Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

17.07.2018 4954

Алаяқтың ақыры

Алаяқтың ақыры - adebiportal.kz

Үстелімнің үстінде «Зауал» атты кітап жатыр. Оқып біткен бетім осы. Жинаққа Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың профессоры, облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің редакторы қызметтерін атқарған Алдажар Әбілов пен Қызылорда қалалық ІІБ-де тергеуші, аға тергеуші, бөлімше бастығы, облыстық ІІБ аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші, ішкі қауіпсіздік бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған, «Сыр бойы сақшылары» зерттеу еңбегінің авторы, тергеуші-криминалист, запастағы полиция полковнигі Орынбек Асылбаев екеуінің бірлесе жазған «Зауал» повесі мен «Алаяқ» хикаясы енген екен.

Тергеу ісінің қыр-сырын барынша аша отырып, оны кітапқа айналдыру – әсіресе, жас тергеушілер қауымы үшін де қызықтырақ деп ойлаймыз. Әйтпесе, тергеушілердің күні-түнгі төккен терінің нәтижесімен небір күрмеуі күрделі қылмыстардың қалай ашылғанын айғақтайтын мұндай құжаттардың толтырылған күйінде қала беретіні де өтірік емес. Ал осындай оқиғаларды жинау, мұрағатпен жұмыс істеу, оқырман қауымның назарына ұсыну да – қызықты тақырып. Алаяқтықтың ақыры қалай боларын оқырман да сезіп, түйсінеді. Сабақ алады. Сол үшін де осындай кітаптарды баспа жүзінде көптеп шыққаны дұрысырақ.

Сондай ниетпен жазылған шығармалардың бірі – «Алаяқ» әңгімесі туралы ой өрбітсек дейміз. Кітапта – 1990 жылдардағы өмір шындығы суреттелген. КСРО қалт-құлт етіп құлағалы тұр, ал «балапан басына, тұрымтай тұсына» дегендей бұл кезеңде қылмыстың өршіп кеткені, көп жандардың алаяқтар шырмауына түскені белгілі. Осындай шақта – тергеушілердің азаматтық борыштарын адал атқаруы, бар біліктерін аянбай салысуы, көрер көзге оңай секілді. «Келеді, сұрақтарын қояды, болды» деп ойлау тіпті дұрыс емес. Сұрақ қою үшін де ойланасың, толғанасың, алдыңдағы күдікті адамның жан дүниесіне психолог сияқты барлау жасайсың, әр сөзін, қимыл-әрекетін байқатпай бағып отырасың, оның жабық тұрған ішкі дүниесіне «саяхаттауың» керек, құлыпты ашуың керек. Мұның бәрі – айтқанға ғана оңай тірлік сияқты көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, мұндай мамандық жан-жақтылықты, терең ойлануды қажет етеді. Әсіресе, басы-қасында куәгері жоқ істерді ашу – қиынның қиыны. Ол үшін не істеу керек? Айғақсыз, куәгерсіз күдіктіге бәрін іліп жіберуге тіпті болмайды. Оның үстіне дәлелсіз жерде күдіктіні көп те ұстай алмайсың. Қысылтаяң сәтте түйсікке жүгіну де, ішкі дауысқа құлақ түру де қажет. Осындай қасиеттің бәрі дерлік жас тергеуші Бектің бойында бар.

Ол – базар сатушылары: «Арзан бағаға машина-машина қант әперемізбен ақшамызды алдап алып, бізді сазға отырғызып кетті», - деп арызданып келген күдікті Айшагүлдің тергеушісі. Зардап шегуішердің қолында не сурет жоқ, не мекен-жайын білмейді, тек бет-бейнесін ауызша айтып береді. Сол бойынша күдіктінің портреті жасалып, фотосуреті шығарылады. Фотодағы бейнені көрген адамдар алаяқ атанған әйелге ұқсайтынын бірден аңғарады. Әрі қарай, ақпарат орталығындағылар арызданушы әйелдер «алаяқ» деп көрсетіп отырған адамның бұрын бір рет сотталғандығы туралы хабарлап, сұрау хатқа сай құжаттарды жібереді. Бұрынғы мекен-жайы бойынша іздегенімен іс – нәтижесіз аяқталады.

Бек жолда тұңғиық ойға батып келе жатып кездейсоқ облыстық басқармадағы әріптесі, білгір тергеушілер қатарындағы капитан Ақылға жолығып қалады. Ол да бұл істен хабардар екен, Бекке: «Байқатпай базардағы әңгімеге құлақ түрген де артық болмайды», - деп кеңес береді.

Енді күдік тудырып алмайын деп, базарда жүрген танысы Шахмарданға келген болып, Бек әйелдердің әңгімесіне құлақ түреді. Мұнда да «алаяқ» атанған Айшагүлдің жыры еш толастамай тұр. Құдайдың құдіреті, осы кезде әйелдердің сөзіне бір жігіт келіп араласады. Ол Айшагүлді сырттай білетінін, таныс көршісінің үйінде жүргенін айтады... Осылайша, күдікті ішкі істер бөліміне жеткізіледі. Егер де Бек әріптесінің кеңесін жүре тыңдағанда, тергеу жұмыстарын кабинетінде жалғастырып отыра бергенде мұндай жәйттерге куә болар ма еді, болмас па еді?!

Өмір шырғалаңына түскен Айшагүл әрі қарай да былыққа белшесінен бата береді. Оған үнемі қарыз беруші кісі де оны бопсалап, қалталы жандардың ақшасын алдап алу үшін оны алаяқтыққа жұмсап отырады. «Шөлмек мың күнде емес, бір күнде сынар» дегендей, теріс жолдағы әрекеттері үшін жауап беретін кез де жетеді. Алданған адамдар саны – мол. Бірақ Айшагүлді мойындату қиын іске ұласады. Әрине, қолдағы материалдар Айшагүлдің қылмысқа барғанын көрсетеді, бірнеше күнгі тергеу мен іздестіру осыны аңғартады. Алайда негізгі бұлтартпас дәлел – ақша қайда?! Бұл құпияны қалай шешуге болады? Алаяқ әйелді қалай мойындатуға болады? Бектің мазасы кетеді. Базарлармен жұмыс жүргізу әлі тоқтаған жоқ, қаншама қыруар жұмыстар істелді, сан түрлі варианттар бойынша болжам жасап, бірнеше таңды да ұйқысыз атырды. Түйінді шешер жіп ұшы қайда? Осы тұсы оқырманды қызықтыра түседі, әрі қарай не болар екен деп кітаптың ішіне кіріп кеткендей күй кешері анық.

Өмірде жолы болмай қиналғанда олжа табудың оңай жолын таңдаған қарапайым Айшагүл өзі сияқты қарапайым жандармен ғана емес, өзіне бір керегі болар деп, небір дөкейлермен достасып жүреді. Сұлу әйел бәрінің де тілін табады. Осының бәрі оқиғаға әсер етіп, әйелдің тергеуде отырғанын естігенін сол дөкейлер, беделді қызметкерлер жиі қоңыраулатып, әйелдің жағдайын сұрайды, тергеу қашан бітетінін білгісі келеді, жазықсыз адамды босқа ұстап отырсыңдар, бұл үшін жауап бересің деген қоқаң-лоққыны да естиді Бек.

Бірақ шаруаны қалай да нәтижелі аяқтау керек, ол үшін күдіктіден суыртпақтап отырып, ақпарат алу керек. Аңысын аңду керек, ақшаны қай жерге тыққанын табу керек. Ол үшін Бек не істейді? Айшагүлді тұтқындау үшін жалдап тұрып жатқан үйіне барғанда, оның оғаш қылықтарын байқап қалған болатын... Сол уақытта полиция қызметкерлері Айшагүл тұрып жатқан үйге кіріп келгенде, ол қолында ұстап тұрған белгісіз заттарды дәл осы сәтте қоқыс жәшігіне емес, елеусіз сарай бұрышына тастай салған болатын. Бұл жәйт Бектің назарынан тыс қалмаған еді. Бұл – тергеуші қалт жібермеуге, ұмытпауға тиіс әрекеттер. Осының бәрін ой сарабынан өткізе келе, Бек сезіктімен шебер диалог жасай отырып, ақшаны қайда тыққанын бірден сұрамас бұрын, оған осыған ұқсас жағдайларда әр түрлі тәсілдер арқылы тауып алғандарын жұқалап отырып жеткізеді. Айшагүлдің мазасызданып отырғанын бірден байқаған Бек енді нық қадамға барады. Ақша алыста емес, не де болса, үй маңына жасырылған деп топшылайды. Тергеуші өзінің тәуекеліне, тек өзінің түйсік, сезіміне сену керектігін ұғады. Еншісінде – бір ғана күн қалған. Осы бір күннің ішінде қылмыс дәлелденбесе, сезіктіні босатып жіберу керек.

Тәуекелге бел буған тергеуші видеокамерасы бар жігіттерді жасырын орналастырып қояды да, Айшагүлді көршілерімен беттестіремін деген сылтаумен уақытша ұстау абақтысынан алып шығып, машинаға мінгізіп, қала тұрғындары «КБИ» атандырып жіберген бөлігіне беттейді. Үйге келгенде қулыққа көшкен Бек: «Қашып кетемін деп әуре болмаңыз! Ол кезде жазаңыз ауырлай түседі! Манағы бір тамақтан ұшындым ба, білмеймін, мазамның болмай тұрғаны» (172-бет), - деп әдейі аула сыртындағы әжетханаға аяңдап кетеді...

Аулаға бір өзінің кіргеніне көзі жеткен Айшагүл сол сәтте сарайдың бұрышына жүгіре жетіп, өзі қоқыс төгетін бұрышты жанталаса қазады. Басқа орынға тықпақшы болады. Целофан қалтадағы ақшаны құмнан лезде аршып бола бергенде, видеокамералы жігіттер және тағы бірнеше адамдары бар тергеуші сау ете қалғанда, Айшагүл өзінің тұтылғанын сезеді...

Бауыржан Берікұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар