Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Ақын болу – шарт емес, азамат болу – міндетің...

18.11.2022 3981

Ақын болу – шарт емес, азамат болу – міндетің 14+

Ақын болу – шарт емес, азамат болу – міндетің - adebiportal.kz

Адамның өмірі қамшының сабындай ғана ғой. Бірақ, осы уақыттың өзінде еліне еңбек етіп, бірнеше саланың дамуына үлес қосып, оқырмандарының жадында, жүрегінде өмір сүретін жандар бар. Сондай жандардың бірі – әрі ақын, әрі жазушы, әрі журналист ретінде танылған Смағұл Рахымбек. Ол «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» - КЕАҚ-ның бас редакторы болып қызмет атқарды. Өзінің саналы ғұмырының 47 жылын еліміздің телевизия саласына үзіліссіз арнап, адал еңбек еткен қарымды қаламгер. 

Смағұл ағаның шығармашылығымен танысу барысында бірнеше мақаласын оқыдым. Соның ішінде өзіме ұнағаны – Моцарт пен Сальери туралы жазған дүниесі. Мақала «Шығармашылық, дұрысы туындыгерлік, сірә да, Тәңір сыйы болар!», - деп басталады. Алғашқы сөйлемінің өзі-ақ адамды терең ойға батырады. Қазақтың бетке ұстар қанша қаламгері Тәңірдің сыйына ие болды екен?! Бірақ, сол талантын жанбай жатып сөндіргендер қанша?! Туа біткен қабілетін ұштап, оның қадір-қасиетіне жете білгені қанша?! Әрине, Смағұл аға өз дарынын дамытып, елі құрмет тұтар қаламгерге айнала білді. Әлі де берері мол жазушы еді, өмір жолы ерте үзілсе де, әр күні он күнге, әр жылы он жылға пара-пар дерлік еңбек етіп кетті. 

Еңбек жолында үлкен жетістіктерге жетсе де, астамшылдықтан ада болып, ақын болу – шарт емес, азамат болу – міндетің», - деп азаматтығын бәрінен де жоғары қойған жанның жетістіктері жайлы да айтып өткім келеді.   Смағұл аға «Ұлылар жерінің ұлағаты», «Қазыналы Қостанай», «Би биігі», «Күй күмбезі», «Тәуелсіздік толғауы» секілді ондаған деректі фильмдердің авторы. Бірнеше мәрте Елбасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Ол Ресейдің Федералдық Свердловск киностудиясы түсіріп, ТМД елдеріне көрсеткен «Дети Акмолы» әйгілі деректі фильмінің кеңесшісі. Қазақстанның Мәдениет қайраткері атағын ұлы режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің жеке ұсынуымен алуы да атап өтерлік жайт. Журналист-жазушы Смағұл Рахымбек «Ару мен Арлан», «Көңіл шуағы», «Темір тордағы тіршілік» , «Айдындағы ақ желкен» секілді прозалық кітаптардың, бірнеше жыр жинақтарының авторы. «Көңілді көлеңкелер», «Думандағы» - думан» пьесалары Қорғалжын халық театрында және «Думан» көркемөнерпаздарының қоюында сәтті сахналанған.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Алдан Смайыл Смағұл ағаны өмір өзегіне үңіле білген қаламгер деп атап, оның кітабы жайлы, ғибратты әңгімелері жайлы сөз қозғайды. Жазушы әңгімелерінің құндылығын, сыр-сипатын Алдан ағадан артық кім айта алар деп, мақаламызға ол кісінің пікірін де қосуды жөн көрдік:

«Бұл кітап жазушы-журналист Смағұл Рахымбектің тіршіліктің тамырына, өмір шындығына үңіле білетін, одан өнеге болар жайларды сүзіп алып, моншақтай мөлдіретіп тізе алатын өзіндік шығармашылығынан тағы да хабардар етеді. 

Жинақта ел адамдарының қилы тағдыры сөз болады. «Мұңлы мылқау» атты әңгімеге соғыс салған тақсыреттің зардабы жүрегін өртеген, адамдарға деген жақсылығы мол, бірақ өз кемтарлығынан өмірі өксікке толы Әббә есімді жанның әкесіне деген перзенттік махаббаты арқау болып тартылған. Елдің мейірімі, қарапайым жандардың маңындағыларға деген кісіліктері де өнеге, ғибрат боларлық. 

«Жылқышы Ғұсманның ғұмыр кешуі» аталатын әңгімесінде жазушы бұл дүниедегі қиянаттың қияметке кетпейтіндігі жөніндегі халық даналығын растай түседі. Әйел баласына деген адами құштарлығы шекараны білмейтін, тән құмарлығы ақыры түбіне жеткен жылқышы – жүздеп мал өсірген қазіргі заманның байы. Бәрі ақшаға сатылады деп ұғатын Ғұсман адамгершіліктен, тәубесінен қалай жаңылғанын ақ түтекте адасып, ажалға бетпе-бет келгенде де ұқпайды. 

«Маршал Жуков пен қазақ солдатында» автор соғыс кезіндегі бір шындықтың бетін ашқандай болады. Майданның алғы шебінде жүрген қатардағы қазақ солдатымен әңгімелескен әйгілі маршал қасындағы генералға ажалмен бетпе-бет келіп жүрген жауынгерлердің ерліктерін лайықты бағалауды тапсырады. Лекер секілді аз ұлт өкілдерінің соғыс жылдарында ерен ерліктерінің талай еленбей, өзгелермен қатар тиісті бағасын алмағаны ақиқат. Мұны тіпті қол бастаған Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, жау ордасына ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтардың өздеріне жасалған қысастықтардан да аңғарамыз. Маршал Жуков секілді ұлы адамның әділдігіне, адамшылығына тәнті болған қатардағы қазақ солдаты Лекер қарияның әңгімесі жазушының шебер суреттеуімен өз өрнегін тапқан. 

Смағұлдың осы жинағына енген «Сауыншылар» атты әңгімесі де ауылдың қарапайым жандарының өзіндік жан сезімдерін арқау етеді. Ал «Конструкция» атты әңгімесінде жазушы қала тіршілігіндегі қым-қуыт өмірді суреттейді, қайтсек те пайда табамыз деп небір қулықтарға баратын жандардың кейбір келеңсіз қылықтарынан жиренуге, адамшылықтан қандай жағдайларда болмасын аттамауға үндейді. 

Кітапта «Сергей Есениннің махаббаты» аталатын мөлдіреген шағын әңгіме бар. Ұлы орыс ақыны мен Айседора Дункан арасындағы сүйіспеншілік жылдарының бір суретін, кей сәттерін бейнелеу арқылы жазушы адам жанының құпия қалтарыстарына үңіледі. Ақынның жан тазалығы, адамшылық қасиеттері шағын әңгімеде шебер тарқатылған. 

Келесі осындай арқауда жазылған әңгімесін қаламгер «Мәңгілік ораториясы» деп атаған. Онда ұлы композитор Людвиг ван Бетховен өмірінің соңғы сәттері суреттеледі. «Адамзатты бірін-бірі өлтіру секілді айуандықтан, соғыс ашу сынды тағылықтан музыка саздарын саналарына сіңіру арқылы арылтамын, райларынан қайтарамын», - деп жанталасады ұлы Бетховен. Жазушының дана адамдар өмірлеріне сыр тартқан осындай тағы бір әңгімесі «Әлем есігін ашқан әпенді» атты туындысы. Онда суреткер микроәлем тылсымдарын ашып, адамзат баласына зор жақсылық жасаған Антони ван Левенгук тіршілігінің бір кезеңін баян етеді. Ұлы Петр патшаның ғалымға қалай қол ұшын беріп, тұрмыс тығырығынан алып шыққанын сөз етеді. Шын дарындарға жасалған көмектің жерде қалмайтынын аңғартады. «Жақсылармен жүздесулер» атты әңгімеде қаламгер ұлы ғұлама Әлкей Марғұланмен, атақты ғалым, жазушы, аудармашы Евней Букетовпен кездесулерінен алған әсерлерінің ғибраттарын баяндайды. Жинаққа ғұмырлары ғибратқа толы замандастарымыз жөніндегі «Сырдың ұлы», «Тұлға», «Елі сыйлаған Еділ…», «Қосылған қос өзендей…», «Көңіл шуағы», «Ағайынды фермерлер», «Ибрагим Жанғоразовтың асыл мұраттары», «Мұхитарал патшайымы» секілді деректі әңгімелердің үлкен бір шоғыры енген. Бұл туындыларда жазушы-журналист осы заман адамдарының жеке тіршіліктерін суреттеумен жақсы өмірге адал еңбек пен талмас талап арқылы жетуге болатынын тереңнен сыр тарта айғақтайды. Жинақта композитор Ілия Жақанов, күйші Анар Мұздаханова, биші Шұғыла Сапарғалиева сынды жандардың шығармашылық табиғаттарын арқау еткен деректі әңгімелер де бар. Жаңа жинақтың құндылығы - ондағы туындыларға журналистік ізденістер мен жазушылық зерденің өзек болып тартатындығында. Әңгімелер шағын да болса, өмірдің өзінен сүзіп алынғандықтан, оқырманды жетелеп, қызықтырып, еліктіріп, ғибрат беретіндей дәрежеде өрбиді»

Смағұл аға достықты, сыйластықты, өзіне жасалған жақсылықты ешқашан ұмытпайтын жан болды. Ол кісіні өзім танымасам да, шығармаларын парақтап отырғанда, мына бір жолға көзім түсті: «Қиын сәттерде, қиналған кездерімде қол ұшын беріп, азаматтық танытқан қазақтың арда тұлғаларына арнау!

Бұл арнауында Смағұл аға алдымен өзінің басынан кешкен қиыншылықтарын, тағдырдың сынағы састырып, қанатының қауырсыны түсердей күй кешіп, жанарынан да күннің нұры сөнердей тауқыметтерге тап болғанын әсерлі жырмен баяндайды. Өлеңін оқып отырғанда көзі мөлдіреп тұрған сәбидің бейнесі көз алдыма келді. Сол жаутаңдаған балаға қарап, әкесінің қалай қиналғанын, анасының жанары жасқа толып, бүкіл арман мақсаты талқандалғанын сезінгенде өне-бойым түршігіп кетті. Бірақ, дәл осы шақта ол кісіге көмекке келген жандар болғанын оқыған соң, бір «уһ» деп, сол жандарға өзің де риза боласың. Өмірдің сынағынан басталған ақынның арнауы былайша жалғасын табады: 

Шөктім солай кеме боп қайраңдаған,

Абдырадым өзім де, қалмай шарам.

Қарағайдай шарт сынып кетер кезде,

Қырандар кеп қолдарын созды маған.

***

Саукеңнің сездім үнсіз қолдау-күшін,

Төкеңнің демеу болған нақтылы ісін.

Ұлы Абай топырағынан түлеп ұшқан,

Ер Махат биіктетті, қыран Құсым!

***

Алланың нұрын жаққан жүректерге,

Қуат берген шаршаған білектерге.

Шапақ шашқан қараңғы түнектерге,

Мың рахмет, құтқарушы – Күрескерге!»

Осы өлеңде аты аталған жандардың бірінен Смағұл аға туралы сұрап көрсем деген ой келді. Жазушы, журналист Махат Садықтан «Смағұл аға туралы пікіріңізді, естелігіңізді айтып беріңізші», - деп сұрағанда, ерекше тебіреніспен сөзін бастап, жылы естелігімен бөлісті:

«Қорғалжынның тәкаппар қазағымен 1997 жылдың қоңыр күзінде таныстым. Ақмола облыстық телерадио компаниясының қызметкері екен.

«Маха, сіздерді көптен күттік. Сарыарқа жерінде енді қазақтың мерейі үстем болады»,- деп ақжарқын азамат ыстық тілектерін айтқан.

Расында да сол 1997 жылдың 23 қазанында «Хабар» Агенттігінің көшін жаңа астанамызға бастап келгенімде бүгінгі Астанадағы қазақтардың саны 18 пайыз ғана екен. Бүгінде басқа ұлттардың саны елордада 18 пайыз. Халық астанасының арқа төріне көшін құптады. 

2001 жылы ҚР Президент Телерадиокешенінің Бас директоры қызметінде едім. Смағұл ағамыз өзі негізін қалаған Қазақ телевизиясы Астана студиясының көп өзгеріске ұшырап, қызметін ауыстырғысы келетінін жәйлеп жеткізді. Үлкенді сыйлап, дарынды азаматтарды құрметтеп, қолдан келсе қолғабыс жасауды парызым санаймын.

- Ондай ниетіңіз болса ертеңнен Президент Телерадиокешені штатына Бас редактор лауазымын енгіземін. Құжаттарыңызды кадр бөліміне тапсырып, іске кірісіңіз. Жастарға тәлім-тәрбиеші боласыз. Көргеніңіз көп, үйретеріңіз де аз болмас, - дедім.

Сол уақыттан 2017 жылы шілде айында өмірден озғанша Смағұл Жұмажанұлы Рахымбек Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің Бас редакторы қызметін атқарды. Осы жылдарда бірнеше кітап жазды. Посткеңестік елдерде алғаш салынған «Думан» мұхитаралы, оның Бас директоры Патима Төреәліқызы Мәтжанованың жаңашылдық реформалары туралы жазған дүниелері шетел басылымдарында жарияланды. Қоғамдық-саяси істерге өте белсенді атсалысты. 2003 жылы «Нұр Отан» партиясының жұмыстарын жандандыру туралы Президент Ісі Басқармасының Басшысы Темірхан Досмұханбетов маған тікелей тапсырма берді. Өз тарапымнан бастауыш ұйымына жетекшілік жауапкершілігін Сәукеңе табыстадым. Көптеген іс-шаралар ұйымдастырды. Тіптен бізге қарасты бастауыш ұйымына енетін Министрлер де Смағұл ағамыз жүргізетін жиындарға қатысатын. Партия осындай болуы керек, елді алаңдатқан мәселелерге тез арада шара қабылдануын жүзеге асыруда біздің ұйым өте белсенді болды.

Смағұл аға көңілі жәй тапқанда бұрқыратып өлең жазатыны бар. Біршамасын маған да арнады. 

Жаныңыз жәннатта болсын жақсы аға, сыйлы замандас, арқаның арда азаматы!», - деп сөзін аяқтаған Махат ағаның да көңіл-күйі түскеніне қарап, сыйлас ағасына деген сағынышын байқадым. 

Смағұл аға жайлы мақала жазуға бел буған соң, 70 жылдығына орай ұйымдастырылған еске алу кешіне де барып қайттым. Шараның модераторы журналист, ғалым Мұратбек Тоқтағазиннің алғашқы сөзінен-ақ Смағұл ағаның шығармашылығына қанық екені байқалды. Бұл жерде қаламгердің жары Әлия апаймен де танысу бақыты бұйырды. Смағұл ағаның рухына құрмет көрсетіп келген сыйлас достары, қызметтестері айтқан қаламгердің ерекше қасиеттері, таланты, мейірімі жайлы жып-жылы әңгімелерін естіп, Смағұл ағаны өзім де танығандай сезімге бөлендім.  Бұл шараға Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жанболат Аупбаев, журналистер Бәдуан Имашұлы мен Кенже Жұмағұлов және облыстық телерадиокомпаниясында бірге қызмет істеген Қазина Нұрқанова мен Күләш Молдахметова, Қазақ теледидарының Астана студиясында бірге қызмет атқарған Базаргүл Сейітжанқызы сынды жандар қатысты. Ақын Айбатыр Сейтақ «Смағұл аға рухымен сырласу» атты өлеңін оқыды.

Смағұл ағаның өлеңдерін оқып отырып «Алпыс жасты берсең болды» деген өлеңі көзіме түсті. 

Бүгін менің туған күнім, тәңірім,

Көп қыла гөр тіршіліктің жарығын.

Күндерімді, жылдарымды тауыспа,

Бөгемеші өмір-өзен ағынын.

***

Айбегімнің көрсет жігіт болғанын,

Әкесінің орындасын арманын.

Алпыс жасты берсең болды, жаратқан,

Сенен сосын сұрамаспын қалғанын…

Алла ағамыздың өзі сұраған жасын беріпті ғой... Ағамыздың қанағатшыл жан екені де осы өлеңінен байқалады, басқа біреу болса жүзге келгісі келетінін айтар ма еді?! Алпыстың өзін медет тұтып, одан артық сұрамағаны қалай?! Айбегі әкесінің арманын орындады ма екен? Екі шумақ өлеңнен кейін де, екі апталық ойға қалып, түрлі сұрақ мазамды алды. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген мақал бар ғой, ағамыздың аты да, хаты да өлмесі хақ. Өзі өмірден өтсе де, ағамыздың күндері мен жылдары таусылмай, шығармашылығымен бірге мәңгі жасай берері анық. 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар