Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Әлия Дәулетбаева: "Ақын болу – құдайдан, Адам болу...

16.07.2015 4624

Әлия Дәулетбаева: "Ақын болу – құдайдан, Адам болу – қолдағы іс"

Әлия Дәулетбаева: "Ақын болу – құдайдан, Адам болу – қолдағы іс" - adebiportal.kz

 

IMG_1942963.jpg




Көріп тұрып құша алмаудың қайғысын,

Сезіміңді тұсаулаудың қайғысын,

Қанат бітіп ұша алмаудың қайғысын,

Менен артық кім білсін?!

 

Тек көзбенен аймалаудың қайғысын,

Тегіс жолда тайғанаудың қайғысын,

Оңашада ой қамаудың қайғысын,

Сізден артық кім білсін?!

 

Тілдесе алмай тосылудың қайғысын,

Қоштасуға асығудың қайғысын,

Жанар шығын жасырудың қайғысын,

Менен артық кім білсін?!

 

Өз арымен күресудің қайғысын,

Мәнсіз күнге ілесудің қайғысын,

Төзіміңді түгесудің қайғысын,

Сізден артық кім білсін?!

 

Тағдыр салған қыл бұраудың қайғысын,

Тым алыстан тұнжыраудың қайғысын,

Жалған күліп, шын жылаудың қайғысын,

Бізден артық кім білсін?!


 

Ауылға махаббат

 


Ауылдан шықпай жүрсің деп налыды құрбым,

Мен болсам мұңның торғынын жамылып жүрмін.

Қаладан тапқан бақытын қымбаттыларым,

Сағынып жүрмін, бәріңді сағынып жүрмін.

 

Ауылдан бірақ кете алман, берік байландым,

Осында жүрек - жанымды беріп қойғанмын.

Көз салдым мәңгі көлкіген көкжиек - қырға,

Көк шымылдығын кердім де көрікті ойлардың.

 

Ешкімнің маған үгіті жүрмейді екен,

Ауылдан артық жұмақты білмейді екем.

Боз жусан иісін жырыма тамызық қылып,

Аңсай алмастан өтермін күнгейді бөтен.

 

Жалаң аяғын қақтаған құмның табына,

Бал күнін аңсап сыр қылған күллі ұрпағына.

Еріксіз жүрген қалада көкелерім-ай,

Ерліктеріңе таң қалып жүрмін табына.

(Күн болар ма екен мінетін жырдың тағына...)

 

Қолымды созып көгіне қиялдай жырдың,

Перзенттік махаббатымды тия алмай бір күн.

Ақжарма таңын ауылдың, барқыттай түнін

Бауырыма басып бір сәт те қия алмай жүрмін.

Бейғам тірліктің өзгеше базары мұнда,

У-шуды жаным сүймесе жазалымын ба?

Тілменен айтып жеткізбес тылсымы, сірә

Табиғат берген тұп- тұнық тазалығында.

 

Тұрмаса да ылғи тәтті жыр таңдайымда еріп,

Бөтен арманға ғұмырды арнайын не ғып?

Құрбымның назын есіме ап күрсіндім жеңіл,

Күн иісі сіңген ұлымның маңдайын өбіп...

 


 ***


 

Елік көңіл елеңдеген,

Жаныңызға барғым кеп.

Сұрадыңыз менен неге,

Кімді сүйіп қалдың деп.

Сұрадыңыз неге менен,

Сезбеймісіз шынымен.

Түр танытып елемеген,

Өп-өтірік күліп ем.

Қалай оны айта аламын,

Қалай жетер батылым.

Атыңызды қайталадым,

Тек ішімнен... ақырын...

Көзіңізде күдік тұнып,

Күрсіндіңіз, не дейін?..

Әлде бәрін біліп тұрып,

Сұрадыңыз әдейі.

Ерінімде есіміңіз,

Сезімім-ай сабылған.

Жауап беру, кешіріңіз...

Келмейді екен қолымнан.

 


***


 

Ақын болу – құдайдан,

Адам болу – қолдағы іс.

Сәттерімде мұңайған

Аздың өзі алданыш.

 

Өз-өзіме мен бір жау

Құты қашқан қырсығып.

Дегеніне көндірді-ау

Итшілеген тіршілік.

 

Тыр жалаңаш жүрегім,

Бүлкілдейді тым әлсіз.

Талайсыздың тілегін

Түсінбейтін шығарсыз...

 

Жүрегіме жақын мұң,

Кім бар оны елеген?

Сағы сынған ақынның

Ақыр соңы мен емен.

 

Түн қойнына үңілдім,

Күрсінемін құлазып.

Жөргекте өлген жырымның

Жаназасын шығарып...

 

 

Киікөлген

 


Жаназа күйін шертеді дала,

Жайғанда шашын жел-құйын.

Өзекті сосын өртеді нала,

Шертеді дала шер күйін.

 

Арманы түскір адыра ма екен,

Аспаны айғыз байтағым.

Аңыра бөкен, маңыра бөкен,

Шырқыңды қалай шайқадың?!

 

Аңыра, бөкен,адасқағым-ай ,

Ажалға қалай ұрындың.

Дертіңді ұқпай адасқаным-ай,

Алқынып неден жығылдың?..

 

Өзгеше неге суық бұл көктем,

Оғынан кімнің құладың?

Көзіңнің жасы сіңіп бір кеткен

Құн сұрап жатыр құба қыр.

 

Көктемім қайда құралай өрген,

Бұл сорды неге жорыдым?

Жанына сауға сұрамай өлген,

Жанары нәркес момыным.

 

От тұяғыңды тасқа бастың ба,

Ордамнан көшіп барасың.

Жердің үстінде, аспан астында,

Ақбөкендердің моласы.

 

Аңсайды дала баяғы бағын,

Жетімек ойға жаншылып.

Әдемі қала бояуы ағып,

Нөсерге жатты малшынып.

 


***

 


Үніңіз, күлкіңіз де өлең еді,

Алғызған мұңды есіме.

Сіз ылғи жетелейсіз неге мені,

Есеппен күн кешуге.

 

Сіз неге көрсетесіз осы маған,

Тірліктің амалдарын.

Өмір ме... толқымаған, тасымаған...

Ақылды бола алмадым.

 

Одан да үйретіңіз өртенуді,

Өзгеше кейіпке еніп.

Болыңыз ең әсерлі ертегімнің,

Әдемі кейіпкері.

 

Теңіздей дауыл күткен тына қалсам,

Сіз әлде үркермісіз?..

Еңіреп ағыл-тегіл жылап алсам,

Жасымды сүртермісіз?..

 

Қапыда майыстырсам қанатымды,

Білмеймін... аярмысыз?..

Ақ түске бояп қойдым қара түнді,

Қайдасыз? Ояумсыз?

 

 

 ***



Менің түндей шаштарыма сүңгіген,

Сәуірдің ақ саусағы ғой.

Сіз емес...

Көздерімнен бір тұнжырап, бір күлер,

Ессіздіктің аңсары ғой.

 

Сіз емес...

Тал бойымды емін-еркін аймалар,

Сәуірдің ақ самалы ғой.

Сіз емес...

Жанды баурап жәудіреген ойлана,

Көк аспанның жанары ғой.

Сіз емес...

 

Таң алдында тереземді шертетін,

Сәуірдің ақ жаңбыры ғой.

Сіз емес...

Есімде жоқ ертегіге елітетін,

Тұрлаусыздау тағдырым ғой.

Сіз емес...

 

Түн ортасы құлағыма келген үн,

Сәуірдің ақ тырнасы ғой.

Сіз емес...

Алданғаным... сонсоң қайта сенгенім...

Жалғыз өлең-сырласым ғой.

Сіз емес...

Неге?..

Сіз емес...

 

 

 

***


 

Сезімсіз, сырсыз мүсін шығарсыз,

Өткерген аяз, аптапты.

Сіз осы менің түсім шығарсыз,

Таң алды көрген тәп-тәтті...

 

Әрсіз күнімді әспеттеу үшін,

Ойлап та тапқан шығармын.

Әйтеуір көзден жас кетпеді шын,

Неге осы сізге құмармын?..

 

Есімді арбаған елес шығарсыз,

Елес шығарсыз кәдімгі.

Сіз, сірә, тірі емес шығарсыз,

Ізіңді таппай сабылдым.

Қайғылы күзгі тұман шығарсыз,

Жаншыған сезім-теңізді.

Жасамай кеткен күнәм шығарсыз,

Күнәм шығарсыз ең ізгі.

 

Көктемгі тентек дауыл шығарсыз,

Нәзік бойымды ырғаған.

Мейірімі кемдеу жауым шығарсыз,

Тыныштығымды ұрлаған.

 

Кеудемнің құйттай құсы шығарсыз,

Құлаған амал-айласыз...

Сіз осы менің түсім шығарсыз,

Өңім болсаңыз қайдасыз?...

 

 

***



Неге менің бітпеді бұл ертегім?..

Неге жалғыз жаныма мұң ертемін?..

Қалыңызшы ескіріп..елес болып...

Барыңызшы... Сізсіз де күнелтемін!

 

Барыңызшы... Сізсіз де сән құрамын,

Сөйтіңізші... серпілсін бар күмәнім.

Мүмкін сізді өр қылу, өлең қылу,

Өзімнің ойлап тапқан сандырағым.

 

Іздемеңіз... Шалмаңыз қоңырау да,

Үміт гүлін тақпаңыз омырауға.

Опа таппай сүйгеннен, сүйілгеннен,

Біздің көңіл үйренген жарымауға.

 

Біздің көңіл үйренген сынақтарға,

Биігінен қимасын құлатқанға.

Күлкіңіз ед қапыда ұнап қалған...

Тек өлеңім болмаса жылап қалған...

 

Тек өлеңім болмаса өкіндірген,

Сақтап келген жанымды дөкір күннен.

Барыңызшы, бұрылып қарамаңыз

Сізсіз өмір кешуге бекіндім мен.

Сөйтіңізші...

 

 

***



Жыр жазбайтын ақынымсыз сіз менің...

Көктемдерден сезінсем де күз демін,

Мен әйтеуір сізден күдер үзбедім.

Жырақтағы жақынымсыз сіз менің,

Жыр жазбайтын ақынымсыз сіз менің.

 

Жыр жазбайтын ақынымсыз аяулы,

Сізді ойлауды қашан... қайтіп қоярмын?..

Шын іңкәрім, жүрмін-ау деп жады боп,

Бүгін тағы мұңдылау боп ояндым.

 

Бүгін тағы елітпеді ештеңе,

Сізге мүлде кезікпесем... не істер ем...

Сезім іздеп сарқылғанда сабырым,

Көзіңізден көздеріме көшті өлең.

 

Көзіңізден күннен нұрлы мейірбан,

Көкірегіме мың бір шуақ құйылған.

Сізді сүю- бақыт әрі баз кешу

Менің ғана маңдайыма бұйырған.

 

Жалғап жүріп жылдарымның тізбегін,

Бәлкім сізді өмір бойы іздедім.

Жырақтағы жақынымсыз сіз менің,

Жыр жазбайтын ақынымсыз сіз менің.

 


***



Қазір менде ақыл жоқ...

Керегі не?...

Онсыз да өмір сүре алам.

Сағыныштың айналып себебіне,

Күлкіңіз ғой ұнаған.

 

Күлкіңіз ғой... ішіме от түсірген,

Әлсіздігім-жазығым.

Сізді сүю бұйырғаны үшін де

Жазымышқа разымын.

 

Өзіңізсіз өткен күнім көріксіз

Тағдырым-ай, тайғанақ?..

Көп ішінде еріттіңіз еріксіз,

Көзіңізбен аймалап.

 

Сізді сүю қылмыс болса.. қайтемін

Кесе берсін жазасын.

Алмасаңдар болғаны да әйтеуір

Арманымның мазасын.

 

Ақылым жоқ қазір менің...Сұрама!

Уақыт қанша... күн қалай...

Еркіңізге есім кетіп құлағам,

Өзімді де тыңдамай...

 

 

***



Мен осы соңғы кезде біртүрлімін...

Жиі-жиі көмкеріп күлкімді мұң.

Бұрынғыдай алмайды тынышымды,

Жербетілік мазасыз күңкіл,күбір...

 

Тоқтап қалған секілді сағат біткен,

Төзімім тұл, таусылып тағат тіптен.

Күмән шағын күндерім өткеруде,

Бір аңсарым табылмай қалап, күткен.

 

Мағынасыз досымның күлкісі де,

Айырмадым оларды түр-түсінен.

Аяр дейсіз кім менің арманымды?..

Қояр дейсіз жанымды кім түсіне?..

 

Күндер солай күмілжіп жылысуда,

(Уақытпен бола ма ұғысуға?!)

Жүзім жасып отырмын елеусіздеу,

Қызыл-жасыл әлемнің бұрышында.

 

Жан дауысым жыраққа жеткен шығар?..

Аспан содан қақырап кеткен шығар?

Жасын түсіп жатқанда шарпылмаған,

Айтыңызшы... сіздікі неткен шыдам?.

Өлтіре көрмеңізші-і-і...

 

 

***



Тағатымды тауысып, тал бойымды тұтатқан,

Көзіңіздің қиығы.

Аңсаусыз да шаршаусыз бір мейірге жұтатқан,

Күндерім-ай бұйығы...

 

Сізді маған жіберген тәңірі шығар, расы...

Сөнбесін деп...жансын деп...

Өртенсін де, жаны күйсін, жыласын,

Өлең болып қалсын деп...

 

Сізді маған жіберген тәңірі шығар, расы...

Тәтті уынан татсын деп.

Тым биікке шықсын да тым тереңге құласын,

Шыңырауға батсын деп...

 

Солай шығар... мен соған сеніп жүрмін осы күн,

Ақылыма ие кім?...

Есігімнен енбейтін менің ессіз ғашығым,

Есіміңді сүйемін.

 

Көптен жаным дәл бұлай елеңдемеп еді ғой,

Жүр ме екенсіз алаңдап...

Маған , аға, сіз емес , өлең керек еді ғой,

Енді халім не болмақ?..

 

 

 ***


Мен сізбенен дерттімін...Сіз қалайсыз?

Жүз жаралап жанымды жүз жамайсыз.

Жүрсем дегем жаурамай, жалындамай,

Бір сергелдең тап болды бізге абайсыз.

Мен сізбенен дерттімін... Сіз қалайсыз?..

Шыныменен жоқ па екен алаңыңыз,

О, несіне телміріп қарадыңыз.

Жылдам елтіп қалғаным содан шығар,

Мұңға дертіп тұрды ғой жанарыңыз.

 

Ырғағанда қурайдай құйын уақыт,

Шиыр-шиыр жолдардан миым қатып

жүргенімде бір көріп өзіңізді,

Өмірімді алдым-ау қиындатып.

 

Ал өмірім сізсіз де күрделі еді,

Түсіндіре аламын кімге нені.

Биылғы күз суық па, қалай өзі?..

Бір үмітім кешігіп гүлдеп еді...

 

Бұл тыныштық әйтеуір қашты менен,

Ақылсызбын, ардағым, тапшы неден.

Дәл осылай сандалып, сағым қуып,

Жақсы көргім келмейді!

Жақсы көрем!

 

 

***



Абайсызда атылған кесектерден,

Оқ жыландай улаған өсектерден.

Нәпсі демі аңқыған төсектерден,

Жерігенде сезімнен есептелген.

 

Өзімді өзім болмасқа сендіргенде,

Көкірегімді қопарып сең жүргенде.

Төзімімнің ширығып әр талшығы

Телефонға үмітсіз телміргенде.

 

Минуттардан күткенде жылжымаған,

Жанарымда жазықсыз мұң жылаған

Жанталасқан сәттерде қол бұлғадың,

Көп елестің ішінен бұлдыраған.

 

Кездерімде көңілсіз, көзім күлген,

Бәрі көлгір екенін сезіндірген.

Түсімде де түңіліп тірлігімнен,

Есікті іздеп жүремін өзің кірген.

 

Жымиысың жүректі қозғағанда,

Ақылымнан адаса жаздағанда,

Әлі күнге сен жаққа жаутаңдаймын,

Жетім бота ішімде боздағанда.

 


adebiportal.kz

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар