Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Алдан Смайыл: Кие туралы әфсана...

12.02.2016 3401

Алдан Смайыл: Кие туралы әфсана

Алдан Смайыл: Кие туралы әфсана - adebiportal.kz



Менің қолыма таяуда жазушы Жолтай Әлмашұлының «Күлкі мен көз жасы» деген роман-дилогиясы тиді. Көлемі әжептеуір, бес жүз беттен асып жығылады. Бірақ қай кезде де кітап көлемі сапа көрсеткіші бола алмаған, болмайды да. Әйтсе де екі кітаптан тұратын бұл романды қолыма ұстай отырып, аз-кем ойланып қалдым. Бүгінгідей кітап оқуға ықылас тым төмендеп тұрған алмағайып заманда осыншама көсілу, төгіле сілтеу қажет пе еді? Аз көлеммен де көп нәрсені аңғартуға болмас па! Қаламгердің лықсып төгілген, бір бетте екінші бетке еріксіз ауысып отыратын қандай соңы, өзгеше ойы бар? Не туралы жазды? Нені айтпақ болды? Кітапты қолыма ұстағанда мені осы ойлар толғандырды. Оқи бастадым. Бастадым да, пяқтау, түгел оқып шығу керек екен дедім.


Кітаптың соңғы бетін жатқан сәтте түсінгенім, жазушы әдебиет әлемінде ешкім жазбаған соны оқиға іздеп, бас қатырмаған. Бәрі де белгілі жәйт. Сонау 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезеңінен бастап, 1937-1938 жылдардағы репрессия сойқаны сол қалпымен шығармаға өзек етіп алынған. Былайша қарағанда, жаңалық жоқ деуге де болатындай. Бірақ үңіле қарасаңыз, Жолтай өзі таңдаған кезең шындығын басқаларға еліктемей, өзінше түйіндеген.


Жазушының, ең алдымен, бөліп айтарлық ұтымды концепциясы мынада. Ол Қаратау мен Сыр бойында алаңсыз күй кешіп жатқан байлар әулетінің мамыражай өміріне кенеттен Кеңес төңкерісінің келіп килігуін өз кейіпкерлерінің жан қиналысы мен азабы арқылы әдемі кестелейді. Роман кейіпкерлері өзіне дейінгі жазылған бірқатар романдарындағыдай төңкерісті, жаңа қоғамды қол соға қарсы алған жоқ, қайта үрке қарады. Қостауынан гөрі күдігі басым болды. «Жаңа, жайлы өмір бұлайша байларға, дүниесі бар кісілерге қысым жасау арқылы, қорлық көрсету арқылы орнамауы керек» дей ойлайды осындағы басты кейіпкердің бірі – жас мырза Жасыбай.


Осылайша әрі-сәрі күйде не жаңа үкіметке біржола беріліп кете алмай, не басқа бір айла істей алмай басы қатып жүрген бай әулетінің жас легі «елден кету керек, әйтпесе, бұлар бізге бұдан да зорды көрсетеді» деп күңіренеді. Ал екінші топ, ересек топ «жоқ, туған жерден кетуге болмайды» деп келелі кеңеске шақырады.


Осындай екіұдай көңіл-күймен басталған психологиялық тартыс бір сәт те бәсеңсімей, романның аяғына дейін жалғасып жатады.


Ал енді романдағы негізгі желілер туралы тоқтала сөз етер болсақ, оның саласы сан алуан. Бөлек-бөлек, тарау-тарау ойлар кесек-кесек болып көрінеді. «Байлықтың буы» атты бірінші кітапта төрт бөлім, «Қарашаның қаһары» атты екінші кітапта төрт бөлім болып тарқатылып, жалғасын тапқан да, әр бөлімге өзінші жүк артылған. Ең бастысы, роман ширатыла өрілген тартысқа құрылған. Оған мысал етіп алар жайлар да баршылық.


Ең алдымен – жазушы өз романында әке мен бала тақырыбына бала отырып, оны өзге қырынан баян еткен. Таптаурын ойдан, оқиғадан, тартыстан қашқан. Айталық, бай мен оның ұлы Жасыбай екеуінің бейнесі барынша анық айшықталады. Елуден енді асқан бай Нарша бүкіл дүние-мүлік пен жиған байлықтан бірте-бірте бас тарта бастайды. Онысын жасырмай, ашық айтады. Тіпті өзі тұрғылас байлар Қосай, Шарай, Делеулер оны түсіне алмай қиналады. Қосай: «Дәулеттен қашып, ырысты үркітіп жүрсіз» деп кінәлайды. Бірақ нарша өз дегенінен айнымайды. Бұл – бай мен бай арасындағы психологиялық қақтығыс. Бірі – байлықты бақ санайды, ал екіншісінің – халықты екіге жарған сол шірік дүниеден жүрегі айниды. Міне, осындай себеп-салдармен Нарша мен Қосай атты байлардың арасына сызат түседі, екеуі екі бағытқа бұрылып, аралық байланыс күрделеніп, арты тартысқа ұласады. Ол ол ма, бұл аз десеңіз, енді бірте-бірте роман ортасында бай Нарша мен оның ұлы Жасыбай екеуі арасында түсініспеушілік бой көрсете бастайды. Жасыбай «Әке, сіз маңдай терімізбен жиған байлықтан бас тартамын дейсіз, осы дұрып па» деп қиғылық салады. Нарша ұлына кісі байлықпен қай мұратына жеткен, ол өзіңе қасірет болып төнсе, енді не істеу керек ден өзіне қарсы сұрақ қояды.


Мен сөз басында туған жер қасиеті туралы, оны қай кезде де лы зиялылары қадір тұтқанын бекер айтып өткем жоқ. Жазушы Жолтай Әлмашұлы осы ұлы иеяны әуелете көтеріп, астарлай желілеп, бүкіл романның өн-бойына өзек етіп алыпты.


Жүрек толқытарлық ең шешуші эпизод – бай Наршаны тыңдамай, өз дегенімен басқа ел асып кеткен ұлы Жасыбайдың ең соңында қорлық көріп, ет жақындарынан айырылып, әзер деп туған жерге құр сүлесін сүйретіп жетуі. Оралған сәтте туған топырақтан кешірім сұрайтын кезі. Жазушы осы көріністі өте тапқыр, әдемі жымдастырып, аятай білген.


Әке мен бала арасындағы тартыс қазақ, орыс, тіпті әлем әдебиетінде де аз жазылған жоқ. И. Тургеневтің «Әкелер мен балалар», М. Әуезовтің «Абай жолы» романдарында бұл сала, әсіресе, әдемі айшықталған. Әйткенмен, Жолтайдың әке мен бала тақырыбындағы өзіндік қолтаңбасы айқын сезіледі. Ақылы толысқан кісі көреген, жас адам қалай дегенде де қызу қанды. Жасыбай – сондай бейне. Нарша – ойлы, сауатты, сезімтал қария. Оның ойы мен сөзі түптің-түбінде дұрыстыққа айналған.


Ж. Әлмашұлының бұл кітабында тарау-тарау тақырыптар өзінің көтеріп отырған жүгімен көрініп, дамиды. Жақсы мен жаман, өтірік пен шындық, екіжүзділік пен әділдік іспетті кісінің әрқилы қасиеттері әрбір кейіпкер арқылы өзінше өрбиді. Романды оқу барысында байқағанымыз – жазушы көркем дүние жазудың құпия кілтін жап-жақсы меңгерген. Біз Жолтайдың бұрын-соңды жарық көріп келе жатқан «Жетім жұлдыздар», «Пенде мен періште», «Найзашың», «Сұлуды сүю» іспетті әңгіме-хикаяттар жинағымен де, «Оянған ұрпақ» романымен де аздап таныс едік. Ол шығармаларында да қаламгердің аяқ алысы, көркемдік тәсілі жап-жақсы көрініп тұратын. Ал мына романда сол жетістіктер барынша жетілдірілген. Көркемдік биік дәрежеге көтерілген. Нәтижесінде, өмірге тәп-тәуір көркем туынды келіп отыр.


Жазушының бұл жаңа романы ел мен жер туралы һәм адамдар туралы толғау. Ол аз десеңіз, – бұл кітап жер киесі, ел киесі туралы ойландыратын, толғандыратын шерлі жыр. Бір сөзбен айтқанда – кие туралы әфсана.


Киені ұмытуға болмайды, онда бәрінен айрылғаның. Киесіз жылдарға килігіп, жаралы жүрекпен бүгінге жеттік қой. Киемізді қайтара алдық па?


Жолтайдың кітабының соңғы парағын оындай қиын сауалмен жаптық.



Алдан Смайыл

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік

сыйлығының лауреаты, жазушы 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар