Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Алаш көсеміне ескерткіш қойылды

22.09.2017 1987

Алаш көсеміне ескерткіш қойылды

Қазақ халқының рухани өмірінде Семей қаласының алар орны ерекше. Ертістің екі жағына кеңінен жайла орналасқан осы бір қалада ұлы Абайдан бастап қазақтың қай ардагерінің ізі қалмаған!

Сондай арыстардың бірі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді. ХХ ғасырдың басындағы демократтық көзқарастағы қазақ зиялылары ақыл-ойы мен іс-әрекетінің нәтижесі болған «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметі көп жағдайда осы Семей қаласымен тікелей байланысты. Алашорданың астанасы атанып, арнайы сызбасы да дайындалып, Алашқала атанған Семейде Әлихан Бөкейханов, Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов т.б. қайраткер тұлғалар ұлт болашағы үшін басын бәйгеге тігіп, қызмет етті.

Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхановтың шынайы көсемге лайық тұлғасын өзінің көзі тірісінде-ақ халқы мойындағанына қазіргі күнге жеткен көптеген деректер куә. Әлихан Бөкейханов өзінің кісілік келбетімен, телегей білімімен расымен де осы құрметке лайықты болған екен-ау дейсіз еріксіз.

Асалаумағалейкум, данышпаным,

Қамын жеп мұсылманның алысқаным!

Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

Жүрмісің есен-аман, арыстаным!

Заманда басқан аяқ кейін кеткен,

Жасымай Алашына қызмет еткен;

Болса да қалың тұман, қараңғы түн,

Туатын бақ жұлдызына көзі жеткен;

Түймеге жарқылдаған алданбаған,

Басқадай бір басы үшін жалданбаған,

«Қайткенде Алаш көркейер» - деген ойдан,

Басқа ойды өмірінде малданбаған! -

деп Сұлтанмахмұт Торайғыров жырлағанындай, «хан тұқымының қазақ халқы алдында қарызы бар, соны өтеуге тиісіп» деген ата-тектік жолмен болса да, ұлт зиялысы, көшбасшысы ретіндегі азаматтық борыш жолымен болса да, бар өмірін, білім-білігін Алашының жолына арнап, жөн-жоба нұсқап кеткен Әлихан Бөкейханов тұлғасын ұлықтап, ардақтау, кешелек ұрпақтың санасында мәңгілік жаңғырту жолында жасалып жатқан игілікті көп шаруаның бірі Семей қаласында атқарылған екен. Алашқалада Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановқа еңселі ескерткіш тұрғызылды. Игілікті болсын! Алаш рухы алаш ұл-қыздарының бойында асқақтай бергей!

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар