Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Анти-поэзия Һәм Ақсұңқарұлы...

07.09.2020 4963

Анти-поэзия Һәм Ақсұңқарұлы 12+

Анти-поэзия Һәм Ақсұңқарұлы - adebiportal.kz

Анти-поэзия кәріне мініп тұр!

Бізге Серік Ақсұңқарұлы керек!

Дүниенің қара балшықтай түнегін серпіген, төсіне Ай ілген, омырауына Күн қадаған, қара өлеңнің кәусар өрнегі жұлдыздай жамыраған Ақсұңқарұлының аспан текті адамизаттық алапаты керек!

Үзік-үзік тарихымның қайсы бірін қаузайын. Мүмкін, киіз туырлықты Алаш жұртының бір тауарихы Күлтегіннің Көк тасына жай түскен алмағайып кезеңнен басталар. Сол бір кепиетті дәуір күнтізбеге түспеген жылнамамыздың аруақты бір бастамасы ма деймін. Ары да демейміз, бері де демейміз, содан бері сол қасиетті Күмбездің көк түйіршіктерін терумен келеміз сірә. Рухымызға сіңген дәнегін іздеумен келеміз. Аңсаумен келеміз, шөлдеумен келеміз тағы. Содан бері Анти-поэзия тағынан түскен емес. Таңдайымыз қаңсыған сайын қаһарына мінген! «Адам ата – Һауа ана» (С. Ақсұңқарұлының Рух кітабы) заманынан бері көлеңкедей ербеңдеп соңымыздан бір қалар емес. Тас тиген иттей қыңсылатып бел асырған күніміз де болған, қайтесің?.. Шиебөрідей қорқауға таланған қамсыз тұсымызда көп еді, не етесің?.. Қайыра жыл санағанмен орнына келер опа бар ма? Әйтсе, оның жұртына өртеңге өнген гүлдей өміршең өлең өсіпті. Орта ғасырдың ұрыс даласында талай ұзанға қалқан болыпты сол Көк күмбездің қиыршықтары, Алаштың мейманасы тасыған Алтын Орданың аласапыранында да, жалауы жығылмай ғасырлар бойына ұлы даланы мысымен басқан хандар заманында да, осы бір Көк тастың әулиелі әуезі төбемізде туған айдай нұрын төгіпті. Атсақ жебенің ұшында, сілтесек найзаның қарымында, тебінсек тұлпардың тақымында болыпты. Жығамызды қисайтпапты. Үзеңгімізді үзбепті. ...Абайдың құсасы ма екен, Ыбырайдың наласы ма деймін, Шоқанның қапияда қиылған қыршын жанының Тәңіріне заулап бара жатқандағы жүрек сусылы ма, білмеймін... Соққан сеңдей, ауған теңдей бір дәурен көшіпті. Мүмкін, Махамбеттің иілмеген басы иығынан домалап көкжиекті қанға бояған, ай тұтылған түн шығар... бәлкім, Мағжанның көмусіз қалған мүрдесі ме, әлде Қасымның тентіреп кеткен бейдауа шағы ма? Біз Көк тасымызды, көкжасыл рухымызды жоғалтыппыз. Сол рухымыздың сары далаға сыймай шашылып жатқан кебінсіз кейпін өлең көріпті. Бетін қан мен жасқа шылап үнсіз қарап тұрған жалғыз куәгер сол екен әзірге. Ол – 1932 жыл екен. Ай тұтылыпты. Ол – 1937 жыл екен. Күн жұтылыпты. Алаш Әлихансыз екен, Әлихан бассыз екен. Анти-поэзия аждаһаның кебіне еніп сақылдап тұрыпты. Сайтанның ақылы таңдайға татыпты. Арқадан ауған тұяғы кетік құландар әр аранның түбінде қалыпты. Құлаған таулар, қираған тағдырлар қып-қызыл тұманға бөгіп жатыпты. Осының бәрін кірпігін қақпай өлең ғана бағып тұрыпты. Аранда аман қалған сәбидің жадысында сол өлең есейе келе түрегеліпті. Жүре келе аруақтаныпты. Арқасына біткен жалы күдірейіп кебінсіз қалған оғландарға қарап ұлып тұр екен дейді. Содан жеткен жоқтау жырдың бір қайырымы: «Қазақ қазір Кенесары секілді, Кеудесі бар да, басы жоқ» деп күйзеліпті.

Алтыбақан алауыз қаһанның,

Еркегі қайсы, қатыны?

Ата жау – басын атаңның

Күлсалғыш қылды ақыры.

Мінезің-ай, қазақ, беу, сенің –

Қастасқан кезде қашып өң;

«Әкеңнің басы» деуші едің,

Ал, ойна –

Әкеңнің

Басымен!

Алаштың тау мен тасына

Талыстай таңба басылып,

Ит пен құс шықты басыңа,

Басыңның жоғын басынып...

Ақсұңқарұлының өз сөзімен сабақтасақ, содан бері Анти-поэзия адамзатқа адырая қарап келеді. Әсіресе қазаққа. Абайсыз 116 жылы өтіпті осы елдің. Бұл Абайға дейінгі алдына ұстар қарасы, ақылы артық данасы болмаған Алаш баласының 175 жылдығы екен. Абайсыз өткен 116 жылдық мерейі мүмкін. Біз бұндай астам пікірді көктен сауып отырғамыз жоқ, азда болса Ақсұңқарұлының әлеміне үңілгендегі түршіккен бейнеміз. Себебі, Серік Ақсұңқарұлының Анти-поэзия туралы ілімі тұтас бір ұлттық өлшем. Бөгенайы бөлек дүние. Өзінше бір Мемлекеттік сыйпаты бар бағдарлама делік. Ұлт тазалығын сақтау мен елдің ішкі жан әлемін ардақтаудың һәм қалпына келтірудің консепциясы. Өз алдына жеке бір трактаттың жүгі. Аймауытов айтатын «Ұлтты сүюдың» жаңаша типі. Ол өзінің шағын автопортреттік жазбасында былай дейді: «Адам ата – Һауа ана жаралғалы адам баласының болмыс бітімінің 99 пайызы Анти-поэзия дейтін қоғамдық құбылыстан тұрады. Бір-ақ пайызы ғана – поэзия. Менің көзім соған жетті». Әсірелеп айтсам кешірерсіз. Басқан топырақ пен жұтқан ауаның, ішкен судың қадырын бағамдай бермейтініміз сияқты, тұтас жаратылыс иесі осы бір пайыздық поэзия тұнығына қарыздар. Сол бір пайыздық өміріміздің күнәсі мен ғибадаты, обалы мен сауабы, қасіреті мен қасиеті, өткені мен болашағы ғасырлар белін талдырарлық жүк. Арпалыс. Сағыныш. Бір жұтым сәуледей ардақты кие. Сол бір пайыздық өлшем Сізді әжетхана мен ас үйдің арасында сабылып жүріп ғұмыр кешуден сақтауы мүмкін. Сол бір пайыздық поэзия демі ақыретіңіздің ажары болмасына кім кепіл. Бірде адамзат ақыл-ойының алыбы Эйнштейін өткен ғасырдағы «қорғансыз» жазушылардың бірі Франс Кафканың шығармаларын оқып шығып, адам баласының миы (санасы) мұндай күрделі болмаса керек деп таңдай қаққан деседі. Біз бұл детальды сөздің жүйесіне қарай келтіріп отырмыз. Әйтпесе, Серік Ақсұңқарұлының поэзиясы туралы сөз болғанда, әлемдік әдебиеттен аналог іздеудің өзі әбестік. Серік Ақсұңқарұлының поэзиясы ұлттық поэзиямыздың адамизаттанған нұсқасы. ХХІ ғасырдағы әлемдік жауһарлардың ең озық үлгісінен. Жаһандық өркениеттен хабары бар азамат ретінде біз бұл пайымды ұялмай айта аламыз. Ақсұңқарұлы Мұқағалидан жеткен «күпі киген қазақтың қара өлеңін» өзінше жетілдірген, өзінше әспеттеген, өзінше күрделендірген аймадет ақан. Осы тұрғыдан келгенде ұлттық сипатқа көтерілген ақындарды аударудың азабы бөлек әңгіме. Дұрысы Ақсұңқарұлы текті ақындар аударылмайтын құбылыс. Әлемдік әдебиетте аударылмайтын ақындардың саны көп емес. Серік поэзиясы сол санаттан. Ол бәрін қазақыландырып жіберген. Ол бәріне Алаштың рухын сіңіре білген. Ол өзі оқыған және меңгерген, жан жүрегімен сезінген әлемдік алпауыттарды Арқаның биігі Қызыларай босағасынан басын идіріп, демін алдырып, аптығын басып, сәлем салған келіндей иілтіп аттатады. Әрине, бұндай тағылымға ол бірден жеткен жоқ. Ұшан теңіз еңбектің нәтижесі. Оның ең басты нысаны «Босағадан биік тау жоқ» деген бабалар тәлімі. Күңіреніп күн түбіне жортқан жылдардың қайыра соққан салқыны, шапағаты. Оның оң алақанында – шығыс, сол алақанын да – батыс. Ортасында Ақсораң. Әрине, ол – біздің болжауымыздан тыс, Серік Ақсұңқарұлының өз дәргейіндегі рух құбылысы.

Қалай болмасын Ақсұңқарұлының жыраулық сарындағы, Арқаның күйіндей асқақ, Мәдидің әніндей нәзік, қайсар, Шайтанкөлдің суындай тұнық жыр әлемі, өлең-мұғжизасы, ешкімге бой алдырмаған, сап тұнығын шайқалтпаған, Абайға дейінгі һәм Алаштық ұрандағы қазақтың классикалық поэзиясының өзгеше кейпі. Мифолог ғалымдардың Қорқытты Құдайдың өзгеше адамиланған бір сипаты деп бағалайтынындай кеп. Шын өнердің бағасының бір рәсімі осы болса керек.

Біз қазіргі қазақ қоғамының сүйегін жасыта бергіміз келмейді. Бірақ шындықтың сәулесі мұндай әлеуметтік жасампаздықтан қашанда биік. Біз қалай болмасын сөз асылын түсінуден, поэзия аңсарын түйсінуден қалып бара жатқан жұртпыз. Біздің көркемдік танымымыз асабаның «әлаулайының» айналасында. Бұл жерде оның себебі мен салдарын талқылап жату артық болар. Біз ақын халқықпыз, өлеңшіл елміз дейтін жаттанды һәм жасанды пыйғылымыздың абатына су жүгіртудің өзі абыройсыздықтың шарасы. Осының сипатын Ақсұңқарұлының қыбыланамасымен болжасақ, ол әрине, Анти-поэзияның жемісі. Өкінішке қарай дейтін әдепкі сөз алысы бұл жерде жүрмейді. Шымырлатып бір шыны у жұтқандай, өз қолыңды өзің кескендей, өз бұтағыңа өзің асылғандай... ендігі әңгімеден не қайыр болар екен. Анти-поэзия аспандап-ақ тұр. Сайтандай сақылдап тұр!

Бізге Ақсұңқарұлы керек!

Ақсұңқарұлының гүл аңқыған әлемі, пірлердей шалқыған жұпары керек!

Анти-поэзияны ант ұрсын!

Көкейімізден Күлтегіннің жазуы кетпегей. Ақсұңқарұлының аталмыш кітабы еліміздегі Абай атын ұлықтаған ең жоғарғы сыйлыққа лайық деп ойлаймын. Хакімнің аруағы бәрімізді жебеп жүргей.

Тәмәм.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар