Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Алмагүл Шималова. Ақберен (ертегі)...

21.03.2019 10675

Алмагүл Шималова. Ақберен (ертегі) 12+

Алмагүл Шималова. Ақберен (ертегі) - adebiportal.kz

Ерте, ерте, ертеде шыңын ақ қар шалған таудың етегінде шал мен кемпір өмір сүріпті. Ақберен атты жан дегенде жалғыз баласы болыпты. Шал аң аулап, кемпір өрмек тоқып, өз күндерін өздері көріпті. Ай артынан ай, жыл артынан жыл өтеді. Ақберен ержетеді. Үйде анасына отын-су тасып қолқабыс етсе, бір мезгіл әкесіне ілесіп, аң аулауға да шығып жүреді. Ақыры қарт ата-анасының қамын ойлап, апталап тауға кетіп, апта сайын әке- шешесін аңның етімен, терісімен қарқ қылып тастайды. Білегінің күшіне, ақыл-айласына жолбарыс, арыстан сияқты азулы аңдардың өздері де төтеп бере алмайды. Атсаң оғың жетпес қияндарды бағындырып, тауды таутекеше шарлайды. Тек таудың ұшар басындағы түнде қып-қызыл шоқтай боп жайнап, күндіз күнмен шағылысқан ақ сарай ғана Ақберен үшін жұмбақ күйде қала береді.

Өзі батыр, өзі мерген, өзі мекен еткен таудың ой-шұңқырын бес саусақтай білетін Ақбереннің атақ- даңқы алыс- жақын елдерге мәлім болады. Оның аты айшылық алыс елдегі ханға да жетеді.

Хан бір күні жасауылдарын Ақберенді алып келуге жұмсайды. Әке-шешесінің қамын ойлаған жас батыр барғысы келмейді. Ақыры әкесі:

- Балам, ханның аты – хан, басында бағы, астында тағы, қолында билігі бар. Қалай болса да ол- билеуші. Алдына барып, арызын тыңдап қайт,- дейді.

Ақберен аңға шығып, ата-анасын алты айға жететін азықпен қамтамасыз етіп, хан сарайына аттанады. Ханның күтушілері Ақберенді қарсы алып, тамақтандырады. Демін алған соң Ақберенді ханмен жолықтырады.

Хан:

- Сенің атақ-даңқың, абыройың туралы хабар маған да келіп жетті. Саған қояр бір шартым бар, орындасаң азатсың, орындамасаң елің де, әке-шешең де менің тұтқыным болады, - дейді.

Ақберен: «Ол қандай шарт?», - деп сұрайды.

Хан:

- Шартым сол: өзің жайлайтын тауда зәулім ақ сарай бар, осы уақытқа дейін сол ақ сарайдың есігін адам баласы ашқан емес. Сені сол ақ сарайға жұмсамақпын. Сарайда жер бетінде өспейтін керемет бір асыл шөп бар дегенді естідім. Оны жеті басты айдаһар күзетеді екен. Батыр екенің рас болса, сол шөпті маған әкеліп бер.

Ақберен ойы онға бөлініп, амалсыз келіседі. Еліне келіп, ата-анасымен, жұртымен қоштасып, бес қаруын сайлап, алыс сапарға аттанады. Тауға қарай беттеп келе жатса, алдынан бір тасбақа шығып, сөйлей жөнеледі:

- Армысың, батыр! Ақ сарайға бара жатырсың ба?

- Иә, тасбақа. Ханның жарлығын орындауға бара жатырмын. Егер орындамасам, елім де, жерім де, ата-анам да ханның тұтқыны болмақшы.

- Елің үшін басыңды бәйгеге тіккенің дұрыс. Дегенмен, жолың ұзақ, әрі ауыр, оны өзің де білесің. Мен жер бетінде үш жүз жыл жасап келемін, бірақ бірде бір адамның сол сарайға беттегенін көрген емеспін. Сарайды жеті басты айдаһар күзетеді. Сарайдың маңынан ұшқан құс та, жортқан аң да өте алмайды. Айдаһар күндіз ысқырығымен жел тудырып, тірі жанды жолатпаса, түнде аузынан шыққан жалынмен бет бақтырмайды. Сол себептен бес қаруың сай, айлаң мол болып баруың керек. Сарайдың аузында құлып бар, ол құлып сиқырлы кілтпен ашылады. Кілт айдаһардың жалаңдаған тілінің астында. Сарайдың ішіне кірсең, қақ ортада үлкен сандық бар, сол сандықтың ішінде сенің іздеген асыл шөбің орамалда түюлі жатыр. Ол шөптен жылына екі рет тамшы ағады, сол тамшыдан дәм татқан адам керемет ақыл иесі болады. Алдымен өзің іш, содан кейін ел басқарған хан дәм татсын. Ханың түзеледі, халықтың тұрмысы да оңалады. Ал, батыр, сені көп бөгемейін, жолың болсын! - деп тасбақа сәт-сапар тілеп қала береді.

Тасбақамен қоштасып, Ақберен әрі қарай жүреді. Жолындағы азулы аңдармен айқаса жүріп, таудың ұшар басындағы ақ сарайға да жетеді. Айдаһардың ысқырығы мен дем алысының өзі батырды кері итеріп, бірнеше рет таудан домалатып жібереді. Ақыры бар күшін жинап, ақырған айдаһармен бірнеше ай айқасып, бір басын домалатып түсіреді. Сөйтіп жеті күн, жеті түн дегенде екінші басын алады. Қалған бес басын алу қиынға соғады. Бірнеше ай алысса да, айдаһар дес бермейді. Ақберен әбден шаршайды. Қоржынындағы азығы таусылады. Кезекті бір айқастан соң қалғып кетеді. Ұйықтап жатып түсінде анасын көреді. Анасы: «Балам, көзіңді аш, өмірің қыл үстінде тұр. Тезірек оянып, күшіңді жина. Қазір саған айдаһарды жеңудің оңтайлы сәті туып тұр, балам, ояна ғой», - дейді. Ақберен көзін ашса, ысылдаған айдаһар оған төніп тұр екен. Есін жинап, қолына қаруын алып, тағы да айқасқа түседі. Әп-сәтте екі басын, бірнеше күн дегенде шаршап-шалдығып, айдаһардың өзге бастарын қағып түсіреді. Өлген айдаһардың тілінің астындағы кілтті алып, сарайдың есігін ашып, сандыққа жақындайды. Сандықтың ішіндегі түюлі орамалды ашса, асыл шөптен тамшы ағып тұр екен. Сол тамшыдан әуелі өзі дәм татады да, қалған тамшыны ыдысқа құйып алады.

Ақберен аман-есен хан ордасына оралады. Асыл шөпті ханға табыс етіп, тамшысынан дәм татуын сұрайды. Асыл шөптің тамшысын ішкеннен кейін хан да ақылға келіп, өзгеге зорлық көрсетуін тоқтатып, халықтың тұрмысы да жақсарған екен деседі. Ақбереннің арқасында елі жаудан азат болады.

Алмагүл Шималова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар