Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Алмагүл Шималова. Қара волга...

23.08.2019 3085

Алмагүл Шималова. Қара волга 12+

Алмагүл Шималова. Қара волга - adebiportal.kz

Балалық шағым қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында өтті. Ол кезде қазіргідегідей ұялы байланыс деген жоқ, тіпті жай телефонның өзі біздің ауылда болған емес. Ауыл адамдары бар жаңалықты радиодан, одан қалды жолға шыққан жолаушылардан естіп біледі. Теледидардың үйдегі сұлбасы болмаса, ол да дұрыс көрсетпейді. Көрсете қалса, Мәскеу жаңалықтарын айтады, қазақ телеарналары мүлдем іске қосылмайтын.

Бірде ел ішіне "Бандылар шығыпты, адамдарды ұрлайды, мінгендері ылғи қара волға екен" деген қауесет тарады. Ауылдың аңғал адамдары оларды бірде Алматыда жүр екен десе, кейбіреулері Шортанда жүр деп тіптен жақындатып қойды. Ауыл-аймақ маңайында "қара волга" иелері болмаған соң, бұл қауесетке сенер-сенбесімізді білмей, өсекке таңдық. Үйде атам, апам -үшеуміз ғанамыз. Атам үнемі ерте жатады. Апам екеуміз үй тірлігін реттестіріп, кештеу жататынбыз.

Іңір қараңғыланған кез болатын. Ел сиырын сауып, малын жайғастырып, жайланған уақыт. Апам екеуміз сейілдеп қайтайық деп көршіміздің үйіне барғанбыз. Көршілеріміз бізге ағайын болып келеді. Отағасы ерте қайтыс болып, шиеттей балаларын өсіріп отырған келіні мен енесі. Мен балалармен ойнап, апам үй иелерімен аулада әңгімелесіп отырған.

Бір кезде бәріміздің назарымыз үш үйді айналсоқтап жүрген машинаға ауды. Машинаның сұлбасы волгаға келеді, түсі де қара сияқты. Ауылдағылардың машиналарына ұқсамайды. "Қорыққанға қос көрінеді" демекші, мен "Қара волга" деп айғайлап жібердім. Үлкендер селк етті, балалар орындарынан ұшып түрегелді. Әлгі машина үш үйдің сыртында әлі жүр, әлсін-әлсін тоқтап қояды. "Қара волга" деуім мұң екен, жүрегім кеудеме сыймай, сыртқа шығуға шақ қалды. Дереу апамның қолынан ұстап, үйге қарай тарта беріппін. Денем дірілдеп, аяқтан әл кетті. Есімді жисам, апамның қолынан ұстап, үйге қарай аптығып келемін. Менің жылдамдығыма ілесе алмай, сүріне жаздап апам келе жатыр. Көршілеріміз үйлеріне кіріп, есіктерін тарс жауып алыпты. Біз қарға адым жердегі үйімізге әлі жете алмай келеміз. Бір қарағанда жаңағы машинаның сол жақтағы көршіміз-нағашымыздың үйінің жанына тоқтап, ішінен біреулердің түсіп жатқанын көзім шалып қалды. Біздің үйіміз алыстап кеткендей, есікке жетуіміз мұң болды. Әрең дегенде сүріне-қабына дәлізге еніп, есікті ішінен іліп алдық.

Дәліздің терезесінен ақырын сығалап қарасам, "Қара волгадан" түскендердің біреуі біздің үйге қарай келе жатыр. Өлген жерім осы екен ғой дедім ішімнен. Апама ақырын сыбырлап қоямын. Есікке жақындаған адамның жүрісінің тықыры естілді. Мүмкін бізден кейінгі үйге баратын адам шығар деген үміт оты пайда болды. Жоқ, әлгі адам біздің есікке келіп, ақырын қаға бастады. Ол да үнсіз, біз де үнсіз. Қорыққаннан есікке жабыстым да қалдым. Қанша қаққан белгісіз, бір кезде әлгі адам: "Апа!"-деп үн қатты. Даусы таныс. Апам бірден таныды.

-Қайратпысың?

-Иә, Қайратпын.

Есікті аштық. Сөйтсек келген адам-апамның көрші ауылда тұратын сіңлісінің баласы екен. Қонағымызды үйге кіргізіп, мән-жайды сұрап жатырмыз. Қайрат болса: "Неге есік ашпай жатырсыздар? Сіздердің үйге кіргендеріңізді көрдім ғой"-деп күледі. Біз де күліп, бәрін баяндап бердік. Апам екеуміз есімізді жинап, бойымыздағы қорқыныштан арыла бастадық. Түнделетіп жүруінің себебін сұрап жатырмыз. Қайрат біздің ауылға жолдастарымен қыдырып келген екен. Маңайдағы үйлерді айналсоқтап жүргендері -көптен келмегендіктен біздің үйді ұмытып қалып, әрең есіне түсіріпті.

Р.с. Ал мінгендері шынында да жұрттың есін алған қара волга екен. Міне "Қара волга" хикаясы осындай.

Алмагүл Шималова


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар