Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«...ӘЛИЯ», - ДЕДІМ ӨЛЕҢДІ!...

25.05.2015 3384

«...ӘЛИЯ», - ДЕДІМ ӨЛЕҢДІ!

«...ӘЛИЯ», - ДЕДІМ ӨЛЕҢДІ! - adebiportal.kz


IMG-20150521-WA0004.jpg



«...Серігім – жырым-жебеммен,

жүрегім – желкен, жел кернеп,

қарсы ағыстарға, сеңге өрлеп,

қағылез құйттай денеммен

дауылды құшып келем мен!».


Осылай деп Ұлы мәртебелі қазақ поэзиясының патшайымы Фариза Оңғарсынова жырлағандай жас болса да, дауылдар мен ауырларды құшпаққа бел буған жауқазын жас - Әлия Іңкәрбектің тырнақалды «Тәңіртау» жинағы жыр-көшіне ілесті. ХҮІІ Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде Ф.Оңғарсынова атындағы арнайы жүлдені иеленген Әлияның алғашқы қадамдары көңіл қуантады:


«Асаулау шығар тағдырым,

Өзім де момын емес ем.

Иесі Көкте бар жырдың,

Жерде мен жазды демесең»,- деп толғайды Әлия. 


Немесе:

«...Мекені бар бәрінің,

Бағыты бар бір ғана.

Жүрегіңнің әмірін-

(кешіктің бе?)

Тыңдама!...»,- дейді. 


Және:

«...Жауап іздеп жұмбағыма күледі Ес,

Ғазалымды жұбатады сия көк.

Ақылдыға қайғы алдыру- түк емес,

Ақымақты ойландыру- қиямет!»,- дейтіні жас ақынның ой көкжиегінің кеңдігін аңғартады. «Теңіздің дәмі- тамшыдан» деп дана халқымыз айтқандай, біз келтірген үзінділерден Әлия жырларының «дәмін» сезу қиын емес...


Қазақтың ардақты ақыны Нұрлан Оразалин ағамыз: «Менің көз алдыма қатал тағдырмен алыса жүріп өз арманы, өз бақытына жетер қазақтың қайсар қызы елес берді. Ылайым солай болғай. Әлияға ақ жол тілеймін»,- депті ақ батасында. «Әуууумин!»,- дестік бәріміз.


Кемеңгер халқымыздың: «Болам деген баланың, бетін қақпа, белін бу»,- дейтініндей Жамбыл атындағы мемлекеттік жасөспірімдер кітапханасы «Тәңіртаудың» тұсаукесерін өткізді. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасымен біріге өткізілген кеште Әлияның қуанышына ортақтаса келген қадірменді қонақтар Кәдірбек Құныпияұлы, Бауыржан Бабажанұлы, Құралай Омар, Алмат Исаділ, Бейбіт Сарыбай сынды ақын ағалары жырдан шашу шашты. Елімізге танымал өнер иесі Рамазан Стамғазиев әсем әнін әуелетті. Өлеңімен қоса журналистігімен де танылып үлгенген Әлияға ниеттес әпкесі Жадыра Нармаханова да ақжарма тілегін білдірді. Сонымен қоса Семей қаласынан келген жас ақын Медет Божан бастаған Әлияның қаламдас-достары Қуаныш Жазай, Дамир Әбенов, Мөлдір Айтбай сынды жастар да сырларымен һәм жырларымен бөлісті. Жыр кешінің тізгінін жас ақын Еламан Хасенұлы ұстады. Алматы аспанында нұр шалқыды, жыр қалқыды. Осылай десек еш қателеспеспіз.


«...Өлеңге шөлдеп көп күнің өтті,

Бұлдануға да хақың бар.

Жердің бетінде жоқ құдіретті

Талап етті ме ақындар?!

Олардың жаны табиғат еді,

Көктеммен бірге көгерді.

...Музаны Мирас «Дариға»,- деді

«Әлия»,- дедім өлеңді!»,- депті Әлия «Өлең» деп атаған жырында. Ендеше, Әлия-жырдың ғұмыры ұзақ болғай!


 Біздің тілек сол ғана!


20150520_151102.jpg



IMG-20150521-WA0008.jpg



IMG-20150521-WA0021.jpg




Ғазиза Құдайбергенқызы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар