Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

30.06.2022 1036

Алтын шоғыр 12+

Алтын шоғыр - adebiportal.kz

Латын Америкасы әдебиеті туралы сөз болғанда есімізге бірден «Жүз жылдық жалғыздық» романы еске түседі. Гарсия Маркестің осы романына деген қызығушылық, ынта мен пиғыл, оның туған топырағы мен айналасына, замандас әдебиетшілеріне деген ізденісімізді арттырды. Содан бері аңыз бен мифке толы сол өлкенден бір дауыс естісек құлағымыз елеңдеп тұратын болды. Сондай сойы бөлек жазушының бірі, Латын Америкасы суреткерлерінің басында тұрған Хуан Рульфо. Тым кірпияз, талғампаз жазушы. Әуелі, әр оқырманның миында тұратын бір сұрақтың ұшығы, осы Латын Америкасы әдебиетінің қуатты болуына не себеп болды екен? Әлемге бір емес ондаған үздік жазушыларды беруінің сиқыры неде болды екен деген ой ұдайы мазаласа керек. Айтар сөзіміз, берер жауабымыз межелі жеріне дөп тимеседе шамамызша тарқатып көрелік.

Латын Америкасы әдебиетінің өсуіне, биіктерге қанат қағуына ықпал еткен қоғамдық, экономикалық, саяси, тарихи себептер жетерлік деп ойлаймыз. Олардың бірден басқа ұрып, санап, саралап айтып шығу шағын жазбаның жүгі емес. Ең басты себептерін тарқатып, оқырманға ой тастай кетелік. Иә, Латын Америкасы әдебиетінің ересен күш алуына үлкен себеп болған испан, арап, Батыс Еуропа әдебиеті сынды толып жатқан дүниелер бар. Әуелі Латын Америкасының асыл топырағы шет елдіктер келмей тұрғанда, үндістердің байырғы аңыздарына, мифтеріне, батырлық жыр дастандарына, бай мазмұнды фольклорлық мұраға толы аймақ болатын. Анд тауларының ұзын бойында, Амазонканың жыныс орманында, кең байтақ Пампас сахарасында Майя мәдениеті, Атсек мәдениеті, Инка мәдениеті сынды толып жатқан гүлденіп, көркейген, кемеліне келген мәдениеттер шоғыры болды. Олардың өзіне тән жазуы, өнері болды. Өкініштісі испан шапқыншылығынан кейін жойылып кетудің аз-ақ алдында қалды. Десек те тамыры терең мәдениет бізге арқауын үзбей келіп жетті. Міне, осыншама байлықты өз игілігінен жарату үшін, Латын америкалық жазушылардың көп ізденіс жасағаны мәлім. Үндістердің адам таңғаларлық дүниетанымы, шексіз қиялы, көл-көсір рухани байлығы қаламгерлердің жасампаздығына орасан зор күш бергені аян. Өзгеше бояу дарытқаны мәлім. Сондықтан да Латын Америкасындағы әлемге танымал жазушыларды ең мықты үндіс танушылар деп атауға да болады сияқты. Сөзіміз дәйекті болу үшін «Жүз жылдық жалғыздықтан» мысал келтірсек, үндістердің танымында өлім мен өмір де шекара болмайды. Олардың ойында өмір екіге бөлінеді, бір бөлігі тірілердің әлемі, бір бөлігі өлілердің әлемі. Бұл екі әлем бір-бірімен араласып жатады. Осындай өмір мен өлім қатынасын Гарсия Маркес өз романында сәтті пайдаланған. Тағдырға табынушылық үндістердің тағы бір дәстүрлі көзқарасы. Олардың ойынша адам тағдырын тәңір белгілейді әрі оны өзгертуге болмайды. Сен сол маңдайға жазғаны бойынша күн кешесің. Көз жұмар сәтіңді де белгілі нышандар мен аян арқылы сезесің. «Жүз жылдық жалғыздықтағы» Амарантаның өлім суреттейтін уақиғалар осыны меңзейді. «Өлім – мексикалықтардың ойыншығы» деген тәмсілдің астарында да осы ұғымдар жатқаны анық. Хуан Рульфоның «Педро Парамо» романындағы кейіпкерлердің бәрі өлген адамдар, бірақ бәрі тірі адамша сөйлесіп, кеңесіп жүреді. Жазушы Астуриастың «Жүгері адам» романы да, үндістердің адам жүгеріден жаралған дейтін ежелгі аңыздарына сүйенген. Латын Америкасы әдебиетінің әлемдік өреге көтерілуінің тағы бір себебі – испан әдебиеті мен тілі. Әсіресе Сервантестің «Донкихот» романы, романдағы кейіпкерлердің қызықты тағдыры, Латын америкалық қаламгерлерге өз ықпалын тигізбей қалған жоқ. Испан елінің бай мәдениеті, күрделі тарихы, Латын америкалық жазушыларға шығыс пен батыстың өзгеше мәнерлі танымдарын сіңірді. Олар батыс әлемін мұқият зерттеу арқылы, Латын Америкасының өзіне тән бейнелеу тәсілдерін түрлендірді. Латын америкалық жазушылардың көбі Еуропа елінде тұрды. Батыс жазушыларымен етене араласып, олардан үйренді. Сол арқылы өз бітімдерін жоймаған, жаңаша тұрпаттағы Латын америкалық қаламгерлердің алтын шоғыры қалыптасты. Жанкешті еңбектерінің нәтижесінде «Латын америкалық әдебиеттің қопарлысын» тудырып, көптеген Нобель әдеби сыйлығының лауреаттарын шығарды. Айта берсек, әңгіменің ауаны алыс, көкжиегі кең. Бір құрлықта, бір ғасыр ішінде әлемге ең үздік қаламгерлер мен туындылар сыйлаған Латын Америкасы әдебиеті туралы шағын ойдың бір парасы осы. Біз бейне бір алып Айсбергтің бір ғана бұрышын қаузадық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар