Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Алаш жолындағы ақиық

02.03.2021 967

Алаш жолындағы ақиық 12+

Міржақып екі жасында анасынан айрылады. Сегіз жасында оны әкесі ауыл молдасына оқуға береді. Ақынның алғашқы қадамдары қазақ даласына мыңдаған орыс және украин деревняларынан жер аударылып келген адамдарына сәйкес келді. Дулат осыған байланысты он жасар баласын оқытуға европалық білімі бар қазақ Мұқан Тоқтабайұлын жалдайды. Ауыл мұғалімі Мұқан Тоқтабайұлы орыс тілімен қатар қазақ, араб, парсы тілі мен әдебиетін де оқытатын. Жас Міржақып тебірене отырып, Абай, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин шығармаларымен танысады. Міржақып орыс тілі мен әдебиетін оқып-үйрену негізінде Пушкин мен Лермонтовтың, Тургенев пен Толстойдың оқырманы болды. Ол халықтық эпос – «Қобыланды батыр» мен Қожа Ахмет Яссауидің поэтикалық жинағынан үзінділерді жатқа айтты.

Ол М.Тоқтабайұлының дәрісінен соң, басқа оқытушыға – шоқынған башқұртқа ауысады. Бір ғажабы, жаңа мұғалім сабақ кезінде ұзақ уақыт өз бөлмесінде жасырынып отырушы еді, мұғалімнің бұл құпиясы тез-ақ ашылды, ол жалған ақша жасағаны үшін кешікпей ұсталып, Сібірге жер аударылды.

Міржақып он екі жасында тұл жетім қалып, үлкен ағасы Асқардың қолына біржола көшеді. Асқар Дулатұлы жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ буржуазиясының жарқын өкілдерінің бірі еді. Ол Торғайда танымал сот қызметінде және қазақ даласына кен өндіруге келген француз, ағылшын капиталистерімен тығыз байланыс жасаған. Бұрынғы Францияның президенті Сади Карноның ұлы Эрнест Жан Карно жергілікті тұрғындардың назарын аудару мақсатымен ауруханалар, дүкендер, француз-қазақ мектептерін ашты. Асқар қоғамдық жағдайлармен айналыса жүріп, қазақ халқының көңіл күйін толығымен отаршылдыққа қарсы аударды.

Жас ақын ағасының жеке кітапханасында ұзақ отырып ескі қазақ қиссаларын, араб, парсы махаббат және ерлік дастандарын, Абылай мен Кенесары жорықтарын, ХІХ ғасырдағы «Түркістан уәлаятының газеті» және «Дала уәлаятының газеті» секілді баспасөз тігінділерін, қиындыларын қарап танысты. Бұл басылымдар оның назарын қатты аударды. Әсіресе, испан, ағылшын, француз, неміс, жапон, грузин, орыс, фин, литва, армян және көптеген басқа ел жазушыларының шығармалары қазақ тіліне аударылуы ерекше әсер етті. Міржақып Асқар ағасына келген француздық кен өндіруші достарының шай үстіндегі көп уақыттарға созылған әсерлі әңгімелерінен алыстағы Батыс Европа өмірінен көптеген жәйттарды естиді. Асқар Дулатұлы жас Міржақыпты 1897 жылы Торғайдағы орыс-қазақ училищесіне орналастырады. Міржақып бес жыл ішінде қазақ тілінің грамматикасын, орыс тілі мен әдебиетін, араб каллиграфиясын, тарих, жағрафия, мұсылмандардың дін ілімін, физиканы, арифметиканы оқып, дене шынықтырумен айналысады.

Торғай орыс-қазақ училищесі – Қазақстандағы басқа оқу орындарынан бағдарламалық және мазмұнды оқытуымен өзгеше еді, оның негізін қазақтың тұңғыш педагогы және ағартушысы Ыбырай Алтынсарин салған. Оқудың демократиялық жүйесі әдеби және музыкалық кештерін, сондай-ақ оқытушылармен әр алуан пікір-таластарын өткізуге мүмкіндік берді. Училище кітапханасында мұсылмандардың дін ілімі мен Ыбырай Алтынсариннің «Хрестоматиясы», Аристотель, Сократ, Платондардың философиялық шығармалары болды. Міржақып өзінің оқытушылық қызметін Қошымбек ауылының Терісбұтақ жерінде бастады. Торғай өңірінде аз ғана мерзім ішінде ол танымал мұғалім атанып үлгірді. Міржақыпқа ата-аналар балаларын алыс ауылдардан әкеліп оқытты. Міржақып балалардың оқуға, сауатын ашуға, қазақ ауыз әдебиетіне құмарлығын ескеріп, қазақша хрестоматиялық оқу кітабын құрастыруға кіріседі. Халықтық мейрам мен шерулер кезінде ол ел аузында сақталған мақал-мәтел, шешендік сөздерді, ұлттық ойындар – дүмпілдек, марламқаш, айқұлақ т.б. жазып алып жүрді.

Алыс ауылдарда мұғалімдік қызметін атқара жүріп, Міржақып жәбір көрген, теңдігі жоқ қазақ халқының қойнауында үлкен дауылдың пісіп жетілгенін көреді. Қазақ халқына жасалған әділетсіздікке күйінген ол біржолата патшаның отарлау саясатына қарсы күрес жолына түседі. 1904 жылдың басында Міржақып Дулатұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы екеуі бірігіп, үндеулер жазып, Алаш ұлдарын патшаға қарсы күреске шақырады. Қазақ халқының ішінде наразылық күшейе түсті. Патша үкіметі қазақ халқы наразылығының көтеріліске айналуынан қорқып, саяси тінтулер жүргізіп, кітапханаларды жауып, почта хабарларын тәркіледі. Осы кезде Міржақып пен Ахмет Омбы қаласына жүріп кетеді. Бұл жерде Міржақып қазақтың миллетшіл азаматтары Әлихан Бөкейханов, Жақып Ақбаевтармен танысып, жасырын үйірмелерге қатысады. Патша күзетшілерінен бой тасалап Зайсанға келеді. Осы жерде ол Бекмұхаммет қажы ашқан қазақ мектебінде қазақ және орыс әдебиетінен, арифметикадан сабақ береді. Қыстың ұзақ кештерінде Абайдың, Шоқанның, Достоевскийдің шығармаларын, орыс газет-журналдарын оқиды. Жергілікті тұрғындардан айдауда жүрген ақын Николай Ватсон туралы естиді. Н.Ватсон Петербургтегі студенттердің экономикалық қоғамын ұйымдастырушыларының бірі болатын. Ол Александр Ульянов және халықшыл В.Богораздың жолдасы еді. Ватсон ерте қайтыс болғанымен артына өшпес мұра қалдырды. Оның бостандықты, еркіндікті аңсап шығарған өлеңдері Міржақыпқа үлкен әсер еткендей.

1905 жылы Міржақып Қарқаралыдағы ақ патшаға қарсы шеруді қолдап, басқа да алдыңғы қатарлы қазақ зиялылары сияқты туған халқының патша езгісінен тезірек азат болуын армандайды. Үмітін орыс-жапон соғысымен байланыстырып, «Жұмбақ» деген мысал жазды. Ол күндері Міржақып «жапондар патшалық Ресейді жеңсе, қазақ халқына бостандық әкеледі» деп үміттенді. Сол кездегі қиын жағдайды Әлихан Бөкейхан өзінің «Қазақтар» деген мақаласында көрсетті: «Орыс-жапон соғысы басталды… жапондардың жеңістері туралы хабарлар бірінен соң бірі келіп жатты. «Жақсылықтың барлығы исламмен байланысты» деп ойлайтын қазақтар жапондықтар да мұсылман деген аңызға сеніп қалды. Мұнысы жапондықтардың бет-әлпеттерінің қазақтардікіне ұқсастығынан туған жәйт. Мұның барлығы олардың соғысқа үлкен көңіл бөлуіне септігін тигізді».

Міржақып патшалық Ресейдің соғыста жеңілгеннен кейін қазақтарды атамекендерінен көшіріп, ең шұрайлы жерлерді қоныс аударушыларға тартып әпергендігін ашына жазды. Шынында патша өкіметі І Думаның депутаты Марковтың айтқан ойын ұстанып келді. Марков: «Қазақтар Шыңғысхан мен Ақсақ Темірдің ұрпақтары, сондықтан да оларды Америкадағы үндістер қандай күйге ұшыраса, нақ сондай күйге ұшырату керек» деген. Міржақыптың осы «Жұмбақ» мысалы кейін «Оян, қазақ!» атты жинағына кірді. 1911 жыл қыркүйектің 19-ы күні Орынбор губернаторы баспасөздің Бас басқармасына жазған хатында осы кітап және «Жұмбақ» мысалы жайлы былай деп жазған екен: «… Өзінің мазмұны жағынан бұл ислам дінін ұстанушылардың жол бастаушысы және қазақтар арасында орыс өкіметінің саясатына қарсы наразылық тудырушы, сонымен қатар «Жұмбақ» атты мысалда ұлы мәртебелі императорды қорлайтын сөздер бар».

Москвадағы желтоқсан көтерілісінің нағыз қызған шағында Оралда бес облыстың құрылтайы (1905ж.) өтіп, онда қазақ конституциялық-демократиялық партиясы құрылды. Құрылтай жұмысына көрнекті қазақ, татар қоғам қайраткерлері қатысады. 1905 жылы 25 желтоқсанда Орал қаласында шығатын қазақ кадет партиясының «Пікір» газетінде құрылтай бағдарламасы жарияланды. Құрылтай мінбесінен делегаттар дін бостандығы, ұлттық мәдениетті дамыту, туған тілдің теңдігі туралы сөйлейді. Құрылтайшылардың патша өкіметіне жолдаған петициясында қазақ халқының талаптары жазылған. Петербург үйлерінде Абай өлеңдері, Құрманғазы мен Тәттімбет күйлері естіліп жатты. Мұның арты қазақ халқының бостандығы туралы, оның патша өкіметінен көрген қысымы жайлы ұзақ әңгімелерге айналатын. Қазақ зиялыларын қатты толғандыратын жәйт – патша әкімдері мен министрлерінің туған халқының талаптарымен санаспайтындығы еді. Осындай жиындардың бірінде Санкт-Петербургте «Серке» деген атпен қазақ баспасөз орталығын ашу ұйғарылды. «Серке» деген ат жайлы қазақ меценаты, I Думанын депутаты Шахмардан Қощығұлұлы өз естелігінде: «Серке бір отар қойды боранда дұрыс жолға алып шығады – деп жазды, – олай болса, «Серке» газеті езілген қазақ халқына дұрыс жол көрсетіп, оның ұлттық сана-сезімін оятатын жолбасшы болу керек».

1907 жылы наурыздың 28-і күні Шахмардан Қощығұлұлының қаражатына А.Ибрагимовтың басшылығымен «Серке» газетінің алғашқы саны татардың апталық «Ульфат» газетінің қосымшасы ретінде жарық көрді. Бұл газет қазақ жастарына арналған еді. Газеттің алғашқы нөмірінде Міржақыптың қазақ жастарына арналған өлеңі басылып шықты. Кейін патша зұлымдығын әшкерелейтін осы сөздер өлеңге айналып, «Оян, қазақ!» жинағына кірді. Алайда, патшаның жансыздары мен сақшылары да қарап жатпады. 1905 жылғы революциялық толқулардан үрейленіп қалған олар қол астындағы бұқара халыққа қатаң бақылау жасап отырды. Ұзамай жандарм ізшілері Загородный 34 көшесіндегі Антокольск баспаханасына келіп «Ульфат» және «Серке» газеттерін тәркілеп, жауып тастады. Осы іс жөнінде жасалған протоколда былай деп жазылған еді: «Серке» газетінің №84 және «Ульфат» газетінде 6 июль күні (1907) жарияланған «Біздің мақсатымыз» мақаласында қылмыстық белгілер көрінеді». Полицияға түскен мәліметтер бойынша, бұл қазақ халқын барлық өкімет орындары мен оның өкілдеріне қарсы күреске шақыратын «барлық қазақ халқына арналған үндеу сияқты». Ары қарай Петербург баспасөз істері комитеті «газеттің осы нөміріне қатысты барлық адамдар жауапқа тартылсын», – деген шешім қабылдады.

Полиция қанша іздегенімен мақаланың лақап атпен жүрген авторын таба алмады. Полицияның заңсыз әрекеттері ақын жанына қатты батты. Енді ол Петербургтің ақ түндерінде жаңа өлеңдер жазды. Бұл өлеңдері азаматтық рухқа толы, күреске шақыратын үндеудей. Екі жылдан соң бұл өлеңдері «Оян, қазақ!» жинағына кірді. 1912 жылы Петербургтегі баспасөз комитетінің кеңесшісі В.Д.Смирнов Міржақыптың тәркіленген кітаптарын қарап отырып, одан кезінде үлкен шу болған «Біздің мақсатымыз» деген мақалаға тән тәсіл мен ұқсастықты аңғарып қалады. Тез арада архивтен «Ульфат» газеті мен оның қосымшасы «Серке» алынып, сот палатасының шешімі бойынша 1913 жылғы мамырдың 15-і күні ол жойылады4. Осымен тұнғыш ақ патшаға қарсы қазақ газетінің тағдыры аяқталады.

Алайда «Серке» жаққан ұшқын сөнген жоқ. Ол көптеген қазақ зиялыларының жүрегіне шоқ тастады. Міржақыптың осы газет бетінде жарияланған біраз дүниелері енген «Оян, қазақ!» атты кітабы Қазақстандағы ең бірінші елдің санасын оятқан кітап. Әйгілі Зия Гокалптың шығармалары түрік жұртына маңызы қандай болса, «Оян, қазақ!» кітабының да қазақ халқы үшін маңызы сондай. Міржақыптың «Оян, қазақ!» жинағында тұңғыш рет халықты күреске шақырған ұран тасталды. «Оян, қазақ!» жинағы қазақ халқының азаттық жолындағы күресінің манифесіндей зор роль атқарған кітап. Оның Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі бағасы Қ.Кемеңгеровтің пікірінде айқын да дәлелді берілген: «Оян, қазақты» ел құрандай жаттады. Міржақыптың атын алты Алашқа таратқан осы – «Оян, қазақ!»

1907 жылы тамыз айында ол Петербургтен өз отанына оралады. Жолшыбай Астраханға аялдап, әзірбайжанның мәдениеті мен ғылымына еңбегі сіңген қайраткер Нариман Наримановпен, армян революциенері Шаумянмен кездеседі. Бұрын Н.Наримановпен хат арқылы таныс болатын. Әрі ол қазақ қауымына Гоголь шығармаларын аударушы ретінде белгілі еді. Міржақып Астраханнан өзінің бірнеше достарымен бірге Қырым жеріндегі Бақшасарайға бет түзеп, «Тәржіман» газетінің редакторы Ысмаил Гаспралының қоғамдық және әдеби қызметіне 25 жыл толу мерейтойына қатысады. Бақшасарайда түрік, әзірбайжан және ноғай зиялыларымен әңгімелесу сәтінде түркі елдерінің рухани көсемі Зия Гоқалптың біріккен түрік әдеби тілін құру жөніндегі идеясына көзі жетіп, әбден мойындайды. Қара теңіз жағалауындағы түркі халықтарының алдыңғы қатарлы қайраткерлерінің кездесуінен көп әсер алып, тағы да өз көңілін қазақ халқының трагедиялық тағдыры жайында өлең-үндеу жазды.

Кейін жол-жөнекей Сарытау губерниясындағы қазақтың ақсүйегі әрі ақыны Шәңгерей ауылына соғады. Шәңгерей бүкіл губерния төңірегіне саятшылық өнерімен және француз тілінде өлең жазумен атағы шыққан. Кешкісін де Шәңгерейдің ақ шатыр үйінде жиналған белгілі адамдар әр түрлі тақырыпта философиялық ой-пікірлер өрбітетін. Осында қазақ шайыры Ғұмар Қарашпен танысып, жергілікті тұрғындардан француз жазушысы Александр Дюманың осы өлкеде болғанын естіп біледі. Қоштасар мезетте ол Шәңгерейден тарту ретінде Поль Верленнің өлеңдер жинағын алады. Француздың символист ақынының әсерінен кейін оның қаламынан «Таң», «Сағыну» атты өлеңдер туады.

Жас ақынның Сарытаудағы Шәңгерей мырзаның ауылында болуы жергілікті полицияның назарын аударады. Сонан соң Міржақып көп бөгелместен Орынборға жүріп кетеді. Шәңгерейдің лирикалық, романтикаға толы әлемінен әр түрлі тілдегі орыс-азиат қаласына тап болады. Бұл қалада татар зиялыларымен араласып, олардың баспаханаларын аралап, журналистерінің шығармашылық жоспарымен танысады. Міржақып есімімен татар оқырмандары «Шора» журналы және «Вахт» газетіндегі қызу сөздерінен жақсы таныс еді. Міржақыптың жекелеген оқырмандары оның өлеңдері басылған «Серке» газетінің алғашқы санын да сүйіспеншілікпен сақтаған еді.

Міржақып жақын досы әрі «Вахт» газетінің редакторы Фаттих Каримовтың пәтерінде тұрып, қазақ газетінің басылымын ашуға, жиналған қаржыны іске асыруға арналған Смағұл Иманшалов пен Сералы Лапиннің мәслихатына белсене араласады. Газеттің ашылуы үшін ол өзінің баспахана ісі жөніндегі мағлұматын, Петербургтегі Ілияс Бораганскийдің баспаханасының жетістіктерін ұсынады. Бірақ, қазақ зиялыларының бұл әрекеті нәтижесіз аяқталады. Бұл істің бастаушылары полицияның бақылауына ілінеді. Міржақыптың осы қалада қалуының ендігі жерде қаупі күшейе түсті. Оның Абайға арналған «Вахт» газетінің 339-санында жарияланған мақаласындағы қойған қолы терімнен алынып тасталады. Фаттих Каримов үш жылдан соң Міржақып қамауда отырған кезде оның саяси манифесі – «Оян, қазақты» бастырып шығарып, кейін осы ісі үшін Орынбор жандармериясына 300 сом көлемінде айып төлейді.

Міржақып 1908 жылдың жазында патшаның тыңшыларынан жасырынып Орынбордан біржола кетіп, Омбы қаласына бет алады. Міржақып өзімен бірге көптеген кітаптар мен оқулықтарды, Ф.Каримовтың кітап дүкенінен алған «Ұлы француз революциясы», «Бастилияның алынуы», «Саяси экономиканың тарихы», «Француздар қалай бостандық алған?», «Дж.Гарибальдидің өмірбаяны», «Ресейдің аграрлық сұрақтары», т.б. еңбектерді жол чемоданына салып өзімен ала жүреді. Омбы қаласында саяси үйірмелерге қатысып орыс революционері пошта қызметкері Кухтеринмен танысады.

Бұдан соң туған өлкесі Торғайға аз уақытқа аялдап Көкше жеріне бет алады. Ол осындағы Саумалкөл жерінде ауыл мектебін ұйымдастырады. Көкшетаудың жомарт та әсем табиғаты, айдын көлі, орманды жердің саф таза, саумал ауасы Міржақыпқа жаңа шығармашылық шабыт береді. Бірнеше жылға созылған патша самодержавиесіне қарсы күрестен кейін ол тыныш жерде отырып, өзінің поэтикалық манифесі «Оян, қазақ!» кітабын жазып бітіреді. Енді ол бірыңғай үндеумен қоса жалынды сөздерімен қалың бұқараны бостандық үшін жаңа биіктерге шақырады.

Бұл күндері ол көзімен көрген Жамал қыздың трагедиясына тоқтайды. «Бақытсыз Жамал» романындағы оқиғалар шындық өмірден алынған. Қазақ әйелдерінің ауыр хәлі оның жанын толқытады. Ел аузындағы «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз жібек», шығыстық тартулар «Ләйлі мен Мәжнүн», «Фархад пен Шырын», «Таһир мен Зухра» бақытсыз махаббаттың символы болды. Міржақып өзінің ертеректегі «Жесір дағуалары хақында» деген өлеңінде әйелдерді патриархалдық тәртіптен азат етуді көрсеткен. Ақын бұл өлеңін Абайдың әйел мәселесі жөнінде жазған шығармаларына үн қосу райында жазды. Міржақыптың ойынша көптеген поэма мен аңыздардағы қазақ әйелінің басындағы ауыр хал бір ғана кемшілікпен көрінді, ол – шындық оқиғалар тыңдаушыларына әдемі де қайғылы ертегідей әсер етті. Бұл ертегілер кейіпкерлерді көбінесе аяушылыққа апарды, бірақ тыңдаушыларына трагедиялық бейнені ұғынып, түсінуге шақырмады, тіпті патриархалдық қоғам құрылысын өзгертуге де әсер етпеді.

Міржақып Дулатұлы Жамал трагедиясы хақында қазақ әдебиетінде алғаш роман жазды. Автор өзінің романындағы басты мәселе етіп, қазақ қоғамындағы феодалдық-байшылдықты, қазақ қыздарының трагедиялық тағдырының шығу себептерін, жалпы патриархалдық өмірдің көрінісін берді. Шығыс пен Европа әдебиетінің жақсы дәстүрлерімен таныс Міржақып Дулатұлы – Гетенің Фаусты, Шекспирдің Гамлеті, Расиннің Федрасы, Сервантестің Дон Кихоты, Байронның Дон Жуаны, Пушкиннің Евгений Онегині – өз ұлтының ішінен шыққандықтан олар өз мінезі мен тағдырымен ұлттық бейнесін толық көрсете алды деп санайды. Міржақыптың ойынша ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында, халық көтерілістерінің көсемдері мен батырлары емес, керісінше, қаналған қазақ әйелдері басты бейне болуға тиіс. Тек қана қазақ қоғамында әйел толық азаттық алған кезде қазақтар дамыған елдердің қатарына қосылады деп санайды.

Міржақып ерекше ынта-ықыласпен жұмысқа кіріседі. Өз романындағы Жамал тағдыры қазақ қыздарының ауыр халін көрсетіп қана қоймай, халық бұқарасының санасын оятады деп түсінеді. Полиция тыңшыларынан сескенген жас жазушы Саумалкөлді тастап кетуге мәжбүр болды. Ендігі жерде Міржақып Қызылжар қаласына тоқтап, жазып жүрген романын аяқтайды. Бұл қалада сот мекемесіне іс жүргізуші боп кіреді, сонымен қатар Хасан Пономарев деген байдың жекеменщік мектебінде сабақ береді.

Міржақып Қызылжарда Жанима есімді қызды ұнатып сүйеді. «Оян, қазақ!» (1909 ж.) кітабы Уфада жарық көрген соң әрі үкіметке қарсы қызмет еткендіктен патша күзетшілерінің қудалауынан ол Жанимамен бірге Қызылжардан біржола кетеді. Сүйіскен жастар жасырынады. Бірақ олардың бұл бақыты ұзаққа созылмайды. Ақынның соңына түскен жергілікті жандармерия оны тұтқындап, түрмеге жабады. Осының негізінде кейін ол «Балқия» пьесасын жазды.

Міржақыптың ызалы даусы бүкіл Азияға жаңғырығып жетіп жатты. ХХ ғасырдың басында Африка, Оңтүстік Шығыс Азия, Латын Америкасы отаршылдық империяға күйрете соққы беріп, көпшілігі бұғаудан босады. «Оян, қазақ!» қазақ халқының өзіне тән манифесі болғандықтан, олардың одан әрі дамуына әсер етті. Міржақып жаққан бостандық оты, күрес шырағы қудалаудың жаңа толқынын туғызды. Кейін, 1917 жылы «Қазақ» газетінің 2 маусымдағы санында Міржақып сол кезді еске алады: «Оқушыларға мағлұм «Оян, қазақ!» өлең кітабымды ескі өкімет шам көріп, «Қазақ оянып кетеді» деп қорқып, 1911 жылы мені сотқа берді, сол себепті жыл жарымнан артық абақтыда жатып шықтым. «Оян, қазақ!» халық арасында тарамасын деп үкімет үкім салды». «Оян, қазақ!» кітабындағы ерекше бір тарау – «Муддәрис З... әфәндіге жазған бір мәктубім». Бұл үндеу-памфлет дін қызметкерлеріне арналған. Онда қазақ халқының тағдыры, мәдениеті, дініне байланысты мәселелер көтеріледі. Міржақыптың дін қызметкерлерін сөзбен қағыта отырып, оларды ортақ мәселені шешуге шақырады. Бұл үндеу-памфлет Қазақстан дін қызметкерлеріне қатты әсер етеді. Ақынның шақыруына көп адам үн қосады. Имандар мен молдалардың бірқатары Міржақыптың «Оян, қазақ,!» кітабын мешіт пен медреселерде насихаттауды қолға алса, енді біреулері керісінше «Оян, қазақты» зиянды кітап деп дәлелдеуге тырысты. Мәселен, «Оян, қазақты!» тарату мен насихаттау ісіне қатысқан Ақмола қаласындағы екінші мешіттің имамы Махмутов патшалық өкіметтің шешімімен үш жылға бас бостандығынан айрылып, шет жерге аударылды. Ақынды, қазақ халқының қоғамдық жағдайы, жер мен дін мәселелерімен бірге әйел тағдыры, патриархалды өмірдің қалдықтары да ойлантады. «Жесір дағуалары хақында» атты тарауында қазақ әйелінің аянышты тұрмысын айқын көрсетеді. Байлардың көп әйел алғандығы жөнінде қызу айтыста ақын таурат аңызындағы ғибратқа сүйеніп, ондағы әйел затына қалай қарағанына тоқталады. Аңыз бойынша, әулиенің төрт әйелі болған. Ол «үлкен махаббаттың» белгісі деп әр әйеліне алтыннан білезік сыйлайды. Әйелдер бұл сыйды өзгелерден құпия ұстауы тиіс. Бұдан соң әр әйел өзін ерінің бірден-бір сүйіктісімін деп санайды да алғыс айтады. Міржақып аңыз тарихын келтіре отырып: көп әйел алу киелі әулиелер несібесі болған, ол әр адамның құзыреті – деген тұжырым жасайды. Сол себепті де қазақтар ескі бұл әдет-ғұрыптан азат болуына сенім білдіреді.

Ол жөнінде Лазарев атындағы шығыс тілдері институтының профессоры Б.Гордлевскийге 1914 жылы 6 көкекте жазған хатында да еске алады1. Патша тыңшыларының жасырын мәліметтерінен де Дулатұлы жөнінде қызық деректер кездестіреміз. 1911 жылы 11 шілдеде Уфа губерниясы жандармерия басқармасының бастығы полковник Ивановтың «құпия» деген бұрыштамамен Томск басқарма бастығына жолдаған хатында: «Басқарманың алған мәліметтеріне қарағанда ел арасында қылмысты үгіт тарату үшін Петропавловскіден шыққан, «Оян, қазақ!» атты кітапшаның авторы Міржақып Дулатұлы осы жылдың 6 маусымында Семейде тұтқындалған көрінеді, ол негізінен үгіт-насихатты Өскемен, Зайсан уездеріне жүргізген. Осы жөнінде хабарлай отырып мені Дулатовтың шынында да ұсталғаны жөнінде сендіруіңізді және ол жөніндегі сіздерде бар мәліметтерді мағлұм етуіңізді өтінемін», – деп жазады.

Жауап кешіктірілмеген, маусым айының жиырма алтысында Томскіден Уфаға Знаменскийдің қолымен тағы бір «құпия» пакет жөнелтіледі. Онда: «Жоғары мәртебелім, сізге өзінің мазмұнымен қазақтардың бүгінгі хал-жағдайына қатысты орыс өкіметінің саясатына қарсы үн көтерген, панисламизм идеясын насихаттайтын «Оян, қазақ!» атты қазақ тіліндегі кітабын таратуға келген Міржақып Дулатовтың 6 маусымда Семей қаласындағы Омбы жандармерия басқармасы бастығының көмекшісі қолымен тұтқындалғанын хабарлауды өзіме мәртебе деп білемін…».

Халық бақыты үшін күресіп жүрген азамат тағдыры елді толғантпай қойған жоқ. «Уақыт» газеті, «Айқап» журналы оның тұтқындалғаны жөнінде егжей-тегжейлі жазып тұрды, сол үшін бұл басылымдар Орынбор губернаторының жазасына да ұшырады. «Айқап» журналының редакциясы Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген хаттарға толды. Ол хаттардан ақын тағдырының келешегін ойлаған мазасыздық анық аңғарылады.

1909 жылы қазақ даласын дүр сілкіндірген үш кітап шықты. Оның бірі – Абайдың өлеңдер жинағы, екіншісі – Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы» үшіншісі – «Оян, қазақ!» атты Міржақып Дулатұлының публицистикалық-лирикалық жинағы. «Оян, қазақ!» кітабы ақынның философиялық-эстетикалық, көзқарастары хақында да сыр толғайды. Араб философиясын үлгі тұтқан, оның кітабында жақсылық пен жамандық, еркіндік, азаттық, адалдық, сұлулық, абырой, сыпайылық, байлық, кедейлік, т.б. туралы ғибраттар баршылық. Ақын бұл шығармасын тек білімді қауымға ғана емес, шала сауаттыларға да, тіпті сол кездегі қараңғы қалың көпшілікке бағыттаған. Ол өзінің кітабындағы бостандық пен болашақ бейбітшілік заман хақындағы пікірлерін бәрі қабылдайды деп ойламайды. «Оян, қазақ!» кітабындағы белгілі ойдың жүйесі былай құрылған – егер оқырман кітаптың кілтін таба алса, өзі шешіп алады, ал оқырман кілтін таба алмаса, сауалдарына білетін адамдардан жауап алуына болады.

Көрнекті қоғам қайраткері, ақын С.Сейфуллин сол кездегі қоғамдық өмірге баға бере келіп, «Қазақ зиялылары хақында» деген мақаласында: «Қазақ оқығандарының арасында 1905 жылдан бастап-ақ… революциялық идея, ұлттық теңдік пен азаттыққа үндеу етек алды. Жаңа оянып келе жатқан қазақ интеллигенциясының ол кездегі дем берушілері Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсыновтар болды», – деп жазуы тегін емес. Міржақып талантының нағыз шырқау биігі езілген қазақ халқының тарих сахнасына шыққан революциялық күрестер мен шайқастар дәуіріне дәлме-дәл келді. Болашаққа деген нық сеніммен жігерленген Міржақып өз шығармашылығын қазақ халқының бостандығы мен теңдігі жолындағы күресімен тығыз байланыстырып, халықты оянуға, білімге, оқу-ағартуға күреске үндеді.

Ақынның ғасырымыздың басында жасаған ескертпесі 20-шы жылдары ұмыт болды, қазақ тарихынан Қожа Ахмет Яссауи, Абай, Шоқан сынды халқымыздың аса ірі көрнекті қайраткерлері алынып тасталып, олар басқа таптың өкілдері деп есептелінді. Көп ғасырлық мәдениет люмпен-пролетарийдің мәдениетімен алмастырылды.

Сонымен, жетпіс жылдай мадақталған коммунистік идеяны таразылай келіп, біз қайтадан Міржақыптың ақиқат ойлары мен ғибратты өлшемдерінен тұратын «Оян, қазақ!» кітабының құдіреттілігіне басымызды иеміз. Ұзақ жылдар бойы мәдениетімізді, тілімізді, тарихымызды, ұлттық дәстүрлерімізді жоғалтып ала жаздаған біздің қоғамымыз оянды ма, әлде жоқ па? деген сұрақ еріксіз ойға оралған сайын Міржақыптың «Оян, қазақ!» деп салған ұраны биіктей түсе береді.

Азамат ақынның тағдыры – патша өкіметінің қуғын-сүргіні мен сталиндік репрессияның зардабынан тар жол-тайғақ кешуді басынан өткізіп, қатары сирек тартса да әділет пен шындық жолында халқының мұң-мұқтажын жоқтаған қазақ зиялыларының тағдыры. Міржақып декмократтық бағытты ұстап қазақ халқының ағартушысы болды. «Оян, қазақ!» поэтикалық манифесімен қатар қазақ әдебиеті оқулығының жаңа методикасын жасап, ұлт мектептерінде оқытудың жаңа жобасын ұсынды. Оның миллетшіл және демократиялық идеялары профессор С.Қирабаев көрсеткеніндей қазақ халқының дамуын жаңа сатылық биікке көтерді.

Гуманизм идеясы, күшке салмау идеясы алғаш қазақ миллетшіл-демократтарына тән қасиет еді. Міржақыптың Махатма Ганди бағыттарына сәйкес өзінің күшке салмау жобасы (хуррият, инсаният, хаққа-ниет) кейіннен «Алаш» партиясының негізгі бағыттарына айналды. Міржақып эстетикалық норманың негізінде адамдық мұраттарды анықтады, әлеуметтік әділетсіздіктің түпкі тамырын ашты, ұлттық белгілер (тіл, дін) үшін адамдарды кемсіту әрекеттерді әшкереледі. Зерттеу нәтижесіне қарағанда Міржақыптың поэзиясы көп қырлы, тегі жағынан әр түрлі екені анықталады. Оның бір өлеңдері романтикалық лепте болса, келесі өлеңдері өмірдің жағдаяттарымен байланысты астасып жатады. Ғашықтық-романтикалық өлеңдері – сүйіспеншілік сезімнің барометрі, толғаныс және ақын күйзелісінің айнасы.

Ақынның саяси-әлеуметтік өлеңдері әр түрлі оқиғалардың, уақыт әсерлерінің үн қосуын аңғартады. Бұл, әсіресе ұстаздық қызметтегі жылдары, патшалық түрме мен отаршылдық басқару кезеңін, 1916 жылғы қазақтарды қара жұмысқа алу мен Алаш қозғалысы тұстарында терең көріністер берді. Міржақыптың еңбегі сол – қазақ поэзиясына жаңа леп әкелді, поэтикалық сөздің аясын кеңітті. Абай дәстүрін жалғастыра отырып романс, баллада жанрларын дамытты. Оның өлеңдерінің 1914 жылы Лазарев атындағы Шығыс тілдері институты түркітанушылары тарапынан жоғары бағалануы да тегін емес.

Міржақып әңгімелері – ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде ерекше белес болды. Қазақ әңгімесін ол қысқалық пен мәнерлілік жағынан байытты, бұл жанрдың кең мүмкіндіктерін көрсете алды. Міржақып қазақ әдебиетінде алғаш рет роман жанрына қалам тартып оның қалыптасуына еңбек сіңірді. Міржақып шындықты терең бейнелеуімен романда жаңа мен ескінің күресі, қазақ халқының рухани және интеллектуалдық деңгейін көрсетуінің айқын дәлелі.

ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің тарихы әлі терең зерттелген жоқ, оның әлі даулы мәселелері көп-ақ. Бұл мезгіл – жаңа демократиялық әдебиеттің қалыптасқан, идеялық-көркемдік бағыттар мен әртүрлі әдеби мектептердің ірге бекіткен тұсы. Қазақ әдебиетінің дамуында 1909-1928 жылдар аралығы өте күрделі де, бедерлі белес. Бұл кезеңді түсіну үшін тарихқа жаңа көзқарас керек, байыпты философиялық-эстетикалық және әдеби зерттеулер жүргізген абзал. Осыған байланысты Міржақыптың өмірі мен шығармашылығына өзек еткен зерттеуді қазақ әдебиеті тарихының белгісіз беттеріне арналған және тарихи-әдеби процеске баға беру мен талдауда маңызы бар деп білеміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар