Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Алма Түсіпбекова. Ақ қармен бірге әкелші ақ сезімд...

12.11.2020 5403

Алма Түсіпбекова. Ақ қармен бірге әкелші ақ сезімді... 12+

Алма Түсіпбекова. Ақ қармен бірге әкелші ақ сезімді... - adebiportal.kz

Ол кезде көктем еді,

Арқаның ақ жауыны секілденген,

Бір сезім жүрегімді өпкен еді.

Тербелген қыр төсінде қызғалдақта,

Сол шақтың көп дерегі.

Сонан соң жаз да келді жасандырып,

Жанымның жанарына жас алдырып.

Жайнаған жасыл әлем ортасында,

Шаттандық, шын ба екен деп осы дәурен,

Махаббат мұнарасын қашап жүріп,

Жасамай жасандылық.

Күз келді.

Мұңға батып атыраптар,

Сарғайып құлап жатты жапырақтар.

Екеуміз бірге жүрген соқпақтар да,

Өшіпті...

Солай келіп жатыр ақпар.

Тағдырдың бар тепкісін біздерге арнап,

Жинаған секілді ме ақырап бар?..

Бар екен тіршілікте нұсқа нелер,

Не дейін?

Ертең енді қыс та келер. ...

Жаным-ау, бар еді ғой қайсарлығың,

Бақыттың бұрымынан ұстап өлер...

Ақ қармен бірге әкелші ақ сезімді,

Шынымен мені сүйіп, құшсаң егер...

Уақыт...

Санаулы сағаттар, секундтар сырғыған,

Өмір-ай, ақырын ымыртқа жылжыған.

Уақыт тоздырған арғымақ тұяғы,

Ақ бұлттан әрі ұшқан ақынның қиялы.

Өткеннің елесін тереңге тұмшалап,

Сырғиды көз арбап, әне бір құм сағат.

Саябыр тартады, басылып арыны,

Уақытқа бас иген күн-ана жалыны.

Сыры оның неде екен?

Сен сұрап білдің бе?

Уақытқа елеңдер, қауызы гүлдің де.

Әр минут - ең қымбат, өзіңді қамшыла,

Уақытқа бағынар, мөп-мөлдір тамшы да.

Уақыттың іздері - даланың күзінде,

Әкем мен анамның әжімді жүзінде.

Уақыт қатал ма?

Бағасын беріңдер,

Құмары қанбаған қызғалдақ еріндер...

Аспан да, жер-дағы, бар әлем, тіршілік,

Уақытқа бағынған, ақырын күрсініп.

Қалталы боп, бәрін сатып ал, сен мейлі,

Уақыт бірақ та еркіңе көнбейді.

Қандай жан бұл заңға тосқауыл бола алар,

Уақыттың нүктесі - айқұлақ молалар...

Данышпан - уақыт.

Тек соған бас ұрып,

Ғасыр тұр, уақыттың иығына асылып...

Санаулы сағаттар, секундтар сырғыған,

Өмір-ай, қайтейін, бір үміт, бір күмән...

Замананың уға толды өзегі...

Мені бір күн топтанып кеп таламақ,

Жәдігөйлер жанымды жүр жаралап.

Замананың уға толды өзегі,

Таусылмайды, ішкенменен шаралап.

Мына түрмен көгере ме көсеге?

Бұл-дағы бір маңдайдағы пешене.

Қайтер едің, қайырылар жан болмай,

Тілім, дінім қансыраса көшеде?

Заман уы осы де!..

Күтудеміз кімнің ғана әмірін,

Қасиеттің кім илейді қамырын?

Қайтер едің, тасыраңдап тексіздер,

Балталаса тарихыңның тамырын?

Заман уы осы де!..

Сөздерімен сәуле құйып санаға,

Ақыл айтар абыз қайда балаға?

Қайтер едің, өркениет төр сұрап,

Өткеніміз қаңғып қалса далада?

Заман уы осы де!..

Ақты даттап, күйін кештік аланың,

Аузын тырнап керегі не жараның?

Қайтер едің, сырт айналса өзіңнен,

Жан досым деп, сыр ақтарған адамың?

Заман уы осы де!..

Күрсінемін, көбейген соң нала шын,

Заманамен қайдан табам жарасым?

Қайтер едің, шырылдатып тірідей,

Қоқысқа егер тастаса ана баласын?

Заман уы осы де!..

Ұрпағымыз ұмытқан соң анттарын,

Ұмыт болған дәстүрім мен салттарым!

Қайтер едің, қайғы жұтып, күрсініп,

Интернатта мекендесе қарттарым?

Заман уы осы де!..

Табар ма екен жүректегі дерт емін?

Жақсылықтың кім кереді желкенін?

....Абай ішкен у еді ғой, ішейін,

Есеңгіреп қалмасын деп ертеңім!..

Төлегенше толғау

Мен сендерді алдамаймын, адамдар...

Төлеген Айбергенов.

Құпиямды айтайыншы, саған бар:

Ақын едім, өмір мәнін бағамдар.

Тағдырымнан тепкі көріп жүрсем де,

«Мен сендерді алдамаймын, адамдар»!

Қашаннан-ақ қасиеттің пәрмені ем,

Алдамаймын!

Егіз туғам арменен.

Шағынарым, табынарым – жыр еді,

Түнектерде жалын болып жанды өлең.

Даралардың дастан етіп жақсы ісін,

Адалдықтың аяладым ақ құсын.

Мейірімге шөліркеген жүрегім,

Ізгіліктен өз орынын тапты шын.

Көңіліме көрік берген кең далам,

О, адамдар!

Алдамаймын!

Сен маған.

Адамзатты алдамауға шақырған,

Төлегеннің қарындасы мен болам!

Жалғандық – от.

Жақындама отқа тым,

Алдамаймын!

Оған менің жоқ хақым.

Тура жолдан тайып кетсем егерде,

Тәңір маған тапаншасын оқтасын!

Өмір – осы, жыласам да, күлсем де,

Мақсатымның мән-маңызын біл сен де.

«Мен сендерді алдамаймын, адамдар»,

Алдамаймын!

Сан алданып жүрсем де...

Махаббаттың монологы шығар күз?..

Біздің жаққа күз келді,

Мұңдылау ән айтамыз-ау біз де енді.

Жапырақтар басып жатыр ақырын,

Жасыл бақты кезіп жүрген іздерді.

Жапырақтар түсіп жатыр үзіліп,

Сағыныштан сарғайғандай жүз үміт.

Қайтқан құспен бірге ілесіп үмітім,

Боласыз ба, сіз ұмыт?

Уақытымның зырылдайды ұршығы,

Гүлдер ме екен... сол сезімнің бүршігі.

Сағынышым жапыраққа айналса,

Ақ қайыңға айналармын бір күні...

Амал нешік?

Бәріне де шыдармыз,

Бұл мезгілден талай сырды ұғармыз.

... Аңсағаны алыс кеткен жандарға,

Махаббаттың монологы шығар күз?..

Ақиқаты - өзіңменен бір демім,

Түсімде әр кез өзіңменен біргемін.

Айналама күліп қарап жүргенмен,

Аянышты, сенсіз өткен күндерім.

Тектіліктің ізгілікпен жаны бір,

Аққу құста адамзаттың ары жүр.

... Оранайын үлде менен бүлдеге,

Әдемі емес маған сенсіз бәрібір.

Арман болып, біз аңсаған ақ белес,

Үркіте ме, басқа қонған бақты егес?

Шара-шара бал ішейін көземен,

Бірақ сенсіз тәтті емес.

Кім біледі?

Мүмкін бұл да сынақ па?

Білем, білем.

Жүрсің менен жырақта.

Байлық деген бұлақ болып ақса да,

Сенсіз оның қадірі жоқ бірақ та...

Дей тұрғанмен - күдік деген бекер ғой,

Сені-дағы мазалай ма секемді ой?

Бір білгенім - сенсіз өткен күндердің,

Қасіреті - ең азапты екен ғой!..

Кім бар?..

Сансыз сауал санаңызды тесе ме,

Қиналсаңыз, оны өзгелер ұнатар.

... Анау бір жан жылап тұр ма көшеде,

Кім бар, оны жұбатар?

Ал, сүріндім.

Мерейіңіз өсе ме?

Мен шығармын, түнектейін түнді емер.

... Анау бір жан құлап жатыр көшеде,

Қолтығынан кім демер?

Қасіретке қайырлай ма, бар кеме?

Оралайық адамилық жайтқа мың.

... Анау бір жан айтпақ болды әлдене,

Кім тыңдайды айтқанын?

Тиын шығар, біреулерге бағасы,

Дөкей көкем алтын түйме тағыпты.

... Анау бір жан кеткен, сірә, адасып,

Кім көрсетер бағытты?

Төгіледі дейсің ғажап жыр қандай,

Тағдыр соры татып тұрған таңдайдан?

... Анау бір жан жетімсіреп тұрғандай,

Кім сипайды маңдайдан?

Көз жасы боп, шарасынан төгілдім,

Музамменен қосылыпты мұң бүгін.

Өксігінен өлең туды көңілдің,

Кім кеседі кіндігін?..

Ит көйлек...

Күліп, бірде жылап алып торыға,

Тағы түсем Тәңір жазған жолыма.

... Анашымның сандығының ішінен,

Ит көйлегім түскені кеп қолыма.

Бала кезім.

Таныс көше, таныс бақ,

Мен өзіңнен кеткем қалай алыстап?!

Аспан жақтың түскен едім жолына,

Шақырған соң қолын бұлғап, ғарыш жақ.

Кердең болсаң, басымыздан бақ ұшар,

Күндер қайда, балалықпен табысар?

Берекелі басталса егер бір ісім,

Бір ит келіп, балағыма жабысар.

Амал нешік, көңілдерден күй кетті,

Өркениет рухымды күйретті.

Не дей алам, ит мінезді бауырға,

Итке мініп, қамшылаған иректі.

Білем, сен де қалжырадың, жоқ әлің,

Кімге айтамыз, қара өлеңнің обалын?

... Тауға апарар жолға түссем,

алдымнан

Азу тісін ақситады қоғамым.

Қарыздармын тазалығың үшін де,

Саған деген сағынышым - күшінде.

Айналайын балалығым, қап кеткен,

Анашымның сандығының ішінде...

Ақ қанатын қағып жетер ар саған,

Алыс кетпе, ақ үмітім, аңсаған!

... Ит көйлекті бала болғым келеді,

Ит өмірден кездерімде шаршаған...

Мен саған хат жазып отырмын...

Жетеді қинағаның!

Мені бақыт балымен сыйла, жаным.

Өзің барда өмірім гүл атқанмен,

Өзің жоқта жоғалтқан сый да мәнін.

Жетеді жылатқаның!

Қасиетін сен де біл, бұл ақ таңның.

Сен болмасаң тарылып мына ғалам,

Сен бар кезде қалады жырақта мұң.

Жетеді өкінгенім!

Жөн болар, сезім, саған бекінгенім.

Сен барда арман қонып айдыныма,

Сен жоқта жалғыз аққу секілді едім.

Жетеді күйінгенім!

(Мен әлі үкілі үміт үйіндемін).

Тек сені тағдырыма баладым мен,

Тек сені баға жетпес сыйым дедім.

Келе ғой, келші маған!

Мен екем, жан-жүрегі ең сірі адам.

Өзегім толғанымен өкінішке,

Махаббат!

Түбі сенен еншімді алам!

Жаратқан жайсыздықтан айырғасын,

Өткенім су түбінде қайырласын.

... Бақыттың әні естілді жағалаудан,

Екеуміз бірге айтайық қайырмасын!.

Қайта оралғам он сегіз көктеміме

Телефоның сөнулі, үн қатпайды,

Мазалайды мені бір жұмбақ қайғы.

Сөнбеді ме сезімің маған деген?

Көгершіндей...

Жем іздеп саған келгем.

Маңдайымнан сен едің иіскеген,

Сол сәтте мен бақытпен түйіскен ем.

Жанарыңнан нұр көргем, шуақ көргем,

Өзің ғана жаныма қуат берген.

«Жаным» дедің аймалап, баяу ғана,

Көңілдегі еттің сен қаяуды ада...

Еркелеттің.

Тағы да еркелеттің,

Жазғы аспанын жанымның көркем еттің.

Ерінімнен ақырын өпкеніңде,

Қайта оралғам он сегіз көктеміме.

...Көңіл бөлмей байлықтың түйіріне,

Пейіліңе шөлдедім, мейіріңе.

Сөндірулі телефон өкінерім,

Тез оралшы, тек сенен өтінерім!

Талай төзген тіршілік дауылына,

Алшы мені құшаққа, бауырыңа!..

Ертегіңді жүрмін әлі сағынып...

(Анама)

Аппақ арман қамап алған санасын,

Айналайын, анашым!

Қара өлеңнен құс ұшырды өзіңе,

Балапаның, сыр кернеген санасын.

Құс ұшырдым көк аспанға тым биік,

Тылсымына бойлай білсең-тұңғиық.

Өзегінде-өрт жайлаған өкініш,

Жіберердей жүректерге мұң құйып.

Ібіліс кеп соқтығардай ісіме,

Жаратқанның не шара бар күшіне?!

...Мейіріммен маңдайымнан сипадың,

Өзің еніп түсіме.

Келешектен мөлдір моншақ тағынып,

Жүрегіме жыр келді , әне, ағылып.

...Қиялыма бітіретін қос қанат –

Ертегіңді жүрмін әлі сағынып...

Сен бақыттан шалқышы...

Жетіп саған жүрегімнің дүрсілі,

Көктер ме екен, сол сезімнің бүршігі?

... Қасіреттің тіліп өтіп кебінін,

Көкке кетем бір күні!..

Жәудіреген жанарынан жас тамған,

Мәңгілікке қоныс табам аспаннан.

Азабымның "ғажап" деген бетіне,

Мәңгіліктің мөрін басам расталған.

Ібілістің жығылмағам ығына,

Қабіріңе сияр ма екем, құбыла?

... Аспан жақтан (адаспасын өзің деп),

Жер бетіне төгіп тұрам шұғыла.

Көкті кезу сай маған,

Күн батқанда тылсым нұрлы ай болам.

... Көкке қарай көзіңді бір сала сал,

Ақ шуаққа толған кезде айналаң.

Мөлдір мұң кеп бассын, мейлі, еңсені,

Көңілімнің басылмасын кемсеңі.

Жарығымды тосып сенің жолыңа,

Аспан жақтан демеп тұрам мен сені.

Маған келсін, тағдырымның талқысы,

Мені қойшы!..

Сен бақыттан шалқышы.

... Күннің нұры, айдың аппақ сәулесі,

Мен деп ұқшы, жүрегімнің жартысы!..

Киік лағы

Қалайша елжіремей тұра алайын,

Өзіңде – бар нәзіктік, сірә, дәйім.

Жалғанның жаурадың-ау желінен сен,

Келе ғой жақынырақ, құралайым.

Келе ғой, жақынырақ, аялайын,

Жүрегін жылуымның аямайын.

Үркесің...

Мына тағдыр жақсылығын,

Көруге жазбаған-ау, сірә, дәйім.

Кел енді...

Жаныма кел, жасқанбағын,

Сенбісің, сан адасқан, қашқан бағым?

... Елжіреп қоя бердім сені көріп,

Қайтадан оралғандай аспандағым.

Құралай!

Айналайын көздеріңнен,

Табармын мұндай жанар өзге кімнен?

Сөзсіз-ақ сырын айтар көз барлығын,

Қалайша тіршілікте сезбедім мен?!

Сен қандай ғажап едің, керемет ең!

Санайын мен өзіңді неге бөтен?..

Мейірге шөліркеген мына әлемге,

Сұлулық мына сендей керек екен...

Тірлікте ең жазықсыз – тек сен бе екен?

Кеш мені, бір әрекет етсем бөтен.

... Нуына нәзіктіктің ену үшін,

Айналып ақбөкенге кетсем бе екен?.

Диалог

- Байқағаным – күрсіндің.

- Бұл өмірді қасіретпен бір сүрдім.

Өткендерін есіне алып өкситін,

Махаббаттың жолындағы қыршынмын.

- Қуанасың аз неге?

- Менен алыс кеткен қазір жаз-кеме.

Жанымыздың жауқазыны секілді,

Өткен күннен қалған жүрмін сазды өре...

- Серігің бе – үнсіздік?

- Жаратпаған құдай мені мұңсыз ғып.

Маңдайыма жазылғаны тағдырдан –

Махаббатқа қырсыздық.

- Маңдайыңда іздері бар сан жылдың,

Теперішті көп көрдің бе, жан құрбым?

Көзіңде – жас, айтшы, неге жылайсың?

- Жас емес ол.

Тамшысы да – жаңбырдың...

Қара гүл

Түсінгенге – тағдырында,

Көз жасындай нала жүр.

Шалықтырар жанды мұңға,

Қырда өсетін қара гүл.

Жауыздықты бақ көреді,

Жия алмаған жұрт есін.

Пейілі оның ақ гүл еді,

Жасын қалай сүртесің?

Қара гүлді аялайтын,

Пенделер аз тірлікте.

Таптайтұғын, аямайтын,

Көз орнында бір нүкте.

(Көңілдерден күй ақтарып,

Сен де ғұмыр кештің бе?).

Өзге гүлдер сияқтанып,

Сыйланбады ешкімге.

Гүл жылады, гүл жылады,

Баса алмастан солығын.

Тұнық аспан тұнжырады,

Көріп көңіл қорымын.

Кім ұғады, кім ұғады,

Айтыла ма жан сыры?

Ақын байғұс құмығады,

Гүлден көріп тамшыны...

Тағдырында – қара таңба,

Қырқада өскен қара гүл.

Алдым оны алақанға,

Күткені оның - дара өмір.

Түсінгенге – тағдырында,

Көз жасындай нала жүр.

Шалықтырар жанды мұңға,

Қырда өсетін қара гүл...

Хат

Сен боп басы – биіктің,

Сезіміңе ұйыппын.

Қашықтасың қазір сен,

Халің қалай, сүйіктім?

Мені ойлаумен жүрсің бе?

Күрсінбеші.

Күрсінбе.

... Ғашық болып көрмеген,

Біздің жайды білсін бе?..

Салғаны да – сыз белгі,

Бөлді тағдыр біздерді.

Сен бар кезде жаз еді,

Қазір, міне, күз келді.

Айтсам егер жайымды,

Не дей алам пайымды?

Естен кетпей елесің,

Серік еттім уайымды.

Күтуменен арай күн,

Құс жолына қараймын.

Сипай ескен самалды,

Өзіңе әр кез балаймын.

Сен едің ғой тірегім,

Тілеуіңді тіледім.

Тым алыста жүрсең де,

Өзіңмен бір – жүрегім.

Сенсіз өткен шақтарым,

Қара түнек, қап-қалың.

... Сезімімді алып ұш,

Қанат біткен хаттарым!..

Суретте: ақын Алма Түсіпбекова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар