Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 8

11.02.2019 429

Әлібек Асқаров. Әдебиет әлемінің әзілдері - 8

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары. Жаңадан ашылған «Түркістан» газеті қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, елдік мәселе төңірегінде бұрқыратып мақалалар жариялап жатады. Орыс тілді «Караван» газеті бірде сол мақалаларға қарсы сөз айтып, сын материал басып жібереді.

«Түркістанның» бас редакторы Қалтай Мұхамеджанов жұмысқа келген бетте редакция қызметкерлерін жинап алады да:

- Бүгінгі «Караванды» оқыдыңдар ма? – деп сұрайды.

Қызметкерлер мойындары салбырап, міңгірлеп, бастарын шұлғысады.

Сол кезде бас редактордың орынбасары Дидахмет Әшімханов:

- Қалеке, сынның өзі жас газетімізге реклама емес пе! – дейді.

Сонда Қалтай ағамыз:

- Қайдағы реклама, Дидаш-ау, біреу артыңнан тепкілеп жатса! – деген екен.

* * *

Ақын Несіпбек Айтов пен талантты ғалым Тұрсын Жұртбай түйдей құрдастар әрі жастайынан тайталасып бірге келе жатқан айнымас достар. Екеуінің бірін-бірі қажап, сөзбен түйреп, қатты қалжыңдаса беретіні де қаламгерлер қауымына жақсы таныс.

Бірде Несіпбек Астанадан өзінің машинасымен шығып, Семей жаққа жолаушылап бара жатады. Екібастұздың маңайына жақындағанда қалта телефоны шыр етіп, «Тұрсын қайтыс болыпты» деген суық хабарды естиді. Жан досы ғой, ақын машинасын жол жиегіне тоқтатып, жанарынан жас тамшылап, дел-сал қайғырып отырып қалады. Артынша әлгі хабардың жаңсақ екенін айтқан тағы бір хабар келеді. Сөйтсе, Тұрсынның Алма деген қызы ауылдағы кәрі әжесінің өмірден озғанын айтып, «апам қайтыс болды» дегенін бір ағайыны «папам қайтыс болды» деп естісе керек. Тұрсын туралы жаңсақ хабар содан шығып кетіпті.

Несіпбек шүкіршілік етіп, жолынан қалмай жүріп кетеді.

Семейден қайтып келген соң достары одан:

- «Тұрсын өлді» дегенді естігенде, ай... бір... қатты қуанған шығарсың? – деп қаузайды ғой.

Сонда Несіпбек:

- Өлді дегенде, әрине, қуанғам жоқ. Бірақ «тірі екен» деген хабарды естігенде қатты ренжідім! – деп жауап беріпті.

* * *

Қазіргі «Егемен Қазақстан», бұрынғы «Социалистік Қазақстан» газетінде ұзақ жылдар бойы шешен тілді, қалжыңбас Тәжібай Битаев деген майталман журналист қызмет жасаған. Ұжымға аса сыйлы сол ағамыз қатал деген бастықтардан да жасқанбай, айтар сөзін айтып салып, қарап отырады екен.

Қазақстан Компартиясының органы «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметте аса қатал, өмірде дегдар, жүріс-тұрысы аристократ Балғабек Қыдырбекұлы (1929–1995) басшы болып тұрған кез деседі. Редакция ұжымында айтулы даталар мен мемлекеттік мерекелерге орайластырып «Қызыл қалам» атты қабырға газеті шығарылып тұрады. Қабырға газетін шығарушы да, редакторы да Тәжібай Битаев екен.

Сондай кезекті бір мерекеге арнап шығарған қабырға газетінде елеусіздеу бір қате кетіп қалыпты.

Ол қатені Балғабек бастықтың қырағы көзі байқап үлгереді. Содан қабырға газетін шығаруға қатысқан азаматтарды бөлмесіне шақырып, реніш білдіреді. «Неге байқамайсыңдар? Партком қайда, местком не қарап жүр! Олар неге оқып, тексеріп шықпаған?» дегендей жігіттерге жекіп, тығырыққа тірейді.

Сонда ортада тұрған Тәжібай ағамыз алға суырылып шығып:

- Бәке, әркім өзі басқаратын газетіне ие болғаны жөн шығар. Осы мен сіздің «Соцқазақстаныңызды» басқару ісіне араласпаймын ғой. Менің газетімнің шаруасына неге кірісесіз?» – деп, бастықты да, басқаларды да ду күлкіге батырыпты.

* * *

Жетпісінші жылдары Алматыда «Жеті жетім» аталған жазушылардың пайда болғаны бар. Әдебиет айдынына бірге келген қаламгер құрдастардың, жан достардың шағын тобы.

«Жетімдердің» басын қосқан Оралхан Бөкей деседі. Бұл топқа Орекеңнің өзінен басқа Кәрібай Ахметбеков, Ақселеу Сейдімбек, Қуанышбай Құрманғалиев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Кәдірбек Сегізбаев, Төлен Әбдіков, Серік Әбдірайымов кірсе керек. Орекеңнен өзге жетеудің әкелері бәрі соғыста шейіт болған. «Жетімдер» деп аталуы да сондықтан екен.

Осы топпен әйгілі киноактер Асанәлі Әшімов та достасып, отбастарымен бірге араласып-құраласып жүреді.

Бірде Асекең «Үнемі қастарыңдамын, әмпей-жәмпейміз, қуаныш-тілегіміз ортақ, мені де жетімдерге мүше етіп алсаңдаршы» дейді. «Ой, бұл қиын шаруа, ол үшін сен біраз сыннан өтуің керек» деп достары әзілдеп жолатпайды.

Жылдар жылжып жатады. Өмірден Оралхан Бөкей өтеді. Бірер жылдан соң Кәрібай Ахметбеков дүние салады. Астанаға көшіп кеткен Ақселеу кенеттен қайтыс болады. Ақселеуден соң араға бірер ай салып Серік көз жұмады.

Сол қайғылардың бәрін бірге бөлісіп, оқиғалардың қалың ортасында бірге жүрген Асанәлі:

- Әй, сендердің мына түрлерің жаман екен. «Жеті жетімдеріңе» мені қабылдамай-ақ қойыңдаршы! – деп әзілдепті.

* * *

Ұзақ жылдар бойы еліміздің Парламентін басқарған көрнекті мемлекет қайраткері, дарқан жүректі ағамыз Оралбай Әбдікәрімов «Аңшылар қоғамын» ұйымдастырып, өзі соған төраға болады. Қоғам тарапынан «Қансонар» атты журнал шығара бастайды. Бірде осы журналдың редакция алқасын жинап, кеңес құрған басқосуда мына бір әзілді айтқаны бар:

- Жасырып керегі не, аңшылар да, балықшылар да әсершіл, эмоцияға бейім, аздап мақтанғанды ұнататын жұрт қой,– деп Орекең алдымен кеңкілдеп күліп алды. – Бірде сондай үш аңшы әңгімелесіп отыр дейді. Бірінші аңшы әнеугүні ай мүйізді екі бұғы қатар келіп қалғанда, жалғыз оқпен екеуін де атып алғанын айтып, мақтанады. Оны тыңдап отырған қалған екеуі немқұрайлы ғана: «Иә, ондай-ондай болады»,– деп мақұлдап, бастарын изейді. Сөз кезегін алған екінші аңшы түнеугүні көк жүзінде ұшып бара жатқан жеті қазды жалғыз бытыра оқпен қағып түсіргенін айтып бөседі. Тыңдап отырған ана екеуі: «Иә, ондай да бо- лады», – деп нәумез құптап қояды. Үшінші аңшы да әңгімеге араласып, ана жолы артынып-тартынып аңға барғандарын, тау қойнауына палатка тігіп, от жағып, дастарқан жайғандарын сөз етеді. «Бірақ,– дейді ол, етті асып, дастарқанды жайып жіберіп қарасақ, арақ-шарап алуды ұмытып кетіппіз». Сонда ана екі аңшы жұлып алғандай: «Жоқ, ондай болуы мүмкін емес!» – деп бастарын шайқап-шайқап жіберіпті.

* * *

Әдебиетіміздің классигі Ғабит Мүсірепов – темекіні көп тартқан кісі. Үстел басында жазу жазып отырса да, қаламгерлер арасында әңгімелесіп отырса да мүштігін бұрқыратып, қолынан тастамайтын көрінеді. Соны білетін бір дәрігер досы:

- Ғабе, темекі тартуды қойсаңыз қайтеді? – деп қолқа салады.

- Неге олай дейсің? Дәрігерсің ғой, дәлелді себебін айт!– дейді жазушы.

- Темекі адамның өмірін қысқартады, ол ғылыми тұрғыда дәлелденген! – дейді дәрігер.

Сонда Ғабең:

- Пәлі... Өзің ойлашы, ысталған ет ұзақ сақтала ма, жоқ әлде ысталмағаны ма? – деген екен.

* * *

Қадыр Мырза Әли қаламгер інілерімен ел аралап жүріп, шаршап-шалдығып, кештетіп бір ауылға келеді. Қадыр ақын келгенге кеңшар директоры нөкерлерін жинап, дастарқан жайып құрмет көрсетеді. Даяр еттен қуырдақ қуырылып, арақ- шарап құйылады. Сол екі арада Қадырдың «жол соғып шаршадық, демалсақ жөн еді» дегеніне қарамай, бата жасалып, қой сойылады. Қаламгерлер амалсыз көнеді.

Түн ортасы ауған кезде төре табақ қойдың еті келеді буы бұрқырап. Қадырдың алдына қойдың аппақ майлы жамбасын әкеліп қояды.

Сонда қазақтың қонақ күтісіндегі кейбір артық дарақылығына қынжылыс білдірген ақын:

- Ау, жігіттер, жамбасты жейтін емес, сипайтын уақыт болған жоқ па? – деген екен.

* * *

«Жазушы Асқар Сүлейменов айтыпты» деген мынандай бір әзіл әңгіме бар.

Өмір бойы қой баққан бір шал суық тиіп, күркілдеп төсек тартып жатып қалады. Кемпірімен арыздасып, былай депті:

- Бәйбіше, мінеки, мен өлейін деп жатырмын. Ақшам алдында шыныңды айтшы, мен қой бағып сыртта жүргенде жылтыңдап келіп-кетіп жүрген әнеу зоотехникпен бірдеңе болып па едің? – деп сұрайды.

Сонда кемпірі:

- Ойбай, шал, мен шынымды айтып... сосын сен өлмей қалсаң, өлтіресің ғой мені! – деп баж ете қалыпты.

* * *

Астаналық жазушы-драматург Жолтай Әлмашев ертеректе, Алматыда тұрған кезінде өзі құрмет тұтатын ағасы Дулат Исабековті қонаққа шақырыпты. Бұл ұсынысқа Дулат аз-кем ойланып тұрады да:

- Сенің үйің қай жақта еді? – деп сұрайды. Жолтай қаланың шетіндегі «Ақсай» шағын ауданында тұратынын айтады.

Сонда Дулат өкінгендей басын шайқап:

- Бір второе жеу үшін сонау микрорайонға бармай-ақ қояйыншы!– деген екен.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: Дулат Исабеков, Асқар Сүлейменов, Ғабит Мүсірепов, Оралхан Бөкей
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар