Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Аманжол Зағыпарұлы: Көкірегім көктемгі бәйшешектей...

23.02.2017 5405

Аманжол Зағыпарұлы: Көкірегім көктемгі бәйшешектей бүрледі

Аманжол Зағыпарұлы: Көкірегім көктемгі бәйшешектей бүрледі - adebiportal.kz

Аманжолдың өлеңінен өзін көремін

Қазақ поэзиясы дарынды ақындарға еш кенде болған емес. «Толқыннан толқын туады, толқынды толқын қуады», – дегендей, кешегі біртуар ақындарымыздың ізін жас буын ақындар басып келеді. Солардың бірі  – Қызылжар өңіріміндегі жас ақындардың басында тұрған Аманжол Зағыпарұлы деп білемін. Ақын жас та болса, поэзияға қаламының қарымы қуатты ақын ретінде кірді. Солтүстік Қазақстан өңіріндегі ақындық өнер, сөз өнері саласында Аманжолдың алатын орны ерек.

     «Ақ параққа мейлі мен мың сүрінем.
     Ақынға өлең ғұмыр тіршілік ең.
     Көктем келсе, гүл-құрақ кешіп жүрем,
Жыр аңқыса байтерек бүршігінен», 

– деп ақын өзі жырлағандай,  Аманжолдың ақындық жолға түсуінің өзі, әсте кездейсоқ еместігін көреміз. Ол үшін өлең – өмір. Өлең – тіршіліктің мәні. Ақын дүниеден, өмірден өлең тереді. Табиғаттан да, адамдардан да, дүниеуи құбылыстардың өне бойынан да өлең көреді.

Жастық шақ – махаббат шағы. Махаббат тақырыбы ақын үшін өте маңызды, сезімге толы мәңгілік тақырып. Аманжол ақынның шығармашылығынан да алауыртқан махаббаттың ұшқынын оңай байқаймыз.

  Махаббат деп сан жүректер тоқтаған,
  Махаббаты ажалына сатпаған
  Жан бікеннің жанарына жас тұнып,
  Ғұмыр бойы тұмарындай сақтаған.
  Долданса ма махаббат ақ боран боп,
  Махаббатсыз құста қанат қақпаған.
  Ол Алланың адамзатқа тартуы,
  Еріккеннен біреу ойлап таппаған.

 «А...ға» деп атау берілген бұл өлеңнен қайнаған, буырқанған ыстық сезімнің лебін сезінеміз. Ақын махаббатты биік өреге қояды. Махаббат жолында кез келген нәрсені тәрк етуге болады. Тіпті, ажалдың қапасына да құлауға болады деген үлкен ойды көреміз.  Ақын кез-келген істің бастауында – махаббат дейтін ұлық сезімнің тұратындығын айтады. Адамды адам ететін де осы бір нәзік жүрек шері дегенді де осы бір өлеңнен аңғарамыз.Өлең құрылысы жағынан дәстүрлі Абай мектебінен бастау алатын қара өлең ұйқасына құралған. Аманжолдың өлеңдерінің тілі жеңіл, ойға қонымды, оқырманды өзіне еріксіз баурап әкетеді. Сонымен қатар өзіне тән орамды тіркестерді де ұтымды қолданады. Мысалы, жоғарыдағы өлеңіндегі: «мұңға толы, уға толы жүректі, дәтің жетсе, жүрекпенен жалашы», – деген тіркестен, ақынның өзіндік қолтаңбасын көреміз. Синтаксистік шартты мағынаға жатқызуға болатын бұл тіркестен ақын тілінің әуезділігі мен әрлілігін аңғарамыз.

  Аманжол ақын өзін өлеңдерімен танытады. Ішкі сырларын бүкпей, оқырманға бүкпесіз жайып салады. Бәлкім, ақынның ақындығының белгісі де осы болар. Ақын өзінің рухани автопортретін «Ішкі сыр» өлеңінде былай зерделеп жеткізеді:

  «Шын өмірден,
  Аспан, жұлдыз, қыраттан,
  Бұл өңірмен, ерке құрақ бұлақтан.
  Таулар, дала, жан-жануар ай күннен,
  Жүрегімнің сұлулығын ұнатқам.
  Табиғаттың әсер алам бәрінен,
  Ар-ұяттың тамыр алғам нәрінен,
  Жүрегімді таза ұстауға тырысам,
  Шариғаттың жүру үшін жолымен», 

– дейді. Осы бір санаулы шумақтарға  Аманжол өзінің өмірлік көзқарастарының барлығын сыйдырғандай. Әрі Аманжолдың дүниеге деген көзімен қарапайым адамдардың қарауы – әсте мүмкін емес. Себебі, ақын жаны нәзік. Ақын зер салған, өлең арнаған нәрсе, біздер үшін болмашы бір кішкене зат болып көрінуі мүмкін. Судың сылдыры біздер үшін жай ғана бір физикалық құбылыс, алайда, ақын үшін ол табиғаттың үні, туған жердің күлкісі. Ақын үшін Құдайдың әрбір жаратылысы – сұлулықтың символы. Мейлі ол тіпті солып қалған гүлдің тамыры болсын. Бәрінде өзіне тән құдіретті керімдік бар. Ал ақынның мақсаты – қарапайым адамдарға сол сұлулықты таныту. Аманжол ақын осы бір миссиясын мүлтіксіз орындайды.

Аманжол ақынның лирикасының өзегі – өмір тақырыбы, адам тақырыбы. Адамның ішкі ойлары, санасындағы сілкіністер, жүрегіндегі тебіреністер бәрі, бәрі ақынның зерттеу объектісіне айналған. Бұл құбылысты ақын өзінің ішкі толғанысарын суреттеумен оқырманға жеткізеді. Аманжолдың поэзиясын оқушы оның өлеңдерінен өзін таба алады. Себебі, ақын өлеңді аспаннан алмайды, жүрегінен ақтарып шығарады. «Кешкі ой» өлеңінде:

  «Пенделіктің мысығы қабағымнан иіскелеп,
  Күншілдіктің күшігі балағымнан тістелеп.
  Арсыздардың арланы кес-кестесе жолымды,
  Қызғаныштың қарғасы қарқылымен сұс төгед», 

– деген керемет жолдарда қоғамның, өмірдің шындықтарын астарлап, оңтайлы жеткізеді.


Жанбай Қадыров, М.Қозыбаев атындағы

 Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, 

қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі



95b40142946a0cf32f576c797e7203eb.JPG



МАЗАСЫЗ  ТҮНДЕР


Бірінші түн


Ай дидарлы әдемім,

Күн дидарлы көріктім.

Есім кетіп жаныңа есенгіреп келіппін.

Семсер сертті кірпігің жүрегімді түрткілеп,

Қарашығым қаймығып төмен қарай беріппін.


Қор қызындай жаралған жаным сенсің қиялдан,

Балапандай аялы тіл қатқандай ұяңнан.

Қайың тұрқың сымбатты ана құрсақ көктеткен,

Жапырағымен сезімнің естігендей күй орман.


Жұлдыз көзің жанып тұр

мамық бұлттай маңдайың

Бетіңнен нұр тамып тұр,

Балқытып тұр балдай үн

Көкірегім көктемгі бәйшешектей бүрледі,

Сабырымен қоштасқан санамды

шашыратып алмайын.


Жұпар демің жаныма жусан исін сеуіп тұр,

Жұмақ дала түсінде айғай салғым келіп тұр.

Бақыт күйін шертіп тұр күмбірлеші тағы да,

Уақыт ғұмыр аялы алақанда  еріп тұр.


Өңім түгілі түсімде көрінбеген бейнесің,

Алладан соң өзіңнен жасыра алам ей, несін!

Топ-тобымен  толқында жұп-жұбымен жүзетін,

Саған теңеп қайтейін аққулардың бейнесін.


Тіл қатпай ақ тұра тұр, өзіме өзім келейін,

Төмен қарай бергенше жігерімді жебейін.

Тоқта енді, басымды көтерейін еңсемді,

Үн қатпасаң өзің де, мен де саған не дейін.


Мен бастайын үндеме... 

өтінемін еркекпін,

Тілім неге күрмелді бұлақ көзбен мөлт еттің.

Енді өзіме келгенде тер сорғалап самайдан,

Бісмілла,

Бісмілла!

Бісмілла...................................! Селк еттім

Түсім екен.......!?


Екінші түн


Бей маза түн сұрланып,  өз мазамды кетірді,

Көрпем неге сұп-суық тынышымды кетірді .

Қылыш кірпік айқаспай жанарамды жұмсам да,

Кешегі түн түсімді ұрлап кеткен секілді.


Әлдиімен ұйқының барлық әлем қалғысын,

О, Жаратқан, ұйықтатшы жер бетінің бар құсын.

Бәрі ұйықтап түс көрсін мен іздеймін жанымды,

Кешегі түн естісін жүрегімнің алғысын.


Жо-жоқ маған не болды ібіліс пе кешегі,

Жүгендеулі жүректі түсім қалай шешеді.

Өңімдегі қыз болса жүгірер ем артынан,

Түсім болды қап әттең!

Менің сорым бес елі.


Жұмсақ жастық қап-қатты тастай батты басыма,

Түннің қара сәулесі жүрегіме шашыра,

Ұйқы ана

құшағын неге ашпайды неліктен?

Түстегі ару бейнесін қызғанғаны осы ма?


Таң атпасын тағы да күйкі тірлік тынымсыз,

Таратпасын далаға боз сәулесін жұғымсыз.

Боз далада боз жүрек боздамасын өтінем,

Ай да қамқор бола алар сар сәулелі күнімсіз.


Санамдағы әбігер толастамай түнімен,

Түс түгілі ұйқым да жеріді ме шынымен.

Жүрегімнің жарасын жалап-жалап емдеші,

Ей, Түн ана өтінем махаббаттың тілімен.


Сабыры жоқ уақытта керуен түнмен сырғыған,

Таңды атырып келеді шығыс жақтан мұңлық ән.

Кеудемдегі апанға түні бой сыймаған,

Бөлтіріктей жүрегім талықсыды ұлыған.


Ұяламай кірпікке тәтті ұйқының бөлшегі.

Зіл табан түн езгілеп көтертпеді еңсені,

Жер бетінде бейнең жоқ үмітімді жандырар,

Келесі түн келгенше  сағынайын мен сені.


Бейуақ


Жел сыбырлап құпиясын құлаққа

Күн қонаққа бара жатыр қыратқа

Көлеңкелер жарық сәуле қуалап,

Көк қабағын түйіп тұрды тұраққа.

Ағаштар мен қой қараған бұтаны

Барған сайын қараңғылық жұтады.

Ыстық түтін жер бауырлап жүгіріп,

Іздеп пана қаңбақ біткен зытады.

Баурап алды тыныштыққа маңайды,

Леп қана сипап өтіп самайды.

Үрей билеп отырғанда қас қақпай,

Қызыл жалын қазан түбін жалайды.

Жарық сәуле безіп кетті бұлақтан,

Сылдыр сыңғыр ғайып болып құлақтан,

Әрбір жерден жымыңдаса жұлдыздар,

Ай көрінді асығыстау қыраттан.


Үшінші түн


Қою кештің сәулесі еншісінде аспанның,

Қараңғылық қайтейін зорға-зорға басталдың.

Ұзақ күннің сап- сары сәулесіне тұншығып,

Көкте жұлдыз жанғанша жындануға дәс қалдым.


Ұйқым келді қалғыдым қандай ұйқы кім білсін,

Түнгі ұйқыда түс көріп жанарымда күн күлсін.

Бір Аллаға жалынып өлең дұға оқимын,

Түс аруы жанымда таң атқанша бір жүрсін.


Алақанмен ұстайын түнгі ұйқының ескегін,

Түспен ғана басталсын менің ымырт, кештерім.

Алаңдамай ұйқтаңыз ұйқысыз жан бақытсыз,

Ұйқы берші анашым ауырған жоқ еш жерім.


Жұлдызды аспан астында бұлт көрпені жамылсам,

Айға қарап жатайын түс көрермін сағынсаң.

Аспан жердің арасы тып-тыныш бір мүлгісін,

Менде тыныш жатар ем тек түсімнен табылсаң.


Торламасын түн көгін қара бұлттар қалыңдап.

Кетпесінші түсімді бүгінгі түн тағы ұрлап,

Жүрегім сен ұйықтама кісіней бер құлындай

Кірпіктерім сіреспей ұйқтап барам дамылдап,

Түс..........түс.....жаным


Төртінші түн


Түсіме тағы кірмедің, қырсық едің не деген,

Ұйықтасамда жүзіңді көре алмадым неге мен.

Меңіреу түн құшағы меңзең қылып тұрғызды,

Тарылғандай тынысым, тарылғандай бар әлем.

Жүрегімді тұғыр ғып түсімде қонған қыз құсым.

Ғажайыптан жаралып ғайып болған қыз мүсін,

Садаға кет сол түнім санамды умен суарған,

Сорлы жүрек үһ-леп соңғы үмітін үзді шын.

Ессіз миым ақылын түрмесіне түнеткен,

Орманды ойды сарғайтып сары уайым жүдеткен.

Санам енді сабырымен сырлассын,

Жарық іздеп құтылайын түнектен.

Түске сенген менің осалдығым ба?

Мендей ессіз жоқта шығар жер бетінде шынында.

Кешір, Аллам мен өзіңе сенейін,

Лағнет айттым түнгі түсті ғұмырға.

Алжастырып ақылымды, жүрегімді жынды ғып,

Есеңгіреп ес жинадым булығып.

Түлкі түстің құйрығына орап ап,

Намысымның нар еменін алдым ба екен сындырып,

Енді түсте ғашық болсам сорлымын,

Жүрегімді  жұбатсаңшы зарлы күн.

Жар таба алмай түсімнен жар іздедім,

Қырсық па екен бес күнгі бұл тағдырым.

Адам неге алжасады саналы,

Қара жер ғой алжастыру алаңы.

Қиялдан жар іздеп жүрген жүрегім,

Кім біледі қашан тоқтап қалады.

Шайтан емес адаммын ғой үмітімді үзбейін,

Күн болмаса, түнге көзді сүзбейін.

Аллаһ рас жазған болса маңдайға,

Сол аруды жер бетінен іздейін....

ІЗДЕЙІН....................іздейін уһ!


КӨҢІЛ


Жаз бенен қыстай,

Күн менен түндей

  алмасқан,

Сезіммен сезім,

Көзіңмен көзім

  арбасқан.

Ойлаусыз бітпей,

Байлаусыз жіптей жалғасқан.


Өзіммен өзім,

Ыстық жүректі

  қар басқан.

Ақырын сырғып,

Арманның бұлты

  тауды асқан.

Сәулесі күнгірт,

Өмір терезе

  шаң басқан.

Асыл Ай тумай,

Ашылмай тындай

  мәңгі аспан.

Күйкі тіршілік,

Кірпігім сынып

  зәр жастан.

Жастан...



НӨСЕР


Бір сілкініп қалғандай жастан қырат,

Сел секіріп келеді тастан құлап,

Жанарсыз жапырақтан жас тамады,

Мұңын айтып тұрғандай аспан жылап.


Шомылғандай моншаға тұнық далаң

Хош иістер аңқиды қыр ықтаған

Мөлдір бұлақ сылқылдап күліп жатыр,

Малта тасы дамылсыз қытықтаған.


Сағындырып ғашығы жүдеткендей

Бәйшешектер құлпырды дір еткендей.

Тамшы ойнаған тас беті бусанып тұр,

Бұлт ұшықтап сол тасты түлеткендей.


Қуанғаннан далаға сыймай барам,

Жақсы сәтті ешқашан қимайды адам.

Аспандағы бұлттарға алғыс айтам

Бағанағы найзағай шимайлаған.


Өзендердің толқыны тасып таудай

Тауға бұлттар асылып ғашықтардай.

Ақырын қоштасумен сырғып барады.

Күн сәулесін төгуге асыққандай.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар