Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Амангелді Кеңшілікұлы: Булгаковтың күнәсі...

02.07.2017 7900

Амангелді Кеңшілікұлы: Булгаковтың күнәсі

 Амангелді Кеңшілікұлы: Булгаковтың күнәсі - adebiportal.kz

Айдай әлемге танылған, атағы жер жаратын жазушының сүйекті шығармасы жөніндегі елге беймәлім жағымсыз дерегіңді оқырманмен бөлісу қиын. Аузының суы құрып, жұрттың бәрі мақтауын келістіріп тастаған көркем туындының кемшілігін көріп, оны әңгімеге тамызық еткен ғалымның, әдебиетшінің, һәм сыншының қоғамдық пікірге қарсы шығып қана қоймай, қалың бұқараның танымына күмән келтіргендей күйге душар болатыны бар. Обьективті және субьективті себептердің салдарынан кейде халықтың көңіл көбелегі қонбаған шындықтар талғам таразысына салынбай, жекелеген адам түгіл, қара ормандай қалың оқырмандарды да адасушылыққа ұрындырады. Ең өкініштісі шындықтың қақпағы ашылып, рухани қорек етіп келген «ботқаның» неден жасалғанына көз жеткен күнде де көп адамға сол ақиқатты мойындау оңайға соқпайды. Дегенмен, кемшілігін бетіне басуға асықпай-ақ, нағыз шындықты мойындағысы келмейтін оқырманға түсіністікпен де қараған жөн. Өнердегі ұстаздары өмір бойы оған ұлылығы мойындалған ақын мен жазушы шығармашылығының жақсы жағына ғана назар аудартып, кез-келген туындысының аяғын жерге тигізбей көкке көтере дәріптеп, кейде оның поэмасы немесе романына онда мүлде атымен жоқ артықшылықтарды да жапсырып бақты. Шығарма табиғатына тереңірек үңіліп, жан-жақты талдаған дәлелдеріңізден кейін де талай оқырманның көңілінде орнығып қалған ойынан айнығысы келмей, өз пікірінде табандап тұрып алатыны да сондықтан шығар.

Әсіресе, әдебиеттегі пікір таластыру әдебі қалыптаспаған мемлекеттерде талантты тұлғаның творчествосы туралы білдірген әлдекімдердің субьективті пікірі мәдениетті ой алмасудан гөрі, өз дәлелінен басқаға мойын бұрғысы келмейтін теке-тіреске, арсыз байбаламға, кейде тіпті бір-бірінің жеке басына тіл тигізуге дейін баратын өшпенділікке ұласып жатады. Сондықтан да жазушы шығармашылығына сауатыздықпен таңылған жалған танымның арқасында атағы шыққан кейбір қаламгерлердің творчествосын зерттеп, көңіл орамалыма түйген, жұрттың бәріне жаға бермейтін тікенек ойларымды күнделігіме түртіп қоятын үйреншікті әдетім бар. Жылдар өткеннен кейін беттері сарғая бастаған күнделігімді шолып шыққанымда, осыдан біраз уақыт бұрын санамда жарқ ете қалған ой ұшқыны бір үлкен дүниені жазуға итермелей түседі. Бүгін де жазатын тақырып іздеп, күнделігімді қолыма алдым.

Сенбі. Сағат тілі құмырсқадай жылжып, түнгі он екіден асып барады. Арқаның долы желі ышқына соғып, үйге жіберуімді өтінгендей әлсін-әлсін тереземді тықылдатады. Үстел басында қоңырайып отырғаныма екі сағаттан асып кетсе де, біраз жылдан бері жаныма тыныштық бермеген ойымды қағаз бетіне түсіре алмай қиналып, қаламым жүрмей қойды.

Тоқырап қалмау үшін шығармашылық адамы тау-тау кітап оқып қана қоймай, көңіліне тоқығандарын түртіп, үнемі ізденіс үстінде жүруі тиіс. Абайлаңыз, шығармашылықтан қол үзіп кетсеңіз жаныңыз семіріп, миыңызды май басады. Және тоқмейілсімей, бір жазғаныңызды, егер қиюы келіспей тұрғанына көзіңіз жетсе, өңдеуден, жөндеуден, күзеу мен түзеуден, тіпті керек болса, жыртып тастап, бәрін қайтадан бастап жаңадан жазып шығудан да ерінбеңіз. Шабыттың құдіретіне сене бермеңіз. Еңбек етпесеңіз ол да бір күні шау тартып қалуы ықтимал.

Талантты құртатын – жалқаулық. Егер туындыңызға тамызық болатын идея таба алмай қиналсаңыз, күнделік жазыңыз. Әдебиеттегі ұлы ақын-жазушылардың бәрі де көңіл айдынына қонған ойларын, күнделігіне түртіп отыруды қалыпты дағдыға айналдырған. Тәуекел етіп, орыстың талантты жазушысы Михаил Афанасьевич Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романы туралы біраздан бері ойымда жүрген эссемді бастауыма да осыдан бес жыл бұрын күнделік бетіне қалдырған жазбаларым түрткі болды.

««Булгаковтың жазған шығармаларының «Ақ гвардиясынан» басқалары маған қатты әсер ете қойған жоқ. Менің ойымша Булгаковты ұлы суреткер Гогольдің рухани ізбасары ретінде бағалап жүрген орыс сыншылары қатты қателеседі. Қоғамның жалған болмысын әшкерелеген Гоголь туындыларында халықтың жанын түсінуге ұмтылған, оған аяушылық сезіммен қараған, келешегін ойлап күйзелген, батып бара жатқан батпақтан шығарып алуға ұмтылған Құдайлық сәуле бар. Булгаковта мүлде басқаша.

Жазушының «Иттің жүрегі» повесінен оның қарапайым орыс халқын жек көретін сезімі қылаң беріп қалады. Булгаков – зиялы қауымның жыршысы. Бірақ сол зиялы қауым өкілдерінің де халықтың арасынан шыққанын ұмытуға болмайды ғой. Ендеше повесте тек профессор Преображенскийдің ғана халықтың күні мен парасаты болып суреттелуі қаншалықты дұрыс? Халықты дәл осындай жағдайға жеткізген зиялы қауымның өзі емес пе?

Булгаков өз заманының шындығын жақсы суреттеген - беллетрист, бірақ терең ойлы жазушы емес. «Шебер мен Маргарита» романында да Інжілдегі ізгілікті ойды бұрмалап, бүкіл бір ұлттың дінін қорлап, мазақтағандай болады. Романдағы сайтанға Құдайдың қызметін атқартып қойған ойы да көңіліме қонбайды.

Егер Гогольдің шығармаларында аяушылық сезімі басым болса, Булгаковта керісінше өш алу поэзиясы үстемдік етеді. Оның туындыларындағы өшпенділік билікке ғана емес, қарапайым халыққа да қарсы бағышталған».

(«Көңіл күнделігі» 2012 жылдың 14 желтоқсаны)

Әлемге әйгілі орыс жазушысы Михаил Булгаков жайында, әсіресе, оның «Шебер мен Маргарита» романы туралы мақала жазамын деген ой күні кешеге дейін үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді. Әңгімеміздің ауанынан менің Булгаковтың талантына көзсіз табынатын оқырмандардың сойынан емес екенімді байқаған да боларсыз. Қабілеті күшті жазушы екенін мойындағаныммен «Шебер мен Маргарита» романы арқылы халықтың санасына сыналап сіңіруге тырысқан зиянды идеясын қабылдай алмаймын, орыс әдебиеттанушылары Игорь Золотуский мен Дмитрий Быковтардың «Булгаков талантты болғанымен, ұлы жазушы емес» деген пікірлерімен толық келісемін.

Бес жыл бұрын мұндай байламға тоқтам жасағанымда жазушы жөнінде жарық көрген көптеген ғылыми мақалалар мен зерттеулерден бейхабар болатынмын. Ішкі бір түйсікпен сезген ойымның қаншалықты дұрыс екеніне көз жеткізу үшін өз бетімше ізденіп, мүйізі қарағайдай ғалымдар мен әдебиет зерттеушілерінің еңбектерімен танысып шығып, өз пайымдауымның шындық екенін анықтағанымда жерден кесек алтын тапқандай қуандым. Әсіресе, Сталинге ықпал ету үшін «Шебер мен Маргарита» романын жазып, зұлымдықтың жаршысы болып кеткенін түсінгенімде Булгаковтан мүлде көңілім қалды. Содан бері ол жайында ойламауға тырысып жүретінмін.

Алайда, таяуда әлеуметтік желіде жарияланған мақала мен оның шығармашылығына сүйсінген оқырмандар пікірін шолып шыққан соң Булгаков туралы білетін деректерімді сана сүзгісінен өткізіп, қолыма қалам алып, қоғамдық пікірге қозғау салу үшін ойымды ортаға салуды мақұл көрдім.

Жалпы, атағы айдай әлемге дүркіреп, шығармашылық тұлғасы «култьке» айналған қаламгердің қандай да бір туындысы ұнамаса да, оған қатысты пікірін білдіруге қарапайым оқырман түгіл, білікті сыншылардың да кейде жүрегі дауалай бермейді. Көпшілікке ұнамайтын ойын ортаға салған адамның азшылықтың ішінде қалып қойып, орнығып үлгірген қоғамдық пікірге қарсы шыққандай күйге душар болатыны бар. Сондықтан да көп адам өз ойын батыл білдіргеннен гөрі, жұрттың сөзін қайталап, бәрін де мақұлдап, бәріне де басын изеп тыныш жүргенді ақыл санайды. Бір жағынан оларды түсінуге де болады. Қоғамдық пікір қате болса да оған қарсы шығу еш уақытта да сыншыға абырой әпермейді. Кім өзінің сау басына сақина тілеп алғысы келеді, дейсің. Халқымыздың «көп қорқытады, терең батырады» деген даналығын осындайда еріксіз есіңе алмасқа амал кем.

«Шебер мен Маргарита» романы – қазақтың мәдени элитасының да сүйіп оқитын туындысы болғандықтан, мен де күні бүгінге дейін атақты шығармаға қатысты субьективті пікірімді ашық білдірген емеспін. Өз басым қарапайым халық түгіл, романды оқыған зиялы азаматтарымыздың да ишарамен, символдық көріністер арқылы айтпақ болған жазушының адамзатқа қауіпті идеясына мән бермек түгіл, оны түсінгеніне күмәным зор. Бірақ сол үшін шығарманың идеялық тағылымына терең бойлай алмаған жұртты кінәлаудан аулақпын. Себебі, жазылу формасы, күрделі стилінің өрнегі мен баяндау тәсілі т.с.с. барлығы қаламгердің басқа туындыларының бірде-біреуіне ұқсамайтын «Шебер мен Маргарита» мына біз сияқты қарапайым халыққа арналып жазылған роман емес. Обьективті және субьективті себептерге байланысы бұл шығарма белгілі бір адамға, (керек болса мен тіпті оның атын да айтып берейін) пролетариат көсемі Иосиф Виссарионович Сталиннің көзқарасына ықпал ету мақсатында жазылды.

***

Жазушы мен тиран. Біреуі – қалам құдіретіне сыйынып әлемге ізгіліктің шуағын шашса, екіншісі – әлі күнге дейін қолындағы өктем билігінің арқасында халықтың көзін қасіреттен ашқызбай жүр. Көне тарихты ойша шолып өтсеңіз, жазушы мен тиранның тіл табысып, бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүрген заманы болмағанына кезекті рет көзіңіз жете түседі. Дәурені өткенде алдамшы сағымдай көзден бұлбұл ұшатын билігіне ғана сенетін диктаторлар ұлттың жан айқайы болып табылатын әдебиеттен өлердей қорқып, репрессиялық цензураны енгізіп, азат ойлы жазушыларды көздерінен таса қалдырмай, үнемі оларды қырағы бақылауда ұстап келеді. Өйткені, нағыз әдебиет құлдықтың пердесін жұлып тастап, өтірік идеологияның күлін көкке ұшырады, пенде баласының надандығы туғызған кедергілерді бұзып-жарып өтіп, адамға азаттықтың рухын сыйлайды.

Қолдан ашаршылық ұйымдастырып, жұртты қынадай қырып, айуандықтан да асып түсетін жазалаулардың сорақы түрлерін ойлап тапқан қатыгез Сталин де халықты құлдықта ұстаған советтік идеологияға төнетін қауіптің әдебиет жақтан келерінен қатты күдіктенді. Нағыз сөздің өзегінде тоталитарлық жүйеге қарсы атылатын оқтың жататынын сезген тиран ақындық мінезі, азаматтық ұстанымы, ең бастысы таланты бар қаламгерлерді құрметтейтін түр танытып, олардың көзіне өнерді түсіне алатын жақсы басшы болып көрінуге тырысты. Ең қызығы диктатор алдына түсіп, құрақ ұшатын жағымпаздарға, жеке басына табынып сөзден сарай соққан жалпақшешейлерге емес, ақылды ойын батыл жеткізуден қаймықпайтын, жүрегінде қайраты бар шығармашылық адамдарын өзінің жағына қаратып алуға зор мән берді.

Жазушы Булгаков пен тиран Сталиннің арасындағы «достық» қарым-қатынастың алғашқы кірпіші өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында қалана бастағаны тарихтан мәлім. Екеуінің бір-бірімен жақынырақ танысуына 1926 жылы ОГПУ қызметкерлерінің қаламгер пәтерінің астаң-кестеңін шығарып тінту жүргізіп, «Иттің жүрегі» повесінің қолжазбасы мен күнделігін тәркілеуі себеп болды. «Іштен шыққан шұбар жылан» болғандықтан қандай қаламгер ұзақ жылдар бойы толғатып туғызған туындысынан тірідей айырылғысы келеді дейсің. Басқа біреу болса, советтік билікті аяусыз масқаралаған шығармасын қайтарып алуға әрекет етпек түгіл, адасқанын мойындап, ант-су ішіп, аман қалғаны үшін қаһарынан қар жауған қызыл империяның аяғына жығылып, кешірім сұрар еді-ау. Булгаков болса күнәсін мойындамақ түгіл, керісінше жоғары жаққа қайта-қайта шағымданып, ақыр соңында ресми билік повестің қолжазбасын да, күнделігін де оған қайтарып беруге мәжбүр болды. Ия, бұл советтік билікпен теке-тіреске түскен суреткердің алғашқы және ең ақырғы жеңісі еді. Бірақ байғұс Булгаков осыдан кейінгі «айқастардың» бәрінде де рухының қорланып, үнемі биліктің мазағына ұшырап Сталиннің қолындағы қуыршаққа айналатынын, қайдан білсін...

Биліктің, әсіресе жендетке айналған зорлықшыл тиранияның айдаған жағына жүргісі келмей, азуын көрсетіп, айбат шеккен жазушыны аяғанын қашан көріп едіңіз, қымбатты оқушым. Жазушыға деген қандай ұйып қалған өшпенділігін жүрегінде сақтап жүрген Сталин 1928 жылдың ақпанында «Красная звезда» газетінің редакторы Феликс Яковлевич Конға жазған хатында Булгаковтың «Жүгіру» пьесасына «антисоветтік құбылыс» деген баға береді. Диктатордың аузынан шыққан әр сөзге мән беріп, оны басшылыққа алып отырған ресми билік осыдан кейін жазушының театр сахнасында қойылып жатқан пьесаларының бәрін репертуардан алып тастап, туындыларын басуға қатаң тиым салды. «Байтал тұрмақ бас қайғы» болып, күнін көре алмай қалған қаламгерге бұдан өткен қандай азап пен қорлық болуы мүмкін? Айтыңызшы қандай? Тиранның шығарған қорқынышты үкімі құлақтарына жеткенде, дос түгіл дұшпандары да Булгаковтан теріс айналып кетті. Кімге, мұңың шағарың білмеген жазушыға бұралқы иттей қыңсылап, аштан өлуден басқа амал қалмады.

Мейлі ғой, егер ойыңа алған ісіңді табысты аяқтап, қиялыңның бесігін тербеген шығармаларыңды жазып үлгерсең өлім де соншалықты қорқынышты құбыжықтай көрінбес еді-ау. Бәрінен бұрын, жазатайым көз жұмса махаббат үшін бұрынғы күйеуі сыйлаған жақсы өмірін мансұқ етіп, жазушының құшағына құлаған және оның бойындағы талантына кәміл сеніп, барлық әйелдің арманы болып табылатын барақат тіршілігінен бас тартқан жұбайы Елена Сергеевнаның жағдайының нешік болатынын ойласа, екі дүниеден де безіп кеткісі келеді. Қайтпек керек? Тығырықтан шығудың бір-ақ амалы қалды, ол - нағыз жазушы болу жолында көрген бейнетін тәпіштеп баяндап, ақындық тағдыры ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұрған Сталинге хат жазу. Дегенмен, миллиондардың өмірін отқа тастайтын ағаштай пешке лақтырған жауыз жазушының жан айқайына құлақ аса қояр ма екен? Тәуекел! Басын жоғалтқан пенде, шашын жоқтап жыламайды.

«1929 жылдың шілдесі. Мәскеу.

Партияның Бас хатшысы И.В.Сталинге

Комитеттің атқару орталығының төрағасы М.И. Калининге

Өнер басқармасының бастығы А.И. Свидерскиге

Алексей Максимович Горькийге

Михаила Афанасьевич БУЛГАКОВТАН

(Мәскеу, Б. Пироговская, 35/а, 6 пәтер, т. 2-03-27)

ӨТІНІШ

Биыл менің Совет одағында әдеби жұмыспен шұғылдана бастағаныма он жыл толады. Осы өткен уақыттың соңғы төрт жылын драмматургияға арнап, 4 пьеса жаздым. Соның үшеуі («Турбиндердің күндері», «Зойканың пәтері» және «Қызыл арал») Мәскеудегі мемлекеттік театрлардың сахнасында қойылды, ал, төртіншісі «Жүгіруді» МХАТ қоюға тәуекел еткенімен, Театр онымен жұмыс істеу процессін бастаған шақта, оған да тиым салынды.

Қазіргі уақытта мен «Турбиндердің күндері» мен «Қызыл аралды» қоюға да тиым салынғанынан хабардар болып отырмын. Екі жүз рет көрермен тамашалаған «Зойканың пәтері» да былтырғы жылдың маусымында биліктің үкімімен сахнадан алып тасталынды. Міне осылайша қазіргі театр маусымының қарсаңында менің барлық пьесаларымды сахнаға шығаруға рұқсат етілмеді, олардың ішінде көрермен талғамының сынағынан өтіп, үш жүз рет көрсетілген «Турбиндердің күндері» де бар.

1926 жылы «Турбиндердің күндері» қойылымының бас дайындығында мені ОГПУ қызметкерлері ұстап әкетіп, жауап алды. Бірнеше ай бұрын ғана олар менің пәтерімде тінту жүргізіп күнделігімді және үш дәптерге толтырылған «Иттің жүрегі» атты сатиралық повесімнің қолжазбасының жалғыз данасын тәркілеген болатын.

Соның алдында ғана менің «Манжеттегі жазбалар» повесімнің жолы кесілді. Сатиралық әңгімелерден тұратын жинағым «Сайтаннаманы» да қайта шығаруға рұқсат етілмеді, фельетондар жинағымды да баспай қойды, «Чичиковтың кезбелігі» шығармамды де шығартпай тастады. «Ақ гвардия» романымды «Ресей» журналы басып жатқан жерінен тоқтатып тастап, кейін журналдың өзін де жауып тынды.

Шығармаларым жарық көрген сайын Совет сыншыларының маған деген назары арта түсіп, менің бірде бір туындыма, мейлі ол беллетиристикалық дүние немесе пьеса болсын мақұлдаған пікір түгіл, қайта керісінше, менің есімім ССРО мен шет елде танымал бола түскен сайын, маған қарсы үздіксіз балағат өрттей өршіп барады.

Менің барлық туындыларыма адам шошырлық, жағымсыз баға берілді, менің атым тек мерзімді басылымдарда ғана емес, сондай-ақ Үлкен Советтік Энциклопедия мен Әдеби Энциклопедияда да масқараланды. Қорғануға дәрменім қалмаған мен ең болмағанда қысқа мерзімге шет елге кетуге рұқсат сұрап өтініш жаздым. Өтінішім қанағаттандырылмады.

Менің «Турбиндердің күндері» мен «Зойканың пәтері» туындыларым ұрланып, шет елге әкетілді. Рига қаласындағы басылымдардың бірі менің «Ақ гвардия» романымды толықтырып, өте сауатсыз аяқталған туындыны менің атымнан басып, жарыққа шығарды. Менің шет елден алуға тиіс қаламақым талан-таражға түсті.

Сол кезде менің әйелім Любовь Евгениевна Булгакова жұмыстарымды реттеу үшін екінші мәрте өтініш жазды, мен оған ол жақта кепіл тұтқын ретінде қалуды да ұсынғанмын.

Біздің арызымыз тағы да қанағаттандырылмады.

Мен бірнеше мәрте ГПУ тәркілеген қолжазбаларымды қайтаруды сұрап арыз жазғаныммен, ол шағымым да қанағаттандырылмады, өтінішіме жауап бермеген де жағдайлар болды.

Мен ССРО шекарасынан тыс жерде талан-таражға түсуден қорғау үшін, «Жүгіру» пьесамның шет елге жіберуге рұқсат сұрадым. Оған да рұқсат етілмеді.

Жиырмасыншы жылдардың аяғына таман менің күш-қуатым сарқылды, әрі қарай қалай тіршілік етерімді білмей, әбден титықтап, ССРО шекарасынан басқа жерде шығармаларымның басыла және пьесаларымның қойыла алмайтынын біліп, жүйкем тозған мен Сізге өтініш жасап, менің арызыма толық қосылатын жұбайым Л.Е.Булгаковамен бірге бізді ССРО шекарасынан шығарып, шет елге қуып жіберуге ықпал етуіңізді сұраймын.

М Булгаков.

Мәскеу .. шілде 1929 жыл».

Жан-дүниесі күйзеліп, қаламын қанды жасына малып отырып жазған, көрген қорлығы, шеккен азабы сипатталған аянышты хат Сталинге жолданды. «Шет елге қуып жіберуге ықпал етуіңізді сұраймын» деген жалынышты тілекті айтуға дейін барған Булгаковтың қандай күйге ұшырағанын көз алдыңа елестетудің өзі аянышты. Мұндай тілекті, тіпті тілектен гөрі кекесінге ұқсайтын сөздерді, анау-мынау емес, тиранның бетіне басып айтып салу өмірін өлім бәйгесіне тіккенмен пара-пар ақымақтық емей, немене.

Сынаптай сырғанап, күн артынан күн өтті. Жоғары жақтан жауап болмады. Әлде, Сталин жазушының хатын оқып шығуға уақыт таба алмады ма? Жо, жоқ. Мүмкін емес. «Турбиндердің күндері» пьесасын он алты рет көру үшін театрға баруға мүмкіндік тапқан залымның жазушының бір жапырақ арызымен танысып шығуға мұршасы болмағанына кім сенеді? Ендеше ұзаққа созылған үнсіздіктің артында бір үлкен гәп бар. Ол не гәп?

Жарты жылға созылып, жанын қажаған үнсіздіктің бітпейтін сыңайына көзі жеткен Булгаков енді, 1930 жылдың наурызында үкіметке хат жазды. 11 бөлімнен тұратын кезекті хаттың толық аудармай-ақ, мазмұнын ғана баяндап, әңгімемізге қатысты кей тұстарын ғана тәржімалап берейік. (Хаттың толық мәтінімен танысқысы келгендер оны мына сілтемеден оқи алады: http://www.kulichki.com/inkwell/text/hudlit/ruslit/bulg/bulgakov.htm ).

Үкіметке жолдаған хатында да Булгаков жазған туындыларын баспайтын, пьесаларын қоймайтын, ешбір мекеме жұмысқа да алмайтын елде өмір сүрудің мүмкін емес екенін тілге тиек етеді. Хатының соңын тағы да «Шұғыл түрде ССРО дан кетіп қалуға рұқсат берулеріңізді сұраймын» деп аяқтайды.

Булгаковтың батылдығы таң қалдырады. Ол ештеңені жасырмай, ойын ашық айтты. Тіпті, өзін коммунистерге бүйрегі бұрып тұрған жазушы ретінде көрсетуге тырыспайды да. Күлбілтелемей немесе түлкібұлаңға да салынбай советтік режимді қолдамайтынын да анық жеткізеді. Коммунистік пьеса жаза алмайтынын да жасырмайды. Булгаковтың бойындағы зиялылық қасиет оған осының бәрін істеуге кедергісін келтіріп тұр. Ол биліктің құлақкесті құлы болудан бас тартып, тәуелсіздігін сақтап қалғысы келеді. Сол уақыттағы советтік баспасөздің Булгаков шығармашылығына деген көзқарасының қандай болғанына көз жеткізу үшін, біз осы хаттың екінші бөлімінің кейбір жерлерін аударып бергенді жөн санадық.

«Альбомымдағы қиындыларымды қарап отырып, әдеби жұмыспен шұғылданған он жыл мерзімде ССРО-дағы баспасөзде мен туралы 301 пікір жазылғанын анықтадым. Олардың ішінде: мақтағаны – 3, балағаттап-жамандағаны – 298.

Соңғы 298 пікір менің жазушылық өмірімнің айнадағы көрінісі болып табылады. «Турбиндердің күндері» пьесамның кейіпкері Алексей Турбин баспасөзде жарияланған өлеңде «Иттің баласы» деп әжуаланып, ал пьеса авторы «кәрі итке» теңелді. Мен жайында ішіп-жегенін құсып кеткен қонақтардың қалдығын жинайтын «әдебиеттің сыпырушысы» деп те жазылды. Ондай былай делінген:

"...Мишка Булгаков, менің тамырым, осылай дегенім үшін ғафу өтінемін, жатып қалған қоқысты тіміскілеп жүр.. Бауырым-ау саған не болған деймін мен оған... Мен өте ибалы адаммын, легенді алдым да артынан бір-ақ ұрдым.. Итке кеудешенің қалай керегі болмаса, бізге де Турбиндердің қажеті шамалы... Табылды ғой иттің баласы. Жолы болмағыр Турбиннің осындайда табыла қалғанын қарашы..» ("Жизнь искусства", N44-1927 г.).

Булгаков жөнінде «көн қатса қалыбына келетін, улы құсығын жұмысшы табы мен коммунистік идеалдарға қарсы шашыратқан жаңа буржуазияның қалдығы» деп те жазды. ("Комс. правда", 14/X-1926 г.).

Маған «әйелінің төңірегіндегі иттердің тойын ұнатады» деп те айтты (А. Луначарский, "Известия, 8/X-1926 г.) және менің «Турбиндердің күндері» пьесамнан сасық иіс шығатыны да хабарланды (1927 жылдың мамырындағы Агитпроп жанындағы кеңестің хаттамасы), және тізе берсем осы сияқтылар өте көп....».

Әрі қарай Булгаков айтылып жатқан сындардың жай-жапсарына тоқтала келіп, жазған пьесалары арқылы жеткізбек болған ойларын сыншылардың түсіне алмағанына тоқталады. Совет билігінен күдерін үзген қаламгер хатының соңын былай түйіндейді.

« Мен ССРО үкіметінің әйелім Любовь Евгеневна Булгаковамен бірге ССРО шекарасын тастап кетуге бұйрық беруін сұраймын.

Мен совет билігінің адамгершілігіне үміт артып, өз елінде пайдасы жоқ жазушыны бостандыққа жіберуін сұраймын».

Екінші хат та жолданды. Сынаптай сырғанаған көңілсіз күндер де жылжып өтіп жатты. Жауап болмағанына қапаланған Булгаковтың өміріндегі ең азапты күндер басталды. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды, ішкені ірің, жегені желім болды. Уайымнан жаны жүдеп, қайғыдан жүрегі қарайып кетті. Мүмкін, қабағынан қар жауған, қаһарлы билікке айбат шегіп, мінез көрсетудің керегі жоқ па еді? Жеке адам түгіл, тұтас қоғамның қабырғасын қақыратып жіберген зұлым билікке сес көрсететіндей, кім еді ол, соншама? Жо, жоқ, біз қателесіппіз, адам төзгісіз қорлық пен азапқа шыдаған жазушының әлі де мына жалғаннан көретін жарығы бар екен. Бірнеше айдан соң, шайтан үміттің соңғы тірегі сынғандай болғанда күтпеген жерден Булгаковтың пәтеріндегі телефон таяқ жеген баладай шырылдап қоя берді. Хабарласып тұрған анау-мынау емес, пролетариат көсемі Иосиф Виссарионович Сталиннің өзі екен. Төбесінен жай түскендей болып, есеңгіреп қала жаздаған Булгаков мұндайды мүлде күтпеген. Сенерін де, сенбесін де білмеген әлі де көңіліндегі тарқай қоймаған күдіктен арыла алмаған ол телефон тұтқасына желімдей жабыса түсті. Жо, жо, жоқ, жалғыз ол ғана емес, миллиондаған адамдардың барлығына да жақсы мәлім - тиранның дауысын жазушы жазбай таныды. Сталин алған беттен бастырмалатып, Булгаковты тақымдай ала жөнелді. «Сіздің елден кеткіңіз келіп жүр ме? Немене біз сізді қатты шаршатып жібердік пе?» деген сауалды төтесінен қойып, оны әбден сасқалақтатып тастады. Не айтарын білмей абдырап қалған Булгаков орыс жазушысының Ресейде тұруы керек екені туралы ойын жеткізіп, Көркем театрда істегісі келгенімен, ешкім де оны жұмысқа алмай жатқанын хабарлап, мұңын шақты. Сталин болса: «Сіз тағы да оларға өтініш беріп көріңіз. Олар келіседі деген ойдамын. Бізге кездесіп, сөйлесу керек еді», - деп жауап береді. Булгаков та «Ия, ия Иосиф Виссарионович! Менің сізбен міндетті түрде әңгімелесуім керек» деп алғысын жаудырады. «Дұрыс айтасыз. Уақыт тауып әңгімелессек жақсы болар еді» деп Сталин әңгімесін түйіндеп, телефон тұтқасын қоя салады.

Ертеңіне таң атпастан Булгаковқа Мәскеудің Көркем академиялық театрынан хабарласып, оны жұмысқа шақырады. Бірақ шын мәнісінде диктатор Сталиннің бұл әрекетінің артында Булгаковты қорлап, оған өмірлік «тағылым» болатындай сабақ беруді көздеген жымысқы саясат жатты. Диктатор бір жағынан Булгаковқа шығармашылық адамымен мәдениетті диалог жүргізіп, суреткерді түсіне алатын тұлға екенін көрсеткісі келетін түр танытқандай болады.

Негізінен Сталин диктатор болса да, қай заманда да өнерде тарақандай қаптап жүретін жағымпаздарды емес, өз ұстанымы, көзқарасы бар шығармашылық адамдарына құрметпен қарайтын. Жағымпаздар заман өзгере қалса бір күнде сені сатып кетеді. Оларға еш уақытта сенудің қажеті жоқ. Ал, өмірлік ұстанымы, болып жатқан оқиғаларға байланысты көзқарасы бар адамдардан көп нәрсе үйренесің. Нағыз шындықты да негізінен солар айтады. Жалпы Булгаковтың ресми билікке деген көзқарасын жасырмай, оны ашық білдірген санаулы қаламгерлердің бірі болғанын айта кеткеніміз абзал. Мысалы ол үкіметке жазған хатында өзін коммунистерге жаны ашитын жазушы ретінде көрсетуге тырыспайды. Тіпті, хатта өзінің ырыққа көнгісі келмейтін қиқар мінезі үшін ақталғысы келген бір ауыз сөз жоқ. Коммунистік шығарма жаза алмайтын жазушы екенін де ашық мойындайды. Міне осындай турашылдығы үшін оны Сталин ұнатқан болуы тиіс. Айталық Булгаковтың «Турбиндердің күндері» пьесасын диктатор он алты рет тамашалап, социалистік реализмнің талабына жауап бермейтін туынды болғанына қарамастан жоғары бағалады. Диктатор советтік шығарма жаздыртуға Булгаковты көндіре алмайтынын сезіп, енді қандай жолмен болса да оның рухын қорлап, сағын сындырудың амалын қарастыра бастады. Қанішер тиранның әйгілі қаламгерге телефон шалып, оны үміттендіріп қоюы көзбояушылық әрекет қана болатын. Әйтпесе, осы оқиғадан кейін Сталиннің ниет танытып Булгаковпен кездесіп әңгімелеспек түгіл, бір рет те жазушыға телефон шалмай қойғанын қалай түсінеміз? Ал, Булгаков диктатордың көмегімен болса да жұмысқа тұрғанымен, бірде-бір шығармасын газет-журналдар баспай қойды. Өзіне байланысты орын алып жатқан жағдайлардың бәріне де Сталиннің қатысы жоқ екеніне сенімді болған қаламгер өмірінің соңына дейін Сталинмен кездесіп, шерін тарқатып әңгімелесуді армандап өтті. Шарасы таусылған Булгаков 1931 жылы пролетариат көсеміне тағы да хат жазды. «Сіздің менің бірінші оқырманым болғаныңызды қалар едім» деп жалынады осы жолғы жазған хатында Булгаков.

Жалпы Ресей тарихында патшаның ықылас танытып, ақынның бірінші оқырманы болуы соншалықты шетін оқиға емес. Мысалы, 1826 жылдан кейін Ресей патшасы Бірінші Николайдың орыстың ұлы ақыны Пушкиннің бірінші оқырманы, әрі цензоры болғаны мәлім. Булгаков жазған хатында патша мен ақын арасында болған осындай жүйені қалпына келтіріп, оны қайта енгізуді ұсынады. Сталин өзіне көрсетілген «мәртебелі» құрметтен бас тартады. Жазушының зұлым билікпен қалай асқақ сөйлескенін көрсету үшін осы хаттың әңгімемізге тікелей қатысы бар тұсын аударып бергенді артық көрмедік. «Ресейлік сөз өнерінің алып алаңында мен жалғыз қалған әдеби қасқырға айналдым. Маған жүнімді бояп тастауға кеңес берілді. Мағынасыз кеңес. Боялған қасқыр ма, жүні қырқылған қасқыр ма, ол бәрібір қанден бола алмайды. Маған қасқырға қарағандай көзқарас қалыптасып отыр. Бірнеше жыл бойы мені әдеби жабайылықтың ережесі бойынша сынап, сырты қоршалған аулада қудалап келеді. Менің ешкімге деген өшпенділігім жоқ, бірақ мен қатты шаршадым. Аң да шаршайды емес пе. Енді міне сол аң өзінің қасқыр емес, әдебиетші екенін мәлімдеді. Өзінің қызметінен бас тартты. Үндемей қойды. Бұл дегеніміз турасын айтқанда, рухсыздық. Үндемей қоятын жазушы болмайды. Егер үндемей қойса, ол нағыз жазушы емес. Нағыз жазушының үндемей қойғаны – өлгені». (Хаттың толық мәтінін мына сілтемеден оқуға болады. http://www.famhist.ru/famhist/sarn_st_po/001f5941.htm ).

Өкінішке қарай, мінез көрсетіп, азаматтық ұстанымын білдіріп, батылдық танытқан қаламгер хатының соңында мүләйімсіп «Иосиф Виссароионович, менің жазушы ретіндегі ұлы арманым сіздің қабылдауыңызға кіру болып табылады. 1930 жылдың сәуіріндегі телефон арқылы болған әңгімеңіз менің есімде қайталанбас ізін қалдырды» деп, диктатордың қолын сүйгендей кейіпке түседі. Ресми жауап берілмесе де бұл хат Сталиннің қолына тиген болуы ықтимал. Себебі осыдан кейін Булгаков пьесаларының қайтадан театр сахнасында қойылуына жол ашылды. Солай бола тұрғанымен Сталин мен Булгаковтың арасындағы жақсы қарым-қатынас кейіннен қайтадан нашарлап кеткені аян. Дегенмен тиран мен жазушының бір-бірімен қарым-қатынасы о бастан жақсы болды деп айту қиын. Олардың бір-біріне деген «ілтифатын» мысық пен тышқанның ойынына ұқсатуға болады. Әрине, қалыптасқан жағдайда кімнің мысық, кімнің тышқан екені айтпаса да түсінікті. Өзінің кім екенін жақсы білетін Булгаковқа ақылды тышқан болуы керек еді. Ол болса әпенделік танытып, Сталиннің ресми жауабын күтпей жатып, шет елге кетудің қамын ойластырып, құжаттарын реттеуге кірісе жөнелді. Булгаковқа талай «жақсылық» жасаған Сталин жазушының кезекті «еркелігін» кешіре алмады.

Сталиннің шет елге кетуіне рұқсат беретініне сенімді болған жазушы ең алдымен тиранға арнап жазған «Шебер мен Маргарита» романының алғашқы нұсқасын өртеп жібереді. Зұлым тиранды ақтап алуға тырысқан мұндай туындыны ол өзімен бірге шет елге әкеткісі келмеді. Алайда, тиранның сеніміне кірдім деп ойлаған Булгаков оңбай қателесті.

1934 жылы шет елге қоныс аударғысы келген жазушы жұртқа күлкі болып, мазаққа ұшырады. Ең алдымен әкімшіліктен ресми шенеунік телефон шалып, шет елге кетуі үшін олардың Моссоветке келіп, тиесілі құжаттарды толтыруын өтінеді. Бақыттан бастары айналған Булгаков пен жұбайы Моссоветке қарай құстай ұшады. Бір-бірімен әзілдесіп, анкетаны толтырып болғанда шенеунік жұмыс күнінің аяқталғанын хабарлап, ертең келулерін сұрайды. Ертеңіне де, арғы күні, одан кейін де бірнеше мәрте осы оқиға қайталанады. Жүні жығылып, әбден үміті үзілген кезде ғана олардың шет елге шығуына рұқсат берілмегені туралы ресми жауап келеді. Әлі де Сталиннің мейірімінен дәмеленген Булгаков болған жағдайдың барлығын тәпіштеп түсіндіріп, қайтадан тиранға хат жазады. Сталин ол хатқа жауап бермейді. Содан бері жазушы мен тиранның арасында болған «жақсы» қарым-қатынас алты жыл бойы үзіліп қалды.

1939 жылдың көктемінде «Иван Сусанин» қойылымының ашылу салтанатын тамашалауға келген Сталинді жазушының көзі алыстан шалады. Қаламгерді қайтадан сайтан иектей бастады. Енді Булгаков тиранның көңілінен шығу үшін ол туралы «Батум» деген пьеса жазбаққа бел буды. Жағымды жаңалықты естіген барлық театрлар атақты прозаиктің пьесасын қоюға ниет білдіріп, қатты құлшыныс танытты. Ресейдің ірі қалаларындағы театрлардың бәрі ұмытып кеткен жазушысын қайтадан естеріне түсіріп, оған үсті-үстіне телефон шалып, пьесаны сахналауға ниет танытып, «Батумды» репертуарға да енгізіп, бірнеше келісімдер де жасалып қойылады. 1939 жыл пролетариат көсемі Сталиннің алпыс жылдығы. Әрине, елдегі театрлардың бәрі де Булгаковтың пьесасын қойып, жақсы жағынан тиранға көрініп қалуды көздейді.

Қош, сонымен тамызда қойылымды сахналайтын режиссерлер мен актерлардың шығармашылық тобы пьесадағы оқиғалар орын алатын жерлерді көздерімен көріп қайту үшін Грузияға аттанады. Серпухова станциясына жеткенде олардың купесіне пошташы әйел кіріп, пьесаны қоюдың қажеттілігі тумай қалғаны туралы жоғары жақтан жіберілген телеграмманы жазушыға табыс етеді. «Құмырсқа әліңді біл» дегендей болған Сталин жазушыдан өшін алып, оны достарының алдында мазақ етті. Шарасыздықтан не істерін білмей, жыларман бола жаздаған Булгаков «Люся, ол мені өлім жазасына кесті» дейді әйеліне қарап.

Атақты жазушының пьесасынның қойылуына неге Сталиннің құлық танытпағаны туралы мәліметтерді іздестіргенімізбен, осыған байланысты қандай да бір нақты деректерді біз таба алмадық. Тек белгілі режиссер Немирович-Данченкомен әңгімелескенде пролетариат көсемі «пьеса жақсы жазылған, бірақ қоюдың қажеті жоқ» деген көрінеді. Менің ойымша, бастапқыда мінез көрсеткен қаламгердің кейіннен жүні жығылып, қалай сағының сынғанын көргенде тиран одан түңіліп кеткен сияқты. Бәлкім жазушы Сталинге қайта-қайта жалынып-жалпайып хат жазбағанда, мазақ болып, қорлануға дейін бармағанда ол оны көбірек құрметтер ме еді? Кім білсін? Шындығында да бұрын жазушы әдебиеттің нағыз қасқыры болды. Зұлым заман мен тағдыр тауқыметі оның рухын сындырып, қанденге айналдырды. Ал, Сталин еш уақытта да құлдық ұруға дайын тұратын қандендерді жақсы көрген жоқ. Өйткені, оның өзі де айдаһар уақыттың қанды ауыз қасқыры болатын.

Соңғы демі таусылғанға дейін тираннан жақсылық дәметкен Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романын миллиондаған адамдардың қанын судай ағызған қанішер тиранға арнап жазғанына менің еш күмәнім жоқ. Жазушы бұл туындыны 18 жылдан астам уақыт жазды деген сөздер шындыққа сәйкес келмейді. Романның жаңа нұсқасын ол өмірінің соңғы жылында жылдам жазып шықты. Өз басым атақты шығарманың өте талантты жазылғанын мойындағаныммен, идеялық концепциясын үзілді-кесілді қабылдай алмаймын. «Шебер мен Маргарита» туындысының жазушы өртеп жіберген алғашқы нұсқасының қандай болғанынан әрине біз бейхабармыз. Бірақ екінші нұсқасының тез жазылғанына қарағанда, оның біз оқып жүрген романнан айырмашылығы шамалы болды деген ойдамын.

Дей тұрсақ та кезекті тақырыптың шымылдығын ашпас бұрын, Сталинге өлердей сеніп, қамқорлығынан үміттенген Булгаков өмірінің ақыры қалай болғанына қысқаша тоқтала кетейін. Соңғы оқиғадан кейін жазушының жүйкесі сыр беріп, күйзеліске ұшырап, қатты сырқаттанып қалады. Алайда, соңғы романын жазу үшін жазушы барлық күш-жігерін салды. Бірақ, жоқшылықтан қиналып, уайым жанын кемірген Булгаковтың денсаулығы күннен күнге нашарлай берді. Мәскеу көркем академиялық театрының актерлары Булгаковтың емделуі үшін, Италияға баруына рұқсат беруін сұрап, жоғары жаққа хат та жазды. Бірақ билік Булгаковқа аяушылық жасамай қойды. Қайтыс боларының алдында оған Жазушылар Одағының хатшысы Александр Фадеев келіп кетеді. Сырқаты қатты титықтатып, жүдеп-жадап шаршаған, көзі де көрмей зағип болып қалған жазушының бөлмесінен Одақ хатшысы шықаннан кейін Булгаков әйелін шақырып алып «Екінші рет келсе, бұл адамды үйге кіргізуші болма» деп бұйырады. Орыстың талантты қаламгері Михаил Афанасьевич Булгаков 1940 жылдың 10 наурызында дүние салды. Сол күні олардың үйіне белгісіз біреу Сталиннің қабылдау бөлмесінен телефон шалып, жазушының қайтыс болғанын анықтағаннан кейін кім екенін де айтпастан, телефон тұтқасын қоя салыпты.

***

Орыс әдебиетінде Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романы жөнінде дау-дамай көп. Бәріне тоқталып, жіпке тізе берсек кірпіштің қалыңдығындай нән кітап жазып шығуға болатын материалдар таба аламыз. Өз басым бұл романды орыс әдебиетіндегі ұлы туындылардың қатарында тұруға лайық көркем шығармалардың санатына қоса алмаймын. Романға байланысты пікірталастың нүктесі әлі қойылмағанымен, менің ойымша Булгаковтың бұл шығарманы пролетариат көсемі Сталинге арнап жазғандығын дәлелдегісі келетін әдебиет зерттеушілерінің айтқан сөздерінің жаны бар.

Айтқан сөзімізді дәлелдеу үшін әуелі «Шебер мен Маргарита» сияқты романдардың дүниеге келуіне жазушыны қандай жағдайлардың итермелейтіні және қандай себептер мәжбүр ететіні жайында ой толғап көрейік. Ия, әңгіменің қызуымен, ең басты деталь –неліктен романның жаппай репрессиялар белең алған жылдары жазылғаны жайлы білетін дерегімізді оқырманмен бөлісуді ұмытып барады екенбіз-ау. Шығармаға жасайтын шағын талдауымызды содан бастайық.

1938 жылы Совет Одағындағы «халық жауларын» тұтқындаулар өрттей қаулаған шақта Мәскеуде белгісіз бір тылсым күштердің болып кеткенін суреттейтін екі үлкен шығарма дүниеге келді. Әрине, біріншісі Михаил Булгаковтың - атақты «Шебер мен Маргарита» романы. Әйгілі шығармада Воланд деген адам кейпіндегі сайтанның Коровьев, мысық Бегемот сияқты қызметшілерімен бірге Мәскеуге келіп кетіп, неше түрлі оқиғалардың куәгері ғана емес, сонымен бірге олардың қалай қатысушысы болғаны баяндалады. Айтқанына көнгісі келмейтін Берлиоз сияқты адамдарды Воланд пен оның қызметшілері аяусыз жазалайды. Ақыр соңында пәтер мәселесі пиғылдарын бұзып жіберген мәскеуліктердің пендешілік табиғатын өзгерте алмайтынын түсінген сайтан Мәскеуді тастап, ұшып кетеді.

Екіншісі жазушы Леонид Леоновтың «Пирамида» романы. Жұрттың көбісі аса біле бермейтін бұл туындының алғашқы бөлімінің 1938 жылдары жазылғанын айтпай кетуге болмайды. Леоновтың романында сайтан емес, керісінше бір періште Мәскеуге ұшып келіп, ол осы елдің қожайынымен, яғни Сталинмен жүздеседі. Қожайын оған адамзат баласының қатты дамып бара жатқанын мысалға келтіріп, осындай қарқынмен кете берсе түбінде адамзаттың өзін-өзі құртып тынатынын айтып, оның екпінін тежеуге көмек сұрайды. Қожайынның қорқынышты өтінішінен шошып кеткен періште адамзатты құртуға арналған сталиндік жобаға қатысқысы келмей, ұшып кетеді.

Жұрттың сана-сезіміне әсер етуді көздеген мұндай шығармалар тегінен жазыла салған жоқ. «Шебер мен Маргарита» және «Пиримида» романдарын тағы бір мәрте үлкен ықыласпен оқып шықсаңыз, одан сол уақыттағы жаппай белең алған репрессияға баға бергісі келген екі талантты жазушының көзқарасын ғана емес, сонымен бірге азаматтық ұстанымдарын да анғара аласыз. Шығармашылық щеберлік емес, дәл осы азаматтық принцип тұрғысынан алғанда Булгаковпен салыстырғанда Леонид Леонов әлдеқайда зор құрметке лайық. Себебі, адамзатқа қасірет шеккізетін зұлымдықтың қандай түрін болса да қолдау – кешірілмейтін күнә. Әулие Толстой айтпақщы «Зұлымдық жолмен келген жақсылықтың рахатын көргеннің, сол зұлымдықты жасағаннан еш айырмашылығы жоқ».

Өкінішке қарай, «Шебер мен Маргарита» романының әр тарауынан біз сол зұлымдықты ақтап алғысы келетін жазушының ниетін көргендей боламыз. Сталиндік жаппай репрессияларға баға беріп қана қоймай, оны ақтап алғысы келген пиғылын байқаймыз. Әсіресе, Булгаков пәтер мәселесі пиғылдарын бұзып жіберген мәскеуліктердің тұтқындалуын айызы қанып суреттейді. Енді тақырыбымыздың топырағын қаза түсіп, зұлымдықты моральдық тұрғыдан ақтап алғысы келген жазушы ойының шығармада қалай көрініс тапқанын тереңірек індетіп көрейік.

Жалпы, Совет заманында жазылған көркем шығармаларды шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – Советтік заманды қолдап, жасампаздығын дәріптеген туындылар. Билікке құлша қызмет етуге дайын тұратын жалпақшешей жазушылар қай заманда да көп болғандықтан, қызыл империяның сойылын соққан шығармалар әдебиетімізде жетіп артылады. Күресінге лақтырылған ол туындыларды қазір ешкім де оқымайды.

Екінші топқа – қызыл биліктің саясатын қолдамаған, оған деген ішкі қарсылығын білдірген туындыларды жатқыза аламыз. Олардың көбісі эмиграцияда жазылып, шет елдерде жарық көрді.

Жоғарыда аталған екеуіне де ұқсамайтын - үшінші топтағы шығармалар да бар. Ол билікке ықпал ету үшін, оған хат ретінде жазылған көркем туындылар. Бір қызығы сол замандағы ең жоғары марапат саналған Сталин сыйлығы советтік биліктің ұлылығын насихаттаған шығармаларға емес, билікке ықпал ету үшін жазылған осындай туындыларға беріліп отырған. Мысалы, орыстың талантты жазушысы Леонид Леоновтың «Шабуыл» пьесасын алайық. Пьесада халық жауы атанған Федор Таланов деген азаматтың немістер басып алған қалаға келіп партизандық қозғалысқа басшылық ететіні суреттеледі. Советтік билікке адал қызмет етуге ант бергендердің бәрі жауға сатылып кетті. Кімнің-кім екені күрделі ситуация барысында ашылып, түрмеде отырып шыққан Талановтың нағыз патриот, Отанына бар жан-тәнімен берілген арда азамат екені анықталады. Бұл пьесасы арқылы Леонид Леонов «Халық жауы ретінде сотталған азаматтардың бәрі сені шын мәнісінде жақсы көреді, жолдас Сталин. Олар сен үшін жанын беруге дайын. Ал, саған жағымпазданып жүргендердің бәрі де шетінен конформистер. Олар бір күнде сені сатып кетеді» деген сыңайдағы ойды тиранға астармен жеткізген болатын. Пролетариат көсемі «Шабуыл» пьесасы арқылы айтпақ болған Леоновтың ойын түсініп қана қойған жоқ, тіпті, оны Бірінші дәрежелі Сталин сыйлығымен марапаттады. Ал, ақылды Леонов болса бірден ол ақшаны жаңа самолеттің құрылысына аударып жіберді. Қатты риза болған Сталин жазушыға арнайы алғыс хат жазып, ресми түрде рахмет те айтты. Содан бері Леонид Леоновтың әдебиетте ешқандай проблемасы болған жоқ. Немесе тағы бір мысал ретінде жазушы Галина Николаеваның «Егін орағы» романы төңірегінде болған оқиғаны есімізге түсіріп көрейік. Советтік цензорлардың қырағы бақылауынан әрең өтіп, әзер жарық көрген шығармада соғыстан кейінгі колхоздастыру науқанындағы асыра сілтеушіліктер баяндалады. Әңгімемізді соза бермей, тоқ етерін айтсақ, романдағы қаламгердің Сталинге жеткізбек болған ойы мынаған келіп саяды. «Біз сіз үшін қандай да болса қиындықтарға төзуге дайынбыз, жолдас Сталин. Бірақ тапсырмаңызды орындайтын басшылар соның бәрін мейірімді жүзбен атқарса, сізге деген біздің ризашылығымыз шексіз болар еді». Сталин бұл жолы да романдағы жазушының айтпақ болған ойын түсініп, асыра сілтеуге жол берген басшыларды қатал жазалады. Ал, жұрттың көбі жыға тани бермейтін Галина Николаеваның бағы жанып Сталиндік сыйлықты иеленді.

Булгаковтың «Турбиндердің күндері» пьесасын Сталиннің он алты рет көргеніне байланысты орыс әдебиетінде түрлі пікірлер айтылып келеді. Мықты екеніне сенімді біраз сыншылар «Сталин осы туындысы арқылы жеткізбек болған жазушы ойын түсіне алмағандықтан, оны он алты рет тамашалады» деген мағынадағы шындықты дәлелдегісі келеді. Менің ойымша бұл түбегейлі қате, үстірт пікір.

Сталиннің миллиондаған жазықсыз жандардың қанын судай ағызған жауыз екенін мойындағанымызбен, тиранды өнерден мүлде бейхабар адам ретінде көрсетуге тырысып жатқандардың пікірімен келісу қиын. Ол ұлы туындыларды көріп қана қоймай, одан өзіне қажетті тағылым да ала білді. Әңгімемізді жазу барысында «Турбиндердің күндерін» қайталап оқып, тіпті, осы пьесаның негізінде талантты актер, әрі режиссер Владимир Павлович Басовтың түсірген көркем фильмін көріп шыққаннан кейін, өзім үшін үлкен жаңалық аштым. Өзіне лайық бағасын әлі алмаған «Турбиндердің күндері» пьесасының орыс әдебиетіндегі теңдесі жоқ шедевр, Чеховтың драмаларымен бір қатарда тұруға лайық туынды екеніне көзім жетті. Пьесада ақылды адамдар ғана түсінетін, ишарамен жеткізілген психологиялық астарлар көп. Өте көп. Сондықтан да Сталин бұл пьесаны қатарынан он алты рет тамашалап, одан талай нәрсені үйреніп, өмірлік тәжірибеде оны қолдана да алды.

Мысалы, пьесада бас штабтың полковнигі Владимир Робертович Тальберг есімді кейіпкер бар. Айталық, осы полковниктің іс-әрекетіне, әйелімен арасындағы әңгімесіне қарап оны таяз адам деп ойлап қаласыз. Ал, шындығында Тальберг өте сауатты, кіммен қалай сөйлесу керек екенін жақсы білетін өте ақылды адам. Сондықтан да әйелінің ой-өресін жақсы білетін ол жұбайыммен әңгімелескенде соның деңгейінде сөйлесіп, қалыптасқан жағдайды түсіндіреді. Жалпы шын мәнісіндегі ақылды адам еш уақытта да елдің көзіне білімді, сауатты, парасатты болып көрінуге тырыспайды, сол қасиеттерді өмірде тиімді қолдана біледі. Ол заманда бас штабты басқаруға оқығаны мен тоқығаны мол ілеуде біреудің ғана қолы жеткен. Ендеше Тальбергтің таяз болуы ақылға сыймайды.

Пролетариат көсемі Сталиннің кейбір іс-әрекетіне қарап, оның Тальбергтің бойындағы осы бір ерекше қасиетінен алған тағылымын байқағандай боламыз. Айталық ол сұрапыл соғыстың басында халыққа арнап айтқан бір сөзінде оның ұзаққа созылмайтынын мәлімдеген көрінеді. Алайда, 1942 жылы партизан қозғалысының басшыларымен әңгімелескенде «соғыстың кем дегенде бес-алты жылға созылатынын, бірақ партизан соғысының арқасында оның мерзімін қысқартуға болатынын» айтыпты. Көрдіңіз бе, «Турбиндердің күндерін» он алты рет көрген Сталинге, одан алған тағылымының өмірде зор пайдасы тиді.

Ендеше Сталиннің ишарамен жеткізілген көп дүниені түсінетін ерекше қабілеті бар екенін жақсы білген Михаил Булгаковтың басына «Шебер мен Маргарита» сынды тиран ғана ұға алатын роман жазу туралы ойдың келгеніне таң қалудың қажеті шамалы. Булгаков дәл бүгін болмаса да, жазған шығармасының келешекте жарық көретініне кәміл сенімді болды. Және жазушы үміті ақталып «Шебер мен Маргарита» совет заманында жарық көріп, оқырман қолына тиді. Айталық, Василий Гроссманның «Өмір мен тағдыр», Александр Бектің «Жаңа бағыт» туындылары совет заманында жарық көре алмады. Ал, Булгаковтың жын-сайтандар қаптаған «Шебер мен Маргаритасы» кітап болып шықты. Қандай шығармалардың советтік идеологияға қарсы, ал, қандай туындылардың нағыз советтік болып табылатынын жақсы білетін цензорлар романның жарық көруіне аса үлкен кедергі де келтірмеді. Сондықтан да 1973 жылы роман толық күйінде шығып, оқырманға жол тартты. Өйткені, романның айтпақ болған ойы, автордың шығармашылық концепциясы советтік биліктің идеологиясына сай келетін. Еш күмәніңіз болмасын, «Шебер мен Маргарита» - нағыз советтік туынды.

Орыстың әдебиет зерттеушісі Дмитрий Быков романның атауына байланысты мынандай бір жаңалық ашты. Оның айтуынша, «шебер» сөзі Булгаковтың прозасы мен драмматургиясында «Шебер мен Маргарита» романы жазылғанға дейін мүлде кездеспейді. «Театр романы» туындысында ғана бұл сөз бір-ақ рет, оның өзінде жағымсыз мағынада қолданылады. Романның алғашқы нұсқаларында «Шебер» сөзі атымен жоқ. 1934 жылдан кейін ғана бұл сөз Сталиннің ең жақсы көретін атауларының бірі екені анықталғанда, ол кенеттен Булгаковтың жаңа шығармасының басты тақырыбына айналып шыға келді. Жалпы, «шебер» сөзі сол замандағы советтік және ресейлік суретшілердің арасында жағымсыз мәнге ие еді. Ең алғаш рет бұл сөз Сталиннің аузынан шыққанда ақын Осип Мандельштам шошып кетіп «Жоқ, мен шебер емеспін» деген болатын. Мандельштам тағы бірде басын аман алып қалу үшін Сталинге қалай ода жазарын білмей қиналғанда «Жоқ мен шебер емеспін. Мен шебер жаза алмаймын. Ал, Сельвинский - нағыз шебер. Ол мұндай дүниелерді қиналмастан жазып шығар еді» деген екен. Расында да Сельвинский советтік шығармалар жазудың шебері болатын. Шын мәнісінде шебер дегеніміз өзіне берілген кез-келген тапсырманы жеріне жеткізіп орындай алатын кәсіпқой ғана. Ал, суреткер кәсіпқой шеберге айналғанға дейін, яғни, өнердегі өз жолын іздеп жүрген кезінде суреткер болып қалады. Бірақ Сталин үшін өнер адамының ең басты өлшемі - оның кәсіпқой шебер болуы еді. Ол өнердегі суреткерлерден гөрі шеберлерді жоғары бағалайтын. Пастернакпен екеуінің арасындағы Мандельштамның тағдыры туралы болған әңгімесінде Сталин ақыннан: «Ол шебер ма? Шебер ма?» деп сұрапты. Бұл сауалға Пастернак, жақсы өлең үшін де, жаман өлең үшін де адамды түрмеге қамауға болмайтынын айтады. Алайда, Сталинді адамның қаншалықты өз ісінің шебер болып табылатыны көбірек қызықтырады. Сондықтан да диктатордың көңілінен шығып, оған суреткерді сақтай білу керек деген ойды жеткізу үшін Булгаков суреткер деген атауды шебермен ауыстырды.

Әрине, мен ешкімге де бұл романды оқымаңдар деген мағынадағы кеңес бергім келмейді. Оқыңыздар. Бірақ шығарманың зиянды идеясымен ауырып қалмаңыздар. Ол идея тәтті у сияқты бойымызға тарап, нәтижесінде зұлымдықты да ақтап алуға болады екен ғой деген жалған ұғым қалыптасуы мүмкін қоғамда. Мұндай зұлым идея өзге елдерге тізесін батырғысы келіп, үстемдігін жүргізуді мақсат еткен империялық мемлекеттерге майдай жағуы ықтимал. Ал, біз сияқты саны аз, ұлт ретінде әлі қалыптасып үлгірмеген халық үшін өте зиянды.

Атағы айдай әлемге жайылған шығарма жайында түрлі болжамдар айтылып, сәуегейлік жасалды. Біреулер романдағы шебердің өмірдегі түпбейнесі - пролетариат жазушысы Максим Горький, екіншілері – Мандельштам, үшіншілері - Булгаковтың өзі екенін жарыса жазды. Әдебиет зерттеушілерінің бұл болжамдарының ешқайсысы да қисынға келмейді. Шын мәнісінде Шебер дегеніміз Сталинге түсінікті болуы және оған ұнауы үшін Булгаковтың ойдан шығарған образы. Шебердің – Сталин көргісі келетін суретшінің автопортреті екенін ақыл таразысына салсақ, роман арқылы айтпақ болған жазушының ойы өздігінен түсінікті бола қалады. Қысқаша тұжырымдасақ, романдағы Сталинге айтылмақ болған ойдың тоқетер түйіні мынандай: «Біз сенің зұлымдық екеніңді түсінеміз, сен де оны жақсы білесің. Сен зұлымдықсың. Бірақ халық үшін керек зұлымдықсың. Сен болмасаң біз құрып кетер едік. Әрине, сен бізге өмірдің тәртібін үйретуге келген сайтансың. Сен мына жұрттың бәрімен ойыңа келгеніңді істесең де, суреткерді сақтай біл. Сонда біз саған осы зұлымдықтарыңды одан әрі жалғастыруға моральдық құқық береміз». Өте қорқынышты идея. Қорқынышты болса да романдағы жазушының ишарамен білдірмек болған, дәлірек айтсақ, Сталинге жеткізбек болған қауіпті ойының сұлбасы шамамен осындай болып келеді.

Орыстың фантаст-жазушысы, әрі әдебиет зерттеушісі Александр Исаакович Мирердің «Михаил Булгаковтың інжілі» деп аталатын осы романды егжей-тегжейлі талдаған ғылыми еңбегі бар. Жазушының монографиясы 1988 жылы АҚШ - та жарық көріп, 2003 жылы Ресейде қайта басылып шықты. (Бұл еңбекті мына сілтемеден интернеттен де оқып шығуға болады. http://royallib.com/read/mirer_aleksandr/evangelie_mihaila_bulgakova.html#0 )

Міне, осы еңбегінде Мирер романның оқырман жақсы көретін інжілдік бөліміне тоқталып, мысалдар негізінде Булгаков шығармасындағы Иешуаның болмыс-бітімінің Ғайсадан қандай айырмашылығы бар екенін жан-жақты талдайды. Ақиқатында романдағы Иешуа ол құдай адам емес, ең алдымен адам. Ол ешкімді де құтқара алмаған құтқарушы. Мирер өз еңбегінде романда тілге тиек етілетін адам бойындағы барлық кемістіктердің ішіндегі ең сорақысы қорқақтық болып табылатыны туралы әйгілі сөздердің мәнісін түсіндіреді. Олар анығында саяси ишарадан сескенген, Иешуаның айтқан сөздері император Тиберияның беделін түсіретіндіктен Каифаның шағымынан қорыққан Пилатқа арналған. Бірақ Мирер біз байқамай келген мүлде басқа ақиқаттың бетін ашты. Шындығында Булгаковтың романында тап осы Пилатқа қатты мән беріліп, ол Ғайсаның екінші көрінісі ретінде оқырманға ұсынылады. Қалай болған күнде де Ғайса ақиқат пен жалғандықтың, ізгілік пен зұлымдықтың ара-жігін ажыратып беру үшін келген тұлға. Ол - ғаламат құдіреттің көрінісі. Романда Інжілдегі Ғайсаның түпбейнесі болып табылатын Иешуа Го-Ноцри өте әлжуаз, нәзік жан болып суреттелген. Бір сөзбен айтқанда ол ешкімге де көмектесе алмаған құтқарушы. Булгаковтың шығармасынан біз қаламгердің «Пилат. Сен бәрімізге де қажетті әрі пайдалы зұлымдықтың көрінісісің. Сен ғана Иуданың сазайын тартқыза аласың» деген мағынадағы адамзат үшін өте зиянды және қауіпті ойын оқимыз. Жалпы Булгаковтың адам табиғаты туралы көзқарасының аса жоғары болмағанын атап өткен абзал. Бұл тұрғыда оның диктатор Сталиннен айырмашылығы шамалы. Зұлым тиран да қарапайым адамдарға ұлы істерін жүзеге асыру үшін пайдаланатын материал ретінде қарады. Булгаков та қарапайым адамдарды аса жақсы көрмейді. Біз Булгаковтың да Сталин сияқты суреткерлерге ғана зор құрметпен қарағанын жақсы білеміз. Ал, қарапайым адамдар ол үшін эволюциялық дамудың ең төменгі сатысында тұрған мақұлықтар. Сондықтан да «Шебер мен Маргарита» романындағы Римский, Варенуха, Лиходеев, Бенгальский, Берлиоз, сондай-ақ пәтер мәселесі пиғылдарын бұзған мәскеу тұрғындары соншалықты жағымсыз кейіпкерлер болып суреттелген. Романда жағымсыз кейіпкерлердің қалай жазаланғанын жазушының айызы қанып, рахаттанып отырып суреттегені тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Яғни, керек емес адамдардан қоғамды тазарту үшін Сталин керек екен ғой. Расында да эволюциялық дамудың төменгі сатысында тұрған мақұлықтарды аяудың қаншалықты қажеті бар. Олардың бәрін тәртіпке келтіру үшін Сталиннің прототипі болып табылатын сайтан Воланд пен қатыгез Пилаттай зұлым тирандар ауадай қажет. Ең қорқыныштысы әлемде әлі күнге дейін адамзатты сақтап қалу үшін керек пайдалы зұлымдықтың құдіретіне имандай сенетіндер көп. Сондықтан мына дүниеде өгей шешеден туғандай болған адамдарға қарсы қаншама зұлымдықтар жасалуда. Діні мен ділі, тілі, өркениеті, тіпті, терісінің түрі басқа болғаны үшін ғана қаншама ұлттар мен ұлыстар жер бетінен жойылды. Қайталап айтамын. Зұлымдықтың қандай түрі болса да еш уақытта да ол адамға жақсылық әкелген емес. Оның пайдалысы немесе пайдасызы болмайды. Ол адамзат баласына тауқымет тартқызып, қайғы-қасірет шеккізгеннен басқа ештеңе әкелмеді. Ал, қайғы-қасірет бірде-бір халық түгіл, бірде-бір адамды жақсы ете алмайды. Жиырмасыншы ғасырда қазақтан артық қасірет көрген халық жоқ. Бірақ осы өткен жүзжылдық барысында болған ашаршылық, соғыс, репрессиялар біздің халқымызды жақсы ете алды ма? Жоқ, жоқ, тағы да жоқ. Жақсы өмір сүрген халық қана адамгершілікке, ізгілікке, имандылыққа бір табан жақын болады. Ал, қайғы-қасіреттен көз ашпаған халықтың жаны қарайып кетеді. Санасы тұманданады. Сезімі мұз құрсанады. Жақсы мен жаманның, адамгершілік пен имансыздықтың, ізгілік пен зұлымдықтың шекарасы жойылып кеткен ондай қоғамда адам бақытты бола алмайды. Міне, осы тұрғыдан алғанда жазушы Достоевкийдің «қайғы-қасірет арқылы адам тазара түседі» деген мағынадағы идеясының адасушылық болғанын ХХ ғасыр дәлелдеп берді. Зұлымдықтың қандай формасы болса да, халық одан бас тартуы тиіс. Сондықтан да мен Булгаковтың «Шебер мен Маргарита» романының идеялық концепциясын мүлде қабылдай алмаймын. Зұлымдықтың пайдалысының болатынына сенбеймін.

Жалпы, жалғыз Булгаков қана емес, «Құдайдың өлгенін» жария еткен ницшеандық идеямен сырқаттанған күміс ғасыр әдебиетінің ақын-жазушыларының бәрінің да пайдалы зұлымдықтың болатынына кәміл сенгені әдебиет тарихынан мәлім. Сондықтан да «Құдайдың қайтыс болғанын» жария еткен Батыстың сандырағына сенген күміс ғасыр қаламгерлерінде жүйелі білім, терең таным мен халыққа деген ұлы махаббат болған жоқ. Құдайын жоғалтқан халыққа сайтан қожалық ететінін олар түсінбеді.

Булгаковтың халықты қара тобыр санап, оны аса жақсы көрмейтіні «Иттің жүрегі» повесінен ғана емес, «Шебер мен Маргарита» романынан да анық байқалып қалады. Жазушы дамудың ең төменгі сатысында тұрған халықты тәртіпке келтіре алатын зұлым биліктің құдіретіне имандай сенеді. Сондықтан да «Шебер мен Маргарита» романының көңіліңде жағымды ой қалдыратын кейіпкерлері мейірімді Иешуа мен Шебер емес, зұлым Пилат пен Воланд болып шыққан. Роман туралы пікірін білдірген көптеген сыншылар Пилаттың өте сәтті шыққан ғана кейіпкер емес, жазушының ең жақсы көретін сүйікті образы да болып кеткенін жақсы жазды. Мысалы, романдағы Пилаттың құпия полицияның бастығы Афранимен арасындағы әңгімесін сүйсінбей оқымау мүмкін емес. Әрине, біз құпия полицияның қандай да болса көрінісін жақсы көрмеуіміз мүмкін, алайда Булгаков оны бар шеберлігін салып соншалықты сүйкімді етіп суреттейді. Бұл детальдардың бәрі Кирилл Есковтың «Афранидің Інжілі» деген кітабында жан-жақты талданып, өте жақсы түсіндірілген. Есковтың айтуынша, Булгаков өз романында Пилатты ақтап алғысы келіп, зұлымдықтардың бәрін Афранидің жасағанын көрсетуге тырысады. (Бұл кітапты мына сілтемеден оқи аласыздар http://lib.ru/PROZA/ESKOV_K/afranij.txt ).

Әңгімемді қорытындай келе әдебиетке келіп жатқан жастарға мынаны айтқым келеді: «Совет Одағы өте күшті, сиқырлы зұлымдық болды. Ол заманды аңсайтындардың сағынышы әлі күнге дейін басылған жоқ. Кез-келген зұлым заманның өз Пилаты мен Воланды бар. Олардың соңынан ергендер тәуелсіздігін жоғалтып, күндердің күнінде зұлым идеялардың құлына айналады. Воланд – берген уәдесін орындамайтын өтірікші. Өмірлеріңді Булгаков сияқты қайғылы аяқтағыларың келмесе, сайтан биліктен ештеңе дәметпеңдер, материалдық игілікті де сұрамаңдар. Беріп тұрса да алмаңдар».

Қарғыс атқан туынды немесе тақырыптың түйіні

Ресейдегі режиссерлік ортада жазушы Михаил Булгаковтың әлемге әйгілі романының басты кейіпкері «сайтан» болғандықтан, бұл шығарманың қарғыс атқан туынды екені жайында әңгіме ұзақ жылдан бері айтылып келеді. «Шебер мен Маргарита» шығармасы төңірегінде адам айтса сенбейтін, мистикалық жұмбақтар көп. Романды экранға шығарғысы келген режиссерлардың талай талпынысы сәтсіз аяқталды. Ресейдің бір мықты режиссері «Шебер мен Маргарита» желісінің негізінде кино түсірмек болғанда он жыл бұрын дүние салған Елена (Булгаковтың жесірі) түн ортасында оның үйіне келіп «Михаил Афанасьевичтің бұл кинотуындыны түсіруге қарсы екенін» жеткізіпті-мыс. Әрине, қиял-ғажайып ертегіге ұқсайтын мұндай оқиғаның өмірде болғанына сене қою қиын. Бірақ, кім біледі? Мына дүниеде адам баласы ақылмен түсіндіріп бере алмайтын тылсым әлемнің сан-алуан жұмбағы жасырынған емес пе?

Дегенмен, ұзақ жылдан бері талай мықты режиссерлар түсіруге тәуекел ете алмай қойған шығарманы 2005 жылы Владимир Бортко экранға шығарып, көрермен назарына ұсынды. Басқаша сөзбен айтқанда, ол бір атақты режиссердің адам сенбейтін әңгімесіндегі Булгаковтың қайтыс болған жұбайының түн ортасында о дүниеден келіп, жеткізген тілегіне құлақ аспай қойды. Расында да мұндай аңыз әңгімеге сене берудің қажеті қанша? Міне осы Владимир Бортко фильмді түсіретін кезде атақты актер Олег Янковскийді қара магияның профессоры Воландтың рөлін сомдауға шақырыпты. Бірақ ақылды Янковский «Мен адам баласы Құдайдың да, сайтанның да рөлін ойнамауы керек деп есептеймін» деп оны ойнаудан бас тартыпты. Әйткенмен, айтқанынан қайтпайтын Бортко көздеген мақсатына жетіп, кинотуындыны түсіріп, ол 2005 жылы көрерменге жол тартты.

Зұлымдықты қолдамайтын Құдайдың құдіреті дейсіз бе, әлде жазмыш дейсіз бе, оны өзіңіздің патша көңіліңіз білсін. Фильм экранға шыққан соң «Шебер мен Маргарита» киносына түсуге тәуекел еткен 18 актер бірнеше жылдың ішінде көз жұмып, о дүниелік болып кетті.

Қарғыс атқан туындының ең алғашқы құрбаны, кинодағы Воландтың іздеу ісін жүргізген тергеушінің рөлін сомдаған 47 жастағы Александр Чабан болды. 2005 жылдың 2 қазанында өзінің пәтерінен оның өлі денесі табылды. Актердың қандай жағдайда қаза тапқанының себебі әлі күнге дейін анықталған жоқ.

2006 жылдың 28 қыркүйегінде фильмдегі ақын Иван Бездомныйдың киімдерін жымқырып әкететін ұрының рөлін ойнаған актер Павел Комаров кенеттен қайтыс болды. «Группа риска» музыкалық тобын құрған Комаров Царицын жастар театрының белді актері еді.

2006 жылдың 27 желтоқсанында кинодағы сыншы Латунскийдің рөлін сомдаған актер Станислав Ландграф кенеттен дүние салды.

2007 жылдың 27 сәуірінде фильмдегі Понтий Пилаттың рөлін асқан шеберлікпен ойнап шыққан КСРО халық әртісі Кирилл Лавров бақилық болып кетті.

2007 жылдың 27 сәуірінде, яғни атақты актер Кирилл Лавров дүние салған күні кинодағы есепшінің рөлін ойнаған Евгений Меркурьев балық аулауға барып, мұздың астына түсіп кетіп, оқыс оқиғадан қаза тапты.

2008 жылдың 3 қаңтарында кинодағы Коровьевтің рөлін ойнаған атақты актер Александр Абдулов қайтыс болды.

2008 жылдың 7 сәуірінде актер Андрей Толубеев дүние салды.

2009 жылдың 28 қаңтарында эпизодтық рөлге түскен актер Юрий Оськин (швейцар Николай) өмірден озды.

2010 жылдың 25 ақпанында фильмдегі ақын Иван Бездомныйдың рөлін ойнаған Ресейдің еңбек сіңірген актеры Владислав Галкиннің өлі мүрдесі пәтерінен табылды. Ол бар-жоғы 38 жаста болатын.

2010 жылдың 20 сәуірінде кинодағы психиатриялық ауруханадағы медбикенің рөлін сомдауға түскен Валентина Егоренкова дүние салды.

2010 жылдың 20 тамызда фильмдегі Понтий Пилаттың хатшысының рөлін ойнаған актер Станислав Соколов бақилық болды.

2011 жылдың 11 тамызында «Шебер мен Маргарита» фильмінде эпизодтық рөлге түскен Михаил Суров көлік апатынан қаза тапты.

2012 жылдың 10 мамырында 30 жасқа да толмаған актер Станислав Пряхин ақ қан ауруынан қайтыс болды.

2012 жылдың 11 қарашасында фильмдегі қаржы директорының рөлін ойнаған атақты актер Илья Олейников өмірден озды.

2013 жылдың 30 наурызында фильмдегі Николай Иванович Босойдың рөлін сомдаған атақты актер Валерий Золотухин қайтыс болды.

2013 жылдың 5 сәуірінде фильмдегі қорқынышты пәтерден жоғалып кеткен адамдарды іздеумен айналысқан КГБ агентінің рөлін ойнаған Дмитрий Поддубный қайтыс болды.

2014 жылдың мамырында фильмдегі Торгсин дүкеніндегі қызметшінің рөлін ойнауға түскен Станислав Фесюнов дүние салды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және «Әдебиет порталына» гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар