Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Алматыда кітап жәрмеңкесі өтеді...

27.05.2022 3961

Алматыда кітап жәрмеңкесі өтеді 12+

Алматыда кітап жәрмеңкесі өтеді - adebiportal.kz

28-30 мамыр аралығында Алматы қаласындағы Ш. Уәлиханов алаңында (Ғылым ордасының алды) тұңғыш рет ашық аспан астында «Алматы кітап жәрмеңкесі» өтеді. Үш күнге созылатын ауқымды мәдени іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Кітап жәрмеңкесіне жақын шет елден келетін баспагерлер мен арнайы делегация (Қырғызстан, Ресей), отандық 50-ден астам баспа мекемесі мен кітап дүкені қатысады.

Бүгінгі таңда еліміздің баспа ісі саласы қарқынды түрде дамып келеді. Жәрмеңке аясында жаңа бағытта, заманауи технологиялармен шыққан кітаптардың таныстырылымы өтіп, авторлар, баспагерлер бас қосады.

«Алматы кітап жәрмеңкесінің» мақсаты – баспа мекемелері мен кітап дүкендерінің саудасын жандандыру, кітап нарығындағы түйткілді мәселелердің оң шешілуіне үлес қосып, кітап мәдениетінің дамуына серпін беру; оқырман мен автор арасындағы байланысты нығайтып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру жолында дәнекерлік таныту және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу алаңын ұйымдастыру.

Жәрмеңке аясында қала тұрғындары мен қонақтары іздеген кітабын тауып қана қоймай, түрлі мәдени іс-шаралардың куәсі болады. Ақындар, өлеңге таласы бар оқушылар жырдан шашу шашып, отандық эстрада мерекелік концерт береді. Қабырғалы ақын-жазушылар кітаптарының тұсаукесерін жасап, қолтаңба беру рәсімін өткізеді. Қаламгерлердің көшін бастайтын жазушы Роллан Сейсенбаев қолтаңба берумен қатар сатылымнан түскен қаражатты қайырымдылық қорына аударуды көздеп отыр. Демек, жәрмеңкеге қатысып, қажетті кітабын сатып алған қала тұрғындары мен қонақтары қайырымды іске де мұрындық бола алады.

Қонақтар мен тұрғындар арасында түрлі интеллектуалдық сұрақ-жауап ойындары ойнатылып, жеңімпаздарға кітап толы қоржындар сыйға беріледі. Жәрмеңкеге қатысатын баспа мекемелері мен күтіп дүкендері оқушылар, жастар мен мен студенттерге баспа өнімін арзан бағада сатып алуға түрлі жеңілдіктер жасайды.

Ұлттық мемлекеттік кітап палатасындағы «Сирек кітаптар мен қолжазбалар мұражайының» экспонаттары да жәрмеңке аясында көпшілік назарына ұсынылады. Мұнда Алаш арыстарының, ұлт қайраткерлерінің ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр басында жарық көрген кітаптарының түпнұсқасымен танысу мүмкіндігі қарастырылған.

Ұлт руханиятының айтулы күндерінде баспа ісі, кітап саудасы, және қазіргі балалар әдебиетінің даму бағыты жөнінде дөңгелек үстелдер өтіп, осы саланың мамандары аталған мәселені жан-жақты талқылайды.

Кітап жәрмеңкесінің ашылуына Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Абаеав Дәурен Әскербекұлы, Алматы қаласының әкімі Досаев Ерболат Асқарбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және өзге де әдебиет, мәдениет саласының көрнекті өкілдері қатысады.

Іс-шара атауы: «Алматы кітап жәрмеңкесі» (кітап көрме-жәрмеңкесі).

Уақыты: 28.05.2022 ж. – 30.05.2022 ж. 09:30 – 20:00.

Мекен-жайы: Алматы қ., Ш. Уалиханов атындағы алаң (Ғылым ордасының алды).

Ұйымдастырушы: Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласы әкімдігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы.

БАҚ өкілдеріне қосымша ақпарат: Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы 8-727-397-61-15, 8 747 334 55 01, 8 707 829 2044


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар