Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Анар Қабылқақ. Дәурен Қуаттың «Тас моншасы»...

26.09.2018 4651

Анар Қабылқақ. Дәурен Қуаттың «Тас моншасы»

Анар Қабылқақ. Дәурен Қуаттың «Тас моншасы» - adebiportal.kz

Әр қаламгер өз кезеңінің өмір шындығын суреттеп жазуға тырысады, алайда, тек нағыз жазушы өмір бояуын әсірелеусіз, нақты бере алады. Дәурен Қуаттың «Тас монша» әңгімесінде қазіргі өмірдің ащы шындығы бар.

Бас-аяғы шағын әңгімеде қаламгер өзін толғандырған өзекті проблемаларды: тәннің ғана емес, жанның ластануын, рухани құлдырауды, қазіргі қазақ ауылының деградациясын көрсетіп береді. Ол осындай өмір көріністерін ауылда өсіп, кейін қалаға кеткен кейіпкердің көз алдынан өткізеді. Әңгімедегі эпизодтар тән тазалығы жоқ жерде, жанға да жарық түспейтінін, кірпияздық кеткен жерде сор батпаққа біртіндеп бата беруден өзге жолдың болмайтынын мансұқтайды. Сондай-ақ, мұндай өмір сүру деңгейінде адамдар арасындағы қарым-қатынастан ізгілік пен адамгершілікті іздемей-ақ қою керек екендігін де оқырман санасына дәл жеткізіп отырады.

Әңгіменің басы самаладай жап-жарық: кішісі үлкенін сыйлаған, үлкені кішісіне өнеге бола білген қазақ ауылының мәдениетімен танысамыз. Буыны қатпаған жас баласы ағасына, ағасы қарасақал – ел ағасына, ел ағасы қазыналы қарттарына қарап, ертеңгі ел ішіндегі өз орнын нақты айқындай алатын алтын уақыт еді. Ауылда қалыптасқан бұл тәртіпті жазушының өзі: «нағыз иерархия» деп атайды. Өкінішке орай, бұл заман көзден бұл-бұл ұшқан. Келмеске кеткен.

Жүйеден-жүйеге өткен кезде ауылды сақтап қала алмадық. Бір ол ғана емес, ұлттық мәдениет пен адамгершілікті сақтап қала алмағанымыз қандай өкінішті! Автордың өзегін өртеген бір нәрсе, шығарма идеясы – осы.

Мен әңгімедегі екі кейіпкер образына бөле-жара тоқталсам деймін.

Бірі – урбанистік менталитет иесі, танымал һәм бақуатты жазушы. Жастайынан қалыптасқан моншаға түсу әдетін қалаға келгенде де ұмытпаған зиялы азамат. Кейіпкер мұнысын: «Қариялар біздің кезімізде: «Беу, тозған дүние!» деп отырушы еді. Сол «тозған дүниеден» тозаң жұқтырмау үшін – қаршадайымнан қалыптасқан әдет» деп түсіндіреді. Кейіпкердің жалғыздыққа бейім жан екені, жылым қала салтына басы бүтін сіңісіп кете алмаған аласұрысы білінеді. Ауыл туралы, ауылдағы тас монша мен бала махаббаты Ақжан туралы жиі ойлауынан да маргинал ортадан сол күйі орнын таба алмаған жанның беймаза халін тап басып тануға болады. Бірде асықпай, баппен жуынуға бой үйреткен мұны моншаға баруды – сыраға сылқиып тою, даңғаза, дарақы мінезге ерік беру деп білетін дүрмекті топтың мінезі жирендіргені бар. Сол жерде қорқынышты қиялының ойнап шыға келуін күйзеліске бейім қала адамының шаршағаны деп ұйғаруға болады. Сол сияқты, дәл осы жердегі суретті қазіргі постмодернистік қоғам бет-бедерін дәл таңбалап беру үшін қолданған жазушының өзіндік тәсілі деуге де болады.

Әлқисса, әлгілердің ішіндегі дәу екеудің жиіркенішті әрекетін бағып отырған кейіпкердің көз алдында жаңағылар қанды іріңге айналып, өсе бере, жарылып кетпесі бар ма?! Сөйтеді де, монша ішіне күлімсі иісі қолқаны қабатын жылымшық жайылып кетеді. Бармен мойнын бұған қарай соза қойғанда, басы мұның үстеліне топ ете түсіп, «не тапсырыс беретінін» сұрағаны, енді бірде көзінің ұясынан құрт ақтарылып отырғаны, т.б. төбе құйқаңды шымырлатар қорқынышты суреттер тізбегі өте әсерлі. «Зәреңді зәр түбіне қуалап, қу жаныңды иманыңнан айырып алардай халді бастан кешкен соң, тазалыққа қолымды бір-ақ сілтегем», - дейді ол.

Постмодернистік қоғам мұны да өз ыңғайына икемдейді, моншадағы диалогтар интернетті ашып қалып, талғамсыз оқи беретін, бірін қорытпай жатып, екіншісі көлбең ететін ақпараттарды еске салады. Істен шыққан робот сияқты, адам санасы да бір кезде сыр беруі мүмкін-ау: «Бұл әлем бар ғой кітапқа ену үшін жаралған. Әлем жаралған... кітапқа ену үшін. Қайсы дұрыс? Мүмкін: жаралған әлем кітапқа ену үшін шығар?». Жаңа технологияны құрықтап, өз игілігіне қызмет етуге икемдей алмаған жағдайда адамизаттың басын жалмайын деп тұрған үлкен қатер осы бір деталдан көрініс тауып тұрғандай.

Автор өзінің жазу ерекшелігінде философиялық ой ағымы, мистика араласқан көркемдік қиял мен шынайы өмір көріністерінің ара жігін шебер жымдастыра біледі. Әңгімеде пенде баласын бір-бірімен өзара жақындастырып қана қоймай, терең ләззатпен баурайтын, көңіл хошын сыйлайтын қарапайым қарым-қатынастардың әсерлі көріністері бар.

Қызмет, лауазым, мәртебе маңызын жоғалтып, бір шетке ысырылып қалатын, бірыңғай жалаңаштар жиналған жерде айтылатын әңгіме де мамыражай, еркін. Күңгірлеген көп үннің ішінен құлақ тосып тыңдай қалғандағы естігені: сонау Африкада ұрғашы арыстан антилопаның лағын асырап алыпты-мыс. «Антилопаның лағы енесінің бауырын екі ай ембейінше шөп жей алмайтын көрінеді»... «Бірде аш әрі ашулы қанжыр жыртқыштық қаны басына теуіп, көзі қарауытып, гүрілдеп кеп, тірсегіне оралған сорлыға тісін батыра берген екен, анау оның бауырына тығылып, соқыр түйсікпен оның мәмәсін түртіп, соруға қам жасапты. Сонда қанжыр бір рахат күйге елітіп, аунап жата кетіпті...»

Сөйтіп, антилопа төлдеген сайын бір лағын бауырына салып алатын қанжырдың әрекеті ғалымдардың назарын аударып, зерттеген екен – аңдар патшасының ұрғашысы бедеу екен...

Асты-үстіне төңкерілген дүние сырларынан мағына іздеуінің мәні – бас кейіпкердің жазушылығында, ол дәл осы естігенін сол жолы «қапырық қапқан құрлықта басталып жатқан жаңа нышан, жаңа дәуірдің келбеті шығар», - деп топшылайды. Осы кезде әлгі екеудің әңгімесі басқа арнаға ауысып, ендігі естіген нәрсесі төбе құйқасын шымырлатып жібереді: тас моншасы болған таудағы ауыл, сол ауылдағы жынданған әйел жайындағы әңгіме еді бұл.

Шығарманың кульминациясынан аса бере, қанжыр хикаясының жайдан-жай айтылмағанын, «жынданған» әйел – Ағжан тағдырында да осыған ұқсас нышан бар екенін пайымдаймыз.

Бас кейіпкердің қасиет сіңірген бала жадынан ауыл келбеті көмескіленбей, санасында жарқ етіп жаңғыра беруі оның жолын туған ауылына бастап апарады. Балалықтың, тазалықтың, сағыныштың ассоциациясы - ауылдағы тас монша. Алайда, өкінішке орай, тас монша қираған. Ауыл адамдарының үйін де, күйін де кір басқан. Балалық шағындағы досын салақ қатыны «керзі етіктің қонышындай қылып тоздырып бітіпті: қара тұяғынан бастап, шудаланған сақалына дейін шуаш мүңкіп сөйлеп отыр», - деген суреттен бастап, автор әбден ластанған ауыл күйін дамыта суреттей түседі.(«Балақай шолақ шалбарын бүлдіріп қойған екен, ішіндегісін шешесі жалаңаш қолымен сыпырып алып еденге тастай салды. Сөйтіп, қолын жуып, не сүртпестенбілегін түріп жіберіп, қамыр илеуге отырды»; «Бастық үңгірдей мұрнының ішінен сұғынған сұқ саусағын суырып алып еді, «олжалы» шықты», т.б).

Жазушы контрасты көркемдік тәсіл ретінде қолдануда аса шеберлік танытады. Бір мысалы, кейіпкер өзі аңсап жеткен ауылынан етіне су тигізуді ұмытқан кешегі ауылдастарымен бірге, тазалық аңқыған табиғатпен қауышады. Қатігездіктің, дүлей күштің құрбаны болған қамкөңіл Ақжанмен де осы саф табиғат аясында тілдеседі.

Әңгімедегі ерекше образ, менің тілге тиек еткім келген екі кейіпкердің бірі – осы – Ақжан. Үсті-басын ғана емес, көңілін де әбілет басқан ауылдастарынан ерекшелігі, Ақжан үстіне кіршік жуытпайды. «Сенбі сайын түнде тас моншаға жуынып қайтатын» ол – «жынды қатын» атанған. Зұлым пейіл дүлей топтың құрбаны болып, ары тапталған Ақжанның барлық әрекетінен сиқы кеткен қоғам мен рухани азған адамдарға деген қарсылық білінеді. Азғындық пен дүлей күш Ақжандай періште жаратылысқа аяушылық білдірмеді, шексіз азап шектірді, тәнін де, жанын да қинады. Алайда, оның өмір сүруге деген құлшынысы ішіндегі шаранасы өлі туып, ана болу қасиетінен айрылғанда ғана біржолата кеміді.

Жоғарыда айтылған қанжыр әрекеті мен Ағжан бойындағы тұл болған аналық мейірімнің бір ортақ байланысын осы жерде түсінеміз.

Қандай жағдайда да, аналық түйсік кірлеген дүниені жас иіспен тазартуға, мейіріммен аластауға аңсарлы.

Ағжанның ізгілігі мен тазалығы ауылдың һәм тұтас дүниенің ластығына қарама-қайшы контраст ретінде қолданылады. Алайда, түрлі зұлмат, аштық, соғыс, т.б. адам баласын қынадай қырған мынау әлемде ізгілік ешқашан зұлым күштен басым түсіп көрмегенін біз білеміз. Сол таза қалпында бұл дүниені тастап жүре беретін Ақжанды автор жер қойнына табыстамай, періштеге айналдырып, көкке ұшырып жіберуінде де осындай мән бар-ау.

Бас кейіпкер – жазушы жігітте «тас моншаны қалпына келтірсем, ауыл адамдарын кірінен арылтсам» деген мақсат та, әрекет те бар. Алайда, барлық кінәрат – санада: ауылдастарының санасын қою түнек қараңғылық басқаны сонша, «жын ұялаған» деген қауесетке сеніп, тас моншаны қалпына келтірмек тұрмақ, маңынан жүруге қорқады.

Жазушы «Тас монша» әңгімесі арқылы тілі мен ділі сынға түскен, рухани кеміген, ізгіліктен алыстаған қазіргі қоғамның глобалды проблемаларына назар аудартады.Сол сияқты, әңгіменің тұщымды, салмақты, аса көркем тіл орамдары, пластикасы тәнті етеді. Дәурен Қуат – тілге аса бай жазушы, кез-келген шығармасының құрылысын аса көркем һәм күрделі сөз қолданыстары арқылы қалап шығатындай әсер қалдырады. Бұл аса қиын еңбек. Я нағыз көркем туындыны жазып шығудан асқан ауыр еңбектің бұл дүниеде жоқ екенін біз білеміз.

Анар Қабылқақ, сыншы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар