Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
АУДАРМА
Александр Гельман. Орындық (жалғасы)...

06.05.2020 2832

Александр Гельман. Орындық (жалғасы)

Александр Гельман. Орындық (жалғасы) - adebiportal.kz

Басы мына жерде

Еркек. (әйелді жеңінен жұлқылай тартып.) Болды ғой, енді... Вера! (опералық дауысқа салып әндете сөйлейді) Мен кінә-лі-мі-і-ін, Вера-а!.. Және сізге уәде берем-е-е-ем!.. Енді қайтып өлсем де-е-е-е!.. Ұмытпаймын сізді-і-і-і!.. (күледі) Кеттік? (әйелді қолынан жетелемекші болады)

Әйел қолын жұлқа тартып алып, орындыққа отырады.

Еркек. (жанына жақын келіп) Не болып қалды, Вера? Айтып өлтірсеңші...

Әйел үстіндегі барқыт күртешені шешіп, еркекке ұсынады.

Еркек. Бұны неге беріп тұрсың?

Әйел. Келер жолы құжаттарыңды үйге қалдырып кет...

Еркек. Не? (күртешені қолына алады)

Әйел. Паспортыңды көрдім…

Еркек. (қып-қызыл болып кететі, сосын түсі бұзылып). Ах, солай ма?! (Жалма-жан ішкі қалтасынан паспортын алып, қайта салады. Күртешесін киеді.) Саған кім рұхсат берді?

Әйел. (көзі жасаурап). Кешіріңізші, Федор Кузьмич… екі ұлдың әкесі... автобазда жұмыс істейтін... ешқандай іссапармен жүрмеген... Қызыләскер көшесінде әйелімен бірге тұратын... (көз жасы парлап қоя берді).

Еркек. Болдың ба?.. Кете берсем бола ма?

Әйел ағыл-тегіл жылап тұр.

Еркек. (сондай бір шешімталдықпен.) Кете берсем бола ма?

Әйел. Қазір өзім кетемін...

Еркек. (әйелдің алдына жүрелеп отыра кетті). Ақымақ! Бәрін құрттың, ақымақ! Неге ақтардың? Қалта ақтару дегеннің не екенін білесің бе? Ол символ... отбасылық өмірдегі ең жек көретін нәрсем. Тексеру... аңду! Кісінің қалтасын ақтарғанша ақылдарыңды ақтарсаңдаршы!.. Ал, көзің неге жетті? Менің Леша емес, Федя екеніме? Қызым жоқ, екі ұлым барына? Осының бәрі сен үшін маңызды ғой, сонда? Ах, әйелім бар екенін біліп қойған екенсің ғой. Ең негізгісі осы. Тиіп алмақшы едің. Аяқ астынан бытшыт болды! Алдаппын! Мүмкін алдамаған шығармын? Солай деп ойлай алмадың ба?

Әйел. (көз жасы сорғалап). Ал мөр ше?

Еркек. Мөр болса қайтеді екен? А?! Мөр болса не болады екен? Өзің де жақында ғана ажырастың емес пе, жақсы білесің – адам ажырасқаны үшін тиісті төлемнен құтылмайынша, ажырсқанын дәлелдейтін мөр қойылмайды. Сол қалпы тұра береді. Жарты өміріңді жалғыз өткізіп, паспорт бойынша әйелің бар адам ретінде өлуің мүмкін! Ажырастым, бірақ ақшамды қимай... міне, ескі мөрмен жүрмін... Осының өзі дұрыс шығар, бәлкім? Мархабат, басқа вариант: шетелге жұмысқа бармақшымын... Африкаға!.. Ал шетелге құжат рәсімдегенде, үйлі-баранды саналғаның дұрыс, ажырасқаннан көрі. Тез жібереді. Мүмкін сол үшін шығар? Маған осы пайдалы, ыңғайлы! Тағы жүз нұсқасын атап бере аламын. Сондықтан бекер ақтарғансың – бәрі бір жағдай мүлдем бөлек екенін білген жоқсың!

Әйел. (әлі жалап тұр). Не жағдай?

Еркек. Айтпаймын!.. Мені үйлендіге санай бер. Жәй... жүріс жасап жүрмін. Солай-ақ ойлай бер.

Әйел. Нең дұрыс емес, сонда?

Еркек. Айтпаймын! Егер қалта ақтармағаныңда – айтар едім. Бүгін саған бәрін айтқым келген... кешір, төсекте! Ал енді құлықсызбын!

Әйел. Маған бәрі бір...

Еркек. Ия! Бәрі бір болса ғой, егер! Онда тіптен керемет болар еді! Бірақ саған бәрібір емес. Неге дейсің бе? Өйткені сен ақымақсың. Өзіңді дұрыс атадың – ақымақсың. Ия, тап соның өзісің... Бәрі ап-айқын. Ақымақ, тебенді шөпке жасыра алмайсың... егер адамдар кездесуді жалғастыра берсе. Бір күні доғарса, онда тіпті... келіп-кетер не бар? Мен, мысалы, ылғи алғашқы кездесуде өзімді басқа атпен таныстырам. Ылғи! Ол мен үшін тәртіп. Өмір солай үйретті. Сондықтан да сол жолы өзімді Юримін дедім. Бүгін де сөйттім – сені бұрыннан танитынымды білгем жоқ қой...

Әйел. Сен өзіңді Лешамын дегенде-ақ білгенсің, мені танитыныңды... Қызым бар деп соқтың...

Еркек. Несі бар? Білдім!.. Бірақ бұдан кейінгі қарым-қатынасымыз қалай боларын білгем жоқ. Білдім бе? Білгем жоқ! Сен мені буындырмақшы болдың. Бөлімшені көз жасыңа батыра жаздадың. Демек мен, соның қарымтасы ретінде араздасуым керек екен ғой? Ненің құрметіне? Сен қалтамды ақтармауың үшін бе? Ал, ақтардың. Не шықты? Таныдың да тайып тұрдың ба? Қайдағы! Отырсың, ботадай боздап!


Әйел сондай бір шешімталдықпен атып тұрады.

Еркек. Отыр, қақшимай! (әйелді жеңіл ғана итеріп отырғыза салады). Аптығыңды бас. Қазір бәрін айтам. (темекі тұтатады). Мен автобазда жабдықтау бөлімінің бастығымын. Осында, қалада, екі ұлым бар. Үлкені былтыр үйленген, бөлек тұрады. Үш жыл бұрын ажырасқам. Сондықтан алдағам жоқ... ең бастысы. Ол әдебиет пәнінің мұғалімі, Ленинград пединститутын бітірген... Герцен атындағы! Маған өмірі көңілі толған емес... мен әпербақанмын, аз оқимын, адамдармен адамша сөйлесе алмаймын... ал оның анда... өз ортасы бар... мүмкін, көзіме шөп те салған шығар, білмеймін, үстінен түспеген соң! Пысықсың деп жақтырмады... өзі де жетісіп тұрғаны шамалы... көлік, кез келген дефицитің... қиналмай табатын. Балаларды менің ықпалымнан қорғаштайтын... бала күндерінен құлақтарына құйды, әке деген – нашар адам деп!.. Соңына дейін төздім. Сосын ажырасып тындық. Бірақ әзірше бір пәтерде тұрып жатырмыз... бөлісе алар емеспіз.

Әйел. Мен саған сенбемін!

Еркек. Сені мөр ме, мазалап тұрған? Нағыз бюрократтың өзі екенсің! Ол өзі мөр бастырып алды, қажет болды да, былтыр күйеуге шықпақшы болған. Ал маған керегі жоқ еді, үйленгім келмеген, бар болғаны осы! Ертең қаржысын төлеймін де – маңдайыма бастырып алам, сол мөрді! Сен секілді селқостар бірден білсін – бой-дақ! Мә, жамылып отыр! (Күртешесін әйелге ұстатады).

Әйел. Мен саған сенбеймін!

Еркек. Бұл енді жеке шаруаң, Верочка. Қалта ақтаруға тиым салынады, сенгің келмесе – мархабат! Тіпті ешқашан алданбаудың амалын да айтып бере аламын. Саябақа келме, ешкіммен таныспа, үйіңде отыр. Сонда толық қауіпсіз жағдайда боласың! (кенет) Қалам берші.


Әйел үнсіз, шашын түзеп, кетуге ыңғайланады.

Еркек. Қалам бар ма?

Әйел жауап бермейді.

Еркек. Қалам сұрап тұрмыз ғой, сенен.

Әйел. Оны қайтесің?

Еркек. Өзім білем.

Әйел сөмкесінен қалам алып, еркекке ұстатады.


Еркек. (жерде жатқан газеттің шетінен жыртып алады. Қалтанысан паспортын алады. Паспортты астына қойып тұрып, газеттің қиындысына бірдеңе жазады. Паспортын қалтасына салады. Әйелге қаламы мен әлгі газетті ұсынады) Ұста.


Әйел сенімсіздеу кейіппен еркектің жүзіне үңіледі.

Еркек. Үйдегі телефонның нөмірі. Аты-жөні Антонина Петровна. (сағатына қарап) Қазір үйде болу керек. Тап осы арадан қоңырау шалсаң болады. Әне, автомат тұр. (иегімен нұсқайды).

Әйел. Не үшін?

Еркек. Қалай не үшін? Қоңырау шал да айт: солай да солай, Федор Кузьмичпен таныстым, бірақ паспортында мөр бар екен де. Айт, кешіріңіз, шын мәнінде жағдайы не болып жатқанын білгім келіп еді де. Ол саған жағдайдың қалай болып жатқанын айтып берер... Ұста...


Әйел қаламды ғана алады.

Еркек. Телефон нөмірін де ал.

Әйел. Керек емес. Өйтпеймін.

Еркек. Неге?

Әйел. Өйткені бәрі бір сенбеймін саған.

Еркек. Бұрынғы әйеліммен сөйлесесің... саған басқа не керек, тағы? Әлде мені осылай келерде басқа бір келіншекке телефоннан менің әйелім болып сөйлесуге келісіп кетті деп ойлайсың ба? Әдейі сені аладау үшін?.. Осылай тұра берем бе, қолымды созып?

Әйел. Онда, сол түні қайда асықтың? Сен бәрін ойластырдың ғой – іссапарды да, самолетті де... қайда асықтың, сонда?

Еркек. Сол түні ме?

Әйел. Ия, сол түні.

Еркек. Үйге асықтым. Өз үйіме. Ол сол күні үйге түнеуімді өтінді, кіші ұл ауырып, ыстық шығып... жедел жәрдем шақыра қалсақ, баланы ауруханаға алып кетер болса, үйде бол деді. Сол үшін асықтым. Сөйтіп бара қалып едім – ол бас салып құшақтап, жылап-сықтасын келіп, қайта қосылайық деп. Оның соған дейін басқа жігіті болған ғой, соған тимекші болған, бірақ онысынан түк шықпады. Ол соған қиналып жүрген... сергелдеңге түсіп. Сенен несін жасырайын – бәрін басынан бастауға келістім. Кешір, тап осылай: сенен шығып, екі жыл жоламаған бұрынғы әйеліңнің қойнына күмп беру... Қанша дегенмен оңай емес. Қаншалықты ауыр, қиналысты жағдай екенін өзің де білесің. Өзіңнің де екі сөздің бірі «менің Петям» ғой, шын мәнінде ол сенікі болмай қалғалы қай заман... Сол жолы бізден де ештеңе шықпады, үш күннен соң баяғы ұрыс-керіс қайта басталды, содан бері бәрі біткен. Сондықтан жасқанбай хабарласа берсең болады. Егер ол сенің пәтерің бар екенін, менің тұратын жерім барын білсе, онда тіпті өзі көмкетесе бастайды... құрбы болып кетесіңдер! (Қағазды ұсынады) Ал.

Әйел. (қағазға жоламайды) Ал неге қайдағы жоқ қызды ойлап таптың?

Еркек. Енді, солай боп қалды, не істе дейсің! Мен өзі фантазер адаммын. Ол қызды өзі қашан ойлап тауып ем? Ең басында! Сосын... ары қарай... өз иницативамды қолдауға тура келді дегендей. Дамытып әкеттім. (күледі). Сен түсін, Вера, әрқайсысы өмірді біраз сүріп тастаған екі ересек адам – аяқ астынан жолығады! Ондай сәтте бәрі ойдағыдай бола бермейді ғой. Басында сен де айттың? Витя демалыс лагерінде дедің, артынан әкесінде болып шықты. Ал, сонда сен неге алдадың... ақталмайсың ғой? Солай болып қалды. Мен әзірге сен үшін бөтен адаммын, сондықтан тіліңнің өзі шындықты айтудан қашқақтап тұрады. Бірақ мен, бірге тұрсақ, қазір сен ішіңе бүгіп отырған талай құпияң ашыларына сенімдімін. Өмірдің заңы! Мен негізі бір жағы тұйық, сақ адаммын, ал екінші жағынан – қиялға бай, мақтаншақ, ми жегішпін... Жарылқаушы! Біз қалай жарылқаймыз, білесің бе? Бәріне епті болу керек... алдай сал, ойдан шығар, білгеніңді ұмытып қал, ұмытқанды еске түсіре сал! Тығырыққа тірелетін кез болады... бітті, шегінерге жер жоқ! Сондай сәтте миыңды көсейсің келіп, көсейсің келіп... ақыры амалын табасың! Сөйтіп қайтадан атқа қондың! Айтпақшы, және бір қырым бар. Мен, мысалы, жомарт адаммын. Мына күртеше керек пе? Мархабат, сыйладым! Шалбарымды да шешіп бере аламын... егер мәжбүрлесең іш киіммен-ақ қайтам, үйге! Өмірімде жан баласына тіс жармайтын да жағдай болған! Біз кішкентай ұл мен қыз емеспіз ғой, Вера. Бір-бірімізді қанша сағат көрдік, білесің бе? Ана жолы төрт сағат, қазір (сағатына қарап) екі сағат. Барлығы – алты сағат. Міне, екеуміздің бірге өткізген бар биографиямыз! Алда не күтіп тұрғанын бір құдай біледі. Кешір, осының бәрін тәптіштеп тұрғаным үшін, бірақ сен шындықты білгің келеді. Сен тіпті шындықты іздеп қалта ақтарасың... Айтпақшы, бір сұрағым бар. Қалтаға байланысты...

Әйел. (күдікті көңілмен). Қандай сұрақ?

Еркек. Сен менің қалтамда паспорт барын қашан білдің? Анда, әжетханада ма? Әлде соған дейін біліп алып па едің?

Әйел. (айтсам ба, жоқ па дегендей) Ия...

Еркек. Не ия?

Әйел. Білдім...

Еркек. Әжетханаға барып па едің?

Әйел. Жоқ...

Еркек. Демек, паспортты көру үшін әдейі оңаша кеттің ғой?

Әйел. Ия... (көзінен жас тамып кетеді)

Еркек. Көрдің бе, қалай? Онша жақсы нәрсе емес, ә? Федя, қалтаңдағы паспортыңды көрсетші деп өзімнен сұрасаң да болар еді.

Әйел. (бір күліп, бір жылап). Ол уақытта сен әлі Леша болатынсың...

Еркек те шыдамай күліп жіберді. Екеуі қосыла күліп жатыр.

Әйел. Кешір, сен онда әлі Коля болатынсың... Қалтаңда паспорт барын қалай білдім деші?.. Мені тас қып құшақтап алдың... жындыханаға түсетін шығармын деп айқайладың... (күлкіден дұрыс сөйлей алмай да тұр)

Еркек. (күлкісін сап тиып, түнере қалады). Сонда сен әдейі өтінген болдың ғой, күртешеңді арқама жапшы деп? Оңаша барып, паспортты көру үшін. Солай ма?.. Мен сенен сұрап тұрмын – сол үшін ғой?


Әйел де күлкісін тиып, томсырая қалады.

Еркек. Қатырасың. Кінәсіз, алданған байғұс! Қарай гөр! Паспорт барын біле қойған!.. Паспорт сезу қабілетің жақсы дамыпты, сенің! Мынау жаңа сезім... патенттеп алу керек!.. Сүйісіп тұрып та, оңаша барып паспорт тексереуді ойлап тұрдың! Мықты... сөз жоқ!..

Әйел. (орнынан тұрып). Мен кетейін.

Еркек міз бақпады.

Әйел. (не кетіп қаларын, не кетпесін білмей) Қиынсынбасаң, қақпаға дейін шығарып салшы... қараңғы, қорқам...

Еркекте үн жоқ.

Әйел. Ал, онда сау бол... Қоштасуға да жарамай қалдың ба? Неге өкпелеп тұрсың? Мен де бәрін мойындадым. Сонда... саған бәрі кешірімді де, маған болмай ма?..

Еркек. (түрегеліп, жымия жақындайды да, құшақтайды) Болды! Татуласайық! Тек есіңде болсын – енді екеуміз де квитпіз: мен сені алдадым, сен мені алдадың! (Күледі.) Кеттік. (әйелді қолынан жетелемек болады).

Әйел. (қозғалмай тұрып алады). Сонда сен... ажырасқаныңа үш жыл болды... содан бері ешкімің жоқ па?

Еркек. Неге жоқ?.. Енді... болған... Біреуімен тіпті жарты жылдай тұрғам. Кейде жолым болғыш... Соның үйінде тұрып жаттым, қомақтылау ақша беріп тұрдым, сендім... сөйтіп бір күні үстінен түстім... ойламаған жерден... ол сол мен берген ақшаны жинақ кассасына салып жүр екен, менен жасырып! Жан-тәнімен берілген, адал, елпек қағып тұратын еді!.. Содан «Мен сенің үйңіде пәтер жалдап тұрып жатыр ма екем?! Уақытша?!» – деп бар ашуымды төктім! Сөйттім де тайып тұрдым... (Қарқылдап күледі. Ашулы адамның күлкісі). Тоғышарларды суқаным сүймейді! Мен он төрт жасымнан қара жұмыстың қамытына жегілдім ғой, техникум бітірдім, сырттай... институтқа түстім – тастап кеттім, үйдегілерді асырауым керек болды!.. Сен, Вера, білмейсің ғой, оның қандай ауыр жұмыс екенін – жақындарыңды асырауды айтам, осы бар ғой титықтатып жібереді. Өл-тіріл – жоқтан бар жаса! Кешір әрине, кейде тіпті болмашы бір қағазға қол қойдыру үшін, қабағынан қар жауған бір қатынмен төсектес болуға да тура келеді... Қиналып біттім ғой мен, Вера, шаршадым... мына жұмыстан, мына өмірден! Жасым болса қырық беске келді... өзімдікі дейтін аядай баспанам да жоқ... Мына үйді анау алып қоймақшы... Мен оған айттым – кез келген айырбасқа көнем деп... кез келген (Темекі тұтатады) Тартасың ба?

Әйел. Мен шекпеймін, Федя. Жәй, сән үшін... (сәл үнсіз қалып) Федя, мүмкін, айырбастың қажеті жоқ шығар? Пәтерді соларға қалдыр. Сендерде қанша бөлме еді?

Еркек. Екеу ғой.

Әйел. Онда соларға қалдыр. Олар екеу ғой. Егер екеуміздің көңіліміз жарасса, мен өзімнің бір бөлмелімді қала сыртынан екі бөлмеге ауыстырармын. Туыстарымның бәрі қала сыртында тұрады, мен де со жақтан... олар мені үгіттеп жүргелі қашан. Алыс емес, қырық-ақ минуттық жол. Табиғаты қандай керемет – орманның іргесі, өзен, көл. Екі бөлмеміз болады – ғажап! Витькаға біреу, екеумізге бір бөлме. Маған онда тіптен оңай болар еді... апайым көмектесіп тұрады, үнемі, жездем алтын адам, милиционер. Ол жақ нағыз жүйке емдейтін жер, қаладай емес.

Еркек. Білмеймін, Вера. Бір жағынан жақсы, әрине. Бірақ әлі де байқастап көру керек.

Әйел. Жақсы болады бәрі, Федя... әлден сенімдімін. Тап ертең тәңертең біздің туыстарға жүріп кетсек қайтеді? А? Бүгін жұма, екі күн демалыс бар. Жексенбі күні кешке қайтып келсек болады, болмаса дүйсенбі таңертең. Сенің жұмысың нешеде?

Еркек. Тоғызда басталады.

Әйел. Менікі сегізде. Ертерек келеміз... станцияға жаяу барайық, жолы керемет... орманнан өтеміз. Барамыз ба?


Еркек білмеймін деген кісіше иығын көтерді.

Әйел. Қорықпа, онда сенен ешкім ештеңе сұрамайды, ыңғайсыз жағдайға қаламын деп ойлама. Апайымның үйі үш бөлмелі – біреуі біздікі. Болмаса ауызғы үйде... олардың верандасы ат шаптырым, жабық, жазда сонда жатқаннан рахат нәрсе жоқ. Таңертең күннің нұры түртіп оятады. Барамыз ғой? Қалада жұмысың жоқ шығар?

Еркек. Жоқ болуы керек. Жәй...

Әйел. Барайық, барайық! Болды, шешілді! (еркекті сүйіп алады) Тыңдашы, мүмкін үй салармыз? Өз үйің болғаны жақсы емес пе? Қиын ештеңесі жоқ. Жақсы бір жер таңдасақ, анда бізге көмектеседі... оның үстіне өзің қамтамасыз ету бөліміндесің... енді... транспорт, материал... саған оңай шығар, басқаларға қарағанда? Ал менде, кітаптың арасында, бастапқы керек-жараққа екі мың жатыр. Үй керек пе?

Еркек. Жаман болмас еді! Үйдің аты – үй ғой! Пәтердей емес.

Әйел. (қуанып) Соны айтам!.. Алдымен бір бөлмені екі бөлмеліге айырбастаймыз, сосын ақырындап сала бастаймыз. Асығатын не бар... біртіндеп-біртіндеп – үй де үлкейеді! Сенің балаларың да келіп тұрар. Оның үстіне әне-міне немере сүйейін деп отырсың... Қашан дейді, өздері?

Еркек. Бүгін-ертең емес-ау.

Әйел. Федя, бұл табылған ақыл!.. Ал пәтерді соларға қалдырасың. Анауың да мәз боп қалар, ол да жақсы. Қанша дегенмен пәлен жыл отастыңдар. Жиырма жыл ма?

Еркек бас изейді.

Әйел. Ал! Кісіні ренжітудің не керегі бар? Ертең жол жүретінімізге сондай қуанып тұрмын, Федя! Өзің көресің, апайым да, жездем де, шешем де жақсы адамдар! Ағам, рас, үлкен ағам, аздап адасып жүр... бірақ ол да нашар адам емес, қандай көңіл-күйіне тап болғаныңа байланысты. (Сөзді күрт үзіп. Үндемей аз тұрып) Федя, сен шынымен де бүгін екеуміздің кездейсоқ кездесуіміз – тағдырдың ісі деп ойлайсың ба? А? Әлде жай айта салдың ба?

Еркек. Кеттік, Вере. Жәй емес.

Әйел. Жоқ сен шыныңды айт – шынымен солай ойлайсың ба?

Еркек. Шынымен. Кеттік!

Екеуі бірнеше қадам жасаған соң, әйел тоқтап қалады.

Еркек. Тағы не?

Әйел. (басы салбырап, жүзі қуарып) Федя, ренжімеші...

Еркек. Тағы не болып қалды?

Әйел. Менің қоңырау шалғым келеді.

Еркек. Қайда?

Әйел. Сенің әйеліңе...

Еркек. Түсінікті!

Әйел. Егер қарсы болсаң, керегі жоқ...

Еркек. Құдай үшін, шала ғой!

Әйел. Неменеге айқайлайсың?

Еркек. Айқайлаймын... өйткені жарты сағат бұрын қоңырау шалуыңа болар еді!

Әйел. Сен не, асығыссың ба?

Еркек. Ешқайда асығып тұрғам жоқ! Жәй, кеш болып кетті... сағатқа қарашы! Ал бар! Сөйлес! Мен осында күте тұрайын ба? Әлде бірге барайын ба?

Әйел. Федя, саған сөз берем, қазір қоңырау шалам, сосын сені өмір бойы тексермеймін, өмір бойы... қалтаңа саусағымның ұшын да жүгіртпеймін... бұдан былай тіпті мұндай ештеңе болмайды! Ал енді жай ғана... Енді...

Еркек. Түсінікті болды! Бар, сөйлес.

Әйел. Сүйші мені.

Еркек әйелді сүйеді.

Әйел. Ол менімен дұрыс сөйлесе ме?

Еркек. Әрине... білмеймін... егер ер-тоқымын баурына алып тулап отырмаса...

Әйел. Ұлың үйде ме еді?

Еркек. Ол нағашы атасында. Тулада. Сенімен бірге барайын ба?

Әйел. (басын шайқап). Онсыз да ұялып тұрмын. Мен тез-тез. (Кетеді)

Еркек. Вера! Нөмір ше? (Қалтасынан қағаз алып көрсетеді.)

Әйел. Жаттап алғам!

Еркек. Қалай жаттап алдың? Қолыңа да ұстаған жоқсың ғой?

Әйел. Не бопты? Көз жүгірттім де жаттап алдым. 34-23-17. Антонина Петровна. Бала күнімнен жадым мықты.

Еркек. (шынымен таң қалып). Қарай гөр! Нағыз тыңшылықпен айналысатын адамсың!

Әйел. А! Ал сен болсаң – ақымақ, ақымақ дей бересің... Солай! Тағы бір сүйші...

Еркек әйелге жақын барып, құшақтайды. Сүйіседі. Әйел сондай бір нәзік, ерке қылықпен еркектің құшағынан сытылып шығады. Қасқа басынан шөп еткізіп, жүгіре жөнеледі. Еркек состиып жалғыз қалады. Сағатқа қарайды. Шылым шегеді. Темекісі азайып қалған екен – қынжылады. Әйел кеткен бағытқа қарай жүреді. Кілт тоқтап, кері қайтады. Қайтадан сағатқа қарайды, күрсінеді. Орындыққа жалп етіп отыра кетеді – аяғын алға созып, қолын орындықтың арқасына асып, шалқаяды. Темекісін будақтата отырып, ысқырып, әлдебір әуенге басады. Кенет әйел пайда болады – бағана кеткен жақтан емес. Шамасы, қайтарда көк майсамен тура тартқан болуы керек. Тез-тез басып келе жатыр, бірдеңеге абыржулы, ашулы, жүзінде кек бар. Еркек атып тұрып, қарсы жүреді. Алаңдаулы.


Еркек. (алдын орап) Не болып қалды? Тағы бірдеңе болып қалды ма?

Әйел. (ашуын әрең тежеп). Отыр.

Еркек. Жай ма?

Әйел. Отыр!

Еркек отырады.

Әйел. Тұр.

Еркек. Вера, саған не болды?

Әйел. (айғай салды) Тұр!


Еркек түрегеледі.

Әйел. Кімнің телефонын бергенсің маған?

Еркек. Кімдікі несі?

Әйел. Кімнің телефоны? Жаңа мен қоңырау шалған.

Еркек. Не болып қалды? Бөтен үйге түсіп кеттің бе?

Әйел жауап берудің орнына жақтырмай қарайды.

Еркек. Сөйлестің бе? Не деді?

Әйел. Жауап жоқ...

Еркек. Тұтқаны ешкім көтермей ме? Әлде желі бос емес пе екен?

Әйел. Ешкім көтермейді...

Еркек. Онда әлі келмеген ғой. Менің не қатысым бар? Өз еркі өзінде – келгісі келгенде келеді. Кейде тіпті келмей қалады. Сен не, соған бола ашуланып тұрсың ба? Есің дұрыс па? Оның үйде жоғын біліп, әдейі берді деп тұрсың ба, нөмірді? Басқа автоматтан хабарласарсың. Үйіңнің маңындағы. Болмаса ертең. Жүр... Сосын кісінің жүйкесін жұқарта бергенді қойшы... өзіңнің де, менің де! Кеттік! (әйелді қолынан тарқылайды)

Әйел қолын жұлқып қап, тапжылмай тұрып алады.

Еркек. Вера, жетер!

Әйел.Иә, жетер...

Еркек. Не?

Әйел. Тойдым! (еркекті шапалақпен тартып жібереді)

Еркек. Сен не?

Әйел. Сен маған автобаз директорының нөмірін бердің!

Еркек. (қызарақтап) Не-е-е?..

Әйел. Сен маған автобаз директорының нөмірін бергенсің! Қазір бәрі бір ешкім жоқ деп ойладың ба... кабинетте? Нөмірді сол үшін бердің бе? Ақмақ Вера – мейлің, таң атқанша қоңырау шал дедің бе? Ешкім жоқ деп ойладың ба? Ешкім жоқ деп ойладың ба? А? (сөмкемен еркекті бастан періп кеп жібереді). Ешкім жоқ деп ойладың ғой? Онда адам бар! Бірдеңе жуып жатыр! Айтулы дата! (сөмкемен ұрады) Дата! (ұрады) Дата! (ұрады)


Еркек. Доғар!.. Мен, шамасы, нөмірден жаңылыстым!..

Әйел. Нөмірден жаңылысады! Үйіңнің телефоны қандай? Ал айтшы, қандай?

Еркек. Жарайды, Вера, мен тойдым! Сау бол! (бұрылып кете бара жатады)

Әйел. (қолынан шап беріп) Тоқта! Айт, телефоның қандай?

Еркек. Айтпаймын!

Әйел. Ал мен біліп алдым! Бәрін, бәрін білдім! Сенде телефон да жоқ. Әйеліңмен де ешқашан ажыраспағансың! Ешқандай қамтамасыз ету бөлімінің бастығы да емессің, автобус жүргізуші! Автобусың қандай еді? «МАЗ»? (сөмкемен бастан переді)


Еркек қолымен басын қорғаштайды.

Әйел. «ЛАЗ»? (ұрады.) «УАЗ»? (ұрады.) «КрАЗ»? (ұрады). Білем сендерді, ақшаны аласыңдар, билет бермейсіңдер! Берген күннің өзінде, қулықтарыңа құрық бойламады. Соның арқасы ғой, айына төрт жүз? Соның арқасы ғой? (ұрады) Соның арқасы ғой? (ұрады). Жақында ғана әйелің екеуің жеке пәтер сатып алдыңдар ғой? Үш бөлмелі. Қоныс құтты болсын! Құтты болсын! (ұрады) Құтты болсын! (ұрады)

Еркек. (әйелді итеріп жібереді) Жетер, төмпештегенің. Сен не?..

Әйел. (қайтадан жағасына жармасып) Бәрін жайып салды!.. Сенің анау директорың әңгімешіл еркек екен! Мені ішуге шақырды... бүгінгі датаның құрметіне. Бүгінгі датаның құрметіне! (ұрады) Жасым нешеде екенін сұрады. Артымнан машина да жібермекші болды (сөмкемен ұрады). Жас иісті жақсы көресіңдер ғой? Көлік мінген бақытсыздар! (ұрады) Мен қазір сені ажырастырам... (еркекті анда-мында тартқылап, алақтап айналадан бірдеңе іздеп жүр) Бағанағы кірпіш қайда? (анда бір, мұнда бір сүйреп) Мен қазір сені ажырастырам... былық өміріңмен біржола қоштасасың! (еңкейіп кірпішке қол созады)

Еркек қатты итеріп қалып, әйел құлап түседі. Еркек тез-тез басып кетіп қалады.

Әйел. Мәңгілікке ажырастырам сендерді!.. (атып тұрып, қуып жетіп, ту сыртынан қапсырып ұстап алады) Оңай құтылам деп ойлама, алаяқ!

Еркек. Ал не болды? Мен сені алдадым, сен мені әшкере қылдың. Тағы не керек саған? Жібер!

Әйел. (ентігіп) Жоқ!

Еркек. Неменеңе ұстап тұрсың, осыдан бірдеңе түсе ме, неменеге ұстап тұрсың мені?

Әйел. Жоқ!

Еркек. Не – жоқ? Жібергің келмей ме? (жымиып) Үйіңе барғанымды қалайсың ба? Жүр онда...

Әйел тізесімен еркекті қуықтан теуіп кеп жібереді.

Еркек. (жаны шығып кете жаздады) А-аххх, салдақы! Оңбаған неме!.. (әйелді итеріп жібереді)

Әйел. (қайта жабысады) Полицияға барамыз!

Еркек. Немене? (күледі) Ал, қане, не айтасың оларға? Ажырасқам деп еді, сөйтсем ажыраспапты дейсің бе? (күледі) Полиция ондай мәселемен айналыспайды, ақымақ! Алдадың деуін! Күніне әлемде он мыңдаған әйел он еркекке алданады! Өмірдің заңы!.. Тарт қолыңды!

Әйел. Жоқ!

Еркек. Сайтан алғыр, саған өзі не керек! Дер кезінде қырағылық таныттың... менің оңбаған екеніме көзің жетті. Бәрекелді, жарайсың! Мақтануыңа болады! Бастан төмпештедің, жазаладың... аз ба саған? Қалғанын ана дүниеде атқарарсың. Сол жақтан мені тауып алып, қолымнан жетелеп құдайдың алдына апарарсың: көзімді бақырайтып қойып алдады, жазасын беріңіз дерсің. Сосын мені қайнап жатқан қазанға салады. Ал өзің бір шетте менің ыстық суда қалай тырбаңдағанымды көріп... мәз болып қарап тұрарсың! Сондықтан сәл тоса тұр, өшіңді ана жақта аласың!.. Жібер...


Әйел жібереді.

Еркек. Міне, енді жөнге келдің. Қараңғыдан қорықсаң қақпаға дейін шығарып сала аламын. Сөйтейін бе?

Әйел. Керегі жоқ.

Еркек. Онда, жолың әне дегендей... (кете барады)

Әйел. (соңынан айқай салады) Ертең әйеліңе барам! Бәрін айтам! Бір желпіндің де қайттың ба? Желіктірем! Мекен-жайыңды жаттап алдым! Қызыләскер көшесі жеті, жиырма бірінші пәтер!


Еркек кілт тоқтады. Бұрылды. Түрі өрт сөндіргендей. Әйелге қарай жүрді. Әйел де жасқаншақтап шегіншектей беріп, қылтасымен орындыққа тіреледі. Отыра қалады. Бүрісіп отыр, бірақ зығырданы қайнап отыр, неге болса да тойтарыс беруге дайын.


Еркек. (әйелдің алдына келіп тоқтайды) Мекен-жайымды қайдан білдің? Қайдан алдың деймін?

Әйел. (қорықса да ашулы үнмен) Паспортыңнан көрдім! Енді жүз жыл өтсе де ұмытпаймын, ұқтың ба? Мына жерімде. (саусағымен өзінің маңдайын түртіп көрсетеді) Бұл жерден қазып ала алмайсың!

Еркек. Тыңда, сен... саябақ инспекторы! Белдемше киген кезқұйрық! Мен қарапайым шопырмын, өзің айтқандай... қараңғыда байқамай басып кетуім ғажап емес!.. Қарай гөр, өзін! Әйеліме бара қоймақшы!

Әйел. (зілдене тіл қатып) Ия, барам! Тым құрыса бір ұятсызды жөнге салам!

Еркек. Қандай қақың бар... сенің? Мен не сенің – ағаңмын ба, құдаңмын ба? Мен сені танымайды екенмін, танығым да келмейді! Біз бөтен адамдармыз, ұғасың ба соны? Менің өз өмірім бар, сенің өз өмірің! Сенің бай таба алмай жүргеніңе мен кінәлі емеспін!.. Бетсіз, ұры құсап қалтаға түсіп, мекен-жайды біліп алып, енді әйеліме бармақшы!

Әйел. Көзімізді бақырайтып қойып алдамауың үшін барам! Мұнда мені, үйде оны...

Еркек. Онда сенің шаруаң қанша? Саябаққа неменеге келдің? Таптың, іздеп келгеніңді! Алданғысы келмеген адамда ешкімнің шаруасы да болмайды. Бағана қаншама келіншектің қасына бардым ғой... көрді, сенімсіз екем... ары жүр деді... Бітті, әңгіме жоқ! Ал сен өзің жабыстың, келдің де! Мен сені танығам да жоқ... ия, төсектес болдық, бірақ танығам жоқ! Сенің орныңда басқа біреу болса баяғыда-ақ жердің жыртығына кіріп кетер еді! Ал сен? Жоқ! Кезекті жорыққа шыққансың! Осыдан кейін де мені бопсаламақсың ба? Мен не, ауызбастырық жасауым керек пе? Аузыңды жабу үшін қанша төлеуім керек?

Әйел. (көзі мөлт-мөлт етіп) Сен не, шошып кеттің бе?

Еркек. Әрине, шошып кеттім…

Әйел. Әйеліңнен қорқасың ба?

Еркек. Қорықпаймын. Мен оны сыйлаймын. Ештеңе білмей жүріп жатқан адам, мүмкін білгісі де келмейді. Содан... жоқ жерден сен пайда боласың! №9 бақылаушы! Сен анау өзіңнің фабрикаңдағы шұлықтарыңды тексер, тесік кетіп қап жүрмесін, ал менің отбасыма тануыңды тықпа! Сен не, әйеліме айтып барасың, сосын ол үйден қуып шығады да, өз қолыма кіргізіп алам, туыстарыңның жанынан үй саламыз деп ойлайсың ба?.. Алдап кеткен тағдырың туралы шешімді алдымен өзің шығарсаңшы... әйтпесе осы қалғаның қалған!


Әйел жылайды.


Еркек. Тұзды суыңды төге бермеші. Өзің қылдайсың, ал көз жасың бөшке-бөшке! Ескертіп қояйын: осыдан әйелім бірдеңенің шетін сезетін болса, біттім дей бер! Мен ашуының қайтымы тез жайдары еркекпін, бірақ мынадай нәрсе үшін... аямаймын! (әйелді сілкіп) Ұқтың ба, жоқ па?

Әйел. (жүзін жас жуып) Ұқтым...

Еркек. Сыбысың білінбесін! Ұқтың ба?

Әйел. Ұқтым... Баршы, құдай үшін... Қорықпай-ақ қой...

Еркек. Ертең тағы бірдеңені қиялдауың мүмкін. Басқа біреу өкпелетіп, алдап кетеді, сосын өшіңді менен аласың! Сенің еске сақтау қабілетіңнің кереметтігінен жапа шеккім келмейді! Сенімді болуым керек, түсіндің бе? Әйтпесе хат па бірдеңе жазып жіберіп жүрсең... Өйтпейтініңе көз жеткізуім керек, ұқтың ба? (әйелді саусағымен нұқып) Қане, ант бер. Былай де: ант етемін де. Мен кімге айтып тұрмын, ант етемін де.

Әйел. (тамағына өксік тығылып) Ант етемін.

Еркек. Міне, солай. Енді, егер қаласаң, саябақтан шығарып сала алам... қорықсаң.

Әйел. Керек емес...

Еркек. Бопты. Онда мен кеттім. Не үшін ант бергеніңді ұмытқан жоқсың ғой? Ұмытқан жоқсың ғой?

Әйел. Ұмытқам жоқ... Мені буындырып тастасаң да болады, сенімді жүресің... Маған бәрі бір...

Еркек. Жә-жә... Бұған сөз жоқ. Тап ертең осы арада жайнаңдап отырарсың... түк болмағандай. Соңғы рет сұраймын – саябақтан шығарып салайын ба?

Әйел үнсіз, егіліп тұр.

Еркек. Онда мен кеттім. Қош бол. (кете барады).

Әйел жалғыз қалады. Айналада тірі жан жоқ, ол орындықта жалғыз отыр. Өксіп жылайды. Бетін қолмен басқан күйі орнынан тұрып, орындықтың артын айналып, көк майсаға шығып, жүрелей бүк түсіп отырып, солқылдап кеп жылайды. Солқылдап жылап отырғанын селкілдеген иығы айтып тұр.

Кенет бұтаның тасасынан Еркек пайда болады. Жүзінде қобалжу бар. Орындық бос тұр. Әйел жоқ. Ол алақ-жұлақ етіп жан-жағына қарайды. Анадай жерде отырған әйелді көреді. Қасына таяп барып, бұл да жүрелеп отырады.


Еркек. Вера... (ақырын иығынан түртеді) Вера...

Әйел. (селк ете түсіп, басын көтереді. Кенет еңіреген күйі еркектің мойнына асылады. Ағыл-тегіл жылайды. Онысы қуаныштың көз жасы болатын) Федя... Феденька... Федечка!.. (құшырлана сүйеді) Келгенің қандай жақсы болды, қарашығым менің!.. Мен бұл жерден тірі қайтпаушы едім, Федя...

Еркек. Болды... Қоя ғой...

Әйел. Енді болмағанда мына кірпішті, қарғыс атқыр кірпішті сөмкеме салып, мойныма асып... мына жақын жерде тоған бар, терең жерін білемін...

Еркек. (шошыған кейіппен) Сен не? Есің ауысқан ба? Сонда Витьканы қайтпексің?...

Әйел. (жылап отыр) Әкесі бар ғой, тәрбиелесін. (көз жасын сүртіп) Сен менің қиналғанымды сездің ғой ия?.. Сүйкімдім менің... екеуміз қазір біздікіне барамыз, үйде ішетін бірдеңе бар... менімен ішесің ғой?.. Жарай ма?.. Жаман ойлама, мен бәрін түсінемін... таңертең үйіңе өзім шығарып салам... мен бәрін түсінем... (қайта жылайды) Мені бәрі алдайды, Федя... Бүгін... біреу... келем деп уәде берген... келмеді... Жалғыздық жаныма батты... Сен менімен барасың ба? А?

Еркек. Барым, барам... аптығыңды бас. Сөйлесуіміз керек, Вера...

Әйел. Сені бүгін жібермеймін, Федя... Бүгін қасымда боласың... Тек мендіксің! Әйеліңе бір сылтау айтарсың... сенің қолыңнан келеді ғой. (құшақтап, сүйе бастайды)

Еркек. Вера, тоқтай тұршы. (Әйелдің құшағынан босанып) Аптықпа. Екеуміз дұрыстап сөйлесуіміз керек...

Әйел. Айта ғой, жаным. (кенет) Көзіңнен қатты ұрып жібердім бе, Федя? Ауырып тұр ма? (көзінен сүйеді) Өтінем, кешірші мені...

Еркек. Ештеңе етпейді. Сабаңа түсші. Мені тыңда. Мен жайдан-жай қайтып келгем жоқ...

Әйел. Тыңдап тұрмын... мұқият тыңдап тұрмын.

Еркек. Қазір такси ұстап, біздікіне барамыз...

Әйел. (сөзді бөліп) Түсінбедім?

Еркек. Такси ұстап біздікіне барамыз...

Әйел. Сенікіне? Әйеліңе?

Еркек. Сен тыңда. Біздікіне барамыз, сен машинада отыра тұрасың, мен кіріп заттарымды алып шығам, ең керектілерін, сосын сенікіне барамыз. Мен сенікінде тұрам, егер қарсы болмасаң.

Әйел. (абдырап) Әйелің ше?

Еркек. Әйелімнен кетем, сенімен тұрам. Бірақ алдын-ала айтып қояйын: бұл екеуміз үйлендік деген сөз емес. Әзірше ештеңе уәде ете алмаймын. Ары қарайғысын көре жатармыз. Келісесің ғой?

Әйел. Әйелің ше?

Еркек. Не – әйелің? Ажырасуға арыз берем. Сенің қолыңа кіруге келісесің бе?

Әйел. Әйелің жібере ме? Ол қазір үйде ме?

Еркек. Қайталап сұраймын: осы шартыма көнесің бе, жоқ па?

Әйел. Қандай шарт?

Еркек. Әзірге нақты ештеңе уәде ете алмайтынымды айтам. Келісесің бе? Әлде жоқ па?

Әйел. Федя, аяқ астынан неге бұзыла қалдың?

Еркек. Бұл аяқ асты шешім емес. Мен бұл туралы үнемі ойлап жүрдім. Отасқанымызға сегіз жыл – сегіз жыл болды, осыны ойлағаныма!

Әйел. Тоқтай тұр... қалай сегіз? Сен... ұлың үйленген жоқ па? Тағы да әніңе бастың ба, Федя?

Еркек. Алдағам жоқ. Ол ұл бірінші әйелімнен. Мен онымен сегіз жыл бұрын ажырасып кеткем. Олар Қазанда тұрады, бір әскериге күйеуге шыққан, сосын көшіп кетті ғой, со жаққа. Ұлым да сол жақта үйленді. Мынау екінші әйелім, ұлымыз... екінші сыныпта оқиды.

Әйел. Қалай екінші әйелің?

Еркек. Біріншісі болған, қазір екіншісі... мүмкін, сен үшіншісі болатырсың. Енді түсінікті ме? (күледі)

Әйел. Ал онымен неге ажыраспақсың? Бірдеңе боп қалды ма? Федя, ол қазір үйде болса, мен сенімен бірге бармаймын... қорқам.

Еркек. Ол үйде жоқ, білмеймін, қайда жүргенін. Жұмыстан келсем – хат жатыр: құрбымдікіне кеттім, кештеу қайтам, болмаса таңертең барам депті.

Әйел. Ал келіп қойған болса ше? Мен бармаймын, Федя. Айт, қайда күтейін? Тек үйдің қасында демеші.

Еркек. (күйгелектеніп) Барасың! Жалғыз барсам қайта алмай қалам... қалып қоямын. Сытылып шығуым керек! Сытылып, түсінесің бе? Өздігімнен олай ете алмаймын, ешкімім жоқ, жалғызбын! Бұдан әрі бұлай өмір сүргім келмейді! Менімен бірге жүруіңді өтінем! Ештеңе істемейсің, машинада тоссаң болды! (Айғай салады) Қайткенде де құтылуым керек, сен соны түсінесің бе? Құтылуым керек!..

Әйел. Ол сосын бәрі бір сені тауып алады ғой...

Еркек. Ол мені іздемейді де!

Әйел. Федя, мен олай ете алмаймын... мен ештеңе ұқпай тұрмын... Сен не, оны сүймейсің бе?

Еркек. Ол мені сүймейді. Мен де суып кеттім... бірақ сүйгем... қатты сүйгем! Бозбалаша тебірендім, сегіз жыл бұрын. Ата-аналар жиналысына барғам, ұлым соның сыныбында оқыған... әдетте әйелім баратын жиналысқа, сол жолы қолы тимей, мені жұмсады. Бітті. Екі аптадан соң ажырасуға арыз бердім де, мынаның үйіне кіріп алдым. Сөйтсем боқ басыппын, алғашқы күннен-ақ!.. Бұның маған дейін де біреуі болыпты, білгем жоқ, екеуі бұрынғысыншы жүріп жүрген – біз үйленгеннен кейін де!.. Ал мен онысын біліп қойған кезде бұның аяғы ауыр болатын... кімнен екені белгісіз – менен бе, анауысынан ба. Сөйтсем, менен екен, туғанда белгілі болды... Бір бөлмеде тұрдық, көршілер иттен әрмен, менің айлығым аз, алимент, бала, үйде күнде ұрыс-керіс... сосын шопыр болып жұмысқа тұрдым. Мен институт бітіргем ғой, экономикалық, бір кеңседе істедім. Бірақ оны тастауға тура келді... Кішкентайымыз жаңа туғанда жағдайымыз да дұрыс сияқты еді. Әйелім анауысымен әуейі болуды доғарды. Былайша, дұрыстала бастадық... бірақ бәрі бір мен ескі өкпені ұмыта алмадым. Араларында ештеңе болмағанын әлі күнге дәлелдеп әуре. (Жүзіне кек ұялап) Ал мен бір гәп барын сеземін! Сөмкесінен хат тауып алдым, құрбысынан келген... ары қарай түсінікті болды. Қысқасы, арандап қалдым ғой!.. Сол шырғалаңнан әлі шыға алмай келем!

Әйел еркектің әр сөзіне елітіп, бет-аузындағы әр өзгеріске құлай беріліп отыр.

Еркек. (Әңгімесін ары қарай жалғап.) Былтыр сыныбымен Ленинградқа барған. Ұлым екеуміз шығарып салмақшы едік – қажеті жоқ деп азар да безер болды. Одан сайын жыным келіп... жасырынып бардым. Бірден байқадым – бір еркекпен кетті. Артынан айтады – бір оқушымның әкесі еді... маған көмектесе барды деп. Ондай болса неге мен шығарып салайын дегенде, жәтте кеп қарсы болады?! Айтпақшы, екеуміз сол күні кездескенбіз. ...Мен вокзалдың ресторанында тойып алып, саябаққа келгем. Сенің қасыңда отырып аздап ес жидым. Ал асыққаным, оның қоңырауын өткізіп алмайын дедім... ескі пәтерімізде телефон болған, ол он екіден кейін қонақ үйден қоңырау шалатын болған. Телефонмен әкесін таныттым. Кім біледі, сол сәтте ол анауысының құшағында отырған шығар... әлде жатты ма екен... дауысы біртүрлі шыққан. Мен ештеңе білмеймін... бірақ бір рет болған нәрсе, сосын жүз рет қайталанауы мүмкін ғой!.. Ұлымның да тойына бара алмадым, мынаны жалғыз қалдыруға қорықтым! Күйеуден күзетшіге айналдым!.. Ары қарай төзе алмаймын. Кетіп қалуға да батылым жетпейді. Оның бірдеңесі бар... мені оқытып тастаған ба бірдеңе... Бойымдағы еркіндік, ақыл, тәкаппарлық сынды қасиеттерімді тұншықтырып барады! Мен бұрын... бірінші әйелім тұрмақ, басқа әйелдердің қасында да өзімді хан сезінетінмін! Ал қазір құлмын... Әбден таптап бітті! Болған жайттың бәрін бірдей жайып сала алмаймын... ұят!.. Бірде ауырып қалдым. Сондағы айтқаны: «Федя, ауруханаға жат, мен сені баға алмаймын, тым қыңырсың, ауырғанда», - дейді. Түсінесің бе? (Ашуланып) Сегіз жыл болды жаным ауырғалы!

Әйел. Ол сұлу ма?

Еркек. Білмеймін. Әдеттегідей. Былай, сымбатты. Мен қазір тіпті көз салуды да қойғам. Бір анығы – ол менің жауым, түбіме жетті! Ол мені неге үйреткенін айтсам – сенбессің! Үнемі қорлау!.. Мұнда туыстарым да жоқ, достарым жоламай кетті... ешкімді танымаймын, ешкіммен кездеспеймін... Адамдарды көргім келмейді. Бұдан былай оған да жылпылдаған құрбыларыңды үйге жолатпа дедім... біреуі байын тастап кеткен, біреуін байы тастап кеткен... қашан көрсең біздікін бір жаққа сүйрейді де тұрады. (Айғай салып) Мен тиым салдым! Ақыры осындай өмір, сондай үй екен, тірі жан жуымасын!..

Әйел. Сен оны сүйесің, Федя…

Еркек. Мен оны сүйгем. Ол соны... менің сезімімді пайдаланды. Мен шынымен оны сүйдім, бақытты едім... ойлағам – бітті, енді ешкімді алдамаймын, оңды-солды жүріп, көзіне шөп салмаймын деп. Мен тіпті әлемде одан басқа әйел заты барын да ұмыттым ғой... Осы да жетер. Бүгін шешім шығарам. Бәрі бір ерте ме, кеш пе – осылай болары анық еді. (Айғай салып) Болса, сол бүгін болсын! Бүгін одан азаттық аламын!

Әйел. Аптығыңды бас, Федя!..

Еркек. Жұбатпа мені! Сегіз жыл болды өзімді-өзім жұбатып, алдап келе жатқаныма! Бірдеңе сезінуден қалдым... Тек ауырсыну, ауырсыну, ауырсыну!

Әйел. Мүмкін, саған солай көрінетін шығар? Шын мәнінде ол сенің қызғанышыңнан тасаланатын шығар? Мүмкін оның сенен басқа ешкімі жоқ шығар?

Еркек. Оның аузы-мұрнынан шыққан телефон кітапшасы бар... ішінде мен танымайтын қалың адам! (кенет сабасына түсіп) Білмеймін, мүмкін, менікі де тағылық шығар, бәрі мүмкін ғой... мына заманда. Мүмкін менен де кінә бар шығар... Бірақ сонда кінәм не? Соған үйленгенім бе? Ол шынымен де қарсы болған, мен қоймадым, күш бермей барып алдым, қасына... Білмеймін, ештеңе білмеймін... Соншалықты нашар адам емес... егер әрине адам аяғы баспаған аралға барып тұрсаң. Ия, тек екеуміз ғана тұрсақ. Онда, шамасы, жағдайымыз жақсы болған болар ма еді. Өзінше бір... қолы ашық, ақкөңіл, құрбылары... ақшасын да, заттарын да тасып әкетіп жатады... ақымақ емес... жұмсақ... Мүмкін... уақытша бір жаққа кетіп қалуымыз керек пе екен. Кетіп қалмақшы да болғанбыз, мен көнбедім. Өзіме жүз рет уәде бердім: дауласпаймын, мән бермеймін... үндемей қоя салам деп. Жоқ! Қазір барам, егер үйде болса – айғайға басам, ыдыс-аяқ қирайды, тергеуге алам... ал ол бұның бәрінен жалыққан, әсер етпейді, оған. Ол тіпті менің айғайымды естімеу үшін ғана далаға қона салуы мүмкін... Не істерімді білмеймін. Ішсем, жақсы болып қалам... ол да, басқалар да құрып кетсін деп қолды бір-ақ сілтеймін! Бірақ үнемі ішіп жүре алмайсың ғой... Рөлге отыруым керек! Сосын көп іше алмаймын да. Жүрек шыдамайды. (кенет қояншығы ұстап) Вера, ренжіме... ренжіме маған! Ренжіме! Мен ештеңе істей алмаймын!

Әйел. (шошына қарап) Нені айтасың?

Еркек. (сөлбірейіп) Ренжімеші, өтінем... шамасы, үйге жалғыз қайтқаным жөн. Онымен сөйлесуім керек. Ал ертең саған барам. Жарай ма?

Әйел. Өзің біл.

Еркек. Кеттік (жерден түрегеледі) Үйге одан бұрын баруым керек. Оның қалай келетінін көруім керек! Мен оны көруім керек! Жай кетпеймін... мен жай кете салмаймын. Ол осыны күтіп жүр, кеткенімді (Айғай салады) Бүгін түнде мен оны не өлтірем, не әйелі күйеуімен бірге қалай тұру керегін үйретем!

Әйел. (түрегеледі, жабырқау) Жарайды, жүр.


Екеуі аллеямен келе жатыр, әйелдің көз жасы құрғаған, еркекті аяп келеді. Еркек көзі шатынап, жүзі қатулы, жұдырығын түйіп алған, екпіндей басып келеді. Қасында Вера барын да ұмытқандай.


Еркек. (кенет қасында әйел келе жатқаны есіне түскендей) Қаласаң, таксиге салып жіберейін.

Әйел. Әуре болма.

Еркек. Сенікіне бара алмаймын, Вера. Үйге одан бұрын жетуім керек, түсінесің ғой? Одан кейін барсам жаман болады. Міндетті түрде үлгеруім керек. Ал егер үйге қонбаса... онда бітті! Онда ертең сенікіне көшем. Тез жүр.


Еркек адымдай түсіп, әйелден озыңқырай береді. Әйел керісінше, ілбіп басады. Тоқтайды. Жолда бірінші кездескен орындыққа отырады.

Еркек. (кенет артына жалт қарап, әйелдің өзінен қалып қойғанын көреді. Қатулы дауыспен) Вера! Неғып отырсың? Тұр, қуып жет, Вера!

Әйел тапжылмайды.

Еркек. (бірнеше адым шегініп.) Вера, тұр! Асығып тұрғанымды білесің!

Әйел тұрып, еркекке қарай жүреді.

Еркек. Бол-бол! (әйел өзімен қатарласқанда) Вера, өтінем – қандай жағдай болмасын, қажетім болып бара жатсам да, мың жерден көргің келіп тұрса да... мені іздеп әуре болма... жұмыстан да, үйден де. Естідің ғой?

Әйел. Естідім.

Еркек. Керек болса, мен сені өзім тауып алам.

Олар бақтан жарық алаңқайға шығады – трамвайдың жолы, әудем жерде такси тұрағы. Бос машиналар тұр.

Еркек. (Асығыс) Ал, Вера, таятып салайын ба?

Әйел. Керегі жоқ.

Еркек. Онда мен жүре берейін (бетінен шөп еткізіп сүйіп алды)

Әйел. Тоқтай тұр. (сөмкесін ақтара бастайды)

Еркек. О не? Асығыспын, Вера!

Әйел. Ал. (Еркекке кілт ұсынады.) Менің пәтерімдікі. Пирогов көшесі, төртінші үй, төртінші пәтер, бірінші қабат. Келгенде, Витькаға ескертіп қоям, сенде кілт барын.

Еркек. (түсінбеген кейіппен) Не үшін? Қажеті жоқ, Вера.

Әйел. Қажет, саған.

Еркек. Сен не, мені қазір барады да ажырасады деп ойлап тұрсың ба?

Әйел. Ештеңе ойлап тұрғам жоқ. Жәй, кез келген уақытта бара алатын үйің барын білсін деймін. Мүмкін, келмессің, бірақ жаның тынышталады. Қалтаңда кілт барда өзің де сенімді жүресің. Сен ақылды еркексің ғой, тек өзіңе-өзің сенуден қалғансың. Ал өзіне сенбейтін адамды ешкім сүймейді, Федя. Мені де Петр сол себепті тастап кеткен. (Кілтті еркектің қалтасына салады.) Күндердің күнінде сен де маған көмектесерсің. Бәрі де мүмкін ғой...

Еркек. (еркек абдырап қалады, қысылған кейіпте. Қалтасынан кілтті алады). Вера, ала алмаймын... бұған сені араластырғым келмейді... қақым да жоқ. Біреумен танысарсың, бәрі жөнге келе бастайды... сол кезде аяқ астынан сап етіп мен пайда болам...

Әйел. Уайымдама, ақымағым. Егер жағдайым дұрыстала бастаса, құлыпты ауыстырам. Ұқтың ба? (еркектің қолынан кілтті алып, қалтасына салып береді) Бара ғой.

Еркек басы салбырап, көңілі босап тұр.

Әйел. Бар. Ақымақтық жасама...

Еркек бір адым шегініп, бір түрлі, сайқымазақша иіліп тағзым етеді де, бұрылып такси тұрағына кетеді. Әйел оның қалай таксиге отырғанына елжірей қарап, мұңая күлімсіреп қала береді. Машина орнынан қозғалады. Сол сәтте селкілдеп трамвай да келеді. Вера вагонға көтеріледі. Трамвай да кетеді. Үлкен терезеден біз әйелдің кассаға тиын тастағанын, қалай билет жыртып алғанын, көзімен бос орын іздегенін, орын тауып отырғанын көреміз. Трамвай ұзап барады...

Қалалық саябақта музыка да тоқтаған, карусел де шыр айналмайды, дүңгіршектер де жабық, тир де дыбыссыз, доп ойнап жүрген де ешкім жоқ. Халық қыдырып болды.

Шымылдық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар