Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Алмаз Мырзахмет: «Ақ бояумен қараңғылық суретін са...

25.08.2015 3074

Алмаз Мырзахмет: «Ақ бояумен қараңғылық суретін салуға деген ұмтылыс»

Алмаз Мырзахмет: «Ақ бояумен қараңғылық суретін салуға деген ұмтылыс» - adebiportal.kz

 



«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында, белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып, жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға жазушы, «Жаңбыр жауса екен» кітабының авторы Айгүл Жұбаныштың "Қара сөмке" әңгімесіне жазушы, Халықаралық "Шабыт" фестивалінің лауреаты - Алмаз Мырзахметтің  жазған пікірін ұсынамыз. 


www.adebiportal.kz



 

Қара сөмке




1519376_593378294088363_681418074_o.jpg


Таң қылаң бере бастағанда көзім ілініп кеткен екен, қалта телефоныма Мая есімді құрбым: «Өмір мен өлімге анықтама берші?» - деп хабарлама жіберіпті. «Өмір – мен үшін жарық әлем, жарқын болашақ. Өлім – қара түнек, қураған қу сүйек» деп жауап қайтардым. Бірер уақыттан соң ол тағы қоңырау шалды.

– Ұйықтап жатырсың ба?

– Біраз қисайып көз шырымын алдым.

– Сол ұйықтағаның жарайды. Біле білсең, ұйқы – өлімнің кіші түрі.

– Өмір мен өлімді өзің қалай түсінесің?

– Мен үшін өмір – биік шың тәрізді. Қанша өрмелесең де, шыңға жету қиын. Ал өлім өмірден әлдеқайда жеңілірек көрінеді. Ажал тырнағына ілсе болды, шыңырау шұңқырға батыра салады.

– Соңғы уақытта өлім туралы жиі ойланатын болыпсың?

– Түсіме құрсағымда жатқан нәрестем кірді. Ер бала екен деймін. Өзі біртүрлі көңілсіз. Үй алдына екі үлкен сөмкені көтеріп әкеліп: «Анашым, қайсысын аласыз?» – деді. «Мұның ішінде не бар?» деп ем: «Ақ сөмкеде –  Өмір, ал қара сөмкеде – Өлім», – деді. Мен сөмкенің біріне қолымды созып жатып, оянып кеттім. 

– Егер түсің өңіңе айналса қай сөмкені таңдар едің?

– Ойланбастан қара сөмкені арқалап кетер ем...

– Осыншама қатігез болар ма едің?!

– Түсінесің бе, мен оның өрісін кеңейткім келмейді! Ел бетіне қалай қараймын. Мені қойшы, шешем жер бетін басып жүре алмай қалады ғой.

«Мұны ертерек ойлануың керек еді» дегім келді де, тілімді тістей қойдым. 

– Мен сенің түсіңді жорып көрейін. Бұл тегін түс емес. Бәлкім, түсік жасатпассың. Жатырдағы нәресте өзінің жарық дүниені көре алмайтынын біліп, түсіңе кірген. Демек, бұл тегін бала емес. Екі сөмке дегенің ырыс-несібе...

Ол менің сөзімді жақтырмай, әңгімені кілт тоқтатты.

– Бала кезімде марқұм әжемнің аузынан «некесіз бала туғаннан сақта» деген сөзді жиі еститінмін...

Телефон желісі үзіліп кетті. Шамасы Маяның қалта телефонында бірлік таусылса керек.

 Әсілінде мен Маяны жек көрем. Екеуміз жатақхананың аядай бөлмесінде екі жыл бірге тұрдық. Сырт көзге салмақты көрінгенімен, бұл қыз қашанда ер жігіттердің назарында жүруді қалайтын. Ойнап жүріп от басқан түрі, міне, осы. Оқуға келген жылы анасына: «Қандай сәтте де бір-бірімізге демеу боламыз» деп уәде берген едім. «Уәде – құдайдың сөзі». 

Мая қайта қоңырау шалды.

– Мені жек көретініңді сеземін. Бірақ мұндай қиын сәтте адам досын жар жолда қалдырмас болар?

– Мынадай қылығыңнан кейін сені әсте досым деп атауымның өзі қиын.

Ол жауап қайтармады. Жылағандай сезілді маған. Жылап, жеңілдеп алсын деп тіл қатпадым. Көздің жасы төгілгенімен, көңілдің дертін жуу қиын. Аяп кеттім.

– Мая, баланың әкесіне түсіңді айтып көрсең қалай болады? Бәлкім ойланар. Үйлену той жасарсыңдар...

– Айттым... Ол да қара сөмкені таңдады...

– Қатігезсіңдер!

 – Өзімнің көз алдымда өзім солып бара жатырмын. Маған ұрыса бермеші.

Телефон үзіліп кетті. Қайта қоңырау шалып ем, сөндірулі. Мен Маяның жігітімен кездесуді жөн көрдім...

 

***

 

– «Сәбидің бәрі бақытты

 болуы үшін жаралған» деген ән жолдарын естіген боларсыз.

– Қазақша әндерді көп тыңдай бермеймін.

– Сіз өмірге келгеніңізге қуанасыз ба?

– Әлбетте.

– Өмір сізге несімен қымбат?

– Сіз біртүрлі қияли қыз екенсіз! Ол маған қарап тарқылдап күлді.

– Жауапсыз қалғым келмейді.

– Өмір – қайта айналып келмейтін сәттерімен қымбат. Жүресің, көресің дегендей. Ал, өлім – ол енді мәңгілік ұйықтау.

– Бәлкім, Маяның құрсағындағы сәбиіңіздің жарық әлемді көру бақытына сіз себепші боларсыз?

Ол ыршып түсті. «Жоқ, мен дәрігерлермен келісіп қойдым».

– Мая сәбиді дүниеге әкелсе болды, біздің Лира есімді құрбымыз асырап алады. Лираға ана болу бақыты бұйырмаған. Түсінесіз бе?

– Мен «ұрпағымды» әркімге тарататын жынды емеспін.

– Ендеше, мен сіздің үстіңізден шағымданамын.

– «Екеудің ісіне ессіз түседі» дегенді ұмытпағайсыз...

Ол мұнан ары менің сөзіме құлақ түрмеді. Айтқан «ақылым» желге ұшты. Шетелдік қымбат көлігіне мінді де, лезде ғайып болды. Мен бұрқыраған шаң астына көміліп қала бердім.

 

***

 

Лира екеуміз Мая мен әлгі жылпос жігіт келген жеке клиникаға жете алар емеспіз. «Осы сәбиді құшағыма алуды нәсіп ете гөр», - деп Лира жылап келеді. Клиника табалдырығынан аттауымыз мұң екен, қолында шағын әдемі сөмке ұстаған жылпос жігіт дәрігердің қолынан алып, алғысын айтып жатыр екен. Біз кеш қалдық...

Жылпос жігіт жөніне кетті. Сәлден соң клиникадан аяғын ілби басып Мая шықты. Әлсіз. Қолында қара сөмке. Мен алғаш рет құрбымнан жирендім. Ол мен үшін пайдалануға жарамай қалған ескі қара сөмкеге ұқсап кетті.

«... Ақ сөмкеде –  Өмір, ал қара сөмкеде – Өлім». Қайсысын таңдайсыз, анашым?»




 




«Ақ бояумен қараңғылық суретін салуға деген ұмтылыс»




313432_101030693420725_721564643_n.jpg


Менің қолыма «Қара сөмке» атты шап-шағын әңгіме түсті. Бір деммен оқып шықтым. «Мақтадан жұмсақ, мамықтан жеңіл» дүние екен. Әңгіменің әр жағынан автор бейнесі айқын көрініп тұр. Кіршіксіз көңілдің лебі мен таза жүректің лүпілі сезіледі. Шамасы, жас қаламгер болуы керек деп жорамалдадым. «Жас қаламгерлігімен» кейбір олқылықтарды жамылшылап, «жақсы қаламгер» деген тоқтауға келдім.


Шеберліктің шыңы дегеніміз – шағын дүниемен көлемді тақырыпты шиырып ала білу. Қозғалыс күшейіп, уақыт азайған постиндустриялы қоғам бүгінгі прозадан шағын көлемді, оқырманын жалықтырып алмайтын, бірер минутта оқып үлгеретін туындыларды талап етуде. Бес күндік жалғанның қамшының сабындай, сосын құстың тұмсығындай, кейін «бір жарқ еткен найзағайдайдай» жалқы сәтке қысқарғаны сөз өнеріне де әсер етті. Аз көлемді дүние сұранысқа ие болды. Прозаның ішіндегі ең қиыны, асқан тәжірибелікті қажет ететін һас жанры  – әңгіме болса, оның басымдылығы қысқалығында емес пе? Романдардың келтеленіп, повестердің пұшайып шығып жатқаны да сондықтан деп ойлаймын.


«Қара сөмке» әңгімесі қарабайырлықтан гөрі қарапайымдылыққа бір табан жақын. Күрделі сөйлемдер аз, диалог көп, фәлсапалық ойлар таяз, мәтін астына жасырынған мәтіннен ада. Тосын теңеулер жоқ. Ішкі қозғалысы баяу, оқыс бұрылыстар кездеспейді. Оқиға желісі қысқа дәліз сияқты, адаспайсың. Шым-шытыр лабиринтте, жоғары-төмен баспалдақтарда, есіктер мен есіктер арасында сабылатын шығармаларды оқып жүріп, «Қара сөмкеге» тап болсаңыз, сізге мүлде қызықсыз болуы мүмкін. Жаңалық іздейсіз. Мәтін астындағы мәтінді көргіңіз келе ме? Ол автордың өзі. Жарқын өмірге деген риясыз сенім. Адамдарға жақсылық жасауға ұмтылған ақ пейіл. Тұнық көңіл. Көлеңкемен қарсыласқан майшам. Ақ бояумен қараңғылық суретін салуға деген ұмтылыс.

Әңгіменің сюжеттік, идеалық қырынан гөрі, тақырыптық маңыздылығына баса назар аударған жөн. Бірақ көркем әдебиеттің ақыл айтқанды ұнатпайтынын ұмытпау керек. Аталмыш шығармадан еріксіз бой көтерген «түсік жасатуға қарсылықтан» басқа қабат іздесеңіздер, екінші қабатта сіздерді кейіпкер Лира тұр. Сенімі ақталмаған кейіпкер бақытсыз қалпында қалған.


«Қара сөмке» туындысының негізгі лейтмотиві «Өмір деген не?» сұрағына жауап іздеу деп ойлаймын. Оның жауабын автордың, кейіпкер қыздың және жігіттің аузынан естідік. Бірақ қанағаттанарлық жауап болмады.

Жақсы қаламгердің жарқын болашағынан үлкен үміт күтемін. Бастысы жазылған дүние!

 

Алмаз Мырзахмет



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар