Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Алис Монро. Әңгіме құрастырумен «ауыра» бердім...

21.06.2019 3804

Алис Монро. Әңгіме құрастырумен «ауыра» бердім

Алис Монро. Әңгіме құрастырумен «ауыра» бердім - adebiportal.kz

Алис МОНУРО – Канадалық жазушы. Бала жасынан қалам тербеген оның «Көлеңкелер өлшемі» атты тырнақалды әңгімесі жақсы аңыс қозғаған. «Көлеңкелер биі» атты туындысы Канададағы ең үлкен әдеби сыйлықты иеленген. Швед академиясы оны «заманауи әңгіме жазудың үздігі» деп бағалап, 2013 жылы оған Нобель әдебиет сыйлығын берді. Ол Нобель сыйлығын иеленген тұңғыш канадалық жазушы.

Шағын әңгімелерінің өзіне бір романның идеясын сыйғызып жазатын оның кітаптары әлемнің көптеген тілдеріне аударылып, басылып шықты. «Дауыс», «Қызыл көйлек», «Пойыз», «Құштарлық» сияқты туындылары оның жазушылық шеберлігін, өзгеге ұқсамайтын стилі бар екенін аңғартады. Әдебиет сыншылары мен қаламдастары оған «Канаданың чеховы» деген лақап ат қойған.

Шығармаларыңызда әңгімешілдігіңіз менмұндалап тұрады, бұның жөні қалай?

– Үнемі әңгіме құрастырып, оны қағазға түсіруге дағдыланғанмын. Бала кезімде мектепке барар жол тым қашық болды, сол кезде әңгіме құрастырып, оны өзіме-өзім айтып беруші едім. Есейген сайын бұл құбылыс та молая берді. Әне, сол шақта құрастырған әңгімелерімді біреуге ұсынып немесе оны жариялауға ынтығым болмады. Себебі, ол дүниелерді басқалардың білуін қаламадым. Ол әңгімелердің көбі сол сәтте ойыма алған құбылыстар туралы, өзім туралы, Ханс Андерсеннің «Кішкентай су перісі» туралы болып кете беретін. Сол шығармадағы кейіпкердің сұңғылалығы, тапқырлығы арқасында өзі үшін көркем өмір жаратқанына тәнті болатынмын.

Айналаңыздағы табиғат, орта шығармашылығыңызға қандай шабыт берді?

– Мен ешқашан айналамнан шабыт іздеген жан емеспін. Бала кезімдегі секілді әңгіме құрастырумен «ауыра бердім». Сол әлем, сол орта маған барын сыйлайды деп сендім. Сол үшін де ескі дағдымды үзбей жалғастырып келемін. Осы арқылы күндердің күні үлкен аудиторияға, күллі оқырманға жүрегімде жазылған сырларды, атап айтқанда, әңгімемді жеткізе алатыным аян еді.

Шығарма жазарыңызда неге баса назар аударасыз?

– Бұл сұрағың өте орынды. Жаңадан жазып жүргенде туындымның сәтті аяқталуына көңіл бөлдім. Егер шығармам сәтсіз аяқталса, кейіпкерлерім әлдебір қиындыққа ұшыраса мен оған шыдай алмаймын. Жуықта, Эмили Бронтенің «Күркіреуік таулар» атты шығармасын оқыдым, аталған автордың бар өмірінде жазған жалғыз шығармасының соңы өте трагедиялы түрде аяқталған. Осыдан кейін мен өз ойымды бүкілдей өзгертіп, қайғылы күйге ұшырадым. Көрдіңіз бе, шығарманың сәтсіз аяқталуы оқырманға қатты әсер етеді. Бұл менің жеке көзқарасым. Бірақта бұндай айтылымдар мен көзқарастарды бұдан бұрын да, менен бұрын да талайлаған әдебиет сыншылары мен ақын-жазушылар жеріне жеткізе айтқан.

Канаданың шағын қалашықтарының өмірін сипаттауда қандай қызықты жағдайлар бар деп ойлайсыз?

– Меніңше, әрқандай өмірдің, әрқандай ортаның өзіне тән қызықтары бар. Егер мен шағын қалашықта өмір сүрген болсам, қазіргідей батыл әрі өзгелермен бәсекелес бола алмас едім, ең маңыздысы, озық өркениеттен құр алақан қаларым даусыз еді. Бұл жағдайлармен күресуге дәрменсіздік танытар едім. Әңгіме жазудың қалай болатынын білетін жалғыз адам – менмін. Бірақ бұл туралы айқай-аттан салып, өзімді жарнамалаған емепсін. Уақыт бәріне төреші екен, аз ғана уақыттың ішінде, мен өз арманыма жеттім, өз биігіме көтерілдім.

Өз шығармаларыңызға қанағаттанып көрдіңіз бе?

– Көп жылдар бойы солай істеп жүрдім. Бірақ есейген соң, көптеген қаламгерлерге кездесіп, пікірлескен соң, өз ойымның ағат екенін білдім. Осы жағдайдан кейін, шығармашылық жұмыстың мен ойлағаннан да қиын әрі күрделі екенін таныдым. Бірақ күдер үзгем жоқ. Қолымнан келгенінше жақсы жазуға тырсып келемін.

Бірер шығарманы жазарда алдын-ала жоспарлап аласыз ба?

– Иә, солай. Бірақ көбінде жоспардағыдан басқаша болып шығады. Ойыңдағы дүниені сәтті жазып шығу үшін барыңды саласың. Шығарма жазылу барсында жоспардағыдан өзгеше бағытта болса да толық аяқтауға құлшынамын. Бірақ ақырында не айтпақшы болғанымды туындының өн-бойына сіңіремін. Бұл мен үшін өте маңызды.

Неше әңгімеңізді жарамсыз деп жайына қалдырдыңыз?

– Жас кезімде бар жазғандарымды отқа салып жібердім. Себебі, ол шығармаларыма титтей де көңілім толмады. Идея, ой, таным, ләззат жоқ екенін сездім. Бұны қалай сезіне алдың дейсің ғой, әрине, оқу, жай оқу емес, көп оқу маған көмектесті. Кейін тағы да қолыма қалам алып, ойға түйгендерімді ептеп қағазға түсіре бастадым. Өзімнің шығармашылыққа төселе бастағаным өзіме аян болды. Ал қазір ешбір әңгімемді қоқыс қалтасына тастай салмаймын. Мен олардың өмір сүруі үшін, оқырманға жетуі үшін не қажет екенін ақыры түйсіндім. Өкінерлігі, кейде бірер шығармаларымда азын-аулақ ағаттықтар кетіп жатады. Оны көңіліме алмай, келесі шығарманы жазуға жоспар құрамын.

Қоқыс қалтасына тастай салған туындыларыңызға өкінген сәтіңіз болды ма?

– Мүлде олай болған емес. Өйткені, ол шығармалар кезінде мені азаптады, көңіл-күйіме жағымсыз әсер қалдырды. Жақсы жаза алмаймын ба деген күмән туғызды. Ол шығармаларды жазуға машық, шығармашылыққа бастау деп қараймын.

Есейе келе шығармашылық тақырыбыңыз өзгерді ме?

– Әрине, көп өзгеріске толы болды. Әу баста Андерсеннің «Кішкентай су перісіне» ұқсатып қалам тербеген мен көп өтпей әйелдер мен балалар тағдыры туралы, ал жуық жылдардан бері жасамыс әйелдер хақында жаза бастадым. Әлі жаза беремін де. Бұл тақырыптар сенің еш қалауыңсыз өз өміріңе, тағдырыңа, ұлтыңның, мемлекетіңнің мүддесі мен ертеңіне қатысты болған соң, шығармашылық бағытың солай ауа бастайды екен. Міне, бұл менің шығармашылық өмірімде болған шынайы жағдай.

Отбасы мен шығармашылықты қатар алып жүруде өзге әйел қаламгерлерге үлгі бола алдыңыз ба?

– Бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Оларға үлгі бола алсам жақсы еді. Жас кезімде басқа әйел қаламгерлерді іздеп барғанымда, олардың тұрмысқа, өмірге деген өлшеусіз ынтасы мен үміттерін көріп, шабыт алғаным рас. Бірақ қазір өзімді іздеп келген әйел қаламгерлерге аз болса да рух, шабыт сыйлай аламын ба, жоқ па, оны білмеймін. Әйелдердің қоғамға, ұлтына, мемлекетіне, отбасына қосқан үлесі туралы жазу, айтудан жалықпаған жөн. Жай әйелдерге қарағанда, қолына қалам алған әйел қаламгерлердің жапасы мен михнаты өте көп. Қазір әйелдерге маңызды, есте қаларлықтай істерді істеуіне мүмкінідктер мол. Тағы бір айтарым, әр елде, әр қоғамда, тіпті әр отбасында әйелдер үшін ізгі істер жасау толастамаса екен.

Жазушының жас кезі

Әңгімелеріңізді оқығандар қандай әсер алады деп ойлайсыз? Әсіресе әйелдер қауымы...

– Мен шығармаларым арқылы адамдарды оятқым келеді. Сол үшін жазғандарымды әйелдер, еркектер немесе балалар ғана оқыса екен деп бөлмеймін әрі шектеу қоймаймын. Туындыларым адамдар айтып жүрген күнделікті өмір туралы тақырыпты қаузай алса, шығармашылық өмірден ләззат алсам деген ниеттемін. Шығарманың идеясы арқылы оқырман бірдеңені сезіне алса, соңғы нүктесін қоярда өзің басқа бір адам ретінде тіл қата алсаң соның өзі жазушы үшін үлкен жетістік.

– «Сіз кімсіз» деген сұраққа қалай жауап берер едіңіз?

– Мен шағын ауылда, шотландықтар мен ирландықтардың арсында өстім. Олардың ортасында өзіңді өзгелерден «артықпын, парасаттымын» деп ойлау басы артық шаруа. Ал жазушылықпен шұғылдану үшін өзіңді басқалардан көш ілгері адам ретінде елестетуге тиіссің. Мен солай істей алдым.

Феминизмге тым ерте атсалысқан секілдісіз...

– Феминизм дегеннің қандай мағынада екенін ешқашан білген емеспін. Бірақ феминист болғаным рас. Өйткені мен өскен өңірде ерлерге қарағанда әйел қаламгерлер шығармашылыққа өте бейім болды. Біз үшін алғанда, мүйізі қарағайдай, ат-атақты жазушылардың барлығы ер адамдар еді. Оның үстіне әйелдердің шығармашылықпен айналысу мүмкіндігі ерлерге қарағанда әлдеқайда төмен болды. Ал шығармашылықпен айналысу тек ерлердің еншісінде емес. Бұрын солай болатын. Қазір мүлде керісінше.

Жазушылық талант сыйға берілген деп ойлайсыз ба?

– Әсте олай ойлаған емеспін. Бірақ айналамдағы қалам ұстайтындардың көбі солай десіп жүр. Ал мен бұны сый деп емес, көбірек ізденіс жасасам, қолымнан келетін жалғыз шаруа осы ғана деп қабылдаймын. Егер жазушылық талантты Тәңір сыйға берген болса, онда оны бізге оңай-оспақ бере салмайды.

Өз шығармашылығыңызға қанағаттанбаушылық сезімі бар ма?

– Үнемі солай. Өзіңе-өзің баға беріп, «болдым, толдым» деген күні бәрінен айырыласың. Бірнеше жыл бұрын жазып, аяқтап қойған көптеген әңгімелеріме көңілім толмай, жыртып тастадым. Мейлі, қалай жазайын, мен үшін іздену, үйрену, оқу жалғаса береді.

Жұмысшы отбасында өстіңіз бе?

– Солай.

– Шығарма жазуға уақытты қалай жоспарлайсыз? Бала қарау, отбасы күйбеңі, тамақ істеу сияқты шаруалар қол байламай ма?

– Мен қай уақытта жазғым келсе, сол кезде жазу үстеліне отырамын. Бұрынғы күйеуім шығармашылықпен айналысуымды қолдап, өз көмегін жасады. Ол үшін шығарма жазу – аса мәртебелі еңбек саналатын. Қолына қалам ұстаған жандарға құрметі бөлек еді. Ол тіпті әйелдің қолынан келмейтін ешнәрсе болмайды деп қарайтын. Оның осы көзқарасы мені демеп отырды. Отбасынан қолдау тапқан маған үй шаруасын істеу, бала бағу деген сияқты қарапайым жұмыстар кесе-көлденең бола алмады.

– Нобель әдебиет сыйлығын алу ойыңызда болған ба еді?

– Аяқ астынан әлемдік сыйлық алып, беделді боламын деп мүлде ойлаған емеспін. Мен әйел жазушымын ғой. Бірақ ол сыйлықты әйел жазушылар да алған. Сыйлықты емес, абыройлы, танымал жазушы болуды армандағаным рас.

Сұхбаттасқан Стефан АСБЕРГ

Ағылшын тілінен аударған Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

Суреттер интернеттен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар