшылдары Пушкин, Лермонтовтардың терең пікірлерімен таныс болғандықтан, Абайдың терең ойлы пікір, сөздерін қарапайым жұрттың көбі түсіне алмайды» деп жазғандығын айтады.

Әлихан Нұрмұхаметұлына за­мандастары өте жоғары баға береді. Әлімхан Ермеков «Терең дария-мұхит, өте білімді ғалым болатын. Шетелдердің тоғыз тілінде еркін сөйлеп, жаза білетін. Біздің онымыздың ақыл ойымыз Тоқырауын өзеніндей, бірде Балқашқа құйып, бірде жетпей орта жолда қалса, Әлекең Балқаш көліндей дария еді ғой» десе, Қ.Кемеңгерұлы «Әлиханның қазақ еліне істеген тарихи қызметі: әдеби тіл тууына себеп болды, өзіне ерген топты діни фанатизмге қарсы тәрбиеледі. Бұдан барып татардан іргесін аулақ салған қазақ ұлты туды» деп ерекше бағалайды.

Әлихан 1905-1908 жылдары абақтыда отырған уақытында Көкбай Жанатайұлы:

«Қарағым, жалғызымсың

қазақтағы,

Ұл тумақ сендей болып

аз-ақ тағы.

Өгіз өліп, болмаса, арба сынып,

Өмірің өткен жансың азаптағы

Бал тамған, ханзадам-ай,

қаламыңнан,

Тәңірім, айырмасын талабыңнан» дейді.

1928 жылы КСРО ҒА-ның академигі С.Швецов: «Әлихан Бөкейханов – Қазіргі Қазақстанның халық тұрмысын зерттеген санаулы ғана ғалымның қатарына жатады» – дейді. Әлкей Марғұлан «аса құрметті қандасымыз, беделді ғалым, экономист, Ленинград университетінің профессоры Бөкейханов секілді қазақтың артық туған ұлдарын республика басшылары қудалап, өз халқы арасында өгей болып жүрген уақыты болатын» деп 14 жыл бойы үйде қамауда отырғанын еске алады.

Әлихан өз халқының адал перзенті. Қазан төңкерісінен соң басқа басшылар шетелдерге қашып жатқанда, елінде қалып өр мінезімен дәлелдей білді.

Әлихан Бөкейханның үлкен ден қойып, ғылыми назарын аударған саласы – әдеби сын. Бұл салаға Ұлт көсемі сонау 1889 жылдан бастап қалам тербете бастады. Әлихантанушы-ғалым С. Аққұлұлы Ә.Бөкейханның әдеби сынға сіңірген еңбегі жайлы мынадай пікір білдіреді: «Әлиханның ұлт әдебиетінің өз алдына жеке бір саласы – әдеби сынның іргесін қалап кеткен еңбегі… әлі де болса лайықты бағасын алған жоқ…Отарлықтың бұғауында отырған халқының төл әдебиетінің күйзелген жайы болашақ Алаш серкесін ертеден терең толғандыра бастайды…»

Өзінің жан-жақтылығымен ерекшеленген Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның қазақ әдебиеттануында тұңғыш болып кәсіби әдеби сыни зерттеу жазып, жаңа қалыптасқан қазақ жазба әдебиетіндегі жанрларды жіктеуге атсалысқаны – қазақтың рухани өмірінде өшпес із қалдырған құбылыс. Сол себепті ғалымның ұлтқа сіңірген осы бір ірі еңбегін өзіне сай лайықты бағалап, күллі қазақ жұртшылығына кеңінен насихаттаған жөн.

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының арасында аса ер­екше, ғасырда бір туатын тұлға – Әлихан Нұрмұхамедұлы. Халқымыздың ұлттық мақтанышы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар