Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Амангелді Кеңшілікұлы. Найзағайлы жаздағы жүздесу...

24.03.2023 2403

Амангелді Кеңшілікұлы. Найзағайлы жаздағы жүздесу 14+

Амангелді Кеңшілікұлы. Найзағайлы жаздағы жүздесу - adebiportal.kz

Қысы ызғарлы сол жылдың көктемі ерекше жаңбырлы болды. Қар еріген соң құдды аспан тесіліп кеткендей болып шелектеп құйған толассыз жауын қалалықтардың дегбірін қашырып, әбден мезі қылды. 

Көңіліңді қажытатын қала өмірінің сүреңсіз суретіне терезеден қарап,  бойымды беймәлім мұң билеп, ауылды аңсап, әжемді сағынып қалың ойдың құшағында балқып отырмын. 

Торғайда қазір тіршіліктің нағыз қызып жатқан мезгілі. Дәл осы кезде наурыз көжеге тыңқия тойып, құмарым қанғанша ойнап, кешке әжемнің қойнында ұйықтап қалатын былтырғы бақытты күндерім есіме түсті. Әйткенмен, оқу маусымының аяқталуына да азғантай уақыт қалды. Сосын..., сосын ауылға барамын. Көк шалғынында аунап, ойнақ саламын.  Ыстықтасаң самалы қасыңнан кетпей, тоңа бастасаң Күні жарқырап шығатын, әжемнің алақанындай жібек желі маңдайыңнан сипап еркелететін менің ауылыма жететін мекен жоқ шығар, мына әлемде. Екі айдан кейін әжемнің мені Алматыға әкеп тастағанына тура бір жыл толады екен-ау. 

Алғашқыда бәрі де таңсық, бәрі де қызық болып көрінгенімен қаланың қайнаған тіршілігі тез жалықтырып жіберді. Еркіндікті сүйетін, алқын-жұлқындау болып өскен даланың жабайы тағысына бұл шаһардың темірдей тәртібіне үйрену оңай бола қойған жоқ. Ауылдағы мектептен келе салысымен, бір тостаған айранды сіміре салып, көшеге қарай жүгіре жөнелетін бақытты күндерім енді қанша созсам да қолым жетпейтін алыста қалып қойды. Даланы азан-қазан қылып, ит-құс біткеннің бәрін шулатып, бір тыным таппай,  қаңтардың қақаған аязын да, қарғаның миын қайнататын шілденің аптап ыстығын да шыбын шаққан құрлы да көрмей, күннің ұясына қалай батқанын байқамай қалушы едім. Ал, мына жақта тасбақаша тырбаңдаған тәулігің айға созылғандай көрініп, уақыт өтпей қойды. 

Әрине, іздесең қалада да қызық аз емес, бірақ еркіндікке үйреніп қалған мен ұзақ уақыт бойы бұл алып шаһарға сіңісе алмай жүрдім. Оның үстіне бір ауыз орысша білмегендіктен қаланың балаларымен тез тіл табысып кете алмадым. Қайта керісінше, тіл табысқаннан гөрі, төбелесіп қалған кездерім көп. «Он»-ды «онамен», «она»-ны «он» деп шатастырып сөйлеген орашолақ орысшама ауланың балалары күліп, мазақтап, мәз-мәйрам болатын. Бәрінен бұрын ерекше сұлу болып жаратылған көршінің қызы Шынардың орысша сөйлегеніме сылқ-сылқ күлетіні жаныма қатты батады-ау, қатты батады. 

Балалық бал-дәурен шағымның осындай бір ауыр мезгілінде жалғыздықты сезінбеуіме көмектескен жанашырым кітап болды. Мектептен келе салысымен әкемнің кітапханасынан көңілім қалаған туындымды алып қас қарайғанша бір ғажайып әлемнің қызығына батамын. Алғашқы кезде тек қазақша шығармаларды оқып жүрдім. Бірте-бірте тіл сындырып, орысша кітаптарды да оқи бастадым. Сөйтіп, «он» мен «она»-ны шатастырмайтын, тіпті, қалалықтармен сөз жарыстыратын жағдайға жеттім. 

Үйден көп шыға бермейтінімді, қалаға үйренісе алмай жүргенімді әкем сезіп, театрға, әдеби кештерге барса енді мені өзімен бірге ертіп алуын әдетке айналдырды. Соның арқасында ауылда жүргенде кітаптарын ғана оқып, бір көруді армандайтын ақын-жазушыларды жақынырақ тани бастадым. Бүгін де әкем телефон шалып, түстен кейін Жазушылар одағында болатын жыр кешіне ертіп апаратынын айтып, қуантып тастады. 

Берген уәдесінде тұрып әкем сағат төрт кезінде үйге келді. Үстінде әдемі сұр макентожы, басында қоңыр шляпасы бар. Бір-екі сағат бұрын болған әңгімені тарс есімнен шығарып алып, ештеңеге алаңдамай, қаннен-қаперсіз Америка жазушысы Марк Твеннің «Том Сойер мен Геккелбери Финнің басынан кешкен хикаяларының» қызығына батып жатқанмын, бөлмеме әкем кіріп келгенде не істерімді білмей сасқалақтап қалдым. Апыл-ғұпыл тез-тез киіндім де мойным салбырып, соңынан ілесе бердім. Ол болса «кешігіп қалған жоқпыз ба?» дегендей әлсін-әлсін сағатына қарап қояды. Көшеден такси ұстап, Жазушылар одағына жеттік. 

Одақтың алдында орта бойлы, арық денелі, индеецтер көсемінің рөлін ойнайтын атақты актер Гойка Митичтікіндей жалбыраған шәші иығына түскен бір кісі бізді қарсы алды. Амандық-саулық сұрасып, қауқылдасып әкем ол кісімен сүтпісірім уақыттай әңгімелесіп қалды. Әлдебір сәттен соң ғана бұл жерге жалғыз келмегені есіне түсіп, бүкіл денесімен маған бұрылып:

- Балам, мынау – Жарасқан деген ақын ағаң. Мықты ақын. Бірақ ақындығы әкеңнен де асып кеткен екен деп, ойлап қалып жүрме, - деп досын әзілмен қағытып өтті.

- Кеңке! Ең құрығанда баланың алдында мақтанбасаң қайтеді. Жүр одан да барға кіріп жүз грамнан тартып алайық. Кімнің кімнен мықты екенін сосын көрерміз, - деп ол әңгіме ауанын басқа жаққа бұрып жіберді. 

Әкемнің оны «ақын» деп таныстырғанына әуелгі сәтте сенерімді де, сенбесімді де білмей аң-таң болып, абдырап, сасып қалдым. Менің ұғымымда нағыз ақындар Лермонтов, Есенин немесе Мұқағалидай сымбатты, көркіне қыздардың бәрі қызығатындай шетінен сұлу жандар. Ал, мынау кісі менің қиялымдағы ақындардың ешқайсысына да ұқсамайды. Ұқсамақ түгіл, шашы жалбыраған, орта бойлы ғана, өзі ап-арық мына біреуді  ақын деп мойындауға біртүрлі көңілім қимай, қоңылтақситын сияқты ма, қалай. Одаққа кірген кезде әкем маған ымдап «залға бара бер» дегендей ишарат танытты да, өзі Жарасқанды қолтықтап алып, екінші қабатқа көтеріліп кетті. 

Өткелі жатқан поэзия кешіне жұрт ерекше бір ыстық ықыласпен жиналыпты. Одақтың кеш өткізіп, мәжіліс құруға арналған ат шаптырып залында ине шаншар орын қалған жоқ. 

Ең алдымен халыққа кеңінен танымал болған қазақтың үлкен ақындары өлең оқыды, соңынан кезек жастарға да тиді. (Жастар деп отырғаным, әкемнің замандастары). Оқиғасы тартымды, сөздері әсерлі өлеңдер оқылса жан-тәніммен беріліп, құмартып, сүйсініп, қадала тыңдаймын, адамның ішін пыстыратын шұбалаңқы өлеңдер оқылса көзіме ұйқы тығылып, маужырап кетемін. 

Бір кезде жаңа ғана әкем таныстырған Жарасқан ақын ортаға шықты. Ол өзінің желбіреген шәшін артқа қайырып тастады да «Дала сенің ұлыңмын» поэмасынан үзінді оқуға кірісті. Әр сөзі арқаңды қоздырып, рухыңа қанат бітіріп жіберетіндей асқақ пафоспен жазылған дала ақынының асау жыры жиналған жұртты ұйытып жіберіп, зал сілтідей тына қалды. 

Туған дала,

көп үніңнің бірі едім, 

өмірімнің,

көңілімнің нұры едің.

Өзің жайлы өлеңімді бірақ та

әлі күнге оқи алмай жүр елім… 

Бір поэманың табиғатына даланың келбетін, рухының биіктігін, уыздай таза пәктігін, үлбіреген нәзік сезімі мен қайсарлығын сыйғыза білген ақынның ой толғауы мен сөз саптау шеберлігіне еріксіз сүйсіндім. Жан сарайым мен сезім патшалығымды жаулап алған отты жыр делебімді қоздырып, бойымды балқытып барады. «Қан жусандай егілсе, Аққан судай төгілсе, Бетегелі Сарыарқаның бойында, соғыс өлген өкінбес» (Доспамбет) деп кең байтақ дала төсінде бостандық үшін жанын шүберекке түйіп, ұлы мұрат жолында шейіт болған батыр бабаларымыздың өжет рухын мына жыр айқын сездіргендей. Шіркін-ай, адамның сезімін баурайтын сөздің мүмкіндігінде шек жоқ екен-ау!

            Туған дала,

             жаным сенен от алды,

             сен деп білем;

             анам,

                         әкем,

                                атамды...

             Екеу болып аттанбақпын ертеңге,

             батаңды бер, 

             батаңды бер,

              батаңды…

Өлең оқылып болғанда жұрт ұзақ уақыт қол шапалақтап тұрып алды. Тіпті, жыр тыңдауға жиналған халық ақынды сахнадан жібергісі келмей, амалсыздан тағы бір-екі өлең оқуына тура келді. 

...Мен жаңа ғана байқадым. Нағыз ақындар өлең оқып шабыттанғанда ерекше бір күйге еніп, айрықша сұлу болып кетеді екен. Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің келіскен түрі болмаса да неге оған әйелдердің бәрі өлердей ғашық болғанының сырын енді түсінгендеймін. Сол күнгі кеште ерекше шабыттанып, өлең оқыған ақынның сұлу бейнесі әлі күнге есімнен кетпейді. 

Кеш аяқталған соң әкем Жарасқан ақынды ертіп, үйге алып келді. Кеште оқылмай қалған өлеңдер біздің үйде жалғасын тапты. Байқаймын, Жарасқанның өлеңдерінде ылғи да терең оймен қабаттасып ащы шындық жатады екен. Сөздері ұстарының жүзіндей өткір, қиып түсердей қылпып тұр. Дастархан басында әкеме еріп келген ақындардың бірі таяуда қайтыс болған бір үлкен шенеунікті үкімет адамдарының қандай сән-салтанатпен соңғы сапарға шығарып салғанын аузының суы құрып айта бастағанда Жарасқан шыдамай:

- Қатты ұнап қалса, оның орнына өзің жата салмадың ба?- деп тым бейбастақтыққа салынып бара жатқан замандасын тиып тастап, үйге жиналған қонақтардың бәрін бір күлдіріп еді. 

Келесі күні найзағай күркіреп, жаңбыр жауды. Сыртқа шыға алмай, есесіне әкемнің кітапханасынан Жарасқанның жыр жинақтарын тауып алып, құмартып оқи бастадым. 

Ақын әдебиетке буырқанған шабытпен, алапат сезіммен, құбылыс болып келіпті. Жиырмадан енді ғана асқан шағында жарық көрген «Найзағайлы жаз» атты жыр жинағында-ақ ол ұлт әдебиетінің көкжиегін кеңейткен, қазақ поэзиясы үшін жаңалық болған отты жырларымен танылыпты. Мені аттың әдемі тартылған айыл тартпасындай шашау тұрған бір ауыз артық сөздің ақын жырларында кездеспейтін  сұлулығы сүйсіндірді. Өмірдің өзіндей қарапайым, өмірдің өзіндей шынайы ақын жырлары сезім пернелерін дөп басып, ой-санаңды жаулап алады. Менің түсінгенім Жарасқан қазақ ақындарының ешқайсысына да ұқсамайтын үлкен суреткер. Қайталанбайтын  талант. Тіпті, ол адам баласының бәріне тән махаббат тақырыбын да ешкімге еліктемей, ұқсамай жырлайды екен. 

О, махаббат,

Сегіз әріп,

         бір арман!

О, бір арман,

       қырық қыздан құралған!

Мұңды жырсың – 

тебіренсем,

толғасам,

  бір қыз болып жолығасың сен қашан?

Немесе:

Мен сенің бар екеніңе сенгенмін,

Күзгі гүлді балқып құшпағаным да сондықтан!

Мен сенің бар екеніңе сенгенмін,

Тізгінімді тартып ұстағаным да сондықтан!

 

Мен сенің бар екеніңе сенгенмін,

Үй көрмей жайдақ боп жүргенім де сондықтан!

Мен сенің бар екеніңе сенгенмін,

Үйленбей бойдақ жүргенім де сондықтан!

Махабаттың құдіреттілігін дәл осылай шынайы жырлаған «Найзағайлы жыр» жинғанында көкірегін гүл сезім қытықтаған, ақбұлақтардай алқынған ақынның қаншама мөлдір сезімі жатыр десеңізші. Менің Жарасқан ақынның өзімен де, өлеңдерімен де таныстығым осылай басталып еді. Содан бері қырық жыл өтіп кетсе де балалық сезімімнің тұлымы желбіреген күндердің бір сәті де ұмытылған жоқ. Әлі жиырмаға да толмаған жас шағында Жарасқан ақын:

                      Арызым бар, Табиғат айтар менің 

                       Нар ұлдарын еліме қайтар менің..

                        Қайтар менің еліме нар ұлдарын – 

                        Қайтар қайталанбайтын дарындарын! – 

деп, жанарын жас жуып, қобыздай күңіреніп ұлтымыздың рухани көшін алға сүйреген Абай, Мұхтар, Қасым сынды біртуар перзенттерін жоқтап жыр жазыпты.  Мен де кейде он сегіз мың ғаламды жаратқан Алладан Жарасқан, Жұматай, Сағат, Тынышбай, Дәуітәлі, Шөмішбай, Бақыткерейдей әкемнің достарын, қазақтың талантты перзенттерін қайтарып беруін жылап тұрып сұрағым келеді. Бірақ өзегімді өкініш өртегенімен, енді олар Жерге қайтып оралмайды…


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар