Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Ардақ Нұрғазы: ҚҰСТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫНДАЙ...

13.04.2017 5889

Ардақ Нұрғазы: ҚҰСТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫНДАЙ

Ардақ Нұрғазы: ҚҰСТЫҢ ҚОС ҚАНАТЫНДАЙ - adebiportal.kz

немесе

Бақытжан Қанапияновтың өлең өрнегі

Поэзия өмірге қаншалықты жақындай алады және жақындай түсуге тиіс пе?

Сұрақты бұлай қоятын себебіміз, қаласақ та, қаламасақ та ақындардың ішінде өмірдің өз реңін өлеңіне арқау еткісі келетіндер үнемі кездесіп тұрады. Өмірдің өз реңі деген сірә не нәрсе? Бұл да шешімі қиын толғақты сұрақ. Өмірдің алуан реңі болады. Оның алдында жауыннан кейін құшақ ашқан кемпірқосақтың бояуы жолда қалса керек. Объектив мен субъектив түйіскен тұста, онсыз да сәт сайын өзгеріп, құбылып, барлық тұрғыдан тұрақсызданып тұрған әлемді, оның бояуын сезіну екінші бір әлемнің түйсігін түртіп ашады. Айталық, ол адам санасы. Сана өмірге келген күннен шыр етіп жерге түсіп, тыпырлап еңбектеп, айнала қарап, таң қалып, былдырлап сөйлеп, көзге түскен мен таң қалғаныңа қайырып жауап беріп, сұрақ қойып, содан түйсігіңе түйген дүниеден сенің ішкі әлемің, ішкі әлеміңнің тасадағы болмысы қалыптасады. Осыдан-ақ сананың уақыт ағысындағы бұлтарысы көп, бүркеулі әлем екенін аңғарасың. Оның басты ерекшелігі көрінеуде емес, көмескіде, тасада жататындығы болса, одан қалғаны мытып ұстасаң да бәрібір сырғып ағып тоқтамай жылысып жоқ болатын құм сияқты мәңгілік әрі үздіксіз жалғасып отыратын тұрақсыздықта жатыр.

Сондықтан өлең өмірге келгенде тұрақсыз екі әлемнің түйсігі, туындысы болып келеді. Сыртқы объектив дүние өз заңымен қалай тынымсыз өзгерісте болса, ішкі рухани әлем де дәл сондай өзіне ғана тән болмыспен, буырқаныспен поэзияны тұлғалайды. Өлең де құс сияқты қос қанатының тепе-теңдігін сақтап қана өмір сүреді. Бір қызығы – кейде ақындар осы тақырыптың өзін өлеңге айналдырады. Бақытжан Қанапиянов «Сәуле» өлеңінде былай деп толғапты:

Жадыңда ғой өткен күндер жарығы,

Бұл күнде де сәулелі ойлар бар ұлы:

Сол екеуін тоғыстырсаң, ғарышта

Жара аласың түнектің де қақпасын.

Өлең өткен мен бүгін туралы ой қорыта келіп, сол екі шақ тоғысқан сәтте жаңа әлем басталады дейді. Ол әлемді ақын ғарыштағы шексіз-шетсіз қараңғы дүниеде жарқ етіп ашылған ерекше сәулелі сәтке ұқсатады. Міне, бұл аядай тәннің ішінде жатса да өзіміз білем бермейтін сана әлемі. Соның жарқылы. Оның құдыреті сен үшін қашан да сырлы. Ол сырлы болмаса өмір өзгермес еді, әр күнгі тірлігіміз сан құбылмас еді, төмендегі өлең жолы да болмас еді:

Түсіңе енсе сол бір арман,

Тасқынға

ілескендей, құты қашар бастың да.

Төңірегің түн ұйқыңды төрт бөліп,

Тұрасың сен жұлдызды аспан астында.

Жұлдыз дауысын кенет естіп қаларсың,

Оны нендей сөзбен айта аларсың?

Таң атқанша түсерсің көп әуреге.

Жақсы үміттен жанған кезде жанар шын,

Негіздердің негізіне саларсың

Жүрегіңде туған дара сәулені.

Пенде баласының қиялы, ет пен сүйектен жаралған адамның басындағы болмыс екеніне қарамастан оның табиғаты ақын айтқандай ғарыштың табиғатымен үндесіп жатады. Екеуі де қарама-қарсылықтан екі әлемге тең ашылған есік сияқты. Бұл арада өмір сүріп тұрған – қозғалыстағы тепе-теңдік, өмір, анықтап айтқанда рух, рухани болмыс, түп мәнінен қарағанда поэзияның соңғы мекені. Өлеңнің құдыреті осы ішкі әлемді қай деңгейде аша алғанына байланысты. Содан да өлең материяға, өмірге емес, жер басып жүрсе де, уақыттың тұтқыны болса да әлдеқалай тұтанып, қараңғылықта жарқ етіп жанып, жарығын, жылуын шашып тұрған шыраққа, жиып келгенде рухқа жақындайды. Тіпті, ең нашар деген өлеңнің өзі осы беталыстан жазбайды: тек оның мәтінен тұратын тәні поэзияның түпкілікті болмысын тұлғалауда қажетті өз деңгейіне жетпей қалуы мүмкін. Материя мен оның түпкі болмысы саналатын қасаң идеялар мен ұғымдар баса билеген сәтте өлең өзінің өміршеңдігін жоғалта бастайды.

Бақытжан Қанапиянов жоғарыдағы өлеңінде поэзияның мекені тылсым рух туралы жазса, келесі «Тау жолында...» өлеңінде сол рухтың поэзиядағы көрінісін, оның мәтінде қалай өмір сүретіні туралы жазады. Біз өлең деген – рух деген болатынбыз. Аса образды, сұлу, тебіреністі жазылған өлең былай басталады (бұл арада Е.Раушанов аудармасының алдыңғы шумақтары өз деңгейінде, өкініштісі – соңғы шумақтары жүрісінен жаңылып күңгірттеп, образдан айрылып алғандай сезілетіні айта кеткен жөн).

Тау жолында, тұманда,

Қар үстінде, соқпақта.

Жаздым талай шығарма

Жыр жолдарын «шатпақтап».

Қайталайды оны өзен,

Сыңарын бір тапқандай.

Айналаны сезер ең,

Бір қызыққа батқандай.

Жырдан шығып бір бейне,

Құс боп қанат қағады.

Тау төсінде гүлдер де

Жыр боп жанып барады.

Бұлт тыныстап алапта,

Жылынады күзде отқа.

Ұшады жел шалқақтап,

Бүркіт болып біз жаққа.

Тау жолында тұманды,

Әппақ қардың бетінде.

Айналаңыз бір әнді

Шырқап кеткен секілді.

Мен ештеңе жасаман,

Жасағым да келмейді.

Өзі қолдап, Жасаған

Жазған жырым өлмейді.

Көзімді жұмсам – көремін,

Басқа бір жалған жарығын.

Жақындап кетсем өлемін

Жоғалтып өмір ағынын.

Арқамнан басқан дәуірдің

Сынығы маған қарайды.

Толқынменен дауылды

Тағдырым алдан орайды.

Орманға күз кеп тығылды,

Жапырақ біткен шуылдап.

Сұрамайды ол түгіңді

Сөздеріңді де сыбырлақ.

Сезім де сөнген қанықтым,

Біздер де жоқпыз – оғаш қал.

Түбінен күзгі жарықтың

Қарайды қара ағаштар.

Бұл «поэзия деген не?», - деген сұраққа өлеңмен жазылған аксиома ретінде ұсынуға болатын шығарма. Ойыңа француз поэзиясы, «Гранат» шығармасындағы П.Валеридің стиль келеді. Мұнда да рухтың қос қанаты – поэзияның екі әлемі көрініс берген. Көзді ашып көріп, көңілге түйіп, кеудеңнің бір түкпіріне қондырған сәттен материя ақынның рухани болмысының бір бөлігіне айналады. Содан бастап ол басқа мүмкіндікпен өмір сүреді. Ақындық қиял, рух, болмыстың оты оны жаңаша түлетеді. Кейде ол шын мәнінен жаңа бір дүниеге өзгереді. Сөз тіріледі. Біз оны метафоралар кеңістігі атауымызға болады. Бұл кеңістікке материяны нағыз ақындар ғана көтеріп шыға алады.

Жоғарыдағы өлеңнің сөзі ғана емес, сөйлемі, шумағына дейін метафоралық қасиетті сақтауға жұмыс істейді. Бәрін солар жасап тұр. Ақынның өмірмен, сөзбен, рухпен қатынасын арқау еткен, сөзден тұрған әлем бізге поэзияның хас үлгісін көрсетеді. Өлеңде артық-кем сөз жоқ. Өлеңнің біте қайнасқан жаны мен тәні өз орнында, өз деңгейінде. Маған бұл өлең тұнып тұрған музыканы, Ф.Шуберттің тамырыңа сәуле жіберетін әуендерін елестетеді. Поэзиядағы мұндай әуен сені әлдилесе, көкірегіңе елестер күй болып құйылады.

Өткен шағым орман сынды

Қалың жыныс күн түспес.

Ал сезімім алуан сырлы

Жапырақтары гүл түстес.

Жапырақтардың сыбдырымен

Аласұрып ойларым.

Бақытымның тың гүлімен

Қауышсам деп ойладым.

Жалпы Бақытжан Қанапиянов поэзиясы біз үшін сырлы әлем. Ақынның «Тік шырқау» («Жібек жолы» баспасы, 2000ж.) кітабына кірген өлеңдерін оқып отырсаңыз шулаған орман көз алдыңызға келеді. Ол ой орманы. Ақын жандүниесінің әр пернесін еппен басып отырып, сезім мен ойдың әуенінде толқып, құрақ ұшып, қиял қанатымен самғап кеткендей сезіледі.

Ағаштардың орманда

Тамырлары бір болады.

Қурап бірі солғанда

Түбірі аман қалады.

Содан өрбіп сан ірі

Бұта бүрлеп көктейді.

Нық болған соң тамыры

Орман құрып кетпейді.

. . . . . . .

Ақынның тағдыры –

Алланың нышаны.

Жырларын

Аспанның жанары құшады.

Сол бір сәт

Жер дертіп,

Дән шалқып даладан,

Бал татып кетеді

Бір үзім қара нан...

Орман деген жалпы атау. Ақылдық танымға тән жинақтау, қарапайымдастыру, жүйелеу, тұрақтандыру басымдық алған біздің бүгінгі қоғамдық жағдайымызда нәзіктікке, дәлдікке, нақтылыққа, жіңішкелікке басымдық беру – поэзия үшін өте қажет. Ол сенің өлеңнен орман арқылы ағашты емес, әрбір тал шыбық пен бұтақ арқылы орманды көруіңе жол ашады. Поэзия деген – үлкен сезім. Ол – аңғару. Арысы – сырлы ғаламның, оны Жаратушы дейсің бе, әлде басқа ма, өз еркіңде, мейірін сезіну болса, берісі – сондай салмақтағы қарғыстың отын жүректен өткізе білуге дейін бару, сондай кеңістікке шыға алу. Содан да өлең түрлі деңгейде болады. Поэзия майданында идеялардың адамзаттық болғаны әрине жақсы, бірақ, сәулелі ойға жетелер бір түйсік туғыза алсаң, ол да керемет нәрсе. Ол сенің қарадүрсін айғайшы, барабаншы емес, қаламыңның ұшы тисе суретке жан бітетін өнер иесі – шын ақын екеніңді әйгілейді. Бұл тұрғыдан келгенде Бақытжан Қанапиянов поэзиясының берері көп.

«Теңіздің дәмі тамшыда» демекші, «Тік шырқау» жинағына кірген өлеңдердің саны шекті (жалғыз поэма ғана толық аударылған) аудармасы әркелкі болғанымен одан ақынның поэзиядағы қолтабасын анық көруге болады. Үзіліп түскен маржандар сияқты шумақтар ешкімді де бей-жай қалдырмайды. Образға тұнып тұрған поэзия қашанда гүл сияқты сені хош исімен де сұлу көркімен де өзіне тартады. Нағыз ақынның өлең өрнегі осындай болса керек.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар