Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Әмина Құрманғалиқызы: «Аты жоқ әңгіме». Ат қою қи...

27.06.2017 9105

Әмина Құрманғалиқызы: «Аты жоқ әңгіме». Ат қою қиын ба?!

 Әмина Құрманғалиқызы: «Аты жоқ әңгіме». Ат қою қиын ба?! - adebiportal.kz

(Жазушы Несіпбек Дәутайұлының «Аты жоқ әңгіме» жинағы хақында)

Әдебиет деймін-ау... Әдебиет жер бетіне алғашқы адаммен бірге жаратылған. Отыра ғап жазу жазбаса да, оның қасіретті шағындағы зарлы гой-гойі, қуанғандағы айғайы, ыңырсып, ызыңдап баласын уатқаны – әдебиеттің алғашқы элементтері емес пе. Күллі адамзаттың өмірін, тарихын, тауқыметін, қасіреті мен қуанышын, сезімін жүк етіп арқалап келе жатқан әдебиет неткен киелі дүние! Неткен құдіретті дүние десеңізші! Кейде әдебиет маған бізге беймәлім ғасырлар қатпарынан шығып, тәкаппар маңып келе жатқан қазына артқан қара нар секілді. Әр заман, әр ұрпақ оған өз жүгін артып, бұйдасынан жетелеп, келер ұрпаққа аманат ететін секілді. Қандай сұрапыл сүргінді көрсе де, бұл көш тоқтаған жоқ, тоқтамайды да. Қайта сол қиракезік, қысталаң шақтар әдебиетті ширатып, шымырландырып, уақиғасын байыта түсті. Қасіретті жылдардың туындылары өтімді келетіні өтірік пе? Қазақта қашан қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туралы жазылған туынды бар еді...

Әдебиет көші Тәуелсіздік алғаннан кейін де тоқтап қалған жоқ. Тек сипаты, бағыты, стилі, әдісі жағынан өзгеріп келе жатқаны рас. Өзгеріске қаламгер де, оқырман да белгілі бір мақсатпен саналы түрде барып отырған жоқ. Қаламгерде бір-ақ ой. «Қайтсем жазғанымды ел оқиды? Қайтсем оқырманға ұнаймын, қайткенде олардың талғамына, сұранысына сай дүние бере аламын? Міне, осы «Қазіргі оқырманға ұнау, соларға түсінікті болу, солар сүйгенді сүю, солардың тілінде сөйлеу» синдромы жазушыны жылан арбаған торғайдай әлдебір «жат ағымға», «жат әдіске» топ еткізсе, таңдануға да болмас. Әрбір жаңалықты жатсына қабылдау қашанғы қазақы әдетіміз. Болмаса әдебиеттегі әрбір өзгеріс – эволюциялық жолмен енген заңды құбылыс.

Дәл қазіргі әдебиеттегі өзгеріс неден көрінеді?!

Біріншіден, ХХ ғасырда проза жетекші жанр болса, қазір поэзия көш бастап тұр. Қазіргі қазақ поэзиясы мазмұн, түр, форма жағынан да түрленіп, байып, молыға түсті. Қазіргі жас ақындар кешегі аға буынның, сонан соңғы орта буынның салған жолын, тіккен туын жыққан жоқ. керісінше, қазіргі жас ақындардағы шыншылдық, өткірлік, жарқын бояу, тылсым сурет, құпия құбылыс мол. (Әрине, аздаған еліктеу, солықтауды, әсіре жаңашылдықты қоспасақ).

Екіншіден, бұрын прозада жетекші сала роман болса, қазір әңгіме ағалап тұр.

Үшіншіден, көптеген қаламгерлер, соның ішінде мүйізі қарағайдай аға жазушылар да, танылудың төте жолы драма деп танып, соған кете бастады. Бір көне ертегіде бар еді: «Бір жол бар – алыс та болса, жақын, бір жол бар жақын да болса, алыс» деген. Бір сәттік дүрілдеген шапалақ па әлде әр заман, әр ғасыр алдыңнан айналып шыға берер өлмес, өміршең туынды ма? Қайсысы қымбат? Қаламгер өзі бағамдар...

Төртіншіден, әдебиетте бұрын қылаңдап бой көрсеткен постмодернистік ағым мен сюрреалистік әдіс дәл қазір айқын басымдап, дендеп, анық енді. Шынында, модернизм жан шошитын жат ұғым ба? Неге сонша үрке қарадық? Оны соншалықты құнсыз, қасиетсіз етіп, оқыған адам жиіркенетіндей жағдайға жеткізіп отырған олақ қаламгерлер. Олар модернизмді жалаң бәдіктік, боғауыздық, варваризм мен жаргондар деп біледі. Ал шынына келсек, модернизмнің ұятсыздық емес, тамаша көркемдік-эстетикалық концепция екеніне көзімізді жеткізіп отырған екі мықты жазушы бар. Өткен емес, кеткен емес, дәл осы кезең тудырған, замана жазушылары. Олар – Дәутайұлы мен Отарбаев десем кім келісер, кім келіспес. Айттым ғой. Дәл қазір әңгіме жанры ағалап тұр десем, сол әңгімені заман тілінде сөйлетіп тұрған осы екі қаламгер. Дәлелдеп көрейік:

1. Демократия! – деп қанша күпінгенімізбен әдебиеттегі демократия енді ғана көрініс берді. Тілдегі тұсау, ойдағы құрсау сеңдей бұзылды. Қаламгер енді сынау үшін биліктің құлауын, өкіметтің өлгенін күтпейді. Аталмыш екі жазушы да дәл қазіргі қоғамның, биліктің күнгейін де, көлеңкесін де аймандай ашып беріп отыр. Аға буындағы жасқаншақтық, жалтаңкөздік, жағымпаздық, «рамкадан шыға алмау» мүлде жоқ.

2. Осы күнге дейін біз әдебиетке өз көзімізбен емес, қоғамның көзімен қарадық.

Сондықтан да біз әдебиеттен адамды емес, өзіміздің де емес, қоғамның көргісі келген кейіпкерін ғана көріп келдік. Енді ғана біз кейіпкердің адам – пенде екенін көрдік. Оның қайғысын, қуанышын, сезімін, қызғанышын, ашкөздігін, екіжүзділігін, керек болса айуандығын... көрдік. Табиғат деген Ұлы Әміршінің адам еркінен тыс бет қаратпас шындығы, заңдылығы болатынын, оның алдында адам қашанда әлсіз екенін көрдік, мойындадық. Жоқ, біз оны бұрыннан да сезінетінбіз, әлдене жетпейтінін сезінетінбіз, үнемі мінсіздіктен, періште боп көрінуден мезі боп, әлдебір көз көрмес жапанға жанұшыра қашқымыз келетін. Бір сәт пенде қалпымызға түсіп, алғашқы адамдай, не есі жоқ баладай, не ақылы кем адамдай күн кешкіміз келетін. Бір сәт болсын жасандылықтан құтылып, өзіміздің шын бейнемізбен бір кездесер ме едік... Бұрын да осыны сезінуші едік. Тек соны мойындауға жалған мораль, қатып қалған этикамыз жібермейтін.

3. Бұл екі жазушы да оқырманның қатып қалған заңдардан, идеологиялық ұрандардан, құлақ сарсытқан дидактика мен педагогтік тәрбиеден, мінсіз кейіпкерлерден, аты атап айтылмайтын мақтау мен жамандаулардан, макеттер мен стандарттардан, академизмнен шаршаған кезіне тап келді.

Айдың арғы беті демекші... Сонау бір періште шағыңызда толықси жарқыраған толған айдың сан рет құбылған алтын сарғыш нұрына қарап, Сіз де сан рет құпия қуанышқа бөленген шығарсыз-ау. Тылсым сұлулық жаныңызды баурап, осы қазір ұшып кететіндей көкке алақан жайған шығарсыз. Кейін бірде әлдебір ғылыми хабардан айдың арғы бетін көріп, жаным құлазығанын айтпаңыз. Қап-қара қазан шұңқырлар, тау-тау күл үйінділері, топырақ па, тас па – әлдене... Дәутайұлының «Аты жоқ әңгімесі» мен Отарбаевтің «Таңдамалысы» сол біздің Ай-Қоғамның арғы бетін ашып берген туындылар. Дәл қазіргі сіз бен біз өмір сүріп отырған қоғамның бейнесі. Осы уақытқа дейін малданып жүрген шындығыңыз, алқызыл әйнегіңіз күлдір етіп сынып түседі. Ішіңіз удай ашиды... Бірақ, мойындайсыз, мойындатады.

Екі кітап – екі әлем. Екі жазушы – екі асу. Бір мақалаға қалай сисын. Әсіресе, Отарбаев тілінің кәркестелігіне, шұрайына, шөгелдігіне таң қалдым. Тұнығынан жүзіп ішетін дүние екен. Мен Отарбаевты шетелге шығып, өзін-өзі жарнамалап жүрген желөкпе жазушы деп ойлағам. Қатты қателескенімді мойындаймын. Отарбаевты оқығанда Абайдың «Жасқа-жас, ойға-кәрі едің» дегені еске түсті.

«Аты жоқ әңгіме». (Н. Дәутайұлы). Неге аты жоқ? – дейсің де тура сол әңгімеге шүйлігесің. Ат қою қиын ба? Осыншама шүйгін оқиғаларды еспелеп, төкпелеп отырған жазушы бір әңгімеге ат таба алмағаны ма? Олай болса мен-ақ ат қояйын. Ал әңгімені оқыған соң... мен ат таба алмадым. Жоқ, әңгімеге емес. «Адам» деп аталатын тіршілік иесінің айуандығына кей айуаның астар бола алмайды екен. Мен адам азғындығына ат таба алмадым. Тек өзі көрген сұмдықтан екі көзі көрмей қалған баланың «Құдай, енді менің екі құлағымды да естімейтін ет» деп жанұшыра шыңғырғаны құлағымнан кетпеді. Иә, ат таба алмадым.

Студент кезімде шетел әдебиетінен сабақ берген ұстаз аса талап қойғыш еді. Түпнұсқаны оқымайынша, баға қоймайтын. Бағымызға қарай ол кезде Семейдің бір кезде Абай кітап алып оқитын көне кітапханасы өте бай еді. Кезкелген шетел авторларын өз тілімізде оқуға мүмкін болатын. Тек бірде Теккерей мен Боккачоны қазақ тілінде таба алмай, орысшасын сіңіре алмай қатты қиналғам. Бірақ бір есімнен кетпейтін сурет Теккерейдің «Даңқ жәрмеңкесі» былай басталатын:

- Тұла бойын қасірет құрсаулаған Сайқымазақ сонау биіктен (жәрмеңкеге) қарап отыр. Төменде ішкен мас, жеген тоқ, айғай-шу. Біреудің бақыттан басы айналған, біреу жылайды, біреу күледі. Біреу қайыр сұрайды, біреулер жаға жыртысып төбелесуде. Жалт-жұлт киінген мырзалар, полицейлер, қайыршылар, маскүнемдер, жезөкшелер, ұрылар... Мен түсіне алмай ұстазымнан:

- Неге Сайқымазақ қасіретке батады? Ол күліп, күлдіріп жүруі керек қой. Сонан соң автор неге бүкіл кейіпкерін жинап көрсетіп отыр, оқиға әлі басталған да жоқ қой? – деп сұрағам. Аса білімді, дана жүзді оқытушы әйел былай деген:

- Теккерей аса шебер жазушы. Қоғамды ашық айыптау мүмкін емес сол заманда ол бүкіл кейіпкерін жәрмеңкеге жинау арқылы, соған сайқымазақтың көзімен қарату арқылы бүкіл қоғамның сипатын бере білген. Сайқымазақ – ол автор. Бүкіл қоғамның қасіретін жүрегінен өткізетін оның сайқымазақ қоғамда сайқымазақ болып жүрмеске амалы да жоқ. Кейіннен «Гулливердің саяхаты» да, Чеховтің «Шие бағы» да осы әдіспенен жазылғанын білдік. Ойыма бір ғажап салыстыру келді. Егер Дәутайұлының барлық кейіпкерін тізіп шықсам ше?

Кешеден бастайық. Жалғыз Құдай – бірінші хатшы келесіде қай үйге қонаққа барады, оған қай әйелді дайындап қою керек, туған күніне қанша ақша беру керек, - деп басы қатып, бір-біріне звондап жатқан идеология бөлімінің басшысы, партком, оқу бөлімдерінің басшылары. Бір ауылға барғанда семіздіктен өздігінен түзге отыра алмаған 1-нің қолынан ұстап тұрып түзге отырғызған идеология бөлімінің бастығы. 3-лер ылғи кәрі қыздар. Ол да сол заманның сұрқия саясаты екен. Алты ай қыста аудан орталығына бір рет келіп, аздап қызып алып, ат үстінде ән шырқаған шопанды жерден алып, жерге салып партиядан шығарып тұрған әлгі 3-қалың құйрық, кәрі қыз. Бір ауданға бір «герой» шығару саясаты тұсында өзге шопанның артық төлін қосып жазып, бір момындау міскінді қолдан герой жасап, оны киіндіріп, сөзін жаттатып, ештеңе түсініп жарытпаса да Кремльдің Съездері сарайына отырғызып қою. Қолдан қуыршақ жасау. Жалғандықтан мезі болған момын шопан қалғып отырып, анда-санда «бітті ме» деп сұрап қояды. Қасындағы жолбасшының жаны шығып барады. Ал малдың бар бейнетін көріп бағып жүрген үйіндегі жарымжан туысы. Ал ана қолдан жасалған қуыршақ геройдың бар міндеті нөкерлердің қоршауында жиналысқа бару. Ол да бұл өміріне риза емес. Оған салсаңыз, сықиып киініп, съездер сарайында отырғаннан гөрі, кең даласында атқа мініп, отарын бағып жүргені әлдеқайда артық. Жалғандықтан жаны таза, табиғатынан аңқау, адал момын шопан өзінің мына күйіне күйініп, анда-санда терең күрсініп, «О, бігайт» деп қояды. Бірақ қайтсін еркі өзінде емес, күн өтпей жатып, тағы да жасандырып, әлдебір жиналыстарға әкетеді. Сол шопанға көзі тірісінде алып ескерткіш орнатылады. Басына қарасаң, бөркің жерге түседі. Ежелден тұрған Абайдың кеуде мүсіні әлгі алыптың тасасынан көрінер емес. Осыны көрген жас журналист ызаға шыдамай қайда бармайды. Тек сөзі ешкімге өтпейді... Құдай-ау, таныс сурет, таныс адамдар, біз көрген адамдар ғой... Тіпті біздің адам ғой. Енді Тәуелсіздік алғаннан кейінгі егеменді еліміздің кейіпкерлері: дүние асты-үстіне келді. Кешегі-клуб, балабақша, кітапхана, музей, тіпті мектептер қысқарып кетті, жабылды, меншікке сатылды. Біреу бір-ақ күнде жер иесі алпауытқа айналды. Ауылды тұтас сатып алды. Сол ауылдың кедей-кепшігі сол алпауытқа жұмыс істей жүріп, қалай соның басыбайлы құл-күңіне айналғанын өздері де байқамай қалды. Жұмыссыздар. Сейфуллиндегі жігіттер. Саиндағы қыздар. Белсіз еркек, бедеу қатын, лақтырылған сәби. Көңілдестен тоқалға айналған қыздар. Ой-шорқақ, тіл-мақау мәңгүрт ұрпақ. Бір жезөкшені кезек пайдаланып отырған қасиетсіз әке мен қарғыс атқан ұл. Мал құлағы саңырау. Бабасының зиратын сырып тастап орнына ресторан салып жатқан бизнесмен. Әрқайсысы өз ата-бабасынан бір батыр не би шығарып, соған өз көшесінің атын беріп, ескерткіш орнатып жатқан ессіз тобыр. Қазір ескерткіште де құн қалмай барады. Қазақтың сай-саласы ескерткішке толды. Қазір не көп – жұмыссыз мүсінші көп. Ақшасын төлесең болды – бүкіл жанұяның мүсінін жасап беруге бар. Мен бір таңғалатыным – тарихта болған, болмағаны белгісіз аңыз кейіпкерге қандай түр береді, кімге ұқсатады? Өлсем де кітабымды шығарам деп, көрінген есікті жағалап, көрінгенді көкелеп жүрген дарынсыз жазушылар. Жоғарыдан үлкен кісі келеді деп, 3-4 адамға сөз үйретіп жатқан әкім-қаралар. Ашқан жаңалығына ешкімді сендіре алмай, ақыры жынды атанып түрмеге отырғызылған архитектор. Архитектордың ғылыми жаңалығы дәлелденген кезде, ол түрмеде өліп кеткен еді. Қас дарынның күні сол да... Жан бағам, күн көрем деп ауылдан қалаға ағылған аңқау бозбалалар. Сөйтсе тәшкі айдаудың өзі үлкен блат екен. Ақыры алаяқтардың алдауына түсіп, бірінің ажалы жыланнан (жыланның уы үлкен бизнес екен), екіншісі тажал төбеттен, тағы бірі залым қатыннан болған аңқау, бейкүнә қазақ жігіттері. Парақорлар, жемсауын толтырып шетелге қашқан чиновниктер, байы – асқан бай, кедейі – асқан кедей. Қадірі кеткен мұғалім, сатып алған диплом, білімсіз дәрігер... Міне, Дәутайұлының кейіпкерлері. Ешбір оқиғасын оқымай-ақ. Кейіпкерлеріне көз салыңызшы. Біздің Егеменді еліміздің кейіпкерлері емес деп айта аласыз ба? Осы сұмдықтар дәл қазір сіз бен біздің қысқа күнде қырық көріп жүрген сұмдығымыз емес деп айта аласыз ба? О, жоқ.

Дәутайұлы батыл қадам жасаған, (Сол үшін де талай адамнан сөз естіген, ішінде мен де бар) тағы бір шындығы, Табиғаттың ұлы заңдылығы, әйел затының айналып өте алмас әлсіздігі, тән құштарлығы... «Комсомолка, спортсменка, патриотка» кейіпкерге үйренген, ер мен әйелдің қатынасын «Жолдас Гүлжамал, маған келісім берсеңіз, советтік семья құрар едік» дегенмен өлшеп келген аға ұрпақ үшін бұл әсіресе сұмдық көрініп, ертоқымды бауырға алып тулағанымыз рас еді. Тулай отыра, келісуге тура келеді. Дәутайұлынан біз әйелдің қайда да, қашанда әйел екенін көрдік. Әйелге тән қасиетімен, әйелге тән әлсіздігімен, әйелге тән бағымен, сорымен көрдік, түсіндік, түйсіндік, қабылдадық. Егер бізді шамдандырған тән құштарлығы алдындағы әйел осалдығы болса, осы шынымен Дәутайұлынан басталып тұр ма? Ауыз әдебиетіне-ақ қарайықшы:

Ұмытпасам Жүсіпбек қожа нұсқасында:

- Сұлуда мықын жоқ деген

Қыз Жібектің ыстаны

Сыпырылып қалыпты, - десе, «Қозы-Көрпеште» ұйықтап жатқан Қозыны Баян өзі келіп оятпай ма. Шәкәрім Қажының «Еңлік-Кебегінде» ұйықтап жатқан Кебекті өзі келіп оятқан Еңлік:

- Ей, батыр, сен жатырсың ұйқың қанбай.

Мен жүрген бір сорлымын бағы жанбай.

деп сөз салғаны қайда...

Әуезовтің алты жыл аңырап жоқтауын үзбеген қаралы сұлуы ақыры есігіндегі малай шалдың құшағына құлағанын қайда қоямыз?

Жас қыз бен алпыстағы еркектің төсек қатынасындағы сексуалдық сәйкессіздікті «Жас дене суынды да қызынды, кәрі дене қызынды да суынды» деген бір ғана сөйлеммен берген Ғабит ше?

Бір ғана әйелдік сезімі үшін неше еркекті ажал құштырған Горькийдің Изергилін қайда қоямыз? Ендеше, бұл өзі тіпті Дәутайұлы ашқан Америка емес. Ал Дәутайұлы не істеді ендеше? Дәутайұлы әйелдің арсыздығының, айуандығының, ұятсыздығының (қазір әйелдерге тағылған айыптар) түбінде еркектің кінәсы жатқандығын аңғартқан аз жазушының бірі. Дәутайұлы әйелдерінің бейнесі терең психологиялық жан күйзелісі, ішкі арпалыс үстінде ашылады. Үстірт бір оқығанда жеңілтек, нәпсіқұмар көрінген әйелдің ар жағына үңілсек, ол өзін ақтап алады. Бір ғана «көгілдір көйлекті әйелді» алайықшы. Жел жағына қорған, ой жағына орман болып, арқасын нық тіреп тұра алатын, ірілігі, тектілігі жойылмаған, керек десеңіз жан құштарлығы ғана емес, тән құштарлығын да аяқ асты етпейтін, сезімін қорламайтын ер-азамат іздегелі қашан... «Текті азаматтан бір перзент сүйсем екен, сол үшін елдің өсегіне де, ғайбаттауына да шыдайын» деп ар-ұятын бәйгеге тіккен қазақ әйелі. Әттең, не керек, «асқар таудай азамат» сағатына қарап отырып, 2-3 минутта тез «еркектік міндетін» атқарып тастады да, әйел жасаған дастарханға мұрны шуылдай сұғына кірісті. Әйелдің көгілдір көйлекті арманы адыра қалды. Ол соншалықты биік, мөлдір, асқақ еді. Оның іздегені жан жылуы, жалын құша алмау, өзін бір сәт қорғансыз сезіну, өзінің әйел екенін, әдемі екенін, нәзік екенін сезіну еді ғой... Бәрінің құны осы-ақ болғаны ма? Шынымен бәрі осы бір айуандық қанағатқа келіп тіреле ме? Егер мақсат осы болса, одан оңай не бар? Қаншырдай қайратты және қорланулы жас әйелден қорық. Ол аһ ұрып, аждаһадай қырық бүктелді. Көз жасы бітті, көңіл қалды. Ақыры бір сұмдыққа бел буды. «Жетесіз еркектен тексіз перзент сүйгенше, өз қолыммен отайын». Иә, солай. Баласын лақтырып кеткен әйел жөнінде бүкіл қоғам шулады. Бетке түкіру оңай. Оның іздегені нәпсі болса, бала көтермеуіне болушы еді. Көтерсе де өлтірмей өткізіп тастауына болар еді. Жоқ әдейі көтеріп, әдейі туып, әдейі өлтіруінің себебі неде? – деген жан бар ма? Кейде маған сол әйелдер өздерін жағаға атып жатқан көк киіттер тәрізді көрінеді. Бақсақ, түпкі себеп-әйелде емес, еркектің еркектік қасиетінің жоғалуында екен. Әйелді бұған апарып отырған күн көре алмай қалам деген қорқыныш емес, қорлық пен намыс, жауапсыз сезім, не жан құмарына, не тән құмарына қанағат таппай алдану. Дәутайұлы осыған жауап іздеді.

«Аты жоқ әңгіме» қайшылығы мол, қарсы пікірлердің астында қалатын кітап. Сөйте тұра оқырманды неге тартады?

Біріншіден, жазушының өмірден көрген-түйгені көп. Багажы бай, қоржыны тоқ. Ол өзі де өмірде кейіпкерлерімен қоян-қолтық араласып жүреді. Кейде ол маған Горькийше жалғанның жартысын жаяу аралап, сонау малшы ауылынан, егіс даласынан, жылқышы қосынан келгендей.

Екіншіден, Дәутайұлы өз кейіпкерін ешуақытта жоғарыдан, байлықтан, биліктен іздемейді. Тұлғадан, лидерден, геройдан іздемейді. Оның кейіпкерлері – «кішкене адамдар». Добролюбов бір кезде Достоевскийді «Кішкене адамдарды жазу арқылы үлкен мәселе көтере білген» деп мақтаса керек.

Үшіншіден, өзі көрген-білген оқиғаны оқырманға да сәл сондай ғып елестетіп бере алар ойының образдылығында, қиялының ұшқырлығында, ішкі түйсігінің елестету, қайта жаңғырту қуатының молдығында.

Төртіншіден, және бұл ең маңыздысы. Тілінің құнарлы, қуатты, шұрайлы, жарқын бояуында. Жазушы әр кейіпкерді өз тілінде ғана сөйлетеді. Автордың тілі мен ойын оған зорлап таңбайды. Сондықтан да әсіре шешендікке ұрынбайды.

Бесіншіден, біздің көзіміз үйренген кейіпкерлер әрекет адамдары еді. Олар ерлік жасап соғысып не жауды бұзып, тасты жарып жасампаз еңбекпен өз бақытына жетуші еді. Дәутайұлы кейіпкерлері «сөйтіп мұратына жетіпті» деген кейіпкерлер емес. Өйткені оған біздің қоғам әлі дайын емес, сай емес. Карл Маркстің сөзі бар «Типтік кейіпкер жасау үшін типтік орта, қоғам, атмосфера болу керек» деген. Ал бізде типтік орта жоқ. сондықтан да жазушы өз кейіпкерлерінің сыртқы әрекетінен гөрі ішкі жан-дүниесінің арпалысына, психологиялық күйзелісіне баса назар аударады. Сіз адам деп аталатын құдіретті тіршілік иесінің жұдырықтай жүрегіндегі алапат тасқынды, адамдық пен айуандықтың, азғындық пен адамгершіліктің, ашкөздік пен тәубашылдықтың мәңгілік майданын көресіз. Осы жерде жазушы өз кейіпкерін қоғамнан әлде заңнан әділеттік тауып, бақытқа жетіп кетті десе, нанымды ма? Сондықтан да Дәутайұлы кейіпкерлері қоғамнан гөрі өз жүрегінің әміріне, жаратылыстың ұлы құпиясына, Жаратушының үкіміне, құдіретіне көбірек бой ұрып, көмекті әлдебір тылсымнан күтеді. Ол келеді де...

Әлдене кеудесіне нұр құяды, әлдене көзін ашады, әлдене жол көрсетіп, бағыт сілтейді. Кенеттен енеден жаңа туғандай тазарып, Жаратқанға жанымен жақындай түседі. Бұл – сюрреализм әдісі. Жазушының «Қанқызыл жалқын», «Айғыр кісі», «Кісі иесі», «Құмға қашқан құйын», «Аты жоқ әңгіме» - осы әдіспен жазылған.

Қалай десек те оқырманды қаламгердің қандай әдіс, қандай ағымда жазып жатқаны қызықтырмайды. Оқырманға оқиғаның нанымдылығы, ой, тіл көркемдігі керек.

Дей тұрғанмен... Кемшіліксіз бе? Бойға сиғанмен ойға симай тұрған жерлері жоқ па? Мысалы, мен мынаған келіспес едім:

  1. Қай жағынан да толысқан жазушыға біреудің бір сөйлемі түгіл, бір сөзін қайталау – әбестік. Мысалы, 70-жылдары қазақ қауымын дүр сілкінтіп, оқырманның бетін шымшытқан «Көделі жері құндыздайды» несіне қайталап отырсыз.онсыз да түрпідей сөз өзіңізде де жетерлік қой. Сондай-ақ «Тырли» сөзі. Мейлі, сіздің жақтың диалектісі-ақ шығар. Сіздің де қолдануға хақыңыз бар. Дегенмен де осы сөздің Нұрпейісовтың имиджі секілденіп, Қарақатынға ғана жарасатын секілденіп оқырман көкейіне сіңіп кеткелі қашан...
  2. Рас, оқиға ортақ. Бірақ ажырасқан еркек пен әйелдің арасында сізде ақ күшік, Отарбаевта қара күшік жүгіреді де жүреді. Сізде де, онда да бір қызыл жалқын түлкі бұлаңдайды да жүреді.

Хақ иесі кім?

1. Сонан соң «бедеу» және «белсіз» сөздері. Екеуі екі басқа. Бедеу – бесплодие.

Белсіз – импотенция. Бедеу адам болсын, мал болсын – ұрғашысына қатысты айтылады. Ал еркектің ұрпақсыздығын ертеде «қара қаптал» дейді екен. Бірақ қазір бедеуді еркек-әйелге бірдей қолданып жүр. Осындайды сіз бен біз түземесек кім түзейді.

2. Енді әйелдерге қатысты айтылға әнтек тұжырымдарыңызға келейік: сіз,

Бексұлтан Нұржеке екеуіңіз, мынаны айттыңыздар:

- Табиғаттың ұлы заңдылығын тап-таза қалпында қабылдап, Жаратушының өзі бір-біріне мәңгі жұп етіп жаратқан еркек пен әйелді бір-біріне қандай құдірет байлап тұр? Ең ғажап жаратылыс – адамның мәңгі суымас құштарлығының көзі неде? Махаббат дейміз. Айналып келгенде сол махаббаттың келер жері не? Неге біз оны жиіркенішті арам нәрседей қараймыз? Күллі тіршіліктің өсіп-өнуінің қайнар көзі – ер-әйел қатынасының ұлы құпиясын білуді неге қылмыс санаймыз? Неге одан оқырман бетін басып қашуы керек? Хош, келістік. Сіздердің көз жастарыңызды Құдай көрді ме, әйтеу эротикасыз кино мен кітапты тұзсыз астай көретін оқырман мен көрермен көбейіп келеді.

Бірақ... Бірақ, бұл сіздерге күллі әйел затын нәпсіден басқаны ойламайтын жалмаңдаған жалмауыз етіп суреттеуге право бермейді.

Жазушы мырза, сіз тыңдаңызшы, кез келген жазушыда өз кейіпкеріне деген бір махаббат, жылулық, жан тарту сезімі болушы еді. Өйткені, әр кейіпкер сіздің бір бөлшегіңіз. Әр баласына әкенің қаны мен қасиеті қалай берілсе, әр кейіпкерге жазушының сөлі мен нәрі беріледі. Толстойдың Аннаны жағымсыз етіп жазбақ болғанын, бірақ жаза келе өзі де байқамай жағымдыға айналдырып алғанын, романның аяғында «Анна өліп қалды ғой, қайтейін» деп жылағанын сіз де білесіз. Ал сізде әйел кейіпкерлеріңізге деген титтей мейірім, аяу, аялау бар ма өзі? Егер бар болса, оларға неге ылғи түрпідей сүйкімсіз сөздерді қолданасыз? Мысалы, әңірейді, сәңірейді, әңкиді, мәңкиді, молиді, бұты, көтендігі, шонданайы, құймышағы, күйледі, қаншық, жырқылдады т.б. Осы сөздеріңізге қарап сізде әйелдерге деген бір ұлы өштік бар ма деп қалғандаймыз.

- Сонан соң сіз «күйлеу» сөзін әйелдерге қатысты орынсыз қолданасыз. Бұл сөз хайуанатқа қатысты айтылады, адамға емес. Хайуандар жылдың белгілі бір уағында ғана жұптасуды қажет етеді. Яғни, күйіті келгенде ғана. Одан басқа уақытта оларда «мынау бір кездегі ғашығым еді-ау» деген сезім болмайды. Қаншық ит төбетті қауып тастайды, сиыр бұқаны сүзіп жібереді. Ал адам – ерекше жаратылыс. Адам сезімі жылдың бір-ақ мезгілінде болмайды. Ерлі-зайыптылар қырық жыл бірге тұрса да, зайыптық қатынаста болады.

- Сіздіңше «бала көтергісі келген әйел төсек қатынасын іздейді». Өтірік айтасыз.

Бала көтеру мен құштарлықтың түк қатысы жоқ. Жұбайы бар, мезгілді жұбайлық қатынастағы әйел баланы қай күні көтеріп қалғанын өзі де байқамайды.

- «Қатынас кезіндегі мидан құйылатын ыстық ағын». Мұныңыз да өтірік. Мидың секске түк қатынасы жоқ. жүрек болса бір жөн. Жалпы – «40 жастан асқан соң әйелдің еркекке қажеті шамалы». Мұныңыз да шикі тұжырым. Керісінше, 20-30 жас аралығы әйелдің ұрпақ әкелу кезеңі. Бұл кезеңде әйелдің бар мейірі бауырындағы баласына ауып және үнемі ұйқысы қанбағандықтан, (бала үшін) жан тыныштығын, демалуды қалап тұрады. Тіпті «Мені жөніме қалдыршы» деп безініп те тұрады. Ал 40 жаста әйелдің барлық жағынан толысып, дене мүшелері айқындалып, жұбайлық қатынастың да қадірін біліп, жұбайына да бар махаббаты мен уақытын бөлетін, өзіне де уақыт бөліп, қыздай түрленетін кезі. 2-жастығы басталатын кез.

- Бір әңгімеңізде қараса адам қорқатын жалғыз көзді диюдай бір қашқын (соғыстан қашып ұзақ уақыт иен далада жүріп, жабайыға айналған) айдалада мал бағып отырған кемпір-шалдың қолындағы 12-13 жастағы мылқау қызды зорлап кетеді. Қай жағынан қарасаңыз да (анатомиялық, психологиялық) кемпір-шалдан басқа адам көрмеген бейшара қыз қорқыныш пен ауырсынудан есінен танар еді ғой... Ал сіз «Екі бетіне қан жүгіріп, гүл-гүл жайнап кетті» дейсіз. Сұмдық қой бұныңыз...

- Ең соңғы айтарым – суреттер. Өткен ғасырда Батыстың, орыстың махаббат немесе рыцарлық романдарында суреттің болғанын білеміз. Бірақ сол сурет мазмұнды ашып немесе кейіпкердің сипатын ашып тұруы керек қой. Ал мұндағы суреттер бір-бірінен аумайды. Суретшінің әңгіме мазмұнын, кейіпкердің сипатын жете білетініне күдігім бар. Хемингуэй не деп еді?

- «Если только художник не такой же мастер своего дела, как писатель - своего, ничто не может быть ужаснее для писателя, чем видеть живые в его памяти места, людей изображенными на бумаге кем-то, кто ничего этого не знает»

Қорыта келе Тынымбай ағаны, Дәутайұлы мен Отарбаевты оқыған соң, «Бейімбетіміз жоқ» деп жылаудың да қажеті жоқ сияқты. Бұлар өз заманымыздың Бейімбеттері.

Әмина Құрманғалиқызы, сыншы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар