Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлібек Байбол. Есек

16.11.2021 715

Әлібек Байбол. Есек 12+

Жақынырақ жайғасыңыз, рұқсат етсеңіз қызық әңгіме айтып берейін...

Көршім бар. Жасы – қырықтар шамасында. Қырық бірде ме, қырық екіде ме, қырық үште ме, қырық төртте ме, қырық бесте ме екен, нақты білмеймін... Көшіп келгеніне де көп бола қойған жоқ. Екі-үш ай... Ағамыздың есімі – Есек. Бәрі: «Еске!» – деп еркелетеді, құрметтейді. Той-томалақ, жиын-шарада оған бірінші боп сөз тиеді. Өзі – пысық, өзі – еңбекқор, өзі – дәулетті, өзі – тілге шешен, сөзге бай, ділмар жан сияқты көрінді, кім білсін?! Жалпы, жақсы кісі. Әкесі бала кезінде есектен құлап, қолын сындырып алған-ды. Сол айда ұлды боп, азан шақырып... со-о-о-о-о-ол...

Әкесінің де аты ерекше. Қашырбек. «Қашеке!» – дейді, туыстары. Өзі – желаяқ.

Есектің Ит деген бажасы бар. «Итеке!» – деп қояды, жұрт. Оның бір кінәраты – ашу шақырғанда ит боп үретіні. Кеше ғана енесін қауып алыпты, балтырынан. Көрші-қолаң қатынды емханаға алып барып, хирург қанын тоқтатып, тістеген жерін тігіп, «жынданудан» сақтайтын укол салыпты. Бұл хабарды естіген елден ұйқы қашты, маза кетті. Мұндай жағдай тағы да қайталанатын болса, итатқыштарды шақыратынын ескертіпті, ел. Енесі де оңбайды, осы. Күйеубаласының «белая горячка» екенін біледі, біле тұра шамына тиеді. Оны халық Қарғагүл деп бекер атамаған екен. Көрінген жерге тұмсығын сұғады. Қарлығаш еді ғой, негізі.

Ескеңнің ортаншы бажасы бар, есімі – Доңызбай. Оны: «Доқа!» – дейміз. Өзі – қалталы қазақ. «Бай – сараң» дегеннің Доқаңа түк қатысы жоқ. Көңілденген кезде айналасындағыларға «пачка-пачкамен» ақша таратады да, кейін оны екі еселеп қайтарып алады, бермегендерді «счетщикке отырғызады». Жо-жоқ, Доқаң – сараң емес, Доқаң – жомарт, мәрт. Оның да бір ғана міні бар. Бір ғана. Елеусіздеу. Кекшіл және таз. Ұрсысқанда түрі доңыздан айнымайды, тура. Бір жақсы қасиеті – жанқалтасына айна мен тарақ салып жүретіні. Доңызға айналып бара жатқанын сезсе, айнаға бір қарайды да, қоя салады, көктемде, күзде және бұлтты күндері шашын тарап, жаңбырдың астында тыржалаңаш билейді. Обалы не керек, жалпы жақсы кісі.

Есек әйелінің есімі – Құзғын. Негізі, Құндыз екен да, бірақ сол күні перзентханадағылар той-тойлап, «жуып» жүріп, әріптерден жаңылысыпты. Ештеңе етпес. Өмір ғой, енді.

Ескең бес адамның басы қосылған жерде белсеніп, имандылық, патриотизм, этика, мораль туралы ақыл айтады. Әлгілер аузын ашып, көзін жұмып, бас шұлғып тыңдап отырады.

Есек күнде кешке Құдайдан күнәларының кешуін сұрайды. Жалбарынып. Ол – ақынжанды, өлеңсүйер жан.

– Адам жұмыс істемесе де қарны ашады екен ғой! – деп таң қалды Есек, нанды соғып жатып.

Сөйтіп жүргенде Есек те қайтыс болды. Өлер алдында: «Ля иллаһа иллалаһ мухаммадан расулулах деудің орнына есекше ақырыпты» деп естідік. Жақсы кісі еді, жақсы кісі еді, жақсы кісі еді... еһ-һ-һ-һ-һ.

АРУАҚ ЭЛЕКТОРАТ

Түсім бе, өңім бе, нақты айта алмаймын. Ұшып жүр екенмін деймін. Сондағы сезімді айтсам кәдімгідей қиналып қалам. Ләззат сезімін кештім, бастан. Дем жетпей, кеуде тұсымда түсініксіз ҮРДІС жүріп жатты. Содан не керек, бір жерге кеп топ ете қалдым. Денем ауырсынған жоқ. Жел ойнаған қауырсындай жеңіл түстім.

Түсім бе, өңім бе, нақты айта алмаймын. Мұндай сезімді бірінші рет бастан кештім. Әйтеуір, менде ерік бар. Жүргім келеді, жүремін, сөйлегім келеді, сөйлеймін. «Қызық» деген сөз жадымның бір бұрышында қып-қызыл оттай жанып барып өшті, жанып барып өшті. Дәп осындайда өзді-өзіңе сырттай баға берген қиын екенін түсінесің.

Түсім бе, өңім бе, нақты айта алмаймын. Ұзын кезекте тұр екенмін деймін. Қақпа алдында. Оның үлкендігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ү-ү-ү-ү-ү-үлкен, енді. Бұл жерде не істеп жүрмін? Қайдан келдім? Қайда барам? Қашан? Неге? Өз кезегін күткен ел, әйтеуір. Бұл – нанның кезегі ме, әлде су-светтің ақшасын төлеу үшін түзілген кезек пе? Байқасам, кілең шенеуніктер екен. Бәрі Құдайдан кешірім сұрап жатыр. Шалқақ тартқан бастары иіліп барып имек құрыпты.

Қақпа – жабық. «Ашыңдар!» – деп айтқан бір мұсылман жоқ. Ақырындап алға жылжыдым да, қақпаны қақтым. Басында тықылдаттым, кейін қатты ұрғыштадым. Тып-тыныш. О, тоба! Бір кезде есік ашылды. Жартылай ғана. Іші – аппақ, нұр. Тура қарай алмайсың. Ішінен Періште шықты. Өзін сөйтіп таныстырды. Әйтпесе, тірідей Періштені кім көрді дейсіз. «Саған әлі ерте!» – деді де кеудемнен нұқып қалды. Мен де бой бермеймін. Қайта ұмтылам. Қайта нұқып қалады. Сөйтіп тұрғанда мынадай уақиға басталды да кетті...

***

– Ау, қайдан келе жатырсың?

– Сайлаудан!

– Таңертең ғана барып дауыс бердің емес пе?

– Естімегенбісің?

– Нені?

– Көрші-қолаң шуылдап жатыр ғой... «Кемпірің тіріліп кеп, дауыс беріп кетті» деп та.

– Астапыралла, не дейді?!

– Кемпірім мықты екен-ей! Риза болдым. Жұрт – таң-тамаша.

– Не істепті?

– Еліміздің әнұранын орындап, ән айтып, би билеп, жастарды рухтандырып, жігерлендіріп, желпіндіріп кетіпті.

– «Естімеген елде көп» деген. О, тоба!

– Сол рас сөз бе екен деп білуге барғам. Сөйтсем, рас екен. Бірақ, қырсық қақпас мені күтпей кетіп қалыпты. Өлерінің алдында пенсияма болмашы қызылды-жасылды киім, мата алып, менен әбден ұрыс естіген. Тағы да қақсай ма деген ғой.

Сөйтіп тұрғанда, екі шалдың әңгімесін бір қуақы жігіт бөліп жіберді.

– Ассалаумағалейкүм, ақсақалдар! Сол да сөз боп па?! Мен одан да сорақысын естідім. Сайлауға түсіп жатқан кісілерге дауыс жетпей жатқан ұқсайды. Енді, әулет-әулет боп, жеті атасынан тартып бүкіл аруақтар тіріліп кеп, көрлерінен тұрып, әдемі киімдерін киіп, таранып, қырынып, жуынып-шайынып, сайлауға сақадай сай екен дейді-мыс.

Бірінші шалекең тіссіз аузын көкке аңырайтып, аңқитқан күйі тұрып қалды, ал екіншісі есінен адасардай боп, қашаға сүйене-сүйене, сүйене-сүйене барып орындыққа отыра кеткені. Келесі күні: «Енді, аруақтар өз ішінен сайлауға түсер адам дайындап, бір-біріне дауыс беріп, жеңіп шыққаны тірілермен бәйгеге түсетін болды» деген хабар жан-жаққа тарады.

ДЕПУТАТ

Бұл депутатты өңге жанмен шатастыру мүмкін емес еді.

Өзі сондай тәп-тәтті... өзі сондай... мармелад... өзі сондай шоколад... өзі сондай сүйкімді...

Бір күні депутат әлдебіреу жазып берген баяндаманы [баяндамасын] оқып тұрып осырып қойды... мәдениеттірек айтсақ, жел шығарды. «Жаны бардың – желі бар» деген ғой. Содан соң, бәрінен кешірім сұрады. Әуелі, Алладан сұрады... кешірім.

Бір күні тағы да осырып... қойды... жел шы...

Тағы да...

Тағы да...

Тағы да...

Ол біреуге жағынғанда, өтірік айтқанда, көлгірсігенде жел шығаратын.

Бір күні Әзірейіл суырып алды, жанын.

Жақсы кісі еді, марқұм!..

*Тұман басты Алтайды,

Қарт Хазарға кеш кірді,

Жер бір күнге қартайды,

Күн бір күнге ескірді.

*Өлең жолдарының авторы – Ерлан ЖҮНІС.

ЖЫНДЫ ҚАЙРАТ

Біздің Ө деген ауылда Қайрат деген кісі тұрады. Өзі – адамгершіл, адал, әділ, кірпияз, мінезді, өңді жан. Бәрі дұрыс, бірақ жалғыз міні бар – жынды. Жындыханада тіркелген-ді. Қып-қызыл жынды. Өйткені, жынды деген «қызыл қағазы» бар. Елдер оны: «Жынды Қайрат! Жынды Қайрат! Жынды Қайрат», – деп мазақтайды. Ең таңғаларлығы – мынау. Бір күні Орталықтан «звонок түсіп», ол аяқастынан әкім боп сайланды, тұқы. Әкімият басшылығына өз «командасымен» келе сап, жан-жаққа: «Бір адамның құны – бір кой», «Үй алу үшін қалада 20 жыл қаңғыңыз!», «Адамның досы – Аң», «Ура, топастандыруға бағытталған тоғыз қағида», «Жер біздікі емес – Құдайдыкы» деген «жынды-жынды» жарлықтар шашып, заң шығарды.

Әдемі сөйлеймін деп кей әріптер ұшып-ұшып та кетті, аузынан. Реформа деген тәп-тәуір сөзді «репормы» дейді. Мықты-мықты бастықтармен жолығып, араққа тойып алған күні: «Ре-реп-реп-реп...», – деп «тілін шайнап» (бұл – жеңгеміздің сөзі) қалады. Сөйтіп, халықаралық дәрежедегі терминалогияның бәрін тегіс қазаққа бас иді.

Бірде айнаға қараған Жынды Қайрат:

– Кім-ей бұл, маған қабақ шытып тұрған? – деп тас-талқан боп ашуланды да, оны бір теуіп күл-талқан етті. – Маған ешкім қарсы шықпасын! Кемшілігімді де айтпасын! – деді қалш-қалш етіп.

Сөйтіп жүрген Жынды Қайрат – Қайрат Пәленшеевич болды, Қайреке, Қайрөш, Қайратжан атанды.

Аман болсын, Қайрекең! Өйткені, бірде болмаса бірде ісіміз түсіп, шаруамызды шешіп беретін адам да (таныс!) қажет боп қалар.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар