Көргенің мен көкейдегің хатқа түспесе көң басып кебініңмен бірге кетеді, ал жазылып қалса — жан азығы.
И. Бунин
Абсурд: ескішілдік пен жаңашылдық
Ең үлкен азап – тозақта емес, мазақтан күю.
Ең үлкен күнә – серттен таю.
Жүзжылдықтардың дұғасын қайыра оқып,
Болмысын жылқының тұяғына жасырған
Бабаларымды аңсап отырмын.
Менің мұңлы жырларым…
Күйдің құдіретін түсіне алмайтын,
Қобыздың киесін есіне алмайтын,
Академиялық жап-жаңа кітаптай –
өзін-өзі жоғалтып үлгерген
есер ұрпақтың
соқыр көзімен оқылды.
Біз –
бәріміз оппозициялық қозғалыстың мүшелеріміз.
Өлетінін білсе де, өмір сүретін,
Өмір сүрсе де, өлгісі келмейтін
және де
жеңіске санап мұны біз…
Тәтті қиялдың
ежелден бергі елесіне елтіп,
кәрі құзғынның қанаты серпіп,
Жалғаса берер күніміз.
Жаңашылдыққа жанымыз құмар,
Бағытсыз көштің басын кім бұрар?
Белгісіз.
Жүреміз ылғи,
Жарқын болашақ туралы қиялдап.
«Біз – мәңгілік елміз!»,
«Біз – жасампаз ұлтпыз!»,
Өтерсіз қанша жиі алдап,
енді сіз?..
Өмір – бұл саннан құралған ойын.
Ендеше, оны жаңадан бастайық,
Ережелерді өзіміз құрайық.
Жасайық қадам ағатсыз!
Бәрін ысырып қоя тұрғанмен…
Құлдықты қайтеміз санадан өшпес?
Құдайларды қайтеміз жауапсыз?
Катарсис
Күмбір-күмбір күй саулап, күңіренген елеспін,
Көңілімде – сәби саз, көмейімде – көмескі үн.
Қолымдағы көзені тауысарға достар көп,
Жүректегі қайғымды бөлісерге жоқ ешкім.
Бөспе жұртқа бәрібір, барлығына кінәмшіл.
Даңғазалық өмірді көре қалсам, бұғам шын…
Жанның тылсым нұрына Ғарыштан кеп құйылған,
Өзіме аян түстерден тым өзгеше ұғам сыр.
Кескілескен майданның басы Бақыт, соңында Ар.
Тағдырды ұрмақ жұдырық қайта өзіме соғылар.
Табаныммен бұралаң қанды із кешіп өтсем де,
Маңдайымда өлеңнің салған түзу жолы бар.
Ештеңе жоқ қолымда… Тек мұң ғана жанымда,
Сан алуан күдігім шақырады сабырға.
Хәлді кешкен Ой шексіз, Сезім шексіз аяулы,
Шексіздіктің ар жағы – тік төртбұрыш қабырға.
Түнегімен ертеді мені өзіне қапас түн,
Үрей толы жанармен үнсіздікке матастым.
Құдай бар да, Құдай жоқ…
(Бітіспейтін дау осы)
Шартарапқа шашылған сауалдардан шатастым.
Кімді, нені күтемін?
Қашан, қайдан үн қатпақ?
Бұл әлемде киелі құпия бар мұң қатқан.
Өлең деген – сол нәзік құпияға жақындау,
Өмір деген – шешімі таусылмайтын жұмбақтар.
Нүкте
Таяздау санамның
шексіз кеңістігі ішінде
қап-қара нүкте жатыр.
Мен оған жақындаған сайын ол менен алыстай түседі.
Менің оған оралғым келеді...
Өткенге «қайта оралу» секілді,
Алдымнан шұбырған балалар жүгіріп шығады,
Күлкісі риясыз, шаштары кекілді.
Уақыт табы бәрібір дегенін жасайды,
Көзімнің алдында көлбеңдеген елестерге тек сағынышпен қараймын.
Өзімнің дәрменсіз кейпіме күйіп,
Өзімнің өткерген тәтті естеліктерімді жиып,
Жасаған күнәм мен сауапты Ар сотына салып,
Ұятыммен өлшеймін һәм санаймын!
Мен қаласам да, қаламасам да,
Адамдардың хайуандығы немесе хайуаннан да бетер тіршілігі жалғаса береді.
Кейде содан жүрегім айнып, құсқым келеді.
Кейде содан жындана жаздап, ішкім келеді.
Бәрібір
қап-қара нүктеге қол созып, үңілгім келеді.
Жеткім келеді Сана түкпіріндегі нүктеге!
Өмірдің менсіз-ақ жалғаса берерін білсем де,
Уақыттың қайталанбайтынын,
сағаттың бір бағытта сырғитынын көрсем де,
Өзгерткім келеді өзімді, сосын Дүниені.
Мен солай бақытты болғым келеді,
Түсімде де көрмеген сезімдерді кешіп,
Шетсіз де шексіз теңіздерден өтіп,
Мен солай Бақытты болғым келеді,
«Бастапқы нүктеге» жетіп…
Наз
Тағдыр дегенім – қателік емес, таңдауым,
Өзіңде қалды бар жаным...
Күнәнің іздеп ойлысын,
Таңдарды түнге, түндерді таңға жалғадым.
Торитын болдым нәпсікеш жынның кей ізін,
Шықты ма содан мүйізім?
Суық санама опынып тұрып сақтадым,
Өкініштердің сүйісін.
Керек пе маған ендігі у?
Өмір ме мынау, сезімді жоққа сендіру?
Көңіл дегенің – көз ұшындағы мөлдір мұң,
Өлім дегенің –
өзіңнен төмен өренің
көлеңкесіне телміру.
Айтылар тағы екеуіміз жайлы көп өсек,
Солардың бәрін елесек...
Жұқарған жүйке, жұмсаған уақыт қайта ма?
Қоғамды күтсек ересек.
Өтеді кезең,
Жетеді адам мұратқа,
Еңсемді езген бір уайым қалды бірақ та.
Жаныммен сүйген, барыммен сүйген, қадірлім,
Сен мені бекер жылатпа!..
Әлемнен асқақ,
Әуенге сыймас тылсым үн,
Сендегі нәзік мұңаю менен күрсіну...
Сағынған сәтте
жадыңда сақта, қаныңда сақта, мендегі
жүрегімнің дүрсілін.
Мезгіл абстракциясы
Алакеуім…
Балконда тұрып, құшырлана шылым шектім.
Кенет,
Тас төбемнен ойлы бір дауыс естілді.
Мен оны Тәңірдің «аяни үніне» балап ем,
Ол да енді ескірді.
* * *
Таңсәрі…
Алаулап қанқызыл нұр көтеріліп келеді,
Үзілердей ақиқаттың көбесі.
Қырық жамау жанның жауып жыртығын,
Әуреленем неге осы?
* * *
Сәске түс…
Шоқ ішіне тығылып сан үмітім,
Күлге айналды. Күлімен көкті құшты.
Сұлулығын қымтаған асыл Күннің,
Құштарлығы келеді от тынысты.
* * *
Екінті…
Кеше оқыған дұғамды жаттау үшін
Жетпейді жарық сәуле сөзге үнемі.
Жүректің сығындысын сарқып ішсем,
Көз-айнам өзгереді.
* * *
Түн…
Қараңғылық торлаған қабырғада,
Билейді Ажалға ұқсас көлеңкелер.
Бір күні,
тірі құдай секілді, қорқыныш та
Өзінен-өзі өртенер...
Сәт
Қайғыны еске түсіргеннен нені ұтамын?
Батпады күн, атпады кері таңым.
Сенің сәби көзіңе қараймын да,
Қатып қалған жүректі жылытамын...
Арылу
(Серікбол Қондыбайдың монологы)
Кесе түбіндегі ойларды шөлім қанғанша іштім,
Жалғыздығыммен құрдас, жапан түздегі құспын.
Қанатыма бейуақ әлемнің зарын байлап,
Қара түндерге сіңдім, қара құрдымға ұштым.
Жанарымнан жұлдыз ағып, тілімнен от тамды.
Жүрегім мұздай тоңып, жоғалттым жолда Мәнді.
Оятқым-ақ келді Ілкі төрдегі Есті,
«Мағынасыз» қиял мен білтесі біткен Шамды.
Шеңбер құрап Ойдан, оны Жанмен сыздым,
Теңізінде мифтің терең малтыдым, жүздім.
(Жер бетіне енді жұмақ орнамайды),
Ей, хайуани түсінік!
Саған дәрменсізбін...
Сана биік ұшар, бойға еркіндік қонса,
Әруақ қолдар еді көңіл нұрға толса.
Құдіретті шексіз Таным жиегіндегі...
Түсінбейді, егер қоғам рушыл болса.
Тәнім – темір құрсау, рухым азат күнде,
Құлға біткен құлдық – сүйретілген мүрде.
Бостандыққа бізді жеткізбесін білдім,
Күдік пенен Үрей араласқан түрме.
Сөздің құрбандығына...
тәнді жараладым,
Менің тағдыр жолым Армен бағаланды.
Тоғыз жылдық ғұмыр ұғындырды маған:
Аяймын мүгедект(і) емес, Мүгедек саналарды...
Құбылу
Құрғақ қиялға өртедім Парақ пен Түнді,
Қылғытып жұттым қып-қызыл шараптан мұңды.
Сағынбаймын деуші едім ешкімді бүгін,
Сағынып, міне, отырмын Жаратқанымды...
Мерзім
Әр нәрсенің мерзімі бар,
Жетілетін, пісетін
және де
таусылатын, бітетін.
Сол секілді
Шексіздік те шектеулі,
Мәңгілік те мәңгі емес,
Ессіздік те тұрақтамас ұдайы...
Біз сенетін сенімдер де сетінейді, құлайды.
Бізге ұнамас көзқарас та
түптің түбі, мүмкін бізге ұнайды.
Әр нәрсенің мерзімі бар,
Қаламаса да оны адам.
Қайбір елдің тирандары
Созу үшін мерзімін,
Құдайды да дәл өзіндей небір тиран санаған.
Бірақ олар ұғынбайды өздері,
Өздерінен бастамаса, өзгермейді көп адам.
Әр нәрсенің мерзімі бар,
Білген оны ұлылардың ұлысы.
Өйткені сен – адамзатқа ортақ ойдың бірісің.
Сол себепті
«президенттік мерзім де –
президентке берілген шартты жаза», дұрысы.
Мерзіміне сыя алмаған жанардан,
Қателіктен сабақ алмас адамнан,
Қорқу керек, себебі –
Азаматтық қоғамды
жебір сөз бен идея емес,
Адамдардың
ақталмаған сенімі мен аққан қаны жауапсыз
Сүйрелейді алаңға.
Адам – ойдың құрбаны,
Құдай – сенімнің көз жасы,
Тобыр – жүрексіздер мекені,
Ақша – қажеттіліктің ойнасы,
Рух – болмыстың жолдасы,
Уақыт – естеліктердің отаны.
Мен сенің сабағың болар ем...
(Ш. Петефиден)
Мен сенің сабағың болар ем,
Сен оның гүлі болсаң.
Мен сенің гүлің болар ем,
Сен оның мөлдір шығы болсаң.
Мен сенің мөлдір шығың болар ем,
Сен оның жарық күні болсаң.
Сен –
Мені әркез сүйер болсаң,
Менің жүрегім қараңғылықтың қоршауында болса да,
Сенің таңғы жұлдызың болар ем.
Тіпті сенен тозақтың иісі мүңкіп тұрса да,
Мен сені құшағыма қысып алып, қатты құшақтар едім...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.