Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СОЛАҚАЙЛАР КЛУБЫ
Әнуар Қажы. Мо Янның қуанышы мен қорқынышы...

01.10.2018 4602

Әнуар Қажы. Мо Янның қуанышы мен қорқынышы

Әнуар Қажы. Мо Янның қуанышы мен қорқынышы - adebiportal.kz

Мо Янь Нобель сыйлығын алғанын естігенде қуанышымен бірге қорқынышын да жасыра алмаған. Қуанышын түсіну оңай, өйткені, табанды еңбегі атағын аспандатты, шұқшиып отырып шығарма жазатын бөлмесінен шығып, медиа арқылы халыққа сөз айтатын тұлғаға, қытайлықтардың əлем кеңістігіне көрсете алатын жазушыларының сақасына айналды. Қазіргі гулеген сөзге қарағанда мақтауы үдеп тұрған уақытта жағдай осылай жалғаса берсе, Мо Янның қуанышы да ұзаққа жалғасады.

Енді қорқынышына келсек, бұл жағын түсінуіміз оңайға соқпасы анық, оның бұл сыйлыққа ие болғаны қызық тақырыпқа айналған тұста "Самұрық" телеарнасының журналистіне берген сұқбатында, өмірде өзін жарымес санап, өзін-өзі қатты кемсітетіндігін, Пекинге барып алдымен такси жүргізушісіне темекі беріп сосын барып əңгімеге тартатынын, мақтауы асып кетсе басқалардың наразылығын тудырудан алаңдайтынын айтқан. Ол қалыпты тұрмыста өзін адамның қоры санағандықтан, жазушы болу арқылы "зор" болуға ұмтылған еді. Шын өмірде болмаған ерекшеліктерді шығармадағы кейіпкерлер бойына беріп, сол арқылы өз көңіліндегі өмірдің картасын жасаған. Ол журналистке былай дейді: «Нобель əдебиет сыйлығы шындығында дүниедегі ең үлкен əдеби сыйлық, бірақ Толстой, Кафка сияқты ұлы жазушыларға бұл сыйлық берілмеген. Ал бұл сыйлыққа ие болғандардың кейбіреуінің шығармаларына көңілің толмайды. Біз құдды осы сыйлық үшін шығарма жазамыз деп ойлап өзімізге қысым жасауымызға болмайды. Мен бұрын да бұл сыйлық жайлы сөз қозғаудан өзімді алыс ұстап жүрдім. Оның үстіне мен бұл сыйлықты армандаймын десем, "Қытайлық жазушылардың бұл сыйлыққа деген махаббаты басылмайды" дейтіні белгілі. Ал егер армандамаймын десем, "бұның жасанды кішіпейілдік" дейді. Сол үшін "мен бұл сыйлыққа көңіл бөлемін, сыйлыққа ұсынылған, сыйлық алған шығармаларды оқимын" деп қана сөзімді аяқтаймын».

Мо Янь нобель алғаннан кейін, Уаң Мың, Юй Хуа, Су Тұң, Алай, Мейжия қатарлы жазушылар, Жы Гопың, Жи Лианхай қатарлы сыншылар жан-жақтан өз көзқарастарын, сыни пікірлерін жаудырды.

Уаң Мың: «Мо Янның бұл сыйлықты алуы – қытай әдебиеті әлем назарын өзіне бұрғаны» - десе, Алай: «Осы сыйлықты ғана ұлықтай беруге болмайды, өңірлік əдебиет те ынталандыруды қажет етеді» - депті .

Юй Хуа мен Су Тұң өздерінің микроблогтарына қысқаша қуаныштарын бөліскен. Алайда сөз басқа да, іс басқа. Адам жанын, мінезін жақсы білетін Мо Янь осыншама мақтаумен қатар өзі туралы өсек-аяңды да сезіп, микроблогына «Мені мақтап биікке көтергендерге де, даттап төмен түсіргендерге де рахмет» - деп үздіксіз жазып отырды. «Даңққа дәйім жел сөз ереді» (Әблет Абдолла) демекші, сол кезде Тыңшун əлеуметтік желісіне біреу Мо Янь туралы "Сыйлық бағалауда да ықпалы болған, пара берген" – деп хабар таратып жібереді.

Мо Янь өмірде қатты теперіш көрген, атыз бен қырдан шабыт алған жазушы. Ағасының айтуынша ол кішкене кезінде өте ойынпаз бала болыпты. Қандай жаңа нəрсе қолына түссе соған барынша қызығып, алақанымен сипап көреді екен. Қыста қарға атушылардың қасына барып, "мынау қарғаның қайсы түрі, анау қайсы түрі" деп сұраудан жалықпаған. Кітап десе жанын берген, үйде оқитын кітап қалмағанда басқалардың үйіндегі кітапты алып оқу үшін, күні бойы кітап иесіне жалданып сол үйдің жұмысын істейтін. Ол бастауыш оқып жүргенде оқитын əдеби кітап жоқ кезде "Синхуа" сөздігін бастан-аяқ жаттап алған. Ауылындағы кітаптың бəрін оқып тауысқан. Бесінші сыныпты бітіргенде «Мəдениет төңкерісі» басталып, он бір жасынан егін егіп, мал баққан, əскери борышын өтегенге дейін Гаоми ауданының базарында жалданып жұмыс та істепті. Демек кішкене кезінен бастап егіншілік жұмысынан, арық қазудан, мал бағудан құтылмаған, айлап-жылдап аш жүрген. Сөйтіп жүріп кітаптан, қиялдан үміт іздеген, əскер болу арқылы азаптан құтылу жолын тапқан бір жұмысшының, өзін əдебиетке үлгі етіп, əлемге танытуы, жүрек сырын, рух жұлқынысын басқаларға жеткізуі оңай емес.

Мо Ян талантты, ізденімпаз жазушы. Оның тым əсершілдігі, қиялға байлығы, аштықтан, өзін-өзі қор санаудан қорқуы оған бөлек мінез сыйлап, талантын ұштаған. Таланттымен танылу үшін қуаныш пен ренішті ішіне сақтаған. Оның кембағалдығы, өзін-өзі қор санауы, сүйіктісін өзгенің жар етуінен азаптануы, бірақ іштей ештеңеге берілмеуі, қайғы-қасіреттің көптігінен өмірден безсе де кітаптан безіп кете алмайтындығы, туған мекеніне деген ыстық махаббаты, төңіректегі түрлі тағдыр, қалыпты адамдар арасындағы күрделі мəселелер, əдебиет арқылы бұқпа мінезден құтылуға деген сенім... міне бұлардың бəрі оны жазушы үстеліне отырғызған басты себептер болуы мүмкін.

Швед академиясы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын Мо Янға "Халық ертегілері мен магиялық реализмді, тарих пен заманауи тұрмысты тоғыстырғаны үшін" берді. Меніңше, ол атаулы сыйлықты өзіндегі үмітсіздікті, шетке қағылудан, аш қалудан қорқу сезімін əдебиеттегі үміт, қуаныш және сұлулықпен сəтті үйлестіргені, рухының күштілігі, көкейдегі күдікті, тарихи зұлматтық пен осы заманғы мəселелерді күтпеген оқиға, жабайы юмормен көрсете алғандығы, баяндау тəсілі, кемеліне жеткен шеберлігі үшін алды. Жазуындағы магиялық реализм мүмкін оның туған ауылынан, отбасынан, қара күрең жазбалардан келді. Шындықты өзгерте алмаған Мо Янь шығармадағы шындықты түрлендіру арқылы адамдарға əсер етуді ойласа керек.

Мен Мо Янның шеберлігіне, стиліне 1997 жылдан бастап қызыққан едім. Бұл қызығу "Салпы омырау, сал бөксе"деген романның алғы сөзінен басталған. Өнер, əдебиет - осынша сезімтал дүние, əншінің "а" деп бастаған дауысынан оның əнді өз деңгейіне жеткізе алатынын, не жеткізе алмайтынын білуге, кейде бір шығарманың алғашқы бір абзацынан автордың талантын жəне қуатын көруге болады. Оның мақалалары, шетелде оқыған лекциялары өте сауатты, əрі мысқылға толы. Мақалаларынан тартып, сөйлеген сөзіне дейін егінші мен жұмысшыға деген сүйспеншілігі жəне өзін-өзі қор санауы көлеңкедей ілесіп жүруінен өзін масқаралап рахатқа бататындығын байқауымызға болады. Атаққа, даңққа ілініп кетсе басқалардың ренжіп қалуынан қорқатын бұл жазушы енді еңсесін көтеріп өмір сүре ме, əлде жүз мақтаудың ішінен бір өтірікті естіп қалса азаптанып өз елінен қашып алыста жүре ме, белгісіз.

Ұйғыр тілінен аударған: Бауыржан Майтай

«Солақайлар» әдеби клубы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар