Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Амангелді Кеңшілікұлы. Қаңтардағы қызыл гүл-2...

29.05.2017 6234

Амангелді Кеңшілікұлы. Қаңтардағы қызыл гүл-2

Амангелді Кеңшілікұлы. Қаңтардағы қызыл гүл-2 - adebiportal.kz

(Жалғасы. Басы мына жерде)

(Ақын Жанат Әскербекқызының «Ай-тамғы» таңдамалы жыр жинағын оқығаннан кейінгі туған ой)

Күйбең тіршіліктен қолым босап, түнгі тыныштықты жаныма серік етіп, бүгінгі күнгі әдебиет жайлы ойға батқанымда ылғи да менің есіме ағылшын жазушысы Уильям Теккерейдің «Даңғойқұмарлықтың жәрмеңкесі» романы түседі. Біздің қазіргі сөз өнеріміздің басындағы шым-шытырық ахуалды сипаттауға, әлемге әйгілі классиктің осы атақты романға еншілеп қойған аты жеткілікті сияқты болып көрінеді маған.

Жасырып қайтеміз, қоғамдағы жаппай белең алған даңғойқұмарлық дертінің әдебиетімізге де дендеп еніп, тамырын жайғаны ащы да болса ақиқат. Келіп қана қоймай, төрден орын сайлап алып, тіпті, өз үстемдігін жүргізе бастағаны да шүбәсіз шындық.

Қай жағынан алып қарасаңыз да дәл бүгін әдебиетімізде нағыз таланттардың емес, ұятты қалтасына салып қойып, жалғанды жалпағынан басқан арсыздардың, жүзіктің көзінен өтіп кететін жағымпаздардың жұлдыздары жанып, асығы алшысынан түсіп тұр. Бір сөзбен айтсақ, «әдебиет – ардың ісі» болудан қалып, даңғойқұмарлықтың жәрмеңкесі күннен-күнге қызып барады. Дегенмен заманның кеңшілігін пайдаланып, жұрттың бәрі де жазғандарын жарнамалауға жаппай жанталасып, білек сыбана кірісіп кеткен қоғамда айғай мен шудан шаршаған сенің көңілің өзінің мықты екенін ешкімге дәләлдеуге тырыспай-ақ үнсіз ғана тылсым табиғатпен тілдесіп, үнсіз ғана жанымен сырласып, «жалғыз досы – жүрегіне» (Мейірхан) мұңын шаққан ақындарды іздеп, олардың махаббат пен сағынышқа толы жырларын аңсайды екен.

Лирика гүлдің қауызындай өте нәзік құбылыс, ол тыныштықты сүйеді. Өмірдің өткінші ахуалын ғана арқау еткен публицистикалық туындылар өз заманында жоғары бағаланғанымен, мәңгіліктің есігінен аттай алған емес. «Поэзия - адам жанының музыкасы» (Вольтер!) болғандықтан оның жұмбағы – тыныштықта ғана ашылып, тереңдігін мына әлеммен жалғыз қалған кезде ғана түсіне бастайсың.

Сен және Мен,

Арамызда көк тұман.

Сұр тұманның бұғауында бұлқынам.

Сені менен

Мені сенен суытар

Пенделік іс – бір күнәң мен бір кінәм.

Зады жүрекпен жазылған жырларға артық түсініктеменің қажеті жоқ, ондай өлеңдердің құдіреті беймәлім сиқырымен бойыңызды арбап, басыңызды дуалап алады. Поэзия адамның сұлу сезімінен жаратылған - өмірдің символдық көрінісі. Ал, сұлулықтың жұмбағын ашып беру әсте мүмкін емес, оның шындығын тек жүрекпен ғана қабылдап, жүрекпен ғана сезінуге болады.

Сен және Мен,

Арамызда қараша,

Жүрек сұрар қарашадан араша.

Біздің жайды ұғар еді-ау өзгелер

Жылап жатқан жапыраққа қараса.

Табиғаттың тосын құбылысының адам жанының тереңінде жасырынған бекзада сезімдерімен үйлесім табуы өлеңнің ішкі қуатын күшейте түседі. Ең жақын адамына ғана айтатын жан сырын сенімен бөліскен ақын жырларында табиғаттан айнымай қалған сұлулық, табиғаттың егізіндей болып жаратылған шынайылық, табиғаттың сыңарындай болып өмір сүріп жатқан жалғыздық бар. Тыңдап көріңізші:

Сен және Мен,

Қос қиырда.. тіріміз,

Жете алмадық бірімізге-біріміз.

Көкірегі сағыныштан шерленіп,

Арамызда елші болар мұңымыз.

Махаббат лирикасы ақын өмірінің барлық құпиясын ашып, жанын жалаңаштап тастайтын - қауіпті құбылыс. Ырқыңды билеп, санаңды сансыратып жіберетін махаббат құдіреті үнемі сенен құрбандықты талап етеді. Үстем сөйлеп, жеңіске жеткісі келгендер онда жеңіліске ұшырайды. Жеңіле отырып қана махаббатта жеңіске жетуге болады.

Сен және Мен,

Жөн болмады-ау мұнымыз,

Кете алмадық бірімізден-біріміз.

Өліп қалған сор-сезімді жерлемей,

Кеудемізді табыт қылған түріміз.

Сен және Мен,

Бұл жазуды не етерміз,

Әрі жақын, әрі мүлде бөтенбіз.

Кіналасып, сағынысып, өшігіп.

Екеуміз де ана әлемге өтерміз.

Тап осындай өлең жолдары жүрегінен төгіліп түскен сезімдердің шынайылығы сендіреді. Өйткені лирикалық қаһарман барлық жан сырын жайып салып, бәзбіреулер сияқты шығармашылығы арқылы жанының тереңіндегі құпияларды жасыруға тырыспайды. Өлеңдері арқылы өз тағдырын әңгімелей келіп, күманы арқылы, жеке басының күдігі жайлы толғанып, өз ішіндегі жарылуды бейнелейді. Адалдығын айтып ант-су ішпей, кінәсын да, күнасын да үнсіз мойындаған лирикалық кейіпкердің мінәжаты иландырады. Ол ақталғысы да келмейді. Не үшін ақталуы керек, ол? Өмір де, махаббат та адамға тарту еткен Құдайдың ең қымбат, ең асыл сыйы емес пе?

Тілін тістеп, ыңыранып шындығы

Күнәлі түн кірпігімнен сырғыды.

Қарашыққа тұна қалды шық болып,

Қапаланған көңілімнің кірбіңі.

Бас шайқады, бозарған таң не десін,

Тереземнің алып жатты жел өшін.

Жұмбақ түннің етегіне жармасып,

Босағамнан ғайып болды елесің.

Қуқылданып, қашып кетті көк сұры,

Төсегімде марқұм болды көп сыры.

Таңдайында тәтті өкініш тамсанып,

Түннен қалған түйір ұят өксіді.

Үрейленер, үркіп нәпсі күнге өгей,

Сұрғылт бөлмем дымын құртты үндемей.

...Неге таңның талқысына тастадың,

Елесіме ес боп бірге жүр демей.

Көзсіз ындын көмілген-ді көрге мың,

Көр ішінде ышқынғанын көргемін.

...Бір күнәсін кешірерсің, ұғарсың,

Періштедей сезімі бар пенденің....

Поэзия туралы әңгіме болғанда мен ылғи да «ақындардың Жерге жіберілген - Алланың елшісі» екенін қайталаудан жалықпаймын. Әрине, он сегіз мың ғаламның бәрін де Құдай жаратқанымен оның сезім бұлағын суалтпай, мәңгі етіп тұрған құдірет иесінің ақын екенін қалай жоққа шығарамыз. Өмір де, махабат да Құдайдың қалауымен дүниеге келгенімен ақын өлеңдері арқылы ғана оны мәңгі етуге болады. Ақын мейірімі шексіз Жаратушының шапағатының нұрына бөлене отырып, суып қалған сезімдерді жандырып, құрғап қалған жанарларды жылатып, өліп қалған махабатты қайта тірілтіп, оған мәңгілік өмір сыйлайды.

Сіздің шаһар қиырда,

Бір көрістік, сол жетеді биылға.

Таңғы шықтан көйлек киген сағыныш

Сізден алған баға жетпес сыйым да...

Күндер қалған шуағында күнгейдің,

Мойыл көзі боталаған түндеймін.

Телегей боп тереңіне тартасың –

Мен жүзуді білмеймін.

Жусан жапқан Сізге барар соқпақты,

Табаныма ып-ыстық боп шоқ батты.

Ұшпақ едім қанат сұрап аспаннан –

Самал жел кеп тоқтатты.

Жанарымнан шық тамарын білді ме –

Жусан біткен бас көтерді дүрліге.

Сіз бенен біз сабыр қылсақ болар деп

Құлағыма сыбыр етті сүмбіле..

Сары белде – сары көйлекті мұңлы аңыз –

Айтар сырын сардаладан тыңдаңыз.

Қарашықта.. мөлдір тамшы ішінде

Бұлдырайды Сұлбаңыз...

Ақын Жанат Әскербекқызының таңдамалы жыр жинағы «Ай-тамғы» деп аталады екен. Тыныштықты жаны сүйетін ақын стихиясы – түн. Күндізгі өмірдің күйбең тірлігі - алдамшы құбылыс, табиғаттың барлық құпиясы, адам әлемінің тереңдігі, көңіліңді жыландай арбайтын дүние-жалғанның жұмбағы түн қойнауында жасырынған. Соны білетін ақын жаны жұлдыздары жымыңдаған түнгі өмірдің тыныштығынан мәңгіліктің сырын іздейді. Күндізгі өмірдің жарығында емес, тастай қараңғы түндерде ойдың отты құйыны адамды үйіріп әкетіп, сәулесі жарқырай түседі емес пе.

Орыс философы Николай Бердяевтың айтуынша, нағыз өмір суреткерлік шеберлікпен тек символдар арқылы берілуі мүмкін, ол өнерге міндетті түрде шынайы күйінде енбейді. Өнер еш уақытта да эмпирикалық шынайлықты көрсетпейді, барлық кезде де ол басқа әлемге еніп кетеді, бірақ бұл басқа әлем өнерде символдық бейнелердің көмегімен танылады. Жанат жырларында суреттелетін түн тыныштығы – екі әлемнің ортасындағы алтын көпірдің символдық көрінісі. Түннің тылсым табиғатына үңіліп, тыным таппай аласұрған ақын жаны одан нағыз махабаттан да ыстық өмірдің жалынын іздейді. Сөзімізді шындығына көз жеткізу үшін ақынның «Түн» деген лирикалық туындысын бірге оқып көрелік.

Кербез жарық кергімей кері қайтсын,

Айтар сырын Ай саған сеніп айтсын.

Тереземнен кетеді сырт айналып

Мені қайтсін...

Аңсап жетер Ай сенің құшағыңды,

Біледі ғой ынтыға құшарыңды.

Назарыңды мен жаққа салмағаның

Құса қылды.

Саған адал Ай ғана, білем оны,

Сенің тылсым құшағың – түнегені.

Қызғаныштан қызарып бейшара күн

Мың өледі.

Тірлігінен пенденің түйерің көп,

Көкірегінде ғажап бір күй өрілмек.

Толықсимын... басымды иығыңа

Сүйегім кеп...

...Аспан жұлдыз көрпесін жайды жаңа,

Жым-жырт әлем жұмбақтау жайды ұға ма.

Сенің барқыт жанарың аймалайды

Айды ғана.

Мәңгіліктің өлшемі - өзің бе едің?

Жұмбағына қанбайды көзім менің.

Әппақ Аймен қауышар сәттеріңде

Көз ілмедім...

(Жалғасы бар)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар