Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Алаш қайраткері Біләл Малдыбайұлы туралы қызық дер...

19.04.2020 4739

Алаш қайраткері Біләл Малдыбайұлы туралы қызық дерек 12+

Алаш қайраткері Біләл Малдыбайұлы туралы қызық дерек - adebiportal.kz
  1. 1890 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Қаратал ауылында дүниеге келген.
  2. Өз заманында ағартушы, аудармашы, әдебиеттанушы, дәрігер, публицист ретінде қызметтер атқарған.
  3. Ирмовка орталау мектебінде директор болып жүрген кезінде өз өмірбаянын жазып қалдырған. Бұл құжаттың көшірмесі қазіргі таңда Қаратал орта мектебінің Ш. Құсайынов атындағы әдеби-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр.
  4. 1912 жылы Омбыдағы малдәрігерлік-акушерлік мектебін үздік стипендиямен тәмамдаған.
  5. Біләлдің ұсынысымен Көкшетау қаласында балалар үйі мен Луначарский атындағы қазақ-татар клубы ашылған.
  6. Қызылжардағы «Талап» қазақ ұлттық комитетінің мүшесі, кейін төрағасы болған.
  7. Оның жазған мақалалары «Айқап», «Сарыарқа», «Жаңа әдебиет» газет-журналдарында басылған.
  8. «Екінші жұмбақ» атты өлеңі бар. «Айқаптың» 1914 жылғы №1 санында жарық көрген.
  9. Қызылжар қаласынан шыққан «Жас азамат» газетінің 12-16 нөмірлерінің редакторы Біләл Малдыбайұлы болған. 1918 жылдың 30 шілдесінен бастап, 1919 жылдың 8 ақпанына дейін шығып тұрған газеттің бас-аяғы 22 нөмірі жарық көрген.
  10. 1927 жылы туған жері Айыртау ауданы Қаратал ауылына екі қабатты 16 кабинеті бар зәулім мектеп салдырады. Мектептің ашылуына Үкілі Ыбырайдың өзі келіп, жыр шашуын арнаған. Мектепке қажетті құрылыс материалдарын Имантау станицасындағы кәмпескеленген кулактың үлкен үйін бұзып, ағаштарын ауыл адамдары арбамен Қараталға тасып жеткізген.
  11. 1929 жылы Қаратал өңіріне ұжымшар ұйымдастыру мақсатымен жіберілген сол кездегі Айыртау ауданының ОГПУ басшысы Жұмабек Шаяхметов 1927 жылы Біләл Малдыбайұлы ашқан екі қабатты ауыл мектебіне сүйсіне қарап, тамсанып кеткен екен. Ол кезде мұндай мектеп аудан орталығы Володаровка селосында да болмапты.
  12. Бір қынжылатын жағдай, сәулетті ғимарат тоқырау заманында, 1967 жылы біліксіз басшылардың салдарынан ескіріп, тозығы жетті деген сылтаулармен бұзылып, материалдарын мал фермаларын салуға пайдаланған екен. «Біләл мектебін» бұзған құрылысшылар мектептің мықты салынғанын, қырық жыл бойы жақсы сақталғанын айтқан деседі. Тарихи маңызы бар мектеп осылайша шолақ ойлап, келте пішушілердің кесірінен күл-талқан етіліп, жер бетінен жойылып кетті...
  13. 1929 жылы Қызылжар қаласында жаңа әліпбимен (латын) «Тілашарлық әліппе» кітабы жарық көреді.
  14. Дәрігер, педагог, қайраткер Біләл Малдыбайұлы доктор С.Е.Незлиннің «Құрт ауыруы» (Мәскеу, 1927 жыл), доктор Горбовтың «Денсаулық негізі тазалық» (Мәскеу,1926 жыл), доктор Шанстың «Безгек» (Мәскеу,1927 жыл), доктор Б.Проннердің «Жегі ауырулар» (Мәскеу, 1927 жыл) кітаптарын аударып, оқырман назарына ұсынған». Бұл аударма кітаптар Мәскеудегі Күншығыс халықтарының Орталық «Кіндік» баспасынан шыққан.
  15. Гомердің «Иллиада», «Одиссея» атты шығармаларын аударған. Бұл туралы Мұсахан Қанапиянұлының «Ұстаз» аттыкітабында Әсия Тілегенова: «...ол отызыншы жылдары Гомердің «Иллиадасы» мен «Одиссеясын» қазақша аударған» деп жазады. Бірақ та бұл туындылары әлі де табылмай отыр.
  16. Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» атты романын Олег Фрелихпен бірігіп орыс тіліне аударған. 1935 жылы Мәскеудегі «Көркем әдебиет» баспасынан «Сын бая» деген атпен жарық көрген романның қолжазбасы мен алғашқы сүйінші данасы қазіргі таңда Мәскеудегі Орталық Мемлекеттік Әдебиет және өнер архивінің қорында сақтаулы тұр.
  17. Біләл Малдыбайұлының тағы бір авторлық еңбегі «Қазақстандағы жоғары, орта дәрежелі мектептер» деп аталады. Бұл кітап 1926 жылы Қызылорда қаласындағы «Еңбекші Қазақ» газетінің редакциясында басылған. 14 бөлімнен тұратын кітапта 32 оқу орны туралы толық мәлімет берілген.
  18. 1937 жылы 5 мамыр күні тұтқынға алынып, 13 қыркүйекте ату жазасына кесілді.
  19. Қайраткер «Халық жауы» деп репрессияға ұшырағанда оның жары Қалима Сұлтанбек, Шәулетбек, Сейітбек, Қорғанбек есімді балаларын алып, Шымкентке көшіп кеткен екен.
  20. 1958 жылдың 27 желтоқсанында толық ақталды.

Ерден НҰРАХМЕТ,

жас зерттеуші


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар