Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Әлімхан әлемі

08.11.2021 619

Әлімхан әлемі 12+

Нұр-Сұлтан қаласындағы Жазушылар үйінде Алаш қайраткері Әлімхан Ермековке арналған кеш өтті. Алаш автономиясын құру жолындағы Әлімхан Ермековтің үлесі зор. Ол бұрынғы Семей губерниясы, қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында білім ордасын ашып, Ташкент пен Алматы қалаларының жоғары оқу орындарында математика пәнінен дәріс оқып, ұстаздық еңбек еткен. Ұлтымыздан алғаш шыққан математика ғылымының профессоры. 1929-1930 жылдары бір топ қазақ зиялылары мен ақын-жазушылары түрмеге түсіп, тергеуге алынғандардың ішінде Әлімхан Ермеков те бар. Ұлы Алаш идеясы жүзеге асыру үшін, болашақ ұрпақтың қамын ойлаған тұлғалар М.Әуезов пен Ә.Ермеков өз басын сақтап қалу жолында, «кінәларын мойындап» бостандыққа шыққан.

Әлімхан Ермеков Қазақ автономиясының териториясын жанкештілікпен қорғап, 1920 жылы 17 тамызда Лениннің төрағалығымен өткен Халық комиссарлары кеңесінің құрылтайында баяндама жасайды. Онда ол Қазақстанның шекарасы туралы мәселелерді атап өтіп, Кеңес үкіметінің озбыр отаршылдық ниетімен тартып алынған жерлерді ашық әшкерелеп, жан-жақты, бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Нәтижесінде, кезінде қазақтардан тартып алынған Каспийдің теріскей жағалауындағы ені бір шақырымдық және Ертістің сол жағалауындағы он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Лениннің тікелей қолдауымен Қазақ еліне қайтарып берілген. Тарихи тұлғаға қатысты өткізілген жиынды Жазушылар Одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының басшысы ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп, Әлімхантанушылар Қайырбек Сәдуақасов, Марат Азбанбаев, және әдебиет сыншысы Айгүл Кемелбаева, аудармашы Ернат Қашқыновтар өз ойларын ортаға салып, тұлғаның ашылмаған, зерттелмеген тұстарына қатысты пікірлерімен бөлісті.

Әлімхан Ермеков 1891 жылы бұрынғы Семей губерниясы, қазіргі Қарағанды облысы, Қарқаралы уезі, Ақтоғай ауданында туған. Мұнда Алаштың үш арысы, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаевтар дүниеге келген. Әсет Найманбайұлы, Күләш Байсейітова, Мағауия Хамзиндер сынды тұлғалар өмір сүрген өңір.

Әлімхан Ермеков тумысынан алғыс, зейінді кісі болғанға ұқсайды. Әкесі Темірші ауданының болысы. Кейін қудалауға ұшыраған. Алаш алыптарының ішіндегі ең дәулеттісі, тоқшылықта өмір сүргені Әлімхан Ермеков. Жастайынан айрықша дарынымен танылып, мектеп-гимназияларын алтын белгімен бітірген. 1913 жылы Әлихан Бөкейхан ақсақалдардың әңгімесін, аңыз-әпсана, ертегілерін қағазға түсіруге зерттеуші, ғалым Григорий Потанинді қазақ даласына жіберіп, 22 жасар Әлімхан Ермековті жанына қосып, тәржімашы етеді. Нәтижесінде Потанин көлемді мақала жазып, шығыс академиясында баяндама жасайды. Потанин: «қазақ секілді талантты халықтың болашағына сенімім мол»,- деп қайран қалады. Әлімхан Ермековтың ең бір ерен еңбегі, қазақ даласының шекарасын сызып тұрып, Лениннің алдында 3-4 сағат сөйлеп, ғажап білімінің арқасында ойын дәлелдеп, еліміздің териториялық тұтастығын аман сақтап қалған. Алаш арыстарының ішіндегі қуғынға ұшырап, ең ұзақ уақыт айдауда жүргені осы – Әлімхан Ермеков. Өмірінің 18 жылға жуық уақытын түрмеде өткізген.

1912 жылы жылы Томскідегі политехникалық институтқа оқуға түскен. Екі аралықтағы ақпан реолюциясының дүрбелеңімен 1923 жылы жоғары оқу орнын бір-ақ тәмамдайды. Институттың Усов атты академигымен жақын қарым-қатынаста болып, кейіннен Қаныш Сәтпаевты тау-кен факультетіне оқуға түсіртетеді. Алаш арыстары әділ Парламенттік Республика құруға жұмыстанған. «Алаш идеясын Ахмет Байтұрсынұлының «Аққу, шортан һәм шаян» өлеңіндегідей сол кездегі қайраткерлер сан тарапқа тартпай, ұжымдасып бірлікте болғанында ел-жерімізді аман сақтап қалған болар ма едік? Негізі темірқазық бағытымыз, ұлттық идеямыз Түркістан болып, бүкіл түркі жұрты бір тудың астына жиналғанында жағдай мүлде басқаша өрбіп, 1921-1932 жылдары халқымыз аштыққа ұшырап, зұлматты соғыстарға қатыспаған болар ма едік?», - дейді Қайырбек Сәдуақасов

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің бір сөзі бар: «Елдің барлығы ақиқатты, Құдайды іздейді. Тауып алса ұрып өлтіреді»,- деген. Біз тарихи тұлғалар турасында әңгіме айтсақ, сол кісілерге пайғамбарлық қасиет дарытып, Құдайлық сипаттамаларды үйіп төгеміз. Ақырында, тұлға көтере алмайтын жүкті мойнына артып қоямыз. Бұл – Әруаққа ауыр тиюі мүмкін. Әлихан Бөкейханов пен жанындағы қайраткерлер Алашорда автономиясын құрғанда, сол автономияны қазақтар экономикалық, әскери, саяси, құқықтық тұрғыдан ұстап тұра алар ма еді? Оған жағдай болған жоқ. Жиырмасыншы ғасырдың басында Орынборда «По управлением кыргизского крайем» деген әскери комитет құрылған. Бірақ оларда билік болмаған. Семей-Ақмола облыстарын Сібір ревкомы басқарған. Мұрағаттағы сол уақыттың құжаттарын қарап отырсаңыз, Ресей үкіметі Орынбор, Сібір ревкомдарын ұзын арқан, кең тұсауда ұстаған. Әлімхан Ермеков – болыстың баласы. Мұрағаттағы деректер бойынша революция кезінде, көпес Мусиннің үйін паналаған. Мысалы, Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермековтер қандай ақшаға тіршілік етіп, тамағына, жүріп-тұруына қаржыны қайдан алған? Яки, Алашордашылардың негізгі тірегі – көпестер, бай-манаптар. Дәулетті бағландар қаржылай көмектескесін, «біздің мүддемізді қорғайсыңыздар» деп талап қойған. Сталин ең бірінші кезекте, ұйымдастырушы байлардың мүлкін тәркілеп, сол себепті қудалағанға ұқсайды.

Мағжан Жұмабаев: «Біз өз-өзімізге есеп бермей, ақпан революциясының ағысымен кетіп бара жатырмыз. Болашақта не болады, оны білмейміз» дей отырып, Алашорда үкіметі революцияның соңынан ілесіп кетуіне қарсылық білдіреді. Әлімхан Ермеков қазақ автономиясының аумағын қорғап қалғанымен, осы мәселеге Лениннің өзі мүдделі болған. Себебі, автономияны бөліп ұстау – ыңғайлы. Сондықтан, большевиктер Алаш арыстарына өз пайдасын үшін қол ұшын созған. Азамат соғысынан соң қайта күш жинаған большевиктер Алаш қайраткерлерін бірте-бірте қуғындап, ығыстырған. Біздің Алашорда үкіметіне көзқарасымыз – бір жақты. Алматы мен Семей қаласында орналасқан мұрағат бөлімінде Алаш қайраткерлеріне қатысты құжаттар мол сақталған. Алайда, біз ол құжаттарды оқып, зерттеп-зерделеп, дұрыс түйін шығара білуіміз қажет. Тарих – ұлт қателігінің екінші мәрте қайталануын кешірмейді. Сабақ алуға тиіспіз», - дейді алаштанушы Марат Азбанбаев.

Әлімхан Ермеков немере қарындасы Дәмешке сенің жүрегің жұмсақ, дәрігер бол деген екен. Дәмештің күйеуі Темірбек Жүргенов қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан тұлға болатын. Бұл кісілердің бәрі жер асты суы секілді бір-бірімен байланысып жатыр. Рухы бір. «Мемлекет нығайған уақытта осы тұлғаларға арнап фильм түсіру қажет. Әлімхан жайлы бүкіл деталдардың басын құрап фильмнің сценарийін жазғым келеді», - деді жиынға қатысқан жазушы Айгүл Кемелбаева.

Кез келген елорда – мемлекеттің жүрегі іспетті. Әлімханның Ермековтің атқарған ісі ұшан теңіз. Мәселе, біз соны өз деңгейінде зерттей алып отырмыз ба? Бір ай бұрын Германияның зерттеу институты Қазақстан жастарын арнайы зерттеген екен. Германия экономикалық қуаты бойынша әлемде төртінші орындағы мемлекет. Ара-тұра үштікке еніп тұрады. Сол статистика берген мәлімет бойынша Қазақстандағы он тоғыз миллион халықтың алпыс пайызға жуығы жасы отызға жетпеген жастар екендігі жазылыпты. Зерттеудің қорытындысы бойынша, біз бұл мемлекетті назарымыздан тыс қалдырмауымыз қажет. Өйткені, жас мемлекет делінген. Абай, Ыбырай, Шоқан, Әлихан, Әлімхандарды айтқан мезетте әңгімеміз осы жастарға қарата бағытталуы тиіс. Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсыновқа жазған хатында: « Ахмет, сен Ыбырай ағаң Алтынсарин хақында жазуың керек» дейді. Сол заманда Ахмет пен Ыбырайдың бір-біріне аз-мұз өкпе-реніші болыпты. Ал, Әлекең оны біле отыра Ахметтің Ыбырай туралы жазуын өтініп, сол жүкті арқалай алатынан сенгендіктен хат жазған. Осы сияқты бізде қазір бір идеялогияны ұстануымыз ләзім. Қазір «Толық адам болудың 4 құпиясы» атты қазақша, орысша, ағылшынша кітап жазу үстіндемін. Студенттермен кездескенде байқаймын, орағытып әңгіме айтуымызды жастар қабылдай бермейді. Қазіргі жастар тақтайдай бір тегіс жолды қалайды. Абай, Алаш, Азат ұғымдары үш таған секілді. Балтық елдері де біз секілді отар болды. Бірақ қысқа ғана мерзімде. Тоқсаныншы жылдары тәуелсіздігін алды. Менің әкем Мелс, Мелстің туған әкесі Жеңіс. Жеңіс Қашқыновтың Кеңес үкіметі жайлы жазған деректерінде әкем Әлімхан мен Әлихандар туралы айтатын. Әлімхан Ермеков біздің әкелеріміздің ұлы нағашысы екен. Әлімхан Ермековтің өз даусымен сөйлеген үнжазбасы сақталған. Туғанына 130 жыл толған қайраткер жайлы айтқанымызбен, алтын қордағы дауысы сақталған Әлекең өзі жайлы айтады. Мектептерге, көшелерге аты берілсе деген тілегім бар», - деді Ернат Қашқынов.

Ұлттық тәуелсіздік пен мемлекеттік – қай халықтың болса да көздеген мұраты боп қала береді. Қазақ халқы он сегізінші ғасырда Ресей империясының құрамына өткеннен соң мемлекеттілігінен айрылды. Алайда он сегізінші аяғында хандық билеу формасын қайта түлетіп, жаңғырту жолында Кенесары, Есет, Жанқожа, Сырым, Исатай мен Махамбет, Наурызбай мен Сыздық, Жоламандар бастаған топ жанкештілікпен күресті. Алайда, Патшалық үкіметтің өте әбжіл, айлалы саясатының нәтижесінде ұлтымыздың хандық дәстүрлі әкімшілік билеу жүйесі біржола жойылып, ұлан-байтақ даламызды отарлау һәм орыстандыру жиырмасыншы ғасырдың басына дейін жалғасты. Он тоғызыншы ғасырдың орта ширегінде Шоқан Уәлихан, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы сынды ағартушылар ұлттық азаттығы жолында мүлде басқа тұрпатта күресті бастап жіберді. Бұл – бодандық пен орыстандыру саясатына қарсы білім мен парасат арқылы күрес болатын. Аталған бағытты олар жаңа ұрпақ өкілдеріне аманаттап, Санкт-Петербург, Мәскеу, Варшава, Қазан, Киевке оқуға аттандырып отырды. Сондай аманатты қиянат қылмастан адал атқарған тұлғалардың бірі де бірегейі – Әлихан Бөкейханов еді. 1894 жылы елге қайтып, ұлт азаттық күрестің жаңа стратегиялық жобаларын жүзеге асыруға тырысып бақты. Ә. Бөкейхан қазақ зиялылары мен аптал азаматтарының, ұлт қаймақтары ақын-жазушылардың басын қосып, жаппай оқу-ағарту, ұлттық басылымдарды ашу, қазақ ғылымын қалыптастыру бағытында бір кісідей жұмылдырған-ды. Осы арқылы Алаш партиясы құрылды. Алаш партиясының құрылуы Абай, Шоқан, Ыбырай аңсаған арманның заттануы, қиялдың деректі дүниеге айналуы еді. Әлиханның болмысын жан-жақты, терең зерттеп аша түсу – біздің қасиетті борышымыз.

Теги: Естелік

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар