Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Әлішер Рахат. Бұл менің шығармашылықтағы тағдырымд...

08.01.2021 6239

Әлішер Рахат. Бұл менің шығармашылықтағы тағдырымды шешкен пьеса 12+

Әлішер Рахат. Бұл менің шығармашылықтағы тағдырымды шешкен пьеса - adebiportal.kz

Биылғы жыл жазушы Әлішер Рахаттың шығармашылығы үшін тамаша жаңалықпен ашылған сияқты. Жазушының әлеуметтік желідегі парақшасынан осы айдың 13, 14, 15-і күндері, Алматыда "StartDrama" театр лаборатортясында, Молдағали Фархадтың режиссерлігімен «Туған күніңмен, анашым!» атты спектаклінің премьерасы өтетінін көріп қалдық. Желідегі оқырман қауым да қызу құттықтап, сәттілік тілеп жатты. Әдетте, жас драматургтердің шығармасы бірден сахналанып, көрерменіне жол тарта бермейді. Осы бір айтулы сәтті пайдаланып жазушы, драматург Әлішер Рахатты аз-кем сөзге тартқан едік.

– Әлішер, алдағы қойылымға сәттілік тілейміз. Бұл жазған пьесаңның тұңғыш рет сахналануы ма? Шығарманың идеясы қалай туды, не себеп болды?

Рақмет! Екінші мәрте сахналануы. Алғашқысы 2017 жылы Өскемен қаласында болған еді. «Жалған мен Шындық» деген пьесам қойылған-тын. Алайда, ол пьеса өзіме ұнамайды. Себебі, шикілеу шығарма болатын. Тәжірибе үшін жазылған десем болады. Ал «Туған күніңізбен, анашым!» атты драмамның орны бөлек. Менің шығармашылықта қалу-қалмауымды шешкен осы пьеса деп айтар едім. Оған дейінгі пьесаларымды, әңгімелерімді, сценарийлерімді ешкім елемеді, әрине, өзім де өндіріп жаза алмадым. Сол кезде әдебиетке адасып келгендей күй кештім, тіпті, басқа салаға кетуді ойға алып жүрдім. Бірақ «Туған күніңізбен, анашым!» қалай өмірге келді, көзқарасым түбегейлі өзгеріп, қолымнан бір іс келетініне сене бастадым. Айналысып жүрген кішігірім кәсібіммен қош айтысып, жазуға отырдым. Сөйтіп «Махаббатым – constant» өмірге келді.

Бұл драманың идеясы – жазушы Берікбол Батанға тиесілі. 2017 жылдың жазында ма, күзінде ме, түнделетіп Берікбол келді. Бір әңгіме жазғанын айтып, оқып, пікір білдіруімді өтінді. Әңгіменің атауы «Үш аяқ». Әңгіме маған қатты ұнады. Образдары мен мотивтері, жалпы атмосферасы өзіме өте жақын болды. «Мынау әңгімең театрға сұранып тұр екен» дедім. Сосын Берікбол өзі пьеса жазбайтынын айтты. Содан қолқа салдым. «Осы идеяңды маған басы бүтін бер, мен жақсы драма жазып шығамын» деп уәде бердім, ақкөңіл досым көнді. Солайша, жаза бастадым. Бір қызығы, әлі есімде, осы пьесаны жазғанда, кәдімгі қызға ғашық болғандай жазып едім. Күні-түні соны ойлап, жақсы көріп, сүйсініп, бақытты болып дегендей... Жазып біткенде, бірінші болып Берікболға оқытып едім, ол риза болып, қолымды алған. Содан «Тәуелсіздік – толғауы» конкурсынан осы драмамен жүлделі болдық, ақшалай сыйлық алдық. Драма.кз фестиваліне қатысып, шорт листіне ендік, Сұлтанәлі Балғабаев (ұстазым), Олжас Жанайдаров, Айнұр Кәрім, Әлия Бөпежанова, Мәдина Омарова, Қолғанат Мұрат, Айдана Аламан секілді драматургтердің оң пікірін естідім. Кейіннен, Фархадпен таныстым, ол өзі жас драматургтерді іздеп жүріп оқитын. Соған бірнеше пьесамды жіберген ем, осыны ұнатып, қойғысы келетінін айтты. Соның орайы биыл келген екен.

– «Туған күніңмен, анашым!» қойылымы көрерменді қандай ерекшеліктерімен баурауы мүмкін?

Ең басты ерекшелігі – "StartDrama" театр лабораториясының, режиссер Фархад Молдағалидің менің пьесамды "Ozgeepic" өнер кеңістігінде қойғанында. Яғни, «86», «Қарагөз», «Фариза», «Құлагер» сынды аншлагпен өткен қойылымдардың режиссері, труппасы жас драматургтің шығармасын сахнаға алып шыққанында деп білемін. Екінші ерекшелігі - драмада қазіргі қоғам, қазіргі заман бар. Біздің театрлардың репертуарында мұндай спектакльдер өте аз деп санаймын. Шетелдік авторлар, болмаса, классик драматургтер сахналануда, дұрыс, бірақ жас драматургтер көлеңкеде қалып қойып жатыр.

– Осы спектаклдің сахнаға жол алуы барысында режиссер, әктер сынды шығармашылық топпен жұмыс істеу барысы қалай болды?

– Режиссер пьесаға кішігірім өзгертулер енгізетінін ескертті, әрі мен оған келістім. Ал читкада (оқылым) бір-ақ рет болдым, бірақ режиссер мен актерлердің жұмысына, олардың пьесаны талқылағанына қарап, өзімнің процессте қажетім жоқ екенін түсінгендей болдым. Жалпы, Фархадтың идеясы осында: жас драматургтерді процесске үйрету, оларды сахналау, шығармашылығын шыңдау.

– Қазіргі қазақ драматургиясы қалай болмасын жаңару кезеңін бастан өткеріп жатқаны анық. Осы тұста жас драматургтер көрермен көңілінен шығарлықтай толымды дүние ұсына алуы үшін қандай тақырыптарды қаузағаны жөн? Қалыптасқан, дәстүрлі драматургия бүгінгі жас оқырманның көңілінен шығатын туынды ұсына ала ма?

Кез келген тақырыпта жаза берсе болатын шығар. Бастысы оның шынайылығында, көрерменнің, оқырманның жүрегіне жетуінде емес пе?.. Көрермен өзімен байланыстыра алса, кейіпкерді таныса, сол маңызды деп ойлаймын. Дәстүрлі драматургия жас көрерменді қанағаттандыра ала ма, жоқ па, білмедім. Осы тұста айта кеткім келетін бір жағдай бар: драма.кз фестивалі қазақстанда драматургияның дамуына өте үлкен үлес қосып келеді. Оның финалисттері ресейлік, британиялық, халықаралық драма конкурстарында жүлделі орындар мен шорт листтерге еніп жатыр. Оның басы-қасында жүрген Олжас Жанайдаров, Альмира Исмаилова, Амангелді Мұқан, Айгүл Сұлтанбекова т.б. алғыс айтамын. Нұрайна Сәтпаева, Альмира Исмаилова, Михаил Земсков т.б. қазақстандық драматургтер ресейлік «Ремарка», «Любимовка» секілді үлкен драма конкурстарында шорт, лонг листтерге енді. Айнұр Кәрім, BBC ұйымдастырған халықаралық радиопьесалар байқауының бас жүлдесін иеленді. Сонысымен қазақстандық драматургтерге жол ашып жатыр десек болады.

Мадина Омарова, Айдана Аламан, Қолғанат Мұрат, Ықылас Шалғынбай, Тоқтарәлі Таңжарық, Жәнібек Әлікен, Мерей Қосын, Хан Асанов т.б. қазақтілді драматургтердің біршамасының шығармалары сахналанды, оқылды (читка), талданды.

– «Бүгінгі таңда жас драматургтер, оның ішінде қазақ драматургтері көбірек бой көрсетіп, жаңа серпіліс пайда бола бастады» деп отырсың ғой. Сол жас драматургтер өзінің шығармашылық қуатын көрсете алуына мүмкіндік жасалған ба?

Өкінішке қарай, әзірге жоқ. Себебі театр пьесаңды қабылдауы ұзақ процесс. Көркемдік кеңес, директор, әкімшілік, мәдениет бөлімі деген сияқты, республикалық болса - министрлікке барады. Яғни, бір жыл бұрын дайындалу керек. Оның өзінде қою-қоймауы екі талай. Режиссерлердің де басым көпшілігі классиканы, Шекспир, Чеховты қоюға құмар. Мұның бәрі драматургтердің өсіп-жетілуіне үлкен кедергі деп білемін. Сондықтан, Фархадтың бұл бастамсы жас драматургтер үшін үлкен олжа!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар