Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДЕГЕН ЕКЕН
Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 5...

06.02.2019 5726

Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 5

Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 5 - adebiportal.kz

Жазушылар Ақселеу Сейдімбек пен Кәдірбек Сегізбаев бір-бірімен қатты қалжыңдасатын көрінеді. Былайғы бөтен жерде отырса да, бірін-бірі мысалға келтіріп, әңгімелеріне бірінің атын бірі қосып, былайша айтқанда әзіл араластыра “тұздықтап” отыратын секілді. Бұлардың қалжыңына қаламдас достарының да үйреніп кеткені сонша, кейін ондай-ондайға мән бермейтін болып кетіпті.

Бірде Ақселеу “Жалын” баспасында жатқан бір қолжазбаға жабық пікір жазады. Қолжазба біреудің жазған ұзақ сонар ертегісі екен. Тегі, ертегі нашар жазылған болса керек, Ақселеу: “Ертегінің қисынсыздығы сондай, сонау ықылым замандағы Шыңғысхан мен өткен ғасырдағы Наполеон соғысып, оларды бүгінгі біздің арамыздағы замандасымыз Кәдірбек Сегізбаев арашалап жүргендей әсер етеді”, – деп, ресми пікіріне досының атын тағы да қосып жазып жіберіпті.

* * *

Ақселеу Сейдімбек 50 жылдық мүшелтойы қарсаңында, былайғы дос-жарандарының таңданысына орай, бойын түзеп, кәдімгідей сақал-мұрт қойыпты. Өзі де сұңғыла бойлы, тарамыстай тартылған ақ сары жігіт қой, ұшы әсемдікпен өрілген мұрты, сарғыштау келген шоқша сақалы кескінді келбетіне кереметтей жараса кетіпті. Бірде қаламгерлер арасында отырған кезде Жазушылар одағының хатшысы ақын Ұлықбек Есдәулет:

- Алматыдағы Дзержинский көшесін өзгертіп, Шапырашты Наурызбай бабамыздың атын қойдық, қош делік... Ендеше, көшенің дәл ортасында тұрған Дзержинскийдің ескерткішін де сорайтпай, мәскеуліктер құсап мойнына арқан іліп, түп орнымен қопарып тастау керек қой!? – деп, ағаларына ұсыныс жасапты.

Сонда қашанда құрдастарымен әзілі жарасқан қалжыңбас қаламгер Кәдірбек Сегізбаев Ұлықбек інісін сабырға шақырып:

- Дзержинский байғұсты құлатып тіпті де қажеті жоқ... Үстіндегі шинелін сыпыра салсаң болды, сақал-мұрты шошайған Ақселеудің ескерткіші болады да шығады, – деген екен.

* * *

Белгілі балалар жазушысы Құрманбай Толыбай (1926–2004) қос самайында ғана селдір шашы бар, жалтыр бас кісі болыпты. Сол кісі “Балдырған” журналында істеп жүрген кезде сатирик ақын Оспанхан Әубәкіров (1934–1986) анда-санда келіп, Құрекеңе еркелеп “бас жазуға” тиын-тебен алып кетіп тұрады екен.

Бірде Құрекең Оспанханға:

- Осы саған қашанғы мен тегін бере бермекпін ақшаны. Мықты болсаң, кәнеки, мені мақтап табан астында өлең шығар! – депті.

Сонда Осекең мүдірместен:

- Толыбаев Құрманбай,

Жомарттығы қандай!

Құрекеңнің басы –

Тұтасымен маңдай,

деген екен.

“Саған дауа жоқ”, – деп Құрекең ақша іздеп, тағы да төс қалтасына қолын сала беріпті.

* * *

Белгілі журналист әрі жазушы Серік Әбдірайымов (1943–2009) бірге араласып жүрген дос-жарандарын әлдебір себептермен үйіне қонаққа шақыра алмай, араға біраз уақыт салып алыпты. Сөйтіп жүргенде, достар тағы бір үйде бас қосып, кәукілдесіп әңгіме-дүкен құрып отырады ғой. Сөз арасында, Серіктің көзінше, Бексұлтан Нұржекеұлы қасында отырған Ақселеу Сейдімбекке бұрылып:

- Ақселеу, осы біздің Серік баяғы сол бұрынғы үйінде тұра ма екен? – деп сұрайды.

Сұрақтың астарын сезе қалған Серік:

- Ай, жігіттер-ай, сендерді шақырайын деп дайындаған дүниемді бірде қайын жұрт жағы келіп, бірде ауылдастар, енді бірде мәскеулік қонақтар келіп... сарқып кетеді. Осы сендердің ауыздарыңның салымы жоқ! – дейді ақталғандай болып.

Сонда бір шетте отырған Оралхан Бөкей:

- Серікжан, үйіңе шақырмасаң шақырмай-ақ қой, бірақ достарыңның аузына тимеші! – депті.

* * *

Қазақстан Жазушылар одағының кезекті бір пленумында жазушы Қалихан Ысқақ: “Жазушылар одағына мүшелікке әдебиетте аты белгісіз, тіпті кітабы да шықпаған қайдағы біреулер өтіп кетіп жүр”, – деп секретариаттың жұмысын сынап кетеді. Оның соңын ала мінбеге шыққан, одақтың екінші хатшысы Сайын Мұратбеков:

- Әй, Қалихан, қай-қайдағы біреулер мүшелікке өтті деп сен бізді неге кінәлайсың? “Бөжіп жүріп арағын ішіп қойып едім” немесе “бір қойының басын жеп, қонақ боп қайтып ем, құрғырды мүшелікке ала салшы” деп өзің де пәлен адамды одаққа өткіздің емес пе! – деп дәлелдермен Қалиханның сынына тойтарыс беріпті.

Сонда Қалихан басын шайқап:

- Бөтеннің ала жібін аттағам жоқ деп ойлаушы едім, тегі, мені де шайтан түртейін деген екен ғой, – деп, ойланып қалыпты.

* * *

Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығы сол заманның саясатымен ұлан-асыр той боп өтті ғой. Тойдың басы Қазақстан астанасында басталып, соңы Мәскеудегі ойын-сауық, мәжілістермен аяқталғаны мәлім. Сол Мәскеудегі тойға Қазақстаннан жүзге тарта өнер қайраткерлері, ақын-жазушылар қатысады. Бірнеше күн тойлап, бастары аздап шыңылдап, Ғафу Қайырбеков пен Сырбай Мәуленов бірде таң атпай “Москва” мейманханасының алдында таза ауа жұтып тұрса, мейманханадан қазақстандық неміс жазушысы Герольд Бельгер шығып келе жатыр екен дейді. Герольд Ғафекең мен Сырағаңның көзіне оттай басылып, екеуі оның қолынан шап беріп ұстай алыпты да, қайым айтыстың үлгісімен былайша өлеңдете жөнеліпті:

Ғ а ф у:

- Немістің бір ақыны Бельгер еді,

С ы р б а й:

- О бастан жомарттығы белгілі еді,

Ғ а ф у:

- Үш тілдің басың қосқан қайран сабаз,

С ы р б а й:

- Еңбегін жалпақ жатқан ел біледі.

Ғ а ф у:

- Мәскеуге келе қалған сапары екен,

С ы р б а й:

- Біз десе соға қалған ер жүрегі,

Ғ а ф у:

- Болса да орыс-қазақ тауыстық қой,

С ы p б а й:

- Немістен ішер кезек енді келді.

Қазақ тілінің құдіретін де, дәмін де, мәртебесін де жақсы білетін Герольд Бельгер риза болып, екі ағасын қолтықтап бөлмесіне қарай жетектей жөнеліпті.

* * *

Қазақтың аса талантты жазушыларының бірі Дулат Исабеков 1991 жылы республикалық теледидарға Бас директор болып тағайындалады. Бар өмірі баспа, газет-журнал редакциялары төңірегінде өткен, теледидар дейтіннен хабары шамалы Дулатқа ол жерге бастық болу оңайға соқпайды. Бірақ бастықтың аты бастық қой, қызметкерлерге пікір айту керек, ортаға ұсыныс тастау керек, жайы келсе ескертпелер де жасаған жақсы, қысқасы “бұл саладан түк білмеуші едім” деп қол қусырып отыра бермей, оларға бағыт-бағдар, жөн сілтеу міндет. Осы оймен Дулат та қызметіне білек сыбанып кірісіп кетеді. Құдай тағала пендесін қолдайын десе қолында екен ғой, бастық болған алғашқы күндері-ақ Дулатқа өз қызметкерлеріне қатаң ескертулер жасаудың, тереңнен әңгіме қозғаудың реті келе кетіпті.

Әдетте “Уақыт” ақпарат бағдарламасынан кейін республика теледидары көрермен назарына көркем кинофильм ұсынады екен. Бірде кешкілік сол “Уақыт” пен кинофильм аралығында экpaн үш минут бойы бос тұрып қалады. Ертесінде таң атпай Дулат қызметкерлерін шақырып алып, осы жайтты қатаң ескертіп, кезекшілікте болғандарды ұрыса бастайды:

- Бұл барып тұрған жауапсыздық! – дейді ашуланып. – Бұған кім кінәлі, сол кісіні маған шақырыңдар!

Жаңа бастықтың айбынынан ығып, шеткерірек отырған қызметкердің біреуі:

- “Томсон” қызып қалып... – деп ақтала бергенде, Дулат оның сөзін кілт бөліп жібереді:

- Жұмыс уақытында қызып жүрген ол кім? Ондай пиәншікті бүгіннен бастап жұмыстан қуу керек! – дейді екпінін баса алмай.

- Дулат Исабекович, оны сіз қуа алмайсыз... – дейді топ ортадан тағы біреу күмілжіп.

- Неге қуа алмаймын?! Көк тіреген қолдауы бар болса да қарамаймын, қуып шығам! – дейді Дулат та намысқа тырысып.

- Қуа алмайсыз...

- Қуамын!

- Қуа алмайсыз дегенім... ол – темір ғой, аппарат, Дулат Исабекович... Сол қызып кетіп, суытқанша экран үш минут бос қалған еді...

Сонда Дулат өкінгендей басын шайқапты да:

- Қап, бәлемді... ол оңбаған, темір болмағанда көресіні көрсетер ем! – деген екен.

* * *

Жазушы Ақселеу Сейдімбектің “Білім және еңбек” журналында бас редактор болып қызмет істеп жүрген кезі екен. Бірде қызметтес жігіттерімен ақыл-кеңес құрып отырып, Ахаң саумал иісті Сарыарқаның ғажайып табиғаты төңірегінде толғана әңгімелеп кетеді. Сөз арасында:

- Баяғыда біздің ауыл іргесіндегі тұма бұлақтан құйрық-жалы төгілген құландар келіп су ішіп тұрушы еді, жарықтық! – деп бір қояды.

Осы арада Ахаңның ұзақ сонар әңгімесін бөліп, балалар жазушысы Алпысбай Шымырбаев:

- Аха, баяғының данасы Асанқайғының өзі “Құйрығы жоқ, жалы жоқ, құлан қайтіп күн көрер. Аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер”, – деп жырлаған ғой. Сіздің ауылдың суатына құлап жүрген қандай құландар болды екен? – деп сұрайды.

Ахаң жауап беруден кідіріңкіреп, шақшасын тықылдатып, асықпай насыбай атады. Насыбай атып отырып:

- Сұрағың орынды, шырағым... Бірақ құлан ғана емес, бұ заманда бәріміз де тоқал ешкідей күзелдік қой, қайтейін енді! – деп күрсіне жауап беріпті.

* * *

Майдангер-жазушы Қалмұқан Исабаев – қаламгерлер арасында әзілкештігімен, тауып айтар тапқырлығымен мәшһүр кісі. Бірде сол ағамыз қаламгер інісі Адам Мекебаевты іздеп Жазушылар одағының екінші қабатына көтеріледі. Қараса төрдегі диван үстінде шүйіркелесіп бір топ ақындар отыр екен.

- Адамды көргендерің бар ма? – дейді Қалекең салған жерден.

Қалекеңнің аман-саулық жоқ, төтеден сұрақ қойғанына қитыға қалған ақын Мейірхан Ақдәулет:

- Қалеке, сонда біз не... адам емеспіз бе? – дейді.

Сонда Қалекең:

- Мен бұл жерден Адам көріп тұрғам жоқ! – деп бұрылып кетіпті.

* * *

Баяғыда Алматы маңындағы “Алатау” санаторийінің бастығы – Абай, оның орынбасары – Жамбыл деген жігіттер болыпты. Бірде Сырбай Мәуленов демалмақ оймен әлгі санаторийге барса – орын жоқ екен.

- Абай мен Жамбыл басқарған мекемеге Сырбай сығалап қайтса да қанағат қой! – деп Сырағаң ренжіңкіреп, қайтар есікке беттейді.

Мұны естіген бастықтар Сырағаңнан кешірім өтініп, бір орын тауып берген екен.

* * *

Халқымыздың ұлы актері Қалибек Қуанышбаев (1893–1968) бірде Камал Қармысовпен (1912– 1991) жүз шайысып, ренжісіп қалыпты.

- Сенің есігіңді енді он жыл бойы ашпаспын! – деп Қаллеки теріс айналып кетіп қалады.

Содан арада бір-екі жыл өткен соң Қаллеки шыдай алмай Камалдың үйіне кіріп барыпты.

- Қаллеки-ау, сіздің әлгі “он жыл” дегеніңіз қайда? – дейді Камал қарқ-қарқ күліп.

Сонда Қаллеки:

- Сен де қызық екенсің... Мен түгіл түрмеге түскендерге де амнистия болушы еді ғой! – деп жауап беріпті.

* * *

Белгілі суретші Мағауия Аманжолов бірде әйелі екеуі бір жазушы досының үйінде қонақта болыпты. Ет желініп, дастарқандағы табақ жиналар кезде үй иесі:

- Алматының дәстүрі бойынша шаймен арақ ішпейміз, – деп рөмкелерді жинастырып, шай қамына кіріспек болады.

Сонда Мағауия мырс етіп:

- Ендеше Алматының дәстүрін сақтап, сол шайды ішпей-ақ қойсақ қайтеді! – депті қалжыңдап.

* * *

Жазушы Сейдахмет Бердіқұлов (1933–1994) көктайғақ мұзда тайып жығылып, мұрнын жаралап алған бір інісімен кездесіп қалыпты.

- Сейдаға, осылай да осылай болды... ұяттау жағдай! – дейді әлгі інісі ыңғайсызданып, терісі сүрілген мұрнын сипалап.

Сонда Сейдағаң:

- Әй, інім, сен оның несіне ұяласың? Ер адам жараланбай, еш жеріне сызат түспей, жып-жылмағай болып жүрсе, оның несі еркек. Ал беттегі тыртық сен секілді нағыз еркекке ғана жарасады! – деп қаламдас інісіне “жұбату” айтыпты.

* * *

Бірде ақын Өтежан Нұрғалиев сырқаттанып ауруханаға түседі. Содан саржамбас боп ұзақ жатып, ұзақ емделеді. Өтекеңнің “беті бері қарады-ау” деген кезде қаламдас достары жиналып, оның көңілін сұрау үшін ауруханаға барыпты.

- Иә, Өтеке, сырқаттың беті қайтқан секілді! – дейді достары.

Сонда Өтежан бұл аурудың өзін қаттырақ қинап жібергенін сездіріп, кірпігін ғана қимылдатып, “уһ” деп ауыр күрсініпті. Сосын:

- Бүйтіп қор болғанша кетіп-ақ қалайын деп едім... бірақ ана дүние “сырость” екен. Белімде құяң бар еді, денсаулыққа жақпайтын болған соң, амалсыз қайта қайттым, – деп жауап беріпті.

* * *

Жазушы Қалмұқан Исабаев әйгілі Ертіс – Қарағанды каналының құрылысына бастан-аяқ қатысып, жаяу-жалпылы каналды бойлап, көктей жүріп өткен адам ғой. Соның нәтижесінде 1982 жылы “Арна” атты көлемді роман жазады. Қалекең романы біткен соң онысын қолтықтап бірде “Жұлдыз” журналының редакциясына барыпты. Ол кезде журналдың проза бөлімін Оралхан Бөкей басқарады екен. Қалекең әкелген қолжазбасын Оралханға тапсырып жатып:

- Сендерге келіп түсіп жатқан романдардың бәрінің де суы көп... Ал мен болсам сендерге сол судың өзі туралы роман әкелдім, – депті.

* * *

Дарынды ақын Жарасқан Әбдірашев (1948– 2001) төрт күн бойы үйіне келмей, дос-жарандарына еріп “тойлап” кетіпті. Жарасқанның бір күн, екі күн жоғалып кететін “мінезіне” әйелі Нәзік те әбден үйреніп, ондайда көп іздей бермейді екен. Бұл жолғы отағасының хабар-ошарсыз төрт күн жоғалуы Нәзіктің де көңілін қатты алаңдатады. Осыны сезген Жарасқан төртінші күні есік ашып үйге кірген бойда:

Ат айналып қазығын табады,

Жарасқан айналып Нәзігін табады, –

деп, өлеңдете төрге өтіп, диван үстіне ұзынынан сұлап түсіпті.

* * *

“Арай – Заря” журналдарының бас редакторы, жазушы Әшірбек Көпішев бірде суретші інісі Еркін Нұразхановқа: “Бізге бір мықты суретші тауып берші”, – деп өтініпті. Келесі күні Еркін Мәскеудің полиграфиялық институтын бітірген бір жас келіншекті Әшірбектің алдына ертіп барады.

- Еркінжан-ау, мен саған ер адам тапсырып едім ғой, – дейді Әшірбек ыңғайсызданып.

Сонда Еркін:

- Әшеке, сізге адамның жұмысы керек пе, әлде жынысы керек пе? – деген екен.

* * *

Ізденгіш ғалым Тұрсын Жұртбай қырық жасқа толған кезде ұлы Мұқаңның (Мұхтар Әуезовтің) шығармашылығынан кандидаттық диссертация қорғайды. Бұрын жазушылықпен айналысып, көсіле сөйлеуге, көпіртіп жазуға машықтанған Тұрсынға ғылым тілінде еңбек жазу, академизмнің сықасқан стиліне бейімделу аса қиынға соқса керек. Тұрсынның осындай бір шаршап жүрген кезінде оған ақын досы Несіпбек Айтов мынадай бір жапырақ хат жазып жіберіпті:

“Қан сорпа боп жан қинап,

Болдың әзер кандидат.

Жатқаның бұдан жақсы еді-ау,

Тәкежан құсап мал жинап”.

* * *

Суретші Еркін Нұразханов – қозы қарын дембелше жігіт. Сол Еркінге дене бітімі одан да ірі, төңкерілген қарны бар, кеңшар директоры боп істейтін Дүйсен Бұланбаев деген ауылдас ағасы қонаққа келеді. Әңгіме арасында Дүйсен:

- Осы қарыннан көрген пайдам жоқ, ылғи да артық жүк секілді сезінемін де жүремін, – депті налып.

- Өйбу, Дүйсеке, служебный машинамен жүремін деп сіздер қарынның пайдасын білмей жүр екенсіздер ғой? – дейді Еркін таңданғандай болып.

- Пәлі, оның қандай пайдасы бар еді? – деп бұл сөзге Дүйсекең елең ете қалады.

Сонда Еркін:

- Қысылып-қымтырылып автобуспен таңертең жұмысқа бара жатқанда, иттей боп шаршап кешке үйге қайтып келе жатқанда қарны қампиғанның аяғын кісі баспайды. Пайдасы сол, Дүйсеке! – депті.

* * *

Балалар жазушысы әрі журналист Алпысбай Шымырбаев “Білім және еңбек” журналында істеп жүрген кезде әлдебір себептермен қызметінен қуылып, жұмыссыз қалады. Содан ол республика комсомолы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Серік Әбдірахмановқа барып арызданбақ болып бекінеді Бірінші хатшының қабылдау бөлмесінде отырған кезде хатшы қыз мән-жайды сұрап білген соң:

- Бұл мәселені алдымен сіздердің кураторларыңыз, баспасөз секторының меңгерушісі Жүнісбек Сұлтанмұратовпен ақылдасып шешпедіңіздер ме? – деп, ақыл-кеңес айтқан болады.

- Жүнісбек – ол мен үшін пешка... Менің шаруамды тек бірінші ғана шешеді, – дейді онсыз да қитығып отырған Алпысбай келте қайырып.

Сонымен Алпысбай Серікке кіріп, жағдайын айтады. Серік Алпысбайдың арызын түбегейлі зерттеп, анықтамақ болып, мәселені сектор меңгерушісі Сұлтанмұратовқа тапсырады.

Амал қанша, Алпысбай келесі күні Жүнісбектің алдынан бір-ақ шығады ғой. Сөйтіп, Алпаң басынан өткен хикметті бастан-аяқ тағы да баяндап береді. Алпаңның өзі туралы кешегі “пікірін” хатшы қыздан естіген Жүнісбек сыр бермей, сабырмен тыңдап болған соң:

- Алпеке, әрине, айтқаныңыздың бәрі жөн. Бірақ, өзіңіз білесіз, мен пешкамын ғой. Сізге көмектесу, сірә, қолымнан келе қояр ма екен? – дейді Алпаңды сынай әзілдеп.

Сонда Алпысбай Жүнісбектің Орталық Коми- тетте істейтінін мегзеп:

- Пешка болсаңыз да тақтаның үстінде отырсыз ғой. Пешка да жүре берсе би болады, Жүке! – деп мүдірмей жауап беріпті.

* * *

Талантты ақын Ұлықбек Есдәулет бірде американдық бір досын Алматыдағы ұлттық тағам жасайтын асхананың біріне ертіп апарады. Арнайы тапсырыспен дастарқанға төре табақ қазақ еті келген кезде американдық шанышқымен іліп-шоқып жейді де, Ұлықбек жылы-жұмсаққа саусағын бойлата сүңгітіп, қолмен асайды. Ұлықбектің бұл мінезіне таңданған американдық жігіт:

- Сен өз халқыңның озық ойлы интеллигентінің біреуісің. Етті неге шанышқымен жемейсің? – деп сұрақ қояды.

Сонда Ұлықбек:

- Достым менің, сен ұстап отырған андағы шанышқымен бұл асханада күніне кемінде жүз адам тамақ ішеді. Ал менің шанышқым тек өзіме ғана қызмет жасайды, – деп, саусақтарын бадырайтып, майы сорғалаған алақанын жалапты.

* * *

Халық қолөнерінің жанашыры, белгілі өнер зерттеуші Мұхаметжан Әлімбаев (1951–2011) шығармашылық сапармен 1990 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағына барады. Ол жердегі қазақтардың тұрмыс тіршілігінен, қолөнер үлгілерінен материалдар жинап, айға жуық ел аралап жүріп қалады. Ондағы қазақ ағайындардың қайда барса да беретіні ет екен. Тумысынан қалжыңбас Мұхаметжан ағайындардың осы ерекшелігін байқайды да, сол жақтағы Қуанған деген ақынның үйінде отырған кезде:

- Етті жей-жей қасқыр боп кетем бе деген қаупім бар, – дейді әзілдеп.

Сонда Қуанған:

- Былтырғы жылы Алматыға барғанда мен де шөп-шаламды жей-жей ешкі боп кете жаздағам, – деп әзілге әзілмен жауап беріпті.

* * *

Қазақ қаламгерлерінің туындыларын орыс тіліне аударып жүрген аудармашы, талантты сыншы Бигелді Ғабдуллин бірде шығармашылық сапармен Қостанай қаласына барады. Қайтар кезде өзінің замандас досы, қалаға келген жазушы мен журналист атаулыны қашан да елпілдеп қарсы алып жүретін, әдебиет пен өнерді жанындай сүйетін Жәкен Мақанов деген елгезек жігіттің үйінде қонақта болады. Жәкеннің үлкен кітапханасы бар екен. Бигелді кітаптарды қызықтап тұрып:

- Мынау сөредегі классиканы, мынау сөредегі талантты жазушылардың кітаптарын жинағаның жөн делік. Ал мына төмендегі шәләй-бәләйді жинап, несіне әуре болғансың? – деп досына сұрақ қойыпты.

Сонда Жәкең:

- Беке, сен қателесесің. Тасқа басылып жарыққа шыққаннан кейін әр кітаптың өз міндеті, өз жүгі болады. Сол “шәләй-бәләй” деген кітаптарды мен кейде жұмыс басты болып, ұйқым қашып жүрген кезде қолыма алсам, қарадай шаршап, дел-сал маужырап ұйықтап кетем, – деген екен шын көңілмен.

* * *

Ақын Ұлықбек Есдәулет баяғыда, бойдақ кезінде бір досымен біраз уақыт пәтерде тұрыпты. Бірде кешкілік досы екеуі соңғы ақшаларын жинап-теріп макарон сатып алады да, молырақ етіп көже қайнатады. Көженің жартысын сол кеште ішіп, қалған жартысын үйдегі жалғыз тостағанға толтыра құйып, ертеңге қалдырады. Ұлықбек университеттің соңғы курсында оқиды да, досы редакцияда қызмет істейді екен. Ертемен жұмысқа баратын досы ертерек жатып қалады, Ұлықбек дипломын жазып, түннің бір уағына дейін отыра береді.

Ертеңіне диплом жазып шаршап жүрген Ұлықбек төсектен күн арқан бойы көтерілгенде бір-ақ тұрады. Досы таңертең жұмысқа кетіп қалыпты. Қарны ашыңқырап қалған Ұлықбек кешегі тостаған толы көжеге емін-еркін бас қояды. Досы болса бір парақ ақ қағазға хат жазып, тостағанның бетіне қойып кетіпті. “Артынан оқырмын” деп оны былай ысыра салады. Көңілі жайланып, арғы жағына ел қонған соң, “осы маған не тапсырма жазып кетті екен” деп қағазға шұқшияды ғой. Сөйтсе хатта мынадай жазу бар екен: “Ұлықбек! Мына көжені ішпе, төге сал, сосын тостағанды дұрыстап жу... Өйткені түнде есік ашық қалыпты да, таңертең тұрсам үсті-басы кір-қожалақ, жалба-жұлба бір сабалақ мысық көжені салпылдатып ішіп жатыр екен...”

* * *

Ұлықбек Есдәулет талантты журналист, Жамбыл облыстық “Ақжол” газетінің бас редакторы Мақұлбек Малдарбековпен университетте бір курста оқыпты. Оқуға түсіп, студент атанған күні екеуінің алғашқы таныстығы мынадай диалог түрінде өтсе керек:

- Атың кім болады?

- Мақұлбек... сенің есімің ше?

- Ұлықбек!

- Есімдеріміз ұқсас екен...

- Дұрыс айтасың... Аттары ұқсас адамдар айнымас достар болуы тиіс.

- Біз де сондай достар болайық...

- Ол үшін екеуіміз бұдан былай аттарымызды қосқанымыз дұрыс.

- Қалайша?

- Мысалы “КуКрыНиксы” деген суретшілерді естіген шығарсың?

- Естігем.

- Естісең сол... Екеуіміз солар секілді аттарымызды қосып, бүгіннен бастап “МақҰлықбек” деп атанайық.

* * *

Жазушылар Оралхан Бөкей мен Дидахмет Әшімханов Өр Алтайдағы Шыңғыстай деген ауылда туып өскен, ағайындас адамдар. Сол Шыңғыстайдың түстік бір шетінде, сілемденген қарт Алтайдың етегінде Көбен атты аласа ғана төбе бар. Дидахметтің “Аққабаның толқыны” деген алғашқы кітабы жарық көрген кезде ол Оралхан ағасына мынадай қолтаңба жазып жіберіпті:

Ореке!

Сіз асқар Алтай болсаңыз,

Мен Көбен шығармын.

Сіз телегей теңіз болсаңыз,

Мен өзен шығармын.

Сіз көк сүңгі болсаңыз,

Мен тебен шығармын.

Бірақ та

Осы шағын кітапта

Мен де бірдеңе деген шығармын”.

* * *

Дидахмет Әшімхановтың “Қазақстан пионері” газетінде істеп жүрген кезі екен. Бірде газеттің макетін сызып отырса, курстасы әрі қызметтес жолдасы Әшірбек Аманкелдиев “мынаны былай сыз, мына жағын олай жаса” деп оған ақыл үйретіп, қайта-қайта мазалай беріпті.

Ақыры шыдамаған Дидахмет:

- Әй, Әшеке, мына тісті көрдің бе? – депті аузын керіп, азу тісін көрсетіп.

- Көрдім... азу тісіңнің тұқылы ғана қалыпты ғой, – дейді аңқау Әшірбек.

Сонда Дидахмет:

- Көрсең сол, Әшеке, осы тіс макет сызудан мүжілген, – деген екен.

* * *

Фантаст-жазушы Жүніс Сахиев оқу бітірген соң өзіне ыңғайлы жұмыстың ретін таба алмай, ақырында республикалық “Спорт” газеті редакциясына қызметке орналасады. Аспан әлемін, миллиардтаған галактикаларды зерттеп, ой-қиялы көкте жүрген

Жүкеңнің спорт дегеннен хабары шамалы екен. Бірақ қызмет бабы оған қарай ма, редактор жаңа қызметкеріне “Қайраттың” ойынын жазып келуді тапсырады. Сөйтіп Жүкең өз ғұмырында тұңғыш рет стадионға келеді ғой. Бұрын білмей жүрген екен, футбол ойыны дегеннің де қызық шаруа екеніне сол жолы Жүкеңнің көзі әбден жетеді. Жанкүйерлерге қосылып еліре айқайлап, реті келген жерде ысқырып, доп соғылғанда орнынан атып тұрып, алақаны ауырғанша қол соғып, мәз-мейрам болып стадионнан шығады. Шыққан бойда газетке материал жазу керектігі есіне түсіп, қасында келе жатқан жігіттен:

- “Қайрат” қай жақта ойнап еді? – деп сұрайды.

Жігіт бажырайып, Жүкеңнің бетіне бір қарайды да:

- Бірінші таймда солтүстік жағында, екіншісінде оңтүстік жақта ойнады, – дейді.

- Жо-жоқ, киімінің түсін сұрап тұрмын.

- Көк мәйкелі.

Сонда Жүкең өзіне-өзі риза пейілмен:

- Бәсе, өзім де соларға іш тартып ем, бірдеңені сезген екем ғой, – деген екен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар