Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Анар Қабылқақ. Актрисаның риясыз күлкісі...

24.12.2018 4361

Анар Қабылқақ. Актрисаның риясыз күлкісі

Анар Қабылқақ. Актрисаның риясыз күлкісі - adebiportal.kz

Бұл әңгімеде жағымды образ атымен жоқ, оның есесіне, сахнаны – өмірге, өмірді – сахнаға айналдырып алған кейіпкерлер әрекеті арқылы көрінетін күлкі басым. Олардың мінез-болмысы жазушы шеберлігімен айқын ашылып тұр.

Рахымжан Отарбаев қаламына «эзоп тілі», соның ішінде юмор мен сатира жақын екені әуелден белгілі. Астарлы шындығы ащы болып келетін жазушы шығармаларының ойсызды күлдіріп, ойлы адамның көп нәрсеге көзін ашатыны рас.

«Актриса» – проза майталманы Рахымжан Отарбаев әңгімелерінің ішіндегі ерекшесі.

Егер театр – мәдениеттің алтын ордасы десек, адам жанын ізгілендіреді деген осынау шаңырақтың өз қызығы мен шыжығы қабаттасып, қайнап жатқан өзіндік ішкі өмірі бар екенін автор аталған әңгімесі арқылы паш етеді. Ең қызығы, бұл жердегі басшылықтың да жоғарыға бағыныштылығы, пәрмен түссе, орындалғанша жанталасып, сеңдей соғылысып қалатын қанға сіңісті әдеті сатираның өткір найзасына аяусыз түйреліпті:

«Бар пәле Гогольдің «Үйленуінен» шықты. Қаламының сиясына бойдақтардың мұңы мен пендешілігін езіп құйып жазған пьесасы ғой. Николай Васильевич некесін қия алмаған бейбақтардың бағын ашамын деп қазақ драма театры жанталасып жатты», - деген экспозициядағы жеңіл ирония қызығушылықты бірден оятады.

Осыдан кейін оқырман ойында «гәп неде?» деген сұрақ өзінен-өзі тууы заңды.

Сөйтсе, Мәдениет министрлігінен: «Ұлы жазушының осы пьесасын сахнаға шығарыңдар, шығарыңдар да Агафья Тихоновнаның рөлін ойнаған актрисаны дереу «Құрмет» орденіне ұсыныңдар!» деген бұйрық келген екен.

Осы жерде тәуелсіз сана түкпірінен: «қазақ классиктерінің бірінің шығармасы сахналанып, марапат соған-ақ берілсе нетті?» деген ой ұшығы қылтиятыны рас.

Гоголь – сөзсіз үлкен классик, дегенмен, қазақ сахнасынан Агафья Тихоновна, Подколесин, Яичницалар бой көрсетсе ғана марапат-құрметке бөлену пайызы жоғары болуының астарында тамыры тереңге кеткен идеологияның жатқаны анық. Жазушы отаршылдық қамытын бір киген соң, одан құтылудың оңай болмайтынын астарлап жеткізеді. Оның үстіне, Р.Отарбаевтың қай әңгімесін алмайық, көздегені – қаймана қазақ мүддесі, сол мүддеге томпақ келетін тұстарды күлкімен шымшып көрсету болып келетіні тағы белгілі.

Өзі драматург болған соң, театр саласының қыр-сырын жақсы білетін жазушы әртістердің қимыл-әрекетін әсерлі ойнатып береді. Алуан образ түрлерін жасауда тым шебер. Министрліктен түскен пәрменді естіген театр директоры «буыны босап, орнынан үш ұмтылып тұра алмай қалды» деп суреттесе, «орден аламыз» деп, шабыттанған бас режиссерді «бір көтеріліп кетсе, көпке дейін қона алмай қоятын әдетімен шымқай қызыл бешпетінің тиегін ағытып, құлашын кеңге жайып жіберді», - деп кескіндейді.

Пьесаны қою үшін қаражат жағынан қысылып күйіп-піскен директор бейнесі мен атақ-даңққа бөленген кезін елестетіп, «құс тұмсығын көкке тіреп тұрып алған» режиссердің пафосты образында бір-біріне ұқсамайтын қарама-қайшылық бар. Алайда, мүдде біреу – қалай да келіп тұрған орденді уыстан шығарып алмау. Бұл – театр ұжымы үшін үлкен мотивация, дегенмен, әртістердің пайда мен атаққұмарлығы өзге құндылықтың бәрінен үстем болып, жаппай интригаға берілуі күлкімен шенеледі.

Сол сияқты, «ұлы жаңалықты» естіп, кеудеге жарқыратып орден тағуға құмартқан актрисалардың ешқайсысы да бұрын Гоголь шығармашылығы туралы естімеген болып шығуы, сөйте тұра бәрінің Агафья Тихоновнамен «ауырып үлгергендігі» әңгімедегі Рахаң сатирасының шарықтау шыңы болса керек.

Әңгіме бір ғана сюжеттік линияға құрылған, мұнда барлық кейіпкерлер бір динамикалық тартыста топтастырылған.

Бас кейіпкер – қартаң актриса Қызтуған. Ол рөлден құр қалып, «аяқасты қан қысымы тасып ауруханаға түсіп» қалған болатын. Онда да көп жата алмай, бір нәрседен құр қалатындай жанталаса, театрға оралған. Жасы келген оған Фекла Ивановнаның рөлін қанағат тұтса да болар еді. Бірақ орден тағуға құмартқаны сонша, басты рөл үшін аяғына дейін арпалысуға дайын еді.

Енді осы Қызтуған қалаған рөліне қалай қол жеткізді?

Бұл рөлге таластың театр актрисалары арасында болмай қоймайтынын оқиға басындағы директор мен режиссердің екеуара диалогынан аңғаруға болады: «Бұлар ортақ қып байды бөлісер, ал орденді бөлісе алмас. Онсыз да іштей жарылып, өздері екі-үш жік болып жүр... Қып-қызыл дауға қалдық десеңші»!

Айтса айтқандай, жаңалық құлағына тиген театр ұжымының арасында бақталастық өрті тұтанып, тартыс ширыға түскен.

Директор о бастан-ақ Агафьяның рөлін Қызтуғанға бергісі келген. Оған режиссер үзілді-кесілді қарсы шығып, «рөл жас актрисаларға беріледі» деп бір-ақ кескен. Алайда, «гримді қалың салса... кім біліп жатыр?» - деп, оған да болмаған соң: «Кассада көк тиын жоқ. Бюджет бекітілгенде қаралмаған қойылым», - деп ашық қысастыққа барған директор әрекетінен театрдың бас актрисасымен араларында бір байланыстың бары білініп қалады.

Фекла Ивановнаның рөліне бекітілсе де Қызтуған ол рөлді місе тұтпайды, көздегені кәрі қыз – Агафья Тихоновнаның рөлі.

Басқалары да оңып тұрған жоқ: «Роль бөлінуі мұң екен, театр ұжымы үшке бөлініп шыға келді. Қуыс-қуысты сығалап, сыңараяқтап жүріп, біриықтап кіріп үш гримеркада жасырын жиналыс ашып», бір-біріне қарсы небір қитұрқылықтарын жүзеге асырып жатқан.

Ұжымды ұйытып ұстайды деген директор мен режиссердің өздері сол қырғи-қабақ тартыстың бел ортасында жүруі бұл мінез-болмысы өзгеше ортаның өзіндік қызық ерекшелігі. «Театр директорының ыңғайындағы топтың жетекшісі Қызтуған» жиналыстардың бірінде:

«Кезінде Томирис пен Баян сұлуды, Әйгерім мен Ақтоқтыны ойнаған мендей жарық жұлдызға бұл не қорлық?» - деп жылап жіберсе, оны қолдаушылардың бірі: «Үлкенді сыйлауды қойған. Еңбекті бағалау атымен жоқ», - деп даурығады.

Екі топ бір-біріне қарсы «Президент әкімшілігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне арызданатын болып» уәделесіп жатса, аядай гримерныйға жиналған үшінші топ «басшы сықпыты жоқ» директорды да, «барып тұрған дарынсыз» режиссерді да орнынан қуу керек деп ұрандатып жатуы күлкіге де, ойға да жетелейді.

Алайда, былайғы іс-әрекеті мен моралдық бет-бейнесі оқырманды күлкіге қарқ қылатын ұжым мүшелерінің киелі сахнаға шыққан бетте жүз пайыз өзгеріп сала беретіні қызық. Өмірдегі дүрдараздықтарын ұмытып, рөлге ынты-шынтысымен беріліп шыға келетін әртістердің сахнаға құрметі мен кәсібиліктеріне ештеме дей алмайсың.

Театр басшысының әйелі ұжымның жазған арызын тауып алып, ашуланып келгенде, ұжым мүшелерінің: «мұндай арыз болып па еді?» дегендей, аңтарылып қалатыны қызық. Арада біраз уақыт өтіп, қызу дайындық процесіне беріліп үлгерген ұжым ондай арыздың болғанын ұмытып та үлгерген. Әртіс қауымның бала мінезді болып келетінін тап басып тани білген жазушы соны оқырманға риясыз күлкі арқылы көрсете білген.

Алайда, аталған арыз мәтінінде ара-тұра өмірде кездесіп қалатын күнделікті өмірдің лас шындығы да жүр: «Директордың кабинетінде роль бөлетін диван тұр. Сол диванның орта тұсы ішіне қарай ойылып кеткен. Сол ойық Қызтуғанның құйрығының өлшеміне дәлме-дәл келеді. Нанбасаңыздар арнайы комиссия шығарып көруге болады».

Арыз ұжым алдында оқылғанда, өздері жазған нәрсені жаңа естігендей болған кейіпкерлердің мінез-әрекетінен күлкіге сұранып тұрған адами ақымақтықтың шегі көрініп тұр. Автор бұл тұсты өткір әжуаға айналдыра суреттеген екен.

Театрда болып жатқан тартысты жағдайлар қоғамда да кезздесіп қалады, сондықтан, «Актриса» әңгімесі – қоғам шындығының кішірейтілген көрінісі десе де болғандай. Мұнда мансапқорлық, іштарлық, бақталастықпен қатар, ұсақ өш алу, өсек, интрига қат-қабат көрініс береді. Әртістер өмірдің өзін ойнап жүргендей.

Сатиралық портрет жасау шебері Рахымжан Отарбаев кескіндеген образдардың алуандығы шығарманың көркемдік сапасын арттыра түскені көрінеді. Бір психологиялық күйден екіншісіне ауысуды шеберлікпен берген бір жерде: «Арон Арысовичтің жұмған жұдырықтай ғана бет-аузы гүл қауызындай ашылып, аяқасты жайдарыланды», - деп суреттесе, келесі бірін:

«Дәл төбесінде сәбидің алақанындай ойма тазы бар артист Яичницаның, мұрты үстіңгі ернінен асып аузына төгілген Жевакиннің, шіли өткен ғасырдағы батырлардың тұлғасын сомдайтын қанардай дәу қара Анучкиннің образына еніп, қатынның зары өткен қақпастың кейпінде жүрді», - деп, мәжбүрлі таңылған ділі жат пьесадағы орыстың өзіне тән сахналық сырбаздығын қазақтың жалпақ тілімен дауылдай жапырып, бір сүйкете салады.

Автор рөлге бекітілген төрт жас актрисаның образын да юмормен береді:

«Көпестің кәрі қызының рөліне қаз-қатар бекітілген актрисалардың шындап келгенде бойы да, ойы да, тіпті тұрмыс жайы да бірдей-тін. Ақсары өңді, күлімкөз,сыбай-салтаң. Төртеуі де жігіт атаулы өзімізге шақ келгенмен, талантымызға шақ келмейді деген пікірде. Бәрі де күн сайын түс көреді. Бір қызығы, түстері бір-бірінен аусашы».

Бұл төртеуі де жас, сұлу әрі талантты. Бұл төртеуі тұрғанда Агафьяның рөлі Қызтуғанға бұйыруы мүмкін бе еді?

Кәрі қыздың рөлін бар сымбатымен жарқырата ойнап жүрген Галя пьесаның бел ортасына келгенде, сахналық қарсыласы өмірде өзін алдап кеткен жігіт болып елестеп кетіп, иығына жамылған желекті лақтыра-мақтыра, сахнаны тастай қашады.

Сол сәтті күтіп тұрғандай, жерде жатқан желекті жамыла сала, сахнаға жүгіре шыққан Таняның бірден үйіріле жөнелгені не керек:

– Сүйікті ханым, сіз буырқанған теңіз толқындарымен жақсы таныс күйеуге шығуға қалай қарайсыз? – деген партнерінің сөзінен теңіз жағасында біраз күн ойнап-күлгеннен кейін табанын жалтыратқан түрік жігіті есіне түсіп, талағы тарс айрылып ол кетеді.

Агафьяның рөлі қайдағы-жайдағыны естеріне түсіріп, «Агафьясы құрысын» деп, Маша мен Даша да рөлденбас тартқан.

Бұған себеп, бұл төртеуі де пьесадағы Агафьяның өмірі өз бастарында бар кәрі қыздар болғандығынан да шығар.

Пьесаға дайындық барысында директордың инфаркпен ауруханаға түсуі, режиссердің ішіп кетуі де осындай жоспардан тыс киліге кететін кедергілерге байланысты.

Жас актрисалар қанша талантты болса да мінез осалдығынан мақсаттарына жете алмағаны анық көрінеді.

Басты рөлдің, ақыры,гримді қалың салып жасарған Қызтуғанға бұйыру себебі де осы.

Пьеса көп машақатпен сахнаға шыққан кезде жас актрисалардың бірі, керісінше, гримнің көмегімен қартайып, Фекла Ивановна болып жүрсе, басқаларына да жеңіл-желпі рөлдерді місе тұтуға тура келеді.

Әңгіме шешімінде спектакльдің сәтті аяқталып, «бір-бірін құттықтасып, құшақ ажыратпай, сілекей алып сүйісіп, түнімен тойлап жатқан» ұжым суреттеледі.

«Актриса» – шынайы өмір мен сахнаның ара жігін ажыратпай, көп шындықты күлкі арқылы жайып сала білген жазушы Рахымжан Отарбаевтың әдебиетіміздің құнды шығармалары қатарын толықтыратын айрықша шығармаларының бірі.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар