Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Алма Түсіпбекова. Сен екеуміз отырғызған тал шыбық...

03.03.2018 5948

Алма Түсіпбекова. Сен екеуміз отырғызған тал шыбық

Алма Түсіпбекова. Сен екеуміз отырғызған тал шыбық - adebiportal.kz

Түсіпбекова Алма Ақылбайқызы – 1978 жылы 17 қыркүйекте Қарағанды облысында туған. 1999 жылы Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің «Орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша, 2004 жылы Ө.А. Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің Заңтану мамандықтары бойынша тәмамдаған. Еңбек жолы 2003 жылы Жезқазған қаласының №22 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиет пәнінен сабақ берген. 2005 жылдың желтоқсанынан бастап Қарағанды облыстық сотының бас маманы, баспасөз қызметінде жұмыс атқарған. Адал және мінсіз қызметі үшін 2012 жылы ҚР Жоғарғы Сот Департаментінің «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. 2013 жылдың бастап ҚР Жоғарғы Сотының бас консультанты, бүгінде «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Бюллетенінің» бас редакторы. Республикалық және жергілікті басылымдарда сот жүйесіне қатысты және әр алуан тақырыпта мақалалары, өлеңдер, әңгіме, очерктері жарияланып келеді.

2009 жылы Қарағанды қаласында өткен «Қасым Аманжолов атындағы мүшәйраның лаураты, 2014 жылы республикалық «Фариза Оңғарыснова» атындағы мүшәйраның жеңімпазы.

2015 жылы «Жанарымдағы жазу» атты кітабы жарық көрді.

Елу сегіз

Сталиннің тұсында халық жауларын соттайтын 58-бап деп аталатын әйгілі құқықтық тетік болды. Осы бап ол уақытта көп қолданылды. Алайда, осы бап қоғамдағы талай жазықсыз жандардың тағдырын өзгертіп, адамдардың көзқарасына, психологиясына, ұстанымына кері әсер етті.

Ойнап көкте жасын от,

Жаһаннамның жойқын суы тасып ед.

58.

Есіңізде бар ма әлі,

Жазықсыздың жанындағы қасірет.

58 – сұм-тағдырдың тұзағы,

Бейбіт күннің шырқын келіп бұзады.

Жарқын өмір тұрғанменен жарқырап,

Басылған жоқ ол жылдардың сызы әлі.

Дала төсін жаралаған сан қабір,

Тарихымның тәніндегі таңба бұл.

58 – бейдауа бап, емі жоқ,

Тартатұғын кінәсі жоқ жан жәбір.

Дүр сілкініп жатты дала, таныс бақ,

Ақберен ұл ақиқаттан қалыс қап.

58 еңіретіп елімді,

Түнек басты тіршілікті қарыштап.

Сол заманның сорын бір сәт ойлашы,

58.

Қасіреттің қоймасы.

Осы баптың аты шықса, сол кезде,

Ағайынның батпайды екен бойға асы...

Жазықсыздар!

Құлағандар жарға олар,

Белгілерің – алаулаған ар болар.

...58!

деп айқайлап қалып ем,

Қарқылдады қорымдағы қарғалар...

ТАМШЫ

Тағдырын-ай, тамшының!

Мына әлемнің жиып алған сан шығын.

Мінезі бар өрімінде – қамшының,

Өреліге өмір берген бал-шырын.

Жаралған соң тамшыдан,

Санамда отыр, «Сабыр» деген қаршығам.

Тамшы-үмітті талғажау ғып тірлікте,

Арманымның арналарын аршығам.

Бар болса да байлығың мен қанша ісің,

Жаратқанға жалғыз ғана тамшысың.

Жаман болсаң – көңге сіңген сусың да,

Жақсы болсаң – ізгілікке жаршысың.

Маңдайдағы – тарыдай бақ, тамшы мұң,

Тамшы-ғұмыр, салмағыңмен жаншыдың.

... Тамшы тамбай тірлігіме бір түйір,

Сарша тамыз, сарғайттың-ау!

Қаңсыдым.

Сеңгір-үміт, селдіреме.

Сенемін,

(Мен де өзімше жақсылармен тең едім).

...Тамшы болып келдім мына өмірге,

Кімге тиді, тамшыдайын көмегім?

Аспанымнан төніп тұрған бұлт, аушы,

Санам менің!

Сезіміммен бұрқаншы!

...Тамшы-ойларым айналғанда теңізге,

Жанарымнан тамып кетті бір тамшы...

Қия беттен қадағанда ар сұғын,

Арқамнан кеп осып өтті қамшы-мұң,

... Жанарыңнан шығар ма екен тамшы жас,

Астында қап өліп кетсем тамшының?..

ҰЛЫТАУДЫҢ БҮЛДІРГЕНІ

Төзген өмір дауылына,

Басшы мені бауырыңа.

...Жетсем екен сағым болған

Бала шақтың ауылына.

Дұға қылып сан атыңды,

Алыстатқам қара түнді.

Дархан дала!

Сен емдеші,

Құзғын қиған қанатымды.

Қаулап қырдың қияқтары,

Көңілімнен күй аққаны...

...Бүтіндеуге келеді ме,

Тұлпарымның тұяқтары?

Қалықтайын, көкте бір күн,

Көркін қара, көктемімнің!

Өзегімнен суырып ал,

Өксік үнін өткенімнің.

Кезетұғын үнім ғарыш,

Құлын кезім...

Құлын-жарыс.

Қаракеңгір, қасқая аққан,

Алып кетші, мұңымды алыс!..

Кәне, мені күлдіргенің?

Бұлдыр-үміт.

Бұлдыр белім.

Кермек-күнге қарсы қоям,

Ұлытаудың бүлдіргенін!..

Төздім тағдыр дауылына,

Басшы мені бауырыңа.

...Кетем ертең ертелетіп,

Аруана-ауылыма!..

Сезімге ерік беріп,
Көз жасымды алатын төгіп-төгіп,
Арылатын мұңымнан көбік-көбік
Сәттерім бар.

Кейде
Шаттанатын,
Бейдауа тіршіліктен бақ табатын,
Арман қуып алысқа аттанатын
Сәттерім бар.

Кейде
Тарылып мына абат-ғалам,
Ғаламдық тартылыстар тарап маған,
Жанымды шабақтаған
Сәттерім бар.

Кейде
Сырғып аққанда сынап-арман,
Сүрініп жыралардан,
Құдайдан жоқ қайғыны сұрап алған
Сәттерім бар.

Кейде
Көңіл-қалам жазғанда наза-дастан,
Шаттығымды долы жел ала қашқан,
Біле тұрып бәрін де жаза басқан
Сәттерім бар.

Кейде
Құламайтын жерлерде құлайтұғын,
Жыламайтын жерлерде жылайтұғын,
Тағдырды да сынайтұғын
Сәттерім бар.

Кейде
Сол бір жанды жаныма балайтұғын,
Алдануды жаныммен қалайтұғын,
Уәдеден шығуға жарайтұғын
Сәттерім бар.

Кейде
Дауыл болып теңізді тербететін,
Жауын боп селдететін,
Көк тәңірге жүрегін емдететін
Сәттерім бар.

Кейде...

ТІЛ

Үзілген соң мәңгі жыр,
Төмен түсті бақ елі.
Тіл алмайды жалғыз ұл,
Жер қылады әкені.

Қайтеді оның батасын,
Қаймықтырмас ер үні.
Тілдеп алды атасын,
Кесапаттау келіні.

Өрлікті өмір сойыпты,
Көгере ме енді оңып?
Тілін жұтып қойыпты,
Қайын ене... жер болып.

Балаушы едім шыңды арға,
Көп арманға кенеле.
Айтқаныңды тыңдар ма,
Тілазарлау немере?

Ұлағатты ұғар кім?
Денем кетті түршігіп.
Тілін тағы шығарды,
Тоңмойынды тіршілік.

Сен - өзіме тең құрбым,
Сенен келмес сыр бүккім.
Тілін таппай мен жүрмін,
Тоқсан толғау тірліктің...

ТАЛШЫБЫҚ

Жапырағынан жас емес-ау, зар шығып,

Қара күздің жаңбырына малшынып.

Қалтырайды суық желдің өтінде,

Сен екеуміз отырғызған талшыбық.

Өктемдіктен өне бойы майысып,

Қаталдықтан кеткен екен қайысып.

Қара нөсер жапырағын жұлқылап,

Қояр емес сайысып.

Соққы болған жаз көңілге гүл шырын,

Басып озған қара нөсер тырсылын.

О, құдайым!

Айқын естіп тұрдым мен,

Талшыбықтың тамырының дүрсілін!..

Талшыбықтың, шайған жанның айнасын,

Көктен келіп сүртпесі анық ай жасын.

Қорған болшы, қаталдықтан қорғашы,

Қайдасың сен?

Қайдасың?!

...Мөлдір мұң кеп жапса-дағы көзімді,

Талғажау ғып жүрмін әлі төзімді.

Қарап тұрмын біздер еккен шыбыққа,

Аяп тұрмын оны.

Сосын өзімді...

КИІК ЛАҒЫ

Қалайша елжіремей тұра алайын,
Өзіңде – бар нәзіктік, сірә, дәйім.
Жалғанның жаурадың-ау желінен сен,
Келе ғой жақынырақ, құралайым.

Келе ғой, жақынырақ, аялайын,
Жүрегін жылуымның аямайын.
Түңілме тіршіліктен.
Түңілгенмен
Түсінер екеумізді қай ағайын...

Кел енді...
Жаныма кел, жасқанбағын,
Сенбісің, сан адасқан, қашқан бағым?
... Елжіреп қоя бердім сені көріп,
Қайтадан оралғандай аспандағым.

Құралай!
Айналайын көздеріңнен,
Табармын мұндай жанар өзге кімнен?
Сөзсіз-ақ сырын айтар көз барлығын,
Қалайша тіршілікте сезбедім мен?!

Сен қандай ғажап едің, керемет ең!
Санайын мен өзіңді неге бөтен?..
Мейірге шөліркеген мына әлемге,
Сұлулық мына сендей керек екен...

Тірлікте ең жазықсыз – тек сен бе екен?
Кеш мені, бір әрекет етсем бөтен.
... Нуына нәзіктіктің ену үшін,
Айналып ақбөкенге кетсем бе екен?..

ЖАЛҒЫЗ СЕНІ СҮЙГЕНМІН...

Жалғыз сені сүйгенмін...

Содан ернім күйіп қап,

Сезімімді қойдым мәңгі тұйықтап.

Тырнағыма татымайсың деді де,

Көшіп кетті, жүгін буып, жиып бақ.

Жалғыз сені сүйгенмін...

Содан түк жоқ есімде,

Уақыт кеш пе, бесін бе?

Тағдыр мені қағып қойып арқамнан,

Дайындауда, жалған ғұмыр кешуге.

Жалғыз сені сүйгенмін...

Балын жұттым күнәнің,

Түк естімей, бітіп қалды құлағым.

Әңгүдіктің күйін кешіп арылмас,

Мәңгіліктің құзына кеп құладым.

Жалғыз сені сүйгенмін...

Кеттім сосын... өртеніп,

Қыр астында жылап қалды еркелік.

Көңілімде күн тұтылды кейіннен,

Санам менің жазылмайтын дерт еміп.

Жалғыз сені сүйгенмін...

Тыңда мені, құлақ сап.

Содан бері мұңсыз өмір жырақ қап.

Сені құшқан сәтім менің – қас-қағым

Ғұмырымның мәні де осы – бір-ақ сәт!..

КИІКТІҢ МОНОЛОГЫ

Адамзат, жанарыңа сыйып-күліп,

Жалғанның жайын жүр ем, жиі ұқтырып.

Азғындап кете ме деп, адам қылсам,

Құдайым жаратыпты киік қылып.

Танып ал, таныр болсаң ең дараны:

Киік ем, мекен еткен кең даланы.

... Аралмен бір тартылды пейілдерің,

Адамдар, ашамыз-ау енді араны.

Көркіммен серік болып сан арыңа,

Сыйдырғам мына әлемді жанарыма.

Тіліме бал боп тиген киікоты,

Көзімнен аққан жасым тамады ма?

Саулатқан көңілдерден күй-ағынды,

Текті едім, мөр ғып басқан тұяғымды.

Ұмытпа!

Менің атым – киік-күйік,

Көріп қал, құлап жатқан сияғымды.

Жаныңа кіріп әлі сыналай мұң,

Сендерді әлі талай сынар ай-күн.

...Адамдар кінәлі емес өліміме,

Салқыны ұрды деймін құралайдың!..

Сұмдықтың қызыл шоғы қоздағанда,

Сарыарқа!

Нең қалды енді тозбағанда?

... Тірілем бір күндері рух болып,

Кең далам сағыныштан боздағанда...

РАС ПА?..

Өкінішті сейілтіп,

Қасіретті сұйылтып,

Жолдама алып ертеңге,

Бақтан орын бұйыртып,

Келгендігің рас па?

Келмес деуші ем, бақ тіпті,

Мендік көңіл аптықты.

Арман тауы жағынан,

Алып маған шаттықты,

Келгендігің рас па?

Аңсауменен таң нұрын,

Мұңмен өткен әр күнім.

Айту үшін тек маған,

Махаббаттың барлығын,

Келгендігің рас па?

Кейде бордай езілдім,

Сүрінетін кезім мың.

Тербеу үшін мәңгіге,

Әткеншегін сезімнің,

Келгендігің рас па?

Жақсылықтың жемісін,

Тердің – сенің жеңісің.

Арман-күдік аралас,

Мына өмірге мен үшін,

Келгендігің рас па?!

Рас па?..

Ұқсастық

Жылап аққан сылдырындай жылғаның,

Түсінемін тірі жанда сыр барын.

... Байқап қалдым, қоқыс терген әйелдің

Гүлге қарап, мұңға батып тұрғанын.

Жүдеу өңді, төменшіктеу назары,

Ерте көшкен секілді өмір-базары.

Қайыршының күнін кешкен сол жанның

Қоқыстағы гүл дестеде – назары.

Гүлге оранған күн түсе ме есіне,

Гүлге сонша тесіледі несіне?

Солған гүлге сонша қарап тұрғанша

Кешкі асына іздемей ме несібе?..

Құлы болған жан ба еді, әлде, теңгенің,

Қатал тағдыр салған, сірә, шеңгелін.

Тағдырының тайқы ма екен тақтасы,

Сұрқай-өмір ерте алды ма сенгенін?..

Бақытының шыт көйлегі тозғасын,

Сезген сәтте тағдырынан озбасын,

Өткен күндер тілгілеп бір өзегін,

Жертөледе сыққан болар көз жасын.

Санасында – сағым болған сая-бақ.

Гүл дестені жақынырақ таяп ап.

Өткен күнін – көктем күнін сипайды ол,

Тілімденген қолдарымен аялап.

Құлақ салсаң сырға толы сөзіме,

Бір ойды анық ұялаттым өзіме:

Солған гүл мен сол әйелде ұқсастық,

Бар секілді көрінгені көзіме...

ҰЯТТАН КҮН ТҰР ӨРТЕНІП...

Аққудай аппақ дүние,

Жаралған маған, саған да.

Ғаламат отқа күн ие,

Жылуын сыйлар ғаламға.

Шуақтан бойға нұр сіңіп,

Таранады кеп тіршілік.

... Жасаған кейде жөн шығар,

Көктегі күнге құлшылық...

Жылуын жерге сыйлаған,

Күн берді көңіл-күй маған.

... Жер басып жүр-ау кей адам,

Жылуын жұртқа қимаған.

Ізгілік үнін жоқтаған,

Көңілде әлі көп-ті алаң.

Жылуы несі?

Солардың

Іштері – тоң ба деп қалам!

Сезімнен кеткен суынып,

Байлықпен қатқан буыны.

Жүзінен ұрып тұрады,

Саяздығының суығы.

Санаға сауал салмаған,

Жан-жағын түгел жалмаған.

Таң қалам күнге – тексізден,

Шуағын аяп қалмаған.

Жәдігөйлерден жиіркеніп,

Қасиет кеткен ерте өліп.

... Істеп жүр надан білгенін,

Ұяттан күн тұр өртеніп...

ЕСІМДЕ

Тұралаған тірліктің,

Тараймын кеп тұлымын.

Шейіт болған шындықтың,

Жемдеп жүрмін құлынын.

Жертөледе – мейірім,

Маңдайынан сипадым.

Пәтері жоқ – пейілім,

Дәмі ұмыт боп құйқаның.

Талабым ба?

Тұр әне,

Тасқа ұрылып тағасы.

Ұлықтардың ұраны,

Болыпты оған табашы.

Алдан самал есе ме?

Өң мен түсті айыршы.

Қанағатым – көшеде,

Атаныпты қайыршы.

Жол болмайды кіл неге?

Сайтан, білем, жолықты.

Адалдығым түрмеге,

Отыратын болыпты.

Бақыт кеткен қаңғырып,

Келімсекпен.

Есімде.

... Әлі отырмын мәңгіріп,

Ойдың көлеңкесінде...

ҒАЖАП ПА ЕДІҢ, ЕЙ ӨМІР?!

Арқау болдың жыр-ағынға,

Тұнжыратса тұнық түн.

Құшағыңа құладым да,

Бар мұңымды ұмыттым.

Ұмыттым мен бар мұңымды,

Сездім өмір кеңдігін.

Тарғыл түсті тағдырымды,

... Сүйіп қалдым мен бүгін!

Жарып шықты жүрегімді,

Сезім деген бір шыбық.

Қабыл еткен тілегімді,

Керемет пе ең, тіршілік?!

Көзге жас ап жәудір аспан,

Дейді - өмірді сүйе біл!

Махаббатпен маужыратқан,

Ғажап па едің, ей, өмір?!

Жаным осы қалып-күйді,

Көтерумен тұр әрең.

Бізбен бірге талықсиды,

Мазасыздау мына әлем.

Бақыт!

Қандай байтақ, ұлы?!

Ақыл-естен жаңылдым.

Азабының қайтарымы –

Бар екен ғой, Тәңірдің!..

ҚҰМЫРСҚА МЕН ИБРАҺИМ ПАЙҒАМБАР

Сен өмірде көріп пе едің құсаны,

Сені өмірде толқытты ма құс әні?

... Тірілерге тағылымы тым терең,

Айтайын ба мысалы?..

Серік етсең шаттық пенен күлкіні,

Қаулап өсер көңіліңнің бүртігі.

... Серуен құрған Ибраһим пайғамбар,

Құмырсқаға жолығыпты бір күні.

Шағылмаған ешбір жаннан тауаны,

Мынау еді пайғамбардың сауалы:

- Ей құмырсқа!

Бағыт алдың қай жаққа,

Сауалымның болар ма екен жауабы?

Бейнет кешіп келесің-ау лайым,

Аузыңдағы тамшы су ма, құдайым!

Тамшы судың не қажеті болды екен,

Екінші бір сауалды да сұрайын!

Еңбекке әр кез ауатұғын ауаны,

Былай болды құмырсқаның жауабы:

-Залым Нәрмуд Ибраһим иемді,

Алаңдағы отқа апарып салады!

Пайғамбарға тәу етуші ем қуанып,

Естігенде қалдым мұны қуарып.

Алаңдағы алаулаған сол өртті,

Сөндіруге кетіп барам су алып.

-Күнін кешіп көрмеп едім кесірдің,

Күліп қойсам, сен құмырсқа, кешіргін.

Тамшы сумен алаңдағы алауды,

Қалай ғана келеді екен өшіргің?

  • Имандылық түсіп жатыр талауға,

Шамам менің жетпесе де алауға,

Жетіп жатыр жалғыз тамшы

Дегенмен

Ниетімді білдіруге жарауға!..

СЫНЫҚ ҚАНАТ...

Қорықпай көрінгеннің табасынан,
Тағдырдың ұстап алып жағасынан.
Мен саған арнағанмын өмірімді,
Сезімім асқан күні сабасынан.

Сен болсаң, күліп қарап,
(Осы бір күлкің сенің ырықты алад).
Ару ем.
Сезіміме татымадың,
Аққуға айналдырдың сынық қанат.

Біреуге су төгілмес жорға сынды,
Мен қайтем қасіреті мол ғасырды?
Қанатым сынған күні жылады аспан,
Сезімнің шынысы да сонда сынды.

- Басыма салғанын-ай, құдіреттің!
Осылай оңашада күбір еттім.
Өзіңді өзінен де биік қойған,
Айтшы сен, жазығы не, бұ жүректің?!

Сезімнің қалған едің наласына,
Тау-тасқа басымды ұрдым аласұра.
... Түс көрдім.
Тағы жүрсің дәл қасымда,
Тұз сеуіп жалғыздықтың жарасына...

ЗАУАЛ – ЗАМАН

Жұғып елге шатағы,
Пейілімді матады.
... Абай айтқан бес дұшпан,
Дүрілдеуде атағы.

Өрттей лаулап еседі,
Елден - елге көшеді.
Өсек озған бүгінде
Ақ мамықтан – төсегі.

Төменде сәл отырып,
Төрге шықты - өтірік.
Өрім-өрім шындығым,
Жылап отыр өкіріп.

Таққаны ылғи – ақ моншақ,
Тойға барды мақтаншақ.
...Үйі түгіл қорасын,
Алған екен бақтан сап...

Жайын қайтсін ұлтыңның?
Суалтпайды ұртын мұң.
«Тіріліпті» еріншек,
Құлы бопты құлқынның.

Таусылмайтын амалы,
Мал шашпақ па?
Бар әлі.
Мал жиюда ол алдап,
Өз жұртынан, жаралы.

... Ақылыңды айт егіз,
Шөлім басар қай теңіз?
Төрге шықты бес дұшпан,
Абай ата!
Қайтеміз?..

ЕЛЕСІҢДІ ІЗДЕДІМ

Сездіргенмен сыз-демін,
Ойымды ұғар күз менің.
...Нөпір елдің ішінен,
Елесіңді іздедім.

Ақ түс сыйлап ақ таңым,
Сені іздеп ем – таппадым.
Тамып кетті көз жасым,
Қауызына мақтаның.

Жыр құятын тілге ерек,
Сен сыйлаған гүл бөлек.
Есенғали ағамның,
Құстары, айтшы бір дерек...

Қуарғандай құрағым,
Суалғандай бұлағым.
Дерегіңді көктегі
Жұматайдан сұрадым.

Көз жасы боп күндердің,
Оңашада мұңды емдім.
Табасың ғой іздесең,
Жырым болар – шын белгім.

Көзге ілмеп ем өзгені,
Мұны жаның сезбеді.
...Еніп келші, бейнеңе,
Алғаш көрген кездегі...

«ҰМЫТПА» деп айта алмадым мен неге?..

«Қош» - дедім мен.
Кеттім сосын егіліп,
«Жалған» атты бораздаға жегіліп.

(Өзің едің өмірдегі ар-мекен,
Мұны айтуға қалай аузым барды екен?..)

«Бақытты бол» - дедім сосын тістеніп,
Әлдеқайдан өн-бойыма күш келіп.

(Бақытты едік бірімізбен-біріміз,
Не болады, жаным, енді күніміз?...)

«Аман жүрші» - дедім тағы күбірлеп,
Көңілімді қимастықтың мұңы үрлеп.

(Амандығың – көңілімнің желкені,
...Не болады мұңлықтардың ертеңі?..)

«Теңіңді тап, - дедім сосын – тірліктен»,
Осы ма еді біздер көптен күн күткен?

(Тең едік біз, кеттік неге ажырап?
Өткен күнге көз салайық азырақ...)

Кейде айтарын ұмытады пенде де,
«Ұмытпа» - деп айта алмадым мен неге?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар