Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Аманқос ЕРШУОВ: Қараймын кең дүние келбетіне...

18.08.2016 6633

Аманқос ЕРШУОВ: Қараймын кең дүние келбетіне

Аманқос ЕРШУОВ: Қараймын кең дүние келбетіне - adebiportal.kz


ТАҒЫ ДА БҰЛТ ЖАЙЛЫ


аманкос.jpg

Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,

Байқасақ, аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса, даналық бар,

Біреуде қарт та болса, шалалық бар.


Атым шығып бір шумақ қара бұлтпен,

Мен осылай қоштастым балалықпен.

Содан бері... Қанша жыл, қанша заман,

Табақтас та болмаппын даналықпен.


Жайлауына жеткен жоқ анық көшім,

Талай таңға ұласты жарық кешім.

Заман – түпсіз дария қалай өтем

Даналықтың білмесем әліппесін.


Ойлай берем: жүріп те, жатып-ап та,

Еңбегім еш, тұзым сор татымап па?

Ақылдының алдына шықпасам да,

Мен өзімді қоспаймын ақымаққа.


Бар азырақ абырой, атағым да,

Астымда атым, үстімде шапаным да.

Жібі түзу жігітпін, жүріп келем

Қарапайым жандардың қатарында.


Қолтығына біреудің тығылмаппын,

Тамыршыдай қара жер сырын бақтым.

Озбырлықтың алдында отқа түсіп,

Шындық үшін сәбидей шырылдаппын.


Ашық айттым досымның ұқпағанын,

Кейбіреуді көлгірсіп құптамадым.

Біреулерден ұтылып қалсам-дағы,

Қандай жақсы өзгені ұтпағаным.


Мінезім бе, мінезім шақпақ екен,

Сөйлегенде сөздерім тақ-тақ екен.

Қиянатты жердегі көре тұра,

Көзді жұмып қалайша аттап өтем?


Қара жер! Сенде тудым, сенде өлемін,

Несіне арамтер боп сенделемін?!

Мен осынау бұлттардағы бұлқыныспен,

Буға айналып кеткенді жөн көремін.



ЖҮРЕКТЕГІ ШАНШУЛАР


Мысық табан...

Мына дерт жайлап келіп,

Құртып жатыр мысымды, қайрат кеміп.

Қолды-аяққа тұрмаған көңілімді,

Аурухана заңына байлап беріп.

Оралар ма үзілген сырлы саздар,

Жоғалар ма жүзімнен айбат, көрік.


Қайда кеткен қуатым нар құлатқан,

Өр ағысым таулардан қарғып аққан.

Көз алдымда көк теңіз, жағалаулар,

Көктем қашан келеді жан жұбатқан?

Шауып келе жатып мен жығылдым-ау,

Шашасына шаң тимес арғымақтан.


Қалдым екен ауырып қалай ғана?

Тағдыр деген шытынар шарайна ма?!

Ет-сүйектен мен де осы жаралдым ғой

Талай сорлы құлаған, талай дана.

Әй, уайым, күшіктей қыңсылатып

Маңдайыңнан соғармын, маңайлама!


«Сабыр, сабыр, мұндайда сабыр артық», –

Дейді маған дәрігер жаны балқып.

«Құлан соғар болайын қуатыңа,

Гипертония – сырқатың, қаның артық!

Тамырыңа сыймаған асау қанмен

Ағып бара жатыр-ау дәрі қалқып...»

Байғұс жүрек,

Миыма қан айдаған,

Мұның арты не болар, қалай болам?

Көкке атылған теңіздей күңіреніп,

«Серперімен» серпіген «Адай» болам.

Не теперіш көрмедің ғұмырыңда,

Тақияңа тар келді талай боран.


Жүк көтеріп осынау иық талған,

Ұзай түсті жолдарың тұйықталған.

Сайтан алғыр, көргенде сатқындықты,

Тағдырмысың тамыры күйіп қалған.

Тасқа айналып шынымен кетермісің,

Жұдырықтай қан болып ұйып қалған?


Көк теңізде сандалдық талай ығып,

Енді олар болады қалай ұмыт?

Асау жүрек, сабыр ет, атыларсың

Көкірегімнің қақпасын қақ айырып.

Саған салған салмағын сырқат емес,

Пенделерден кездескен жабайылық.


ӘКЕММЕН ӘҢГІМЕ


Биіктен сөз аламын өз атымнан,

Ақынмын көкіректен сөз атылған.

Сонда да ойлап тұрсам, асыл әке,

Өзіңнен қылығым жоқ оза туған.


Болғанда үзім нанның аты қайғы,

Жарылқап жетім, жарлы-жақыбайды.

Ең алғаш колхоз құрған бір ісіңе

Менің бар атақ-даңқым татымайды.


Баласы деп айтты ел басқарманың,

Білемін бұл сөзде де астар барын.

Желіден үріккен құлын секілденіп,

Жек көрдім лауазым баспалдағын.


Тексізге ұсынбайды төрін ешкім,

Келмеді кеңсе бағып өліп-өшкім.

Атаққа, дүниеге бас айналған

Кей пасық пақырлығын көріп өстім.


Көрдім де, бас бұрмадым ол ауылға,

Қайтарда қамшым қалды «Қарауылда».

Ақындық – Абай жолы, азапты жол,

Арқамды тосып жүрмін сан ауырға.


Біреудің қан жыладым мұңын көріп,

Жұбаттым қара өлеңмен шұғыл келіп.

Мен – Абай, сен – Құнанбай болмасақ та,

Атыңды ерттеп жүрдім ұлың болып.


Біреуге бұл дүние тез өткендей,

Ошағын жандыра алмас тезек термей.

Тоқырау тұсындағы тоқ бастықтар,

Жазып жүр естелігін кезек бермей.


Жайы жоқ олардың да жатып алар,

Салмақтар өмір деген сахна бар.

Біледі әкімдіктен аты қалмас,

Абай салған соқпақтың аты қалар.


Жайым жоқ ақындықтан жалтаруға,

Ынтам жоқ, атқа мініп, мал табуға.

Өксік атқан өлеңнің ізі жатыр,

Бурыл тартқан шашымның әр талында.


Жарыққа көрінуге жан ұшырар,

Жырларым маңдайымның бағы шығар.

Қан қысымы қақсатқан жүрегімде,

Мынау қилы өмірдің ағысы бар.


Көкем-ау, ойлап нені тұнжырадың?!

Бекер-ау, мен несіне қынжыламын?!

Отауым орта мектеп ауылдағы,

Отыз жыл бір орыннан жылжымадым.


Сүттен ақ, судан таза жан құсаған,

Ау, әке, ризамын мәңгі саған.

Өзіңдей адал билік жүргізбесем,

Қасиетті халқымнан қарғыс алам.


Біреуге – бал, біреуге – қымыранмын,

Таяқ жеген талайдан сірі жанмын.

Сексен жасап семсерді маған бердің,

Әке, мен өзің үшін тірі қалдым.


Ұлыңның не айтса да еркі бүгін,

Алда талай самғауым, мертігуім.

Әке, мына мен барда сен тірісің,

Абай жыры тұрғанда, мен тірімін!


ТҮЙСІК


Алтын Ай, жұлдыз-жауһар, қырмызы Күн.

Кигізді саусағыма жыр-жүзігін.

Аспанға алып ұшты періштелер,

Демінен жаратылған үр қызының.


Қара бұлт – жабағы жүн түтіп өтем,

Құс жолы – құстың тамған сүті ме екен?!

Елдегі сапарымды қоя тұрып,

Ғарышқа қол созамын, шүкір етем!


Қараймын кең дүние келбетіне,

Қатар жүр зиялысы, жендеті де.

Бір кезде Алдаркөсе ат қып мінген,

Шайтанның тұқымы бар жер бетінде.


Арғы жағым кетеді жүген жұлқып,

Бір сәтке жерге түсем, сілем құртып.

Жай таппай жай оғындай түйілемін,

Кетердей түйсігімді түлен түртіп...



ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫ


Аптап ыстық,

Өң-түссіз өлі дала,

Жортатын некен-саяқ бөрі ғана.

Керуен сахарада сандалады,

Алар ма алақанға өмір-ана.


Аралап астанасын көп өлкенің,

Тиеген қазынасын, нелер теңін.

Ал, қазір бір құмыра су түгілі,

Келеді қат боп өзі көлеңкенің.

Сағым да теңіз болып кеткен алдап,

Жұтады уайым деген дерт те жалмап.

Оңай ма, оппа құмды омыраулап,

Қалт тұрды қара нарлар төрт тағандап.

Адамдар омырауын ашты мұңға,

Алжасып ақылынан шаш жұлуда.

– Ей, аспан, бір тамшы су, су, – десіп,

Аямай алтындарын шашты құмға.


Бәрі де бағынышты, жалынышты.

Байлығын қара дауыл алып ұшты.

Тоймаған дүниеге керуеннің,

Шөл дала шөпілдетіп қанын ішті.


Айтады осылайша хабар далам,

Бұл сурет сабақ болар

Саған,

Маған.

Тағдырды, тарыдай боп шашыларда

Алтын да аман сақтап қала алмаған.



ЕСЕНИННІҢ МОНОЛОГЫ


Мен осы шынымен шатпын ба?

Табылар өзімдік шертер мұң.

Теңіздің түбіне баттым да,

Найзағай отына өртендім.


Түспесең өмірдің тезіне,

Несіне жігіт боп туасың?

Талтүсте адасқан кезіме,

Достарым, өздерің куәсің.


Жанымның тарқамас құмары,

Қайдасың, сайрауық бұлбұлдар?

Досыңды түсінбей жүр әлі,

Мұндағы өсекші құрғырлар.


Тиді ауыр барлығы төзімге,

Адасып қалдым ба еріктен.

Бейтаныс сұлудың көзінде,

Жас тұрды неліктен, неліктен?


Жалынын жан-жаққа таратқан,

Жаныма қалайша қыс кірген.

Өшімді алардай шараптан

Тағы да іштім мен...


Әлгі қыз жас төгіп тұр әлі,

Жанына бір сөзім батып-ақ.

Мен шығар оған да кінәлі,

Мен шығар ақымақ.


Білмеймін, не болды, осымен,

Өтті ғой зымырап қысқа күн.

Қастастым аяулы досыммен,

Дос болды күлегеш дұшпаным.


Бейшара жүректі тулатып,

Қайтемін күншілдер өсегін.

Орыстың орманын шулатып,

Ортаңа оралар Есенин!..


СОЛАР АЙТСЫН


Өзімді-өзім даттағанда не табам,

Өзімді-өзім мақтағанда не табам?

Мен туралы ұзақ-ұзақ сыр айтар

Оңашада басын қосса екі адам.


Олар менің алдағымды болжайды,

Жұлдыздарға тіке тартар жол жайлы.

Адамдардың алақанында келем ғой,

Не десе де солар айтсын мен жайлы.



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар