Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Алмас жырау әңгімелері: Қартаңбай сейіс ...

27.10.2017 9548

Алмас жырау әңгімелері: Қартаңбай сейіс

Алмас жырау әңгімелері: Қартаңбай сейіс  - adebiportal.kz

Бала жасымнан атқа шауып, ат қосып, елге мәлім ат сейістермен көп сапарлас болдым. Біздің елдің халыққа мәлім, көзім көрген ат сейістері: Қартаңбай, Сәт, Мырқы, Әйтпенбет, Қожаберген, Әли, Әбдіқадір, Балшын, Шерғазы, Бөршек, Әділбек деген кісілер, аламаннан ат оздырған, ізіне еріп тәлім-тәрбиесін алған ұстаздарымыз болды. Әр бірінің, ат жаратуы әр түрлі. Мінездері тіпте қызық болатын... «Бұл кісілер туралы жазу керек еді», - деп, ұзақ уақыт ойымда жүретін. Сәті енді түскен секілді. Күні бүгінге дейін қолымыздан жүйрік аттың шылбырын үзбей, жетектеп жүргеніміз де сол шалдардан көрген із, балалықтан қалған әуестік.

Бала кезім. Жаздың айы, 6 класта оқимын. Мектептен үйге келгенім сол еді, ізімше есік алдынан аттың дүбірі мен бірге: «Осы үйде қожаның баласы бар ма? Шықсын!», - деген қатқыл үн шықты. Бірден таныдым. Қартаңбай сейістің даусы. Атақты «Кертөбел» аттың егесі. Қолымдағы сөмкемді қоя сала сыртқа атып шығып:

- Ассалаумағалейкум! - деп, сәлем бердім. Айтқанымдай жүйрік «Кертөбелмен» келіп тұр екен. Сәлем алудың онына, мінер жақ үзеңгіден аяғын шығарып «Мін артыма!», - деп, екі бүктеген қамшысымен аттың сауырын нұсқады. Аяғындағы былғары етіктің қонышынан тартып үзеңгіге аяғымды ілдіргенім сол еді, еңкейіп білегімнен ұстап атып жібергенде артына қарғып міндім. «Жануар, «Кертөбелге» де, тақымым тиді-ау!», - деп, қуанып кеттім. Апам далаға шыға түсе, дәлізде кідіріп қалды.

Себебі, Қартекең ат жаратса ауыл-үйдің әйелдерінің көзіне түскендері боқтық естіп, алдынан өткендерін қамшымен талай сабаған. Ат кездіріп келе жатқанда байқамай алдынан өтіп кеткен Іргекүл апамызды аттың омырауымен қағып, өріп салған... Бұл кісінің тыйым-тәртібі бойынша «Бәйге атының алдынан әйел өтсе, аттың бағы қайтады, жолы болмайды». Қартекеңнің атшабар баласы Әбентай (жиені) бұл кісінің басқа жерлердегі ат қоса барғандағы әңгімелерін айтқанда бәріміз қыран-топан күлетінбіз. Әйелдер жағы «Жынды шал», - деп, сыртынан тілінің ұшымен ғана ат қойған... Ұзын бойлы, ат жақты, шүңгіл көз, қыр мұрынды, қарасұр өңді, сұйықтау сақал-мұртын ұзыншалап қойған, өз айтқаны болмаса көнбейтін тентек адам. Басындағы тақияның сыртынан қара далбайының бауын желкесіне қайырып байлап, көнетоз қара шибарқыт шекпені мен ақ жейдесінің етегі «Кертөбел» аттың бөкен желіс жүрісінен желпілдеп, онсызда қосүрей шалдың қолтығына су бүркіп, дем беріп келе жатқандай жел кернеп, гу-гу етеді... Өзім болсам:

- Алдағы бәйгеге Кертөбелге шапсам! - деп қиялдап келемін. Ол кісі тынымсыз сөйлеп келе жатыр. Желге қарсы бірін естіп-бірін естімеймін... Қамшысын иығынан асырып тартып жібергенде жаурныма сарт ете түсті. Шошып кеттім:

- Әй қожа! Тыңдап келе жатсын ба? - деп дауысы саңқ ете қалды.

- Я-я! - деп, белінен ұстап жабыса түстім. Айтуы: «Әйтпенбеттің (күйеу баласы) кіші баласы (Әбентай) адам болмайды, - арасында боқтығы бар, бәлағаты бар сыпыртып келе жатыр; - айтқанын істемейді... атқа қарамайды .. көмектеспейді...атқа шаппаймын деді...

- Енді сен шабасын!», - дегенде, бағанағы қамшы тиген түйткілден көңлімде ештеңе қалмай:

- Шабамын! -деп айқайлап жібердім. «Құдай берді!», - дедім, ішімнен. Бұл маңайда одан озатын ат әзір аз. Дарияның жағасындағы үйіне жетіп, ат қораның алдынан түстік. Ақсақал аттан түсіп қада ағашқа байлап, қораға беттеді. Аттың суына тиетін* мезгіл болды. Жабулап дайындайтын шығармыз деп:

- Әке, Кертөбелді ішке кіргізейін бе? - дегенім, сол еді:

- Ойбай, бері кел! - деген, айқайы шықты шалдың. Одан әрі:

- Әне, бұлар Кертөбел болмаса мінбейді, Басқа ат мінсеңдер к...е шиқан шыға ма?! Өй, әкеңнің аузын .....- дер - деп, жалпылама жіберді. Қожа да, қара да, ат та, арба да кетті... Не жазып қалғанымды білмей аң-таңмын. Жүгіріп қораға кірдім. Қораның ішінде жабулы, ашағына* қаңтарылып* бір ат тұр. Жал-құйрығы қобыраңқы қарасұрға тән мал екен. Қаңтаруын алып отқа қойып жатып:

- Міне. Осы атқа шабасың! - деп, нығарлады сейісім. Кеуілім су сепкендей басылды. Одан әрі:

- Аттың артынан жүрме! Кеше ғана үйірден ұсталды. Желігі басылмай тұрған мал. Жазым қылады. Қорықпа. Мал қорыққаныңды біліп тұрады. Әкеңнің аузын .... - дер! Екі айғырды бірдей бәйгеге қосып, он байталға мені салайын деп жүрген шығар осылар?! Қазір ол атты ана моланың ойындағы қорада қамаулы тұрған үйірге қосамын. Оған барып келем дегенше ана үйіп қойған боғын далаға шығарып, шөбін жеп болғасын анау дорбадағы жемін ілесің! Осында бол. Оқу дегенді қой! Олар тек ақша шашып, арақ ішуді үйреніп келеді. Алақандай ауыл, ұят жоқ, әжет жоқ!? Қай күні Алматыда оқыды деп жүрген пәленкестің баласы мас болып келе жатыр екен, атпенен тап бергенімде, бойы серең-серең етіп қорадан секіріп қашып қолыма түспей кетті, аттың баурына алып өрейін* деп едім! - деп, сөйлей жүріп кер аттың ер тоқымын алып, беліне бір тоқымды тартып жетпістегі шал, балаша қарғып мініп кете барды.

- Ух! - деп, дем алдым-ау.

- Қайдан ғана түстім бұл шалдың қолына? - деп, пұшайман* болып жүрмін. Жедел аттың тезегін шығарып, қораны тазалап болып, ат әзір шөбін жеп болғанша, үйінің қасында көрші тұратын Әбентайға жүгіріп келдім. Ол өзімнен бір жасы үлкен, атқа шауып ысылған, Қартекеңмен ат жаратып әуселесін көрген, тәжірибесі мол шабандоз болатын.

Ол да мені көріп:

- Е- е, шалдың қолына сен түскен екенсін ғой!? - деп, күліп жатыр.

- Әбентай мынау қандай ат? Сен неге шаппайсың? - деп, сұрақты жаудыра жөнелдім.

- Ол ат, мал емес – бәле. Басы қатты. Ұрыншақ, шаппайтын ат. Қой десем, қоймайды мына шал. Мен бірден айттым:

- Кертөбел болмаса оған шаппаймын! - деп.

- Ал, сен – шап! Қартаңбай қаныңды ішеді, бала! Әлі талай боқтығын естисің. Егер бұл ат бәйгеден келмесе қамшы жейтінің анық!? - деп, ойынды-шынды ескертіп жатыр. Бәрі түсінікті болды... Қайтадан жүгіріп қораға келдім. Ат шөбін жеп болып аңырып* тұр екен. Жем салған дорбаны алғанымда, оқыранып жер тарпып мазасы кетті. Дорбаны басына ілемін дегенше қағып жіберіп, бір қысым жібітілген арпа жерге төгілді. Қорен* мал екен, жемді алдыңғы аяғымен тепкілеп, қағып жеп жатыр. Сол кезде қораның сыртынан шалдың да дауысы шықты:

- Әй қожа бала! Атқа жем ілдің бе? - деп, саңқ ете қалды.

- Ілдім әке. Қораны тазалап қойдым...

Қораға кіріп тап-тұйнақтай жинап қойғанымды көріп:

- Онда, кәзір Мұқтар (жалғыз ұлы) машинасымен екі бау құрақ қамыс әкеледі, соны көлеңкеге жәйіп, дегдіт*. Болмаса арасы қызып кетеді. Шаң-топырақ тиген жерлерін сумен шәйіп жуып жібер. Жылқы малы кірпияз* болады. Шөптің арасы қызса* жемей қалады. Мына сақтың* үстіне көлеңкеге жәй. Үстінен ит, мысық жүрмесін. Көрінсе ұрып өлтір, әкеңнің аузын .... дерді!... Мына Әйтпенбеттің тазылары кіреді. Ақырға*, шөпке сиеді. Біздің екі ит өлері бар, қораға кірмейді. Олар оқиғаны көрген... Қорадан кірген-шыққанда есікті жауып жүр. Ат қораның іші үйіңнен таза болсын. Түсіндің бе?! - деп, маған еңкейіп сұсты көзімен тесіле қарады. Бұндай адамды бірінші көруім. Жәй айтса да күнде үйде орындайтын жұмысым. Көшенің арғы бетіндегі адамға айтқандай айқай-шу. Тәуекел шыдау керек. «Қожаның баласы уәдесіне тұрмай қашып кетті!» - десе, әкеміздің тергеуіне түсеміз. Бұл адам бірден әкемізге барып айтады... Әбентайдың айтқаны шынға айналатын түрі бар.

- Я, түсіндім, әке.

- Онда, атың дорбасын ал! Жылдам аттың дорбасын алып, бағандағы шегеге ілемін дегенімде:

- Добаны бері әкел! - деп, зірк ете қалды. Жылдам қолына бердім. Сары березенттен жиек салып тіккен, аттың қылынан жеңішкелеп ескен бауы бар дорбаны қолына ұстап, іші-сыртына алма-кезек қарап, қайтадан ішіне үңілді... Сосын ежірейіп маған қарады. «Бағанағы төгілген бір уыс арпаны біліп қалды-ау», - деп, шошып кеттім. Дорбаны бетіме тақап:

- Ішінде не бар?-деп сұрады. Олай-бұлай қарап:

- Ештеңе көрінбейді, жемді толық жеген, - дедім. Сол-ақ екен, айқай қайта басталды:

- Әне, бұларға ештеңе көрінбейді. Бұлардан адам болып... Осылай атты қырады ғой бұлар... а..аа - деп, көзі аларып маған:

- Сал қолыңды дорбаға! - деп айқайлады. Жылдам қолымды салдым.

- Қолыма қоймалжың су аралас ығал тиді, басқа ештеңе көрмей тұрмын - дедім, сескеніп.

- Әне, сол құртады атты! Ат жем жегенде дорба құрғақ болуы керек. Таңдайында сүлік* бар. Аттың сілекейі дорбаға ағып тұр... Талай малды қырды ғой. Міне шауып, тұра шауып. Малдың кепиетіне* ұшырағыр әкеңнің... «Өлсе мейлі байдікі, Тұрмайды менің қаяма» деп, совхоздың малы.... Әй-әй обал-ай! «Не нәрсені қор қылса, пенде соған зар болады». Кешегі ашаршылықта малдың құмалағына зар болып қалдық... Адам біткен құмырсқадай қырылды ғой... Оны қайдан білсін?! Өзінен-өзі сөйлеп жүр. Бұл адамға дүниенің бәрі теріс, тек өзінікі оң секілді:

- Неғып тұрсын? Үйде кемпірден қара дұз бен шелекке су құйып әкел! -деп, бұйырды. Тұра шаптым. Жеделдетіп үйге кірсем жүзінен мейрімі төгілген аппақ, егде тартқан, еңкіштеу жұқалтаң, әйел кісі қарсы жолықты.

- Сәлем бердік апа! - дегенім сол:

- Саламат бол Алмасжан! - демесі барма. Дауысы да, ілтипаты да жаныма майдай жағып кетті. Қораның ішіндегі әңгімесі құрысын... Жүзінен мейрімі төгілген апайдың киім киісі де қалалық әйелдерге келеме қалай?!

- Айналайын келгелі үйге кірген жоқсың. Мына сусынды ішіп ал – деп, сапар кесеге* толтырып айран берді. Сонда білдім, өзімнің шөлдегенімді. Сусын балдай екен. Сіміріп салдым. Маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Сол кезде қорадан айқай шықты... Аузымды жеңіммен сүртіп, артымнан жау келгендей:

- Апа, дұз керек? - дедім, аптығып.

- Әне, ас қазанда қауақта* тұр - деп, жатыр ол кісіде жылдам. Қауаққа қосып, қасынан шелекті алып жүгіріп қораға жетемін дегенше « әкеңнің аузын ....» неше біреуі кетіп жатыр...

- Кешігіп қалдым-ау, осы жолы оңдырмайтын шығар - деп, ентелеп келсем, шал ортадағы бағанға атты байлап, басымен алысып жатыр. Соны боқтап жатыр екен.

- Әке әкелдім-дедім. Аттың тілін ортасынан байлап алып, сыртына шығарып жағына қайырып қойып тұрып:

- Шелектің түбіне төрт елі су қалдырып қалғанын төк. Дұздан екі уыс сал да, таза шүберек пен былғап араластыр. Шалттатып бәрін істеп болдым.

- Енді шелекті маған әкел. Қасымда көтеріп тұр. Айтқанын қалт жібермей жасап жатырмын. Басын байлап, аяғы шідерлеп* тастаған аттың екі көзі аларып жағын қайзап* тұр. Шелектегі шүберекті дұзға былғап аттың көмекейін сүрте бастады.

- Әй қожа. Міне көрдің бе? Сүлік деген мынау болады деп аттың тілінің қапталынан жұп-жуан, қара-қошқыл бөлек етті көрсетті.

- Көмекейінде біреуі тұр. Әкеңнің аузын ... –ді, қазір құртайын! Сол кездерде аттың тілін бойлап қап-қара қан саулап кетті. Онсыз да аты аяп тұрғанда, мынаны көргесін:

- Әке, қан саулап ағып жатыр. Тілін жіберіңіз! – деп, дауыстап жібердім.

-Қағынбайды! Жаңағы сүлік қой дұзды суға құсып жатқан. Қанға тойып тұрғанда алынбайды. Сосын жұлып тастаймын – деп, жұмысын жалғастыра берді. Әлден соң қарысқа жақын, қап-қара екі сүлікті жұлып алып тастады.

- Әне, анау аттың не жанын қояды? Аттың парылдап, қырылдап шабатыны сол. Ол, кеңсірігіне де түседі. Көмекейіне тақалып тұрғаны тұншықтырып өлтіреді. Сүлік бұлақтың тұщы суында болады. Тұрып қалған көлдің суында болады. Сөйлеп жүріп атты босатып, орнына апарып ашағын ағытып, ерттей бастады. Ері, шағын атшабар қанбас* ер екен. Аттың мойынсасын* кигізіп, желдікшесінің* сыртынан киізден басқан оюлы бастырық жабуын* жауып далаға шықтық. Әрі қарай сейісім:

- Ал, қожа бала. Бүгін атты «қазан суыту» жасаймыз. Одан соң үш күн қатарынан «таң асырып»* қайырамыз. Содан соң «суына тиеміз»*. Он-он бес күннен кейін «ашшы терін»* аламыз. Апта салып «тұшшы терін»* аламыз. Аттың бабына қарай бір «ықтырма терін»* аламыз.* Бұның бәріне бір ай уақыт керек... Мектептің деректіріне айтамын. Садықбек па? Ол өзімнің інім... Олардың тұқымын үкімет құртып жіберді ғой... Белгілі әулет еді...

- Қой, айналайын - деп, аттың әңгімесін қайта жалғады:

- Бұл мал үйірден ұсталған айғыр. Бұрын қосылмаған, тың ат. Бірақ мініске жуас, әбден аққаптал* болған мал. «Қазан суытудың» мәнісі: Атты аяң жүрісімен «Меңейге» дейін жүргізіп қайтасын. Шаппа, шоқытпа, табандатпа, желме, былаң құйрық жүріспен отыр. Тепсінбе, қамшылама, дізгінін қағып қана отыр. Бұл ат жүріске жеңіл, жеңгем сүйер тезап* мал. Ұрындырма, жылқы көрсетпе, үркітпе. Тек жолмен барып, жолмен қайтасың. Мәшиненің шаңына қалма, жел бетті алып жүріп отыр. Мен де есекпен үлкен төбеге дейін еріп барамын. Сол жерде күтіп тұрамын. Мына қамшыны бүлдіргенін* тарылтып, қолыңа киіп ал. Жолда түсіп қалмасын. Далаға шығып әбден дайындалып ал. Мен атты суара беремін. Қалғанын келгесін айтамын...

- Әтәңә нәлеттерге – осыларды үйреніп қалыңдар десем, біреуі мәшине айдаймын, біреуі матасекіл деп оттайды... Бір «болты» ұшып кетсе қатыны мен екеуі арқалай ма, оны?! Ой, әкеңнің аузын ... - деп, маған қарап мақұлдатып қояды...

- Ал, кәне қожа, «Алла, пешенелеріңді ашсын!» - деп бәтесін беріп, қолтығымнан демеп, атқа мінгізді. Таралғысын қысқартып, аяғымды шағындап әбден тексеріп болып:

- Ал енді жүре бер. Алдыңнан қатын-қалаш өткізбе! - деп өзі ешегіне қарай беттеді. Атқа «шу!» - деп, дізгін қаққаным сол еді, қорада не бәлені көріп, желігіп тұрған ат тез қозғалып басын сүзе тартып, желе жөнелді. Шалдың жан дауысы шықты:

- Ойбай тоқта! Тоқта! Тоқтат! - деп, көк есегімен қапталдай шауып жаныма жетіп келді. Сол кезде зорға дегенде желіккен аттың басын игеріп тоқтаттым-ау. Басы қатты екен. Өзіне ерген екі иті де, ешектің алдына түспейді. Бәрі де Қартекеңнің ымына үйренген. Көнбей жатқан Қаракер ат екеуміз ғана...

- Артымнан жүр! - деп, айқайлап, ешегімен алдыма түсті. Көсеміміз – көк ешек пен Қартекең. Қалғанымыз ізіне ердік... Қуаңның суына бөреннен салған жеңішке көпірдің, шұрық-тесік саңлауынан ешегі қалт-құлт етіп жүрмей кібіртіктеп тұрғанда қасынан өте шықтым. Сейісім:

- Әй, қожа бала! Шаппа, желме – деп, қала барды... Айдау жолға түскеннен соң Қаракер басын екшеп, бір шекелеп аяғын көсем басып, былаң құйрық жүрісіне түсті. Екі құлағын қайшылап, қабырғасын кере, қоңыраулата кісінегенде алыстағы үйірін шақырғандай, қайырымын келтіріп дыбысы да айбарлы шықты. Жүрісі жеңіл, үсті жәйлі, адамды соқпайды екен. Атқа кеулім толып, алдағы бәйгенің жәйін ойлап қойдым... Аттың құлағының түбі жіпсіп, адымын кең тастап, сулығын қағып жүрісін жаздырып әсемдей бастады. Дізгінін сүйеп ұстап, еркіне салып келе жатырмын. Жануар құлағын қайшылап, үйірін іздеп елеңдеп келеді. Даланы күмбірлете тағы кісінеді...

Шалдың межелеп берген жері – «Меңейдің үйтамы». Шөмекей Торыбай аталығынан Меңей батырдың* жерленген жері. Қам кесектен* күмбездеп соғылған үлкен кесене. Үйтам* деп аталады. Қасындағы қазан шұңқыр ойда біздің бақшалық бар. Ауылдың Әйтпенбет, Шәмшат, Мұстафа деген кісілері біздің әкеміз Нұрмақан қожаны ортасына алып қос* болып, егін еккен жері. Бұл жолды бес саусағымдай білемін. Сейістің айтқан жеріне келіп, табан жердің* алаңқай тұсынан атты қазулы жолдан шығарып, кең айналдырып шеңберлеп бұрдым. Басын қайтарғанда атта аяғын топтап, елеңдеп шабысқа дайындалғандай ширығып кетті. Мінер жағына* сулығын* баса тартып, қайта шеңбер жасай айналдырып, желігін басып аяңдап қайта жолға түстім. Бұл жер ауылға тоғыз шақырым. Бару-қайтуы сейістің айтымына келеді. Аттың омырау мен мойнынан шыққан тер мойынсаның сыртына шықты. Күннің ыстығы әлі қайта қоймаған. Бұл кезде күн төбеден ауып, екіндіге* барып қалды. Қаракер ат пен салдыртып қайту жолға түстім. Атқа мінген адамның желі болады, алдымдағы қарсы қабақ, үлкен төбені көріп «ешкім көріп тұрған жоқ, аттың аяқ алысын көріп, төгілдіріп жіберіп алсам қайтеді» деген балаң ой келді... Саңқ етіп, Қартекеңнің даусы құлағыма келгендей, ол ойымнан тез қайттым. «Жарайды, бұл кісіден ат жаратудың қыр сырын үйреніп, өзім ат қосамын. Тәуекел неде болса шыдау керек... болды!», – деп, өзіме уәде бердім. Табан жолдағы бос жердің топырағын тұяғымен кертіп турап, екшеп басып, еңсесін тіктеп Қаракер жолдың апшысын қуырып келе жатыр. Аттың терінің иісі, қолқаны қауып алдымнан соққан желмен жұпардай шашылып келеді. Ауылға жетер тұстағы үлкен төбеге шыға келгенімде алдағы бйік төбенің басындағы Қартаңбай сейісті көрдім. Қолын мәңдайына күнқағар* қылып үңіле қарап тұр екен. Ешегі қасында жәйліп жүр. Екі ит атқа қарай жүгіре түсіп, Қартекеңнің әмірлі даусынан жалт беріп кейін қайтты. Ой, Алла-ай! Ит пен құстың барлығы айтқанын істейді. Тек біз Қаракер атпен екеуміз айтқанына түсінбей «асау соқыр» айқайдың астында жүрген. Жақындағанда атты жолдан шығарып, қамшылар* жағына қарай сулыққа сүйеп жеңіл бұрдым. Жанына жақын келгенде:

- Тоқтата ғой - тоқтата ғой! - деп, өбектей сөйлеп аттың алдынан шықты. Аттың шылауынан ұстап, омрауына қолын салып:

-Ойпырмай, ойпырмай - жақсы терлеген екен! Шаппай, желмей жақсы келіпсің айналайын! - деп, киіз жабуын көтеріп аттың сауырына қолын тығып көріп, қолтығына қолын салып:

- Ат ұрынбай келді. Айналайын, қожеке, құдай маған сені жеткерген шығар! Қалай айттым, солай жасапсың. Атаңа нәлеттер, - басқалар өтірік айтып келеді ғой... Сөйтіп атты бұзады. Содан еңбегің еш кетеді. Айналайын, жақсы-жақсы! Сенен ат сейіс шығады екен, қожеке!? Енді атты ыққа қарай кездіріп, желге қайтар. Бие сауым* кездіресің (2 сағат). Сосын қораға кел. Мен енді жем-шөбін дайындай берейін - деп, ешегіне беттеді...

Ат сейістен мұншама мақтау естимін деп ойламап едім, кеулім көтеріліп кетті. Күн ұясына қонып, құрсауланған тұста атпенен қораның алдына келіп тоқтадым. Бұл кезде ат та терін толық үгіп* болған еді. Қорадан жедел шыққан Қартекең құрметті қонақ күткендей шынтағымнан сүйеп түсіріп алды. Боғауызын ұмытып қалғандай, аузында тек «айналайын». Бұл кісінің айқайы мен боқтығының зілі жоқ екенін түсіндім. Атты далаға байлап, ер-тоқымын алып, жабуы мен ашағына қаңтарып тастады. Сосын маған қарап:

- Енді осылай тұрады. Түннің жарымына дейін. Сосын жемін беріп, отқа* қойылады. Бұны «қазан суыту» дейміз. Бір малды сойып асып-түсіретіндей мезгілде суытылады деген қазақтың уақытқа өлшемі ғой... Енді бірыңғай көк құраққа байлап ішіндегі қу тезегін аламыз. Әбден сылқылдақ қарын болғанша. Құрақты қауылдырықтап* береміз. Бәйге атында «қу тезек» деген бәле бар. Ол атты өлтіреді... Одан атты аман алып қалу жолдары бар. Бұл кісінің әңгімелері құлағыма құйылып бара жатыр. Жүзіне қайта қарағанымда басқа шалды көргендей әсерде болдым:

- Ал, айналайын! Біздің кемпір ас-ауқат дайындап қойды. Жуынып-шәйініп дастарханға жүр. Құдай берді, сен қожаны маған! - деп, үйге бастады. Даладағы сәкінің* үстіне дастархан жайып, самаурынды екі иінінен демалдырып қойыпты. Өзімді қошеметтеп төрге отырғызды. Апай шұңғыл табақпен май салып қазан жаппай* әкеліп ортаға қойып жатып:

- Айналайын Алмасжан, бағана апаң (біздің анамыз) келіп кетті. Кешіккенге аттан құлап қалды ма деп дәті шыдамай жүргені ғой... Жаңа бала жүгіртіп жібердім. Аман-есен келді – деп. Енді асықпай шәй-суланып ал - деп, жатыр. Оған Қартекең:

- Ой, құдай-ай! Ортан қолдай жігіт. Аттан құлайтын ба еді? Қатын деген не болса соны айтасындар-ау!? - дегенде, ішімнен өзім де «ортан қолдай жігіт» дегеніне елігіп, ат сейіс жағында отырдым...

- Бұл қожаны құдай қаласа «ат сейіс» қылып шығарамын. Жұмысы пісент* екен! - дегенде, қызыл іңірде көлеңкесі көлденеңдеп артқы аяғын суытып, басын баяу екшеп, қаңтарулы тұрған Қаракер атқа қарай бердім... Қартекең жуынып-шәйініп дастарханға кеш отырды. Үстінде ақ көйлек, ақ дамбал кудесінде қара шипархұттан тіккен жеңсіз. Басында қара тақия оны орамалымен орап, ұшын самайының тұсынан шығарып қойған. Қос қабат көрпешенің үстіне отырып:

- Ал қожа бала, ертең түске дейін сабағыңа бар. Түстік асыңды ішіп ал. Шәй, су ішпе! Айран іш. Айранға нан турап жеп ал, өлмейсін!... Ат пен жол жүретін адам тоқжарау* отыруы керек. Ертең атты «таңасырамыз»*. Оған дейін ат, жем-шөбін жеп отын алады.

- «Тағайға» баратын үлкен жолды білесін ғой? - деп, маған қарады. Білмесем де басымды изедім...

- Сол жолмен «Тектұрмастың» бұлағына дейін барып қайтасың. Оның барып-қайтуы қырық шақырымға жуық болады. Алдағы тойда аттар сол жолмен шабады. Жолдың ой-шұқырын бақылап отыр. Бүгінгідей аттың бөкен жүрісімен* сыдыртып отырасың. Аяғыңа етік ки, басыңа орамал тартып, үстіңе күн өтпейтіндей кеудеше киіп ал. Ердің басына мұтыра* іліп жіберемін. Шөлдесең, аздап аузыңды шәйіп, бір жұтым ғана іш. Далада аттан түсіп дәрет аламын деп жүріп талай адам жаяу қалған.

- Түсіндің ба! - деп, маған қарады.

- Түсіндім әке. Мақұл! - деп, жатырмын.

- Ертең, тура сағат екіде шығып кететін бол! Болмаса кешігеміз. Бұл бұрын қосылмаған, тың ат. Әбден «таңасырып» бойындағы ыстық-суығын алып, аттың тоғын шайқап, етін ширатып, пісіреміз. Таңасқан аттың түгі құлпырып, жанары нұрлана береді. Үш қайтара таңасамыз. Бұны – «атты қайыру»* дейді. Жақсы қайрылған аттың жаратуы* да оңай болады. Қаракер

будан* мал. Бұл «Қарабайыр»* мен орыстың «Дон» жылқысынан туып тұр. Совхоздың жылқысына үкіметтің салған айғыры ғой. Анасы өзіміздің Кертөбелді туған бие. Екеуі енелес. Жаман болмааас!? - деп, барып қолына шәй кесесін алып, сораптап ішіп, үнсіз ұзақ отырды. Үш кесені асықпай шайқап отырып, бабымен ішті. Не ойлап отырғанын құдай білсін? Күн ұзағына құлақтың да тынғаны осы болды. Шөлдеген де шығар...

- Әке, онда ертең келейін. Маған рұхсат беріңіз? - деп, ойын бөлдім.

- Дұрыс, айналайын! Уәде орнында болсын. Қожекеңе сәлем айт! Өзім де жолығармын... - деп, жатыр.

Ас қайырып, орнымнан тұрдым... Үйге келе жатып жарты күнде үйренген, көрген істерімнен соң бір жола, «ат сейіс боламын», - деп, шештім. Біздің үй қонақсыз болмайды. Бүгін үйдегі қонақ күту, мал жайлау, отын-су дайындау, сабақ оқу – бәрі қалды. Апам да сыбағамды дайындап қойған шығар. «Тәуекел!», - деп, үйге тарттым. Айтқанымдай болды. Үйге кіргізбей-ақ сырттан апам шаңымды қағып, топырағымды суырып бастады:

- Келген адамның артына мініп тұра қашқаның неден, - басталып... оқу киіміңді неге шешіп кетпедің... жөніңді айтып кетпедің... біреудің атына шауып өлейін деп жүрмедің... сонымен... енді еш жаққа бармайсын! Сабағыңды оқып, шаруаңды жайға! - деп, жатқанда үйден жөткірініп, дыбыс беріп сыртқа дәрет алуға әкем де шықты-ау. Апамның сөзі сол жерден тоқтады. Атып тұрып қолына құманын ұсынып жатқанымда:

- Жау қырылып қалды ғой!, балам (сөзінің салты). Аман-есен келдің ба? - деп, ол кісі де қобалжулы екенін білдірді. Енді бұл кісі қоштамаса, онда тындық. Қартекеңе беріп келген уәдем анау. Қарагердің ертең «таңасқанын» үйренуім керек, алда бәйге. Әкем дәрет алып қайтқасын, құманы мен легенін алып, бет орамалын дайындап үйге бірге кірдім. Әкем асықпай дәлізде отырып дәретін алды. Құптан намазына дейін уақыт бар. Төргі бөлмеге өтіп жайнамазын жәйдым. Үстіне отырып тасфиғын тартты. Жүрелеп алдына отырдым. Сәлден соң:

- Я, балам, қайда болдың? Шешең әбігер болып жүр ғой? - деп, сұрады. Бар жұмысымды жіпке дізгендей баяндадым. Берген уәдемді, айтқан сәлеміне дейін жеткіздім... Әкем тыңдап отырып, орамалы мен суланған көзін сүртіп қояды. Күліп отыр ма, жылап отыр ма, белгісіз, орамалымен бетін жиі сүртіп отыр. Өзім тоқтамай сөйлеп отырмын. Тоқетері*:- "ат сейіс" болатын болдым! - деп, аяқтадым. Сол кезде ту сыртымнан:

- Мынау ұл, Қартаңбайға бала болып келген ғой! - деген, апамның дауысы шықты. Жалт қарасам апам да күліп отыр. Сол кезде әкем:

- Айналайын, жақсы болған екен! Қартекеңнің айтқанын істе, ұятқа қалдырма. Үлкенге көмек бергеннің сауабы тиеді. Үйренгенің өзіңе жақсы балам - деп, намаз оқуға ыңғайланды. Апам:

- Әй, «сейіс» жүр тамағыңды іш! - деп, жәйбарақат күйге түстік-ау. Осылай негізгі мәселе шешілді. Ертеңіне Қартекең айтқан уақыттан ерте келдім. Ол кісі әлі қорада екен:

- Ассалаумағалейкум әке!

- Уаликумассалам! Қожа бала келдің ба? Онда атты аунатайық. Сосын суарып, ерттейміз. Ат отын алып болды - деп, аттың желдікше жабуын* алып, жалаңаштап далаға шықты. Қаракер аттың беденінде* кемістік жоқ екен. Кеудесі биік, артқы тілерсегі жүргенде сыртқа айнала теуіп, бота тірсек алшаңдап барады. Барынша қабырғалы ірі мал көрінді. Ізінен ере шықтым. Арнайы төгілген шеге құмға тұмсыған төсеп, сыза түсіп аунады. Жануар екі жағына тоқтамасы үш-үштен, алты асып аунап түсті. Атып тұрып дүр сілкініп, шылбырдың* бойын айналып, құлағын тігіп дарияның арғы бетіне қарап, қоңраулата кісінеді... Қаракердің дауысы осы жолы жүрегіме әсер еткендей болды. Сейіс, атты суарып сыртқа байлады. Қораның керме ағашындағы сыртына айналдырып кептіріп қойған бастырық жабуды өзі алап жатып:

- Әй, қожа! Терліктерді* ала жүр! - деп, жұмыс қайта қызды. Атты айнала өбектеп баладай баптап жүр. Ол кісінің атқа деген ілтипатының белгісі әр қимылынан белгілі болып тұр. Таза шүберекпен аттың қипақтап қарсылық көрсеткеніне қарамастан, көзін, танауының ішіне дейін сүртіп, қолтығы мен екі шабының арасын, тышарлығының айналасына дейін жуып жатып:

- Жылқы адам тақлеттес* мал. Тазалықты жақсы көреді. Сылап-сипасаң мал екеш-мал да, түсінеді. Аттың терлігін күнде жуып отыру керек. Терлік ширатылып аттың арқасына батпайтындай етіліп, арнайы тігіледі.Термен қатып тұрса аттың арқасын ойып тастайды. Атты қайырған күннен бастап арқасына күн тигізбей жабудың астында ұсталады. Алыс сапарға шығарда да атты алдын ала «таңасырып» дайындау керек. Атың аяғына ши* түспейді... Қаракер далада адау* жүрген мал. Күнқақты* болып, ет пен терінің арасы өлі еттеніп* кеткен. Енді былауға салғандай, бастырық жабумен* сондағы тердің көзі ашылсын деп атты суытып, қайырып, жаратамыз.

... Соңыра бабына келгенде мына қатып тұрған терілері, жібектей есіліп, аттың түгі құндыздай құлпырады... - деп жүріп, әңгімені айтып та болды. Атты ерттеп те болды. Дізгінін ерге қаңтарып, сосын барып маған назар аударған Қартекең:

- Әй, бәрекелді, қожеке! Жақсылап киініп келіпсін. Енді үйге кіріп, айран ішіп ал - деп, өзі бастап жүрді. Ой, Аллай! Кешегі жан алап, жан берген айқай-шудан ештеңе қалмағандай, басылған. Үйге кіріп, қолымды жуып, апаймен амандасып төрге өттім:

- Айналайын Алмасжан, жақсы келдің! Бір кесе қаймақ түсіріп қойдым. Нан қосып жеп ал - деп, жатыр.

- Сізге де құяйын ба?- деп еді. Оған сейіс:

- Қазір қожа баланы жолға салғаннан кейін, жәйланып шәй ішемін - деп, әңгімесін жалғады:

- Ал қожа бала, мұқият* тыңдап ал! Қазір батыстағы қорымның оң жағымен үлкен жолға түсесің. Бір жол –Тағай, Кекіреліге қатынайтын. Барар жерің Тектұрмастың бұлағы. Басында қалың қамыс өскен. Сол жерден кері қайтасың...Бару-қайтуың қырық шақырым болар. Атты үстінде отырып астауынан суарып ал. Неше жұтқанын санап отыр. Бұл ат ауыздығымен іше береді. Жерге түссең ауыздығын салдырмайды. Бойына суын таратпай, ішіп болған бойда кейін жүріп кет. Неше жерде тышқан-сигеніне дейін санап отыр. Келгесін сұраймын... Аттың кешегі жүрісімен қозға. Бүгін одан да жүрдек отырар. Жолдың төрт жерде қауіпті тұсы бар. Сол жерлерді байқап отыр, жаттап ал. Ертең бәйгеге шапқанда өзіңе оңай болады. Мәшине батқан жерлердің қырқасында малдың жалғыз аяқ іздіктері бар, белгілеп кет. Ас-су ішіліп болып:

- Алла пешенеңді ашсын! - деп, батасын беріп орнымыздан тұрдық. Қаракер ат жерқазықты* айналып өзін-өзі кездіріп* жүр екен. Қартекең:

- Бүгін ат сергек. Жеңілдеп қалды. Үш «таңасқанда» қолға келеді - деп, өзінен-өзі сөйлеп, шынтағымнан демеп атқа отырғызды. Дізгінді қақаным сол, ат жеңіл қозғалып жолға түсті. Әйтпенбеттің бауын жағалап, Қуаңдарияның көпірінен өтіп, батысқа қарай созыла көшкен айдау жолға түстім. Көрмеген, бармаған Тектұрмастың бұлағын тәуекел деп, сейістің сілтеуімен бетке алдым. Көңлімдегі күдігім де сол. «Ортан қолдай жігіт адам, аттан құлайтын ба еді?», -деген, Қартекеңнің сөзі демеу болып, ерге нығыздалып отырдым. Тәуекел! Қаракер ат сулық қағып бір шекелеп, басын екшеп тастап, теңселе басып жайқап келеді. Жорта түсіп, қайта аяңға көшеді. Ашық аспан, алшағыр күн шекеден қарап жебедей шаншылып, от кірпігін жерге қадап тура алдымнан шықты. Өкпек жел аңызақтанып,* от көсегендей орай соғып аптап ыстық күшінде тұр. Қызыл құмның жусанды даласының исі көкірек сарайымды ашып, Қарагер аттың бұлаң құйрық жүрісімен даланың төсіне еміне ұмтылдық. Қартекең айтқандай жол өте күрделі екен. Әсіресе сортабан* жерлердегі мәшине батқан жыралар мен қия құмның қабағындағы сексеуіл төсеген жерлерден айналып өтпесе, аттың аяғын сындырып, мертіктіруіміз мүмкін екен. Жолдың ой-шұқырын қалдырмай бақылап келе жатырмын. Бұл сапардың талабы осылай. Күн ұлы төске* еңкейген тұста жолдың оң жағындағы аспанға қарап шаншыла қадалған ұзын темірге де жеттім-ау. Сейістің айтуында «осыдан әу дем жерде» Тектұрмастың бұлағы болуы керек. Айтқандай-ақ ну қара қамысты бұлақ та көрінді. Айналасы тай шаптырым балауса құрақты, айдын көлді шөл далада кім көрген? Үйрек, қасқалдақтар жүзіп, қамысқа кіріп-шығып жүр. Басында мал қарасы бар екен. Қаракер құлағын тігіп екі-үш қайтара қоңраулата кісінеді. Сиыр мен саяқ* аттар екен. Бір бөлек саяқ жылысып көлдің шетіне ойысты. Күйсеп, көлбеп жатқан сиырлар сол күйі, міз бағар емес. Ат жүрісін баяулатып, су тола астауға келіп тоқтадым. Қаракер астауға аузын салмай, басын екшеп жағалап барып, труба темірден қайнап шығып жатқан бұлақтың тұнығынан ауыздығын сақырлатып аузын шәйіп, сосын барып сіміре ішті. Санап тұрмын. Он үш қайтара жұтты. Сосын басын көтері қайта аузын шәйіп, тағы үш қайтара сімірді... Жіліншіктен кешіп тұрған судан өзі шықты. Жануардың бұлақ басындағы малдың сарқыншағынан* адамша жиреніп тұрғанын біліп, шеткері жел бетке шығарып тоқтадым. Ат сол жерде ішін босатып, тезегін тастады. Есепке бәрі керек. Ердің басындағы мұтырадағы суымды алып, ат үстінен еңкейіп бетімді шәйіп, екі ұртап су іштім де, қайтып жортып жолға түстім. Тұма бұлақтың салқын суы, атты сергітіп жіберді. Қаракер ауылға қарай көсем жортып, аяғын топтап лекітіп, желігіп кетті. Дізгінді сүзе тартып, табандай* түсіп қайта аяңына көшіп құлағын қайшылып, басын екшеумен келеді. Ерік өзімде болса, екі-үш төбеден асырып жіберіп алатын жер. «Көреміз кейін» деп, қойдым. Ауылға жақындап, күн сол иығымның тұсына* келгенде ауыл сыртындағы бейітке жақын адыраспанды* ақ төбеге шыға келдім. Қартекең көрінбейді. Ол кісі, Қуаңдарияның* арғы бетінде үйінің алдында қолын күнқағар қылып қарап тұр екен. Ақ дамбал, ақ көйлек, қара жеңсізі, басындағы тақиясының сыртынан ораған орамалы ағараңдайды. Сірә, дәрет алып жүрген болуы керек. Ауыл шетіндегі көпірден өтіп, ат қораның алдына келіп тоқтадым. Қартекең күтіп алып «айналайын-айналайындап» жүр. Атқа айтылып жатқаны-ау... Енді аңғара бастадым... Жерге түскенде білдім, екі аяғымның сан еті ұйып, мамырлап* қалдым... Қартекеңнің бар зейіні атта. Қалың жабуын аударып, терлігіне дейін ауыстырып, жеңіл жабумен қайта жауып, айналсоқ* жасап қойған жер қазыққа* атты байлап, дізгінін ашағына* қаңтарып қойды да:

- Ал, қожа бала, жуынып-шайынып үйге кір. Ат енді осылай қаңтарулы, таңның бір қараңғысына дейін тұрады. Бұны атты «таңасыру» дейміз. Әбден терін үгіп, ыстық-суығы басылған соң барып жемін іліп, отқа қоямыз. Ат ішін тазартып, қу тезектерін тастайды. Аттың бойындағы жел-құз, аяғындағы сарсық* болса «таңасумен» кетеді. Ат тазаланады. Ертең ерте, атты жылы сумен шомылдырып, қырғышпен тазалаймыз. Әне, сонда көр, Қаракер атты!? - деп, желпініп сөйлеп жүр. Одан әрі:

- Атты «таңасырмай» мінуге болмайды. Семіз ат қызылмай* болады. Қызыл май болған ат қайтып қосуға келмейді... Аттың аяғынан қалуы да, сол суытудың кемдігінен. Шауып келген атты кемінде үш-төрт сағат кездіру* керек. Аяғына қан түсіп* ақсамас үшін. Бүгінгі ат қосқан ақымақтарға бәрі бір. Кертөбелді қосқаныма он жыл болды. «Сейістің тәуірі – атты ақсатпаған адам», - деп, отыратын үлендер. Біз ат ақсату дегенді білмейміз. Сөзінің аяғын жүре тыңдап, жуынып-шәйініп алуға есіктің алдында ағып тұрған кранға қарай беттедім. Сол кезде Қартекең:

- Әй, қожа бала! Ұзақ жолдан келіп ыстықтай, мұздай суға түспе. Атқа шауып келген бойда, мұздай су ішпе. Өкпеңді алып кетеді. Есіңе сақта. Үйде жылы су дайындатып қойдым, соған жуын! - деп, ақылын айтты...

Осылайша араға бір күннен салып атты үш қайтара «таңасырғанда» Қаракер ат мүшеленіп, оқтаудай жұмырланып, мылтықтың құндағындай сынына келіп кетті. Маған Қартекең қолынан бәрі келетін ғажайыптардағы сиқырлы жандай көрінді. Қаракер де бұл кісінің тілін түсінгендей ыңғайына қозғалып, әдепкі көргендегі ұшқалақ мінезін пышақ кескендей тоқтатты. Әсіресе құйысқандығына* қол тигізбейтін жүйрігім, астынан адам өтсе де тұра беретін, байсалды күйге түсті.

Сонымен аттың «Суына тиетін» күн де жетті... Кластан-класқа көшкен оқушыдай жақсы үлгеруге барымды салып жүрмін... Дастархан басына жайғасқан соң Қартекең:

- Ал, қожа бала, сөйле кәнеки? Қалай барып-қайттың? - деп, сұрақ қойып, сынап қарап отырғанын сездім. Түгел баяндап бердім. жолдың қауіпті жерлерін, су ішкенін, ұрынып шаппақ болғанын, бәрін-бәрін, т.б... Ол кісі, қызық ікая* тыңдағандай ықыласын салып отыр. Айтып болуым сол – Қартекең:

- Міне, кемпір, адам – осылай болуы керек! Жарықтық қожекеңнің тәрбиесі ғой! Ой, айналайын-ай! Сенен сейіс шығады. Бүгінгінің баласы:

«Қатын алсаң байталдай,

Бала туат шайтандай,

Бір жұмысқа жіберсең,

Қайтып келет айта алмай», -

деп, баяндамақ тұрмақ, көрсеткеніңді істей алмайды ғой. Ой, айналайын-ай! Тіпә-тіпә! - ырымдап, түкіріп қойды.

- Ал, енді шәй-суыңды ішіп отыр, құлағың менде болсын. Ертең аттың бірінші «суына тиеміз». Жаздың айы. Күн ыссы. Күніне аттың екі мәрте суын шайқамасақ*, ат шөлдейді. Шөл қысқан мал дұрыстап отын ала алмайды. От-суын дұрыс алмаған ат жаратуды көтермей бұратылып* қалады. Бұны бір есіңе сақтап қой! - деп, аузына ащы кәмпиттің бір жаңқасын атып жіберіп, кеседегі шәйін оң қолының төрт саусағының ұшымен кесенің түбінен толғап тербетіп, сораптап ішіп отырып қалды... Үйде тыныштық орнады. Ызыңдаған самаурын мен шәйді үрлеп ішкен сейістің сарыны ғана естіледі... Өзімнің енді, бұл өнерге шындап ықыласым ауды. Әкеме айтып, жүйрік ат алдыруым керек. Ол кісі қалай қарайды? Апам ше? Ойды қуалап отырғанымда, сейіс әңгімесін әрі жалғады:

- Сондықтан, ертең сағат 9-дан қалмай, бірінші суына тиеміз. «Меңейдің» жолымен шығасың. Өткендегі жерден қайтасың. Ат, бастырық жабумен мықтап ерттеледі. Бұл жолы атты табандатып, желдіріп отырасың. Шауып кетпесін. Қайту да да солай. Атты ұрындырма. Сулыққа* сүйеп, дізгінмен* басқар. Атқа, сол әдет болады. Ат та адам тахлеттес.* Айқайлама, тепсінбе. Келгеннен соң бие сауым кездіріледі. Әбден терін үккеннен соң орнына байланады. Бір сағаттан соң жем-шөбіне қойылады. Бас-аяғы екі сағатта көлеңкеде тұрып ат отын алып болады. Түс қайта сағат 4-те екінші суына тиеміз. Одан соң суытып, кездіріліп түнгі от-суына қойылады. Аттың әр суына тигенде қабағына қарап, тәңертең баладай мәпелеп сөйлесуің керек. Не жетпей тұр – өзі айтады. Бұл жарықтықта тіл жоқ демесең, адамнан зият жануар ғой! - деп, бір тоқтап, шәйға кірісті.

Ертеңіне айтылған уақыттан ерте келдім. Ойым, алдын-ала істеліп жатқан жұмыстарға көмектесу, үйрену. Сейіс қуанып қалды. Атты жалаңаштап тазалап жатыр екен. Ізімнен күйеу баласы Әйтпенбет ұста кірді. Қауыр-жауыр амандасып болып, ағаш қолшасы бар жәшігінен аспаптарын ала бастады. Қол алысып амандастым. Бұл кісі де ат қосады. Әйтпенбеттің Торы аты – бұл да шауып тұрған ат. Қаз мойын, тобылғы торы, жүректі мал... Әйтекең орта бойлы, ақсары селдір сақал-мұрты бар, көп сөйлемейтін, істің адамы. Қаракер аттың тұяғын жонып, тазалауға келген екен. Қартекең:

- Көлге түсіп жайылады. Тұяғын, жүрекшесін* мұқият тазаларсың. Қалайда, кәрі биенің құлыны* тұяғынан сыр береді ғой?! - деп, жатыр.

Әйтекең іске кірісті. Алжапқышын* байлап аттың мінер жағындағы аяғын екі дізесінің ортасына қысып, табанын тазалап, темір атауыз* қайшысымен қолдың тырнағын алғандай етіп, аттың тұяғын қасықтай қылды. Содан соң өткір пышағын алып, жүрекшесін айналдыра тазалап, артық өскіндерін жонып алып тастады. Қасында үңіліп қарап отырғанымды көріп, жұмысын істеп жатып Қартекеңе:

- Мына, Қожа балаңыздың талабы қалай екен? Не дейді? - деп, сұрақ қойып жатыр. Ол кісі, аттың жабуын аударып-төңкеріп отырып:

- Ол, қожаны маған құдай жеткерді. Балаң «Кертөбел болмаса, басқа атқа шаппаймын», - дегесін, екі-үш үйге барып бала сұрасам, қапындырып, аттан құлап жазым болады деп, не болса соны айтады... Атпен мектептің алдынан өтіп бара жатсам бір топ бала үйіне қайтып бара жатыр екен, ішінен біреуі бөлініп жеке шықты. «Ай, осы бала болады-ау»- деп, атпен ізіне түстім де отырдым... Айдап тура қожекеңнің үйіне барды. Сол үйдің баласы екенін біліп сырттан дыбыстап* едім, алдымнан сәлем беріп өзі шықты. Атқа мінгізіп барымталап* алдым да кеттім...

- Оу, Қожекеңнен баласын сұрамай алып кеттіңіз бе? - дегені сол еді:

- Әй, сұраған баланы беретін болсаң, өзің неге бермедің а...а!? Не болса соны таңырқатып отырасыңдар... Аяқ астынан айқай көтерілді... Әйтекең де жұмысын аяқтап, аспаптарын жинай бастады... Қартекең Қаракерді орнына байлап, жабулап ерттей бастады. Әңгіме енді аттың «суын алға» ойысты:

- Ал, айналайын! Бүгін аттың суына тиеміз. Атты бастырық жабуымен мініп, Тектұрмастың жолымен осыдан бес шақырым жердеге мәшине батқан* өр қабақ бар ғой? Сол жерден қайтасың. Атты төбеден төңкермеге* қарай жіберме. Жазақ жерден қабаққа қарай жібер. Төбеден ойға қарай қатты жібергенде ат аяғын шабады*. Шашасын* аударып тастайды. Бәйгеге шапқанда да солай дағдылан*. Барғанша атты табандатып* отыр. Шауып кетпесін. Үзеңгіге аяғыңды тіреп көтеріліп отыр. Желісі ірі мал. Соғып тастайды. Бір қалыпты табандатып отыр. Ұрындырма. Атта соған дағдыланады - деп, айтып та болды, атты ерттеп те болды. Атты суаруға шығардық. Қаракер мұздай бұлақтың суынан аузын шәйіп, сосын он төрт қайтара сіміріп ішті де, судан тез шығып дүр сілкініп, әдетімен қоңыраулата кісінеді. Құлағын тігіп, жанар оты шоқтай жанып тұр. Сейіс, шынтағымнан сүйеп мінгізіп:

- Бірден жорытып кет. Көпірден өте табандатып отыр. Өзім төбеден күтіп аламын - деп, дұғасын жасап, қала барды...

Қаракер сулықты сүзе керіп, жолға түсті. Бейне, Қартекеңнің сөзін ол да өзіммен бірдей түсінгендей желе түсіп, қайта жортып келе жатыр. Көпірден айналып үлкен жолға түскен соң, басын босатып жібергенім сол еді, ердің қасы* құйрығымнан қағып жіберді. Аттың желісінің қаттылығы сондай, үстінде адам отыру мүмкін емес. Жылдам үзеңгіге тұрдым. Тас табан, көк аяз болып қатып қалған мәшина жолдың бойымен тас көшеде келе жатқандай жаңғыртып, Қаракер аршындай жөнелді.

Табандап желіп келе жатып, сүзе жұлқып басын екшегенде қар-білегімді үзіп жіберердей қатты сілкіді. Кіндігіммен қамбас ердің басына қадалып қала жаздадым. Аттың мінезі шалт өзгеріп, танауы парылдап, жағын қайзап жұлқып келе жатыр. Алдыңғы екі аяғын қадап тастауы, үстіндегі адамға өте жайсыз екен. Жабайы желіс... Аттың да бұл сынаққа бірінші түскені білініп келе жатыр. Әбентайдың «Ол, атқа сен шап!» - деген, сөзінің мәнісі енді белгілі болды. Қаракердің дізгінімен алысып келе жатып, сейістің белгілеген төбесіне қалай жеткенімді де білмей қалдым. Қарсы қабаққа тіке салып, басын тартып төбенің ойына түсіп жазық жеріне дейін аяңдатып жүргізіп, ерге отырып аяғымды суытып, тынығып алдым. Бұл уақытта, аттың тері де моншақтап, иегіне құйылып, қос жанары шамдай жанып, танауы үлпершектей үлбіреп, сынайып, сұлуланып кетті. Қалың жабудың астынан аққан тер шашасына құйылып, ат құлындай ойнап тұр. Қайтарып жолға салдым. Жануар, салғаннан аршындай басып, сулықты шіреп, сүзе ұмтылды. Жері жұмсақ па, әлде үйрене бастадым ба, әзір әуелгідей соқпай келе жатыр! Қарсы қабаққа келгенде екілене ұмтылған Қаракер, төрт тұяғынан топырақты оқтай атып, ауыздықты бір шекелей басып, қара жерді құлаштап жинап, жер апшысын қуырып келеді. Аттың желісі бұрынғыдай ірі емес, бауырын жазып терлеген соң жайлы бола бастағанын сезіндім... Әне-міне дегенші төбенің басынан Қартекең де көрінді. Аттың басын сүйеп тартып келемін. Төбенің баурайына жеткенде басын тежеп, сейіске қарай бұрылдым. «Айналайын, жәй-жәй!», - деп, жүгіре басып, аттың шылауынан алып, омырауына қолын салды:

- Ой, айналайын-ай! Жақсы тер берді! Жақсы екен, жақсы екен! Енді кездір, кездір! Ыққа жүріп, желге қайтар! Ыққа қарай кездіргенде аттың бойында тер қалмайды. Әбден төксін. Жәй жүр. Ауанымен* қозға. Желіктірме. Ауылға жақындама. Екі сағатта терін үгеді! - деп, шибарқыт жеңсізінің омырау қалтасынан шынжырының жартсына жіп жалғап, түйреуішпен омырау қалтасының ішкі бетіне түйреген, көне қалта сағатын алып қарап жатыр... Көзәйнегінің де бір құлағы сынық. Қара жіптен есіп, құлағына тартып кигізіп қойған... Атты кездіріп кете бердім. Артымнан:- Әй, Қожа бала! Мен қораға бара беремін. Тура екі сағатта қайтар атты!-деп, ойдағы есегіне беттеді.

Айтқан уақытына қораға келдім. Кездіріп жүргенімде ат сілкініп, терін үгіп, сиіп, тезегін тастап болып бойы сергіп тұрған. Тағы да сейіс өбектеп Айналайындап!» жүр. Аттың қалың жабуын алып, жеңілдеп жабу жауып, ашаған тартып қаңтарып қойды. Қаракердің тұлғасы кесектеніп, топшысы айналып, сан еттері білемденіп, сауыры төңкеріліп, жаңбырлығы* ашылып, жошына келіп тұр екен. Ішімнен «тіпә-тіпә» деп қойдым. Сейіс:

- Осылай шамалы тұрсын, сосын отқа* қоямын. Сен, үйде кемпір айран көже дайындап қойды, соны ішіп ал. Тез кел! - деп, бәрін қабаттап айтып жатыр.

Сонымен, аттың күніне екі реттен, он күн суына тиіп , «ашщы терін» алатын күнге де таядық. Өзім де іске жегін, ысылып қалдым. Қаракер болса Қартекеңнің ыңғайын қабағынан түсінетін күйге жетті... Бүгін ерекше күн. Бағана сағат сегізде келдім. Сейіс атқа жемін қақтырып, қөк құраққа қойыпты. Өзі шәй ішіуге үйге кірген секілді. Қаракер қораға кіргенімде құлағын қайшылап оқыранды да, ақырға басын қайта қойды. Жануар сүңгідей сынайып, жал-құйрығын тарағасын мылтықтың құндағындай жұмырланып, жарауына түсіп келеді. Үйірдегі арқыраған айғырдың сейістің қолына түскенде, мектептегі өзімнің күйіме түсіп, жіптіктей болатынына көзім жетті... Аттың айналасын тазалап жатқанымда сырттан Қартекеңнің дауысы шықты:

- Ал, қожа бала келдің бе? - деп, қораға кірді. Күндегіден де ширақ. Одан әрі:

- Бүгін аттың «ащы терін» аламыз. «Меңейдің» жолымен шығасын. Ат ояға* келді. Атты қалың жабумен мініп «Меңейдегі» өзіңнің бақшалығыңнан қайтарасын. Бұл жолы атты текіртіп* шауып отырасын. Барғанша сол шабыспен отыр. Ат терінің көзін ашып, бойы жеңілдегенше солай отыр. Қайтарда да сол шабыс. Орта жолдан ауғанда, жыңғылды ойдан аттың дізгінін жіберіп, баурын жаздыр. Өзім одан бергі төбеден қосар атпен* күтіп тұрып қапталдап қосыламын. Сол кезде аттың басын жібер. Жануар аяқ алысын көрсетер сонда!? - деп, атты айналып жүріп сейіс, желпініп сөйледі... Өзімнің де көптен күткенім осы күн. Мұқият тыңдап алдым. Әңгімесін айта жүре, сейіс аттың шылбырын шешіп далаға аунатуға алып шықты. Жануар, он күн бұрынғы күйіктеніп тұрған түгі түлеп, түлкідей жайнап жалт-жұлт етеді. Аяғын көсем басып, ырғатылып аунайтын жеріне келіп алдыңғы қамшылар жақ аяғымен құмды екі қайтара көсіп тартып. Жата қалып аунады. Екі жағына алма-кезек үш қайтара асып түсіп, жедел атып тұрды. Дүр сілкініп, құлағын қайшылап қоңыраулата кісінеді. Сейіс:

- Пах, пах! - деп, қошеметтеп қояды. Қолындағы ат қылынан жасаған ағаш сапты сыпырғысымен аттың үстін сипап өтіп, бұлақтағы суға қарай беттеді. Ат бұлақ басындағы жиналған суды кешіп барып, ұсыным жердегі ағып тұрған шүмегінің аузынан ішті. Аузын шәйіп, талмап қайта төгіп, содан соң он бес жұтым су ішті. Онымен қоймай мойнын қаздай иіп суды алдыңғы екі аяғымен алмакезек орып, баурына шаша бастады... Сейіс атты құрғаққа шығарып, маған ұстатты. Өзі суланған таза шүберекпен аттың көзі мен танауын, шап, қолтығын жуып омырауына су бүркіп болып, қолымнан алып қораға қарай жетектеді. Қаракер еңсесін тік көтеріп, құлағын қайшылап ширығып кетті. Сейіс:

- Жануар, дүбірді сезіп дарын* тартып тұр! Ал, қожа бала, бүгінгі ащы тері қалай алынады, ат соған лайық шабыс береді. Аттың ащы тері бойында қалса, қияметте қарызы мойныңда қалады... Сондықтан атаң қазақ, қандай жағдай болса да аттың тері* мен майын* жемеген... Қолға алып талаптанған не нәрсеңе, қара қылды қақ жарған әділдік пен адал еңбек керек... Ақылын айта жүре атты жабулап, ерттеп, сыртқа шығарды... Ердің басынан ұстап атқа жеңіл қарғып міндім. Сейіс:

- Ал, айналайын, пешенеңді Алла ашсын! - деп, бата берді. Сосын:

- Мен, Жолай Шәмшаттың күрең атымен орта белден күтіп тұрып қапталдан қосыламын. Сол жерде атты ағытып жібер! - деп, қайта пысықтады. Айтып отырған күрең аты – жарақты ұшқыр, аяқты* мал.

- Тәуекел! - деп, жортып кеттім. Көпірден өтіп үлкен жолға салып, атты текіртіп шабысқа түсірдім. Мінезді мал, әзір айтқанымды істеп келе жатыр. Күн желкемдеу. Құлағын қайшылап, төрт аяғын топтап тастап бір ырғақпен келе жатыр. Өрге қарай аршындай ұмтылып, шабысын бір қалыпты ұстап жеңіл шауып келеді. Жары ортадан ауғанда аттың құлағының түбі терлеп, дізгінді сүзе тартып, басын екшеп желіге бастады... Сулығын шайнап, қарысып келеді... Әне-міне дегенші қайтатын жерге де жетіп келдім. Атты кейін бұрғаным сол, орып ұмтылып өзінен-өзі ала жөнелді. Жануар жердің апшысын қуырып ұмтылғанда, дізгінді тартқаныма бой бермей кетті. Әудем қабақтан зорға тоқтаттым. Жолдан шығарып бір айналдырып, қайтып текіртіп жолға салдым. Еті қызып елеуреп келе жатыр. Басымен алысып келе жатқанымда төбе үстінде тұрған сейісті байқадым. Атта құлағын жұптап, кеудесін көтеріп алды. Дауыс жетер жерден сейістің, «Жібер!», - деген қиқуы шықты... Атты барынша жібердім. Жануар керегедей керіліп, баурын жазғанда жерге жатып қалды. Қапталымнан қосылған күрең ат екі қабаққа ілесті де кейіндей берді. Иегіндегі сақалы екі айрылып, ердің үстінде найзадай шаншылып отырған сейіс артымнан айқайлап:

- Осы бетімен қораға кіргіз! Тоқтатпа! Өзім жетемін - деп, қала берді... Қапталдан қосылған аттан желіккен Қаракер аттың төрт тұяғының дыбысы мен танауының тынысы, тақыр жолда дабылдатып, қара жерді қақыратып қеле жатқандай сезіндім. Қарсы соққан желден көзімнен жас парлап келеді. Аттың аяқ тастауы бөлек. Тартқаныма көнбей келе жатыр. Алда көпір бар. Онда балалар суға түсіп, балық аулап отырады. Жақындағанда аттың дізгінін тартып, айқайды салдым:

- Жолды босатыңдар! Тез-тез! - деп, келемін... Бірі суға сүңгіп, бірі қармағын сүйретіп жағаға шығып, жол босатты... Жау қуғандай көпірден аттың бар ағынымен өттім. Бұрылып артыма қарасам сейіс те орамалы ағараңдап, жеңсізінің етегі жалпылдап, күрең атты барынша жіберіп келеді екен. Тыныш отырған ауылдың бір жағын дүбірлетіп Қартаңбай сейіспен екеуміздің жүрісіміз мынау... Сол бетімен қораның алдынан бәр-ақ тоқтадым. Қарғып түсіп атты қораға кіргізіп орнына байладым. Сол кезде сейісте аттан жедел түсіп, ішке ентелей кіріп, күні бұрын дайындап қойған қосымша жабу, бастырықтармен атты қымтап орай бастады. Аттың басына дейін бүркеп тастады. Солығын баса алмай тұрған ат теңселіп, басын екшеп, тынымсызданып кетті. Сейіс үнсіз аттың шылбырын шешіп, төс артпасын босатып, аттың омырауына кіріп отыр... Қолымен ымдап қасына шақырды. Жақын барып отыра қалдым. Аттың қолтығы мен омырауынан аққан тер шүмектеп тұр. Алдыңғы шашасынан* аққан тер саулап бара жатыр. Алақанын тосып аузын шылап дәмін көріп қояды. Маған сыбырлап:

- Енді артқы сауырынан терін төгеді - деп, ымдап қойды. Артқы шашадан да дірдектеп тер кете бастады. Бауырынан аққан терде есеп жоқ. Ат әлі ентігіп, барып-келіп тұр. Сейіс аттың артқы жағын бақылап отырғанда, білдірмей алдыңғы шашадан аққан терден алқанымды тосып тіліме тигіздім... Дұзды су... Тура солай... Түкіріп тастадым... Сейіс тез тұрып өзі ентігіп тұрған атқа дорбамен жем іліп, басын қайта бүркеді. Дорбаның ішіндегі аттың демалысы жиілеп, гүрілдеп, тыпыршып мазасы кетті. Күртілдетіп жемді де жеп жатыр... Сәлден соң аттың артқы екі аяғының шашасынан тер саулап ала жөнелді. Сейіс саусағының ұшымен дәмін татып көріп отыр. Сол кезде ат та тыншып, сабасына түсті. Артқы екі аяғын кезек суытып, дорбаны қағып жемін тауысуға айналды... Бір сағаттың көлемінде жалғасқан «ащы тер алу» аттың терінің тоқтауымен барып аяқталды. Сол кезде барып сейістің:

- Жақсы, жақсы! Терін жақсы берді! - деген, өзіне-өзі демеу сөзін естідім-ау!... Өзім де «Уһ!» - деп, жоталанып қалдым. Демек бәрі жақсы болады!... Сейіс:

- Әй қожа, үйде екі шелек су қайнатып қойдым, әйелге айт қанжылым* қылып беріп жіберсін! - деп, тапсырма берді. Айтқанын орындап қасына келдім. Сейіс аттың жабуларын жеңілдеп, аттың терлігін* қалдырды. Оны үстінен жеңіл таза мата салып, тартпамен тартып тастады. Мәсінің қонышынан екі ағаш пышақ, қырғыш алды. Одан соң әр жері жапырылған қалайы құманға су құйып:

- Енді атты шомылдырып тазалаймыз. Ат бұлауға түскендей, тердің көзі ашылып тұр. Денесіндегі шайыр болып тұрған ащы терін жуып, әбден тазартып, сүртіп кептіреміз. Атқа баладай қарау керек - деп, жұмысына кірісті. Құмандағы суды аттың шоқтығынан* құйып омырауын екі жағынан қырғышпен қырып тазалады. Мойны, одан көзі, құлағынан құйрығына дейін бір қолымен суды құйып, қырғышпен қырып отыр. Әсіресе аттың сауырына* келгенде мұхият жуып, қырғышты батырыңқырап жұмсады. Ат қипақтап еді, сейістің әмірлі дауысынан сап тыйылды. Бауыры, шабы, ұмасының* айналасын толық жуып тазалап, қыр қара тұяғына дейін шықты. Сумен бірге аттың жалқаяқ шайыр кірі де ағып жатыр. Аттың терлігін алып, жуа бастады. Тартпасын шешіп қыр арқасын жуып тазалады. Ер батып аққаптал болған жеріне айрықша назар аударып:

- Осы жердегі өлі ет* ұстайды. Бармақтың басындай жерден тер шықпаса, бар еңбектің босқа кеткені. Тер шықпаған ат ісіп-кеуіп, өледі. Болмаса, аяғынан қалады. Әй, қожа! Тыңдап жүрсін бе? - деп, нығарлап қойды.

- Я, әке! Тыңдап жүрмін. Сейістің қолы жұмыста, аузы әңгімеде. Одан әрі:

- Осының бәрін біз өлсек кім істейді?!... Неге үйренбейсіндер? Бұл заманның адамы бір-бір темір атқа мініп босып жүр. Басына пайдасы жоқ... Ішкені арақ. Бұтын асып атқа отыра алмайды. Ой, Алла-ай! Олардан еркек болып, бала туатынын айтсай?! Белдеуінде тәуір ат тұрмағасын, одан не қайыр, не үміт?! - деп, қырнап айтқан сөзі маған да батып кетті. «Болды, енді әкеме айтып ат алдырамын!» - деп, шештім...

Сонымен, аттың үстін таза бөз шүберекпен сүртіп, құрғатып, терлігін ауыстырып, желдікше жабуын жауып, оның сыртынан бастырық жабуын қайта жауы, атты ерттеп далаға алып шықты. Қаракер ат көзі жалтылдап ойнап, еңсесін көтеріп, керіле түсіп, далаға шығып дүр сілкінді. Одан соң оқыранып, алысқа қарады. Жануар, жуық арада сейстің үйіріне жібермейтінін білгендей, жағын кере есінеп, қатты пысқырды. Сейіс жалма-жан, аттың танауын көтеріп қарады. Бәрі жақсы секілді. Содан соң:

- Кел, қожа бала - деп, шынтағымнан демеп атқа мінгізді де:

- Төрт сағат кездір! Жәймен жүр. Әбден суығанда қиын тастап, сиеді. Менің сағатымды ала кет, - деп, омырау қалтасын астарымен ақтарып түйреуішін ағытып, шалбарымның ышқырлығына қадап сағатты қалтама салып берді. Күн жанып тұр... Ал, күннің астында жүріп көр... Айтқан уақыты да бітті-ау. Атты кездіріп болып, қораның аузына келіп тоқтадым. Сейіс қорадан шығып атты көлеңкеге байлап, дізгінді ердің басына қаңтарып қойды.

- Осылай тұрсын. Қазір сиеді - дегені сол, ат керіліп сие бастады. Сейіс жалма-жан аттың бауырына қарап отыра қалды. Қарама қарсы өзім де отырдым. Ық жағынан отырған екенмін, сідік үстіме шашырып, екі қадам кейін шегініп отырдым... Сейіс бір есе аттың ұмасына қарайды, біресе жердегі зәріне қарайды. Қаракер тақыр жерге қадап сиіп, соңғы сарығын қоюлатып көпіршітіп аяқтады...

(жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар