Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Амантай Тойшыбайұлы. Үй шаруасындағы әйел

03.10.2018 906

Амантай Тойшыбайұлы. Үй шаруасындағы әйел

Біздің Қасым жұмыстан соң үйіне келсе ауладағы барлық нәрселер шашылып жатыпты. Үш баласы далада лас топырақ үстінде аунап ойнап жүр екен дейді. Ауланың іші үйдегі пештен шығарылған күл-қоқыстар, ана жер, мына жерлерде илектенген тағы бірдемелер... Ал машинасы гараж жанында бір есігі ашық, жүк салғышы да ашылған, балшық- батпақ жабысқан лас күйі қалай болса солай тұр екен.

Үйіне кірсе тіпті қорқынышты екен дейді. Кіреберістегі кілем жиырылып, бір шеті аударылып қалған, төбедегі люстра үзіліп түсуге шақ салақтап тұр екен дейді... Ал қонақ бөлмеде теледидар дауысы шегіне қойылып, мультфилм жүріліп жатыр екен. Еденге шашылған балалар ойыншығы, киім-кешектер... Асхана бөлмесіне кірсе жуылмаған ыдыс-аяқтар, таңертеңгі тамақтан соң сатпақ-сатпақ күйі үйіліп тұр, және бір кесе шағылып, еденде шашырап жатыр. Үйінің екінші қабатына қарай шықса саты бойымен қоқыс-қалдықтар...

Бұларды көрген соң әйеліме қандай бір жаман нәрсе болған екен, немесе қатты ауырып қалған шығар деп ойлап шошып кетіп, ентіге жүгіріпті... Сонымен жататын бөлмеге кіріп келсе әйелі шалқадан түсіп кітап оқып жатыр екен дейді.

Күйеуінің кіріп келгенін көрген әйелі кітабынан көзін аударып, күлімсіреп «Жаным, бүгінгі күнің қалай өтті?» деп сұрапты. Сосын күлімсіреген қалпы: «Сен күнде кешке үйге келгенде менен күні бойы не істегенім туралы ешбір сұрамайсың емес пе! Сондықтан да мен сенің онсыз да сұрамайтыныңды біліп күнделікті істейтін шаруаларымды істеген жоқпын ...» депті.

Қандай болсаң, сол қалпыңды көрсет!

Бұлардан бұрын дос қызыңа айтатын сөзіңнің ең бастысы, ата-анаңның тіршілігінің төмен екенін, жалақыдан-жалақының арасында ғана өмір сүретінін айт. Жалпы өмірді екеуіміз ең басынан бастаймыз, екеуімізге көмектесетін адам біздің үйде жоқ дегенді түсіндір»,-дегенінде ұлы аң-таң болып, біз сонша бір төмендеп кеткен отбасы емеспіз ғой деген қалып танытқанда әкесі одан ары тереңдетіп «Екеуіміз үйленген соң алдымен қаланың сыртындағы біздің ескі жер үйде тұратын шығармыз», - деп айт деді. Ал егер осылай айтқан кезде сөзіңді елемей өзіңе жабыса берсе онда ол қызды үйге ертіп келуіңе болады», - деді.

Жалпы уақыт өткен сайын екі адамның өздері де білмейтін жақсы қырлары ашыла береді екен ғой. Біреуге жағыну үшін жарамсақтанып, өтірік рөлдерде ойнап, жақсы адам боп көрінбек болғаныңмен тілесең де тілемесең де өзіңнің нағыз бейнең, шындығың ашылған кезде жағдай басқаша айналады емес пе. Басынан бастап дәл қандай болсаң сол қалпыңда білісіп, үйренісіп өзара түсініссең қайта артқа бұрылу деген болмайды емес пе, ааа!»,-депті.

Күлімсіреп жүретін дәрігер

Өндіріс ошақтары көп шоғырланған бір қаладағы аурухананың «Ота жасау бөлімі»-нде екі қартаң дәрігер қызмет етеді екен. Олардың бөліміне келіп қаралатын, емделетін, ота жасататын науқастың көптігі сондай, екі дәрігер әбден қажыса керек.

Бір жылы әлгі бөлімге басқа қаладан бір жас дәрігер ауысып келеді. Екі қарт дәрігер көп жылғы ауыр жұмыстан шаршадық деген сылтаумен жеңіл-желпі жарақаттарды ғана емдеп, жұмыстың бүкіл ауыртпалығын жас дәрігердің мойнына іліпті. Ал жас дәрігер болса қандай да ауыр отаны күлімсіреп жүріп жасайтын, кез-келген пациентті күлімсіреп қабылдап, қолынан келген жәрдемін береді екен. Сондықтан да бір жылдың ішінде жас дәрігерге деген халықтың құрметі мен ілтипаты өзгере бастайды да екі қарт дәрігерді көп ешкім елемейтін болыпты.

Күні-түні науқастардың жанында болып, тіптен әр күн сайын 2-3 адамға ота жасап, бәріне де үлгеретін, бірақ әрдайым күлімсіреп жүретін жас дәрігердің бұл жанкештілігіне ана екеуі: «Осыншама ауыр жұмысты ешкімге шағымданбай жалғыз өзі қалайша атқарып жүр?»,-деп таң қалып «Осылай жұмыс істеуі бұл жас дәрігердің өзін-өзі шығанға шығарғанмен бірдей ғой»,-деп жаны ашыпты.

Сосын жас дәрігерге келіп өз ойларын айтқанда, жас дәрігер: «Иә ағалар, сіздер дұрыс айтасыздар. Мен күлімсіреу дегенді дәрігер болған алғашқы күні-ақ науқастардың жан қиналысын көргенде ұмытқан болатынмын. Бірақ науқас адамдарға күлімсіреп қатынасу қанша қажет екенін мен өте жақсы түсінгенмін. Сондықтан да ернімнің екі жағын, яғни езуілерімді екі жаққа тартқызып тіктіріп тастаған едім»,- депті. (Сенбесеңіздер өздеріңіз біліңіздер!)

Апаң мені танымаса да мен оны танимын ғой...

Қазақта «естімеген елде көп» деген сөз бар. Жуықта таныс дәрігер жігіт дастархан басында мынадай бір әңгіме айтты:

- Адамзат қоғамы өркениет шыңына жеткен сайын бұрын соңды болмаған жаңа аурулар түрін өзіне жамап алуда. Бүгінде қазақтың «алжуына» ұқсас тағы бір дерттің түрі медицинада «альцгеймер» деп аталады. Альцгеймер ауруы бұл жазылмайтын мидың ауруы, адамның ойлау қабілеті мен жадын бұзады. Бұл ауру тез дамиды. Соның салдарынан осындай ауруға шалдыққан адам біртіндеп барлық қабілетінен айырылады. Мамандардың айтуына қарағанда, ең соңғы мәлімет бойынша, бір Израиль елінде альцгеймер ауруына 70000 адам шалдыққан екен. Бүкіл әлем бойынша осы ауруға 18 миллион адам шалдыққан. Есеп бойынша аурудың емі табылмаса бұл көрсеткіштер 2025 жылы 34 миллионға жетеді дейді.

Тіптен бүгінде біз мекен етіп отырған Жер шарындағы халықтың 15 пайызы альцгеймер ауруына шалдыққан деген дерек те бар деді.

Дәрігер жігіт осыны айта отырып әңгімесін ары қарай жалғастырды:

- Бірде ауруханадағы кезекшілік міндетімді атқарып таңертең ерте жұмыстан кеткелі жатқанымда бір пациентім асыға басып кіріп келді. Қолында азық-түлік салынған қомақты сумкасы бар екен. Ол кісі:

- Қарағым, кешігетін болдым, ренжімей саусақтарымның орауын жаңалап, тиісті ем-домын тез жасап берші, өте асығыспын деді. Мен ол кісінің өтініші бойынша темірге қыстырып мертіктіріп алған саусақтарын тексеріп, тиісті нұсқаулар айтып, қайта орай отырып:

- Ағатай, сонша қайда асықтыңыз?,- деп сұрадым. Ол кісі:

- Әйеліме асығып отырмын, таңғы шайды бірге отырып ішеміз ғой, мен кешіксем тосып қалады, деді.

- Ее, онда жарасы жеңіл екен, үйде шайын баптап апамыз тосып отырған болса, асыққаныңыз дұрыс дедім қалжыңдап.

Ол кісі бір күрсініп алды да:

-Қарағым, апаң үйде емес, бес жылдан бері асырау жерінде өмір сүреді деді. Мен таңырқап:

- Қалайша, не болып еді, десем, әлгі кісі күрсініп алды да:

- Апаң альцегаймер дейме, жазылмайтын бір дертке ұшырапты, бес жылдан бері менің кім екенімді танымайды. Бала-шаға, туыс-туғандардың да ешбірін танымайды. Әйтеуір тірі жан, деді қамығып.

- Ә, онда асығып барғаныңызбен Сізді де танымайды екен ғой, деппін сасқалақтап.

- Иә, танымайды,-деді танысым. Сосын күректей болса да жып-жылы, жұмсақ алақанымен менің қолымды қысып тұрып: « Иә, ол мені танымаса да, мен оны танимын ғой. Бес жылдан бері бір күн де үзбестен таңғы шайды бірге ішеміз» -деді күлімсіреп…

Әже махаббаты

Мен сіздерге шынымен болған бір оқиғаны айтып берейін. Бұл әңгіменің кейіпкері қазір ортамызда жүргендіктен оның атын өзгертіп өзіміздің білетін «Менің атым Қожаның» Қожа есімімен атай салайық.

Біздің бұл Қожа өмірде кездесетін әртүрлі жағдайларға байланысты бала кезінде әжесі екеуі ғана бір үйде тұрған екен. Қожа әжесін өте жақсы көрген, ал Әжесі де Қожа үшін жанын беруге әзір. Бірақ Қожаның қолының сұғанақтығы бар еді. Ол мүмкіндік шықса болды, бірге ойнайтын балалардың, немесе көршілердің затына суық қолын сұғып, үйге қай-қайдағы бірдемелерді тасып жүріпті. Әжесі Қожаның бұл қылығын қойдыру үшін талай мәрте ұрысса да, ақылын айтса да Қожа ұрлық жасауын қоймапты. Әжесі бір күні: «Қожа сен ұрлық жасаған сайын ұрыстым, ұрдым, ақылымды айттым. Бірақ айтқанымның бәрі бір құлағыңнан кіріп, келесі құлағыңнан шығып кетеді. Егер осыдан былай үйге рұқсатсыз басқа адамдардың бірдемелерін әкелер болсаң мен мына тоқыма бізін отқа қыздырып қолыңды қаритын боламын» деп ескертіпті.Осы сөзден кейін Қожа біршама уақыт ұрлық жасамай жүріпті. Өйткені Әжесінің айтқан сөзі ұмытылма қоймаған еді. Бірақ ол әңгімені ұмытқан Қожа бір күні тағы да ұрлық жасайды. Оның қалталарын толтырып әкелген ұрлық заттарын Әжесі алғашында көрмеген сыңай танытса да, біраздан кейін шыдамай «Қожа бері кел,қалтаңдағы заттарды шығар!» деді. Оның қалтасынан пышақ, қарындаш, өшіргіш, кішкентай доп, тиын-тебендер т.б. өзіне ешбір қажеті жоқ ұсақ-түйек заттар шығыпты.

Әжесі «Бұл заттарды қайдан алдың?» деп сұрағанда ол үндемеді. Әжесі: «Сен тағы да ұрлық істеген екенсің ғой.Маған берген сөзіңді ұмыттың ба?» деп тоқыма бізін алып келіп отқа қыздыра бастапты. Біз отқа әбден қызарған кезде Әжесі Қожаны жанына шақырып «Қәне, қолыңды шығар» депті. Қожа да өзінікі қате екендігін білгендіктен қайтерін білмей сасқалақтапты. Бірақ Әжесі кенеттен: «Мен сенің ұры болуыңды тілемеймін. Сені жазалауға тиіспін. Бірақ мен сені өте жақсы көретіндіктен сені жазаламай өзімді жазалағанды жөн көрдім» деп Қожаның қолын емес өз қолын ыстық темірмен күйгізе бастапты. Шошып кеткен Қожа бақырып жылап жіберсе керек. Ал Әжесінің қолы ыстық темірге қарылып, терісі қолдырап түсіп, білегінің еті күйіп қалған екен. Әжесі: «Қожа балам, көрдің бе, осыны ұмытпа. Сенің ұрлық жасағаның маған қаншалықты ауыр тиетінін біл. Егер ұрлық істей берсең мен сен үшін елден ұялғандықтан осылай өзімді отқа қарып, өртеніп өлемін. Бұл сенің ұрлық жасағаның үшінгі менің төлейтін төлемім болады» депті.

Осыдан кейін Қожа ұрлық істеуді мүлде қойыпты және Әжесі есіне түскен сайын осы күнге дейін өкініштен өзегі өртенеді екен.

Жылдамдық

Қасым жылдамдығын азайтпас бұрын спидометрге қараса өзінің 70 км\с жүретін жолмен 90 км\с жылдамдықпен жүріп келе жатқанын білді. Оны соңғы 3 айда МАИ қызметкері 5 рет тоқтатқан еді. Ол дереу тежегішті басып, жылдамдығын азайтып болғанша Алатаяқты аға баяғыда-ақ белгі беріп қойған болатын. Оған әбден таныс болған Алатаяқты ағаны көргенде жол ережесін бұзғаны үшін үнемі салынатын айыппұлдан зәрезап болған Қасым кабинасынан атып шықты. Оның аузынан:

-Ассалаумағаликум аға, өте асығыс шаруа шығып үйіме бара жатыр едім, кешіріңіз-деген сөзде еріксіз шығып кетті.

Оның сөзін селқос тыңдаған орта жастағы Алатаяқты аға:

-Машинаңа кіріп отыр деп бұйырды.

Қасым үндемей ғана машинаға отырды да кабинасын жауып алды. Алатаяқты аға қолындағы дәптеріне бірнәрселерді асығыс жазып жатты. Ал Қасым «Енді менің жүргізуші куәлігімді сұрайды» деп ойлап отырды. Алатаяқты аға жақындап келгенде Қасым кабинаны ашып «Қанша айыппұл салды екен?» деп қынжыла ойлады. Алатаяқты аға Қасымға бір бет қағаз ұсынды да, бұрылып жүре берді. «Айыппұл емес екен» деп ойлаған Қасым қуанып кетіп қағазды тез-тез оқи бастады. Қағазда: «Қасым інім! Мен саған айыппұл сала-сала шаршадым. Сен менің жазғаныма назар сал. Менің сүйкімді қызым бар еді. Оны аса жылдам келе жатқан машина қағып кетті. Апат жасаған тізгінші 6 айға ғана түрмеге жабылып, қамаудан шыққан соң өз балаларын құшақтап сүйіп жатқанын көрдім. Бірақ... мен қызымды еркелетіп құшақтау бақытынан мәңгілік айырылып қалған болатынмын.Ол жүргізушіге кешірім беруді көп ойладым, кешіріп те қойдым деп ойлаймын. Бірақ қызым бір сәт ойымнан шыққан емес. Қасым бауырым! Осыдан былай байқап жүрші, өтінемін. Енді менде жалғыз ұлым ғана қалды...»,-деп жазылыпты.

Қасым біраз уақыт аңырып отырып қалды. Сосын машинасына от алдырып баяу жүріп отырып үйіне жетті де, ұлы мен қызын ыстық құшағына алды...

Абайлаңыз, Сіз қалаған машинаңызды сатып алсаңыз да адамдарға өмір сатып алып бере алмайтыныңызды білесіз бе?!.

Мен оны өте жақсы көретінмін!

81 жасқа келгенше өмірдегі бал мен удың талайының дәмін татып, бала-шаға, немере-шөбересінің қызығын көріп, «Армансызбын!» деп бақи дүниеге озған ауыл анасын ауыл халқы мәңгілік мекені болған жер қойнауына тапсырып жатты. Лақаттың беті жабылып, жиналған қауым кезектесіп топырақ сала бастады. Апамызбен 65 жыл отасып 84 жасқа қараған шамасында артында қалып бара жатқан Атамыз кенет баршаның назарын еріксіз өзіне аударып еңкілдеп тұрып жылай бастады. Мұндай кезде көп жасап,көпті көріп, өмірдің ыстығы мен суығына әбден шыңалған ақсақалдың дауыс шығарып, жас балаша өксіп жылауы біртүрлі болатыны белгілі. Ал кей адамдар «Қайтсын-ай енді, 65 жыл бір шаңырақ астында бірге өмір сүрген екен, өзінің де төрінен көрі жақын қалған уақытында кемпірінің артында қалу оңай дейсің бе» десіп жатты.

Бірақ Атамыз сабыр сақтауды қойып дауысын қатты шығарып, боздатып тұрып сұңқылдай бастағанда бала-шағалары мен тұрғылас қарттар да өздерін жайсыз сезінгендей күйге түсіп, қысылып-қымтырылып «Ата, қойыңыз енді, бұныңыз не, жас бала емессіз, жастай қалып бара жатқан жоқсыз, тоқтатыңыз» деген сөздер естіле бастады. Жанына жақын тұрғандары барып қолтығынан сүйеп, көз жасын сүртіп әлек. Ал ауыл имамы мен молдалар «Ақсақал сабыр етіңіз, зират басында айқайлап дауыс шығарып жылау шариғат бойынша дұрыс емес» дегенді айтып әрең тоқтатты.

Ұзамай марқұм апамызды жер қойынына тапсыру жұмысы да аяқталып молдалар Құран оқып, дұға бағыштап, бет сипап болысымен адамдар зират басына мініп келген көліктеріне отырып ауылға қайта бастады. Елдің ең соңында өзінің ұрпақ- жұрағатымен ғана қалған Атамыз қайтадан алдыңғысынша еңкілдеп жылап-жылап алды да: «Мен неге жылай береді деп күлсеңдер де ұрыссаңдар да өздерің біліңдер. Мен, мен... марқұм апаларыңды шын жақсы көретінмін. Алпыс бес жыл бір шаңырақ астында жүрсек те көзінің тірісінде «Мен сені жақсы көремін!» деп бірде-бір рет айтпағаным ойыма келіп шыдай алмадым» деді де үйіліп жатқан топыраққа қарап: «Қош жаным, тіріңде айтуды ескермеппін, Мен сені өте жақсы көретінмін, кеш мені, кеш!» деп үш қайтара айқайлады өксіген дауыспен.

Ей адамдар, бір-бірімізді жақсы көретінімізді тірісінде айтайықшы...

Мүмкіндік

Мен сіздерге бір тәмсіл әңгіме айтып берейін.

Бір кедей өзінің өміріне ешбір көңілі толмайды екен. Бірде бақытына орай оған Алланың аяны келіп түседі. Алла тағаланың аянында «Сен ұзамай аса үлкен бай адам боласың, сосын өзің секілді кедейлерге көмек жасап ауыл-аймағыңдағы ең қадірлі адам боласың Барлық адам саған разы болып, жақсылықтар тілеп, сен әлемдегі ең сұлу қызбен үйленіп, балалы-шағалы болып, көп жасап бақытты өмір сүресің » депті. Жігіт қуанышы қойнына сыймай үйіне келеді де Алла тағаланың беретін несібесін тосып отыра –отыра бай да болмады, сұлу қызға да үйлене алмады, ашығып –шаршап, жазылмайтын ауруға душар болып, әбден тозып бақилық болыпты. Сосын Алланың алдына барғанда: «Уа раббым,сіз маған өтірік айттыңыз, берген уәдеңіздің бірі де орындаламады ғой» деп өкпесін айтыпты. Сонда Құдай тағала: «Мен саған айтқан уәдемнің бәрін берген болатынмын. Бірақ сен біреуін де алмадың. Сенің есіңе түсірейін, менен аян жеткен соң саған бір жақсы бизнес жасап көрейін деген ой түсті ме дегенде әлгі кісі «иә» депті. Сол кезде сен мен құсаған нашар адам ондай үлкен бизнесті қайдан істей аласын деп өзіңді төмен санап әрекет жасамай қойдың. Егер сен ойлаған ойыңа сай әрекет еткен болсаң менің айтқанымдай бай бизнесмен болып жақсы өмір сүрер едің. Ал ауылдағы тойда сенің жаныңнан әдемі киінген сұлу бойжеткен өткенде сен ол қызға шексіз ғашық болып ол үшін жаныңды да қиюға даяр едің. Солай емес пе дегенде әлгі адам тағы да «иә, есімде»депті.Егер сен ол қызға барып тілегіңді айтқан болсаң ол сенің өмірлік жарың болған болар еді. Бірақ сен мынадай сұлу қыз мен сияқты кедейге қайдан қарайды деп ойлап жүрексініп бара алмадың. Көрдің бе, мен айтқанымның бәрін бердім, бірақ сен біреуінде алмай қойдың. Сондықтан маған емес, өзіңе өкпеле!» деген екен.

Үрмелі шар

Жас бала үрлемелі шарлар сатып тұрған жігітке қызыға қарап «Недеген көп шарлары бар еді, менің де бір шарым болса ғой»,- деп ойлап тұрды. Сосын сатушы жігітке таяп барды да, «Аға , маған бір шар беріңізші»,- деп жүрексіздене тіл қатты. Шар сатушы оған назар аударып қарап тұрды да,«Сенде ақша жоқ екен ғой»,- деп менсінбей тіл қатты да теріс айналып кетті. Көңілі қалған бала бұрылып кетіп бара жатқанында бір топ шар сатушы жігіттің қолын шығып кетті де әуеге қалықтай жөнеліп жол шетінде өсіп тұрған биік кәрі ағаштың бұтақтарына ілініп қалды.

Бала әлгі көрініске қарап тұр еді, сатушы «Ей боқмұрын, сен мына шарларды ағаштан алып шыдасаң, бір шар сенікі болады»,- деп айқайлады. Бала қуана жүгіріп барып ағашқа өрмелеп шығып, төменгі бұтақтарда ілініп тұрған бірнешеуін босатып алды. Ал сонау жоғарыдағы жіңішке бұтаққа ілінген бір шар босатып алуға келмейтін өте биікте еді. Бала шар сатушыға бұтақтардан босатып алған шарларды апарып беріп «Қайсысы менікі, сіз бір шар аласың деп едіңіз ғой»,- деп сұрады. Шар сатушы жігіт балаға мысқылдай қарап «Сенікі әне ағаш басында қалып қойды», деді де дөрекі дауыспен қарқылдай күлді.

Көңілі қалған бала биік ағаш басындағы жіңішке бұтаққа ілініп тұрған шарға бір қарады да, «Иә, ағаш басында тұрса да бір шарым бар ғой» деп ойлап іштей күрсінді де, көзі жасаураған күйі өз жайына жүре берді.

Шынайы ниет жауабы

Қанша көп жұмыс істесе де табатын табысы мардымсыз бір жігіт әйеліне 10 мың теңге беріп «Жаным, соңғы кездері үй жұмысынан үнемі шаршап жүрсің ғой, аз да болса осы ақшаны өз қажетіңе жарат!» депті. Әйелі алған ақшаны қалай жұмсарын білмей ойланып тұрыпты да сыртта есік алдында отырған атасына апарып беріп «Ата, сізге тұрақты көмектесе алмай жүргеніме кешірім сұраймын. Мына ақша аз болса да сіздің достарыңызбен бірге бір түстенуіңізге жетіп қалар» депті.Атасы шексіз қуанса да бүгін-ертеңгісін әрең амалдап отырған келініне жаны ашып, ол ақшаны сақтап қояды да, өз тұрғыластарына келінімен көп мақтаныпты.

Арада біраз күн өткенде дәстүрлі наурыз мерекесі де басталып, атасы әлгі ақшаны немересіне «Тәтті алып же!» сыйлаған екен. Немересі ол ақшаны қайтадан анасына беріп «Анашым, бұл ақшаны сақтап қойып мен мектепке барған кезде сумка алып беріңіз» депті.

10 мың теңге алған әйелдің есіне күйеуі түсіп «Маған ештеме айтпай жүрсе де соңғы кездері байғұсым өте шаршап жүр ғой» деп жаны ашып, оның костюмінің қалтасына қызының берген ақшасын салып «Жаным, осы ақшамен достарыңмен бірге мейрамханаға барып, сүйген тамақтаыңды алып, жақсы дем ала ғой!» деген жазуды қоса қалдырыпты.

Басқалар үшін деген сіздің шынайы жанашырлық сезіміңіз бен көмегіңіз күндердің бір күні қалайда қайта айналып өзіңізді табатынын шындық.

Ананың көзі

Кішкентай Айна ес білгелі анасының өзіне деген шексіз махаббатына бөленіп өсті. Анасы оны кәдімгі үнемі телеарналардан көрсете беретін қазақ киносының шедеврі болған «Қыз Жібек» фильміндегі Қыз Жібектен де әдемісің деп айтатын, кішкентай Айна да ол сөзге шын сенетін. Анасының айтуынша Айна беті әппақ, көзі қап-қара қарақаттай.

Бірақ Айна мектепке барған күннен бастап барлығы да басқаша болды. Балалар оны сұлу емес керісінше көріксізсің деп айтатын болды. Айна алғашында ол сөздерге сенбеді. Өйткені мектеп оқушысы болса да қыздар арасына көреалмаушылықтар бар болатын. Десе де жылдар өте келе ол шындықпен бетпе –бет келді. Анасы жас балаша мәпелейтін ақ беті әжім-әжім, қарақаттай дейтін қара көзі қыли екен. Шыңда өскен шынарға теңеп мақтайтын денесі де түзу емес, аяғы қисық, белі бүкір екен. Анасы оны көп жыл бойы алдап келгені белгілі болды.

Өзін көп жылдар бойы осылайша өтірік айтып алдап келген анасына деген Айнаның кіршіксіз махаббаты енді оны шексіз жек көру сезіміне ауыса бастады. Бойжетіп, тұрмыс құрар жасқа жетсе де өз теңдес жас жігіттерден оны елеген ешкім болмады. Оның үстіне қанша емделсе де көзі де жазылмады. Бір ретте дәрігерлердің құпия кеңесінен Айна өзінің көп ұзамай көр соқыр болып қалатынын да естіп қойды. Оған енді өмірдің еш қызығы қалмағандай болды. Ол күні бүгінге дейін өзін кішкентай қыз кезіндегідей мәпелеп, еркелетіп жақсы көретін анасын және туған үйін тастап көз көріп, құлақ естімес бір жаққа біржола безіп кетуге бекінді.

Айна үйінен кетуге бел буған дәл сол күні анасы «Мен Астанаға бір ай мерзіммен іс-сапарға жүретін болдым. Сен үйде бола тұр. Мен бір аптаның ішінде өзіңе хабарласамын» деді де жолға шығып кетті. Анасы кеткен күннің ертесінен бастап Айнаның екі көзі көруден қалды. «Өтірікші анам мені өлсе өмірем қапсын деп жападан жалғыз тастап кетті» деп ойлады Айна. Оған енді өлуден басқа жол қалмағандай сезілді. Өзі тұрған 6-қабаттың балконынан секіріп өле қалайын деп ойлап, сипалап балконға шығатын есікті аша алмады. Пластик терезелер салынған балкон есігін анасы ашылмайтын етіп бекітіп кеткен екен. Болмаған соң сипалақтап жүріп ас бөлмеге кіріп, пышақ іздей бастады. Дәл осы кезде қалта телефоны шырылдады. Аржағынан анасының жан досы Сәруар апайдың дауысы естіліп: «Айна сүйінші! Сенің екі көзің көретін болады.Дауасы табылды. Қазір барып емханаға алып кетемін. Дайын отыр» депті.

Қош, сонымен Айна ауруханда ота жасатып,біраз күннен кейін күннің алтын сәулесімен жанары жарқырап төсектен тұрады. Енді Айна өзінің бұрыңғы сұрықсыз түрін қайта көруге жүрексінсе де «Түрім ұсқынсыз болса да, ешкімге масыл болмай сау көзбен жүретін болдым ғой»деп ойлады. Сосын қабырғадағы үлкен айнаға барып өзіне қарады да селк ете түсіп, артына бұрылса жанында ешкім жоқ екен. Айнаға қайта бұрылып қарады. Айна ішінде бұл әлемдегі ең сұлу бойжеткен тұр еді. Бетіндегі безеулер жоғалып, түзу қырлы мұрын,қарақат көз, тікенектей шаштың орнында қолаң қара шаш толқындап тұрды. Бойы да бұрыңғысынан ұзарып, белі жел тербеген қайыңдайбұралып тұр екен.

Бойжеткен жанына келген қартаң дәрігерді құшақтай алып: «Мен өмірге қайта келгендей болдым. Менің барлық мүшем сондай сұлу болыпты. Сіздер маған косметикалық ота жасап па едіңіздер!» -деп сұрады.

Дәрігер ағай: «Жоқ қызым, саған біз тек анаңның көзін ғана ауыстырып орналастырдық. Ол маған көздің қажеті жоқ деп айтқан болатын» депті...

Шіркін, ананың көзі-ай деген...

Адал жар

Кереку қаласының шетіндегі шағын ауданның халқы ол әйелді түгелдей таниды деуге болады. Оның аты Сезім. Отызға енді ғана жеткен жас әйел дәрігерлердің қателігінен болып екі көзінен бірдей айырылса да күнде ертемен аяладамалардың бірінен қалаға қатынайтын автобустарға өзі мініп қызметіне барып-келіп жүреді.

Оның екі көзі су қараңғы болған алғашқы кездерде бұл әлемдегі сенері мен сүйенері бір Алладан кейін күйеуі ғана болды. Күйеуі әскери адам. Бағын қарай күйеуі Жандос құдайға қараған таза жан еді. Әйелінің екі көзі зағип болып қалғанда ішінен қан жылап тұрса да, әйелінің алдағы уақыттарда өз басын алып жүруіне, адам ретінде ешкімге және ешнәрсеге тәуелді болмай өмір сүруіне барынша қолдау көрсетуім қажет деп шешіпті.

Сезім де қап-қараңғы болған жаңа өміріне күн өткен сайын аздап-аздап үйрене бастайды. Үйде отырған кезінде жеңіл-желпі үй шаруаларын ақырындап істеп үйренеді. Тіптен екі көзі көрмей қалу соншалықты ауыр еместей сезілетін кездері де болыпты.Жандостың қамқорлығы да барынша артады.Бастарына күн туған осы сәттерде олардың өзара сыйластығы мен бір-біріне деген қамқролығы да арта түскен болатын.

Күн артынан күн өтіп Сезімнің ем-дом алатын мерзімі де аяқталып өз жұмысына қайта кіретін уақыты да жетіпті.Дені сау кезде үй мен жұмыс арасы алыс болса да автобуспен емін-еркін жүре беретін Сезім үшін қазіргі су қараңғы болған кезінде жұмысына барып-келу әлбетте,қиямет-қайыммен бірдей. Сондықтан да бастапқы кезде Жандос такси жалдап әйелін жұмысына қойып жеткіздіріп, алдырып тұрды және өзі үнемі бірге ертіп апарып, келер сағатында тосып алатын. Сондықтан Сезімнің көңілі орнықты болды.

Бірақ осылайша үнемі асты-үстіне түсіп, қорғап-қолпаштау ешбір нәтиже бермейді, әрі басқаларға тәуелділігі арта береді деген ой Жандостың көңіліне келеді де бір кеште әйеліне осы ойын айтқанда Сезім: «Немене?...сен не айтып тұрсың, мен көрмейтін соқыр адам емеспін бе, қайда бара жатқанымды қалай ажыратпақпын?.. Ұзамай сен мені тастап кететін шығарсың, мен сонда қалайша тірі жүремін?...»,-деп еңіреп бұлқан-талқан болғанда «шын жыласа соқыр көзден жас шығатынының» керін келтіріп еді. Әйелінің осылай күйінгеніне Жандостың жаны шығарда бөлек болғандықтан «Мен сені өзің жұмысыңа барып-келіп үйренгеніңше автобуспен бірге жүретін боламын» деп келіседі. Осылайша 2 апта бойы Жандос әскери киімін киіп алып әйелімен бірге оны жұмысына жеткізіп салып жүрді. Осы 2 апта уақытта олар көруден басқа сезім мүшелері арқылы маңайындағы заттарды қалай ажырату, қандай нәрселерден сақтанып жүру туралы біршама тәжірибелер жасап үйренеді. Сонымен қатар Сезімнің жұмысына барар бағыттағы автобус шоферлерімен де танысып, Сезімге үнемі бір бос орын сақтап қоюды тапсырыпты.

Әлбетте, адамдар өздері талаптанып әрекет етсе қандай да қиыншылықты жеңетіні белгілі.Сонымен күндердің бір күні Сезім ерте тұрып, жұмысына жалғыз өзі бара бастайды. Алғашқы кездері оған жалғыз жүруөте қиын болса да күн өткен сайын жеңілдеп, жүріс-тұрысы еркіндепқалыпты әдеттерге төселіп үйреніп кетеді. Сонымен не керек, үш ай бойы осылайша жалғыз өзі жұмысына барып келіп жүріпті.

Бір күні әдеттегідей жұмысына бару үшін автобусқа отырып жатқанында автобус шопыры оған: «Сіз өте бақытты адам екенсіз!» деді. «Соқыр адам қалайша бақытты болмақ?» деп жауап қатқанында шопыр: « Мен үнемі байқап жүремін. Күн сайын Сіз автобусқа отырғалы келгеніңізде әскери киімі бар әдемі еркек соңыңыздан ере келеді де Сіз автобустан түсіп көше бойымен жұмысыңызға жеткенше сыртыңыздан қарауылдап, жұмыс орныңызға кірген кезде Сізге алыстан қол бұлғап, сүю ишарасын жасайды да бұрылып кетеді. Өтірік айтсам нан ұрсын, оның осылай жүргеніне 3 ай уақыт болды» депті.

Шопыр осылай дегенде Сезімнің көзіне қуаныш жасы мөлтілдеді. Өйткені ол әйел бақытты еді, Алла тағала оның көретін көзін алса да оған көңіл көзі ашық өмірлік адал жарды нәсіп еткен болатын...

Әке үйреткен сабақ

Баяғыда Қожанасыр атамыз «Қарап отырғанша нанға майды жағып жей отырайық!» деген екен. Ендеше қарап отырғанша мен сіздерге тағы бір ертегі құрастырып айтып берейін.

Ертеде бір шал болыпты. Ол шалдың бір ұлы болыпты. Ұлы арамтамақ, еңбекке құлықсыз, ерке, жатыпішер болып өсіпті. Шал өзі біршама ауқатты адам болса да осы ұлға еңбек етуді қалай үйретсем екен деп ойлап-ойлап ақыры ертіп алып, ел аралатып, әртүрлі кәсіп иелерімен таныстырып, өзіңе ұнаған кәсіпті атасаң мен сол кәсіпті меңгертетін оқуды оқытамын депті.

Ел аралап жүргенде ұлы әртүрлі сылтау айтып еш кәсіпті жақтырмапты. Жүре- жүре ақыры үсті-басы кірлеп, қарны аша бастапты. Ол: «Әке үйге қайтайықшы» деп жалыныпты. Шал да ұлының айтқанына келісіп екеуі алыста қалған үйіне қарай беттеп келе жатса алдарынан ылғый семіз-семіз бір табын өгіз кездесіпті. Қарны қатты ашып келе жатқан ұлы: «Әке, осы семіз өгіздердің біреуін ұрлап апарып сойып жегім келіп кетті. Рұқсат болса мен біреуін ұрлайын, сіз маған ұрыспаңыз! » депті. Шал рұқсатын беріпті. Сонымен ұлы бір өгізді ұрлап алыпты да иесі келіп қалмасын деп жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап жетектеп, айдап, қуалап жүріп үйіне әкеледі. Әкеледі де ұсталып қаламын ба деп қорқып, үрейленіп жүріп жанталасып сояды. Сосын етін асып, пысырып, жеп отырған кездерінде де қорқып, алақтап, иесі келіп қалып, біліп қояр ма екен деп тез-тез жейді екен. Ал шал болса ұлының әрекетіне қарап үндемей, өгіздің еті мен сорпасын тойып жеп-ішіп, қарнын сипап жата беріпті. Сонымен сиырдың етін екеуі бір ай мерзімде жеп бітірген кезде Шал дүмдей болып семіріпті де, ұлы қу жаны қалып арықтапты. Шал ұлын шақырып алып: «Сиырдың етін екеуіміз бірдей жедік, сен неге арықсың, ал мен неге семірдім?» деп сұрапты. Ұлы үндемепті. Сонда шал: «Өгізді ұрлаған сәттен бастап сен біреулер көріп қоя ма, ұсталып қалам ба деп жаның мұрның ұшына келіп қорқып жүрдің. Етін қазанға асқанда, түсіріп жеген кезде де осы қорқыныштан болып жан-жағыңа алақтап отырып тамақты дұрыс ішіп-жей алмадың. Ұрлықпен ішіп-жегенің бойыңа сіңбеді. Ал менде ешбір қорқыныш жоқ болғандықтан ішіп-жегенім бойыма сіңді. Өйткені мен бұл сиырдың құнын иесіне алдын-ала төлеп қойған болатынмын» депті.

Қымбат сыйлық

Дала әппақ қар. Көше бойында жан-жағыма көз салып бейқам тұрмын. Жол шетінде кішкентай ұл бала әрі – бері жүгіріп ойнап жүр. Мектептен қайтып келе жатқан жоғары сыныптың оқушылары болуы керек бір топ қыздың біреуі әлгі баланың бетінен сүйді де, қолына бірдеме ұстатты. Бала қызға бір сәт таң қала қарап тұрды да, келесі кезекте қуанғанынан күні бүгінге дейін ешкімнен алып көрмеген сол «қымбат» сыйлығын басқаларға көрсету үшін алақайлап жүгіре жөнелді. Кезек маған да келді. Бала қуанышты жүзбен маған қарап: «Қараңызшы, анау апай маған мынаны берді!» деді. Қарасам қардан жасалған домалақ доп екен, баланың мұздап көгерген алақанынан тамшылап еріп тұр. Кішкентай ұл бұл қымбат сыйлығын келесі адамға көрсету үшін қуана айқайлап жүгіріп бара жатты.

Менің жаныма таяу тұрған қарт адам: «Алты айдың алдында ата-анасы екеуі де жол апатынан қайтып еді,байғұс бала.., баламысың деген болмашы нәрсеге бола қуанғанын қарашы» деп күрсінді.

...Иә, адал көңілмен ұсынған кішкентай доп қардан жасалған болса да адамға үлкен қуаныш сыйлайды екен ғой шіркін...

Су мен гүл

Су мен Гүл алғаш кездескен күні-ақ бір-бірін ұнатып қалады. Бастапқы кезде жай ғана достасып жүріпті. Әлбетте бірін-бірі танып, үйренісіп, бауыр басқанша біраз уақыт керек екені анық.

Уақыт зымырап өтіп жатты. Гүл шексіз бақытты еді. Бақыттан басы айналған ол Суға ғашық болып қалғанын түсініпті. Алғашқы махаббатымен жолыққан Гүл жұпар иісін жан – жағына бұрқыратып: «Осынау әдемі иісімді тек саған ғана арнаймын» дейтін. Біраз уақыт өткен соң Суда Гүлге құштар болған екен. Оның Гүлге сыйлаған махаббаты да алғашқысы еді.

Күн артынан күн санап өтіп жатты. Гүл «Су мені сүйе ме екен» деп ойлай бастапты. Себебі Су Гүлге соншалықты көңіл бөліп, қамқорлық жасамайды екен. Ал Гүл болса ондай жағдайға төзе алмайтын еді.Гүл Суға «Сен мені сүйесің бе?» деп сұрағанда Су «Мен сені сүйемін!» деп жауап беріпті.

Зырлап тағы да біршама уақыттар өтті... Гүл тағат таппай бір күні «Су мен сені сүйемін!»-дегенде Су «Мен де!» деді.Гүл енді төзімділік танытты. Бірақ Гүлдің әдемі жұпар иісі азайып жоғала бастайды да ол ең соңғы қош иісін шашып тұрып Суға «Сені сүйемін!» деген сөзін қайталапты. Су болса: «Менде сені сүйемін деп айттым емес пе» депті. Гүл сарғайып қатып-семіп, төсек тартып жатып қалыпты. Өйткені ол өте ауыр науқасқа ұшыраған еді. Гүл барлық әсем келбетінен айырылып, сола бастайды.

Су болса ғашығының басын сүйеп жанында үн-түнсіз отыра берген екен. Гүл семіп, өлімге бет бұрады. Ол ең соңғы күш – қуатын жиып тұрып Суға: «Мен сені шын жүрегіммен, барлық болмысыммен сүйемін!» деп айтыпты. Ес-ақылынан адаса жаздаған Су ең соңғы амалы ретінде дәрігер шақырыпты. Дәрігер Гүлді тексеріпті де «Денсаулығы үмітсіз, енді оған еш жәрдем жасай алмаймын» депті. Су Дәрігерден Гүлдің ауруының себебін сұрағанда Дәрігер Судың бетіне тесіле қарап: «Оның ешбір ауруы жоқ. Оны уақытында суармаған» депті...

Су тек сонда ғана Махаббат дегеніміз тек ғана МЕН СЕНІ СҮЙЕМІН деген сөзден тұрмайтынын түсініпті.

Шопырлық куәлік

(болған оқиға)

Шопырлар дайындайтын мектептің директоры емтихан тапсырмақ түгілі, оқуға бір күн де отырмаған бала кездегі досына шопырлықкуәлікті тегін жазып беріпті. Досы куәлікті алу үшін уақытын сарп етіп келген де жоқ, өйткені директор досы куәлікті оған почта арқылы салып жіберген еді.

Сонымен жақсы досының жәрдемімен бір минут уақыт, бір тиын ақша шығындамастан шопырлық куәлік алған жаңа шопыр «еруліге қарулы» дегендейін директор досына рақметін айтып, өзінің сыйын ұсыну үшін жердегі шаңды аспанға бұрқыратып зуылдатып келе жатып, тізгініне ие бола алмай жолдан өтіп бара жатқан бір баланы қағып кетіпті. Бұл жаңа шопырға үлкен ескерту болғаны ақиқат. Ал лауазымын пайдаланып, білімсіз досына шопырлық куәлікті сыйға тартқан директорға одан да қатал ескерту болған екен. Өйткені ол директор мерт болған баланың әкесі болатын.

Кешегіден де жылдам жүгір!

Алатаңмен таласа қазақтың даласында бір Қасқыр оянады. Оның басында жалғыз-ақ ой. Ең жүйрік Еліктен де жылдам жүгіру. Әйтпесе аштан өледі.

Алатаңмен таласа орманды алқапта бір Елік оянады. Еліктің басында да жалғыз ғана ой бар. «Ең жүйрік Қасқырдан да жылдам жүгіру, орғу, секіру! » Өйтпесе Қасқырдың тырнағына ілініп, өңешінен өтіп кетуі мүмкін...

Сіз Қасқырсыз ба, Еліксізбе, бәрібір таң атысымен жүгіруіңіз, бәріне үлгеруіңіз керек екендігін ұмытпаңыз.

Егер сіз Қасқыр болсаңыз, кешегі күні ең жүйрік Елікті ұстай алмаған болсаңыз, ал бүгін сол Елікті ұстап алғыңыз келіп тұрса бір нәрсені түсініңіз. Ол: «Ең шабан Еліктің өзі сізден де жүйрік екендігі!..»

Олай болса бүгін кешегіден де жылдам шауып барып сіз бүгінгі бәйгенің жеңімпазы бола аласыз.

Егер сіз Елік болып кеше Қасқырдың аузынан аман қалған болсаңыз, бүгін де оған жем болуды тілемесеңіз онда жылдамдығыңызды кешегіден де арттыру қажет. Себебі, бүгін сіздің кезегіңіз келіп қалуы ықтимал.

Бір сөзбен айтқанда өмір жарысында артта қалмаудың жалғыз-ақ жолы бар. Ол: «Кешегіден де жылдам жүгіре білу!» Анадан, мынадан, одан-содан емес. Тек кешегіден ғана жылдам жүгіре білу. Сіз солай ете аласыз ба?

Сүйкімсіз адам

Мен сіздерге мына бір қызықты мысалды айтайын:

Маңдай шүйдесіне дейін жалтырап, иегі қатпарланған, дауысы қарлыққан Профессор студенттерге кәрілік туралы лекция оқып тұр:

- Мынадай бір адам бар. Өзі сөйлей алмайды, адамдардың айтқанын да ұқпайды, кейде сағаттар бойы еш мән-мағынасыз дыбыстар шығарады. Ол адам таң атып, кеш батқанын да білмейді, ешкімді ажыратып тани бермейді. Бірақ неге екені белгісіз атын атап шақырса шақырған жаққа бұрылып қарайды. Мен соңғы 6 айдан бері ол адамды өз қамқорлығыма алдым. Ол өзін-өзі ұстай алмайды, үнемі жанында асыраушы болады. Оның бірде –бір тісі жоқ болғандықтан тамақтың барлығын езіп беруден басқа жол жоқ. Өңірі мен кеудесіне үнемі сілекей ағып тұрады. Ол адам жүре алмайды, ұйқысы да тұрақты емес, қалаған уақытында ұйықтап, қалаған уақытында ояна береді. Сол кездерде де қандай бір адам жанында болуы керек. Түн ортасында кенет бақырып, бажылдап үйдегі адамдарды оятады. Ол адам көбінесе момақан қалыпта болса да кей-кейде ешбір себепсіз ашуланып, бақырып та жатады. Ол кезде оны тыныштандырып, алдарқатпаса бақыруын тіпті үдете береді. Ол өзідігінен туалетке де бара алмайды, сондықтан үнемі жатқан төсегі мен ішкиімін жуып-тазалап тұру да қажет болады. Профессор әңгімесін осылай сабақтай келе, студенттерден осындай адамды өз еріктеріңмен асырауға аласыңдарма деп сұрады. Студенттер бірауыздан бас тартты. Студенттердің кейбірі тіптен профессорға бұдан ары ол адам туралы айта бермеуін де өтінді.

Профессор болса, өзінің осындай бір адамды шын ниетімен қамқорлығына алғанын және онысына өкінбейтінін айтып,алда сендерге де осындай адамды асырайтын уақыттар тап болады дегенде студенттер таң тамаша болады. Профессор өзінің қамқорлығына алған адамның суретін студенттерге көрсеткенде, студенттердің көзі жарқ етіп, жамырай күлді.

Өйткені суретте пофессордың 6 айға жаңа ғана толған, сүйкімді немере қызы тұр еді.

Иә, сені осылайша бағып-қағып өсірген ата-анаңа деген жақсы қарым қатынас, олардың иман келтіріп, келтірмегендігіне қарамастан, Алла тағаланың разылы үшінгі сыпайы қарым-қатынаса біл. Оларға жақсы сөз сөйлеп, сыпайы бол. Қартайғанда өзіңе де жақсы сөздер айтылады.

Күшік

Бір адам базардағы ит сатушының жанына барады да сатқалы тұрған күшіктерді көргісі келетіні айтады. Сатушы ысқырып қалғанда үлкен қораптан 4-5 күшік жарыса шығып, иесіне жүгіріп келеді. Солардың ішінде біреуі домалаңдап жүгіре алмай әлгі күшіктердің ең соңында қалыпты. Әлгі адам:

«Мына күшікке не болған?» деп сұрағанда сатушы:

«Бұл күшіктің жамбас сүйегіне зақым келген», дейді. Сатып алушы: «Оны емдетуге болмай ма» деп сұрайды. Сатушы:

«Жоқ, сынған аяғы сынық күйінде жазылып кеткендіктен осылай қиралаңдап қана жүретін болады» дейді. Сонда әлгі адам:

«Олай болса, мен осы мертіккен күшікті сатып алайын» дегенде сатушы саудасы өткеніне қуанса да:

«Бұл күшік сізбен асыр салып ойнай алмайды, аңға да сала алмайсыз, үйіңізді де дұрыс күзете алмайды, не үшін сатып алмақсыз?» деп сұрайды. Сонда әлгі адам:

«Иә солай, бірақ бұл күшік өзінің жағдайын түсінетін мен құсаған адамның қамқорлығында болғаны жөн. Өйткені менде мүгедекпін»,-деп балағын көтеріп темірден жасалған екі жіліншігін көрсетіпті.

Соқыр қаз

Су қараңғы зағип қыз өзін де өзгелерді де шексіз жек көретін. Ол тек өзіне ғашық болған бір жігітті ғана жақсы көріпті. Өйткені сол жігіт ғана бойжеткенге ерекше қамқорлық жасап, анасынан да артық көңіл бөледі екен. Бойжеткен болса өмірді көзбен көретін сәтті күн туар болса осы жігтке сол күні-ақ тұрмысқа шығамын деп ант етіпті.

Сонымен, Құдайға қараған бір жақсы адам оған екі көзін сыйға тартып, бойжеткен бұл әлемді де, өзінің ғашық жігітін де көрген екен.

Ғашығы: « Жаным, өмірді көзіңмен көретін сәтті күнің туды, енді маған тұрмысқа шығатын шығарсың?» депті. Бойжеткен жігітке көз салса ғашығы дәл өзіндей соқыр екен. Қыз селт етіпті де сол сәтте одан бас тартыпты.

Жігіт те жылай-жылай алыстап кете барыпты. Біраз уақыттардан соң жігіттен хат келіпті: «Сені мәңгіге сүйіп өттім. Менің екі көзімді өз көзіңдей көріп жүр жаным!»

Қандай жақсы болған

Бірде әлемдегі атақты спортшылардың біреуі үлкен бір жарыста бірінші орын жүлдесін қанжығасына байлайды. Ақшалай мол сыйлығын алып, баспасөзге сұхбаттар беріп енді үйіне қайту үшін автотұрақтағы машинасына келе бергенінде оған бір әйел жақындап, чемпион болғанын құттықтайды да баласы ауру, өлім аузында жатқанын, оны емдетуге ақшасы жоқ екенін айтып көмек сұрайды. Бұл сөз спортшыға әсер еткені сондай жаңа ғана алған сыйлық ақшасын түгелдей әйелдің қолына ұстатады да «Балаңыз аман-есен жазылсын, сосын еліміздің жақсы азаматы етіп тәрбиелеңіз»,-деп шын жүректен тілегін білдіреді.

Келесі күндердің бірінде спортшыға бір адам: «Өткен аптада сіз машина тұрағында бейтаныс әйелге мол ақша берген екенсіз. Ол әйел алаяқ екен, өтірік айтыпты. Оның ешбір ауру баласы жоқ екен»,-дейді. Сонда спортшы: «Шынында ешбір ауру бала жоқ па екен» деп сұрапты. Әлгі адам: «Иә, ауру бала жоқ екен» дейді. Сонда спортшы: «Өте жақсы, осы аптада естіген ең жақсы жаңалығым осы. Балалардың ауырмағаны, ауру бала болмағаны қандай жақсы еді» деп қатты қуаныпты.

Дұрыс айтамын ба, әлде...

-Түнімен қорылдайтын күйеуіңе риза бол, өйткені ол басқа бір жерде, қайдағы бір әйелмен бірге емес, Сізбен бірге ұйықтап жатыр емес пе.

-Тамақ ішкен ыдысын жумай еркелеп-бұраңдап тұрған қызыңа риза бол, өйткені ол көше қыдырып жүрген жоқ, үйінде отыр емес пе.

- Зекет, пітір-садақа беріп, салық төлеген кездеріңізде қуаныңыз, өйткені

Сіздің ақшаңыз бар.

-Киіміңіз сыймай тарайып қалса өзіңізге риза болыңыз, өйткені Сіздің жеп-ішетін тамағыңыз бар

-Сыпырып, жуып, тазалауға ерінбеңіз, өйткені Сіздің үйіңіз бар

-Көршіңіз улап-шулап маза бермей жатса сабыр сақтаңыз, өйткені Сіздің еститін құлағыңыз сап-сау екен!

-Күні бойы жұмыс істеп шаршаған денеіңзге риза болыңыз, өйткені Сіздің талмай жұмыс істейтін қабілетіңіз қайтпаған.

-Таң атпай безілдеп шақырған сағаттың қоңырауына қуаныңыз, өйткені Сіз тірі болған соң оянып жатырсыз...

Жәннаттық болу оңай емес

Мен сіздерге есімде қалған бір тәмсіл әңгімені айтып берейін.

Ауылда тұратын өте Кедей бір адам о дүниелік болыпты. Көзін ашса жұмақ қақпасының алдында тұр екен дейді. Қараса, өзінің алдында бір Бай адам тұр екен. Осы кезде Періштелер келіп алтын кілтпен жұмақтың есігін ашады. Алдымен әлгі бай ішке қарай кіреді. Бай адам кірген кезде аржағынан әсем музыкалар ойнап, жұмақтағылар оны аса қуанышпен шуылдап қарсы алып жатқаны естіліп тұрыпты.

Сосын есік қайта ашылып, ішке қарай Кедей адам аяқ басады. Бір Періште келіп: «Төрлет, ауылдан келген досым!» деп күлімсірепті. Әлгіндегідей қуанышты у-шу жоқ, жым-жырт екен. Сонда Кедей: «Әлгі қуанышты дауыстар қайда кетті? Неге би билеп, музыклатып мені қарсы алмайсыңдар?» деп айқайласа керек. Онымен қоймай: «Сендер Бай адам кіргенде ән айтып, би билеп қарсы алдыңдар, мен Кедеймін, бірақ менің кедейлігім пәни дүниеде қалды емес пе, ал жұмақта барлығы да бірдей болады дейтіні қайда?» деп өкпелеген екен.

Сонда періште: «Иә, жұмақта Бай болса да, Кедей болса да барлығына бірдей қараймыз, Бірақ достым, жұмаққа күніне неше жүздеп Кедейлер келеді, ал Бай адамдардың жүз жылда біреуі ғана кіреді. Себебі ақша , алтын дегеніміз аса үлкен сынақ, ол емтиханнан өту оңай емес екен ғой» деп жауап берген екен.

Жүзгіш

1952 жылы 4-шілде күні су спортының мастері 34 жасар келіншек тынық мұхитта шомылып жүріп Каталина аралынан батысқа қарай 34 км-дегі Калифорния қаласына демалмастан жүзіп жетемін деп халыққа уәде беріпті. Оның бұл мақсаты табысты орындалса ол осындай ауыр жолды кезіп өткен әлемдегі алғашқы әйел ретінде тарихта аты қалады екен. Флоренц Чадвик атты суға жүзгіш бұл әйел бұрында осы кәсіппен біршама жетістіктерге жеткен көпке танымал спортшы еді.

Оның осы мақсатпен теңіз суына аяқ салған күні су өте суық, әрі оның жанында екі-ақ метр жермен бірге еріп жүретін кеме де көрінбейтін қою тұман түсіп тұрыпты. Миллиондаған адам оны тікелей эфир арқылы теледидардан көріп отырды. Ол мұздай суықты елемей 15 сағат бойы жүзіпті. Бірақ, амал қанша, жанында қайықпен бірге еріп келе жатқан анасы мен жаттықтырушысының «Шыда, шыда, жағалау өте жақын қалды!» деген сөздеріне көнбей судан шығыпты.

Тоңып дірдектеген жүзгіш келіншек Калифорния жағалауына 800 ғана метр қалғанда судан шыққанын түсіндірерде: «Егер мен жағалауды көрген болсам шыдаған болар едім» деп өкініпті. Мақсатын тәрк ету себебі суық су, немесе шаршау емес еді. Тек тұман қою болғандықтан алдағы жағалауды көре алмағандығы екен. Бұл да өмірде көп кездесетін жайттардың бірі. Қандай бір табысқа жету үшін алдыңа нақты, жетуге болатын мақсат қойып, әрі мақсатқа жеткен сәтте шығатын нәтиже де көрініп тұруы керек екен.

Сол қол немесе сабыр

Мицуми ес білгелі атақты каратист болуды армандады. Бірақ оның ата-анасымен аға-інілері бұл тілегіне қарсы болатын. Қырсық болғанда бір күні Мицуми машина апатына ұшырап ақыры сол қолын кестіріп тынды. Осы кезде баласының көңіл-күйін түсінген ата-анасымен ағалары ол үшін каратэ үйрететін ұстаз жалдады. Ұстазы алғашқы сабағында Мицумиге қарсыласының оң қолынан ұстап айналдырып құлататын әдіс үйретіпті. Сонымен 2-ші, 3-ші тіпті барлық сабақтарында осы әдісті қайталап үйрете берген екен.

Бір әдісті қайталап істей беріп жалыққан Мицуми ұстазынан «Ұстаз мен жалғыз әдісті қаталай-қайталай жалығып кеттім. Басқа әдіс үйретпейсіз бе?» дегенде ұстазы ол тілегін қабылдамаай, «Әлемде бұл әдісті өзіңнен басқа ешбір адам жылдам жасай алмайтындай болғанша үйренуің керек» деп айтқан екен. Мицуми да тырысып, ақыры бұл әдісті қас-қағым сәтте жасайтын болыпты.

Бір сәтті күні ұстазы оның қолына каратэден жастар жарысына қатысуға болатын рұқсат қағаз алып келіпті. Мицуми қатты таң қалса да ештеме айтпады, тек келесі күні рингте алғашқы қарсыласымен жекпе-жекке шығарда ұстазына: «Ұстаз, мен тек жалғыз-ақ әдіс білемін. Сондықтан жеңіліп қалатын шығармын» дегенінде ұстазы: «Сен тек білетін әдісіңді жасай бер!» деп жауап беріпті. Мицуми білетін жалғыз әдісін жасап жүріп соңғы ойынға дейін жетіпті.

Ең соңғы ойында оның қарсыласы одан екі есе үлкен денелі біреу екен. Мицуми қанша қорқып тұрса да білетін жалғыз әдісін жасап оны да жеңіп чемпион болыпты. Ол қатты қуанып, ұстазына жүгіріп келіп: «Ұстаз мен жалғыз ғана әдіс білемін, сонымен қатар жалғыз ғана қолым бар. Бірақ бас жүлде алдым. Не болып жатқанын өзім де түсінбей тұрмын» дегенде ұстазы оған күлімсірей қарап: «Сенің жасайтын әдісің каратэнің үйренуге ең ауыр әдістерінің бірі. Бұл әдісті қайтаратын жалғыз-ақ амал бар. Ол қарсыласының сол қолынан ұстап алу болатын...» депті.

Шай және талант

Шәкірт ұстазымен бірге ас үйге кіргенде ұстазы шәйнекті алды да шүмегінен шайды еденге ағыза бастады. Шәкірті ыстық шайға күйіп қалмас үшін бір шетке қарай ығысып тұрып: «Ұстаз, мұныңыз не, мұнда кесе жоқ, сіз шайды кесеге құйып тұрған жоқсыз ғой» дегенде ұстазы үндемей ғана шайды еденге төгіп тұра беріпті. Сосын жай ғана: «Көрдің бе... Мына еденге төгіп ысырап еткен шай дегеніміз сенің талантың болатын. Кесеге құймаса қандай дәмді шайдың да құны болмайды. Сіздің талантыңыз да сол секілді, құйылатын кесесі болуы керек. Сол арқылы ғана ол халқыңа жетеді. Ал жалқаулық, бейқамдық, босбелбеулік, еріншектік... сіздің талантыңызды жоқ қылып жатыр» деген екен.

Маған ұнаған нақылдар

*. Әлемнің қай бұрышына да ұшып кете алатын мүмкіндігі бола тұра ағаш басына қонып алып неге қозғалмай отыра береді екен деп мен үнемі құстарға таң қалатынмын. Сосын кейін бұл сұрақты өзіме де қойып көрдім.

*. Өткеніңмен мәмілеге кел. Сонда ғана өткенің Бүгінгі күніңді жоққа шығармайды

*. Басқа адамдардың сен туралы ойы басқа адамдардікі болғандықтан оның Саған ешбір қажеті жоқ

*. Уақыт барлығының емшісі. Уақытқа сол жараны емдейтін уақыт бер

*. Сенен басқа ешкім де Сенің бақытты болуыңның себебі бола алмайды

*. Өз өміріңді басқалардың өмірімен салыстыра берме. Олардың өмірінің жолы қалай болғаныны сен білмейсің

*. Көп ойлана берме, барлық жауаптарды таппай-ақ өмір сүре беруге де болады

*. Күлімсіре, сенің арқаңа бұл дүниенің барлық жүгін артып қойған жоқ

қой...

Пәтерде қалған жүрек жылуы

Қасым біраз жыл отырған ескі пәтерін сатып қаланың келесі шетінен 3 бөлмелі, кең пәтер сатып алыпты. Олар жаңа пәтеріне қоныстану үшін үйдегі барлық заттарын машинаға асығыс тиеген екен. Қасымның әйелі де ана-мынаға көмектесіп, сасқалақтап жүріп кетерде ескі қонысын тазалап шығуды ұмытып кетсе керек.

Олар жаңа пәтеріне көшіп келеді. Жаңадан ауысып жатқан пәтерінің есігін ашып кіріп келсе, бұрын-соңды бұл пәтерге адам аяғы баспаған секілді таза тұр екен дейді. Әйелі қуанып кетіп ас даярлайтын бөлмесіне кірсе үстелде конвертке салынған бір хат тұр екен. Конверт сыртында «Жаңадан көшіп кірген үй иесіне!» деп жазылыпты. Оқыса: «Пәтерлерді жақсылап жуып-тазаладым. Бірақ заттарыңызды орналастырар алдында өздеріңіз жеңіл-желпі тазалық жасап алатын боларсыздар. Сіздерге осы пәтер құтты қоныс болсын, бақытты болыңыздар!» деп жазылыпты. Оны оқыған Қасымның әйелі дереу такси шақыртып, бұрыңғы пәтеріне қайта барып, жақсылап тазалапты да, келесі келетін үй иелеріне арнап өзі оқыған хаттан да жақсы сөздермен әдемілеп хат жазып қалдырыпты.

Осылайша Қасым мен әйелі имандылық, адамдар арасындағы жүрек жылу, мейірімділік деген ұғымның терең мәнін бұрыңғысынан да жақсы түсінген екен.

Көмек

Ерте, ерте, ертеде бір кедей жігіт пәленбай таудың ар жағында, түгенпай деген өзен-теңіздерді басып өткен соң, зеңгір көкпен таласқан құздардың бірінде қасиетті от жанып тұратыны туралы естіпті. Сосын ол: «Сол қасиетті отты тауып алсам мен бақытты өмір сүріп, адамдар мені құрметтейтін болады» деп ойлап отты тауып алу үшін қара лашығын тастап, алыс сапарға аттаныпты. Талай-талай ауыр жолдарды басып өткеннен кейін әлгі қасиетті отты тауып алған жігіт шексіз қуанып от алауының азғантай бөлшегін қиып алады да, қайтар жолға түседі.

Сонымен, қайтып келе жатса жолында суықтан үсіп өлуге таяп, әл- дәрмені құрыған бір адам кездесіпті. Ол адамның азық-түлігі де оты да таусылған екен. Жігіт аса қиыншылықпен тауып алған қасиетті отынан ол адамға бөліп беруге қимаса да аяныш сезімі жеңіп, отының жарымын бөліп беріпті.

...Алыс сапары тәмамдалуға жақындап, жігіт өз үйіне жетуге таяп қалған кезде ұйытқыған дауыл тұрып, найзағай жарқылдап, толассыз жаңбыр жауған екен. Қасиетті отты қанша қорғаштаса да нөсер жаңбырға төтеп бере алмай оты сөніп қалыпты. Ауыр жолдарды басып өтіп қайта айналып қасиетті отқа баратын күш-қуат ол жігітте қалмаған еді. Сонымен амалы құрыған жігіт өз тағдырына налып, жылап отыра кетеді.

Осы кезде арт жағынан сонша алыс емес жерден бір жарық көрініпті. Қараса жолда өзіне кезігетін үсіп өлуге таяп қалған адам қолындағы қасиетті отты ұстап жігітке қарай келе жатыр екен дейді.

Айырылысу

Мен онымен танысқан кезімде 14 жаста едім. Әрине орта мектепте оқып жүргем. Ал оның жасын сіз сұрамай-ақ қойыңыз. Оның өзімді қайда жеткізетінін біле тұра мен оған құмарта бастадым. Біз бірге өмір сүре бастағанда басқалар маған «Әлі өте жассың ғой!» деп сөгуші еді. Ал мен бұл қатынасымызға жас айырмашылығы немесе менің жастығым сонша әсер етпейді деп ойлап жүрдім. Алғашында онымен кездесіп жүргенім туралы құпия сырымды санаулы достарыма ғана аштым. Ал үйдегілерге ешбір сезік алдырмадым.

Біз алғашында адамдардың көзінен таса жерлерде анда-санда ғана кездесіп жүрдік. Соңында жиі-жиі кездесетін болдық. Иә, оны мен жақсы көруші едім. Десе де «бізді қосақтап байлап қойған жоқ қой, жалыққан кезімде тастап жүре беремін» деп ойлайтынмын.

Үйдегілерден, әсіресе анамнан қатты жасырдым. Бірақ бір күні үйде ешкім жоқта онымен бірге төсекте жатып анама ұсталып қалдым. Анам ұрыспады, ұрмады, тиіспеді де, тек бірталай ақыл-кеңестер айтты. Сол кезде «Онымен бірге болуыма бөгет жасамаңызшы», -деп анамнан жылап отырып өтіндім. Бірақ бірнеше жыл өткенде мен оған соншалықты беріліп кеткенімді өзім де аңғармай қалыппын.

Ол үшін өзімнің ешбір қызықты емес екенімді біліп жүрсем де мен оған барлығын арнадым. Ол маған жалған бақыт ғана сыйлайтын. Ал мен ол үшін кейде біреулермен жамандасып, біреулерден сөз естіп, содан болып ауруға да шалдыға бастаған едім. Басында оны жақсы көрсем де соңында одан қашқалақтап, кейде оны жек көретінмін. Бірге болуды тілемесем де ол үнемі менімен бірге жүруші еді. Кейде оны өзім іздеп жүріп тауып алып, тапқан кезде қуана–қуана кездесуші едім.

Соның кесірінен үйдегілерге де жаманатты болдым. Достарымның да көбі оны жек көретін. Кейде менің өзім де оның қолыма, саусақтарыма, алақаныма, киіміме, шашыма сіңіп қалған иісінен тыжырынатынмын.

Ернім тиген сайын ол менің ішкі құрылысымнан бір нәрсені суырып алып кететін. Ол уақыт өткен сайын маған үнемі өңейіп, жасарып кездесетін болды. Ал мен күн санап әлсіреуде едім.... Бірақ айырылыса алмай жүрдім. Жалпы бірнеше рет айырылысып та көрдім, бірақ қайта кездесіп қалғанымызда сағынысып көрісетінбіз. Ол жоқ кездерде оңаша жалғыз қалу маған аса қиын еді. Бір орында отыра алмай тырнағымды тістелеп, кейде шемішке шағып тыпыршитынмын. Одан көп уақыт айырылысып екі бөлек жүрген кездерімде мен салмақ қоса бастаған кездерім де болды. Мүмкін, сіз сенбейтін шығарсыз, бірақ ол қазір де жанымда отыр. Енді сіздердің алдарыңызда одан айырылысып құтыламын деп ант етейін: «Немесе ол мені жоқ қылады, немесе мен темекіні тастаймын!»

Қардың махаббаты

Қар деп қыста жауатын, ақ түстi кристалдардан тұратын атмосфералық жауын-шашынды айтамыз. Кәдімгі аспаннан жауатын сол әппақ Қар бір Бойжеткенге ғашық болыпты десем сенесіздерме. Әлбетте, «Ешқашан ондай болмайды, болуға тиіс емес»,- дер едіңіздер. Бірақ ғашық болғаны рас болатын.

Көшедегі діңгектің басына ілінген аспалы шам Желмен шайқала тербелген наурыз айының екінті мен ақшам арасындағы алакөлеңке кеші. Бір бойжеткен терезенің алдында тұр. Терезенің сыртында әппақ қар қапалақтап жауып тұр. Бойжеткен көңілді. Ол күлімсіреп қапалақтаған қарға қарайды. Тіптен қардың әр түйірінен көз алмай санайды. Қар:«Неткен көрікті де қуанышты жүз. Дәл осы арада, тұрған орнынан кетпесе екен. Мені көріп тіптен қуанып, таң қалса екен» деп ойлапты.

Сонымен Қар алғашқы махаббатына кездескен жас жігітше аласұрып, өзінің бар өнерін Бойжеткенге көрсету үшін асықты. Қардың басына: «Бойжеткеннің аузы ашылып, маған таң қалса екен» деген ақымақ ой келеді. Ақырын ғана қапалақтап жауып тұрған Қар енді тіптен үдеп, жапалақтап, одан әрі бастырмалатып жауа бастайды. Бойжеткен терезеден кеудесіне дейін шығарып әдемі әппақ алақанын Қарға тосты. Танауы делдиіп, өзін-өзі тоқтата алмай бөсіп кеткен Қар енді ең үлкен, ең әсем кристалдарын бойжеткеннің алақанына төгіп-төгіп жіберді. Өкініштісі олар түйірлер Бойжеткен тамашалап көріп болғанша еріп кете береді екен. Бойжеткеннің өзін ерітіп жіберетін қуаты бар екеніне Қар сонда түсінді.

Қар өзінің босаңдығын сездіргісі келмеді. Қапалақтап жауып тұрған қар кенеттен бей-берекет, бағыт-бағдарсыз быжынап, күйеуіне ашуланған әйелдерше бұрқылдай бастады. Ұзамай әлгі мамыражай қапалақтап тұрған Қар бұрқыраған Қарлы боран болып өзгерді. Осы кезде Бойжеткеннің жүзіндегі әдемі күлкі ақырындап жоғалып, көзіндегі қуанышты сәуле азайып бара жатты. Оны байқайтын қал Қарда жоқ еді. Бұрқырап, долырып ұйытқый соқты...

Осылайша Қар өзінің күш –қуатын танытпақ болды. Бей-берекетсіз бұрқырағандықтан соңында өзі де Бойжеткеннің не болып жатқанын көруден қалады. Кенет Қар әлгі терезеге қарады. Бойжеткен жоқ екен. Терезеге перде тартылыпты. Қар қанша уілдеп ұйытқыса да терезені тесіп өте алмады. «Маған қарасаңшы, маған қарасаңшы!» деген Қар ең үлкен де әсем кристалдарымен тезені тарсылдатып ұрғылады. Бірақ оның соншама ышқына ұйытқыған қуатпен тым болмаса жаңбырдың тамшысындай тырс еткен дыбыс шығара алмапты. Түнімен аласұрып Бойжеткеннің терезесін ұрғылаған Қар таңертеңінде діңкесі құрып, кең алқапқа тарыдай шашырап, жерге жалпасынан жабысып жайылып қалыпты. Бойжеткенді қайта бір көрсем деген тілегі де әдірам қалған екен.

Көктемгі Күнінің жарқыраған сәулесін мас болғанша қанып ішкен Қар түске қарай былжыраған сарғыш бірдеме болып өзгере бастапты. Ұзамай әлгі терезенің пердесі ақырын ғана ашылып Бойжеткеннің ай мен күндей жүзі көрініпті. Қар соңғы күшін жинап тұрып Күннің сәулесімен бірді-екілі ғана жалт еткенімен Бойжеткен терезеден жан-жағына бірер көз жүгіртті де қайта көрінбей кетті. Содан Қар әбден еріп, ағып, жер құрғағанша Бойжеткен үйінен шықпаған екен.

Не десем екен?..

Үйде отыр едім, біздің Ақтөс Көршінің асырап отырған Қоянын қан жоса қылып тістеп алған аулаға кіріп келді. Сасқалақтағаным сонша, жүгіріп барып Көршінің ауласына көз салсам олардың асыранды Қоянын қамап отырған үйшігінің қақпағы ашық жатқанын көргенде ішім қылп ете қалды. Өйткені Қоянымен ойнаған кішкентай Балаларына қуана қарап мәз болып

Күлісіп отырған Көршім мен Әйелін екі-үш күннің алдында ғана көргенім есіме түсіп, басыма әртүрлі ойлар келді. Сондықтан Ақтөстің аузынан Қоянды жылдам жұлып алдым да үйге алып келіп, легенге ыдыс-аяқ жуатын ұнтақ сабынды араластырдым да әлгі Қоянды апыл-ғұпыл жуа бастадым. Бірнеше рет жақсылап жуған соң есік алдына шығарып қоя қойсам жүні құрғайтын түрі жоқ. Әйелімнің шаш кептіргішімен жарты сағаттай үрлетіп-үрлетіп алып байқап қарасам әлгі Қоянның табиғи жолмен өліп қалған сияқтанып өңі кіріп қалды. Сосын Көршінің ауласына олардың көзін ала бере зып етіп кіріп, әлгіні өзінің үйшігінің ішіне апарып қоя қойдым. Күні бойы үйде ішім қылпылдап, отыра алмай, сенделумен өткіздім.

Кенет кешке таман Көршінің ауласында адамдар айқайлап, балалар шуылдай бастады. Ақырын терезеден сығаласам Көршінің ауласына адамдар жиналып қалыпты. Арғы ауланың адамдары да кіріп келген бірдемені талқыласып жатыр екен. Енді бармасам сезікті болып қаламын ғой деп ойладым не болса да: «Не болды, не болып қалды?»деп түкте білмеген адамша жетіп барсам, Көршім: «Кеше ауырып- ауырып өліп қалған Қоянды аулаққа апарып терең қазып көміп тастап едім, қайдағы есалаң біреу оны көрден қайта суырып алып үйшігіне әкеліп тастаған екен, балалар өлген Қоянның аруағы қайтып келді деп шошынып, бақырып жылап, қырылып қала жаздадық... » дейді.

...Сүтке тиген мысықтай болғаным-ай. «Итпен ойнасаң үрерсің, баламен ойнасаң күлерсің» дегендей үрерімді де, күлерімді де білмей сасқалақтағаным...

Ақтөс ақымақ па, әлде Ақтөстің айыбын жасырмақ болған мен ақымақ па!?..

...Керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі...

(Абай)

Мен де осы сөзбен бастағым келеді. «Торғайды оятқан теректің сыбдыры ма әлде, теректі сыбдырлатқан торғай ма?», - дегендейін әр адамның жан-жүрегі тербеліске түсетін бір сәттер болады.

Меніңше, қырық жастан асқан соң білуің – түсінуге, түсінуің – түйсінуге, түйсінуің – үңілуге, үңілуің – түңілуге жетіп ой шыңына табаның тиеді екен. Тек хайуандар ғана емес, адамдар да түлейді, бір ғана айырмашылығы адамдар іштей түлейді деген осы болуы керек.

Бұл өмірдегі ең оңай нәрсе не? Біреуге ақыл үйрету. Ал ең қиын нәрсе ше? Өзіңе-өзің баға беру. Бұл ащы да болса ақиқат аксиома.

Біздің екі әлеміміз бар, біреуі –біздің қиялымызда, біреуі –нақты. Адам болмысының тылсымы қаншама. Солардың бірі еш тиым салынбайтын, тоқтау қоймайтын бір құбылыс болушы – ой еркіндігі, ойлау шексіздігі.

Дүниеде не жүйрік? Ой жүйрік. Ой мен ойлаудың өрісінің кеңдігі қисапсыз. Ең жүйрік деген шіркіндеріңіз ой шапшаңдығына ілесе алмайды. Бой жетпегенге ой жететіні шындық емес пе.

Құс та құдай салған жолмен ұшады. Ал әлемде мекен-тұрағы жоқ бір ғана нәрсе бар. Ол Ұлы Алла Тағала! Басқаның бәрінің өз орны бар болуға тиіс. Демек, «сен де бір кірпіш дүниеде, кетігін тап та бар қалан!».

Жақсы адам тағдырына ешқашан налымайды. Жанды ауыртатын нәрселердің жалғыз емі –төзім мен сабыр. Уақыт ешкімнің ақысын жемейді, сәл сабыр етсеңіз уақыт – төреші бәрін де орнына қояды.

Біреулер айтады, өмірді көмірге теңеу әбестік, бірақ бәрібір жанып кетеді десе, енді бір адамдар айтады: «адам өмірі кеседегі су секілді, көпірсе тасып төгіледі, көпірмесе бу болып ұшып кетеді». Сондықтан да өмірді бал мен удың қосындысынан тұрады деп жатады.

«Тірліктің бір жыртығы жамалғанша, барады-ау өмір өтіп, амал қанша!», – деген өкініштер аз кездеспейді, әрине.

Өмір адамға сыйға емес, қарызға берілген, жан - Алланың аманаты. Өлім де туу секілді табиғаттың құпиясы болмақ. Бүгінде суицид деген пәле қаптап кетті деп жүрміз. Ең дұрысы, қайтпас сапарға баруға ешкім де кешікпейді. Ажал сені қуаламайды, қайда барсаң да, қай уақытта да тек алдыңнан тосып тұрады деп түсіну керек. Демек, Қорқыт ата да одан бекер қашқан. Оны ажал қумаған, тосып тұрған. «Өзгерте алмайтын нәрсеге төзімділікпен шыдау нағыз адамдық қасиет»,- деген қорытынды осы жерден шығады.

«Сен жазықсыз өліп кеткелі тұрсың» - деген достарына: «Сендер не, менің жазықты болып өлгенімді қалайсыңдар ма», -деген сөзді Сократтың соңғы

сөзі деп айтады. Сөйтіп өлмейтіндер –өліп, өлетіндер –өлмей, бірінің өлімімен бірі өмір сүріп, бірінің өмірімен бірі өлетін көрінеді. Осылайша әрбір дәлел тағы бір дәлелдерді қажет етіп, шексіздікке дейін жалғаса беретін болуы керек. Мәселен, алтынды – отпен, әйелді –алтынмен, еркекті –әйелмен т.с.с. тексеріп ары қарай өмір өз сынағын жалғастыра береді...

Алаш арысы Ахмет Байтұрсынов: «Адамнан туып, адам ісін етпей, ұялмай не бетіммен көрге барам?!» - деп өзіне-өзі серт беріпті.

«Адамға бәрі керек, солардың ішінен үшеуін ғана таңда десе, менің таңдайтыным: денсаулық, айнымас жолдас, суымас махаббат» -деген екен Ғабиден Мұстафин ақсақал. Ол ары қарай: «көңіл шіркін дәмдіден дәмді, қызықтан қызықты іздейді. Егер оны Ақыл, Сабыр, Ұят тежемесе, адамды айуан қатарына апармай тынбайды» -деген екен.

Ал ұлы Ғабең, Ғабит Мүсірепов: «Адам баласы адам болғаннан бастап ұжымақта тұра берсе, дүниедегі ең топас хайуан сол болар еді» десе тағы да ары қарай: «адам екеніме сенбеймін, адам болғаныма ұяламын, адам болдым ба деп ойлаймын деген сияқты сөздерден аттап өтіп, адаммын деген тәкаппар сенімге тоқтайық» -депті.

Алақан жайып, тиын сұраған тілемсектің өзіне «осы шынымен қайыршы ма, әлде?...»-деп күмәнмен қарайтын болған бұл заманда жақсылық жасауға дайын тұратын жаны жайсаң жандардың баяғы динозаврларша құрып бітпегеніне кейде таң қаласың. Басып кеткен ізінен сәуле шашып тұратын адамдар да ортамызда кездесіп қалады.

Бүгінде битті «паразит» десең «ар-намысыма тидің» - деп сотқа сүйрейтін заман ғой. Өйткені жараны жібекпен таңсаң да ауыра береді. Таз мың сөзді көтерсе де «таз» деген сөзді көтермейтіні рас. Саяси сылдырмақтарды айтпай-ақ қояйын. Әттең аз күнгі қызығы үшін доңыздың тұмсығынан, сасық қоңыздың құйрығынан сүюге арланбайтындармен де қатар тірлік кешеміз-ау, амал не?,- деп те ойға қаласың кейде.

Аш екені де, тоқ екені де белгісіз, қабатыны я қаппайтыны да, иесінің бар жоғы да мәлімсіз, не ұры, не ақ екені түсініксіз, құйрығын селқос шиырып бос тастап жүретін, тазыға да, төбетке де ұқсамайтын, жүні барақы да емес, тақырға да жатпайтын бір иттер де болады. Осы тектес адамдар да болады екен !? Бірақ, біреуді ұнатпасаң да жек көрме, пиғылың бұзылады дейді. Ал, біреуге өкпелеу өзіңнің төмендігіңді таныту болмақ.

Менің білетінім, жақсы адамдар жаман адамдарды ешқашан жеңе алмайды. Жақсы жоғалып табылса, жаман сүйіншіге де жарамайды.

Қазақта, «Төренің үйіне отын әкелген ыңыршақ төрт күн туласа, оны апарған құл алты күн арқаланады» -деген мысқыл аралас сөз бар. Бүгінде ондайды өте көп көріп жүрміз.

Шындық – бәріміздің ұмтылатын да жеріміз, ұтылатын да жеріміз. «Бәйбішеңмен ұзақ жыл өмір сүру, қызбен қол ұстасып бақшаға барып қайту

емес» депті күні кеше бақиға аттанған Ә.Нұршайықов атамыз. Уақыттың үш шағы болғанымен, бақыттікі біреу-ақ –тек осы шақ: ол да ұзақ емес, көзді ашып-жұмғанша өте шығады. Бесік пен көрдің, есік пен төрдің арасында пенде шіркін нені көрмейді!? «Біз не көрмедік, желді күні түйенің үстінде келе жатып құрғақ талқан да жеп көрдік»,- депті бір атамыз.

Етігіңе ұлтарақ салсаң да бойың өсіп, көңілің көтеріліп қалатыны шындық емес пе. Ендеше табанымызға ұлтарақ секілді тапталып қалатыны рас болса да көздің құртына айналған дүние-боқ көзіне ғана емес, көкейіне де түсіп кеткен адамдар болады. Бұл қисынға салсақ, егер бақыт тән рахаты десек, онда шалғында тоя жайылып жүрген өгізден бақытты ешкімнің болмағаны.

Қытайда «проблема» деген сөз «мүмкіндік» - деген ұғымды білдіреді екен. Мәселен, бұл: «жолаушы, жол жоқ, жолды сен өзің жасайсың. Саған сондай мүмкіндік беріліп тұр» - дегенге саяды.

Сөз соңында: «бас ойламаса аяққа сор, аяқ ойға қалса басқа сор» -дейді ғой. Пеленің аяғына туған елі алтыннан ескерткіш жасағанын білеміз. Пеленің жүгіре – жүгіре сүйел шығып, тер сасыған жаман аяғы-ақ небір данышпан бастарды шаң қаптырып, олардан асып түскен жоқ па, ендеше. Ал менің Бас пен Аяғым өз-өз орнында ма екен? Осы сауалды әркім өзіне қоя білсе шіркін...

Қақсауық бар, ділмәр бар, оттампаз бар, шешен бар. Төртеуі –төрт жұрттан. Асса мен де солардың біреуі болармын.

Тәмәм.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар