Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Алмат Исәділ. Өзіміз ғой...

20.12.2018 980

Алмат Исәділ. Өзіміз ғой...

Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, аудармашы, журналист Исәділ Алмат Мұратұлы 1976 жылы 20 желтоқсанда Алматы қаласында дүниеге келген.

Алматы облысы Райымбек ауданы, Кеген ауылындағы орыс орта мектебінде, аудандық Музыка мектебінің «Домбыра» сыныбында оқыған.

ҚазМУҰ-дың журналистика факультетін сырттай бітірген.

Еңбек жолын №2 Кеген орта мектебінде музыка пәні мұғалімі ретінде бастаған. Республикалық оқушылар Сарайында қызметкер, «Алматы ақшамы» газетінде бөлім меңгеруші, жауапты хатшы, «Елорда» баспасында әдеби редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгеруші, Қазақ-Британ университетінің редакциялық-баспа бөлімінің бас менеджері, «Қазақ радиосы» бағдарламалар бөлімінің шеф-редакторы, «Әдебиет айдыны» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақ университеті» газеті бас редакторының орынбасары, «Жас қазақ үні» газеті бас редакторының бірінші орынбасары, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының жүргізуші-редакторы, «Алаш айнасы» газетіде Мәдениет бөлімінің редакторы қызметтерін атқарған.

Қазіргі уақытта Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің Қоғаммен байланыс және редакциялық қызмет басқармасының бастығы.

Халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты, бірнеше жыр мүшайраларының жүлдегері. Түріктің Ж.Әміре сынды классиктері мен қатар М. Джевдет, А. Тимучин, О. Рифат есімді танымал шайырлары мен А.Пушкин, С.Есенин, М.Лермонтов, И.Северянин, И.Анненскии сынды орыс ақындарының шығармаларын қазақшалаған. Орыс тілінде жазатын қазақтың көрнекті ақыны О.Сүлейменовтің, С.Мнацаканянның бірқатар шығармаларын ана тілінде сөйлетті. Қазақ поэзиясының кейінгі өкілдерінің туындыларын орыс тіліне аударумен айналысады.

Балалар әдебиетіне де ден қойып жүрген автордың жас оқырманға арналған жырлары республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. Балаларға жазған өлеңдері 2012 жылы «Таймас» баспасынан мемлекеттік тапсырыспен «Мен – қазақтың баласы» деген атпен жарық көрді.

«Мен қазақтың баласы» атты жасөспірімдерге арналған кітабы жарық көрген. Балауса республикалық балалар әдебиетәі байқауынығ ынталандыру сыйлығын алған. Жүлде алған шығармалары «Кәусар бұлақ», «Чистый родник» жинағына басылған.

Ақынның бірқатар өлеңдеріне жазылған әндерді бүгінде қазақ ән өнерінің майталмандары орындап жүр.

Өлеңдері «ХХІ ғасыр ақындарының антологиясы» мен «Жыр маржаны» деп аталатын қазақ поэзиясының 10 томдық антологиясы сынды бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. «Отырар кітапханасының» тұңғыш сериясымен жарық көрген «Жолдар, жолдар...», сондай-ақ «Көңілалаң», «Көкжиекке сіңген жол», «Бір тамшы», «Аспантау» жыр кітаптары мен «Мен – қазақтың баласы» атты балаларға арлаған өлеңдер жинағының авторы.

Қазақ әдебиеті мен журналистикасы саласындағы жетістіктері үшін 2013 жылы «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған.

Алматы облысы, Райымбек ауданының Құрметті азаматы. (2016)

Үйленген, жары – Дина Смағұлова, ауыл шаруашылық ғылымдарының магистрі. Қыздары – Нарқыз, Ақтілек, ұлы – Мұқағали.

ӨЗІМІЗ ҒОЙ...

Қолын бұлғап арман алдан,

Ой-санамды арбап алған.

Ақиқатқа жетем бе деп,

Қаламымды қанға малғам.

Өмірге өмір жалғап Аллам,

Құдіретпен Жан жаралған.

Неге бірақ, жай таппаймыз,

Селт етпейтін сал қоғамнан?

Арамызда аз ба, жазған,

Небір түлей, азған азбан?

…Е, олар да өледі ғой,

Өздеріне қазған ордан.

Қам жасайық қолда бардан,

Көп парыз бар қордаланған.

Ырзығымыз шашылып жүр,

Жосып жүріп, жолда қалған.

Тұрақ таппай бар ғаламнан,

Шаршадық қой нән қалаңнан.

…Тас көшелі, лас тірлікті,

Өзіміз ғой таңдап алған.

ТАУ

Әрдайым көз тігіп заңғарға,

Сүйеніп өстім мен тауларға.

Таулардан үйрендім төзуді,

Тағдырым тәлкекке салғанда.

Сонау бір кезімнен ес білген,

Қаймығып көргем жоқ ешкімнен.

Тауларды қазық қып жаратқан,

Тек Алла деп ғұмыр кештім мен.

Құбылып, бүлінді заманым...

Таудай боп тұрса да талабың –

Аласа адамдар әр тұстан,

Қоймайды-ау талауын, қанауын.

Жеткізбей зуласа арман-күн,

Өткізбей туласа орман-мұң:

Жауымның дауылды күшінен,

Тауымды қалқан ғып қорғандым.

Еске алып бозбала шағымды,

Сағынып келгенде ауылды:

Бауымды төсеніш еттім де,

Жастанып жаттым мен тауымды!

Бұлт шалса шыңдардың төбесін,

Көресің табиғат егесін.

Күрсінтіп алмайық тауларды,

Сілкінтіп жіберер Жер өсін.

Биіктен барлығын көретін,

Ел-жұрты соңынан еретін.

Сиреді данагөй шалдар да,

«–Таудай бол!» – деп бата беретін.

«Таулардан – тәкәппар қараған,

Тау ғана еңселі бола алар!»

Болсын деп тілеймін дін-аман,

«Таудай ұл» табатын аналар!

Бағынтам деп жүрсең шың басын,

Таулардай асқақ бол, тың, батыл.

Тірлікте тауың да шағылмай,

Сынақта сағың да сынбасын!

Қыранның қанаты талатын,

Жырыма зау шабыт болатын.

Аспантау аясы – мен үшін,

Киелі мекенсің ең асыл.

Әрдайым көз тігіп заңғарға,

Сүйеніп өстім мен тауларға.

Таулардан үйрендім төзуді,

Тағдырым тәлкекке салғанда.

2016.17 тамыз

ҚЫЖЫЛ

Қабағы қатулы заманның түрінен,

Жүрегім шайлығып, түңілем.

Күннің де жылуы азайып,

Айым да ақ маңдай -

Көмескі тартқандай:

Мұңымның таппадым біріне ем.

Ей, Уақыт –

Бағымды ап қашқан ұры ма ең?

Тағдырдың ісі ғой –

Несіне кіжінем:

Теңіздер тартылып,

Жұтылып түбіне,

Таулар да күрсінер -

Ғасырлар мүжіген...

Сонда да,

Ішімде қайнайды қыжылым,

Күйреуде адамдық дейтұғын ұлы ұғым.

Сорынан арылтып батпандай,

Тәңірім - Алашқа жақ болғай!

...О, менің қарбалас ғұмырым –

Жасырып қылмыс пен былығын,

Шертиген шенділер жүргізген құзырын.

Ерлерім – тасада бұғынып,

Арулар – шорт кесті бұрымын,

Ертеңім не болар,

Беймаза – бүгінім?

Басымнан бәлекет арылмай,

Бөрідей ұлыдым.

Өзімнің жерімде еркінсіп жүрмедім,

Қолына телміріп, қайдағы кірменің.

Далам да уланып,

Қалам да уланып,

Санам да уланып - кірледім.

Тұранның қойнауы байлыққа тұнса да,

Қызығын білмедім.

Қаралы тарихтың қаншама сүрлеуін

өткеріп,

Шешкенмен азаптың күрмеуін,

Көсіліп жатуға көрпең де жетпейді:

Бір жері жыртылар,

Жамасаң бір жерін.

... Осы ма біз күткен Нұрлы Өмір?..

БІР ӨМІР...

Бір Өмір,

Бір Тірлік,

Бір Өлім,

Жұмбағын шешіпті кім оның?

Алдамшы жалғанның түр-өңін,

Түбінде

Басады Ажалдың түнегі...

Бір Бақыт,

Бір Шаттық,

Бір Қайғы:

Алмасып ай-жылдар зырлайды.

Тіршілік әйтеуір тынбайды.

Алайда,

Бұл Дәурен

Бір баста мәңгілік тұрмайды.

Бір Сезім,

Бір Үміт,

Бір Күйік,

Ойларға жетелеп тұңғиық,

Шешілмес жұмбағын жасырған,

Беймаза,

Бірі кем дүние – қым-қуыт.

Бір Сенім,

Бір Күдік,

Бір Шындық,

Шындықты білуге ұмтылдық.

Қуанып, соңыра күрсіндік:

Барлығын тұмшалап тастапты,

Өтірік дейтұғын бір Сұмдық.

Боларын біліпті кім бұлай,

Қай жақта біз күткен Нұрлы Жай?

Бір Жарық,

Бір Түнек алмасып,

Күн шықса кетеді сырғып Ай...

Тіріге – Береке,

Өліге – Иман бер,

Жаратқан Бір Құдай...

ҚАРАША. ҚАМЫҒУ...

..Көкейімде бір ой бар:

Елдің жайын кім ойлар?

Жиында отыр есінеп,

Күллі ығай-сығайлар.

Шеттерінен кіл шешен,

Шеттерінен дүр көсем.

...Өз елімде жүрсем де,

Өгейсіген күн кешем...

Несібесі азайып,

Несиесі молайып,

Нән дөкейлер қағынып,

Қамығып жүр халайық.

Сөзімді кім есіткен,

«Бүліндім ме бесіктен?»

Сығалап тұр қараша,

Үлкен емен есіктен...

БҮГІН

Өзгерді бүгін қоғам –

Көз көрді түрін жаман.

Кез келді Ақиқаттың,

Көмейін тығындаған.

Тағдырды мойындадық,

Әр күнді уайымдадық.

Жақсылар жасып қалды,

Жаманның жайын бағып.

Күдіктен көңіл сынып,

Үмітпен өмір сүріп,

Өзгелер менсінбейді,

Бізді әлі тобырсынып.

Заңғардан өте алмадық,

Арманға жете алмадық.

Жылтырақ дүниеге,

Арбалып, неше алданып?!

Жасырып шындығыңды,

Ақыры сұмдық ұрды.

Алаштың – тірегі еді,

Ластадық тілді, дінді.

Тар жолда тығындалып,

Ақ жолға бұрылмыдық.

Мастанған төрелерге,

Мадақтау жырын жазып.

Ақшадан оңалмадық,

Жақсы адам бола алмадық.

Тілге тіл қосып алып,

Басқаша амалдадық.

Даланы күмілжітіп,

Қаланың уын жұтып,

Шындықты айта алмайсың,

Тұрса да тілің қышып.

Уақыт – құйын, боран –

Артына бұрылмаған.

Алдыңда жер қалмады,

Тұзақ, тор құрылмаған.

Әлі де тыйылмаған,

Бұрынғы қиын заман.

Жол кесіп Батыраштар,

Жасап жүр бұрын қадам.

Құйғытып Құлагермен,

Асқанда құба белден,

Баяғы Батыраштар,

Балта алып, шыға келген...

ҚЫСПАҚ

Кім ұға алар тірліктің қу баянын?

Уақыт та дес бермейді судай ағын.

Отырам оңашада ойға батып,

Ыңылдап ақ әжемнің угәй-әнін...

Ұлғайған соң заманның зар-наласы,

Құнсызданып барады ар бағасы.

Ауылға безіп кеткім кеп тұрады,

Қажытқанда қаланың қарбаласы.

Иманға ұйып, дәретпен Құран ұстап,

Жүрмеген соң -

Сананы тұман ыстап,

«Күнде жиын, күнде той» болып кетті,

Мешітке баратын жол тым алыстап...

Оң жағымнан «аждаһа» арбағандай,

Сол жағымнан «нән аю» жалмағандай,

Қыспаққа алған кеселден қорғана алмай,

Қарекетсіз қалғаным... қозғала алмай.

Түстім де даңғазаның ортасына,

Алдандым жұрттың арзан қолпашына.

...Қанатын жая алмай жүр қайран өмір,

Тығылып қабатты үйдің қалқасына.

Кім ұға алар тірліктің қу баянын?

Уақыт та дес бермейді-ау судай ағын.

Отырмын оңашада тағы ойланып,

Ыңылдап ақ әжемнің угәй-әнін....

16.01.2015

ТҮНДЕ...

... Дала суық.

Әншейінде шулайтын қала – сұлық.

Терезеден телмірем тысқа қарай,

Бірдемені күбірлеп, данасынып...

Мен сияқты көктемін күте ме екен -

Бүрсеңдейді гүлзарда дара шыбық.

Әнебір жан қашанғы тұрар екен,

Әлдекімді күтумен таң атырып...

Сұр көшенің шамдары сығырайып,

Аспаннан Ай төніп тұр жағы ашылып.

Тереземді соғады қайта қайта,

Шұбар қанат көбелек аласұрып.

Ұйқым қашып отырмын, ойға батып,

Мойыныма мешел-мұң тағы асылып.

Тарқатылмай тұрғаны-ай жақсы жырдың,

Қаламымның ұшында оратылып...

ЖЫЛЫЛЫҚ

Әкемнен қалған жылылық,

Шешемнен қалған жылылық.

Лебіңе жүрем жылынып...

Сарсаңға түскен сәттерде,

Мұз болып қатқан көңіліме,

Көктем боп келдің жылымық.

Бабамның салған жолымен,

Әйтеуір, келем сүрініп,

Әлсіздігім де білініп...

Бір Алла берген ғұмырдың

Көшіне әрең ілігіп.

Ей, Әлем, сен де бір ұлдың

Айтылмай жүрген сырын ұқ;

Бақыт та кетті қона алмай,

Басымнан кері бұрылып.

Уақыт та кетті таба алмай,

Ақыннан кінә, бір ілік.

Шытынап түйсік-терезем,

Аязды күнгі атыздай

Айғыз да, айғыз тілініп.

Ағадан көрмей ірілік,

Кішіден көрмей інілік.

Аспалы көпір шетінде,

Тұрғандай болам ілініп.

Сондай бір сұрқай сәттерде,

Әкемнен қалған жылылық,

Шешемнен қалған жылылық —

Лебіңе жүрем жылынып...

Маңымда қалған жақсылар,

Сендермен қайғым жоқ шығар,

Болыстың маған жұмылып.

Жаныммен сүйдім бәріңді,

Алдыңда белім бүгіліп.

Сыртымнан өсек боратқан,

Басыма пәле жалатқан.

Жандарға кінә тақпаймын,

Жатсам да жолда жығылып.

Өйткені менің бойымда,

Жағып тұр Өмір шырағын —

Әкемнен қалған жылылық,

Шешемнен қалған жылылық.

Тағдырға көндім амалсыз,

Жетелеп алға бір Үміт.

Біресе Мысым басылып,

Біресе Рухым тіріліп.

Ескексіз қалған қайықтай,

Жанашыр адам жолықпай.

Болам деп жүрген кезімде,

Өмірдің сырын ұғынып,

Бәріне мені үйреткен —

Әкемнен қалған жылылық,

Шешемнен қалған жылылық.

Және де

Өлеңнен қалған ұлылық.

БАЛАПАНДАРЫМ

Сендерсің менің бақытым балапандарым,

Балапандарым — шаттықтың таратар нәрін.

Жүріңдер ылғи күлімдеп қасымда менің,

Өмірдің бірге қарсы алып жаңа таңдарын.

Ауырлап кеткен сәттерде төзімнің жүгі,

Өздеріңменен сейілер көңілдің мұңы.

Сендерсің менің сенерім, сүйенішім де,

Сендермен ғана бағалы өмірдің құны.

Тағдырдың жолы тым қиын, болыңдар абай,

Қарсы жүзіңдер тайсалмай ағынға қарай.

Тау жақтан ескен самал жел жүздеріңді өбіп,

Аймалап жүрсін күнде ерте жағылған арай?!

Балалық күннің уайымсыз, зерлі шағында,

Уақыттың өзі жүрекке белгі салуда.

Өсіңдер бойға дарытып даламның исін.

Жақсылық тұнған әлемнің кең құшағында.

Күн сайын маған өмірдің таратар нәрін,

Аман жүріңдер кішкентай балапандарым.

Ғажабын ғана көріңдер ғұмырдың мынау,

Батаға ғана жайылсын алақандарың.

Балапандарым...

ЕСЕНИННІҢ ЕЛІНДЕ

Бөренелі сол үйлер,

Сол баяғы, сол өлке:

Басын жерге сәл иген,

Қайың түбі – көлеңке.

Бәрі, бәрі қалпында,

Көне шіркеу, сол орман.

Қалпында жүр халқың да,

Күпәйкесі жамалған.

Өлеңіңді ежіктеп,

Әніңді айтып мұжықтар,

Есенинге еліктеп,

Көшеде жүр «бұзықтар».

Жанарында мұң, нала,

Білгісі кеп сырыңды,

Пеш түбінде бір бала,

Оқып отыр жырыңды.

Ел-жұртыңа қош, қош деп,

«Тым аулаққа» кеткенде.

Есенинде ес жоқ деп,

Тілдеп еді көп пенде.

Мұқағали мұң шағып,

Тағдырыңмен үндескен.

Қызыл қоғам мін тағып,

Ол да сендей күн кешкен.

Шайқап жүрдің, шайырым,

Шараптан да бас алмай.

Қасіретке байыдың,

Күйігіңді баса алмай.

Гитараның күйімен,

Көңіл мұзын еріттің.

Айседора биіне,

Есің кетіп, еліттің.

Тағдыр неге мұңайтып,

Жігеріңді уатты?

...Шаганеңе сыр айтып,

Өзіңді-өзің жұбаттың,

Қайран анаң қамығып,

Қаншама рет езілді?

Желбегейін жамылып

Тосты қанша жолыңды?..

Елге оралдың ақыры,

Артта қалып елес-күн:

Русьтің Ұлы ақынын,

Елемеді көп ешкім...

Өртендің де, жандың да,

Жырға арналды хас, күшің.

Есігіңнің алдында,

Мұңайып тұр тас мүсін.

Елге аңыз болдың да,

Жарқырады нұрлы айың.

Есігіңнің алдында

Жалғызсырап тұр қайың...

Константиново, 2011 ж.

САРЫ КҮЗ...

Сарытаудың етегінде сары күз,

Сарыала қаз салды аспанға тағыда із...

Сағынышпен еске аламын сені әлі,

Сары бала ғашық болған сары қыз.

Өзің едің сүйкімді қыз – бұрымдым,

Бағын ашқан менің ақындығымның.

Ең алғашқы оқырманы сен болдың,

Ең алғашқы жазған балаң жырымның.

Арманымды жасап алып лағылдан,

Көшке ілестім қала жаққа ағылған.

Қайқы бел қыз – қолың бұлғап қалып ең,

Қайқыны асып кеткенімде ауылдан.

Махабббаттан баз кешкендей зар илеп,

Бірде дана, бірде бала – сәби боп.

Сенен алыс жүрдім алып шаhарда,

Есенин боп, бірде Мұқағали боп.

Тағдырменен тайталасып, алыстық,

Ақынбыз деп лапылдадық, зәр іштік.

Бірақ маған сол баяғы – бейкүнә,

Сары қыз бен сары бала әлі ыстық.

...Сарытаудың етегінде сары күз,

Сары күзге ұқсаймыз-ау бәріміз.

Мезгілдерге міз бақпай тұр тек қана,

Аспантаудың басындағы кәрі мұз.

Басқа арнадан табылды да бағымыз,

Бірте-бірте алыстады жанымыз.

...Ауылымнан тағы да ұзап барамын,

Мойын бұрып, бір сәт артқа қарадым:

Қолын бұлғап тұр ма екен деп сары қыз.

ҚАЛА КӨРМЕГЕН АҒАМА ХАТ

Аман ба ауылдағы ағайындар,

Аман ба атқамінер бағалы ұлдар?!

Аман ба аталарым, әжелерім,

Беттерін - әжім басқан, самайын - қар?!

Аман ба бала-шаға – уаймы жоқ,

Аман ба әкім-қара – айыбы көп?!

Қазақтың тілейтіні – жан саулығы,

Болмаса, қу дүниенің қайыры жоқ.

Қоңыр тірлік, қараша үй, қараша ауыл,

Төзіп жүрген кәріне қарашаның.

Қайран әжем, жөнелтіп қара шалын,

Жалғыз ішіп қалды ма қара шәйін?

Қала десе ат тонын ала қашар,

Ауыл жақтан келмей жүр хабар-ошар,

Далада еркін өскен есіл ағам,

Сіздіңше ауыл-жақсы, қала-нашар.

Соқпай кетті, ә ауылға «Ауыл жылы»?!

Азаймады тірліктің ауыр жүгі.

Ұялы телефон да ұстамайды,

Керек емес ешкімге қауым мұңы.

Жаһандану Рухымды қанап тынған,

Бұл «майданда» тағы да қазақ құрбан.

Мен де жаңа ғасырдың ұрпағымын -

Болашаққа балконнан қарап тұрған.

Аға, солай өтуде даңғаза күн,

Арасында алқызыл жарнаманың.

Батысқа бет түзеген көшімізді,

Шығысқа қайтаруға бар ма амалың?

Иманынан барады жұрт тоналып,

(Кетер ме еді шіркін-ай, күрт тазарып!)

«Алдымен ел болуды ойлайық» - деп,

Ашынушы ең ащы су ұрттап алып.

Біздікі сол - бетон үй, кеңсе, қала,

Көресің ғой барлығын келсең, аға.

Мен де ауылды сағындым,

Барам, бірақ -

Бастық жазда демалыс берсе ғана...

«ЖАБАЙЫ РОЗА». ҚАРА СИЫР...

Кешқұрым мезгіл. Сиырын сауып

Болған соң, көне киімін қағып -

Үйге енді әжей, мал қора жаққа

Бұрылып, көздің қиығын салып.

Шалы отыр төрде - түр-түсі семген,

Жүретін ылғи қырқысып елмен.

Келіні болса - кенже баласын,

Жұбата алмай жүр, ұйықысы келген.

Шүйілтіп қалың қабағын ана,

Күңк етті оған - баланы қара!

–Теледидарды қосыңдар кәне,

Басталып кетті «Жабайы Роза!»

–Бейшара қыздың бағы жанбады...

Деп, кемпір жайды тағы болжады.

Әдеттегідей, бір кезде сөніп,

Ауылдың таңға шамы болмады.

–Тауысып ішіп қалған арақты,

Өкіметке айтып бар жаманатты,

Көсіліп сөйлеп, көсемси бермей,

Бір қарап қайтшы мал қора жақты.

Деді де кемпір, ауыр күрсінді,

Мазалап бір ой жанын біртүрлі.

Шал болса қамсыз шалқайып жатты,

Қарсы алды солай ауыл бұл түнді.

Далада иттер жарыса үріп,

Сала бастады тағыша бүлік.

Тағы да кімдер нені бүлдірді,

Әлдекімдердің тауы шағылып?..

Көрініп күннің сұлбасы жаңа,

Шал ерте тұрды - тұлғасы дара.

...Қорада тұрған қара сиырдың,

Қалыпты ала бұйдасы ғана.

ҚЫЗЫЛ ӨЛЕҢ

«Жақсы өмірден» жалындап жүзімде алау,

Оң қолымда желбіреп қызыл жалау,

Үндесем деп Күн-көсем ұранына,

Сол кезден-ақ қаймағым бұзылған-ау...

Тамырым да кесіліп тілім-тілім,

Ұмыт болып дәстүр мен ырым-сырым.

Қызыл галстук тағынып қаракөздер,

Қасиетін жоғалтты қызыл тілім.

Орнады да замана бұлыңғыр бір,

Сардаламда басталды «Қызыл қырғынң.

Қызыл қоғам орнатқан қызыл көздер,

Барлығын да қиратты бұрынғымның.

Жазықсыздан шырқырап шыбын жаның,

Не зауалға ел-жұртым ұрынбадың!?

Темір тәртіп орнатып Қызыл әскер,

Қанша Арыстың ағызды қызыл қанын!?

Қызыл жұлдыз. Кремль. Қызыл алаң:

Қызылдарсыз өзгенің күні қараң.

Осыны ойлап, дертімді басу үшін,

Қызыл арақ ішем де, қызып алам.

Қызыл ойлар санамда жатталып бір,

Бұзық ойлар қоғамға оқталып тұр.

Қызыл мандат өмірге жолдама боп,

Құран-Кәрім сандықта сақталып тұр...

Қызыл, қызыл, қып-қызыл, қызыл бәрі,

Мызғымайтын бір Одақ құрылғалы.

Өзгермейтін Қызыл Заң болғанымен,

Мәртебелі Уақыт тек құбылмалы.

Дүн-дүние өзгеріп қас-қағымда,

Желтоқсанда шарқ ұрды асқақ ұлдар.

Дұшпан көзін қызартып, ақырында,

Көкбайрағым желпіді аспанымда.

Аяқталып әйтеуір қызыл дәуір,

Күрсініспен еске алдым күнімді ауыр.

Арыстарын атылған, ақтап алып,

Қайта оянды ұйқыдан бұрынғы ауыл.

Жете алмаған ешкім де қадіріне,

Арда туған ұлдардың жазығы не?

...Қара тастан қашалып мүсіндері,

Қызыл гүлдер қойылды қабіріне.

Бар екен-ау көретін Бақ-Талабым,

Өзегімді қанша рет отқа орадым!?

Ертең тағы ағарып атсыншы деп,

Қызарып батқан Күнге көп қарадым...

КӨҢІЛАЛАҢ

Есімде балауса кез, балапан шақ,

Жүретін өрік-мейіз, науат аңсап.

Алайда бәрімізге ұнамайтын,

Апамыз ұйқымыздан оятар сәт.

Ойын түгіл, тоймаушы ек ұйқыға да.

Үлкендерден дәметтік сый-сыбаға...

Қонақ келсе «танабау» тағушы еді,

«Жарайсың» — деп, «өлеңші, күйші бала!»

Үйдегілер сөздерін мың шығындап,

Жөнін айтса — балалар күлкі қылмақ.

Ерлік жасап жүреміз ара-тұра,

Көрші әжейдің кеппеген құртын ұрлап.

Есіме алып отырмын бүгін бәрін,

Қандай еді балалық түрің, дәмің?!

Келін боп қай жерде жүр құрбы қыздар,

Байлап кеткен партаға бұрымдарын.

Оралмас беймаза кез, балдырған шақ,

Шіркін-ай сол күнгідей мөлдір болсақ!

Әжеміз бәйек болып жүруші еді,

Дастарханға құрт пен май, тандыр нан сап.

Есейдік біз де өзінше ес кіргендей,

Ата жолдан адастық ешкімге ермей.

Жаңа күннің қызықтық жылтырына,

Кешегі естеліктер ескіргендей.

Бұл күнде құбылып тұр жегі заман,

Мазасыз күй кешуде мезі қоғам.

«Қорқамын кейінгі жас балалардан», —

Өмір аман болғанмен, көңіл — алаң...

АҚЫН

Әрнеден ой түйіп, сыр аулап,

Балалық қиялым тасыды.

Әкем мен анама жыр арнап,

Атандым бір үйдің ақыны.

Аспаннан бір әуен төгіліп,

Кеудеме қонғандай әсілі.

«Ертеңі - зор бала!» - дегізіп,

Атандым әулеттің ақыны.

Қыз-қырқын сыртынан сөз еткен,

Мен едім сол кездің батыры.

Түспейтін «Қабырға газеттен»,

Атандым мектептің ақыны.

Ел-жұртқа тараған жыры көп,

Есімін білетін әкімі.

Отырыс, тойлардың гүлі боп,

Атандым ауылдың ақыны.

Кішкентай қолпашқа семіріп,

Жарқ етсе жырымның жасыны...

Өңірлік газеттен көрініп,

Атандым ауданның ақыны.

Мақтауға мас болып көл-көсір,

Кей-кейде күрсініп, жасыдым.

Қаймақтар бағасын бергесін,

Атандым аймақтың ақыны.

Оқуға жіберді ел сеніп,

Толсын деп дарыны, ақылы...

Сезімге өртеніп, теңселіп,

Атандым қаланың ақыны.

Болысып қараша қазаққа,

Әлі де жазармын талай жыр.

Далақтап, әркімді мадақтап,

Ақыны болмадым Сарайдың.

Алдыда асатын заңғар көп,

Талмауын тілейін қанаттың.

...Дүние-ай, менде де арман жоқ,

Ақыны боп өтсем Алаштың.

1996 ж

САЛҚЫН ӨЛЕҢ

Салқын үй. Салқын сәлем. Салқын жеңгем –

Сақина, сырғалары алтын зерден.

Қабағы қыз күнінен ашылмайды-ау,

Қашан да дәл осындай қалпын көргем.

Үйдегі ерке-тотай, «жаман бала»,

Ойынын да бөлмеді маған бола.

Осында ара-тұра келген сайын,

Жылы қабақ танытар ағам ғана...

Салқын шәй. Салқын сөздер. Салқын қабақ,

Бірімізге біріміз мәнсіз қарап...

Өтірік күліп қоям балақайға,

Әйтпесе, отырмын ғой жан сыздап-ақ.

Күйінді ағам: «- Бұл неткен салқын қоғам,

Айналаңның барлығы арсыз, надан.

Қарыздардың үстіне қарыз жамап,

Қыспағына алды ғой, нарқың жаман...»

Далада күз. Ауда салқын сыз бар...

Еске түсті балалық, жарқын жылдар.

Мен де ойландым: Құдай-ау, нендей зауал,

Адамның ниеті мен парқын бұзған?

Салқын ғана қоштасу. Салқын құшақ.

Әйтеуір жүректе ылғи болсын нысап.

Санамда салқын сұрақ сапырылды,

Теңселген бір тынымсыз толқынға ұқсап.

Жалған өмір – қарбалас. Алда – сын көп,

Мұңды ойлар еңсеңді езер қорғасын боп.

...Қымтанып кетіп барам, көше бойлап,

Тағы да салқын тиіп қалмасын деп.

ШЕР... ҮМІТ...

Сайран Далам-ай,

Айман Далам-ай...

Өкшесін саған батырып,

Келімсек пенен кірмелер

Тайраңдағаны-ай.

Өзіңе ие болатын жандар,

Төсіңді ойрандағаны-ай.

...Осынау жерді

Кім үшін қорғап едің сен,

Дулыға киген қайран бабам-ай?!

Тас мүсін дара қалпыңа тіл бітсе егер,

Не дейсің бізге балбал-данам-ай?

Ұрпағыңның мынау ұсақталып кеткен,

Қатер-қауіпті аңғармағаны-ай.

Қайда барасың,

Аңқау баладай,

Әркімге алданып біткен аңғал қоғам-ай...

Жаратқан Ием,

Қазаққа ғидаят берші,

Үмітпен әлі күтеміз

Таңдардан арай...

БАЛКОНДАҒЫ ОЙ

Тірлігімді күн сайын қатер жалмап,

Қай бұрышта тұрмадым пәтер жалдап!?

Қаламымды серік қып, қаңғып жүрдім,

Жақындарым- жақтырмай, бөтен- қолдап.

Тырыссам да қалмауға ел көшінен,

Тар көрпемде қалайша кең көсілем?!

Дегенмен үлкен боды кабинетім,

Жалға алған жатағымның бөлмесінен.

Бәрін қойшы,

Үйдегі бала- шағам,

Құралақан қалғандай тамашадан…

Дейді қызым:өскенде Нұр- ағамдай,

Қазақтарға арнап бір қала салам.

Көшіп барам,

Біресе көшіп келем,

Бақытымды кешіккен тосып, көнем.

Кісі үйіне барғанда, қызыға ма —

Қызым менің ойнайды есікпенен…

Жүргендеймін «шұбырып Ақтабанда».

Қолда өзің пендеңді жаппар Алла!

...Кегеніме көшіп бір кетер едім,

Аға- жеңгем «сол үйді» сатпағанда.

Мен ғана ма бірақ та, халі мүшкіл?

Осы шығар бұйрығы Жазмыштың.

Білмеймін, қай ісімнен қателесіп,

Білмеймін, қай жолымнан жаңылыстым?

Осылайша жүргенде жалғасып ән,

Бір күні көңіл тасты арнасынан:

Сеп болып атқамінер азаматтар,

Ақыры пәтер алдым Алматыдан!

Құралақан қап жүрген тамашадан,

Әсіресе, қуанды бала- шағам.

Елден бұрын әзірлеп сүйіншісін,

Баяғы Жанарбек пен Жарас ағам.

Айналама жоқ еді сыйым да онша,

Үйім болса деуші едім, күйім де оңса…

Арман шіркін, адамда таусылған ба,

Өмір қызық екен ғой қйын болса.

Жан емеспін кететін күрт күпініп,

Жүрсе болды жанымды жұрт түсініп.

…Тоғызыншы қабаттың балконынан,

Қарап тұрмын далаға, шырт түкіріп.

***

( ... аяулы жарға)

Алып ұшып, шарқ ұрып көңіл жүрдек,
Көп ішінде жүргенде өзіңді іздеп,
Қапелімде қақ тіліп қара түнді,
Көгімнен жұлдыз болып көріндің кеп:
Шерменде жүрек шіркін жырға оранды,
Кеудемде жаңаша бір өмір гүлдеп.

Содан бері көңілге көктем орнап,
Арманым қанат қақты көкке барлап.
Қос жүрекке ортақ бір лүпіл берген,
Тәңірім неткен шебер, неткен ардақ?!
Шын махаббат өмірде болмайды деп,
Жүріппін құр қайғырып, текке зарлап.

Ару едің жайдары жаны неткен,
Бойыма тәтті сезім дәнін еккен?!
Жанарыңнан тараған жылы сәуле,
Жан, Арымның сарайын жарық еткен.
Күлімдеп қасымда сен жүрсең ылғи,
Мен үшін төрт мезгілдің бәрі көктем!

ЭСКИЗ

(Суретші шеберханасында)

«Сылдырап өңкей келісім.»

Абай.

Мұнда бәрі түрлі-түске боялған,

Бұл бір әлем, бояулардан жаралған.

Сұлулық пен әдемілік атаулы,

Осы жерде қайта түлеп, жаңарған.

Осы жерден бірін-бірі табады,

Сергелдеңге түсіп жүрген сан арман.

Шебер қолдан өрнек сызса қалқалам,

Қуанышқа бөленердей мұң — ғалам...

Есі барлар есалаңдау күй кешіп,

Жарасынан жазылардай жынды адам.

Сылдырайды мұнда өңкей келісім,

Бұлақтардай жылап аққан жылғадан.

Қара бояу ақ бояуға қастасып,

Ал түбіңде екеуі де достасып,

Өмір мұнда палитра бетінде,

Бір-бірімен жатады ылғи астасып.

Мұнда адамдар қауышады қайтадан,

Қызығымен кеткен кеше қоштасып.

...Жалғыздықтың жоқ болса да ешкімі,

Ойландырар қауқары бар естіні.

Жалғыз-жалғыз портреттер сөреде,

Көпшілікке қаратылған бет-жүзі;

Қызыл, жасыл, қоңыр түске боялған

Тіршіліктің салынуда эксизі...

***

“Құдай сүйген құлдарын азапқа салады”

Құраннан

Жанарымды шыңға қадап,

Жан — Арымды мұңға қамап,

Өмір жайлы Өлең жаздым,

Табам ба деп бір қанағат.

Бітіргендей жырға қанат,

Шабыт мені жүр жағалап.

Көңіл бірақ көншімей тұр;

Көк көйлегі — кір-қожалақ.

Сөз айтамын кімге қарап,

Тыңдар құлақ мүлдем аз-ақ?

Тілім — тұлдыр, қойсаң-дағы,

Үлде менен бүлдеге орап.

Ұйқысыздық — түндегі азап,

Жүйкемді де бірге қажап...

Тағдырдан да таяқ жедім,

Қос танауым күнде қанап.

Бір ғана ой мың мазалап,

Іздеп жүрмін шын ғаламат.

...Құдай сені сүйеді деп,

Сендіруде кіл жамағат.

ТІРШІЛІК

(жан досым Жанарбекке...)

...Сол баяғы тіршілік —

Тағдыр тағы қарамады ұмсынып.

Сүйген сайын сайқалси ма бұл Өмір,

Құтыра ма, құшқан сайын “құлпырып”?!

Арманым да кемпірқосақ секілді,

Жеткізбейді, енді ұмтылсам құлшынып.

...Сол баяғы, уақыт —

Жігерімді әр күн сайын уытып.

Әлдекімдер орға жығып кетсе де,

Ойларымның мұнарасын құлатып —

Өлеңімнің баспалдақ қып әр жолын,

Өзімді-өзім отырамын жұбатып.

...Сол баяғы, сол Өмір —

Қайта айналып келмес бізге және бір.

Мен сияқты бейбақты да ұмытпай,

А, Құдайым маған да нұр себе жүр.

Жарлымын ғой, табанымның астында

Жатса-дағы қазыналы мол өңір.

...Сол баяғы тіршілік —

Шындық отыр бір бұрышта түршігіп,

Жалған сөздер том-том болып жазылып,

Кетті біздің Санамызға кіл сіңіп.

...Батқан Күнім қайта шықсын деп тілеп,

Көкжиекке Көз тастадым күрсініп.

...Сол баяғы, баяғы —

Бір қалыпты уақыттың аяңы.

Бір-бірінен аумайтұғын әсілі,

Егіз күндер кең құшағын жаяды.

Бұлай болмау керек еді бұл Өмір...

Сенем Ертең бәрі өзгеше болады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #АЛМАТИСӘДІЛ
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар