Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Амангелді Кеңшілікұлы: Қазақтың Қасымы ...

02.05.2017 6063

Амангелді Кеңшілікұлы: Қазақтың Қасымы

Амангелді Кеңшілікұлы: Қазақтың Қасымы  - adebiportal.kz

Кез-келген ұлттың жүріп өткен жолының сүрлеу-соқпағына назар салсаңыз әр жылы тұтас бір кезеңге бергісіз, әр кезеңі тұтас бір дәуірге татитын биік-биік асуларын, сол биіктерді бағындыру үшін азап кешкен таланттарының ауыр тағдырын көресіз. Қандай да бір қайсар, өжет халықтың от жалынын өшіріп, жан-жігерін құм қылып жіберетін қан қақсатқан дәуірде жарық дүниеге келіп, кіндігі кесілген сондай талантты тұлғаларға қиын уақыттың бүкіл тауқыметін тартып, таптаурын идеология мен қасаң қағидалардың шылбырын үзіп шығуы үшін өнердің асқар мұратына қол созып, идеологиялық ағысқа да қарсы жүзуіне тура келеді. Ғасырымыздың басындағы дүрбелеңде руханият әлемінде үлкен сілкініс туғызғанымен, отызыншы жылдардың аяқ кезінде мезгілсіз оталып кеткен Мағжан, Сәкен, Ахмет, Міржақып, Бейімбет, Шәкәрім, Жүсіпбек, Ілиястардың шоғырынан кейін қазақ әдебиеті ұзақ жылдар бойы бар асылынан айырылған соң, жапан далада қалған жалғыз бәйтеректей күйді басынан кешірді. Сұм заманның ылаңы мен зауалы басқа халықтың әдебиетіне қарағанда уығы енді ғана қадалып, тамырын енді ғана жая бастаған қазақ әдебиетінің қанаттануына, өсіп-өркендеуіне зор кесапатын тигізді.

Қалай болған күнде де Батыс өркениеті бұл уақытта түрлі-түрлі алтын кезеңдердің дәуренін басынан өткеріп, әдебиет әлемінде сан алуан мектептер қалыптасып, ол көптеген халықтың әдебиетіне ықпал етіп, сапалық тұрғыдан өрлеуіне, рухани түлеуіне мұрындық болды. Орыс әдебиеті де ХХ ғасырға дейін-ақ өзінің ренессанстық дәуірін басынын кешіріп қойған-ды. Ал қазақ әдебиетіне даңғыл жол салып берген Абайдай кемеңгер тұлғаның бастамасын әрі қарай жалғастырып әкетуге тура келгенде қазақ өнерінің басына қара бұлт үйіріліп, қысылтаяң кезең туып, бір алапат заман басталып, ұлттық рухымыздың өркендеуіне қолдан қиянат жасалды. Қазақ зиялыларының сана-сезімін жазушы Асқар Сүлейменовтың сөзімен айтқанда «тоғыз грамм қорғасынның үрейі» билеп алған өліара шақта әдебиетке енді келіп, өзіндік үні мен қолтаңбасын енді таныта бастаған ақын-жазушылардың пешенесіне бұйырған ауыр тағдыры шынымен-ақ аянышты еді. Алдына қараса үлгі-өнеге көрсететін жанашыр ағаларының бәрі «ұлтшыл» атанып ұсталып, атылып кеткен, артына қараса әдебиеттегі жаңа сөзін айтатын жас толқын қырқа астынан әлі қара көрсете қойған жоқ-ты.

Қазақ халқының үлкен ақыны, аяулы перзенті Қасым Аманжолов дәл осындай дауылды дәуірде, қылышынан қан тамып тұрған қаһарлы заманда дүниеге келді. Бірақ замана дауылы ақынды жасыта алған жоқ, керісінше Қасымның қайсарлығын арттыра түсті, жан жігерін қайрады.

Ақынның төл сөзімен айтсақ:

Ышқына соққан дауылға

Құмартушы едім жасымда,

Нөсерлеп құйған жауында

Қызығушы едім жасынға,

Жүгіруші ем жарысып,

Сарыарқаның желімен,

Ойнаушы еді алысып,

Соққан дауыл менімен.

Міне, бұл ақынның азаматтық әуені, ақындық кредосы. Ышқына соққан дауылға қарсы тұратын өжет мінез ақынның бүкіл адамдық болмысын айғақтап тұрғандай. Сондықтан Қасым жырлары кеңестер империясының аспанын сан рет сілкілеген әдебиеттегі үлкен қопарылыстың алғашқы бастамасы болды. Ғасырлар бойы елдің елдігі үшін күресіп өткен жыраулар поэзиясының қайсар да қайратты рухы Қасымның ақ берен жырларынан көрініс тапты. Поэзиядағы сұлулық, сезімнің кір шалмаған шынайы тазалығы, ойдың тереңдігі арқылы Қасым қазақ поэзиясының рухын қайта бір асқақтатып, ақ алмастай шыңдады. Поэзиядағы тамырын тереңнен тартқан ұлттық ою-өрнектер Қасым өлеңдерінен айқын сезіліп, Мағжан, Ілияс, Бернияздардан соң сұйылып бара жатқан ұлттық тіл бояуы тұнығы лайланбаған қалпында Қасым жырларынан қайта бір көрінді. Оқырманның жүрегін елжіреткен ақынның махаббат лирикасы сезімге жан бітірген Мағжан поэзиясының заңды жалғасындай болып елестеді.

Әрине, жазушы Тәкен Әлімқұловтың дәл байқағанындай «Қасым Абай сияқты шалқыған теңіз бола алған жоқ». Бірақ ол қазақ әдебиетіне ерекше сілкініс, соны серпін, қуатты жарылыс алып келген, өлең өлкесінде тыңнан соқпақ салған, жаңаша жырлаудың шымылдығын ашқан санаулы ақындарымыздың бірі болғаны дау туғызбайтын ақиқат. Уақыт өлшемі тұрғысынан алып таразыласақ, қара тастай қатып қалған сеңді қозғалтып, оқырман қауымның жүрегіне нұрлы шуағын түсіріп, әсерлі сезімнің бесігіне бөлеп, жанын жылытқан ақынның жалынды жырларының тәлімдік ғибраты Абай поэзиясынан кемшін түспеді. Қазақ жырының аспанын биіктетіп, рухани кеңістігін жаңаша жаңғыртқан бүгінгі күндегі қадау-қадау ақындарымыздың қай-қайсысының да поэзиясында Қасым өлеңдерінің құдіретті рухы мен мінезі сайрап жатыр. Басқаша сөзбен айтқанда, Қасым бір өзі бір дәуірдің сөз өнерін жасаған, бір өзі бір дәуірдің ауыр жүгін арқалаған халық әдебиетінің нар тұлғасы, қазақ поэзиясының Алпамысы бола білді.

Қасымның поэзиясын тілге тиек еткенде, ең алдымен, оның майдан тақырыбына арнап жазған отты жырлары ойымызға оралады. Дәл ол сияқты қанды қырғын соғыстың қасіретін, майдан даласының суретін, жау оғымен жағаласқан жауынгердің бейнесін, асыл арманы мен тәтті сағынышын, жүрегінің кекті зілі мен сезім бұлқынысын таза да табиғи қалпында шынайы суреттеген ақындар қазақ әдебиетінде саусақпен санарлықтай. Соғыс туралы сөз болғанда қазақ оқырманының көз алдына, ең алдымен, Қасым жасаған образдар мен бейнелер елестейтіні де сондықтан.

Әсіресе, «Орал» атты лирикалық туындыны оқығанда ғажап музыка тыңдағандай күйге түсесіз, өлеңнің әр жолынан майданға кетіп бара жатқан жас жауынгердің жүрек дірілін, жан-жүйкеңмен сезінгендей боласыз. Жауынгердің туған топырағымен қоштасатын сәті тұла бойыңызды еріксіз тітіркентіп, соғыстың қасіретін өз арқаңызбен сезгендей күй кешесіз.

Оралым шықтың алдымнан,

Оралым менің Оралым,

Қол созып қызыл вагоннан,

Үстіңнен өтіп барамын

Қимастық сезіммен басталған ақын өлеңдерінің әр жолы жүректегі сағыныштың нәзік пернелерін қалай-қалай дәл басады десеңізші... Өлең сиқыры жан-дүниеңді баурап алып, ұлы сезімнің құдіреттей күшіне еріксіз елегзи бересің.

Оралым сенің қойныңда,

Ойнақтап өткен жылдарым.

Жарқылдап Жайық бойында,

Достармен сайран құрғамын

Шағаның бойы көк шалғын,

Шалқамнан жатқан шаңқай түс.

Гүл болып менің құшағым,

Кеудеме қонған бұлбұл құс.

Міне, шеберлік! Ақын сезімімен астасып жатқан сурет қандай! Өлеңді әрі қарай оқығанда өртке тиген дауылдай сезім құйыны жаныңды балқытып, тұла бойыңды тебірентіп, жүрегің атша тулап қоя береді. Құйылып түскен мөлдір де таза лирикада ақын жүрегінің аяулы да аянышты лүпілі соғып тұр. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылының келісті келбетін көзбен көргендей боласың. Құлақ салып көріңізші:

Өмірдің алтын кесесін,

Тосқамын айдың нұрына.

Кешкенмін Совет көшесін,

Кеудемді ашып құрбыма.

Сонау бір шетте, сонау үй,

Кетер ме, сірә, көңілден?

Алушы ед тартып мені ылғи.

Махаббат жастық лебімен.

Талантты ақындардың поэзиядағы қабілет-қарымын айқындайтын көрсеткіш шынайы сезім ғана емес - ерекше ойлау өнері. Ерекше ойлау қабілетінен айрылған поэзия қанша көркем, қанша шынайы болса да көп жағдайда оқушының жүрегін тебіренте алмай жатады. Поэзия сұлу сөздің сыңғыры ғана емес. Шынайы суреткер ерекше ойлау қабілеті арқылы өлеңдеріндегі әр жолға жан бітіріп, әр сөзді жүрек қалауымен ойнатып жібереді. Қасымды оқығанда ақын өлеңдерінің табиғатынан ең алдымен, осы бір оқшау ерекшелік көзге ұрып тұрады. Шынайы сезіммен суарылған ақынның өзгеше ойлау мәнерінің дамығаны сондай, өлеңді оқу барысында алған алғашқы әсеріңіз соңына дейін бір суымай қояды. Қайта, керісінше, күшейе түсіп, шарықтау нүктесіне жетеді. Тіпті, өлеңді оқу үстінде ақын жасаған бірнеше лирикалық шегіністі байқамай да қаласың.

Терезе алды – жас терек,

Тұр екен кімдер сүйеніп?

Жүр екен кімдер еркіндеп,

Жүрегін ұстап үйге еніп?..

Сағындым сені, Оралым,

Күндер жоқ бейбіт бұрынғы.

Келгенше қайта оралып,

Алып қал осы жырымды.

Сіркіреп жаңбыр жауғанда,

Байқарсың өзің анықтап.

Жаным бір жүзер ауаңда,

Ауаңда сенің қалықтап.

Қош болшы енді, Оралым,

Күле бер шалқып сайраңда,

Айтпақшы қайда бораның?

Кетейін алып майданға.

Құйылып қалған шыншыл да сұлу лирика емес пе? Тәтті арман, тамылжыған табиғат көрінісі, адал сертке қайралған махаббаттың беріктігі, жүрегіңді елжіреткен ақын сезімінің шынайылығы, ойының тереңдігі мен өмірлік ғазиз арманы осы шағын жырға таза қалпында қалай сыйып кеткен десеңізші...

Асылы, ақын табиғатының даралығын танытатын да, аңыздық бейнесін сомдайтын да – оның өлеңдері. Ақынның өз «мені» арқылы сипаттайтын жырларында, оқиғаның дәл сол болған қалпында суреттелуі шығармашылық үшін шарт емес. Өлеңге жан бітіру үшін ақын әр детальді өз қалауынша жандандырып, әр оқиғаны өз қалауынша өрбітуі мүмкін.

Өлеңдегі көптеген оқиғалар ақын қиялының жемісі болып табылғанымен, оқиғаның өрбу желісінің тартымды, образдың бейнелілігі болуы үшін, ең алдымен, ойдың тереңдігі қажет. Оқырманға ұғынықтырақ қылып айтсақ, сезімнің тереңдігі, оқиғаның даму ерекшелігі сияқты поэзияның даралық табиғатын айқындайтын қасиеттер, ең алдымен, ақын ойының құнарлылығына тәуелді.

Таза сезім немесе таза көркемдіктен ғана тұратын өлеңдер болмайды. Өйткені, әдебиетте сорпасы су татитын арзанқол шығармалар да шынайы сезіммен жазылуы ықтимал. Сезім ағысының шынайылығы, ақынның тіл байлығының молдығын байқататын көркем ойлау шеберлігі ойдың тереңдігімен әдемі үйлесім тапқанда ғана жүрек қылын шертетін сыршыл лирика тумақ.

Орайы келіп тұрғанда айта кететін бір әңгіме, бүгінгі таңдағы өлең жазып жүрген көптеген ақындар поэзияны сұлу сөздің сыңғыры деп қана қарайтын секілді. Бірақ поэзия әдемі сөздердің көрмесі емес қой. Әділін айту керек: олардың өлеңдерінде табиғаттың әдемі де әсем көрінісі, тіпті сезімнің шынайылығы да бар. Бірақ ойдың құнарсыздығынан ол өлеңдер оқырман жүрегін тебіренте алмай жатады. Соларға Қасым сияқты үлкен ағалардан үлгі-өнеге алу артық болмас еді.

Мысалы, Қасымның «Дариға сол қыз» атты өлеңінде қандай философиялық тереңдік жатыр. Өлең ырғағынан ғажайып бір әсерлі әуен естілгендей болып, жүректің әлдебір нәзік сұлу шырақтары діріл қаққандай күйді сезінесіз. Ақынның шалқыған сезімі, ойдың ағысы қиялыңды тербеп, бейне бір сол оқиғаны өз басыңнан кешіргендей халге түсіреді.

Өңімде ме еді, түсімде ме еді,

Көріп ем ғой армандай қызды...

Бір нәзік сәуле күлімдеп еді,

Сапырды дауыл, тебіренді теңіз,

Тулады толқын,

шайқалды шың-құз...

Қып-қызыл өрттің

ішінде жүрміз,

Қайда екен, қайда дариға сол қыз?!

Ақынның әр өлең жолында қайталанбас образ жатқан жоқ па? Қып-қызыл өрттің ішінде жаумен жағаласқан жауынгердің жадынан бір нәзік сәуледей күлімдеген сүйікті қызының бейнесі неге кетпейді? Өйткені онда ақынның орындалмай кеткен арманы, көңіл көкжиегін керемет сиқырымен баурайтын әдемі сағынышы жатыр. Ақын махаббатының сертінен таймайтын адалдығына, жанының пәктігіне, жүрегінің тазалығына өлеңді оқығанда шын сенеміз.

Оқ тиді келіп,

қайратым кеміп.

Барамын сөніп, Келмейді өлгім!

Тұрғандай сол қыз,

жаныма келіп,

Талпына берді қайран жас көңілім,

Барамын сөніп,

Барамын сөніп,

Жұтар ма мені

мына сұм соғыс?

Арманым бар ма, өлсем бір көріп,

Қайда екен, қайда, дариға сол қыз?!

Өлең жолдарында иненің жасуындай бір жасанды мінез бар ма?.. Егер ақын өлімнен қорықпайтындығын, сүйікті қызы үшін жанын қиюға даяр екендігін айтып көлгірсіп шалқыса, өлең бүкіл шынайылық табиғатынан айырылар еді. Ажал сағаты тақағанда адам баласы дүниедегі ең сүйікті жанын есіне алатынындығын да ақын дәл байқаған.

Қасымның «Дариға сол қыз» атты лирикалық туындысы қазақ поэзиясының інжу-маржандарының бірі ғана емес. Бірегейі. Эпикалық сарынмен жазылған осы өлеңде Қасымның ақындық табиғатына ғана тән жұмбақ, Қасымның мінезіне ғана тән өршіл рух жатыр.

«Келмейді өлгім,

Келмейді өлгім

Қайратым қайда, келші осындайда»

Дедім де тұрдым, жүгіре бердім,

Қолымда найза, шағылып айға.

Жеңдік қой жауды, арман не құрбым,

Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс.

Таба алмай жүрмін

Айқайлап ән сап,

Қайда екен, қайда, Дариға, сол қыз?!

Қасымның майдан тақырыбына арнап жазған жырларын әңгімемізге арқау еткеннен кейін, оның «Абдолла» поэмасына тоқталмай кете алмайтынымыз ақиқат.

Әрине бүгінгі күннің таразысына салғанда поэманың «әттеген-айларының» бар екендігін де жасырмаймыз. Бірақ бұл поэма үшін үлкен мін емес. Қасым жау оғының ортасында жүрген өжет ақынның образын қарама-қайшылықты, Өмір мен Өлім атты драмалық қақтығыстың үстінде ашады. Бұл қырғын соғыстың, жолбарыстай жау отымен жағаласқан жауынгердің бейнесін ғана сомдаған поэма емес, бұл шын мәнісінде, ақын Әбділдә Тәжібаев айтқандай «батырдың қанымен жазылған, әр сөзі оқ боп атылып, от боп шашылып тұрған оптимистік трагедия. Өлімді жеңіп алған намысты жауынгердің өшпес образы, ерлік шені». Соғыс кезінде жазылған, әлеуметтік мәні зор осы оптимистік трагедияның қаншама жауынгердің намысын қайрап, рухын болаттай шыңдағанын сөзбен айтып жеткізу мүмкін бе екен.... Ақынның «Абдолла» поэмасы өз заманы үшін әдебиеттегі үлкен құбылыс болды.

Поэма туралы алғаш пікір білдірген қазақ әдебиетінің классик жазушысы Ғабит Мүсірепов еді. Ол өзінің «Майданнан соққан жаңа леп» атты әйгілі мақаласында поэманың басты ерекшеліктеріне тоқтала келіп, былай деп жазды: «Қазақ әдебиетінде Қасымның ағасы да бар, інісі де бар, құрдасы да бар. Солардың ішінен Отан соғысының тақырыбына жазамын деушілердің бәріне де «Абдолла» жаңа бір қырқаны меңзейді. Жаңа тақырыпты жақсылап жазайын дейді. Қасымның ең бір жете ұғынатын жақсы ойы осында. Қасым поэмасын жете ұғынғың келсе мұнда көп нәрсенің дұрыс бейнесі көрсетілген. Сонымен бірге, сол бейнелерді қалай көрсету керектігін де анықтап кетеді».

Неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақ ақыны Абдолла Жұмағалиевтің образын сомдау үстінде Қасым соғыс даласының суретін көз алдыңызға елестететін полотно жасаған. Поэмада бір артық деталь жоқ. Әр теңеу, әр бояу өз міндетін атқарып, Абдолланың өжет болмысын, қайсар рухын көрсетуге, образын ашуға қызмет етіп тұр.

Өмір гүлін, жаншып, таптап,

Шаштан сүйреп махаббаты,

Жерімізде жындай қаптап,

Найзаға іліп ар-ұятты, -

Келе жатты сұм жендеттерің

Жындай қаптап, махаббаттың өзін шашынан сүйреп келе жатқан жендеттерді көз алдыңызға елестетіңізші. Жаныңыз тітіркеніп, тұла бойыңыз түршікпей ме... Ақын жендеттердің образын ашу үстінде керемет теңеулер таба білген.

Поэма туралы кезінде көп әңгіме болып, ол туралы орыстың белгілі ақын-жазушылары Н.Тихонов пен Л.Соболев, сондай-ақ қазақ әдебиетінің үлкен ақындары мен жазушыларының көбісі өз пікірлерін білдіргендіктен, біз баспасөз бетінде жарияланған сол ойларды қайталамағанды жөн санадық.

Жалпы кез келген талантты ақындардың туындыларын оқыған оқырман, сол шығармалардан ақынның үлкен жүрегін көргендей әсер алады. Француздың аса көрнекті жазушысы Ромен Роллан «Мен нағыз батыр деп, тек жүрегі үлкен адамдарды ғана айта аламын» деген екен. Нағыз сыршыл да, сұлу поэзияны тудыратын да ақынның үлкен жүрегі емес пе? Ұлы поэзия тазалық пен адалдықты иман тұтқан ақындардың ғана жүрегінде туады. Қасымның қай өлеңінен болса да сөз өнеріне деген адалдығы айдарланып тұрады. Әсіресе, бұл ерекшелік оның махаббат лирикасынан айқын сезіледі.

Айнымасқа серттескем,

Айғағым бұл орамал,

Орамалға тілесең,

Жүрегімді орап ал.

Бұл өлеңдегі орамал – символдық белгі. Сол символдық белгі арқылы ақын сүйген жарының сезім сұлулығын, махаббатының пәктігі мен тазалығын, сертінің беріктігін, жан-дүниесінің тереңдігін қалай әдемі өрнектеген. Лирикалық шығармадағы сөздер жауынгердің адал жарының - ішкі монологы. Өлеңде махаббаттың құдіреттілігі символдық таңбалар арқылы беріліп, сезімнің шынайылығы символдық белгілер арқылы бедерленген. Қазақ қызының табиғатына ғана тән ибалық пен инабаттылық та, өлеңдегі ұлттық мінез де осы символдық таңбалардың тасасында тығылып жатыр.

Кіршіксіз ақ орамал

Көз жасыммен жуғанмын,

Жаным сендік, қабыл ал,

Бір сен үшін туғанмын.

Әрі қарай оқығанда өлеңнің экспрессивтік әсері күшейіп, әлеуметтік мотиві зорая түседі.

Жаудан елін қорғауға,

Жарым, кетіп барасың,

Бәлкім, жарар орауға

Білегіңнің жарасын.

Қасымның махаббат лирикасы өз заманында тиесілі бағасын ала алған жоқ. Тоталитарлық жүйе тақымын қысып, дәурені дүбірлеп тұрған заманда белгілі бір қалыпқа симайтын, албырт сезімі өз арнасынан шығып кетіп еркін толқыған ақынның махаббат музасының өзіне тиесілі лайықты бағасын алуы мүмкін де емес еді. Әйтсе де Қасымның махаббат лирикасы туралы ең алғаш пікір білдірген сыншыларымыздың бірі Есмағамбет Ысмаиловтың мына бір сөздерін көңілге медеу тұтамыз:

«Адамның махаббат, достық, адамгершілік қасиеттерін жырлаған лирикасында Қасымның сыршыл,ойшыл, турашыл ақындық жаны ерекше бір жарастықпен жаралған ғажап бірсұлу қызықты дүние болып елестейді. Ол махаббатың жалынды лебін де, үміт-арманын да, ләззатты шаттығын да, өкініш-күйігін де жасырмай бар ой-қырымен суреттейді».

Қасым сезімінің кіршіксіз тазалығын тебірене толғағанда, адамның көңіл-күйінің қалтарысында бұғып жатқан нәзік пернелерін аса бір үлкен сезімталдықпен таба біледі, кез-келген пенденің басынан өтетін махаббат шаттығының қас-қағым сәттерін де, жүрегіңді балқытатын әдемі кездерін де судыраған жібектей майда тілмен әсерлі жеткізеді. Ақынның махаббат жырларын оқығанда көңілің алабұртып, жүрегіңді әлдебір сезім қытықтап қоя береді.

Сәулешім құшағымда тұрды еркелеп,

Дәл тар төсек сықылды болды терек.

Жайқалған жапырағы шымылдықтай,

Сыбырлап бізді тұрды көлеңкелеп.

Біз әңгімеміздің басында «Қасымның махаббат лирикасы сезімге жан бітірген Мағжан поэзиясының заңды жалғасындай болып елестеді» деген болатынбыз. Шынында да Қасымның махаббат жырларында сол кезеңде туған ақындардың өлеңдерінде, кездеспейтін, ешкімге ұқсамайтын ерекше бір қасиет бар. Турасын айтсақ, ақынның махаббат лирикасындағы сезім бұлқынысынан, ойдың ағысынан Мағжан поэзиясының нұрлы сәулесінің шұғыласын сезгендей боласыз, ішкі үндестікті аңғарасыз. Қасымның махаббат жырларының кезінде көп сынға ұшырауының басты себебі де осында жатқан жоқ па екен?.. Әйтпесе, олардың тек Қасым дүниеден өткеннен кейін ғана үлкен даумен кітабына енгізілгенін қалай түсінесіз? Тырнақ астынан кір іздеген сол уақыттағы көптеген жандайшаптар аяулы ақынға көзі тірі кезінде қиянат жасады, өлеңдерінің басылып шығуына кедергі келтірді. Біз оқырман түгіл әдебиетшілердің өзі атын жақсы біле бермейтін олардың атын ата, түсін түстегіміз келмейді. Уақыт өзі-ақ кімнің кім екенін дәлелдеп, бәрін орын-орнына қойып берді емес пе... Мағжанның махаббат лирикасын еске түсіретін Қасымның мына бір өлең жолдарындағы ою-өрнектердің нәшіне назар аударып көріңізші:

Сүйдім дедің, қара көзің жаудырап,

Сүйдім дедің, ақша жүзің балбырап.

Сүйдім дедің, аузыңмен бердің бал,

Сүйдім дедің, ақ төсіңде аймалап.

Сүйдім дедің, жер еркесі жел білді,

Қошеметтеп көкте жұлдыз, ай күлді.

Табиғаттың құшағында серттескен,

Қайтіп қана ұмытарсың сол түнді.

Сүйдім дедің, бал тіліңнен сүйдірдің,

Сүйдім дедің, сүйсіндірдің, күлдірдің:

Енді бүгін жүрегіме шоқ басып,

Неге менің жас жанымды күйдірдің?

Сөз жоқ, Қасымның бұл өлеңі Мағжанның «Сүй жан сәулем, тағы да сүй, тағы да» атты атақты жырын еске түсіреді.

Жалпы, Қасымның Мағжан поэзиясын білуі, тәлімдік ғибрат алуы шетін нәрсе емес. Қасымның ақындық жолында көп тер төккеніне, көп ізденгеніне – оның аудармалары куә. Ақынның поэзия айдынында балықтай жүзіп, өлеңде өзін еркін сезінуі әлемдік әдебиетті керемет білгендігінің арқасы. Ақын поэзиясын ыждаһаттылықпен зерделеген оқырман оның жырларынан Шығыстың өлең үлгілерін де, Батыс мәдениетінің ою-өрнектерін де байқай алады.

Сен болсаң нулы жердің қызыл гүлі,

Болар ем сахараның мен бұлбұлы.

Қонақтай гүл жанында рахат тауыцп,

Гүл құшып сайрар едім күні-түні.

Кез болсаң жапандағы жалғыз терек,

Кез болсам келе жатып мен тентіреп.

Жолаушы жатқа жүрген жатар едім,

Жапанда жапырағыңда көлеңкелеп.

Шамасы Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасын аударуының ықпалы болса керек, бұл өлеңінен Шығыс әдебиетінің әсері қатты байқалады. Өлеңдегі теңеулердің қолданылу ыңғайы, берілу тәсілі парсы әдебиетінде жиі кездесетінін айта кеткен ләзім. Бірақ Қасымның көп өлеңдеріне Ресей мен еуропалық поэзияның ықпалы қатты болғаны байқалады. Еуропа және Ресей ақындарын қазақ тіліне асқан шеберлікпен аударуы осы сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. Қасымның аудармасында А.Пушкиннің лирикалық жырлары, М.Лермонтовтың «Маскарад» атты драмалық шығармасы, Т.Шевченконың өлеңдері, А.Твардовскийдің «Василий Теркин» поэмасы ақынның төл туындысындай болып кеткен. Зер салып көріңізші:

(Т. Шевченкодан)

Өтеді күндер, өтеді түндер,

Өтеді жазым зымырап.

Соғады дауыл, солады гүлдер

Сарғаяды жапырақ.

Ой ұйқыда, жүрегім жым-жырт,

Сөнеді көздің жанары.

Бәрі ұйқыда жатыр ғой мүлгіп,

Тірліктің жоқ еш хабары...

Осынау жарық дүниеде,

Бармын ба мен – білмеймін,

Қаңғалақтап жүрмін бе әлде,

Жыламаймын, күлмеймін.

Сыбағам қайда, сыбағам?

Жоқ па сірә ешқандай?!

Жақсылық менен аясаң,

Жамандық бер, а құдай?!!

Берме ұйқы, кезбе жанға,

Жүрегі бос қатпасын.

Ұқсап сұрсыз қу томарға,

Бұл дүниеде жатпасын.

Берші өмір, бер махаббат,

Жүрекпен сүйсін адамды.

Ол болмаса, етіп талақ,

өртесін мына жалғанды.

Қандай қиын – қаза тапсың,

Тап қапаста, зынданда,

Еркіндікте ұйықтап қалсаң,

Қиынырақ содан да.

Ұйықтап өтсең өміріңде,

Ұйқың ешбір қанбаса.

Тірлігің не, өлгенің не,

Ешбір ізің қалмаса.

Сыбағам қайда, сыбағам?

Жоқ па сірә ешқандай?!

Жақсылық менен аясаң,

Жамандық бер, а құдай?!!

Шебер жасалған аудармадан бір мін таба аласыз ба? Жоқ. Керісінше Қасым Тарас Шевчонконың өлеңін нұрландырып, көркемдік әлемін байытып, ойдың ағысын тереңдетіп жіберген. Егер осы өлеңді Тарас Шевчонко емес, Қасымның өзі жазды десе де сенер едіңіз. Талантты ақындардың шығармашылық дарындарының бір-біріне сәйкестігі деп осындайда айтылатын болса керек. Ол Тарас Шевчонконың өлеңін құр аударып қана қоймаған, іштей онымен бәсекеге түскен. Ақын өмірінен хабары бар адам бұл өлең жолдарынан Шевчонкомен бірге Қасым тағдырына ұқсас іздерді де байқайды.

Ақын Қасым Аманжолов дүниеден ерте озды. Пешенесіне бұйырған азғантай ғана ғұмырының ішінде қазақ әдебиетінің кемелденуі үшін оның сіңірген көл-көсір еңбегін тілмен айтып жеткізу қиын. Ол дауылды дәуірде туса да, қан майданда жүрсе де қазақтың рухы үшін арпалысып, өз жүрегінің жалынына өртеніп өлді. Соңғы демі таусылып, көзі жұмылғанға дейін ол қазақтың Қасымы болып қалды.

Ей, тәкаппар дүние!

Маған да бір қарашы,

Танисың ба сен мені?

Мен қазақтың баласы!

- деп айдай әлемге жар салуы да сондықтан. Бірақ Қасымның айтқанынан гөрі айтары мол еді. Қатал тағдыр аяулы ақынымзды ортамыздан ерте жұлып әкетті. Амал нешік?

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,

Көрінер көлеңкесі келбетінде,

Қай жерде үзілесің қайран сапар,

Түйін боп өмірімнің бір шетінде.

Қайран, Қасым! Осы өлең жолдарын жазған кезде аяулы ақын өзінің дүниеден құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шығарын білді ме екен?.. Әйтсе де ақын да ұлы құдірет иесі болғандықтан, оның сезімтал жүрегі ғұмырының қай күні үзілерін, дәм-тұзының қай күні таусыларын сезген сияқты. Әйтпесе, ақынның әрі қарай:

Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,

Көп күттім, қарайладым құмарлана,

Қайтейін, жетер емес қысқа өмірім,

Алыстан көрінгекнмен мұнарлана.

Сен кеткен бақытты едің келер ұрпақ,

Қараймын елесіңе мен таңырқап.

Жаңғыртып жыр сарайын сен келгенде,

Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.

- деп егіліп сыр толғап, ағынан ақтарылуы, тебірене толғануы мүмкін бе еді?..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар