Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ардаби Мәулетұлы. Қазақтың күйі – Тәңірдің сыйы...

06.07.2020 5714

Ардаби Мәулетұлы. Қазақтың күйі – Тәңірдің сыйы 12+

Ардаби Мәулетұлы. Қазақтың күйі – Тәңірдің сыйы - adebiportal.kz

«Ұлттық домбыра күні» қарсаңында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, Өнертану PhD докторы, күйші – зерттеуші – Ардаби Мәулетұлын сұхбатқа тартқан едік.

- Әңгімемізді домбыраның тарихынан бастасақ...

- Қазақтың ұлттық төл аспаптары туралы аспаптану ғылымында біраз зерттеулер жасалды. Домбыра, сыбызғы, қобыздың шығу тарихына үңілсек археологиялық қазбалардан табылған дүниелерге, тастағы петроглифтық сызбаларға барамыз. Осының нәтижесінде көнеден келе жатқан төл аспап екендігін аңғарамыз. Мысалы, археологиялық қазба жұмыстар нәтижесінде V ғасырдағы домбыра табылды. Сөзімізге бұл да бір дәлел болса керек. Аспаптану саласы дегеннің өзі - жеке ғылым ғой. Ол туралы көптеп айтуға болады. Мен тек бергі жағына ғана тоқталып отырмын.

Қазақ күйлерінің басында Қорқыт тұрады. Күй атасы-Қорқыт. Қорқыт бабамыз күйлерін қобызбен шалған, ал домбыра күйлеріне келсек, Шыңғысхан заманындағы ұлы күйші, қолбасы, жырау атақты «Ақсақ құлан» күйлерінің желісін тудырған - Кетбұға. Бізге жеткен жазба деректер бойынша, домбыра күйлерінің тарихы Кетбұғадан басталады. Әрине, одан бұрын да күйшілер болған, алайда бізге жазба деректер жетпеді ғой.

- «Ұлттық домбыра күнінің» еліміз үшін маңызы қандай? Осы мереке аясында әлі де ескерілмей қалып жатқан дүниелер бар ма?

- Тікелей Елбасының жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып бекітілді. Мұны үлкен тарихи оқиға деп айтуға болады. Бірақ, осы жерде кейбір ескерілмей қалып жатқан дүниелер бар. Қалай атап өту жағына мән беруіміз керек еді. Бұл күннің миссиясы не? Бүгінгі домбыра күнінен, келер жылғы домбыра күніне дейін қандай жұмыстар атқарумыз керек? Домбыраға, күйге қандай жұмыстар жасалу керек? - деген қарапайым сұрақ туындауы керек еді. Домбыра күнінде алдымен домбыра жасайтын шеберлерді, домбыраны насихаттаушы, үйретуші ұстаздарды, күйшілерді марапаттауымыз керек еді. Қазақ топырағының әр қиырында еңбегі елеусіз жатқан, сонау бабадан жалғасқан күйшілік дәстүрді жалғастырушы қаншама халық күйшілерінен айырылып қалдық. Бүгінде солардың көбі кетіп, азы қалды. «Ел іші – өнер кеніші»-дейді дана халқымыз. Дәл осы күні сол ел ішінде жатқан шежіре күйшілердің абыройы асса дейсің. Мемлекеттен қамқорлық таппай әр бұрышта күнкөрістің қамымен жүрген алтынқол шеберлерді алақанға сала алмай отырғанымыз да Алаш жұртына абырой емес.

Нота білмейтін, байырғы күйшілік дәстүрді ұстап отырған ақсақалдарымыз бар еді. Домбыра күні сондай дипломы жоқ, бірақ, қазақтың күй өнеріне, ұлттық аспаптың өркендеуіне өшпес үлес қосқан тұлғаларға мемлекет тарапынан «Халық күйшісі», «Халық әншісі» атақтарын берсе. Домбыра жасайтын шеберлердің өзі қазір іліксіз. Домбыраны ұстаймыз, тартамыз, айтамыз бірақ, соны жасайтын шеберлерді біз мүлде ұмыт қалдырдық. Қазір шын шеберлердің өзі санаулы ғана. Соларға жағдай жасау керек деп ойлаймын. Бір арнайы «Халық шебері», «Домбыраны өркендетуге сіңірген еңбегі үшін» деген сияқты атақтар домбыра күнінің аясында берілсе құба-құп болар еді. Одан кейінгі айтатын бір мәселе, домбыра күнін тойлау деген алаңға жиналып, тартқаны тартты, тартпағаны дүрмекке ілесіп, өтті-кетті деген есеп беру мақсатында емес, осындай жүйелі жұмыстар жасалуы керек. Ұлттық домбыра күнінің жарлығы шыққанының бір пайдасы осындай ел арасындағы көзге ілінбей жүрген, қор болып жүрген, ілікке ілінбей жүрген қаншама шеберлерді, әнші-күйшілерді осы күннің аясында халық таныды ғой, мемлекет танып, бағалады ғой дейтіндей халықтың жүрегінде бір дүние қалуы керек. Домбыраны тартқаны да, тартпағаны да жиналып алып домбыраны насихаттаймыз дегені жарамайды. Қазіргі интернет заманында әркім шамасы жеткенінше насихаттап жатыр, ал бұл арнайы жарлықпен бекітілген күн болғандықтан, бұл күнді сауатты, жүйелі өткізіп, шынайы қамқорлық көрсетуіміз керек.

Кезінде «Үкілі домбыра» деген шеберлердің байқауы болатын, ол да қазір сиырқұйымшақтанып жоқ болды. Қазір шеберлер өзінің бұрышында әлі келгенінше домбырасын жасап, күнкөрістің қамында отыр. Ал біз дәл осы «Домбыра күнінде» домбырашы, күйшілер, әншілермен қатар шеберлерді де ұлықтауымыз керек еді. Жыл сайын насихаттап, көтермелеп отырсақ қандай жақсы болар еді. Оның бәрі рухани демеу, қолдау ғой. Шеберлер жыл сайын ұмыт қалып барады. Керек кезде сұхбатқа шақырамыз, қалған уақытта ешкімге керек емес сияқты. Басқа күні елемесек те, жылына бір дәл осы «Домбыра күнінде» қазақтың күйіне, аспабына, домбырасына сіңірген еңбегі үшін көтеріп қоятын жөніміз бар.

Тіл жетпеген жерге, күй жетеді

- Ардеке, өзіңіз өнерге қалай келдіңіз? Ұстаздарыңыз жайлы айта отырсаңыз?

- Өзімнің домбыраға, өнерге келуімді айтатын болсам, жалпы домбырашылық өнер бұл қанмен, текпен қонатын өнер ғой. Сондықтан біздің заманымызға дейінгі күйшілердің барлығы, бізге дейінгі домбырашылардың барлығы сияқты, біз де арнайы музыкалық мектепке барып немесе нота үйреніп, математикалық сауат сияқты үйренген жоқпыз. Домбыраның бір қасиеті күйдің адамға екі түрлі жол арқылы келетіні. Мысалға, есту қабілеті арқылы үйренуді құймақұлақтық дейді. Бір музыканы, күйді естисің, жаның сүйеді, сол санаңда ойнап тұрады да сол арқылы домбыраға түседі. Одан кейінгі күйшіліктегі далалық бір ерекшелік - қолдан көріп үйрену. Мысалға алатын болсақ, менің туған ауылымда – Әтән, Жарылқасын, Асқар Мәлікұлы деген домбырашылар болды. Мен домбыраны сол кісілердің қолынан көріп, құлағыммен естіп үйрендім. Шыны керек, кейіннен Алматыдағы «П.Чайковский атындағы музыкалық колледжге» түскеннен кейін ғана ноталық сауатым ашылды. Оған дейін біз құймақұлақтықпен үйреніп келдік. Негізі, қазақтың күй өнері осы екі жолмен дамып келген. Біріншісі - құймақұлақтықпен, екіншісі - сол қолымен пернені қалай басып, оң қолымен қалай шертіп жатыр деген нәрселерді көру арқылы үйрену. Осы орайда, мен шәкірт ретінде өте бақытты адаммын. Мысалға, Шыңжаң жерінде қазір 97-ге келіп отырған, абыз күйші Камал Махайұлы деген ұстазым болды. Ол кісі Әшім деген күйшіні көріп, қолынан үйренген. Нота танымаса да, ескілікті, күйшілікті ұстап отырған адамдардың бірі. Нұран Ахатайұлы деген ұстазым болды. Музыкалық кәсіби оқу орнына түскенге дейін домбыраны осындай қазақы жолдармен үйреніп келдім. Өзіміздің ата-тегімізде менің үлкен әкем-Жақып деген кісі. Ол кісінің көзін көріп қалған кісілер, ел ағалары, ақсақалдар маған ол кісінің керемет күйші болғанын айтады. Ел көлемінде, өз ауылымыздың көлемінде сондай тақуа, домбыраны тартқан кезде буынға түсіріп, жүрекке түсіріп тартатын керемет күйші болған екен. Әкемнің өзі де күй тартқан. Кейіннен мен домбыраны үйреніп, күйшілікті қуғаннан кейін әкем өзінің домбыра тартқанын тастап кетті. Көпшілік ортада «Сен енді күйші болдың, күй тарт» - деп маған жол береді. Негізі әкем домбыра аккардеонды керемет тартатын. Бала күнімнен әкемді көп тыңдап өстім. Ата-тегімізден осындай өнер жалғасқан.

Қазақ қазір домбыра тұрмақ, өз тілін ұғудан қалып барады...

- Өнер жолыңыз қалай жалғасты? Алматыдан Астанаға келдіңіз. Ғылым жолына түстіңіз.

- Алматыдағы «П.Чайковский атындағы музыкалық колледжден» 4 жылдық кәсіби білім алдық. Онда да жаман болған жоқпыз. Консерваториядағы талай-талай ұстаздардың алдын көрдік. Алматыда кешегі Нұрғиса Тілендиевтің шәкірті Қошқарбай Тасбергенов, күйшілік өнерде өзіндік орны бар Мұрат Әбуғазы сияқты ағалардан тәлім алдық. Кейіннен, 2009 жылдан бастап Астанаға келгеннен кейін Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде Жанғали Жүзбаевтың сыныбына оқуға түстім. Жанғали аға – қазақтың дәулескер күйшісі. Қаратаудағы үлкен күйшілік мектепті жеткізіп отырған соңғы тұяқ. Осы кісіден кәсіби білім алдық. Құлақпен есту, көзбен көру деген дүниелерді қосымша осы кісіден тағы үйрендік. Қанша дегенмен кешегі Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров сынды Созақ пен Арқадағы соңғы күйшілерді көріп қалған адам ғой. Жанғали ағаға шәкірт болу осы жағынан мен үшін шын бақыт болатын. Тағы да бір маған берген Тәңірінің сыйы, 2009 жылдың аяғында Таласбек Әсемқұлов ағамыз Алматыдан Астанаға қоныс аударып, көшіп келді. Сол көшіп келген жылдан бастап өмірінің соңына дейін ағамызға шәкірт болдым. Байжігіттің күйлері қандай?! Тәкеңнің бүкіл ғұмыры: өткен өмірі, балалық шағы, қайтыс болғанға дейінгі ғұмыры күймен өрілген ғой. Нағашы атасы, атақты күйші Жүнісбай Стамбаевтың өзі Таласбек ағамызды жөргектегі кезінен емшектен айырып «Осыған бүкіл дүниемді үйретемін. Менің күйшілік өнерімді алып қалады» - деп бауырына басып, бар мұрасын қалдырды ғой. Сол дүниелердің барлығын Тәкеңнің қолынан 6-7 жыл үйрендім. Бұл менің өмірімдегі ең бір ұмытылмайтын, күйшілік өнердегі бағымның ашылған кезеңі деп білемін. Ол кісі жай ғана күйші емес, күйтанушы еді ғой. Терең талдаушы еді. Мысалға, Кетбұғаның «Сауға» күйі, Тәттімбеттің «Алшағыр-Шаған» сияқты ғажап күйлерді, біреулер айтсам сенбейтін шығар, бала кезінде атасынан үйреніп, ұмытылып қалған күйлерін, аян беріп, түсіне еніп қайта жарыққа шығарды. Осы ел есінен ұмыт болып, Таласбек Әсемқұлов ағамыздың атасы арқылы жеткен күйлерді ағаның қасында жүріп, өзінен үйрендім. Амал нешік, Арқаның тартысын, Тәттімбетті тірілкен Әбікеннің тартысын үйретем деп жүргенде өмірден өтіп кетті. Алланың жазмышы шығар. Сондай адамдарға шәкірт болдым.

Атығай деген, сол кісінің маңайындағы біраз күйшілердің көзін көрген Несіпбек ағамыздың әңгімесін тыңдап, рухани азық алып жүрміз. Құдай маған жақсы ұстаздар берді, солардың арқасында біраз жақсы нәрселер үйреніп қалдық.

Таласбек пен Жанғали ағаларымыздың басқа кәсіби профессорлардан, оқу орнында сабақ беріп, екі қолдың қойылымын қойып, шет елдің шығармаларын домбырада ықшамдап орындау сияқты дүниелерді, оркестрлік жүйелерді үйретіп жүрген домбырашылардан ерекшелігі - үйрету жолы. Ол кісілер бұрынғы ақсақалдардың далалық орындаушылық жолымен үйретеді. Қазіргі кезде ондай әдістер жоғалып кетті. Ол кісілерді сол үйрету жолын көріп қалған соңғы тұяқ деп айтуға болады. Әсіресе, Жанғали аға мен Таласбек аға. Мен осы кісілерден үйреніп қалдым ғой, өзімді ең бір бақытты санайтыным осы жер. Күйлерді Таласбек ағамыздың үйіне барып үйреніп жүрдім, сол кезде алдыңғы сабақта үйреткен күйлерін келесі барғанда қайта тартып, өткізіп берем. Жарықтық көзіне жас алатын... Атасын есіне алып: «Мына жерін атам тартқанда былай тартушы еді, мен атамдай келтіре алмаймын. Марқұм атам мына жерін тартқанда күңірентіп жіберуші еді, мына жерінде жүйке тамырыңды шымырлатып жіберуші еді»,-деп өзінің үйренгеніне қанағаттанбай отыратын еді. Тәкең атасындай жеткізе алмаймын дейтін, мен Тәкеңдей жеткізе алмаймын ғой. Сонда да, сондай адамдардың көзін көріп, білгенін үйреніп қалғаныма бақыттымын.

Тарихы кеше күй болып шертіліп, ән болып шырқалған халықпыз

Мысалға, Жанғали ағамыз Төлеген Момбековтың қасында, Генерал Асқаровтың қасында жүрген. Одан кейін Жанғали ағамыздың өзінің әкесі де Әлімхан Жүзбаев деген кісі, әкесінің ағасы Сейітқан деген кісі атақты күйші Сүгірді көрген күйші болған екен. Жанғали, Сәрсенғали ағаларымыз көп күйді осы Сейітқан әкемізден үйрендік деп айтып жүреді. Үйренгенде де баяғы ақсақалдардың әдісімен, перне басысымен үйренген ғой. Сол кездегі бабаларымыздың әдістері қазіргі заманда кейбір профессор ағаларымызға ерсі әдіс сияқты болып көрінеді. Саусақтың басуы, екі саусақты қабаттап алу, оң қолдағы шертісі де бөлек. Екі шекті теріп отырып тартатын әдістері бар. Таласбек ағамызда да оң қолдың тартысы керемет тегеурінді болатын. Оң қолдың сұқ саусағында бір адамның төрт саусағымен шертіп отырғандай екпіні, тегеуріні болатын. Қаншама ел есінен ұмыт болған, біздің күй қоржынымызға інжу-маржан боп қосылған дүниелерді жеткізді. Мысалға, Кетбұғаның ұмыт боп кеткен «Қараала белдік мойнында», «Сауға, Шыңғыс, сауға!», Тәттімбеттің «Алшағыр-Шаған», «Қазан» деген сияқты қобызда тартылып, кейін домбыраға түскен күйлерді жеткізді. Ал ол кісінің ұстазы, өзінің туған нағашы атасы Жүнісбай Стамбаевтың күйшілігі туралы дәлелдер бар. Ол кісінің тартып кеткен күйлерінің үнтаспасы сақталған. Тәкең қайтыс болғаннан кейін ол кісінің дискісін шығардық қой, соның ішінде нағашы атасының өз қолымен тартқан күйлері, Абайдың күйлерін тартқаны бар. Осы жақында «Егемен Қазақстан» газетіне Абайдың «Ақтолқын» күйі туралы мақалам жарық көрді. Абайдың Қытай жерінен табылған «Ақтолқын» күйі жайында. Сол күй туралы Жүнісбай Стамбаевтың орындауында жеткен күймен салыстырып отырып, сол мақаламды жазып шықтым. Ұқсастық бар, сарыны да керемет. Таласбек ағаның бір қасиеті: «атам жеткізіп еді, тарихы мынадай еді» - деп жай ғана күйді тартпайтын, ол кісі талдайтын. Ол өзі тартып жүрген күй болсын, мейлі сен тартып жүрген күй болсын өзінің жүрегіне ерекше әсер еткен күйлерді керемет талдайтын. Талдағанда да өзінің түсінігі, өзінің түйсігімен сол күйдің бүкіл фактурасын, мазмұнын бейнелеп беретін.

Қытай жерінде атақты күйші, композитор Әшім деген кісі болған. Ол кісі туралы кезінде Ақселеу Сейдімбеков, тағы басқа біраз ағаларымыз Шығыс Түркістан жеріндегі, Шыңжаң аймағындағы осы күйші туралы біраз қалам тербеген. Сол Әшімнің күйлерін тыңдап, Таласбек аға талдады. Сендер айтып жүрген бұл күйлердің тарихы идеологияланған, негізі бұл күйді тыңдап отырсаң күйдегі үлкен күрескерлік, Шыңжаң жеріндегі ұлты үшін қан кешкен ардагерлердің рухы жатыр деген сияқты керемет бір рухани тұтастық тұрғысынан талдаған кезде біз қайран қалдық. Шынайы зерттеп келген кезде, тарихы шынымен де солай екеніне көз жеткіздік. Сондықтан марқұм Тәкең мен Жанғали ағамыздың күйшілік өнерді, әсіресе Шығыстың, Арқаның шертпе күй өнеріне сіңірген еңбегі өте зор. Жанғали ағамыздың қазір көзі тірі ғой, сол кісінің әлі бағасына жете алмай жүрміз. Сол кісілерді осындай домбыра күндерінде, ұлттық мерекелерде құрметтеуіміз керек. Жыл сайынғы беріліп жатқан атақ, марапат, президенттің степендиясы бар, ол өз алдына жүріп жатыр. Ал менің айтайын дегенім «Домбыра күніндегі» дүние.

Таласбек ағаның түсіне күй енетін...

Таласбек ағаның керемет қасиеті күйшілік өнердегі ерекшелігі біраз күйлер түсіне еніп соны қайтадан жарыққа шығарды. Мына күйдің тарихы былай екен, мен түсімде көрдім деп отыратын. Жылап отырып тартқан сәті де болған екен. Зира жеңгеміз айтып отыратын. Күйді талдағанда былай деп төбесінен түсетін. Айтқаны айна-қатесіз келетін. Арқадағы Тәттімбетті тірілткен тарихи күйші Әбікен Қасеновтың шертісін білетін, дәл солай қара шертіспен, күреп тартатын. Маған үйретем деп жүргенде кетіп қалды ғой. Бұл Тәкеңнің күйшілік қыры, ал жазушылық қырына келсең аяқталмай қалған «Тәттімбет» романы қандай еді. Арда қазақтың күйге құрметі, өнерге құрметін көріп жылайсың. Арқадағы би, төрелердің күйшіге деген құрметі ғажап болатын. Мысалы, романда мынандай дүниені айтады. Арқада Қияш төре деген төре болыпты дейді. Ол кезде төрелердің заманы ғой. Төрені білесің, текті тұқымнан. Тәттімбеттің бала күні екен дейді. Қызыл Мойын Қуандық деген кісіге шәкірт болыпты. Қуандық Шығыс Қазақстан өңірінің күйшісі екен. Тәттімбеттің әкесі би Қазанқап баласын Қызыл Мойын Қуандыққа шәкірттікке беріпті. Қияш төре адамын жіберіп жылда Қызыл Мойын Қуандықты құрметтеп сыбаға жеуге ауылына шақырады екен. Содан бір жылы адамын жіберіп тағы да күйшіні ауылына шақырады. Бірақ бұл жолы шәкірттерімен келсін депті. Сөйтіп бала Тәттімбетпен тағы бірнеше жасты ертіп төренің ауылына келеді. Күйшіні келгенін байқаған төре алдынан жүгіріп шығып қолтығынан демеп, атынан түсіріп алыпты. Амандасып жатып: «Күйшім аманбысың?! Саусақтарың сау ма? Сенің домбыраңның құлағы ханнан биік адамсың ғой депті» - дейді. Міне, осындай дүниелерді Тәкең өте көп білетін.

Бір ғана «Біржан сал» мен «Құнанбай» фильміне қарасаңыз да Тәкеңнің ұлылығы көрінеді. Диалогтардағы билердің сөздері тіптен ғажап қой.

- «Ұлттық домбыра күніміз» бар. Бірақ, домбыраны қорғайтын заңымыз жоқ қой... Ғаламторда домбыраны қорлағандарды көріп осындай ойға қалдым. Сіз не дейсіз?

- Соңғы кезде есерсоқтардың домбыраны ат қып мініп, онымен қоймай, қалай шаққанын әлеуметтік желіге салып таратқанын баршамыз көріп жүрміз. Бұл дегеніңіз - домбыраны қорғайтын, домбыраны ұлықтайтын Елбасының жарлығымен мемлекет деңгейінде тойлап отырған елдің ұлттық құндылығын қорлау. Қылмыстық жауапкершілікпен қудаланатын іс. Мұндай бассыздыққа жол беруге болмайды. Керек болса соттау керек. Не деген масқаралық? Домбыра – қазақтың паспорты. Заңмен жазалау керек. Бірді жазалап, мыңға тәлім беру деген тәмсіл болатын. Ойына келгенді істеп артынан жаңылдым десе кеңшілік жасап отырмыз. Ұлттық брендіміз домбыраны отқа жағып, аяққа таптасақ не болдық?! Ұлы Мұхтар Әуезовтың «Қазақтың ары мен ұяты күйде ғана қалды» деген сөзі бар. Ал күй осы домбырадан шықпай ма? Демек ар-ұятыңның да аяққа тапталғаны ғой.

«Алтын домбыра» деген ақындар айтысы бар ғой. Меніңше домбыраның қадір-қасиетін асырған дәл осы атау күйшілерге тән болса керек. «Алтын домбыра» деген ақындарға емес, олардыкі сөз құдіреті. Бұл - домбыра күніне арналған атау. Бұл домбыраны, күйді ұлықтау бағытында болу керек. Сондықтан атынан шатасып жүр деп есептеймін.

Ұлттық арнадан дәстүрлі әнші-күйшілерге арналған аптасына тым болмағанда бір бағдарлама керек қой. Елге барсақ еститін сынымыз осы.

- Абай атамыз туған бұлақтың басына барар жолды домбыра бейнесінде жасады ғой. Осыған пікіріңіз қандай?

- Қазақта киелі, қасиетті деген ұғым бар ғой. Жалпы домбырашы ретінде, домбыраны сүйетін, қастерлейтін адам ретінде өзімнің жеке пікірімді айтар болсам, менің көңілімнен шықпайды. Қомақты қаржы шығарған соң биліктен қолдау тапқан біреудің идеясы шығар. Бұл жерде жіптің екі ұшы бар ғой. «Суретте тұрған ештеңе жоқ» деген пікірлер болуы мүмкін. Бірақ кие, қасиет жағынан алсақ мемлекеттің көк туының бейнесі бейнеленген шүберек аяқтың астында жатса, қалайда ұлттық намысы бар, санасы бар адам оны көріп, басып өтпейді. Алып, қалтасына салады тым болмаса. Сол сияқты домбыраны аяқпен басу ешқандай ақылға сыймайды. Мүмкін, басқаша бір аяққа баспайтын төбенің басына, тамашалап өтіп кететіндей етіп жасау керек пе еді... Жолды гүлдің, оюдың формасында жасаса қандай жарасады. Бұл менің жеке пікірім. Домбыраның суретін жақсылап жасаған, әрине. Ал оны аяққа басып жүру қазақы ұғым тұрғысынан тұрпайы. Ырым, ұлттық қасиет тұрғысынан келгенде мен оны дұрыс деп есептемеймін. Намысы, домбыраға деген құрметі бар адам «Апыр-ай» деп қалады ғой. «Мынаның ыңғайсыз болғаны-ай!.. Енді домбыраны таптап жүреміз бе?..» - деген сияқты ойға қалары анық. Болашақта ескерер дүние ғой осының бәрі де. Түсінбейтін, намысы жоқ адамға бәрібір шығар. Бірақ, мен үшін өте ауыр дүние...

- Қазір қайда жұмыс жасап жатырсыз?

- ҚР Ұлттық музейінде жұмыс жасаймын. Музей қазір еліміздегі үлкен рухани орталыққа айналды. Құрылғанына 5 жыл ғана болса да, толағай жұмыстар атқарып келеді. Әлемнің қай түкпірінен Елордамызға қонақ келсе де, осы шаңыраққа соқпай өтпейді. Нағыз шығармашылық орта. Танымал өнертанушы, суретші, ҚР Ұлттық музей директорының бірінші орынбасары Алмаз Нұразхан ағамыз өнерге, рухани мұраларды жинақтауға тікелей қолдау танытып отыр. Жеке шығармашылығыма да көп көмегін тигізді. Орайы келгенде алғыс айтуды жөн көремін.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар