Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Алдан Мұсабекова: Ауылымның ақ таңы...

05.10.2016 5581

Алдан Мұсабекова: Ауылымның ақ таңы

Алдан Мұсабекова: Ауылымның ақ таңы - adebiportal.kz


(деректі повесть)


АҢСАУ

(пролог орнына)


Алысқа кеткен анасын сағынып, сарыла күтіп жүрген жас баладай, ұзаққа созылған қытымыр қыстан бой құрыстап, көңіл жүдеп жүрген шақ. Қартаң тартып, құрыстаңқырап қалған дене де еркін керіліп, табиғаттың тылсым нұрына малынғысы, бой жазғысы келетіндей. Бөлмені бозамық нұрға бөлеген сәуірдің ақ таңы қалжыраған көңілге жылылық құйып, бойға серпіліс береді. Терезеге төнген қараталдың бұтақтары әзірге тастай қатып тұрса да, кеш түсетін көктем «менмұндалап» дыбыс беретін сияқты, құлағыңа алыстан бір күмбір күй келіп, жүрегіңді белгісіз жылылық жайлағандай болады.


Таңмен ояну әдетке айналғалы қашан. Қала үйінің кең де жарық терезесіне таянсаң болғаны, өлі төсектен ажырап, тірі тіршіліктің шылауына орала кетесің. Қатарласа орын тепкен, меңіреу тартып, мүлгіп тұрған зәулім үйлердің ауласындағы сан алуан жеңіл автокөліктердің қайсыбірі жол қамын жасап, шырақшаларын жыбырлатып жаға бастапты. Кейбірінен әлсіз мияулар шығып қояды. Басқа дыбыс жоқ, ел қалың ұйқыда. Үйлердің етегінде үйіліп жатқан қар қарақожалақтанып, бұрынғы ақ көрпедей әдемі күйінен ажыраған. Солтүстіктің кеш қайтатын қысындай, ол-дағы сүйкімсіз, ажарсыз. Әр нәрсе өз кезінде әдемі, сұлу, жарасымды-ау, сірә...


Уақыт шіркіннің сырғып, дегенін істейтіні рас. Қар құрсанып, боран оранған қыс кетіп, көгілдір көктеммен қауышасың, жадыраған жазды өткеріп, сары күзбен кезігесің, сосын қайтадан қылышын сүйреткен қыс келеді. Ең ұзақ өмір сүрген Нұх пайғамбарға өлім періштесі: «Дүние қандай екен?»деп сұрағанда, ол:«Дүние екі есігі бар үй сияқты екен, бір есігінен кіресің де, екіншісінен шығып жүре бересің»депті. Расында да, дөңгеленген дүние екен ғой бұл жалған.


Өмір алға жылжиды. Сен де балалық, жастық шақты белден басып, есейіп, шау тартасың. Ақыл-ойың тереңдеп, қазыналы қартқа айналасың. Өткен өміріңнің келмеске кеткеніне өкініп, бойыңды бір болмашы салқын діріл жайлап, тұлабойың тоңазығандай болады. Сондай бір сүреңсіздеу сәтте туған жеріңді, оның шұғылалыкөктемі мен шуақты жазын аңсайтының рас...


І БӨЛІМ

АУЫЛЫМ – АЛТЫН БЕСІГІМ


Айналайын Алтайым, осы құдіретіңнен, 

осы келбетіңнен, осы гүліңнен, осы 

жұпарыңнанайырылып қала көрме, 

өйткені мен сені сүйемін, 

өйткені мен сенің перзентіңмін, 

өйткені жаһанда саған жетер салтанатты жер жоқ.

О. Бөкей


ҚАЛДЫРҒАН ІЗІН МӘҢГІЛІК



Туып-өскен елің қымбат,

Кіндік кескен жерің қымбат.

Қазыбек би.


Жапырағын кеңге жайып, тамырын тереңге жіберген мен тараған Бектеміс руының да шежіресін жинақтап, жүйелеген азаматтар баршылық. Қыз да болсам, артыма қарайлаған шағымда елдігіміздің тұтастығына, тегіміздің тазалығына көзім жетіп, ру шежіресін жинастырып, толықтырып, өскелең ұрпақтың назарына ұсынған ағайынға риза боламын.


Әкем айтып отыратын бес ата Бектемістің өткен-кеткен өмір жолы, ата қонысы, ат үстінде күн кешкен, жетімекке пана, шөлдегенге сусын, қорғансызға қорған, жігерсізге демеу болып, ел аманатын арқалаған азаматтары жайлы тұтас жазбасам да, өзімнің кіндік қаным тамып, ақ топырағына табанымды тіреген, қаз-қаз басып, дүниені таныған туған ауылымның өмір жолы жайында ақ қағазға қалам жүгіртіп, тасқа басу болашақ ұрпағымыздың алдындағы парызым деп ұқтым.


Өз руымыздан шыққан ғұлама, суырып салма ақын, қазақ, қырғыз еліне танымал болған Өзібек Ақжолұлының:


Төменде бір старшын Бораншы бар,

Не жақсы, не мансапқор содан шығар.

Егерде жолың түсіп бара қалсаң,

Шықпай жүрген бүйірің содан шығар, –деген жолдары Бектеміске екінші атадан қосылатын, Арық ұлы Бораншы жайлы айтылған екен. Cол Бораншыдан тараған Біржан, Қангелді, Жиес ұрпақтары Алатаудың Сұлутөр етегін жайлап отыр. Менің үлкен атам Мұсабек Бораншыға үшінші атадан қосылады.


Тау етегі ерте көктемнен сары күзге дейін осы өңірді жайлаған бес ата Бектеміс пен Боққайнат руы ұрпағының ырыс-құты, жаз жайлауы, қыс қыстағы болған. Қыр қазақтарының көрші қырғыз бауырлармен тек таумен ғана бөлініп тұратын осы бір құтты мекені сол бәз баяғы мұнар тартып бозамықтанған, таңғы шапақтың алтын сәулесіне оранған қалпында менің көз алдымда қалып қойғаны рас. Ұшар басы мәңгілік ақ қарға оранып жататын тау шыңдары, оған қиялай жапсарласқан биік-биік өркешті жоталар кейде сарқырап, кейде баяулап ағып, еңіске қарай асыға ұмтылып жататын мөп-мөлдір, мұздай, тап-таза тау суы мен оны қоршап өскен сан түрлі тал-дарақ, көкорай шалғын, қызылды-жасылды гүлге оранған қия беттер мәңгілік есімде сақталыпты.Осынау қызықтай жеткен кім-кімнің де ой-қиялын тербетіп, жан-дүниесіне нәр құятынкішкентай ғана ауыл «туған жер» деген қасиетті сөздің тылсым табиғатын ұқтыратын еді. Мал қайырған бақташы болсын, жоқ іздеген жоқшы, арнайы, қызықтап келген жолаушы болсын, таңғажайып нұрлы табиғаттың айналасына төккен мейір-шапағатына бір сәт мас адамша елтіп, жүрегі жырлап қоя берердей-ді.


Соғыстан кейінгі жылдар... Халық тұрмысы аса жүдеу, аштықты, соғыс зұлматтарын көріп, есеңгіреген ел. Әйтеуір әупірімдеп аяғына қаз-қаз тұрып, тіршілік тұтқасына жармасқан шаруашылық. Бүгінгі өмір шылауына ілесіп келе жатқанына тәубесін мың қайтара айтып, барына шүкіршілік еткен, күн сүйіп тотыққан өңінен үнемі үміт пен өмірге құлшыныс табы байқалып тұратын қарапайым шаруалар. «Мынау менікі, мынау сенікі» деп жататын ешкім жоқ, ауыл ортақ, шаруа ортақ, күнкөріс ортақ. Небәрі алпыстай ғана түтін, әрқайсысы өз алдына бөлек үйлерде тұрады демесеңіз, бәрі бір үлкен отбасы сияқты, «әу» десеңіз, «не болды?» деп жанұшыра жинала қалардай тұтасып кеткен. «Ағайын бір – өліде, бір – тіріде» деген ата-бабадан қалған өсиет сөз осындайдан қалса керек. Сондықтан да осынша қияметтен кейін «бас аман болса, мал түгел» деген ұғымды берік ұстанған олардың бір-біріне тілері – тек жақсылық, әсіресе елдің, отбасының амандығы.


Қазіргі «Көкарық» атанған ауылдың - менің қасиетті туған жерімніңортасын қақ жарып өтетін ирелеңдеген қара жол қиялай созылып барып, жоғарыға, тау етегін бетке алып өрлей беретін-ді. Ауыл үстіндегі дөңнен әрі өткен жолаушы Алатау сілемдеріне, оның етегін көлденеңдей жайлаған Шолаққайыңды ауылына көз тоқтатар-ды.


Енді ауылымның бұрынғы тарихына шолу жасайық. «Көкарық» колхозынең алғаш ұйымдастырғанДәлібаев Рахметқұлағай болыпты. Бізге немере туысқан болып келетін ағай өтекішіпейіл, мейірімді, көпшіл жан еді. Мол денелі, көркі де келісті Рахметқұл аға үнемі әзіл араластырып сөйлейтін қалжыңбастаукісі болатын. Шешек дақтары ұялап қалған қызыл шырайлы дөңгелек жүзі жадырай түсіп, бар денесімен селкілдей күлетін. Ісіне тиянақты, абырой-беделі артық ағайды ауылдас, туыстарының бәрі қадір тұтып, қатты сыйлайтын-ды. Әйелі Нұржан жеңешем де қандай іске болмасын сарамжал, әрі алды-артын ойлап сөйлейтін байсалды адам болған. Қайсыбір ауыл әйелдеріндей артық-ауыс сөзге бармай, сабырмен сөйлейтін. Абысын-ажындарының арасында сонысымен де өзгеше болып тұратын еді.


Өкінішке орай, ол кісілер бала сүймеді. Ағай бертін келеекінші рет Советкүл атты жас келіншекке үйленді. Ағай мен Нұржан жеңешемнің тілегі шын қабыл болып, Советкүл жеңешем оларға Еңсебек, Түйтебек, Орынбек атты алтындай ұлдар мен Майса атты бір қыз туып берді! Халықтың мейірімді кезі ғой, ауыл ішінде абыройлы азаматтың оты жанып, ұрпағы жалғасатын болғанына ақсарбас аталып,мал сойылып, ауыл болып қуанғаны есімде. Алайда Рахметқұл ағай да, жұбайы Нұржан жеңешем де өмірден ерте озды. Жап-жас, көрікті, аңқылдаған ақкөңіл Советкүл жеңешемнің үлесіне тағдыр ауыр жүк қалдырды: күш-қайраты мол жас әйел жесірліктің азабын тарта жүріп, бір өзі балаларын ел қатарлы аяғына тұрғызды.


1932-33 жылдары, Рахметқұл ағайдан кейін, колхозға Шарғын Жаманқұловбастық болыпты. Ол кісінің де ауылға сіңірген еңбегі зор болған көрінеді, күнкөрістің қамымен әр жақта қашып-пысып жүрген ағайын-туыстарды жинап, басын біріктіріпті. Олардың бір ауыл болып ұйымдасуына, соның нәтижесінде біртұтас колхоздың құрылуына себепкер болыпты.Ұзын бойлы, арық келген қарасұр кісі менің көз алдымда. Қырғыздан алған Арзанкүл деген жас әйелі де есімде. Шарғынның кенжелеп көрген Бақтыбек атты ер баласы да есімде. Екі беті қырғыз нағашыларына тартқан торсиған қып-қызыл болатын. Бір қызығы, жер аппақ қар жамылып жатқан қыстың күнінде жалаң аяқ жүгіріп жүре беретін еді. Оны бәріміз қызық көріп, таңғалатынбыз. Шарғын атадан Бақтыбек, Бекзат атты ұлдар қалды.


Нәмет ағаның айтуынша, соғысқа дейін ауылда 2 бригада болған екен, оның бірін Бектембаев Тәжібай (Ықынның ағасы), екіншісін Төребеков Мәди (Жүнісәлі, Жанқұлының ағасы, Бекетайдың әкесі) басқарыпты. Мәди 1941 жылы соғысқа кетіп, оралмаған. Бұл жылдары халықтың шаруашылықты нығайтуға деген ынтасы зор болып, осы екі бригада жарыса жұмыс істейтінболған. Ынтасы ғана емес, халықтың ынтымағы да зор болатын. Ел тұрмысының күннен-күнге жаңарып, жақсаруы үшін ауылдың әр азаматы бел шешпей, күндіз-түні еңбек етті. Кетпен салып, тоған қазды, арық шауып, егіс суарды. Еңбеккер жандар көктем шығысымен қосқа ат, өгіз, сиыр қосып, егіс алқабына аттанады. Бар еңбек құралдары күрек, кетпен және ағаш соқа. Сол ат соқамен жер айдап, тұқым себеді. Бұл жұмыста қарттардың да еңбегі ерен, олар мойындарына дорбаны іліп алып, айдалған жерге біркелкі етіп тұқым тастап отырады.


Егістік бойына кетпенмен арық қазып шығатындар – әйелдер. Сонау таудан тартылған тоғандарды тазалап, егіс алқабына су келтіретіндер де солар. Таң намазын оқи сала егіс алқабына аттанған қариялар, балалықтан баз кешкен бүлдіршін балалар мен арқан-жібін белдеріне орап, шарт түйінгенәйелдербір тынбай еңбек етіп, түн қараңғылығы қоюлана үйлеріне қайтады. Ал әйелдер жағы жай емес, отын арқалай қайтады. Төрткөз болып телміріп, анасын күтіп отырған балаларына түннің бір уағына дейін тамақ пісіреді. Кір-қоңын жуып, жыбырлап жүріп, түн ортасы ауғанда көзін бір іліп алып, таңсәріден тағы да егіс алқабына аттанады.


«Өткен күнде белгі жоқ» дейді қазақ атамыз. Қазіргі ауыл жастары біле бермейтін Самылтыр Аманбаев атты азамат жайлы айтпай кету әруақ аттағанмен бірдей болар еді. 1927-28 жылдары Ақыртөбе бойынша колхозды алғаш ұйымдастырған осы кісі болатын. Атасы жағынан келетін болсақ, Хангелдіден Шіркей, Шіркейден Сағазы, Сағазыдан Аманбай, Аманбайдан Мәжіре, Мәжіреден - Самылтыр. «Бораншылардың жерін Мақпал Қармыстан қорып, бар бораншыны осында алып келіп,қоныстандырған осы Самылтыр», – дейді Нәмет ағай өткенді еске алып. Самылтыр кейін «халық жауы» болып кетті. Ол кісінің Зағипа атты әйелініңаса зерек, шежірешіл жан болғаны барлық ауыл адамдарына аян. Самылтырдан Қалмағамбет пен Дербіс атты азаматтар болған екен. Олар соғысқа кетіп, оралмады. Қызы Күнімкүлмен қатар өстік. Ойнақы мінездіғ үй шаруасына аса пысық, достыққа адал қыз болатын. Ол қазір балалы-шағалы, немере сүйіп отыр.


«Шағын ғана «Көкарық» ауылы 1945-1946 жылдары қазіргі бейіт тұрған жерде болған еді,–дейді көнекөз қария Әлімқұлұлы Нәмет ақсақал. – Төменгі құм жағында Біржан аталары, жоғары жағында жиестер тұратын. Ескі гараждың орнында - гараж, ал оның бергі жағында астық сақталатын қамба болған. Қамбаны ұстайтын Биханов Орман ақсақал еді. Ауыл 1948 жылы ескі қонысынан қазіргі «Көкарық» ауылы тұрған жерге көшіп келді».


Қарияның әңгімесіне қарағанда, ауыл 1955 жылы «30 жылдық Қазақстан» колхозы болып құрылып, оған «Шолаққайыңды», «Көкарық» және «Бірлес» бөлімшелері кірген екен. Орталығы - осы «Көкарық». Колхоздың алғашқы бастығы – Бірлес ауылының тұрғыны Парманов Сәлімбай деген азамат.


Ауыл 1958 жылы қаңтар айында «Жамбыл атындағы колхоз»болып қайта құрылып, оған «Шолаққайыңды», «Көкарық», «Тереңөзек», «Мақпал» және «Ынтымақ»ауылдары кіріпті. Колхоздың ең алғашқы бастығы - бұрын Жаңатұрмыс ауылында бастық болған Сәлімбаев Шәуен, руы қарақойлы. Шәуен ақсақал мықты ұйымдастырушы болса керек. Ол кісі шайқалған шаруашылықты қалпына келтіре жүріп, сол кездің өзінде колхозшылардың күндік еңбек ақысына 3 келіден бидай беріп тұрыпты. Бұл аудан бойынша ең үздік көрсеткіш болып қана қоймаған, әупірімдеп әзер күнелтіп жүрген ауыл адамдарының күнкөрісіне жараған үлкен жәрдем еді.


Қырқыншы жылдардың соңын ала ауылға сонау Кавказ жерінен арып-ашып шешендердің бірнеше отбасы келіп қоныстанды. Мейірбан ауыл адамдары оларды жатырқамай қабылдады. Үйлеріне кіргізіп, барымен бөлісті. Сөздері мүлде түсініксіз, киім киістері де, әдет-салттары да бір өзгеше бейтаныс жандар ә дегеннен-ақ еңбекке аса зауқы жоқ екендіктерін көрсетіп алды. Тіпті, ауыл ішінде бірдеңе жоғалса, «оны ана шешеннің балалары қымқырды» деген алып-қашпа сөздер де шығып жататын...


Шешендердің ең үлкені Дуда деген ақсақал біздің аталарымызбен тез тіл табысты. Қариялар ым-ишарамен-ақ тез түсінісіп, шаруа жайлы әңгімелесіп отыратын. Олардың бір ғажабы, той-томалақ жасағанда, әр ауылдан тез-ақ жиналып қалатындары, ат үстінде тарсылдатып мылтық атып, әрлі-берлі шапқылап шабатындары есімде... Көп кешікпей шешендер туған жеріне қайтарылды. Бұл – біздің ес білген кезіміз болатын.


Бертін келе ел өміріне жаңалықтар ене бастады. Колхоз бірте-бірте ұлғайып, күрделене берді. Мемлекет колхозға ат,соқа, өгіз арба берді. 1949 жылы ауылға үлкен жаңалық келді, 2 аяқты, 3 аяқты «Беларусь» тракторы бар колхозға НАТИ тракторы келді (сол жылы өмірге келген Әбіш ақсақалдың баласының атын «Нәтибай» деп қойды). Бұл трактор талай адамның қолын босатып, егіс даласында еркін самғады. Жаңа техника еңбек өнімділігін де арттырып, шаруашылық бұрынғыдан гөрі едәуір оңала бастады.


Ауыл есіме түскенде, сол ауылды көркейтуге атсалысқан, ақыл-ойы мен парасатын, білімі мен біліктілігін шаруашылықты аяғына тұрғызуға, ауылдастарының, ағайын-туыстарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға арнаған алдыңғы буын ардақты ағаларым көз алдыма келеді. Ендеше, құрметті оқырманым, бүгіндері көзден кетсе де, көңілден кетпеген, сондай-ақ өткен өмірдің елшісіндей алшаң басып арамызда жүрген, алмағайып заманда елінің белінкөтеріп, аяғына нық тұрғызған ардагер ағалар жайлы зерттеу-әңгімеге құлақ салыңыз.


АЛДЫҢҒЫ ТОЛҚЫН – АҒАЛАР


Көнені керек етпесең, жаңа табылмайды.

Шәкәрім.


Колхоз ұйымдасқан алғашқы жылдарда осынау қауырт жұмыстың ауыртпалығын бір кісідей көтерген жандардың бірі Орман ақсақал болған екен. Ол кісі ауылдағы «Жиес» деп аталатын атаның Бақашынан көрінеді.


Орекең колхозды ұйымдастырушы ғана емес, жұмысты өте таза істейтін кісі болған көрінеді, қойма да ұстаған. Колхозшыларға еңбекақыны дәлме-дәл өлшеп, 100 грамнан ұн тарататын кезі де болыпты. Комбайнда есепші болыпты.Қанаев Омардан қалған ауыл бағындаосы Орман ақсақал басқарып, баптап күткен көрінеді. Баласы Асықбай Луговойда тұрады. Бірлеске тиген Алтынкүл деген қызы балалы-шағалы болды.


Колхозда алғаш рет комбайн тізгінін ұстаған Сарманатты кісі өте еңбеккер, тындырымды азамат еді. Сол кезде техника тілін меңгерген бірден-бір маман тек осы Сарман ғана болған екен. Мен көргенде ол кісі ұзын бойлы, қапсағай зор денелі, қартаң тартқан кісі еді. Сарманнан Башан, Башаннан Рысқұл, Рысбай, Жақсылық, Нұрлан атты ұл балалар, Шынар атты қыз болды. Біз Шынармен қатар өсіп, бойжеттік. Ешқандай артық іс-қимылы жоқ, сыпайы, момын қыз отбасын құрып, өсіп-өніп кетті.


Сарман атаның «түйе палуан» деген аты болған. Кеңес жылдарында мамыр, қараша мерекелерінің дүрілдеп аталып өтетіні баршаға белгілі. Ауыл-ауылда қызыл жалаушалар ілініп, әртүрлі мерекелік шаралар өткізілетін. Түрлі жарыстар мен ойындарға қатысқан немесе оларды қызықтаған халықтың ауыр жұмыстардан кейін едәуір көңілдері көтеріліп қалатын еді. Сол ойындардың бір түрі –бала күрес. Үлкендердің, тіпті қатындардың күресі де болған екен. Сондай күрестерде Сарман ақсақал жеңіс туын ешкімге бермейтін көрінеді. Қарсыласын жамбасқа салып, жер жастандыратын алып күштің иесі болған деседі. Сондықтан да ол кісіні ауылдастары «түйе палуан» деп атап кеткен.


Сарман атаның адамгершілігі де зор болған. Жетпегенге қол ұшын беруден аянбаған ақкөңіл, дархан жүректі жанды бүгінде көзкөргендер құрметпен еске алады. Сарман атаның немересі Жақсылық –бүгінде ел аузына ілігіп қалған кәсіпкер. Ел тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары ауылдың қақ ортасынан қарияларға арнап Аллаға мінәжат ететін мешіт салып берген азамат. Бұл да немереге атадан қалған асыл қасиет болса керек.


Сарман ақсақалдың бүкіл ауылдың баласына «Дәу апа» болған анасы есімнен кетпейді. Сол кездегі қариялардың ауыл балаларына деген мейірбандылығын айтсаңызшы! Ол кісі, ұмытпасам, ауылдың бас жағында тұратын. Үстінде ұзын көйлек-қамзолы, басында биіктете ораған күндігі болатын еді. Біздің үй көшенің орта тұсында-ды. Бізге қарама-қарсы, Көктал көкемнің үйі мен екі арада кішкентай көлшік болатын. Біз, әлі мектеп есігін аша қоймаған балалар, осы жерде шүпірлеп ойнап жүреміз, балшықтан үй жасаймыз, түрлі жануарлар мен аңдардың сұлбаларын жасаймыз. Тіпті болмаса, шалшық көлді шапақтатып кешіп, мәз-майрам боламыз. Сондай бір күндерде көшенің басынан Дәу апа көрінсе болды, бірінші болып айғайға басатын өзіміздің Қоқан (шын аты Рахымбек еді) болады. Бойы бізден биіктеу, жасы да ересек ол жан-жағына қырағылықпен қарап жүре ме, әйтеуір:


– Дәу апа келе жатыр, Дәу апа! – деп, көшенің басына қарай құстай ұшады. Сол-ақ екен, бәріміз шалшық көлшікті тастай салақара жолға түсеміз. Батпақ-батпақ аяқтарымызбен борпылдақ шаңды аспанға көтере шапқылап мен, Қоқан, Мәрия, өзімізден кіші інілеріміз Мейрамбектер бар, не керек, қыз демей, ұл демей ауылдың бар баласы солай қарай құстай ұшамыз. «Кім бұрын жетеді?» деп жарысамыз-ау тағы! Арсалаңдап апаға жетеміз, «апалап» етегіне ораламыз. Дәу апа да қанатын жайып, күнге тотыққан әжімді өңі жадырай арсалаңдай, бізді сыйғанымызша бауырына басып, айналып-толғанады. Сосын іле-шала сақина-білезіктерін сыңғырлатып, қолдарын қамзолының екі терең қалтасына кезек сұғып-сұғып жібереді де, тереңнен-тереңнен сыртын кір шалған көк қанттың үлкен бір түйірін алып шығады. Не деген керемет! Біз болсақ басымыз қисайып, сілекейіміз шұбырып, әлгі кесек қантты апа тісімен қатырлатып уатпайынша, күтіп тұрамыз. Апа әрқайсымызға үлкенді-кішілі қант түйірлерін берген соң ғана тырағайлап, бет-бетімізге жүгіреміз. Қазіргідей рахмет айту да жоқ, «рахмет айтпады» деп ренжіп жатқан апа да жоқ, бізді бір қуантқанына мәз болып, арсалаңдай күліп қала береді. Ауыл, балдан тәтті балалық шағың есіңе түскенде, көз алдыңа осындай қайталанбайтын қадірлі бейнелер келеді. Сағына отырып, олардың бойға құйған ізгіліктеріне дән риза боласың.


Орман мен Сарман аталардың інісі Қарман ақсақал даадал еңбеккер еді. Қырманда істеді, мал бақты. Ербосын, Етберген, Әділ, Нұрбосын, Нұрболат атты ұлдары, Мейраш, Жайлаукүл, Гүлжан, Гүлнаратты қыздары бар.Мейрашпен бірге ойнап, бірге өстік. Қара торының әдемісі, аса көрікті қыз еді. Қазір Ұзынағашта тұрады, балалы-шағалы.


Таңат ата жайлы әңгімелерге біз жас кезімізден қанық болып өстік. Ол кісі -Біржан Байбол атаның екі ұлының бірі. Таңат атадан Әбдікәрім, Әбдікәрімнен Әбдіқайың (Қайың) мен Әбдіжәжел (Жалал) атты ұлдар болды. Ата ел ішінде «Таңат молда» деген атқа ие болған кісі. Өз заманында әуелі Әулиеатада, содан соң Самарқан, Бұхарада ескіше оқып, арабша діни білімді жетік меңгерген екен. Молданың емшілік қасиеті де зор болған. Өз үйінен мешіт ашып, оған Қайыңды, Өрнек, Қызыл ту, Жарлысу, Тереңөзек, Бірлес, Ақыртөбе, Мамай, Сөгетіден қариялар жұма сайын ағылып келіп, намазға жығылатын болған. Молданың тақуалығы жайлы мынадай әңгіме бар. Молда туысқаны Иманәліні өзінің жалғыз атын сатуға базарға жібереді де, сатып алушыға аттың тістеуік екенін ескертуін өтінеді. Алайда Иманәлі ақсақал аттың жаңа иесіне оны айтуды ұмытып кетеді. Мұны естіп, қатты өкінген молда дереу есегіне міне салып, әлгі сатып алушыға ат жайлы ескертуге өзі кеткен екен дейді.


Қазір колхоздың орталығы Тереңөзекте «Таңат ата» мешіті салынды.


Әлібаев Сқақбайағай 1920 жылы туған, өзі Біржан атасынан. Менің есімде қалғаны – тал-дараққа оранған үйі жақтан баяу басып, көшеге шығып, төңірегіне маңғаздана көз тастап тұратыны. Иә, ол кісінің бойында кәдімгідейкербездігі болатын еді. Аса ұқыпты, сыпайы жан болатын. Үстіне сол кезде «московский» деп айтылатын ақсұр макинтош киетін. Бар-жоғы жеті сыныпты ғана бітірген зерделі балажігіт кадрға тапшы заманда колхоздың есеп-қисап тіршілігіне ерте араласыпты. Әуелі Мамайда есепші болады. Жамбыл колхозында, Тереңөзекте бас бухгалтер, кейіннен қамбашы болды.


Сқақбай ағай ауылды көркейтуге де көп үлес қосты. Көз көргендердің айтуынша, жиналыстарда үнемі сөз алып, ауыл өмірін жақсартуға өз ой-пікірін білдіріп отыратын болған, сондықтан да ол кісіні ауыл тұрғындары қатты сыйлаған екен.

Сқақбай ағаның қолының өнері де болған. «Алматы қаласына үш айлық бухгалтерлік оқуға бара жатқанда, сол заманға лайықты етіп, киім салатын чемоданды өзі жасап алған болатын», – дейді ағаның үлкен ұлы Жаңабай. Ағайдан Жаңабай, Сиқымбай, Бақтыбай, Бақыт, Бақытбек, Дәурен атты ұлдар мен ГүлбаҺрам атты қыз қалды. Гүлбаһраммен бірге оқып, бірге өстік. Аққұба, дөңгелек жүзді аса сүйкімді қыз еді. Мінезі бірсыдырғы, тәрбиелі бала болатын. Неге екенін қайдам, анасы қызының атын атамай, «Алтынқыз» дейтін еді.

Әбдікәрімов Әбдіқайым (Қайың)ағай да нағыз есеп-қисаптың адамы болған екен. Ол даБіржан атасынан шыққан. Ұзын бойлы, еңселі келген аққұба жігіттің мінезі байсалды, аса мәдениетті жәнеісіне мықты жан еді. Ол да бар-жоғы жеті-ақ сыныпты бітірген жас жігіт, ауылдың кеңсе жұмыстарына ерте араласқан көрінеді. Көп жылдар бухгалтерияда есепші (счетовод) болып жұмыс істейді. Жұмысқа (есеп-қисапқа) өте мықты, зерек кісі «Алғабас» совхозында бас бухгалтер, ауылда бас бухгалтердің көмекшісі қызметтерін атқарады. Танабай, Амантай, Бейбіт, Өрнек, Асан, Үсен, Жандос атты ұлдары, Жанат, Жанар, Жаухар атты қыздары бар.


Серік көкем-Оспан атаның жалғыз баласы еді, кезінде ол да соғысқа алынып, бейшара қарттардың үміт оты кемігендей болған. Себебі де жоқ емес: аз ғана уақытта ауылдағы бірнеше үйге «қара қағаз» келіп үлгірген. Сондай қаралы күндердің бірінде, апамдардың айтуынша, көкемнің анасы Маймақ апа елмен бірге «әәәәәәәәәә-әу» деп жылап келе жатады екен де, сасқанынан «Серігім аман келсін!» деп жылауын үзе қояды екен. Ел басына түсіп жатқан нәубет қой, бірнеше азаматынан айырылып жатқан үйлерді көрген сорлы ана жалғызын аман келсін деп тілейді де...

Серік көкем ұзын бойлы, атжақты кісі болатын. Қыр мұрынды, аласы көбірек отты қара көздері танадай болып жалтырап тұратын қараның келбеттісі еді... Менің есімде қалғаны: қашан болмасын ат үстінде, ерте кетіп, кеш келіп жататын-ды. Өз балаларымен тел өскендіктен бе, әлде кемпір мен шалдың аңсап көріп, тоқтаған кенжесі болғандығымнан ба, көкем мені де өз балаларындай өте жақсы көріп, қатты еркелететін. Үйіне бара қалсам, тізесіне отырғызып алып, әр нәрсені айтып, мені сөйлетуге құмар болатын.


– Атың кім? – десе болды, мен:

– Атым – Алдан, жылым – тышқан, жасым – үште, – деп қақсап қоя беремін. Көкем көзінен жас аққанша күліп:

– Сенің жасың қанша жыл үште бола береді осы? – деп мені қытықтап–қытықтап қоятын. Жұқалтаң қараторы өңіне қан жүгіре күреңденіп, өткір қара көздерінен қуаныш нұры төгілетін еді сонда.

Серік көкем жайлы айтар әңгіме көп. Ол кісі 1924 жылы дүниеге келген. 10 жылдық мектепті бітірген, өте сауатты жазатын кісі болған. 1942 жылы, 18 жасында Отан соғысына аттанады да, тек 1947 жылы ғана оралады. Ол кісінің әскери билетіне үңілсек, төмендегі хронологиялық кестені көреміз:

1942 жылы 96-шы атқыштар полкінде атқыш;

1943 жылы 203-ші атқыштар полкінде атқыш;

1944 жылы 384-ші атқыштар полкінде атқыш;

1945 жылы 157-ші атқыштар дивизиясында атқыш;

1945 жылы 203-ші атқыштар дивизиясында артпулеметчик,

1946 жылы 6/6 артиллериялық полкте телефонист;

1947 жылы 1122 пушко-артиллериялық полкте топограф;

1947 жылы 5 наурызда еліне қайтарылды.

Серік көкем Германиядағы соғыс жеңіспен аяқталған соң, Жапонияға жіберіліп, онда 1947 жылға дейін болған. Көкемнің Германияны, Жапонияны жеңгені үшін, Кенисбергті алғаны үшін медальдары бар.


Соғыстың алапат ауыртпалығын көріп ысылған, жақсы-жаманды ажырата алатын, жазуға да, сөйлеуге де сауатты Серік көкем ұзақ жылдар ауылда өндіріс бригадирі, правление хатшысы, қойма меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1954жылы партия қатарына өтті. Шаруашылыққа мығым, адал, тындырымды, ұйымдастырушылық қабілеті мол Серік көкем колхоз бастығының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары да болды. Жұмысқа берілген еңбеккер, әрдайым шындықты айтатын адал азаматты колхоз басшылығы да, халық та жақсы көретін. Ол кісі колхоз малының өсуіне, ел тұрмысының, күнкөрісінің жақсаруына өте көп ықпал етті. Брезент жамылғымен жаңбыр демей, қар демей колхоз малының жайын ойлап, қысы-жазы ат үстінен түспеген есіл ер өкпе ауруына шалдығып, 1976 жылы ауыр науқастан көз жұмды.

Ақсарының келістісі, аса инабатты, үнемі күліп, жарқылдап жүретін Күләнда жеңешем осынау аяулы азаматына – әкеден қалған жалғыз тұяққа,Қалижаннан (ерте қайтыс болды) басқа Мейрамбек, Бұйрабек, Шекербек, Қанат атты ұлдар мен Ширакүл, Мереке, Жанат, Назира атты қыздар сыйлады. Иә, «орнында бар оңалар» деген осы да. Қой аузынан шөп алмайтын момын жандар – Оспан атам мен Маймақ апамның, ел-жұртына сыйлы азамат Серік көкем мен ай дидарлы Күләнда жеңешемнің артында халық қажетіне жарайтын ұл-қыздары қалды.


Ауылымыздың мал шаруашылығына сіңірген ерен еңбегі еленген шопан ағаларымызды ауыл азаматтары құрметпен еске алады. Бөзбаев Әйткеш (1909-1991) «Озат шопан» атағына ие болып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Садыханов Әуесбай (1936-1983) «Еңбек үздігі», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Колхоз орталығы Тереңөзек ауылында ашылған соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған аллеяда бұл кісілердің де бейнесі орын алған.

Мақпалбай Шалдамбаевағай ауылға оралғанда, біз 11-12 жасар балалар едік. Ұзын бойлы, кесек денелі, сымбатты келген қара торы жігіт ағасы келе салысымен ауыл ортасынан дүмбіретіп шатырлы үй сала бастағаны есімде. Ол кісінің жұбайы Бүбіажар жеңгей де көркіне мінезі сай, аса инабатты, биязы сөйлейтін сабырлы жан екен. Кезінде осынау екі бірдей сымбатты да ибалы жандардың лайықты кездесіп, отау құрғанынаауыл адамдары қызығатын еді.


Мақпалбай аға 1922 жылдың 1 мамырында дүниеге келген. Ақыртөбе орта мектебінде оқыған. «1941жылы, 7-сыныпта оқып жүрген кезім, ауылға келе жатыр едім, біреу артымнан атпен шауып келді де: «Сені ауданға, военкомат шақырып жатыр» деп, қолыма шақыру қағазын ұсынды. Луговойға военкоматқа барған маған Жамбылда Орта Азия әскери округінің 105-ші атты әскер дивизиясына баратынымды айтты. Қаладағы лесхозда екі полк дайындалды, штабы Абай көшесінде. Мен сол жерде әскери оқуды оқи бастадым», – деп есіне алады Мақпалбай аға.

Осында 10 ай оқып, қажетті білімді алған жас жігіт 1942 жылы Мәскеу әскери округінің 152-ші артиллериялық полкінде аға шолушы болады. Сол 1942 жылдан 1946 жылға дейін Оңтүстік шығыс фронтта, Қырымда 152-ші артиллериялық полктің командирі болады. Ағай 20-30 адам сиятын американдық «Судо-Беккер» машинасымен Сталинградтан Ялтаға дейін жетіп, Румыния, Болгария, Венгрия, Украина жерлерін неміс фашистерінен азат еткен де, ең соңы –Австриядан қайтқан. «Соғыстың соңғы күні әлі есімде, – дейді ағай.– Расчетымда 9 адамым бар, орудие командирімін. Бізге 1 май күні таңертең «фронтқа қарай жылжимыз» деген тапсырма берілген болатын. Кенет, қасымызға бір виллис машинасы келіп тоқтай қалды да, ішінен 3-Украина майданының командирі генерал Соколов түсе қалып, «Соғыс бітті!» деп хабарлады. Несін айтасыз, сол сәттегі қуанышта шек жоқ, бәріміз секіріп жатырмыз, бір-бірімізді құшақтап сүйіп жатырмыз». Осылайша Мақпалбай ағай 3-Украина майданынан 1946 жылдың бесінші қаңтарында, 24 жасында аман-есен туып-өскен еліне оралды. Бір ғажабы, «қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген рас екен, 5 жыл қан майданда жүрсе деМақпалбай ағай бір-ақ рет тізесінен жарықшақ алып, жараланыпты.

Отан соғысына қатысып елін, жерін жау шапқыншылығынан азат еткені үшін Мақпалбай аға «Отан соғысы», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен, «За отвагу», «За боевые заслуги», «Варшаваны азат еткені үшін», «Румынияны азат еткені үшін», «Болгарияны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталды.


Ағайын-туыстарының ендігімақсаты–соғыстан аман оралған жас жігітті аяқтандыру болды. Мақпалбайдың жақын туыстарының бірі Жұманов Әбдіқадыр оны ертіп алып, екеуі біраз ауылдарды аралап, бойжетіп отырған қыздарды көрсете бастайды (сол кездегі жігіттердің осындай «қыз көруі» болатын). Бірнеше қыздарды көріп, аса көңілі соқпаған екі жігіт Мәкеңе лайықты бойжеткенді «Восток» колхозынан табады. 17 жастағы бота көздері мөлдіреген қыр мұрынды, ат жақты аққұба қыз бірден-ақ жас жігіттің жүрегін дірр еткізді. Үлкен кісілердің құдалық алыс-берісінен соң, екі жас отауын тігіп, отбасын құрды.

Мақпалбай ағаның соғыстан кейінгі еңбек баяны өзінің туған ауылы «Көкарықта» МТФ-ның (сүт фермасы) меңгерушісі болудан басталады. 1946-1959 жылдар аралығында ағай «Қайыңды», «Жаңа тұрмыс» колхоздарында парторг, Луговой аудандық партия комитетінде инструктор, Луговой МТС-інде бухгалтер, Калинин колхозында зоотехник-парторг, Ленин атындағы колхозда колхоз бастығының мәдениет саласы бойынша орынбасары болып қызмет атқарады.


1959 жылы туған ауылына оралған Мәкең колхоздағы шаруашылықтың сан саласында (бригадир, завхоз, гидротехник, зоотехник, кадр бөлімінің бастығы) абыроймен еңбек етті. Ұлы Отан соғысының ардагері, Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, қазір 93 жастағы ақсақал зейнетте, сүйікті жары Бүбіажар жеңгеймен дүниеге әкелген жеті баланың (Бекмұрат, Бекмырза, Бексұлу, Түймекүл, Света, Эльмира, Гүлмира), немерелерінің, шөберелерінің қызығын көріп жүрген жайлары бар. Қос қария – ауылдың көркі, абыройы.

Жұманов Әбдіқадыр 1927 жылы туған. Әбдіқадыр ағаны өзінің атасы –әйгілі Таңат молданың өзі арабша оқытып, сауатын ашқан. Әкесі Жұман ақсақал да арабша, латынша сауатты кісі болған. Соның нәтижесінде Әбекең қари болған кісі. Қызмет жағына келетін болсақ, ол өз ортасының беделді азаматы болды. Ұлы Отан соғысы басталғандакөп замандастары секілді Әбекең де тілерсектен қан кешіп, жалындаған жастық шағын оқ пен оттың арасында өткізеді. Көзкөрген ағайын мына бір жайтты күле отырып еске алады. Сұрапыл соғыс бейбіт елдің берекесін кетіріп, қан майданнан бірінен соң бірі келіп жатқан қаралы хабар ел ішін дүрбелеңге салып жатқанда,Жұман ақсақалдың үйіне де жалғыз ұлы Әбдіқадырдан «өлді»деген «қара қағаз» келеді. «Жазмыштан озмыш жоқ». Жүрегі қан жылаған қария құран оқытып, баласының қырқын бергелі жатқанда, күтпеген жерден баласының өзі аман-сау келіп қалып, ағайын-туыстарын қуанышқа кенелткені, шынында да, айта қаларлық таңғажайып жағдай болған екен.


Ағай елге келген соң комсомолда, ауылы –Көкарықта әр түрлі жұмыстар атқарады. Кейін Ынтымақ колхозында (артельде) бастық болады. Сельпода, саудада қойма меңгерушісі, товаровед, сатушы болып жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған Әбдіқадыр аға ауыл ішінде әрдайым сыйлы, беделді азамат болып өтті.

Күлтай–Әбдіқадыр ағайдың жалғыз қызы ғана емес мақтанышы да еді. 1937 жылы көкорай шалғынға бөленген Көкарық ауылында дүниеге келген қыз өзге құрбы-замандастарымен бірге Ақыртөбе орта мектебін «өте жақсы» деген бағамен бітіреді. Еркін өскен, табиғатында өжет жаратылған қыз мектепті бітіре салысымен, арман қуып Алматыға жол тартады. Ол кезде ауыл қыздарының ішінде мұндай үлкен қалаға ат басын бұратындар тек жүректілері ғана деп айтсам, артық емес. Осындай санаулы қыздардың бірі де бірегейі осы Күлтай әпкем болатын.

Мектептен тиянақты білім алған Күлтай барлық емтихандарды ойдағыдай тапсырып, Алматы медицина институтына оқуға түсіп, оны балалар дәрігері мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Әпкейдің өмірі, қызмет жолы жайлы деректер іздестіргенімде, ұлы Қайрат маған анасы жайлы жазылып, газет бетінде жарияланған дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабековтың «Қазақтың бір әйелі Күлтай деген...»атты көлемді мақаласын әкеліп берді. Сіз әрі қарай кездесетін деректер осы мақаладан алынғанын айта кету керек деп есептеймін.

Жасынан адам жанының арашашысы болуды армандаған бойжеткен қыз еңбек жолын Жамбыл қаласындағы балалар ауруханасында дәрігер-педиатр болып бастайды. Осылайша Әбдіқадыр ағаның бір арманы орындалып, сүйікті қызы халық қажетіне жарайтын азамат болып өседі.


Ауруханада өткен он жылда Күлтай әпке мол тәжірибе жинап, бала денсаулығын сақтаудың қыр-сырын толық ұғынған тәжірибелі маман болып шықты. Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы Күлтайды 1971 жылы Жамбыл теміржол ауруханасына ауыстырып, ол жерде дәрігер қан құю бөлімін ұйымдастырып, оны қысқа мерзімде бір жүйеге келтірді. Жаңа саладағы жұмысы жемісті болу үшін білімін жетілдіруді мақсат еткен Күлтай Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков, Алматы қалаларына барып, көп нәрсені көңілге түйіп қайтты. Жамбылға келе сала біраз жаңалықтарды тәжірибеге батыл енгізді. Соның нәтижесінде ол ұйымдастырған қан құю бөлімі көп ұзамай облыстағы ең таңдаулы емдеу орнына айналды. Осы саладағы ең тәжірибелі маман болып есептелген Күлтай Әбдіқадырқызы 1973 жылы облыстық қан құю стансасына бас дәрігерлік қызметке тағайындалды. Ширек ғасырға жуық осы қызметті абыроймен атқарған әпкей осы жерден құрметті демалысқа шыққанымен, мекеменің аға дәрігері, кеңесшісі ретінде қызметін әрі қарай жалғастыра берді. Күлтай әпкейден кейін облыстық қан орталығын басқарған Бақберді Кезембаев ардагер-дәрігер жайлы былай деп сыр шертеді.

«Күлтай Әбдіқадырқызы өзінің адал еңбегінің, ізденімпаздығының, еңбексүйгіштігі мен жаңалыққа жанын бере атқарған қызметінің арқасында тек біздің облыста ғана емес, бүкіл республикаға аты танымал болған нағыз майталман дәрігер. Облыстағы қан құю стансаларының дамып, заман талабына сай болуына ол аянбай тер төккен, көптеген аудандарда қан құю пункттерін ұйымдастырып, оған кадр-мамандар дайындауға мұрындық болған тәжірибелі маман. Қазір де Күлтай апай бұл қызметтен шет қалып қойған жоқ,– дей келіп, дәрігер мына бір есте қаларлық жайды баяндайды.


–1991 жылы Сарысу, Талас аудандарында бұрын бұл аймақтарда тіркелмеген кене арқылы адамға жұғатын өте қатерлі ауру «Конго-Қырым қанды безгегі», яғни халық тілімен айтсақ, «көкала» ауруы етек алды. Алғашқы кезде, тәжірибенің жоқтығынан, бұл аурудан бірнеше адам көз жұмды. Кейін Мәскеу, Алматы, Ташкент қалаларынан ғалым-дәрігерлер келіп, ауру эпидемиологиясын зерттей келе, «көкала» ауруының алдын алу шаралары мен емдеу жолдары анықталып, тиісті жүйеге келтірілді. Біздің қан құю стансасында қан сарысуынан арнайы дәрі жасалып, оларды ауру жұққан адамдарға пайдаланғанымызда, сырқаттар сол қауіпті аурудан айыға бастағанын көріп, қуандық. Кейін біздің сол тәжірибеміз бүкіл КСРО-ға, яғни одақ бойынша таратылып, мүйіздері қарағайдай-қарағайдай ғалымдардың ризашылығын алдық. Сол жылдары жинақталған тәжірибелер негізінде жерлестеріміз Мәлік Әбдікәрімов, Еркін Дүрімбетов, Станислав Казаков тәрізді дәрігерлеріміз кандидаттық диссертация қорғап, отандық ғылымға біраз жаңалықтар енгізді. Сол қиын-қыстау жылдары «көкала» ауруына шалдыққан сырқат адамдарды өлім тырнағынан алып қалу мақсатында күн демей, түн демей аудан-ауданды шапқылап аралап, қан препараттарынан сарысу дайындауды ұйымдастырып, аурулардың дін-аман қалуына аянбай тер төккендердің бірі Күлтай Әбдіқадырқызы болатын. Ол кісінің бұл қызметі ерлікке пара-пар еді, – дейді Бекберді Кезембаев.

«Адамға қан құю – өте жауапты іс. Бұл жерде жіберілген абайсыздық, мүлт кеткен қателік кешірілмейді. Қан арқылы адамға 100-ге жуық ауру жұғады.Сондықтан біздің қызмет әр маманнан үлкен жауапкершілікті, адалдықты талап етеді, – деп отырады екен Күлтай әпке. –Адам бойындағы адалдық пен тазалықты ерекше жақсы көремін. Ал, өтірік айтқан, арамдық жасаған, жағымпаздық пен жылпостыққа жақын адамды суханым сүймейді.Мен бақытымды еңбектен таптым. Ал, еңбегім, қызметім – ел құрметтейтін дәрігерлік мамандығы екенін мақтаныш етемін,– деп отырады екен абзал жан.


Күлтай Әбдіқадырқызының отбасы – оның үлкен мақтанышы. Отағасы Дүйсек Жамбылов –Социалистік Еңбек Ері Құралбай Жамбыловтың ұлы, Алматыдағы зооветеринарлық институтты бітірген, мал маманы болып абыройлы қызмет атқарып өткен жігіт. Олардың бір ұл, бір қызы бар. Қыздары Римма– Алматыдағыконсерваторияны бітірген, жастарға музыкалық білім берумен шұғылданады. Ұлдары Қайрат политехникалық институтты бітірген жоғары білімді маман. Қазір Астанада, энергетика министрлігінде басшы қызмет атқарады. Күлтай әпкейдің бес немересі бар, Мөлдірі әжесінің жолын қуып, дәрігер мамандығын алмақшы.

Қазір фанилік болған білімді, білікті маманқоғамда өз орнын тапқан сыйлы дәрігер, ең бастысы, қарапайым да адамгершілігі мол азамат Күлтай Әбдіқадырқызын туыстары, дос-жарандары әрдайым сағына еске алады.


АУЫЛДЫҢ БАҒЫН АШҚАН АЗАМАТ


Бақытты адам қаласа,

Қар үстінде от жанар.

Төле би.


Таңсәріде, есік алдындағы тапшанда, үрген иттердің, сайраған құстардың, енесінен ажырағысы келмей маңыраған жас төлдердің даусымен ұйқылы-ояу жатып, аспан көгіне көз тастайтының болады. Бала қиялың көк әлемін шарлап, шарықтайды-ау сондайда! Құстар демекші, осынау сарқырап аққан өзені, көгілдір айдын көлі жоқ кішкентай ғана ауылда сайраған құс қайдан жүр дейсіз ғой? Рас. Дәл біздің ауыл суға аса бай емес-ті. Әр үй өз бақшасын таудан аққан бұлақ суымен кезектесіп суаратын. Дегенмен, ауылдың батысында, дәл біздің тәп-тәтті балалық шағымыздай, шағын елді қуанышқа кенелтіп тұратын көкпеңбек «орманымыз» болатын-ды. Бұл орман жайлы тоқталмасқа болмайды.Әсіресе есімде қалғаны – таңсәрідегі тал жақтан шыққан құстардың сан алуан сайраған үні. Таң қылаң бергеннен оянған торғайдың безілдеген шырылы, көкектің өзін-өзі шақырған маңғаз да әдемі үні, құрлардың құрылы, қайсыбір құстардың бірін-бірі қуалап сайраған сан түрлі құбылмалы дауыстары біріне-бірі дес бермей қосыла жөнелгенде, керемет бір сиқырлы дүниеге, ну орманға кезіккендей боласың. Құстардың бірінен-бірі өткен әдемі әуені құлақ құрышын қандырып, жан дүниеңді рахатқа бөлейді. Көзіңді жұм да, тыңдап жата бер! Бұрын-соңды көрмеген ертегілер еліне сүңгіп кетіп, өзіңді бейтаныс әлемде сезінесің...

Оны ауыл «Қанайыптың талы» дейтін. «Қайда барасың?» десе, «Қанайыптың талына», «Қайда тұрады?» десе, «Қанайыптың талының ар жағында» деп айтыла беретін-ді. «Талдың» бір жақ шеті жүзім егілген алаңқай еді де, ал екінші жақ шеті тұнып тұрған жеміс ағаштарына толы болатын. Жүзім ағаштарының аласа болып тарбиып өсетінін, ал, тұт жемісінің кәдімгі ағаш басындағы ақшылтым бүлдірген тәрізді болатынын көргеніміз сол. Біздің кейде, түс әлетінде үйден қашып барып жармасатынымыз да осы тұт ағашы. Тарбиып өсіп тұрған ағаштың жұп-жуан бұтағына жабысып ал да, қолың жеткен жердегі мөлдіреп пісіп тұрған тұт «бұршақтарын» теріп, ауызға ұра бер! Таңдайға салып бір басасың да, жұта бересің! Тәттілігі тіл үйіреді-ау, шіркін!

Талдың ішінде бұдан басқа жеміс ағаштары да, жай қараталдар да жеткілікті. Олар кәдімгідей арық тартылып, жүйек-жүйек болып отырғызылғандықтан жиі суарылатын болса керек, талдың іші әрдайым көкпеңбек, жабайы шөптер тұтасып өсіп, олардың арасында әр түрлі көк, қызыл, сары гүлдер жайқалып тұрады. Мен кішкентай кезімде әрдайым «ит тұмсығы өтпейтін қалық орман» деген тіркесті оқығанда, осы өзіміздің «Қанайыптың талындай шығар» деп ойлайтын едім...


Осы шағын «орманды» қолдан жасап, балдай тәтті бала ойын жеті қат аспанға шарықтатқан, қиялына қанат байлап, жүрегіне әдемі әсер құйған, өміріне нәр берген кім дейсіз ғой? Ол – менің Түрғанкүл – Тұрсын құрбымның әкесі – Қанаев Омар деген кісі. Есімі ауылдағы аталардың бірінің атына ұқсас болғасын, бүкіл бораншы әулетінің әйелдері ол кісіні өз атымен атамай (бай баласында «Қара молда» деген лақап атпен әйгілі болған Омар атты үлкен кісі болған екен), «Қанаев» деген тегін бұрмалап алып, «Қанайып» деп кетіпті.

Бұл ретте мен атақты Әлімқұл бидің немересі, бірнеше жыл Ақыртөбедегі ауылдық кеңестің төрағасы болған Нәметқазы ағамыздың жұбайы – аса зерделі, зерек жан Жібек жеңгеміздің жазбалары мен Нәмет ағайдың естеліктеріне үңілген абзал болар деп шештім.

Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары. Ауылға сол кездегі Қызыл отаудың бастығы болып Шымкент облысы, Арыс бекеті, Ленгір деген жердің тумасы Қанаев Омар деген жігіт келеді. Руы – қоңырат, үш ағайынды жігіттің ортаншысы екен. Тастан деген ағасы, Тұрғанбай деген інісі бар. Ол кісі әуелі Ақыртөбеге Сағыздың бастығы болып келді. 1927 жылы Ақыртөбедегі аурухананы, мектепті соқтырған да осы кісі деседі.


Отыздарға таянған, бірақ әлі үйленбеген жігіттің ауылға келгенде,көзі ә дегеннен-ақ Әлімқұл би атаның Смайыл атты ұлынан туған тұңғыш немересі 15 жасар Нұрпану атты қызға түседі. Бота көздері мөлдіреп тұратын, аққұба өңді бүлдіршін бойжеткенді көргенде, дәл осы қызбен ғана болашақ бақытты өміріне жол ашылардай сезінді. Кеңестің шаш етектен келетін жұмыстарынан қолы қалт ете қалса, осы мәселені қалай шешу керектігі жайлы ойлаумен болды. Қазақ қыздары, әсіресе мынадай бұғанасы қатпаған жас бала өз еркімен тұрмыс құру жайлы ойлар дейсіз бе, оның үстіне өзі бай, өзі би ата немересін әлдеқашан біреуге атастырып та қоюымүмкін ғой. Сұрастыра келе, анықталғаны: би ата расында да бұл немересін Шу өңіріндегі бір байдың ұлына бермек болып, қалың малын алып, жасауын дайындап қойған екен. Омардың қызға құда түсіп алуға шамасы жоқ, өзі – Кеңестің өкілі, қыз – байдың қызы.


Қызға ынтығы ауған жігіт бір күні осы атаның күйеу баласы Шарғын атты милиционерге қызды қалай да қызыл отауға алып келуге тапсырма береді. Шарғын би үйде жоқ кезде қыздың үйіне келіп, «Қыз қайда?» деп зіркілдеп, айғайды сала бастайды. Сол кезде біреу сасқанынан «отауда!» деп көрсетіп жібереді. Анасы Кеукердің «Қыз бесінде түйе қарап кеткен» деп шырылдағанына қарамай, ентелеп үйге кіріп келген жігіттер үйді тінтіп жүріп, төсектің астында тығылып жатқан жас қызды суырып алады. Бақыртып-шақыртып атқа отырғызып, қызыл отауға қарай тартып отырады. Би ата келе сала болған жайды естіп, дереу «Қызыл отауға» тартады. Бара салысымен отаудың есігін тоқпақтап, қиғылық салады, айғайлап шатақ шығарады. Сол кезде қызыл отаудың бастығы Омар сыртқа шығып, «Қызыңыз өз еркімен келді, нанбасаңыз, мінеки» деп, қыздың бармағы, мөр басылған заңды қағазды көрсетіпті. Қарияны ішке кіргізіп, етек-жеңі қысқа көйлек кигізіп қойған қызын көрсетеді. Мына жағдайды көрген қарттар жылап-сықтап үйлеріне қайтады. Менің жан досым, балалық шақтың бал дәмін бірге татып, құлын-тайдай бірге өскен құрбым Тұрсынның ата-анасының жұбай өмірінің басталуы осындай керемет, әдемі хикая еді.


Бұл – кеңес үкіметінің дүрілдеп, би атаның «мені қай күні ұстап әкетеді» деп өз басынан қорқып жүрген кезі. Әйтеуір, бір жақсысы, күйеу балалары Омардың арқасында, сол кезде жер аударылғалы жатқан Әлімқұл би ата, Әсіл ата, Төребек аталар қудаланбай, туған жерінде аман қалған екен.

Осылайша Омар мен Нұрпану отау құрып, он екі перзент сүйген, олардың екеуі ғана – Мәрия мен Тұрғанкүл (көпшілік «Тұрсын» деп атап кеткен) қалған. Әңгіменің басында баян етілген, құстары сайрап, мәуесі албырап пісіп түратын ауыл бағы – осы Омар азаматтың еңбегі. «Әке – балаға сыншы» деген рас-ау. Омекең көзінің тірісінде үлкен қызы Мәрияға: «Сен қанша пысық болсаң да, ошақтың үш бұтынан аспайсың, болса осы Тұрғанкүлімнен бірдеңе шығады» дейді екен. Расында да мінезі бірсыдырғы байыпты, еңбеккер жан Мәрия әпке ауылдағы Қалдыбек ағайға тұрмысқа шығып, 8 бала сүйді. Ағай да, әпке де өмірден озды, бірақ олардан алтындай балалар мен 27 немере, 20 шөбере қалды. Ал Тұрсын болса, 1965 жылы Алматыдағы медицина институтына түсіп, оны өте жақсы бітірді де, ұзақ жылдар Тараз қаласында балалар дәрігері болып қызмет істеді. Білікті маман ретінде құрмет-лауазымның иесі болды. Жары Әділбай (ертерек қайтыс болды) екеуі Дина, Бауыржан атты екі бала сүйіп, Тұрсын да қазір немере сүйді. Қазір Нұрпану апа да өмірден озған. Ешкімге жаманшылығы жоқ, әрдайым күле сөйлейтін, мейірім-қайырымы мол жан еді марқұм.


Омар аға кезінде Ақыртөбе бойынша тұрғындардың бәріне жүзім жегізді. Жүзім ағаштары туралы ол кезде ешкім білмейтін, жүзім өсіру мәселесі аудан бойынша бірінші болып біздің ауылда ғана көтеріліпті. Омар, бұл ғана емес, ауылдан жоғары, Шолаққайыңдыға қарай да 5-6 арық тартып тал екті, мақсаты – ауыл сыртында үлкен әдемі саялы бақ жасауболғанекен. Ауыл ішіндегі бақты дуалмен қоршатты. Баққа ол кезде рұқсатсыз бір адам кірмейтін. Нәмет ағаның айтуынша, Омекең бақ ішіндегі арықтарды жалғыз өзі қолмен тартқан көрінеді. Кеңес үкіметі орнап, ел шаруашылықпен айналысқан кезде де Омар аға елдің еңбек ақысына піскен жеміс-жидектерден, көкөністерден таратып беріп, халықты аштыққа ұшыратпаған көрінеді. Өзі де тұрмыс-жайға ұқыпты, ауыл ішіндегі ішіп-жемі тоқ отбасы болып саналған. Ел ішінде «Қанайып» атанған еңбекқор, ақылды, пысық жігіт осылайша жат жерге сіңісіп кетіп, аса үлкен беделге ие болған көрінеді.


1955 жылы «ішім ауырды» деп ауруханаға барады да, ертеңінде қайтыс болды.

Халықта «Ер адам артымда ізім қалсын десе үй соғуы, тал егуі және ұл өсіруі керек» деген сөз бар ғой. Омар аға – осынау ұлағатты өсиеттің барлығын да іске асырған азамат. Ол кісіден бір емес, бірнеше үй, дәл бұрынғыдай жеміс беріп тұрмаса да, өмір-бақи көгеріп, көктеп, бүгінде халықтың игілігіне жарап тұрған мәуелі бақ, ұл-қызы аралас ұрпақ қалды.


КҮЗЕТ ҚЫРАНЫ

Жақсыдан жаның жадырар,

Асылғандай еркелей.

Көтерілер көңілің

Ойнақтаған серкедей.

Өзібек ақын.


Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында Жамбыл (қазіргі Тараз) қалалық, ондағы Завод аудандық ішкі істер бөлімін басқарған милиция полковнигі Нұрәділов Қасабек елге танымал азамат болды. Мен ол кісіні бір ғана рет көргенім есімде.

1984 жылы Тараз қаласындағы Абай атындағы орта мектепті басқарып жүрген кезім. Түстен кейінгі мезгілде, күтпеген жерден, қайдан, қалай пайда болғанын білмеймін, мектептің екінші, үшінші қабаттарына қолқаңды жарған ащы түтін жайыла бастады. Қабаттардағы оқушылар көздері мен құлақтарын түтіннен қорғап, шуылдасып кетті. Тіпті, үрейленгендері сонша, кабинет терезелерінен сыртқа секіруге ұмтыла бастағандары да болды. Жыламсырап, шулаған балалардың дауысы құлақ жарады. Мұғалімдер де үрей құшағында, оқушылармен бірге қарбаласқа түсіп, әрлі-берлі сабылып жүр. Өрттен бе, әлде әдейі жасалған қастандықтан ба, білмеймін, әйтеуір бір сұмдықтың болғаны рас. Дереу өрт сөндірушілерге телефон шалдым. Сәлден соң сиреналары шуылдап, қатарынан бірнеше өрт сөндіргіш машина келіп жетті. Өрт сөндірушілер келе салысымен дереу мектеп үйінің сыртынан ұзын-ұзын сатыларын терезелерге тақап, оқушыларды бірінен соң бірін жылдамдатып жерге түсіре бастады. Бірте-бірте мектеп ішіндегі ащы түтін де сейілгендей болды. Мәселе айқындалды.Бұл «дымовая шашка» деп аталатын түтемені тұтатып, жоғары қабатқа көтерілетін екі баспалдаққа лақтырып жіберген бұзақы балалардың тірлігі екен. Әйтеуір, әбүйір болғанда, балалардың денсаулығына зақым келмей, осынау дүрбелең тез аяқталды.


Ендігі уайым – мектептегі тәрбие жұмысы мәселесінің аудандық, қалалық оқу бөлімдерінде даурыға талқыланатыны болды. Ал ақпарат аудандық ішкі істер бөліміне барады. Ол кезде басшының көбі орыс ұлтынан, аяушылық күте алмайсың. Әлдекімдердің ақылымен мен Завод аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Нұраділов Қасабек мырзаға бардым.

Кең кабинеттің төрінде отырған зор денелі, милиция полковнигі шеніндегі кісіге таянғанша тілерсегім дірілдеп, үрейден үрей қалмады. «Неге келдім, өзім кінәлі бола тұрып бұл бейтаныс кісіден қандай көмек сұрамақпын?!»

– Келіңіз, отырыңыз!

Бастық маған алдындағы тұмсықша үстелді нұсқады. Мен жалтақтай қараған қалпымда орындыққа батылсыздау жайғастым. Дегенмен,алпысқа таянған аққұба өңді ел ағасының жүзінен сабырлылық байқалғандай болды да, өзімді-өзім біраз қолыма алуға тырыстым. Қалай болғанда да мен де бір мекеменің басшысымын ғой...

– Ағай...

Күмілжіңкіреп отырып болған жайды баяндадым. Сосын «Айран сұрап келіп, шелегіңді жасырма» дегендей, түпкі ойымның да шетін шығардым.

– Мен Көкарықтың қызы едім... бектеміс...

Алдымда отырған кісі аздап қозғалақтағандай болды.

– Кімнің қызысыз?

– Әлтай деген кісінің...

– Әкеңіз бар ма?

– Жоқ...

– Қанша жыл болды мектеп басқарғаныңызға?

– Биыл екінші жыл...

Ағай аз үнсіздіктен соң:

–Жарайды, қарындасым, бара беріңіз. Еңбегіңіз жемісті болсын, – деді де орнынан тұрып, маған қолын ұсынды. Осындай үлкен кісінің әңгімені қысқа қайырып қана қоймай, ілтифат жасап тұрғанына қатты риза болдым. Қолымды беріп қоштасып тұрып, ағайдың кең маңдайлы аққұба өңіне тағы бір рет анықтап көз салдым: өңі аса мейірімді, жүзі жылы жан екен.

Менің мектебімде болған төтенше жағдай туралы еш жерде әңгіме көтерілмеді...

Қасабек ағайдың тегіне келетін болсақ, біз Шіркейден (Ханкелді баласы) тарасақ, ол кісі Шірікбайдан тарайды екен. Мүсір атадан Кембай, Кембайдан Талқанбай, Қожабек, Жұмабек; Талқанбайдан Мәмеш, Ағәділ, Нұрәділ; Қожабайдан Сыдық, Қасен, Рахман; Нұрәділден Қасабек (Қонысбай,Сәрсенбек атты екі бауыры болған екен, бірақ олар хабарсыз кетіпті). Осы аталғандардың ішінде Қожабектің Қасені ел ішінде белсенділік танытып, біраз қызметтер атқарса керек. Ынтымақта қолхоз ұйымдасқанда, сонда бастық болыпты, кейін сельпода қызмет істепті. 1929 жылы туған, кішкентайынан жетім өскен бала Қасабек осы Қасен ағасының тәрбиесінде болады, сол кісінің қамқорлығының арқасында аяғына тұрады.


Тойған қозыдай топ-томпақ, момақан, сонысымен де аса сүйкімді Қасекең жас кезінде кітапты көп оқитын зерек бала болса керек. Ауылда оны білетін, көрген ағайын-туыстар «әй, осы баладан түбі бірдеңе шығады құдай қаласа» деп үміттенген көрінеді.

Ел тұрмысының ауыр кезеңі. Қасекең еңбекке ерте араласады. 1947 жылы, он сегіз жасында Луговойда, темір жолда стрелочник болып еңбек жолын бастайды. Сол 18 жасында болашақ жары Әминамен танысып, отбасын құрады.1949 жылы талапты бала жігіт Аягөз, Түркістанның, одан кейін Самарқанның техникалық мектептерін бітіріп, техникалық мамандықты меңгереді. Оқу бітіріп келген соң, ол Үшбұлақта, Луговойдың НОД-5 стансасында станса бастығының көмекшісі болып жұмыс істейді.

Темір жол жүйесіндегі жұмыс барысында қатаң тәртіп талап етуге дағдыланған Қасабек 1955 жылы Луговой аудандық милиция бөлімінде учаскелік милиционер болып қызмет істей бастайды. Жұмыс барысында қоғамдық орындарда қатаң тәртіп орнату мен оны талап етуді еркін меңгереді. Қасекең көп ұзамай ССРО ІІМ-нің орта арнаулы мектебіне оқуға жіберіліп, онда екі жыл оқып, білім алады. 1958 жылы Талас аудандық атқару комитетінің милиция бөлімінде тергеуші болады, содан соң ол Талас, Шолақтау аудандық, Жамбыл облыстық атқару комитеттерінің тергеу бөлімдерінде оперативтік өкіл қызметін істейді.

1963-1966 жылдары Шу аудандық, Жамбыл облыстық ішкі істер басқармалары бастықтарының орынбасары, ал 1966 жылдан бастап 1974 жылға дейін Жамбыл облысы Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, 1974-1976 жылдары Жамбыл облыстық Ішкі істер басқармасында бөлім бастығы, ал 1978–1985 жылдар арасында Жамбыл қаласы Завод аудандық ішкі істер бөлімін басқарады.

Қасабектің қолында қызмет істеген Нұрсовет Қасеновтың айтуынша, ол кісінің Қазақстан бойынша бірінші рет ДНД-ны (Ерікті халықтық жасақтар) ойлап тауып, әрбір еңбек ұжымын белгіленген кесте бойынша кешке (түнде) болатын кезекшіліке тартады. Әрбір ұжымның міндетті түрде өзіне міндеттелген территориясы болады да, ұжым сол территорияға жауапты болып есептеледі. Ішкі істер бөліміндегі журналға кезекшіліктің қорытындысы міндетті түрде жазылып тұратын болады. Қасекеңнің бұл идеясы (ДНД) республика бойынша қолдау тапты. Бұл идеяны тіпті Мәскеу де қолдайды. 1970 жылғы Мәскеуде өткен Олимпиада кезінде де осы бастама көп нәтиже береді.


«Ол кісі өкімет жұмысына шын берілген азамат еді,– дейді Қасекеңмен жиі араласып тұрған Адайбек аға. –Тік жүріп, тік тұратын, ешкімге жаманшылығы жоқ, әлдекімнің ісі түсіп, бір сұраныспен алдына бара қалса, ешқашан меселін қайтармайтын. Біз Қасекеңнің отбасымен көп араластық. Менің жұбайым Меруерт марқұм өте көпшіл, бауырмал жан еді. Қасекеңді «аға», әйелі Әминаны «жеңге» деп, әрдайым құрмет тұтатын да, ол кісілер үнемі құрметті қонағымыз болатын. Артық-ауыс сөзі, әрекеті жоқ сабырлы Қасекең балаларына да жақсы білім әперді, олар да адамгершіліктері жоғары, сәлемі түзу, қазақи алыс-берісті жақсы білетін қонақжай жандар болып өсті».

Қасекең адал, үлкен жауапкершілікті қызметкер ғана емес, абзал әке де. Ол кісі Раиса, Роза, Ұлпан, Қалиман атты қыздары және Бақытжан атты ұлының жоғары білім алып, өмірден өз орындарын табуларына көп ықпал етті. Оларды үйлендірді, қызық-қуаныштарына ортақтасты. Бұл тұрғыда да Адайбек аға өз пікірін ортаға салды. «Қасекеңнің Қызылордада бір қызы бар, аты – Ұлпан. Өзі Ұлпан десе, Ұлпан, өте жақсы бала. Өзі де бір жақсы жерге барды. Қайын атасы да (Елеу Көшербаев), қайнағасы да, өзінің күйеуі де үлкен қызметтегі адамдар. Бірақ сондай кішіпейіл, жақсы жандар. Ұлпанның әпкесі Рая қайтыс болғанда, барлығы келіп, бата қылып кетті. Табақтас болдық. Ұлпанның өзі келіп, туған-туысқандарын, жегжат-жұрат, таныстарын жинап, ата-анасына, бақилық болған әпкесіне құран оқытып, үлкен сауапты іс жасап кетті».

Расында да Қасекең құдаларымен қоян-қолтық араласып, нағыз туысқандардай ынтымақта өмір кешкен екен. Әсіресе Қызылордадағы ұзақ жылдар үкімет пен партия қызметтерінде болған Елеу Көшербаевпен құда ғана емес, нағыз сырлас достардай болған еді.

«Жақсыдан жақсы қалса бір ғанибет». Қасекеңнің үлкен қызы Раиса Трансагентствода, одан кейін Тараз мемлекеттік университетінде әкімшілік қызметте жұмыс істеген. Өмірден ертерек озды, артында Қайрат, Ләйлім, Талғат атты балалары қалды. Екінші қызы Роза Жамбылдағы Теріні алғашқы өңдеу фабрикасында жұмыс істеп, алғашқы партия ұйымының хатшысы деңгейіне дейін көтерілді. Оның да Тахмина, Зарина, Сания атты үш бірдей бойжеткен қыздары бар. Ұлпан болса, медицина институтын қызыл дипломмен тәмамдаған, фармацевт. Оның жұбайы Айтбай Көшербаев - Қызылорда облысына белгілі тұлға, Қызылорда қаласының әкімі, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір Қызылордадағы мұнай компаниясы бас директорының орынбасары қызметін атқарады. Ұлжан, Ақмарал, Досбол, Айборан, Рысалды атты ұл-қыздарды тәрбиелеп отыр.

Қасекеңнің жалғыз ұлы Бақытжан темірге жан салатын механик. Әлия, Ботагөз деген қыздары бар. Қасекеңнің ең кіші қызы Қалиман жоғары білімді педагог, әке-шешенің қара шаңырағында отыр. Ұлы Нұржан мемлекеттік қызметте.


Қасекеңнің ағасы Нұрадилов Қонысбай Ұлы Отан соғысына кеткен, хабарсыз. Оның туған жері Ақыртөбеде соғыс ардагерлерін еске алу тақтасында есімі жазулы. Інісі Қасенов Нұрсовет ҚазМУ-ді бітірген, ұзақ жылдар (35 жыл) Жамбыл зооветеринарлық-малдәрігерлік техникумында студенттер тәрбиелеп, соңғы жылдарда Тараз қаласындағы Әулиеата университетінде дәріс оқыды. Қазір зейнетте, бірақ қоғамдық жұмыстармен айналысады.

Қасекеңнің жүрген жерінде кездескен адамдардың көңіл күйін көтеріп, күлдіріп жүретін әдеті болатын-ды. Қолынан келгенше төңірегіндегілерге, жетім-жесірлерге қамқорлық жасайтын. Атақты композитор Шәмші Қалдаяқовты да Таразға келген сайын орналастырып, оған өзінің бауырындай шынайы қамқорлық жасайтын. Денсаулығына да мән беретін. Жұмысындағы жас жігіттердің білімін көтеріп, біліктілігін арттыруды да назардан тыс қалдырмаған. Мысалы, қарамағындағы жай қызметкер Бектұрғанов Оразды тәрбиелеп, Жуалы аудандық ІІБ-нің басшысына дейін, кейінірек Тараз қаласындағы Орталық аудандық ІІБ-нің басшысына дейін өсірді.

Халқына қалтқысыз қызмет еткен абзал азамат, милиция полковнигі Қасабек аға Нұрадилов 2009 жылы ауыр науқастан дүние салды. Парасаты мен пайымын, білімі мен тәжірибесінқоғам мен халқының қажеті үшін сарқа жұмсағанардақты азамат тыныштық пен бейбіт өмірдің күзет қыраны ретінде өскелең ұрпақтың есінде мәңгі қалары сөзсіз.


ХАЛҚЫНЫҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН


Ежелден ел тілегі –ер тілегі,

Адал ұл ер боп туса – ел тірегі.

Б. Момышұлы.


Ескі ауыл ағаларынан бүгінде көзі тірілері аз ғана. Солардың бірі – Әлімқұлов Нәмет Садуақасұлы. Біз келгенде Нәмет ағайдың малын жайғап, үйге жаңа кірген сәті екен. Жаздың ыстығы қайтыңқырап, ауыл адамдары үлкен үйге жапсарлатып салынатын, бұрынғыша айтқанда, «веранда» деп аталатын бөлмеге көшкен сәт. Ағайдың келіні, томпақша келген аққұба келіншек бізді осы верандаға бастап кірді. Төрде отырған Нәмет ағай орнынан тұрып, алыстан келген бізге ілтипат көрсетіп амандық сұрасты. Баяғы сабырлы қалпы. Қалай болғанда да ұзақ жылдар үстел басында отырып, ел басқарып қалған әдеті байқалады. Басқа қарттардай елпілдеп, сұрақтың астына алған жоқ, әліптің артын бағып отыр. Сексеннің сеңгіріне бет алған қария әлі де қағілез, жұқалтаң. Жанары ғана көгілдір тартып, келіп қалған кәріліктің белгісін танытқандай.

– Мен бес жасымнан жұмыс істедім, –деп күліп бастады ағайәңгімесін. Ауылда бидай егіледі. Пісіп, орылған бидайды орғанын орғанша қырманға әкеліп, шашыратып шашып тастайды. Оны шашатын ауылдың шалдары – Күдері, Шалдамбай, Шығамбай, Әлтайлар. Сосын аттарға 2 аттық, 1 аттық дөңгелек тастарды сүйреттіріп, орылып, шашылған бидай сабақтарын бастыртады. Біз, 5 бала, әлгі тас сүйреткен аттарға мініп, қатар жүріп отырамыз да, бидайды бастырамыз.

Сүрілген бидайдың масақтарын шалдар суырып, дәндерінен ажыратады. Масақтан тазартылған бидайды үлкен, 1 жарым центнерлік қазақы қаптарға салады. 4 қаптан түйеге артып, Ақыртөбедегі заготзерноға жібереді. Біздің колхозда 120 түйе болған, мұндай түйе басқа колхоздарда болмаған кез. Ол кезде түйе, өгіз деген жарықтықтар шаруашылықтың нағыз көзі дерлік еді ғой, олармен бидай да тасиды, қой да бағады.

Бертін келе ержетіңкіреп қалған балалар шөп жинауға атсалыстық.

Ағай сүт қатқан қою шайды сораптай ішіп отырып, балалық, жастық шақтың естеліктерін, ауыл өмірі жайлы сағынышпен осылайша, ретімен еске алып, әңгімелей берді.

Ағай сол кездегі өзі құралпы қыз–жігіттермен: Жексенқұл, Күліш, Қайынжал, Әжімнің қызы Мейіркүл, Қарманның қызы Пиян, Орманның қызы Алтынкүл, Сейталының қызы Захан – барлығы 1945 жылы мектепке барып, білім ордасының есігін бірге ашқан көрінеді. Кейбір балалар оқуды тастап қойып, қайсыбір қыздар күйеуге шығып кетіп дегендей, олардың қатарлары жыл сайын сирей береді. Ал Нәмет ағай 1955 жылы Ақыртөбе орта мектебін жақсы бітіріп шығады.

Оқуға түсу қиын заман, оның да көзін табу керек. Жасынан ауыл жұмысына етене жақын болған ағай бірден еңбекке араласып кетеді. Сол жылы ауданмен келісіп, Шолаққайыңдының кітапханасынан біраз кітаптар әкеледі де, ауылда кітапхана ашады. Бұл шағын ауыл үшін үлкен жаңалық болады. Ауылдың кітап оқуға құмар балалары осы жерден аз да болса, кітап алып, оқи бастайды. 2-3 айдан соң Нәмет ағайды сауаты бар жігіт ретінде өндіріс бригадасының есепшісі етіп қояды. Ол кезде ауылдың бригадирі Шынжарбеков Дәулетқұл болған екен.

Кейінірек Ақыртөбедегі сельпоға ученик болып орналасады да, 4 айдан соң сол кездегі «30 жылдық Қазақстан» колхозына кассир болып ауысады. Бұл 1957 жыл еді. «Мынау менің сол алғашқы кассир болған кездегі ұстаған сумкам» деп ағай тозығы жеткен, қазір ескі құжаттарды сақтап жүрген көне сөмкесін көрсетіп, бір күліп алды. Ағайдың айтуынша, ол кезде колхозды Парманов Сәлімбай деген азамат ұзақ жыл басқарған көрінеді.

1958 жылы біздің ауылымыз «Жамбыл атындағы» болып қайта құрылған колхоздың құрамына кіреді де, ағай енді сол колхозға кассир болып ауысады. Қызметіне адал, мінезі байсалды, оқымаса да, іс көзін біліп қалған жігітті колхоздағы Тексеру комиссиясының бастығы етіп тағайындайды. Көп ұзамай ағай Тереңөзек ауылдық кеңесінің хатшысы болады (ол кезде ауылдық кеңестің төрайымы өз ісінің білгірі Исаева Бүбішира еді).

Ұзақ жылдар түрлі қызметте істеп ысылған, тәжірибе жинаған Нәмет ағайды колхоз басшылығы 1962 жылы Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының агрономиялық факультетіне сырттан оқуға жібереді де, ағай оны ойдағыдай бітіріп шығады.

1962 жылдан бастап сол кезде «Свердлов ауданы» болып өзгерген ауданның Тереңөзек ауылдық кеңесінің төрағасы болады. Ал, 1967 жылдан Ақыртөбе ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызметін атқарады. Бұл ауылдық кеңеске Ақыртөбе, «Алғабас» совхоздары қарайтын еді.

1969 жылы аудан әкімшілігі ағайға, ұзақ жылғы еңбегін ескеріп, қызметте пайдалану үшін «Орал» мотоциклін, ал 1970 жылы «Москвич» жеңіл автомашинасын береді. Осы жылдары ағайдың халыққа көрсеткен қызметі қыруар десе де болғандай. Ағайдың өз сөзімен айтсақ:

«1) 1968-69 жылдары 50-ге жуық адамның зейнетке шығуына көмектестім. Аудандық атқару комитетінің есебінен Ақыртөбедегі отызға таяу жесір әйелге зейнетақы әпердім;

2) Ақыртөбеде электр жарығы келмеген-ді (жарықты СПТУ-дан мотормен селоның төменгі жағы ғана алатын). Облыстық атқару комитеті бастығының орынбасары Жұрмағамбетов, Тоқтамысовтардың тікелей қолдауымен Ақыртөбеге 1 ай ішінде жарық орнаттым;

3) Ақыртөбе орта мектебінен үлкен асфальт жолға дейін тас жол салдыртып, халықтың үлкен жолға қиналмай шығуына жағдай жасадым;

4) 1969 жылы селода қатты сел жүрді. Ақыртөбенің төменгі жағы селден қирап, құлады. Мектеп, СПТУ бәрі судың астында қалды.Хал мүшкіл. Дереу комиссия құрып, шығынды тексердік. Қыруар ақша болды. Қирандыларды тегістеп, орнына жаңа жол, көше салдық. Тағы да облысқа шығып, болған жайды баяндадым, халыққа шұғыл көмек керек екенін айттым. Жұрмағамбетовтің тікелей басшылығымен темір жолдың астындағы мал базардың орнына орта мектеп салынды. Ол 1971-72 оқу жылында берілді,мектептің ашылу салтанатына қатысып, лентасын аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы Шолтырова Нұрсұлу екеуіміз қидық.

6) Сельпоның жанындағы ескі көпір әлсін-әлсін құлап, тұрғын халықты үнемі әбігерге салатын еді. Сол көпірді жөндеп, қалпына келтірдік».

Әрдайым қызметіне үлкен жауапкершілікпен, өзіндік жаңашыл көзқараспен қараған Нәмет аға ешқашан бойкүйезділікке, немқұрайдылыққа, әділетсіздікке төзе алмаған, кемшіліктерді лезде түзеп тастамай, жаны тынбайтын.

Ауыл тірлігінің ыстығы мен суығынбірдей көріп, қандай да бір қиын кезеңдерде елінің аманатын арқалаған атпал азамат ұзақ жылдар партия, кеңес жұмыстарында жүрді. Ысылған, еңбегі еленген Нәмет ағайдың бұдан кейін ауыл, колхоз тіршілігіне де қосқан үлесі зор болды. Сауатты, тәжірибелі маман 1976 жылы Көкарық, Шолаққайыңды өндіріс бригадаларының бригадирі бола жүріп, ауыл азаматтарының шаруашылық жұмыстарын дөңгелетіп әкетуіне мұрындық болды. Ол кезде колхозды іскер азамат Еркінбеков Қанатбай басқарған еді. Қанатбай осы қызметте 11-13 жыл отырған болатын.

1980-85 жылдары Нәмет аға құрылыс заттарының қойма меңгерушісі, 1986 жылы қайтадан өндіріс бригадирі (колхоз бастығы Өскенбаев Амангелді), 1990 жылы автокөлік диспетчері, 1992 жылы өндіріс бригадирі қызметтерін абыроймен атқарып, 1996 жылы зейнетке шықты.

«Жылқыда да жылқы бар, қазанаты бір бөлек, жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» деген еді Шәкәрім. Бүгінде сексенді алқымдап қалған ауыл ағасы Нәмет Әлімқұлов өзінің осынау саналы ғұмырын туған жерін түлетіп, туған халқына жақсылық дасауға арнаған жан. Ол әрдайым аталас туыстарына, жастарға ақыл-кеңесін беруден аянбады, сонысымен де құрметті. Қариядан тараған ұрпақтары да: Ибадулла, Ғабдулла, Талғат, Санат, Нұрлан, Нұркен, Нұржан сынды ұлдары мен Гүлзира, Биғайша, Забира атты қыздары өмірдің сан саласында қызмет етуде.


БІЛІМНІҢ АЛҒАН ҚАМАЛЫН


Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым,

ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа

нәрселермен оздым демектің бәрі де ақымақшылық.

Абай.


Ауыл азаматтары жайлы сөз еткенде Хангелдіден тараған Шірікбай атасының баласы, ауылдан алғаш рет білім қуып, алысқа сапар шеккен, жастайынан армандаған мамандығына қолы жетіп, халқына адал қызмет еткен Ермек Есбатыровты айтпай кете алмайсыз. Ауылдағы Есбатыр ақсақал шаруаға қағілез, еті тірі пысық жан болған. Жасынан мал бағуды кәсіп еткен қария, сонау ауыл Бірлеспен бірігіп тұрған кездің өзінен-ақ колхоздың сиырын баққан екен. Қыста сиыр базда, жазда ауылда тұратын болған. Бір үйлі жанды осы малдың арқасында ақтан арылтпай, асырап-баққан Есбатыр мен оның әйелі Зәуре еді.

Есбатырдың қолында жүріп өскен қайнысы – Зәуренің інісі – қоралас Әбдікәрім (Шудың жігіті) оның қарындасы Жұмакүлмен отбасын құрады да, олардан Ермек, Сәрсен атты бір ұл, бір қыз туады. Есбатыр Зәуре бала көтермеген соң, 1936 жылы 28 желтоқсанда дүниеге келген Жұмакүлдің ұлын бауырына басып, атын да өздеріне ерме болсын деген оймен Ермек деп қойды. Бірақ Есбатыр ақсақал кейінірек Күлсараға үйленіп, одан Таласкүл, Ерболған, Әлібек, Бибек, Шәйбек, Жәнібек атты балалар өмірге келеді. Жұмакүлдің балалары да, Күлсараның балалары да Зәурені «апа» деп, сол кісінің тәрбиесінде өседі. Әрдайым малда болған, үйінен ас-ауқаты үзілмеген Есбатыр әкесі мен Зәуре апаларының арқасында екі үйлі жан ештеңеден таршылық көрмейді.

Қазір Есбатыр атаның отбасындағылар – ол кісінің жас балалары, немерелері. Ермек ағаның балалық шағы жайлы айтары шамалы болғандықтан, маған атаның немересі, көненің көзі, Алматыда тұратын, жетпісті алқымдап қалған Сәрсенмен сөйлесуге тура келді. Ендігі әңгіме сол кісінің сөзінің жүйесімен өрбиді.

Есбатырдың тұңғышы болып келетін Ермек өте алғыр, пысық бала болып өседі. Мектепте Жалал, Нәмет, Анарбек ағайлармен, Күлтай, Күліш әпкелермен бірге оқиды. Ол кезде Ақыртөбе орта мектебінің жанында малшылардың балаларына арналған интернат жұмыс істейтін. «Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы» деген екен кезінде ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов. Есбатыр ата ауылға келген сайын баласының жай-жағдайын білу үшін мектепке келіп тұрады. Ермектің мұғалімдері мен тәрбиешілеріне жолығып, баласының оқу үлгірімін, тәртібін сұрап, жақсы сөз естісе, төбесі көкке жеткендей қуанып қайтатын еді қария. Жастайынан оқуға зерек, алғыр, әсіресе математикаға жүйрік жас өскін Ақыртөбе орта мектебін 1954 жылы үздік бітіреді.

Мектеп бітірген соң албырт жас өз болашағын ойлай бастайды. Баланың ендігі ойы – қалайда институтқа оқуға түсіп, жоғары білім алу болады. Бірақ қайда, қалай – әзірге ол жағы мүлдем белгісіз. Осы кезде газет беттерінде жастарды жаппай тыңға жұмысқа шақырған хабарландырулар жариялана бастайды. Жасынан алғыр Ермек екі-ақ күнде жүргізушінің куәлігін алып, болашағын өз бетінше қамдамақ оймен, ата-бабасы көрмеген Арқаға – тың жерді көтеруге аттанады.

Техника тілін тез-ақ меңгеріп алған ол (туған әкесі Әбдікәрім осы мамандықтың шебері еді) тың жерге келген соң, басқа қара жұмыстармен қатар, машинамен бидай да тасиды. Өзіне тапсырылған жұмыстарды аса абыроймен әрі тыңғылықты орындайтын Ермек, әрдайым өз қатарларынан оқ бойы алда жүреді.

Жігіттің талабы мен талантын аңғарған ересек жолдастары оған Мәскеуге оқуға түсуге кеңес береді. Үш ай жұмыс істеп, біраз қаражат жинаған соң, 1957 жылы ата-бабасы көрмеген Мәскеуге жол тартады. Бірнеше күн жүріп отырып, сол кездегі Отанымыздың жүрегі – Мәскеуге де жетеді. Осы жерде бір адам сенгісіз қызық жайға тап болады. Бүкіл құжаттары мен киім-кешектерін салған тор көз сеткасын электричкада ұмытып тастап кетеді. Жерге түсе сала есіне түскен Ермек жан ұшыра жүгіріп отырып сол электричкаға қайта мінсе, құдай оңлап, сеткасы сол қалған жерінде жатқан көрінеді. Бала жерден жеті қоян тапқандай жүрегі жарыла қуанады. Енді қайтсін? Бар байлығы, үміті осы жіп сеткада емес пе?!

Сұрастырып отырып, Ермек емтихан тапсыратын жерге келсе, құжат тапсыруға кешігіп қалыпты, емтихан да өтіп кетіпті. Баланың сабылып жер түбінен келген еңбегінің заяға кеткеніне қатты қынжылғанын байқаған мұғалім оны бір кабинетке шақырып кіргізіп: «Достым, сен мына есептерді шығарып берші!», – деп оған математикадан, физикадан, геометриядан бірнеше есептер береді. Орысша сөзге шорқақтау Ермек тақта бетін толтырып, әлгі есептерді түгел шығарып береді. Мұғалім оған: «Сен мына мекен-жайдағы жатақханаға бар да, демал, ертең кел» деп жібереді.

Келесі күні ол орыс тілінен диктант жазып, одан да жақсы баға алады. Сөйтіп, «Талапты ерге нұр жауар» демекші, барлық емтихандарды ойдағыдай тапсырған Ермек оқуға қабылданып, Молотов атындағы «Ауыл шаруашылығын механизациялау мен электрлендіру» (МИМЭСХ) институтының студенті болып шыға келеді.

«Алдымен досыңды көрсет, сенің қандай екеніңді айтып берейін» деп аңыздағы қария айтпақшы, туған жерден алыста жүрген Ермекке жақсы жігіттер кездесті. Сәрсеннің айтуынша, олар – қызылордадық Самат, тереңөзектік Тимур Шаймерденов, Арғын деген жігіттер еді. Ауылға каникулға бір келгенде, Есбатыр ата Тимурды мал сойып күтіп, Ермек екеуін қияметтік дос қылады. Ертедегі қазақтың осы салты елдестіріп, достастырудың бір жақсы жолы еді ғой.

Институтты үздік тәмамдаған жігіт 1960 жылы Алматыға жолдама алып келеді де, автожөндеу зауытына әуелі токарь, кейінірек инженер-мастер болып орналасады. Зауыт директоры Баубеков Елтай Өтебаевич үздік дипломы мен қарымы ұнаған Ермектің жаңа қызметін меңгеріп кетуіне көп қолдау көрсетеді. 1-2 жылдан соң Ермек Октябрь ауданындағы 10-шы автобазаға бас инженер болып ауысады. Осы жерде, Алла сәтін салып, ЖенПИ-дің биология фаультетінде оқитын Қызданмен қайта кездесіп, табысады.

Қыздаркүл – ауылдағы Момынтай Мұсаев деген кісінің қызы. Ермектің ата-анасы мен Момынтайдың отбасы кезінде жақсы араласқан достар болған. Олар балаларын, Ермек пен Қыздаркүлді, екі жастарында-ақ атастырып, өздерінің қимас достығын мың жылдық құдалықпен жалғастырмақ болған көрінеді. Бұл әңгімеден хабардар болған мектептес достары екі жас мектепте оқып жүрген кездің өзінде-ақ, оларды жұптап, барлық жерге «Ермек+Қыздан» деп жазып тастайды екен. Қыздаркүл бұл кезде Ақыртөбедегі Қали деген туыстарының үйінде жатып оқыған. Екеуін достарының бұл әрекеті шамдандырса да, олар іштей бұл әрекетке қарсы да болмаған сияқты. «Жігітті ел мақтаған қыз жақтаған» дегендей, мектептегі ең алдыңғы қатардағы үздік әрі тәртіпті оқушы болған Ермектің қызға ұнамай қалуы мүмкін емес те еді.

Ермектің Мәскеуде оқып жүргенде де кейде Алматыға тіке тартып, оқуға түскен Қызданға жолығуға ұшақпен ұшып келіп тұрған кездері болған. Осы жерде Сәрсен бір естіген қызық жайтты айтып, күліп алды. Ермек бір келгенде ЖенПИ-дің студенттерін Красногор деген жерге практикаға жіберіпті. Ермек ат сабылтып іздеп келсе, қыз кездесуге шықпай қояды. Әрі шақырады, бері шақырады, көнбейді. Енді Алматыға қайтайын десе, автобус кетіп қалған. Барып қона кететін үй жоқ. Сосын Ермек қыздар тұрған жатақхананың жанындағы үлкен бір ағаштың үстіне жайғасып, таң атқанша сонда ұйықтап шығады. Таңертең мұны бірінші көрген Қызданмен бір института оқитын Шәркүл Айтжанованың (ол бізге жиен болып келеді) дос қызына қатты ренжіген екен.

Қалай болғанда да екі жас тіл табысып, отау құрады. Ермек келіншегін ауылға әкеліп, Есбатыр ақсақал бір басы екеу болған ұлына есіктің алдына ұлан-асыр той жасайды. Ермектің жұбайы Қыздан мінезге бай, ата-ананың ұлағатты тәрбиесін жасынан бойына сіңіріп өскен сабырлы, парасатты жан болып кездеседі. Қыздан, сонымен қатар жоғары білімді маман, білікті педагог, техникумда, институтта оқытушылық қызмет атқарды. Ол Ермектің анасы мен қарындасын өзінің туған анасы мен сіңлісіндей көріп, құрметтейді. Ауылдағы Есбатыр атаның үйіне де жақсы сіңісіп кетеді. Алғаш көрген ұлы Талғатты да осы Ақыртөбеде дүниеге әкеліп, Сатанның әйелі өзбек қызы Әнуар нәрестенің кіндігін кеседі.

Қазақ шіркін аса мейірімді, пейілі кең халық қой. Есбатыр ата мен Зәуре апа малда, ауылдағы үйде атаның анасы Әлиман апа (ауыл ол кісіні «Дәу апа» деп атайтын), Әбдікәрім әйелі Жұмакүл, қызы Сәрсенмен, Есбатыр атаның жесір қалған келіні Бәти – барлығы бірге тұрып жатады. Тіпті туыстары Қойшыбай, Тұралының балалары да осы үйден тамақтана беретін болған. «Бізді адам қатарына қосқан Есбатыр көкем, Зәуре апам, Тұрдахмет тәтем болды ғой», – деп Сәрсен өткен күндерді сағына есіне алады. Тұрдахмет – Есбатыр атаның кенже інісі болған.

Есбатыр атаның күйеу баласы Әбдікәрім 1940–1946 жылдары Ұлы Отан соғысының қанды қырғынынан еліне аман-есен оралады. Алайда ол атаның жесір келіні Бәтимен жасырын көңіл қосып, оны оны қазіргі Фурмановкаға, туысқандарына алып қашып әкеледі. Бұл 1950 жыл еді. Әлиман әже бала-шағасын тастап кеткен немере күйеу баласы Әбдікәрімге қатты наразы болып, теріс батасын берген деседі. Содан ба, кім білсін, әйтеуір, Бәти бала көтермей қалып, бұрынғы күйеуінен туған Тұрсынкүл деген қызынан басқа баласы болмайды. Тұрсынкүл қазір Пахтаралда (Мырзакент) тұрады, Ермектің отбасымен араласып тұрады.

Жақсы қызметі бар, үйлі-жайлы болған Ермек 1961 жылы ауылдағы ата-анасын Алматыға көшіріп алмақшы болады. Бірақ жасынан ауыл тұрмысына бауыр басқан Есбатыр ата мен Зәуре апа туған жерін қимайды. Олар Ермекке баталарын беріп: «Қарағым, біз ризамыз. Өс, өркенде. Біз қартайғанда туған жерімізден кете алмаймыз ғой, Алматыға Жұмакүл мен қарындасың Сәрсенді әкете бер», – дейді.

Алматыға келген соң зауыт Ермекке екі бөлмелі үй береді. Ермек енді анасы мен қарындасын қолына көшіріп алып, перзенттік парызын өтей бастайды. Зәуре апаның інісі Әбдікерім Ермек үшін туған әкесі емес, нағашысыболып қалған еді. Мәскеуде оқып жүргенде де оған барып тұрған Ермек Алматыға келген соң, ол кісімен қарым-қатынасын үзбейді. «Әбеке» деп әрдайым құрметтеп отырады.

«Бәти апа өте мейірімді кісі еді, – дейді Ермектің қызы Нәзира. – Мектепте оқып жүргенде каникул сайын Көкарыққа, Есбатыр атаның үйіне қалай барсақ, Шуға, Бәти апаларға да солай барып тұратынбыз. Өз үйіміздегідей асыр салып ойнап, арқа-жарқа болатынбыз. Бір үйде тұрғанда да Бәти апа мен Жұмакүл апаның арасында ешқандай реніш болмайтын еді. Қазір де мен осы отбасының қаншалықты зиялы болғанын қызыға еске аламын».

Еңбекқор, қызметте адал, абыройлы азамат, білікті маман Ермек сол кездегі үкімет, партия басшылығына жақсы танылып, оны 1966 жылы Талдықорғандағы №2560 автоколоннаның бастығы етіп тағайындайды. 1968 жылдан бастап қайта қалпына келтірілген Талдықорған облысы автобасқармасының бас инженері, ал 1992 жылдан бастап бастығы, «Талдықорғанавтокөлік» АҚ-ның президенті қызметтерін атқарады.

Осы жауапты қызметтерді атқара жүріп ол өзіне тән күш-жігерімен, әріптестерімен бірлесе отырып, аз ғана уақыт ішінде әкімшілік-басқару және шаруашылық құрылымдарын қалпына келтіруге, оларды нығайта түсуге қол жеткізді. Ерекең облыстағы ауыл шаруашылығының жүк көліктерінің мәселесін көзін жұмып отырып шеше беретін шебер ұйымдастырушы болды. Ол кісі туралы қызметтестері мен достары, тіпті жүргізушілерге дейін «өз саласының нағыз білікті маманы» деп айтатын еді. Ерекеңдей айтулы азаматтардың арқасында қалпына келтірілген облысәлеуметтік-экономикалық бағдарлама-лардың орындалуына мүмкіндікалды.

Ермек өзінің жұмысында істің жемісті болуы өндіріс командирлеріне ғана емес, сонымен қатар өздерінің тағдырын автомобиль көлігімен байланыстырған қызметшілерге де, олардың күш-жігері мен кәсіптік деңгейіне де байланысты екенін үнемі айтып отыратын. Инженерлер мен мастерлерден, барлық деңгейдегі басшылардан уақыт пен мақсатқа сай, өз деңгейлерін үнемі жетілдіріп отыруларын талап ететін. Оның тікелей қатысуымен жас мамандардың көпшілігі жауапты қызметтерге жоғарылатылды. Қазіргі кезге дейін олар абыроймен сенім үдесінен шығып, ойдағыдай еңбек етіп келеді.

Ермек өзінің ерік-жігерінің мықтылығы мен белсенділігінің арқасында Талдықорған қаласындағы №2560 автоколоннасына, «КАМАЗ» автокомбинатына, Техникалық қызмет көрсету жөніндегі автоорталығына, өндірістік автобазасына, көлік агенттігіне арналған объектілердің, сондай-ақ Үшарал, Сарқан, Үштөбе қалалары мен Қапал ауылында, Сарыөзек стансасында және басқа жерлерде бүтіндей жаңа өндіріс объектілерінің салынып, пайдалануға берілуіне үлкен себепкер болды. Көптеген кәсіпорындар тозығы жеткен станоктары мен құрал-жабдықтарын жаңартып, парктер ауырсалмақты жаңа автомобильдермен, отандық және шетелдік өндірушілердің жайлы автобустарымен толықтырылды.

Тағы бір айта кететін жай – Ермек ағаның басшы ретінде кәсіподақ ұйымдарының белсенді түрде қатысуымен, өндірісте салауатты өмір салтын қалыптастыру және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне үнемі назар аударып отырғаны. Оның бұл ұстанымы кәсіподақ комитеті тарапынан қолдау тауып, барлық кәсіпорындарда өздерінің қосалқы шаруашылықтары пайда болды, қызметкерлерді және олардың отбасыларын көкөніс және мал өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ұжымдық бақ өсіру мен көкөніс шаруашылығы ұйымдастырылды.

Талдықорған қаласының оңтүстік және солтүстік бөліктерінде, сондай-ақ Восточный шағынауданында қызметкерлерге арналған жаңа тұрғын үйлер салынып, балаларға арналған екі мектеп жасына дейінгі комбинат жұмыс істеді. Ескелді ауданындағы Малиновка ауылында балалар мен оқушыларға арналған қала сыртындағы жаздық лагерь жұмыс істеді.

Осы және автобасқарма өткізіп тұратын басқа да ізгі әрекеттердің ешқайсысы назардан тыс қалып қоймай, әрдайым лайықты бағасын алды. Үкіметтің, Қазақстан кәсіподағы кеңесінің, Қазақстан ЛКЖООК-нің ауыспалы Қызыл Туымен, Автокөлік министрлігінің, облыстық атқару органының, салалық кәсіптік одақтың Грамоталарымен, Дипломдарымен атап өтіліп отырды.

Ермек аға ұжымның және қаланың қоғамдық өміріне белсенді түрде қатысып отырған. Бірнеше рет партия және кәсіподақ органдарының құрамына, қалалық кеңес депутаттығына сайланған кездері де болды.

Еңбекте қол жеткен жетістіктері, қоғамдық өмірге белсенді түрде қатысқаны үшін Ермек Есбатыров екі рет «Құрмет белгісі» орденімен және көптеген медальдармен, грамоталармен марапатталған.

Еліне қалтқысыз қызмет еткен Ермек ағаның жұмыста да, тұрмыста да қарапайым, ізетті болғаны оны білетіндердің бәріне үлгі болды. Ол қол жеткізгенге мақтанып, масаттанбайтын, керісінше біткен іске талдау жасап, ұсақ та болса жіберген кемшіліктері мен олқылықтарын анықтап, өз ісіне де сынай қарап отыратын болған.

Қызмет жайын былай қойғанда, Ерекеңнің адамгершілік қасиеттеріде айрықша болды. Өз төңірегіндегі қызметкерлерді, тіпті жұмысшыларына дейін жатқа білетін, аттарымен атай беретін. Оларға көмек көрсетуден ешқашан жазған емес. Ол адамдарды жақсы көретін және оларға сенім артатын. Жаңадан келген қызметкерлерді жұмыс жағдайларымен таныстыра отырып, олардың алдына техниканы ұқыпты пайдалану, халыққа мәдениетті қызмет көрсету, еңбек және жол тәртібін, моральдық сабырлылықты сақтау міндеттерін қоя білетін.

Қандай жауапты қызметте жүрсе де Ерекеңнің кіндік қаны тамған туған жеріне, отбасына, туған-туысқандарына мейірім-ілтипаты жоғары еді. Ол өзінің кішкене ғана ауылы– Көкарығын ешқашан ұмытқан емес. Туған әкесімен араласып тұрса да, өзін үнемі «бектеміспін» деп айтудан жазған жоқ. Балаларын да осылай тәрбиеледі. Балалары да өзі сияқты Есбатыр атаның есімін алып келеді.

Ерекең жұбайы Қыздан екеуі үш бала тәрбиелеп, өсірді. Олардың үлкені – 1961 жылы туған Талғат, қазір Талдықорғанда, әке жолын қуып, «Автокөлік» компаниясының директоры болып қызмет атқарып жүр. Екінші баласы – 1963 жылы туған Жанар, мединститутты бітірген, Шымкентте дәрігер. Кенжесі – Нәзира, 1965 жылы туған, КазМУ-ді, одан кейін Қазақ менеджмент, экономика және бағдарлау институтын (КИМЭП) бітірген, Астанада «Интергаз Центральная Азияда» бас менеджер қызметін атқарады. Немерелері Салтанат ҚМЭБИ-н (КИМЭП) бітіріп, Астанада жұмыс істейді, Бейбіт ММУ-ін (МГУ) бітірген, ол да Астанада еңбек етуде. Алуа болса, отбасының мақтанышы. Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебін үздік бітірген талантты қыз Англияға, информатикалық техника мамандығына оқуға барып, екі мың талапкердің ішінде грант алған бесеудің бірі болып, оқуға түсті. Бірінші курста білім сынағынан өткенде, білімінің тереңдігі жағынан қытай жігітінен кейін екінші орын алғанын туыстары мақтан тұтады.

Білікті, тәжірибелі маман Ермек Есбатыров 2001 жылдың 4 қазанында жүрек ауруынан қайтыс болады.

2002 жылы аяулы азамат, білікті маман Ермек Есбатыровтың облыс ауыл шаруашылығына қосқан ұлан-ғайыр үлесі ескеріліп, азаматты есте сақтау мақсатымен, Талдықорған қалалық советінің шешімі негізінде, Талдықорған қаласындағы Восточный шағынауданындағы орталық көшелердің біріне оның есімі берілді.


БАТЫР АНА БАҚЫТЫ


Құрметтер ел, жан болсаң затың жақсы,

Талай ғасыр жаңғырар Атың жақсы.

Жүсіп Баласағұн.


«Қасиетсіз ер болса да, қасиетсіз жер болмайды» дейді халық мақалы. Алпыс үйлі шағын ауыл, бір қарағанда, көзге ұрып көрініп тұрмаған, еренсіздеу болса да, одан түлеп ұшып, өмірдің сан саласында тер төге сіңірген адалеңбегі лайықты бағаланған, биік тұлғасы мен жасаған жақсылықтары ұмытылмаған абзал азаматтар аз емес.Есбатыр атайдың әкесі Назаралының қарындасы, Жамбыл облысы «Красная звезда» колхозының тұрғыны, атақты қызылшашы, Социалистік Еңбек ері Сындыбала Оңғарбаеванытек туған ауылы ғана емес, бүкіл қазақ елі мақтан тұтады.

Мен сонау сексенінші жылдары аталмыш ауылда мектеп басқарып тұрған кезімде, әпкеме арнайы барып сәлем берген едім. Қартайып қалған кезі екен, дегенмен ауылының қызы екенімді естіген соң, жүзі нұрланып, жұқалтаң өңіне қызыл шырай жүгіріп, қуанып қалған-ды. Әке-шешемді сұрастырды, алғысын айтып, батасын берді.

Сындыбала Оңғарбаева 1901 жылы сол туған жеріміз – Көкарық ауылында, шаруа отбасында дүниеге келген. Апайдың бүгінгі ұрпақтары берген өмірбаянында «1907 жылы қазіргі Қызыл Жұлдыз ауылына әпкесі Қалипаның қолына келіп, тәрбиеленеді. Жеті жасынан жұмысқа араласады» делінген. Сындыбала апаның келіні Нұрзиланың айтуынша Көкарықтың бектемісі Қалипа апа бестерек Оңғарбай деген жігітпен тұрмыс құрған екен. Сол кісі жетім қалған Сындыбаланы қолына алып, тәрбиелеген көрінеді. Мен осы әңгіменің анық-қанығын білу мақсатымен тағы да Назаралы бабаның жиеншары, Есбатыр атаның жиенқызы Сәрсенге жүгіндім. Ол кісінің айтуынша,халықты тентіретіп жіберген ашаршылық деген ұлы жұт Назаралы бабаның отбасына да нәубетін әкелген екен. Жалғыз Сындыбала емес, ол үйдің жетім, панасыз қалған басқа балалары да талғажау тіршіліктің талшығына жармасып, жан-жаққа шашыраған көрінеді. Ата-бабасының ата қонысында қалған Назаралы баба мен оның туысқан інісі Тортай ғана көрінеді. «Назаралы бабаның бір жақын інісі Тұрғынбайдың ата-бабамыз көрмеген Тәжікстаннанкөшіп келгені есімде. Бұл 1953 жылдар шамасы-ау деймін. Есбатыр көкем түн ішінде Ақыртөбеде пойыздан тосып алып, жүктерін атқа, арбаға артып әкелген еді. Үлкендер уласып-шуласып көріскен. Дәу апам бастаған әйелдер дауыс салып жылаған болатын. Есбатыр көкем «Өлгенім тірілді, өшкенім жанды» деп, ақсарбас құдайы атап, қой сойған болатын. Бүкіл ауылды шақырып, құран оқытып, құдайы тамақ берген. Бізді, кішкентай қыздарды таңғалдырғаны жаңа көшіп келген туыстарымыздың әйелдерінің, тіпті кішкентай қыздарының да ұзын көйлек киіп, бастарына орамал тартып жүретіні еді. Ал Сындыбала әпкеміздің «Қызыл Жұлдыз» ауылында тұратын әпкесін паналағаны жайлы біле қоймадым», –дейді Сәрсен.

1917 жылы Сындыбаланы өзі асырап-баққан Қалипа анасы ұлы Маутай Оңғарбаевқа тұрмысқа береді. Жасынан еңбектен жерімей өскен келіншек отбасын асыраудың қамымен 1919-1929 жылдар аралығында Жамбылдағы кендір заводында жұмысшы болып істеді. 1929 жылы «Қызыл Жұлдыз» колхозы құрылып, осы колхозға ерлі-зайыпты Оңғарбаевтар алғашқылардың бірі болып кіреді. Көзі ашық, еті тірі Маутай Оңғарбаев ә дегеннен-ақ колхоздың қара жұмысын істеп, бертін келе басқа да ұйымдастыру жұмыстарымен айналыса бастайды. Көп ұзамай Маутай колхоз председателі болады да, Сындыбала көппен бірге мақта, қара бидай, қызылша өсірумен айналысады. Қабілетті, еңбексүйгіш келіншек Сындыбала Оңғарбаева 1934 жылдан бастап қызылшашылар звеносының жетекшісі болып тағайындалады.

Адамгершілігі мол, ауыл ішінде үлкен-кішіге сыйлы, құрметті жігітке тұрмысқа шығып, еңбектен де бақытын тапқан Сындыбаланың бұл қуанышы да ұзаққа бармады. 1937 жылы күйеуі Оңғарбаев Маутай қатты науқастанып қайтыс болды да, төрт баланы (бір қыз, үш ұл) асырап,тәрбиелеу міндеті Сындыбаланың өзінің мойнына түседі.

Табиғатында алғыр, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын Сындыбала 1938-1939 жылдары алғашқылардың бірі болып тракторшының оқуын оқып, «трактор жүргізушісі» деген куәлік алды. Қанды қырғын Ұлы Отан соғысы жылдары жас келіншектің бұл мамандығы іске асты. Бұл кезде бүкіл ауыл дерлік соғыстың салған зардабынан қасірет шеге бастаған еді. Ауылдағы ер азаматтардың бәрі майданға аттанды. Кеше ғана ауылда ойнап-күліп, еңбек етіп жүрген азаматтар елімен мәңгіге қоштасып аттанып, жат жерде бақилық болды. Қаншама отбасы асыраушысынан айырылып, қан қақсады! Ел басына түскен ауыртпалық Сындыбаланың отбасын айналып өткен жоқ. Оның да арқа сүйеген ағалары Тортай мен Өтей де, қайын інісі Оңғарбаев Қаратай да соғысқа аттанып, оралмай қалды.

Еңбекпен көзін ашқан, сезім-түйсігі жоғары Сындыбала ендігі жерде отбасының қамын ғана ойлаумен шектелмеу керектігіне көзі жетті. Ауылдағы кезек күттірмейтін жұмыстың бәрі өзі тақілеттес әйелдер мен балалардың, қарт кісілердің еншісінде қалғанын жақсы сезді. Ауыл әйелдері де шұлық-ұйық тоқып, шама-шарқынша майдангерлерге көмек қолын созып жатты. Іле-шала халықтың әл-ауқатын көтеру, майдангерлерді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері кезек күттірмейтін мәселе болып, ауыл бар күш-жігерін сала қант қызылшасын өндірумен айналыса бастады.

Бұл жылдары Сындыбала звено жетекшісі ғана емес, колхоз бастығының орынбасары да болып жұмыс атқаратын еді. Ауылдың іске жарамды адамдарының арқасында қызылша өнімі жақсы игеріліп, бірте-бірте колхоздағы қызылшашылардың ерен еңбегі облыс көлеміне белгілі бола бастады. Оның себебі де жоқ емес. Колхозда 1945-1947 жылдары әр гектардан 703 центнерден, оның ішінде 2 гектарынан 801 центнерден қант қызылшасы өндірілді. Бұл облыс қана емес, республика, тіпті одақ көлеміндегі үлкен көрсеткіш еді. Сол жылы кейбір қызылша түбірінің салмағы 27 килограммға жеткен кездер де болды. Әр жыл сайын Сындыбала бастаған ұжым балтамырдан тау тұрғызып, есімдері республика көлеміне кеңінен танылды.

1948 жылы 28 наурызда СССР Жоғарғы советі президиумының жарлығымен Сындыбала Оңғарбаеваға ең жоғарғы «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, «Орақ пен балға» алтын медалімен марапатталды. Бұл жоғары атақ пен марапат еңбеккер әйелге қант қызылшасының әр гектарынан 800-900 центнерден бағалы шикізат алғаны үшін берілді. Бұл бұрынғы Кеңестер Одағындағы қызылша өндіруден тұңғыш рет жасалынған рекордтық көрсеткіш еді. Ең жоғарғы «Социалистік Еңбек Ері» атағын алғаны үшін, СССР Ауылшаруашылығы министрі И.Бенедиктовтан құттықтау хат алды. Сындыбала Оңғарбаеваның қызылша плантациясын көрген шет елдің бір қызылшашы-ғалымы оны «Қызылша даласының профессоры» деп атады. Ауыл шаруашылық өнімдерін өсіру бойынша ешқандай арнайы білімі жоқ, тек қана өзінің қажырлы еңбегімен таңғажайып тәжірибе жинаған нағыз қызылша өсірудің маманы болғандықтан, Сындыбала туралы бірнеше рет шетелдік баспасөз беттерінде мақалалар жарық көрді. Сындыбала Оңғарбаева колхоз-совхоздарға барып, өзінің тәжірибесі жайында дала еңбеккерлерімен сыр бөлісті. Онымен облыстың көптеген қызылшашылары тәжірибе алмасып отырды.

Сындыбала апай өзінің адал, адам нанғысыз еңбеккерлігінің арқасында бірнеше Отан наградаларын иеленді. Атап айтсақ:

1948-1957 жылдары қант қызылшасынан ең жоғары көрсеткіштер бергені үшін 4 рет «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен;

«1941-1945 жылғы Ұлы Отан соғысы кезіндегі еңбектегі ерлігі үшін» медалімен;

«Тың жерлерді игеру кезіндегі ерен еңбегі үшін» медалімен;

«Қазақ ССР-нің 40 жылдығы» медалімен (1920-1960);

«В.И.Лениннің 100 жылдығына орай Ерен Еңбегі үшін» медалімен (1855-1955);

«И.В.Мичуриннің 100 жылдығына орай Ерен Еңбегі үшін» медалімен (1855-1955);

«Жеңістің 50 жылдығы» медалі, «Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесінің» 6 медалімен (1951ж., 1953ж., 1955ж., 1956ж., 1958ж.), Құрмет грамоталармен, дипломдармен және басқа да медальдармен марапатталды.

Сындыбала апай 1950-1952 жылдары ауылшаруашылық шеберлерін дайындайтын 3 жылдық агротехникалық курсты бітіріп, куәлік алды. 1953 жылы Коммунистік партияның қатарына өтті.

1956 жылы Қазақстан компартиясының VІІІ съезіне делегат болды.

Қазақстан компартиясының кезектен тыс ІХ съезіне делегат болды.

1958 жылы 24 маусымда Москва қаласында өткен СССР тұтынушылар одағы коопера-циясының Vсъезіне делегат болды.

Қазақстан әйелдерінің Республикалық І съезіне делегат болып сайланды.

1959 жылы Қазақ ССР Жоғарғы советінің депутаты болып сайланды.

1961 жылы 1 тамызда Қазақ ССР Жоғарғы советінің VІІ сессиясына қатысты.

1961 жылы 6 қарашада КПСС Орталық комитетінің ХХІІ съезіне делегат болып сайланды (Москва, Кремль). Осы съезде КПСС Орталық комитетінің бірінші секретары, СССР министрлер советінің председателі Н.С.Хрущев қызылша өсіруші С.Оңғарбаеваны еңбекте қолы жеткен табыстарымен құттықтады. Сонымен қатар, Сындыбала Кремльде Л.И.Брежнев, Д.А.Қонаев басқа да Республикалардың бірінші секретарлары және қоғам қайраткерлерімен кездесіп, суретке түсті.

1961 жылы 18 желтоқсанда орталық-одақтық кеңестің мүшесі С.Оңғарбаева VІ съезге орталықтың председателі А.Климовтың шақыру хатымен қатысты (Москва, Кремль).

Қазақ ССР Жоғарғы советі президиумының бірнеше рет Құрмет грамотасымен, дипломдармен марапатталды.

1962 жылы 8 тамызда Қазақ ССР тұтынушылар одағы кооперациясының VІІІ съезіне делегат болып сайланды.

1964 жылы 2-6 маусым аралығында академик В.Кириллиннің шақыруымен Мәскеуде, Кремльде өткен бүкілодақтық «Білім» қоғамының ІV съезіне делегат болып сайланды.

Сындыбала апай 1964 жылы 4 маусымда ІV съезде Киев қалалық басқармасы «Білім» қоғамының мүшесі большевик В.Н.Федоровпен кездесіп, «Литературная газета» газетінде ол туралы көлемді мақала жарық көрді.

1965 жылы қазақтың көрнекті сықақшы-ақыны Асқар Тоқмағанбетовтың 60 жылдық торқалы тойын бүкіл республика халқы атап өтті, сонда Сәбит Мұқанов бастаған астаналық қаламгерлер С.Оңғарбаеваға үлкен ілтипат көрсетті. Асқар Тоқмағанбетовтың еңбек ардагеріне арнап жазған «Сындыбала» атты поэмасы «Ленин жолы» газетіне шықты.

1969 жылы қарашада Мәскеуде өткен колхозшылардың бүкілодақтық ІІІ съезіне делегат болып сайланды.

Қазақ ССР Жоғарғы советі президиумының 1972 жылы 11 қыркүйектегі жарлығы бойынша, Сындыбала белсенді қоғамдық қызметі үшін Қазақ ССР Жоғарғы советінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

1974 жылы 27 маусымда Кенен Әзірбаевтың 90 жылдық торқалы тойындажазушы Шыңғыс Айтматовпен кездесті.Қырғыздың атақты жазушысы қазақтан шыққан еңбек ардагерін құрмет тұтып, онымен рахаттана әңгіме-дүкен құрды. Бұдан соң іле-шала1975 жылы 16-20 шілде аралығында СындыбалаАлматыда өткен Азия елдеріндегі әйелдер ұйымдарының форумына мүше болып қатысты. Бұл форумға Кеңес Одағы әйелдерінен комитеттің председателі болып В.В.Терешкова бастаған делегация келеді. Форумға Сындыбаламен бірге Социалистік Еңбек Ерлері Ұлбала Алтайбаева, Кәмшат Дөненбаевалар да қатысады.

С.Оңғарбаеваның атқарған еңбектері жайында еліміздің ұлы тұлғалары Д.А.Қонаевтың, А.А.Асқаровтың кітаптарында және тарихта жазылған.

Еліміз тәуелсіздік алып, қазақ жерінде атқан нұрлы таңды көру бұл кезде тоқсанның төріне шығып, қартаң тартқан Сындыбаланың да маңдайына жазыпты. 1991 жылы 29 қарашада президенттікке кандидат кезінде Н.Ә.Назарбаевпен кездеседі. Президиумда Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаевтармен бірге отырып, ел азаматтарына аналық ақ батасын береді. С.Оңғарбаеваның басқа да көптеген жетістіктері жайлы материалдар мұражайлар мен мұрағаттарда сақталған.

Сындыбала Оңғарбаеваның ұл-қыздарына келетін болсақ, қызы Оңғарбаева Назипа Жамбыл педагогикалық институтын бітіріп, «Қызыл Жұлдыз» ауылында мұғалім болып жұмыс атқарып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін 74 жасында қайтыс болды. Үлкен ұлы Оңғарбаев Әділхан кезінде механизатор болып жұмыс істеп, Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегері болды, 56 жасында қайтыс болды. Екінші ұлы Оңғарбаев Кәдірхан колхозда шофер болып жұмыс істеді, қазір зейнеткер. Кенже ұлы Маутаев Сейтхан Жамбыл технологиялық институтын бітіріп, Жамбыл ет комбинатында инженер-технолог, цех бастығы болып жұмыс істеді, зейнеткерлікке шыққаннан кейін 63 жасында қайтыс болды.

Небәрі 36 жасында, нағыз ашаршылық пен тапшылықтың қысып тұрған заманында төрт баламен жесір қалып, отбасына түскен бар тауқыметті жалғыз өзі көтерген асыл азамат, абзал ана, кішкентай ғана Көкарықта кіндік қаны тамған бектеміс руының асыл тұяғы Сындыбала Оңғарбаеваны туған жері, ауыл азаматтары әрдайым есіне алып, ардақ тұтады, онымен мақтанады. Колхоз орталығы Тереңөзекте ашылған «Ардагерлер аллеясында» Еңбек Ерінің гранитке ойылып салынған жарқын бейнесі тұр. Сындыбала апаның төрт баласынан өсіп-өрбіген 33 немере, 90 шөбере, 30 шөпшегін де алтын құрсақты ананың омырауындағы алтын жұлдызына бергісіз мәңгі жарқырап тұратын шырақтары дер едік.


КЕМЕЛ КЕЛІН


Су сұрасам, сүт берген, айран берген,

Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем.

Мұқағали.


Бізден жоғарырақ, көшенің сол жақ қанатындағы Садуақас атаның үйіне кешке қарай ауыл адамдары ағылып бара жатты. Апам үйде, қол мәшинеде көрпе тігіп отырған. Мен жүгіріп барып:

–Апа, ана жақта не болып жатыр, неге кісілер сол жаққа кетіп барады?–деп сұрап едім, апам:

–Е, Кеукердің оңынан айы, солынан жұлдызы туып, құдайы жарылқап жатыр да. Баласы Нәметке келіншек әкеліп түсірді деп жатыр ғой! – деді.

Апамның көзі кілегейленіп, мұңдана қалды. «Құдайы жарылқап» дегені – «ұлы бардың күні осындай болады ғой» дегені екенін мен бірден ұқтым, өйткені бұл менің бірінші естіп отырған сөзім емес. Кеукер –Тұрсынның апасы, демек, келін Тұрсынның жеңешесі болады. Менің де жүрегімді қызғаныш оты шарпып өткендей болды. Томсырайып біраз отырдым да:

–Апа, біз де барайықшы, менің келіншекті көргім келеді – дедім.

Біз келсек, есіктің алды құжынаған ел, мал сойылып, қатындар ішек-қарын аршып, қазан көтеріліп абыр-сабыр боп жатыр екен. Апам:

– Бар, келіншек іште ғой, қыздармен бірге сонда отыра бер, өзім алып қайтам, – деді өзі Кеукер апамдарға бұрыла беріп.

Үлкен бөлменің бұрышына қарай ақ шәйі шымылдық құрылған екен, ақырын ашсам, ақ орамал жамылған жас келіннің жанында шүпірлеген қыздар өзара жымыңдасып, мәз болып отыр. Әсіресе Тұрсын қуанышты. Ақ сары жүзі қуаныштан қызара бөртіп, алабұртып кетіпті. Мені көзімен ымдап, жанына шақырды. «Мен көрдім келіншекті, әппақ, әдемі-і-і-і» деді жымыңдап. Мен қызыға тыңдадым, бірақ ұмтылып, келіншектің бетін көруге батылым жетпеді. Садуақас атамның үйіндегі қуаныш ауыл қуанышы болды. Кейін көрдім, осы бір үлкен үйге бақыт, қуаныш әкелген Жібек жеңешем толықша келген ұзын бойлы, аппақ, ылғи күлімсіреп тұратын жүзі жылы, аса сүйкімді жан екен.

Бүгінде алтын алқалы ардақты ана Жібек жеңешем –жетпісті алқымдап қалса да, ойы сергек, айналасына жіті қарайтын кісі. Ол кісінің көңіл түкпіріндегі ертеден есте қалған көрген-білгенін болашақ ұрпаққа, немере-шөберелеріне қалтқысыз жеткізуге жаны құмар сергек қалпында екенін көргенде, шын қуандым. Естелік жазбаларында жеңешем өз әкесі Наурызбайдың аса зерек болғанын, молданың оқуын таяқ жемей жақсы оқығанын, соның арқасында арабша жазуды қолма-қол қазақша аударып жазып отыратынын айтады. Сонымен қатар, ол кісі орысша-қазақша том-том кітаптар оқитын болған.Дүниеге көзқарасы айқын, білуге, білім алуға жаны құмар осындай қарияның қызы Жібектің де айтары көп сыңайлы.

Жеңешем 1941 жылы туған. Свердлов ауданы Ленин колхозында небәрі 7 класты бітірген. «Қаладағы Жамбыл мектебіне құжаттарын өткізіп тұрып, сабақ түстен кейін болған соң, оны «қол көрмей», ауылына қайтып кеткенмін» дейді ол.

Көптен көрмеген асыл жеңешемнің мені таңғалдырғаны –өткен өмірден құнды ақпараттар жинап қана қоймай, сонау бүлдіршін 16 жасында өзі келін боп түскен, ауыл-аймаққа құрметті Әлімқұл бидің отбасының өмір сүру тәсілі, тұрмыс-тіршілігі жайлы баға жетпес құнды мағлұматтар жинағаны еді.

Жеңешемнің айтуынша, Мұсабеков Есберген деген кісінің үйінде өзінің Ақшай апасы мен Садуақас ата екеуі кездесіп, жас қыз Жібекті Садауақас атаның ұлы Нәметқазыға ұзатуға келіскен көрінеді. «Мен Сарыкемер ауылындағы Сихымдардың Таңат руынан шыққан Наурызбай деген кісінің қызымын. Мені айттыруға Жүнісәлі, Есберген әйелімен, Тұрғымбек ата барлығы төрт адам келді, – дейді Жібек. Жігітпен далада отырып сөйлестік. Ай жарық. Көзі бақырайған сұлу жігіт маған бірден ұнады. Мен көп ұзамай ұзатылып, Көкарыққа, бектемістерге келін болып түстім. Бұл 1957 жылы еді, мен 16-да болатынмын. Он жетімдетұңғыш баламды босанып, ана атандым»депжазады Жібек жеңешем.

Жібек көкірек көзі ашық жан еді. Кітап оқығанды жақсы көретін. Үй тірлігінен сәл босай қалса, қолына газет, журнал, тіпті кітап ұстап отыра қалатын әдетін келген жерінде де ешкім қойдыра алмады. Ата-енесіне, күйеуіне, жалпы отбасына аса үлкен құрметпен қараған Жібек оңашада енесімен көп сырласатын еді. Бертін келе әңгімешіл енесінің аузынан естіген естеліктерін «кейінгі немере-шөберелеріме өсиет болып қалсын» деген оймен қағаз бетіне түсіре беруді әдетке айналдырды.

Кеукер апасының айтуынша, үлкен атасы, Ақыртөбенің биі – Әлімқұлдың екі әйелі болған екен. Бәйбішесі Әлиманнан екі ұл, екі қызы болыпты: Смайыл, Садуақас, Күләш және Айшакүл. Осы жерде бір қызық тарих бар. Әлиман апаның жасы 24-терде, ең кіші қызы Айшакүлге екіқабат кезі екен дейді. Уақыты жақындағанда ай-толғаққа ұрыныпты. Абысын-ажындары күнде жиналып, ығыры шығыпты. Ақыры бір күні бәрі шыдамдары таусылып, үйлеріне қайтып кеткен кезде, оттағы қазанды түсіретін адам болмай, би атаның өзіне түсіруге тура келіпті. Сонда Әлиман апа: «Саған (би атаға) қазан ұстатқаным жарамас, осыдан жаным аман қалса, өзіне бір тоқал әпермесем!» деп өзіне-өзі серт беріпті. Ертедегі адамдардың уағдада тұрғыштығы керемет қой, аман-есен босанған Әлиман апа, өзі іздестіріп жүріп, көрші Мамай ауылынан Жанқұлы байдың қызы Күлесалды би атаға тоқалдыққа алдырыпты дейді. Қызығы сол: Би атаның осы кіші әйелі жап-жас, өзінің келіні, Смайылдың әйелі – Кеукермен жасы шамалас болған көрінеді. Кіші енесі қайсы, келіні қайсы – ел ажырата алмайды екен. Ертедегі адамдардың ара қатынасы да адам таңғаларлықтай қызық болғаны рас қой, екі апа – бәйбіше мен тоқал – сондай тату тұрған екен. Не істесе де, бір-бірімен ақылдасып, бірлесіп істейтін болған.

Кіші апамыздың бар қонағы Әлімқұл ата мен бәйбішесі Әлиман болған екен. Бірақ ең үлкен уайымдары: бидің сол кіші әйелі Күлесал көп жылдар құрсақ көтермепті. Оны бір кездері төркіндері де өздеріне апарып, тай терісіне салып, жылдап күтіпті. Әбден қаралып, зарығып жүргенде, құдай жарылқап, Күлесал апамыз бір қыз туып, атын Күләйхан қойыпты. Бұл кісінің өмірі де бір тарих. Ашаршылық кезінде кішкентай қызды детдомға алып кетеді. Бір күні Қанайып жездеміз жұмыс бабымен детдомға бара қалады. Сол жерде 11-12 жасар шамасындағы шашы ұзын, әдемі қыз көзіне жылы ұшырайды. Фамилиясы Сәдібекова екен. Үйге келген соң әйелі Нұрпануға айтады. Жоғалған сіңілісін аңсап жүрген Нұрпану: «Ол менің сіңілім ғой, апаршының» астына алады. Екеулеп барып көрсе, қыз расында да сол Күләйханның өзі екен. Омекең жолын тауып, қызды ауылға алып қайтады да, қыз осы әпке-жездесінің үйінде өседі. Қанаев жездем оны арғын Әшім деген жігітке ұзатады. Олар Құлан ауданының Конезавод деген ауылында тұрды. Күлайхан әпке өмірге 12 бала әкеліп, тәрбиелеген, бәріне жоғары білім әперген ардақты адам. 85 жасында дүние салды.

Әлімқұл би атаның Әбдіхалық деген ағасының да екі әйелі болған екен. Ол кісі қайтыс болған соң жас қалған тоқалы Әспетті әмеңгерлік жолымен Әлімқұл би атаға қосады. Сөйтіп, атаның үш әйелі болған деуге болады.

Әлімқұл ата би болғанмен, билікті бәйбішесі Әлиман апа жүргізеді екен. Одан кейінгі ақылдасар кісісі – құрдасы Жаманқұл деген кісі болған. Ата билік айтар жерге бара қалса, інісі Төребекті, құрдасы Жаманқұлды ерте жүреді екен. Жаманқұл – Шарғын, Әбдіманап деген кісілердің әкесі, өзі сақау сөйлейтін болған. Атамыз: «Шарғын күле ме?» деп сұраса, құрдасы: «Иә, күйет, күйет» деп жауап береді екен. Ата бұған ашуланып: «Әруақ ұрғыр, қу сақау, бала күйгенше, сен күйсең болмай ма?» дейді екен. Ал, Төребек атамыз (Мәди, Жүнісәлі, Жанқұлылардың әкесі) сұлу мұртты, сыпа, атын да, өзін де күтіп ұстайтын ұқыпты кісі болған. Әлімқұл атамызды аса құрмет тұтқан, атына мінгізіп, түсіретін де сол кісі екен.

Айта берсе, би үйінің қызықтары көп болған ғой. Әлиман апамыздың Добия деген күтушісі болған. Екі ұлы бірдей шетінеп кеткен Добия келіншек би үйінің қызметшісі ғана емес, тігіншісі де болған. Бидің үйіне алғаш тігін машинасын алып келгенде, оның қай жері тігетінін ешкім білмей бәрі дал болған екен. Иманғазы деген аталарының Ұмытшақ атты әйелі байдың қызы екен, «сол білетін шығар» деп алып келсе, ол кісі де ары-бері қарап-қарап: «бұның пышағы қайда, қайрағы қайда?» депті. Самаурын әкелсе, оны да білмей, оттығына су құйып жіберіпті. Би атам: «Бұл келін байдың қызы болса да, ештеңе білмейді екен ғой», – деп күлген екен дейді. Ақыры тігін мәшинесінің кілтін тапқан осы Добия апа болыпты да, мәшинені осы кісі пайдаға асырыпты.

Халықтық салт-дәстүрлердің әлі күнге сақталып келе жатқан түрі – алыстағы жегжат-жұратқа сый-сыбаға беріп жататын қасиеті. Бұл үйдегі жақсы әдет те ел жайлаудан түскенде, ағайын-туыс, жегжат-жұраттардың бірін-бірі сыбағаға шақырысып, мәз-майрам болатыны. «Кеукер апам айтып отырушы еді: би апам, кіші апамыз Күлесал және Добия үшеуі жорғаға мініп, Махабай бидің ауылына сүр сыбаға апарып қайтады екен. Жас әйелдер ойнап-күліп, әңгіме-дүкен құрысып, мәз-майрам болысады екен. Сол Махабай бидің қазіргі ұрпақтары – Қазбек, Кішкенебатыр, олардан тараған ұрпақтар Сайлау, Анарбек, Қанат, Қайраттар. Бұларды, әйелдердің айтуы бойынша, Бәкең ауылы дейді екен» деп сыр шертеді өткен өмірден Жібек жеңгей.

Ол кезде бай мен бай құда болғаны анық. Әлімқұл ата да «Құдайберген-майыр» ауылындағы Жанбосын деген байдың қызы – Кеукерге бесіктен құда түседі. Қалың малын төлеп, 15 жасар Кеукерді бүкіл жасауымен келін ғып түсіреді. Осылайша бай қызы Кеукер Әлімқұл би атаның үлкен ұлы Смайылға әйел болады. Ол кезде Смайылдың інісі Садуақас 13-тегі бала екен, үйде молда ұстап, ескіше сауатын ашқан, намаз оқитын бала болған.

Кеукер апам би үйінің тұңғыш келіні болғандықтан, келген жері оған аса үлкен құрметпен қараған. Жас отбасының отауын малдың шуы естілмесін деп алыстау жерге тігіп береді. Жас келін сәске түске дейін ұйықтайды, оны ешкім оятпайды. Келін ұйқысы қанған соң ғана тұрып, қай үйдің тамағы дайын болса, сол үйден тамақтанады. Күйеуі Смайыл өз ісін жақсы білетін момын, шаруақор жан болған екен. Кеукер келін төрт жыл өткен соң ғана көтеріп, 19-нда тұңғышын өмірге әкеледі. Жаңа туған қыздың атын «Нұрпану» деп бидің бәйбішесі Әлиман апа қояды. Жас нәресте Смайыл мен Кеукердің емес, би аталардың қызы болып есептелді, Кеукер апа өзі туған қыздың тіпті атын да атамай, «Әкебай» деп кеткен екен.

Би үйінің тұрмыс-тіршілігі жайлы Кеукер апа келініне былай да сыр шертеді: «Мен келін болып түскен жылы біздің үйге үш кісі болып губернатор-жандарал келді: біреуі – атқосшы, екеуі – орыс. Атам үнемі Алладан «не би қыл, не би түсетін үй қыл» деп тілеп отыратын еді. Сол тілегі қабыл болған кісі еді. Атам өзі денелі, қарынды, момын кісі болған. Сол момындығынан ба, билік сөзді көбінесе енем Әлиман айтатын. Енем қай тірлікте болмасын аса сарамжал кісі еді. Ол кісінің қонақ күтуі де айрықша болатын. Келген кісілерге боз биенің сүтінен шарап жасап, ши тоқаш пісіріп күтетін. Ол кезде шарап жасаудың мәнісі былай еді: екі қазанды жер ошаққа қатар қойып, біреуіне биенің сүтін құйып, екіншісін таза құрғақ ұстайды да, соған қамыстан түтікше ұстайды. Биенің сүті буға айналғанда, құрғақ қазанға будан тамшылар тамып тұрады, сол мөп-мөлдір шарап болады екен, оны көзіммен көрдім».

Кеукер апамыз Смайыл атамыздан жеті құрсақ көтеріпті. Сол жетеуден қалғаны – жалғыз қызы Нұрпану болады. «Бір баламды детдомға бердім, аты – Әкбар еді, іздесеңдер – табасыңдар» деп отырады екен жарықтық.

Әлімқұл би-атаның екінші ұлы – Садуақас, оның әйелі Зербаладан Зерхан, Мірәлі (соғыстан оралмаған) және Дәулетқазы, қызы Зерхан туған. Аумалы-төкпелі заманда Смайыл ата қайтыс болып, оның әйелі Кеукер апа жесір қалады. Көп ұзамай Зербала апамыз қайтыс болып, Садуақас ата да жесір қалады. Бұрынғы ата салты бойынша, ағайын-жұрт әмеңгерлікпен Кеукер апа мен қайнысы Садуақас екеуін қосып, қариялар батасын береді. Кеукер апа Садуақасқа тиген соң, 40-қа таянғанда, өмірге Нәметқазыны, екі жылдан кейін Кенжекүлді әкеледі.

Кеукер апамның өмірінің бір сүреңсіз сәттері жайлы былай сыр шерткені бар.

«Садуақас екеуіміз бір үй болған соң, ауылдың басқа да аш-жалаңаш балаларымен қоса менің бұрынғы күйеуім Смайылдан туған Әкпар деген баламды «сендер ашсыңдар, баланы өлтіріп аласыңдар» деп детдомға алып кетті. Көп ұзамай біз, екі баласын алып кеткен Тәжіқыз апа екеуіміз, детдомды іздеп жаяу шықтық. Қайда барғанымыз, қанша жүргеніміз есімде жоқ, әйтеуір күн бата бір «детдом» деген жаман тамға жеттік-ау. Балаларымызды сол жерге қамап қойыпты. Есікте дәу қара құлып, төңіректе тірі жан жоқ. Балаларымыз арып-ашқан, тор көз терезенің алдында жабысып, ботадай боздап жылап тұр. Біз де әрі еңіреп жыладық, бері еңіреп жыладық. Ақыры ешкімге жолыға алмастан, жылап-жылап қайттық. Кірпік қақпай таңды атырдық та,ертелетіп әлгі детдомға барсақ, терезеде тұрған балаларымыз жоқ. Оларды түн ішінде басқа жаққа алып кетіпті.Сөйтіп, кеше ғана көзіміз көрген перзенттерімізден әп-сәтте айырылып қалдық».

«Садуақас атам 76 жасында, Кеукер апам 85 жасында қайтыс болды. Сонда, менің санауым бойынша, апам 1898 жылы, ал, атам, апамнан 2 жас кіші болғанда, 1900 жылы туған көрінеді» дейді Жібек.

Жібек жеңешем маған «Ескірмеген ескі сөз» атты екі бірдей қалың көк дәптерін берді. Қарап отырсаңыз, расында да, бір «сыр-сандық» дерсің. Жазбаларды мән-мағыналарына қарай топтаса, ол былай болып шығар еді:

· Қазақтың хандары мен батырлары жайлы, Домалақ ана, Сыйқым баба, Сыйқымның батыры Рысбектің өнері жайлы деректер;

· Мойынқұм өңірінде өмір кешкен Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың нақыл сөздері, А.В.Затаевичтің сөздері;

· Сан түрлі мағынадағы баталар;

· Әйелдер хақындағы ой-толғау;

· Қорқыт ата жайлы сыр-шертпе;

· Жеті ата, жеті қазына, жеті кәріп, жеті ғашық жайлы сыр-шертпе;

· Балуан Шолақтың әні «Сұм дүние»;

· Кенен Әзірбаевтың жыры («Байрақ боп өткен бабалар»);

· Қ.А.Яссауи кесенесінің салыну тарихынан деректер.

Бұл жазбалардың деректерінің нақтылығымен қатар, оқырманға берер тағылымдық рөлі де зор екені анық.

Бұларға қоса, жеңешем «Ата дәстүрімізге берік болайық» деген тақырыппен «Қамшының қасиеті», «Құрғақ сүт», «Саумалық ет тағамдары» деген деректер берген.

Ал «Майданда ерлік, еңбекте іскерлік көрсеткен аға» деген айдармен үлкен енесі – Әлиман би-апаның інісі, аққойлы Медеуіл бидің немересі, күйеуі Нәметқазыларға нағашы болып келетін Құлахметтің жалғыз ұлы Рахманберді Медеуілов жайлы қызықты деректер береді.

Жалпы, Әулиеатадағы би, Медеуіл би мен Әлімқұл би сол өңірдегі адам тағдырын шешетіндер осы үшеуі болған екен. Ескі тарихқа үңілсек, Медеуіл бидің Әлиманнан кейінгі баласы Құлахмет әйелімен, жалғыз баласымен үшеуі ашаршылықта Әлімқұл бидің үйлеріне келіпті. Сол жолы 18-19-дардағы жалғыз ұлдары ауырып, қайтыс болыпты. Содан ерлі-зайыпты екеуі жылап-еңіреп «елімізге қайтайық» деп болмаған соң, би ата көктем шыға оларды қос атпен елдеріне қайтарыпты. Құлахметтің әйелі «Бізге енді бала қайда, жасымыз келіп қалды, өмірден қубас өтетін болдық қой» деп еңірегенде, етегі жасқа толады екен. Алайда, Аллаһтың мейірімі түсіп, келесі көктемде бұларға «Құлахметтің әйелі бала көтерді!» деген қуанышты хабар жетеді. Әлиман би апа інісі үшін жүрегі жарыла қуанып, «Ақ-сары бас құдайы» атапты. Сонда, 1921 жылы қыркүйектің 15-інде Құлан ауылында дүниеге ұл бала келіпті. Алланың рахымы түсті деп, баланың атын Рахманберді қойыпты. Одан кейін екі жылдан кейін дүниеге келген қыз баланың атын Гүлбахира қойыпты. 1932 жылы Құлахмет әйелімен екеуі қайтыс болған соң, жанашыр туыстары олардың жалғыз ұлы Рахманбердіні Меркідегі балалар үйіне тапсырыпты. Гүлбахира көрші қырғыз еліне ұзатылады, қазір одан бірнеше балалар бар. Ал, Рахманберді болса, сауатты, іске мығым, жауапкершілігі мол азамат болып өседі. Би ата да оны қатты сыйлап, ол туралы үнемі: «осы менің пысық жиенім болмаса, сендер тіршілік ете алмайсыңдар» деп отырады екен. Рахманберді Медеулов Жамбыл облысының Луговой, Меркі, Свердлов аудандарында бірінші хатшы, Жамбыл облыстық мәдениет бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. Өмірінің соңғы жылдарында облыстық табиғат қорғау ұйымын басқарды.

Жібектің жүрегін қан жылататын жай – 1968 жылы туған сүйікті қызы Бағиланың өмірден ерте кеткені. Бағила, шын мәнінде, өте пысық, алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын алғыр бала болып өседі. Ол өз бетінше Алматыға барып, Дзержинский атындағы тоқыма фабрикасына оператор болып орналасады. Еңбекте озат, өзі сияқты жастарға үлгі-өнеге боларлық жас қыз көп ұзамай «алтын қолды шебер» деген атқа ие болады. Ол фабрика жұмысшыларын Румыния, Болгария жеріне туристік сапармен басқарып барады. 1992 жылы Құрылтай съезіне келген делегацияны басқарып, оларға Әулиелерді аралатады. Бағила фабриканың жолдамасымен Абай атындағы КазПИ-ді қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіреді де, қаладағы 146-шы орта мектепке мұғалім болып орналасады. Алайда, болашағынан зор үміт күттірген талапты да зерделі жан, он екіде бір гүлі ашылмастан, қайғылы қазаға ұшырайды.Бір топ достарымен Қапшағай көліне шомылуға барған ол, суға кетіп өледі. Ана үшін бұдан артық қайғы бар ма?! Сүйікті қызы есіне түскенде, Жібек бейшараның әлі күнге етегі жасқа толады. «Болайын деп тұрған балапанымды көре алмаған құрбы қыздары қастандықпен өлтірді!» деп аһ ұрады бейбақ. Жаратылысында ақын болмаса да, перзенті қайғылы қазаға душар болғанда, ана жүрегі қан жылап, жыр төгіп те жіберген. Өлеңін «Өмір барда, өлім бар...» деп атапты.

Елудемін. Құдай басқа салған соң,

Көнудемін...

Өмір сүрдім дегенім – аты ғана,

Күн санап көмілуде –

Өлудемін.

Жазылмас жара салып жүрегіме,

Қыз кетті мәңгіліктің түнегіне.

Құрғады көзім жасы жылай-жылай,

Өшердей жан шырағым міне-міне.

Өмірдің сырын ұқпастан,

Тірлік мәніне үңіліп,

Бесіктен белің шықпастан,

Барады көзің жұмылып.

Әлди, қызым, әлди-ай,

Төбеленіп тайқы маңдайың,

Тарыққанымды ұғарсың,

Алдымнан боздап шығарсың,

Ағарып атқан таңдайым!

Аһ ұрып іштен тындым мен,

Тамырым түптен кесілді,

Түгендеп тағдыр есебін,

Қайғы сезімін асатып,

Хайуанша ғұмыр кешемін,

Ас ішіп, аяқ босатып.

Сағындым, сарнап сыздадым,

Исініп дерткен емшектей.

Бітпей ме бұйрық тұз-дәмім,

Көресімді әбден көрсетпей,

Көтертпейді қайғы еңсемді,

Құдіреті күшті кең Алла-ай,

Таусылмас демім өлшеулі,

Өлейін десем, өле алмай...

Жібек қайда болмасын, өзінің әсерлі де қызықты әңгімелерімен, айрықша зерделі-зеректігімен отырған ортасының назарын аударып қана қоймай, олардың ризалығына да кенеліп отырады. Жібектің мағыналы да қызықты тарихи деректеріне риза болған тыңдармандары өздерінің ой-пікірлерін қағазға түсіріп қалдырып отырғандары да бар. Сөзім дәлелді болу үшін солардың бір-екеуін тілге тиек етейін дедім.


«Қадірлі Жібек апай!


Сіздей жаны жайсаң, сезімтал, мейірбан аналаркөп болса екен деп тілеймін. Арманыңыз көп екен, сол армандарыңыз орындалуына көптен-көп тілек білдіремін. Әпке, Сізді әйелден гөрі «сегізқырлы, бір сырлы азамат» екен десе де болар еді.

Қазағымның көпті көрген, бейнетке мойымаған, сөзден інжу тергендей даналықты терген, жастарға үлгі-өнеге болған Сіздей ана өлмесін!


«Жібек жолы» ауылшаруашылық

бірлестігінің мейірбикесі

Ахметбекова Баян Қазбекқызы».


Дәл осы мағынадағы алғыс сөзді Құдабаевтар жанұясы да қалдырған.


Алғысхат


«Өнер – таусылмас азық, жұтамас байлық» атты өнер сайысында жақсы өнер көрсетіп, аулымызда салауатты өмір салтын қалыптастыруға қосқан елеулі еңбегіңізге алғыс сезімімізді білдіреміз!


Тереңөзек ауылдық аймақ әкіміЖ.Баялиев

«Бекболат» ОК төрағасыМ.Өмірбаев».


Қазақ үйінен ұзатылған қызына «барған жеріңде тастай батып, судай сің» деп ақ тілек айтатынын білеміз. Менің Жібек жеңешем алтын босағасын аттап келген әруақты бектеміс жеріне Алланың берген он бір баласын әкеліп, ұрпақ жалғастырып қана қойған жоқ, өзі отын түтеткен шаңыраққа Аллаһ адалынан берген келін болды. Өмірдің ащы-тұщысын ағайын-туыстарымен бірге татты. Зерделі-зеректігінен әулетінің абыройын асқақтатып, көзі қарақты тыңдарманды шуақты күлкісіне, шұғылалы әңгімесіне бөледі. Жібек жеңешем жинап жүрген қазақтың шешендік сөздері, тарихи тұлғалардың өмірлеріндегі есте қаларлық мағыналы сәттер жайлы деректер, айтулы ақындардың жүрек қылын тербететін жыр шумақтары, ата салтымыздың көркем көріністері – осының барлығы оқығанның айызын қандырып, есте қаларлықтай жақсы әсер бергені анық. От басы, ошақ қасының күйбеңімен, бала-шаға тәрбиесімен ғана шектеліп қалмай, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық айтары бар осындай жеңгелерге «Алланың нұры жаусын!» дегеннен басқа не айтарсың?!


ЖАҢА ТОЛҚЫН ЖАС БУЫН

Гүлден ұрық шашылса,

Гүл тарайды әлемге.

С.Мұқанов.


Ауылда бақытты еңбектен тапқан аға-апаларымыз салып кеткен сара жолды ары қарай жалғастырып, ел шаруашылығының нығаюына, халықтың әл-ауқатының жақсаруына, мәдени деңгейінің артуына үлкен үлес қосқан жаңа толқын жас буын азаматтардың да бой көтергені жаныңды жадыратады. Ауыл бұл кезде дәнді дақылдан да, қызылшадан да мол өнім алып, мал басы молайып, ел жағдайы жақсара бастаған. Бұрын бір-ақ көшеден тұратын шағын ауылдың батыс жағынан жаңа көше пайда болып, әр отбасы үй-жай болған ұлдарына отау тікті, жастар жаңа қоныс тепті. Осылайша түтін саны көбейіп, тұрмыс жаңғыра бастады.

60-ыншы жылдары ауылға автоклубтар келіп кино қойып, таңның атысы, күннің батысы жұмыстан қалжыраған халықтың көңілін көтерген болса, бертін келе, орталық көшеде әп-әдемі, іші-сырты ақталған клуб үйі пайда болды. Ауыл жастары ол жерде түрлі кинофильмдер көріп қана қоймай, сенбі сайын тақырыптық жастар кешін ұйымдастырып, көңіл көтерді, ауыл тұрғындарына өнерлерін көрсетті. Сол кезде ауыл жастары Сайлау, Рахымбектер жергілікті композиторМэлс Өзбековтермен жақсы таныс болып, оның әндерін ауыл жастарының алғашқылардың бірі болып шырқауына мүмкіндік жасады. Бірнеше халықтың ұлттық биін нақышына келтіріп орындайтын Шолаққайыңды ауылының жігіті Өмірбайдың өнеріне сүйсінбейтін жан болмайтын еді. Оның үндінің ұлттық киімін киіп алып, солелдің қыздарының биін билегенде, ешкім оны жігіт адам деп ойламайтын. Осылай ешқандай арнаулы білім алмай-ақ, өмірдің өз қазанында қайнап, оң қол-сол қолын таныпесейген жастардың ішінде бақытын еңбектен тапқан жастар да баршылық болатын.

Тынышбай Қасымбековбіздің ауылға қоныстанған шанышқылы Қасымбек атаның екінші ұлы. Ағасы Түлкібай аңқылдаған ақкөңіл жігіт еді, шаруашылықтың әр саласында еңбек ете беретін. Қыздары Шырайкүл әрдайым арсалаңдап күліп жүретін, ашық-жарқын аса көңілді жан, өзімізбен қатар өсті.Аналары Орынбасар апа өте таза кісі болатын, қазанына дейін жарқырап тұратын еді. Қай кезде бара қалсаң да, ысқылап ыдыс сүртіп отыратыны есімде. Бұл отбасы руы басқа болғанмен, өзімізге туыстай жақын болатын.

Тынышбай 1940 жылы туған. Ақыртөбе орта мектебін бітірген, техниканыңқұлағындаойнағанмеханизатор. «ДТ-75», «Беларусь» тракторларымен соқа тартып, жер жырту дейсіз бе, егін егу, шөп шауып, оны жинап, мая салу дейсіз бе, әйтеуір осының бәрі Тынышбайдың тындырып істейтін шаруалары. Орта бойлы, қара торы, кескін-келбеті келіскен еңбеккер жігіт ауыл ішінде өзінің қарапайымдылығымен де, еңбеккерлігімен де сыйлы болатын. Ауылға келген «К-700» тракторының руліне алғаш отырған азамат та осы Тынышбай. Колхоздың ауыл шаруашылығын нығайтуға бар күш-жігерін аямай еңбек еткен механизатор жігіт «Еңбек озаты» атанып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

Мейрамбек Оспанов 1953 жылдың 26 сәуірінде дүниеге келген. 1984 жылы Жамбыл малдәрігерлік техникумын «ауыл шаруашылығы өнімдеріне бухгалтерлік есеп жүргізуші» мамандығы бойынша бітіріп шықты. 1974 жылы минометті взводтың командирлерін даярлаудың үш айлық курсын кіші лейтенант атағымен бітірген. 1977-1985 жылдары Мемлекеттік автоинспекцияда жұмыс істеді де, 1992 жылы лейтенант, 1996 жылы аға лейтенант әскери атағын иеленді.

2009 жылы Жамбыл политехникалық колледжін «Автокөлікке техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша бітіріп, диплом алды. Туған ауылына қызмет етуді мақсат тұтқан Мейрамбек бұдан кейін ауылда гараж меңгерушісі, экспедитор-жабдықтаушы, одан кейін Ақыртөбе жер асты газ қоймасында гараж меңгерушісі болып қызмет етуде. Гаухар, Асыл, Бекзат атты қыздары бар. Жұбайы Абайкүл – математика пәнінің мұғалімі болды, қазір зейнетте.

Жиес атасынанДөрменов Оңламбайақсақалды көріп өстім. Бұл отбасы біздің жаңа көшеге қоныстанғандардың бірі еді. «Украиншалап» соққан шағын ғана тап-тұйнақтай үйлеріболатын. Аласа бойлы, момақан кісі. Зілі момын, қарапайым еңбеккер Оңламбай қарияның балалары да өзі сияқты, жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын шаруа, әрі тындырымды жігіттер болып өсті.

Оңламбай атаның Шатқалбай деген баласымен жасымыз шамалас болды, қатар оқып, білім алдық. Шатқал үнемі жымыңдап, күліп сөйлейтін ақкөңіл әрі момын бала еді. Өсіп-өнген жан болды. Оңламбай атаның одан кейін Сәрсен, Дүйсен, Әбілсейіт, Алпыс деген ұлдары мен Бақыт атты қызы бар.

Оңламбаев Сәрсен1953 жылы дүниеге келген. Жамбыл орта мектебін жақсы бітірген. Сәрсен ауылдың қай жұмысын болмасын адал, тыңғылықты атқаратын еді. Ол өзі туып-өскен жерінің ауыл шаруашылығының дамып өркендеуіне үлкен үлес қосқан жігіт. Жас жігіттің еңбегі еленіп, 1973 жылы оған Батыр қалаларды аралауға комсомолдық тегін жолдама беріледі де, ол Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Брест, Минск қалаларын аралап қайтады. Бұл ауылда туып, ауылда өскен қарапайым қазақ жігітінің Ұлы Отан соғысы кезіндегі кеңес жауынгерлерінің Отан қорғау жолындағы ерен ерлігінің куәсі болғанын көрген естен кетпес сәт болады. Сәрсен 1980 жылы «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Алайда, өмірдің өзі бір қуаныш, бір өкініштен тұратыны белгілі ғой. Нәбірі отыз жыл өмірінде отбасы мен елінің мақтанышына айналған Сәрсен 1983 жылы жол апатынан қайғылы қазаға ұшырайды.

Бұл отбасы адам сенгісіз бір оқиғаны үнемі естеріне алып, айтып отырады. Сәрсеннің ағасы Шатқалдың түсінде бір таңғажайып аян беріледі. Түсінде әлдекім оған «Келінің көтеріп, егіз қыз туады. Сендер оларды Салқын, Самал деп атайсыңдар. Бірақ әуелі Салқын, содан соң Самал дүниеден озады» дейді. Шатқал бұл түсін ешкімге айтпастан, мең-зең күйде жүреді. Расында да көп ұзамай Сәрсеннің үйіндегі келіні іле-шала көтеріп, егіз қыз дүниеге келеді. Шатқал оларға Салқын және Самал деп ат қояды. Алқашқы Салқын атты нәресте туа салысымен, Самал алты айдан кейін қайтыс болады. Алланың кереметі деген осы шығар. Сөйтіп, Сәрсен атты болашағынан көп үміт күттірген асыл азаматтан қалған бір ғана қыз Гаухар қазір 34-те, 3 ұл, 1 қыздың анасы. Алланың көрсеткенінен әрдайым тәубә дейтін жандармыз ғой...

Оңламбай атаның Алпыс атты ұлы Жамбыл гидромелиоративтік институтын агроном мамандығы бойынша бітірген.Ол өзі туып-өскен бұрынғы Жамбыл атындағы колхозға келіп, «Бекболат» өндірістік кооперативінде 10 жыл агроном, есепші болып жұмыс істеді. Тапсырылған іске жауапкершілікпен қарайтын алғыр жігіт бірте-бірте өндіріс басшыларының назарына шалынып, 2006 жылдан бері Тереңөзек әкімшілігінде бас маман-есепші қызметін атқаруда.

Ұйымдастырушылық қабілеті мол, жігерлі жасты туған жерінің өркен жайып гүлденуі мен болашақтағы тіршілігін жақсарту, жаңарту мәселелері үнемі толғандырып отырады. Ауылдағы «Қанайып бағын» талан-таражға ұшыратқандарға тойтарыс бере отырып, оны қайта гүлдендіру ойында бар оның. Ауыл жастарын спорт, оның ішінде өздері ден қойған футбол ойындарына тартып, жеңістерге жетелеу мақсатында әп-әдемі футбол алаңын жасауды ұйымдастырды. Ауылдағы еңбек адамдарының өткенін елеп, жаңғырту да Алпыстың назарынан тыс қалған емес.Ол Тереңөзек ауылында ашылған Өзібек Ақжолұлын еске алу бағының ашылуына атсалысып, ондағы соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған аллеяда «Көкарықтың» айтулы азаматтарының да орын алуына үлкен себепкер болды. Туған елінің рухани әлеуетін көтеруге атсалысып жүрген жігерлі азаматтың болашағының жарқын боларына ауылдас ағайындарының сенімі мол. Жас отағасы Алпыстың да Назерке, Заңғар, Еңлік, Айкөркем, Асқар атты ұл-қыздары бар.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар