Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Әмірхан Балқыбек. Соңғы жыр...

27.01.2019 5726

Әмірхан Балқыбек. Соңғы жыр

Әмірхан Балқыбек.  Соңғы жыр - adebiportal.kz

Уа, Аруаһ!
Қалмасам да тұралап,
Бiздiң бастан ұшады ендi сiрә, бақ,
Ақының боп аңырайын соңғы рет,
Соңғы сөздi Тәңiрiмнен
Сұрап ап.

Жатыр жайлап өмiр көрдiм,
Өкiнбен.
Басым байлап өлiм көрдiм,
Өкiнбен.
Түз жұртында ақын болдым,
Өкiнбен.
Қыз-қырқынға жақын болдым,
Өкiнбен.
Сөзсiз мыңға татыр болдым,
Өкiнбен.
Көзсiз және батыр болдым,
Өкiнбен.

Өз елiм ғой,
Тұлпар түгiл есегi,
Озсыншы деп елеңдедi ес тегi.
Батқан күннiң атар таңы бар ғой деп,
Өкiнгем жоқ сатқанда да дос менi.

Төзiм шiркiн болмаса да темiрден,
Еш өкiнбей өту үшiн өмiрден,
Қаны қара жауыма да қасқайып,
Қарап тұрдым тауға құмар көңiлмен.

Тәңiр берген теңiмдi де тектi ғып,
Ару сүйдiм жанға рахат шектiрiп.
Шыбығымды қадап кеттiм және мен,
Қос алма тау, жатыр дала деп бiлiп.

Басты қылыш қаққанымен,
Есiмiм
Талайға әлi сұратады кешiрiм.
Бес күн жалған арман болды, амал не,
Ешкiмге тек тие көрме кесiрiм.

Бiттi бәрi,
Баяғыдай болмайды.
Өз iсiне жауапсыз жан оңбайды.
Басым ұшты, өкiнгем жоқ,
Тек, әттең,
Жендет қолы қалтырады — сол қайғы.

БЕЛГІСІЗ ҚАЛА

Тоғыз жолдың тоғысқанмен торабы,
Қайда екенiн таба алмайтын қонағы
Бұл қалада көктемдi ешкiм бiлмейдi
Мұнда өйткенi он екi ай қыс болады.

Алып тауға байлап қойған шынжырлап,
Бұл қаланы қарғыс атқан мың жылға.
Жер жылжуда, жермен бiрге қала да
Қара жылым жаққа баяу жылжуда.

Нөкерлерiн ертiп шығып моладан,
Бұл қалада түнде сайтан салады ән.
Бiраз адам айырылады ұйқыдан,
Ал көп адам айырылады санадан.

Жын-жыбырдың болғаннан соң мекенi,
Бұл қалада тосын жайлар жетедi.
Даналықтың басын жарып тасада,
Сұлулықты шешiндiрiп кетедi.

Бұтқа пұттай табынғасын қашаннан,
Шал-құтаны жас қыз аулап жасарған.
Бұл қаланың, ең ғажабы, құдайы,
Көкте емес, көк қағаздан жасалған.

Арман мұнда қалталарға батады,
Сонда өледi, ешкiмнiң жоқ шатағы.
Мұнда Муза қайыр сұрап көшеде,
Ал, ақындар мас боп бара жатады.

Бұл қалада тiзе берсең көп қызық,
Көр, арала, босқа уақыт өткiзiп
Алып жүрме. Тек перiште болмағын
Қала жайын жүрер көкке жеткiзiп.

Тоғыз жолдың тоғысқанмен торабы,
Қайда екенiн таба алмайтын қонағы,
Бұл қалада көктемдi ешкiм бiлмейдi,
Мұнда өйткенi он екi ай қыс болады.

Жұлдыз бiткен көкте бетiн шымшылап,
Бұғау буған жатыр қала су сұрап,
Жылтылдаған сәулесiндей үмiттiң
Әр қабатта сөнбейдi тек бiр шырақ.

1995 ж.

ШАМЫРҚАНУ

Өр теңiздiң
Қайтуы мен тасуын
Ай бiледi...
Бiр бұл емес жасуым.
Жарылуға шақ-шақ қалды шыдамым,
Одан бетер келiп кеттi ашуым.

Пайғамбар деп құрметтеген арабта
Көрiпкел деп дәрiптеген Бабылда,
Ақын ұлын теңеп берген жарымға
Не бетiммен көрiнемiн мына елге,
Не айтамын мына ессiз қауымға?

Кешiр,
Есiл кетсе менен бiр айып,
Ақыл айтқан ауызыңды ұрайын.
Саналарын сәлде ағартқан молдалар
Жайнамазға бас қойғанда
Жырға бас ұрғандығын сезбей ме екен,
Құдайым!

Мен туған шақ
Мезгiл сiрә өлiара,
Қасиеттi қамайтындай қораға
Жалаңаяқ деп сөгедi, ал өзi
Жалаңаяқ бармайтындай молаға.

Жүйелi ойдың жетегiнде жүрмей ме!
Тек тәттi емес,
Қатты айтады-ау тiл кейде.
Қойныма салса қызын қақпас шал
Менен батыр ұл туарын бiлмей ме?

Жолсыз түнде
Жұлдызынан адасқан
Бiр мен бе екем,
Ол жайлы ендi жақ ашпан.
Бақытым бар бiр басыма жететiн,
Өз далам бар, жұтар ауам, бар аспан.

Өр теңiздiң
қайтуы мен тасуын
Ай бiледi...
Бiр бұл емес жасуым.
Күн көзiнен ұялды ма көктегi,
Сабасына түсiп қалды-ау ашуым.

Еш өкпем жоқ
Жарымаған жатырда,
Ақымаққа, Алпауытқа, Пақырға,
Мен қоярмын, қоярмын мен өлеңдi,
Жұрттың бәрi айналғанда ақынға.
Бiр ақымақ керек шығар елге де.

1991 ж.

МЕТАМОРФОЗА


Баллада

Балалық шақ шық болар таңда демi,
Тамсандырған тылсым сәт аз ба менi,
Мөлдiр едi айдыны көңiлiмнiң,
Көршi аулада өскен гүл арман едi.

Арман едi, сезiм – көк шиырланып,
Жеп қойғаны шындықты миымды анық.
Сонда-дағы қойғам жоқ көз сүзудi
Көршi аулаға гүл өскен жиi ұрланып.

Аспан сезiм көңiлде, өңiрде өмiр,
Мен де бiрмiн, жанбаған көмiр де бiр,
Ғашығыңа көз сүзу ғажап шығар,
Қолың жетпеу әйтсе де өмiр ме бұл.

Күндер ақты саудырлап парақтары,
Саудыр күнмен гүл де өстi, қанаттанып.
Көршi аулаға көз салар үмiттене,
Үзсем деген менде сол талап қалды.

Талап, талап... талапты елеп, ескер,
Күнiм құрсын деп сезiммен ерегескен.
Көршi гүлге бiр күнi айқай салдым,
«Сен өскен жер маған да жер емес пе?

Неге, неге мен жаққа қарамайсың,
Бойың биiк болса да әлi баладайсың.
Саған деген көңiлiм ақ, ақ көңiлдi
Елемей қанша тағы жаралайсың.

Көзге iлмейсiң қалғандай өзiң боп қап,
Сұлулыққа орын жоқ сезiм тоқта.
Неге, неге мен жаққа қарамайсың,
Қасiретiмдi көрместей көзiң жоқ па?»

Тербелдi гүл өзiнiң шеңберiмен,
Тербелгенiн тылсыммен тең көрiп ем.
Аспан сезiм мендегi сезiп қалды,
Бояу иiсi аңқуын жөргегiнен.

«Ер мақтаса қыз жүрер жасап қалып»
Деген сөздi дәл айтқан жас-а-ақ халық.
Шуағында тербеле көктем — күннiң,
Гүл сөйлейдi көркiне масаттанып:

«Неге, неге дейсiң-ау, неге, неге,
Көп негеден көңiлiң көгере ме?
Бойың анау тапалтақ тарбақталған,
Қуыс кеудең құр тасқа төбелеме.

Неге керек мәнсiздi сынақтамақ,
Көркiме тамсанғанша құлап қарап.
Күнге ұмтылған, өзiңдi дәлелдегiн,
Мен десең сол қоярым бiр-ақ талап».

Гүлдiң сөзi намыс-ә, намыс қатты,
Сезiмiм жұпарды емес, шаң ұстапты.
Бағым менiң кетiптi өткен күнмен,
Күнмен өскен гүл менен алыстапты.

Сезiм, қайғы, ызамен қабатталып,
Мен де өстiм өкiнiштен қанаттанып.
Таңданыс пен алданыс арпалысқан,
Санама сол бiр сәттен сабақ дарып.

Күндi көрiп, көрместен мүлде маңым,
Өстiм, өстiм, есте тек гүл талабы.
Мұңның жасы көзге тек шел қаптатар,
Басы болса бiрбеткей жүлде алады.

Жылуы екенiн байқатпай қай қабақтың,
Өр талабын күн сайын қайталап күн.
Сезiм ояу бұл күндер, көзiм жұмық,
Өстiм, өстiм, қанша өстiм, байқамаппын.

Өсетұғын шыбық деп елеп менi,
Ер еккенi белгiсiз, ел еккенi.
Өз бойыма қарасам көзiмдi ашып,
Тұр екенмiн бiр күнi терек болып.

Қалай өстiм, ұғар-ау миы бар жан,
Дiңiм тiп-тiк, төменге иiле алман.
Бiр өтеуiн жасымның берер Тәңiр,
Айрылғаным барлығын жиып алдан.

Сезiм өртте ойға орын табылған ба,
Бiр сәт демеу iздеген дамылдан да,
Төмен жаққа қарап ем, бас айналды,
Гүлге қолым жетпедi қағынғанда.

Өс, өс дедi, менде өстiм санамменен,
Жүректiң лүпiлiмен жанар денем.
Көршi аулада өскен гүл, рахмет,
Пейiлiм ақ, өкпем жоқ саған деген.

Өттi күндер мен биiк, ол төменде,
Жанарда жас көкте күн көлбегенде,
Ол мақтады мен жасып қалғанымда,
Мен нәр болдым гүлiм сол шөлдегенде.

Жапырағым бар да әлi жалбыраған,
Тәттi әсерге көздiнi нандыра алам.
Гүл үзiлдi бiр тойдың құрметiне,
Биiктiкке құмарту қалды маған.

Құдiрет-ау сезiм боп тасқанда адам,
Дастаным сол әлi күн басталмаған.
Тауды аламын тұлға қып өлеңiме,
Төрелiкке мен күллi аспанды алам.

Әр күннiң қанатында жүйiткiген,
Мен шексiз сұлулықты сүйiп келем.
Өлмеймiн мен, тамырым тү-у-у тереңде,
Арманға өлшем барда биiк деген.

Қайшы келмес заңына шариғаттың,
Жан дүниесiн арлы ұлдың тани жатқын,
Қиялында күллi әлем — әуен тұнық,
Жырларында өзi бар табиғаттың.

ШЕЛЛИ АЖАЛЫ


Ұлықбек Есдәулет ағаға

Шелли ақын суға батып өлерде,
Ненi ойлады асау толқын көмерде?
Сездi ме екен асыл жүрек тұншыққан,
Өлiмi де айналарын өлеңге.

Туған жердiң тәркi еткендей қолатын,
Не себептi суға кеттi сол ақын?
Iштарлық па досынан да сезiнген,
Құштарлық па тек шабытта болатын.

Жықтырмастан сұлулықтың жалауын,
Серт қып түйiп жүрегiнiң қалауын
Өлдi Шелли, өлiмiне өзгеше
Өлең ғана бердi әдiл жауабын:

– Ажалдың да батыл қақса есiгiн,
Ақындарға болу керек кешiрiм.
Жер бетiнен таза парақ таба алмай
Суға жазды, дейдi ол, Шелли есiмiн.

1994 ж.

АЛТЫ АРНАУ

М-ға

Ләйлi мен Ләйләнiң қатары ең,
Ғашықтың жайын шын бiлер кiм?
Қара тас сияқты қатал ем,
Сен менi нәзiк қып жiбердiң.

Өзiне бағынбас өз басы,
Көгiнен бұлттар жиi ауып,
Бiр сәтке тыйылмас көз жасы
Аспан боп кеттiм мен жылауық.

Мен оқыған кiтаптардың төресi,
Үндiлердiң құдай жайлы жырында
Жыр туралы керемет ой айтылған
Балдай тәттi түсiнiкпен ұғымға.

Жанға қимас жанымның шын төресi,
Сол туралы ең бiр асыл сырымда.
Нұрдай қызға қаншама өлең жаздым мен
Балдай тәттi түсiнiкпен ұғымға.

Көркемдiгi көрiктiммен қарайлас
От кеудемде талай жырлар тұтады.
Оларға тең келе алады тек қана
Үндiлердiң құдай жайлы кiтабы.

Жанымның сол жүлгеленген жырлары
Жеткен шақта ғасырларға келесi,
Олар жайлы айтса-ау бiреу осы ед деп
Мен оқыған өлеңдердiң төресi!

Саған сәлем бере алады көп кеще,
Ең құрыса соның бiрi болмадым.
Амал бар ма, көздiң жасы кеппесе,
Көк тайғақ боп қалып жатты жолдарым.

Борандарда мұңға оранып жүрдiм мен,
Сен жайлы ой жылу берiп жаныма.
Шақтарда да ұмытқам жоқ жүзiңдi
Жүзiм суы шарпылысқан қаныма.

Жабыққанда сан жұбатты-ау жыр тiлi,
Қар да ерiдi басқа түскен қайғымнан.
Құдайға да алғыс айттым бiр күнi
Менi осынша байтақ мұңға бай қылған.

Тамсантқан түс емес өңiмде
Ерiксiз айырып еркiмнен,
Бiр ғажап бейненi көрдiм де
Құдайдың барына сендiм мен.

Армандап келсе де сан ғасыр
Көрмеген ақындар әлемi,
Әсер боп түйiлдi жанға асыл
Сол бейне пейiштей әдемi.

Жаны мен тәнi тең жарасым,
Айқабақ тұратын мұндалап.
Гүлiмнiң қиыла қарасын
Жындымын, берер ем жырлап-ақ.

Санасын сезiмге жеңдiрген
Мәжнүн өзiм боп бұ маңда,
Сол қызға бағымдай сендiм мен,
Софыдай сенетiн Құранға.

Шабыттың шалқыған кезiнде –
Жырменен нәштеген Құранын,
Есiмде, бой ұрып сезiмге,
Құдай да ақын деп тұрғаным.

Құр жыр не дедiм де содан соң
Бейнесiн зердемде зерледiм.
Тәңiрдей тәкаппар болған соң
Ол оның бiрiн де көрмедi.

Ал сосын бақытсыз пендедей
Белшеден баттым да күнәға,
Кеттiм мен өңдi де өң демей
Ол бар деп мен көрер жұмада.

Тартайын тауқымет көп мейлi,
Тым қатал және де ең iзгi
Ол жайлы ой басымнан кетпейдi
Бейкүнә көлеңкем тәрiздi.

Ғайыптан ғажайып боп кезiккенiм,
Мен сенi қиялда да құшқаным жоқ,
Тек ессiз есiмiңдi ежiктедiм.

Қиын-ау табыспаған, қарыштаған,
Қиялдан қажып кетiп көзiм жұмсам
Жұмақтай елестейдi таныс ғалам.

Басымнан қыс көшiрдiм, жаз көшiрдiм,
Жұмбағын шешсем дедiм пешенеммен
Осынау есiмдi алған сазды есiмнiң.

Бiлдiм мен жыр етерiм кiм екенiн,
Бағзыдан қалған кiтап айтып бердi
Құдайдың жүз атының бiрi екенiн.

Бұны бiлiп көңiлiм жатты түлеп,
Құдайдың жүз атының бiрiн бiлген
Тағы айтқан сол кiтапта бақытты деп.

Бақыттан бас айналды, мас та болдым,
Ерiнiм кезергенде ернiңдi аңсап,
Жанардан тамып кеткен жас та болдым.

Құп-құйттай жүрегiмен халыққа алаң
Сенiң сол тегi бөлек есiмiңдi
Әлдекiм қатты айтса да налып қалам.

Айыра алмайтұғын бақтан мұңын
Әумесер әпербақан қайдан бiлсiн
Құдайдың атын атап жатқандығын.

Жүректе жас арман бекiнiп
Жатқанда,
жүрместен жайыма,
Басы асау шабыттан лепiрiп
Жыр жаздым Аспанның Айына.

Қолыма қон дедiм асылым,
Ал қонса үлдеге орардай.
Мен дедiм Мәжнүндей ғашығың,
Бейнебiр ол Ләйлi болардай.

Күн өттi өрiлiп көп өлең,
Жыл өттi жүктi боп жырларға
Ал қазiр бiлмеймiн не дерiм
Сондағы сол ессiз сырларға.

Аспанда Ай жалғыз әлi күн,
Жалғыздық шаршатты менi де.
Сол жұмбақ Айымның жарығын
Жыр қылып тарттым мен елiме.

Иттерi тасадан үрген көп
Ақын деп таныды аймағым.
Мен бiрақ ол кезде бiлгем жоқ
Жерде де қол жетпес Ай барын.

1994-1995 ж.ж.

БІЗДІҢ КЕЗЕҢ

Құр ауаға қалды асылып қанша әнiм,
Жер бетiнде сенделем бе әлi көп.
Мен жарықты күте-күте шаршадым,
Ендiгi өмiр түс сияқты мәнi жоқ.

Уақытымды күте-күте бiттi әлiм,
Маңай тұман, жұлдыз бiткен адасты.
Кiм бiледi кiмдер не iстеп жатқанын,
Кiмдер қалай жұбатарын алашты?

Қасiретiмдi түсiн мейлi түсiнбе,
Өз талайын әркiм өзi тапқандай.
Жонарқамда, жұлынымның iшiнде,
Жауынқұрты қабiр қазып жатқандай.

Тас төбемде шұбалады бұлттар,
Шұбалшаңдай қорқынышты көздерi.
Бiздiң кезең, кiм бiледi, Рухтар
Жер бетiне түсе алмайтын кез бе едi?

Осы болды-ау зар-заманға жалғас ән.
Есiмдi алып арқан қиған алқымдар
Жапан түзге шығып алып зарласам,
Сырласым боп қарға ғана қарқылдар.

Мен ендiгi өмiрiмдi түс көрем,
Не боларын оянғасын болжармын.
Бұрын соңды ешбiр әруақ түспеген
Ортасында жүргендеймiн жанжалдың.

Мешiт құр үй, молда болса iбiлiс,
Қырсыққанда ақыл берер аға аяр.
Ендiгi жер неге керек кiдiрiс,
Жер бетiнде не қалды ендi аялар?!

Оянғанды алда көпiр күтедi,
Қайта ұйқыға кетедi ол да құласа.
Маған, маған қас-қағым сәт жетедi,
Барлығын да көру үшiн жаңаша.

Кеудемдi өртеп жанарымнан жас тамар,
Жас емес пе ем, қалай ғана алқындым?
Ендiгi өмiр түс сияқты, басқа амал
Қалмағасын оянуға талпындым.

Тас төбемде шұбалады бұлттар,
Шұбалшаңдай қорқынышты көздерi,
Бiздiң кезең, кiм бiледi, Рухтар
Жер бетiне түсе алмайтын кез бе едi?

Сана сайтан, жүрек болса iбiлiс,
Кез болып тұр арлы үшiн де арланар.
Ендiгi жер неге керек кiдiрiс,
Жер бетiнде не қалды ендi қарманар?

1998 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар