Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
НОБЕЛЬ
Ардақ Нұрғазы. Мемлекеттік төңкеріс және жазушы...

01.11.2018 4669

Ардақ Нұрғазы. Мемлекеттік төңкеріс және жазушы

Ардақ Нұрғазы. Мемлекеттік төңкеріс және жазушы - adebiportal.kz

Түркияның Ыстамбұл қаласында «Эргенекон» құпия қауымдастығына қатысты сот ісі жүріп жатыр. Түрік ақпарат құралдары жағынан «ғасыр процессі» деп бағаланған атышулы дауда қауымдастықтың 46 мүшесінің үстінен қылмыстық іс қаралуда. Олардың бәріне тағылған айып біреу: «Мемлекеттік төңкеріс жасауды жоспарлаған», «Террорлық әрекет жасаған». Сонымен түрік елі “әскери төңкеріс” деген атаумен жаңа ғасырдың басында тағы бір рет дүниені өзіне жалт қаратып отыр. Түркияның өткен жарты ғасырдан артық тарихына назар салсаңыз, бұл елдің бір түнде бұрқ етіп, соңында әскерилерді билік басына әкеліп бір-ақ тынатын төңкерістен кет ары болмағанын байқайсыз. Сондай алақұйын төңкерістің бірі 1980 жылы ақпан айында болған. Сондағы қуғын-сүргінді қызуқанды түріктер әлі күнге ұмыта қоймаса керек. Бұл жолы билік төңкерістің алдын алып, қатысы бар делінген адамдар заң алдында жауап беруге шақырылып жатыр.

Төңкеріске қатысты сөз болса, бүгінгі түрік қоғамында бір адамның есімін атамай қалуға болмайды. Ол — Нобель сыйлығының иегері, түрік жазушысы Орхан Памук. Жазушының 2002 жылы жарық көрген «Қар» романын түрік үлгісіндегі әскери төңкерістердің энциклопедиясы деуімізге болады.

«Қар» жарық көргеннен кейін, жазушы мен түрік қоғамының, онда да биліктегі топтармен арақатынасы шиленісіп кеткен. Түрік билігі жазушыны «айтпауға тиістіні айттың» деп кінәласа, жазушы «айттым, білгеніңді істе» дегендей позиция ұстапты. Солай болатын да жөні бар. Өйткені, бұл кезең (2005 жыл) дәл Түркияның Еуроодаққа қабылдану туралы өтініші қызу талқыланып жатқан кез еді. Австрия бастаған біраз ел түріктердің аталмыш одаққа кіруіне үзілді-кесілді қарсы тұрды. Түркияның алдынан Кипр мәселесі, 1915 жылғы армян, күрд қырғыны шықты. Кісілік құқық, әділет-заң саласында еуропалық талаптардың орындалуы көлденең тартылып жатты. Бұл ұлттық мүддеде ешкімнен ақыл сұрап жатпаймыз дейтін түріктердің сабырын тауысып, санасын сарғайтқан еді. Содан түрік елі Еуроодаққа кіруді жақтайтындар мен қарсылар болып қақ жарылып, қызыл кеңірдек болып айтысты. Мұндайда батыста аса танымал Орхан Памуктың әрбір іс-қимылы екі жақтың да назарында болатыны түсінікті жағдай. Жазушының өзі де елдің ертеңіне қатысты мәселеде бұқпантайлап қалмапты. Түркия Еуроодақ талаптарын толық орындап, өзінің аты затына сай демократиялы ел екенін дәлелдеуі керек деген. 2005 жылы тамыз айында Швецияның «Ақпарат» басылымына берген сұхбатында жазушы: «Біздің топырақта 30 мың күрд пен бір миллион армиян жантәсілім болды. Бұны айтуға бүгінде менен басқаның дәті жетпей отыр» дейді. Аталған деректер Түркияда мүлде ауызға алуға болмайтын жабық тақырыптардың санатына жататын. Бұл сұхбат онсыз да Еуроодаққа кіруге қарсы топтардың күшті қысымына ұшырап, әрі-сәрі күйде отырған түрік билігінің шамына тиеді. Үкімет түрік қылмыстық істер заңының 301 тармағы, бірінші абзацсындағы «Түркияның ар-намысына нұқсан келтірді» деген айып бойынша жазушыны сотқа шақырады. Сот 2005 жылы 16 желтоқсанда басталады.

Алайда жазушыға қатысты бұл сот ұзаққа бармаған. Арада көп өтпей Халықаралық Қаламгерлер қауымдастығы және онға тарта Нобель сыйлығы лауреатының ара түсуімен Түркия үкіметі жазушыға тағылған айыпты алып тастаған. Үкімет пен жазушының арасындағы теке-тірес соңында осылайша жазушының пайдасына шешілген.

«Қар» романының биліктегі топтарға жақпайтыны әу бастан-ақ белгілі еді. Кітапта Түркияның шеткері аймағындағы қарапайым қалашықта болған істер баяндалғанымен, жазушының найзасының ұшы тіке түрік билігіне ықпалын өткізіп отырған топтарға бағытталғаны көрініп тұрады. Жазушы осы романды жазу ойына қалай келгенін былай түсіндіреді: «Өткен ғасырдың 90 жылдарында Түркияда менің кітаптарым мол таралыммен сатылды да, атағым шыға бастады. Сол тұста біздің елде күрдтермен соғыс болып жатқан еді. Ұзақ жыл солшыл бағыт ұстанған біраз жазушылар мен жаңадан төбе көрсетіп келе жатқан либералдар бұл жағдайға қатысты басқосу өткізіп, оған мені де шақырды. Жанжалды тоқтату туралы тілек-хатқа қол қойдық. Содан бастап менің шығармашылығыммен қатысы жоқ, саяси түс алатын өмірім басталды. Көп өтпей-ақ үкімет әлгі басқосуға назар аударды. Олар барын салып менің ар-ұжданыма тие бастады. Олар мені баспасөзде ашықтан-ашық балағаттады. Бұл менің ашуымды келтірді. Содан менде бір ой туды – өзімнің жан-дүниемнің тереңінде болып жатқан қайшылықтарға терең үңілген, саяси түсі бар бір шығарма жазбаймын ба – жоғары немесе орта таптың саяси көзқарасын анықтау менің міндетім ғой деп шештім. Бұл талапты роман жанры орындай алатын еді. Жұрт мені сыртқа тепкен сайын, менің бұл романды жазып шығуға деген сенімім тіптен арта түсті. Содан «Менің атым қызыл» романым аяқталысымен жаңа кітап жазуға отырдым» («Paris Review:The Art of Fiction No187» 2005 жыл).

Соған қарамастан «Қар» тамаша махаббат әңгімесі ретінде оқуға болатын, қала берді бүгінгі заманның ойлана-толғана оқитын постмодернистік романдарының үлгісіне де жататын роман. Шығарманың бас кейіпкері – Ка есімді ақын жігіт. Әскери төңкеріс себебінен қуғындалған Ка шетелде (Германияда) босқын болып жүріп, он екі жылдан кейін анасының қазасы себебінен Отаны Түркияға оралады. Баспасөз саласында жұмыс істейтін достары оған Түркияда болып жатқан жағдайлар туралы айтады. Шеткері аймақта жатқан Карс деген қалашықта хиджап киген әйелдердің өзіне қол салып жатқаны сөз болады. Әңгіме арасында бойдақ Ка студент кезінде өзі ғашық болған айдай ару сыныптасы Ипектің бұл күнде күйеуімен ажырасып, әкесімен бірге сол Карсте тұрып жатқанын біледі. Бұл хабар Каның жүрегінің түбінде сарғайған баяғы махаббаттың шоғын тұтатып, оны Карске баруға итермелейді. Роман Каның Карске қарай жүрер автубосқа шыққан сәтімен басталады. Дәл сол кезде сыртта қапалақтап қар жауа бастайды. Қар, махаббатың күйін шерткен сұлу сезім, өзі біле бермейтін жаңа орта, ондағы адамдар Каны өзгеше бір әлемге сүйрейді. Төрт жыл бойы өлең жазбай кеткен ақын жігіт өмірге қайта келгендей кейіппен қолына қалам алады. Осы сапарда ол 18 өлең жазады. Ол өлеңдерін Ка Германияға қайтып барған соң жұрт алдында оқып та жүреді. Бірақ Ка қастандыққа ұшырағаннан кейін, оның жазған-сызған дүниесін жинастырған досы Орхан (романда осы кейіпкер кезінде Ка жүріп өткен жолмен жүре отырып, бүкіл әңгімені баяндайды) бұл өлеңдерді таба алмайды. Орханның болжамынша кешкі апақ-сапақта Каны қанжолдың үстінде шүйдесінен тапанша кезеп тұрып атып кеткен адам Каның заттарының ішінен тек осы өлең жинақты ғана алып кеткен.

Романда Ка Карсқа махаббаттың жетегімен барғанымен, көріністе хиджап киген қыз-келіншектердің өзін өлтіру ісінен хабар жазбаққа келген тілші есебінде жүреді. Карсқа барысымен Ка Ипектің отбасы ашқан қонақжайға түседі. Ипекті де кездестіреді. Онымен оңаша бір шайханада кездесуге уәделеседі. Аралықта Ыстамбұлдағы достары таныстырған Карстағы 250 данамен шығатын газеттің Бас редакторы Садырмен жүздеседі. Редактор оны қаланың тәртібін қадағалап отырған сақшы бастығына жолықтырады, өзіне қол салған хиджап киген қыз-келіншектердің үйіне ертіп апарады. Ка студент кезіндегі сабақтасы, Ипектің бұрынғы күйеуі, бұл күнде Карстағы Ислам Өркендеу партиясының жетекшісі ретінде әкімдік сайлауға түскелі жатқан Мұхтармен кездесуді де ұмытпайды. Өздеріне қол салған қыз-келіншектердің отбасындағылармен тілдесіп көргенен кейін Ка бұл трагедияның астарында қандай бір саяси күш емес, әйелдердің басындағы тұрмыс тауқыметі мен болашаққа деген үміттің жоқтығы жатқанын аңғарады. Бұл жерге дейін роман жайма шуақ әуеннен танбайды.

Карс – шеткері аймақта жатқан кедейлер қалашығы. Оның қырында күрд партизандары ойнақ салады, қала ішіне сақшылар қатаң бақылау орнатқан. Кез-келген адамның артына аңдушы түседі. Қалада болып жатқан ірі оқиғалардан тартып ұсақ-түйекке дейін 250 данамен шығатын әлгі үкіметтік сипаты бар газетте жазылады. Кейбір оқиғалар боларынан бұрын-ақ газетке басылып уақытынан бұрын дайындалып қойылады. Жұмыссыздық жайлаған қала ішінде бір-біріне мүлде сенбейтін, дінге, ұлтқа бөлінген топтар тұрады. Олар соғыс кезіндегідей бұқпантайлаумен өмір өткізеді. Бір шетте мың жылдық армиян шіркеуі бой көтерсе, енді бір шетте қасқайған орыс үлгісіндегі құрлыстар өткен бір беймаза тарихтан сыр шертеді. Ка барған кезде қала әкім сайлауына дайындалып жатады. Бұрынғы әкімді біреу жәй бір бәкін-шүкін іске бола атып тастаған болып шығады.

Каның қалаға келуі жұртты елең еткізерлік оқиға болады. Оның батыс үлгісінде тігілген әдемі былғары шапанынан тартып жүрген-тұрғанына дейін жұрт назарында. Ка мен үкімет адамдары ғана емес, үкімет «қауіпті адам» есептейтін сол жердің әйгілі молдасы да, тіпті үкімет іздеу салып жатқан бүкіл мемлекетке атышулы терроршы «Көктәңірі» де онымен жүздесуге ділгер болады. Ка бұлардың бәрімен де кездеседі. Романда оқиға осыған жеткенде қапалақтап жауған қар жолды басып тастайды да, Карс қаласы сыртқы дүниемен қатынасын үзеді. Бұл жағдай газетте хабарланады. Газетте тағы сол күні кешке қалалық театрда ерекше қойылым болатыны, қойылымның тікелей эфирде таратылғаны, басқосуда «әйгілі ақын» Каның «Қар» деген өлеңін оқығаны күні бұрын айтылады. Бірақ бұл кезде Ка өзінің өлең жазатынын, оны жұрт алдында оқитынын білмейді. Ол шайханада бірінші рет Ипекпен отбасындағылардан оңаша кездеседі. Олардың оңашалығы көп ұзамай тосыннан атылған мылтық үнімен үзіледі. Шайханада отырған қаладағы иниституттың ректорын онымен жарым сағат бірге отырып шай ішкен біреу атып тастайды. Ректордың бар кінәсі үкіметтің бұйрығы бойынша басын орап хиджап киіп келген қыз балаларды институтқа кіргізуден бас тартқандық болады. Дел-сал болып қонақ үйге өңі қашып оралған Ка Ипектің отбасылық дастарханында отырып алғашқы өлеңін жазады. Ол өлеңнің аты «Қар» болып шығады. Оны сол күні кешке Ка жұрт алдында оқиды.

Кешке театрда үлкен қойылым болады. Газетте жазылғандай Ка өлең оқиды. Соңында өткен ғасырдың 50-жылдарында Түркияда атеизмді дәріптеп көп қойылған, әйелдердің жаулық тағудан бас тартуын тақырып еткен ойын қойылады. Бір кезде сахнада ойын қойып жүрген әскери адамдар алдарында ойын көріп отырған көрерменге қаратып мылтықтан оқ жаудырады. Сол майданда ислам дін мектебінің ондаған шәкірті оққа ұшады. Осы қырғынның ұйымдастырылуымен жолы бекітіліп қалған Карстағы бар билік әскерилер мен олар жалдап әкелген бір режиссер-актердің қолына өтеді.

Әлгі режиссер Гамллеттің қойылым ішіндегі қойылымына ұқсатып екінші рет ойын қоюға әзірленеді (жерлік газет болса бас рөлдегі режиссердің ойын соңында хиджап киген әйелдер тарапынан шын атып өлтірілгені туралы алдын-ала жазады. Қойылым шынымен де солай аяқталады). Бар билікті қолына алған режиссер Каның батыс елдерімен қатысы барын, қаладағы түрлі топтармен де байланысты екенін ескере отырып, оны да ойынға күштеп қосады. Осының барысында Ка Ипек пен «Көктәңірінің» арасында бір кезде махаббат болғанын сезеді. Биліктегілердің бар мақсаты әкім сайлауы алдында исламшылдарға соққы беріп, одан қалса «Көктәңірінің» көзін жоймақшы болғаны және бұлардың бәрін Каның есебінен істемек екені анық болады. Каның Ипекке деген махаббатының астаң-кестеңі шығады. Ол өзі бір көріп мойынсал болған «Көктәңірін» де өлімге қимайды. Ақырында ол режиссерге өзінің қойылымға араласатынын, бірақ ол үшін «Көктәңіріне» Карста қастандық жасауды тоқтатуды талап етеді. Режиссер келіседі. Дәл осы кезде қаладағы билікті қолға алған әскерилер мен режиссерден де күшті әрі қатгез, көзге де түсе бермейтін бір топ төбе көрсетеді. Олар өз мақсаттарын жүзеге асыру жолында еш аянбайды. Олар өздерін мемлекетшілдерміз деп түсіндіреді. Бұл топ Каның ізіне түсе жүріп «Көктәңірінің» тасаланған жерін табады да, оны өлтіреді. Бұл өлімге Ка өзін кінәлі санайды. Ипектің жүзіне қарайтын бет жоқ деп біліп, жол ашылғаннан кейінгі бірінші пойызбен Карстан кетеді. Ал қала бәз-баяғы мүлгіген қалпында қала береді.

Роман осымен аяқталмайды. Досына қатысты осынау қайғылы да таң қаларлық әсерлі оқиғаны тамылжыта баяндап берген жазушы Орхан да Карсқа келеді. Ол досы жүрген жолдармен жүреді, досы кездескен адамдармен кездеседі. Соңында досы сияқты пойызға отырып өзгеше бір сезім құшағында, көзіне жас алып Карстан кетеді.

Түсіндіріп жатудың қажеті жоқ сияқты. Іздеген адамға романнан түрікке қатысты түйткілдің бәрін кездестіруге болады. Міне осы роман Түркия билігінің мазасын алды. Жазушының өз сөзімен айтқанда «бұл кітап дәстүршілдердің – саясатқа қызығатын исламшылдар мен биліктегі топтардың бас ауруына айналды». Себебі, «бізде биліктің бір ұшы армиямен байланысып жатады. Армияға иек арту Түркияның ырықты демократиялы саясат ұстануына бастан-аяқ көлеңке түсіріп келеді. Армия саясиланған елде халық өзіне деген сенімнен айрылады, барлық істі армияға тапсырып қойып, өздері қарап отырады. Бізде жұрттың «экономика былығып, ел қуаты әлсіреді, әскерилер не бітіріп отыр!» дейтіні бар. Әскерилер билеген елде бауырмалдық өркен жая алмайды. Қит етсе байлап-матау – абақты толған қылмыскер содан пайда болады. Әскерилер билеген елде мүлде тыныштық болмайды. Содан да бізде әр он жыл сайын бір рет саяси төңкеріс туып отырады. Биліктегілерді мен осы тұрғыдан сынаймын. Олар мені сол үшін жақтырмайды. Исламшылдар да маған ренжулі. Себебі, мен исламға сенетін біреудің некелесуден бұрын жыныстық байланысқа барғанын жазып қойдым – бұл әсілінде өте қарапайым ақиқат. Олардың мені жақтырмайтын тағы бір жері – мен олар тұрғысынан шығарма жазбаймын, оларша айтқанда мен батысшылмын. Олар маған «сен бізді түсінбейсің, біз жөнінде қалай жазасың?» – дегені бар. Мен бұл сөзді де шығармаға кіргіздім» – дейді жазушы («Paris Review:The Art of Fiction No187» 2005 жыл).

Түрік басылымдарының жазуынша, сотта ісі қаралып жатқан «Эргенекон» құпия қауымдастығымен қатысы бар адамдар былтыр Орхан Памукқа қастандық ұйымдастырмақ болған. Жазушының көзін нақты кімнің жойғысы келгені қазірге дейін анық емес. Десе де, бұның өзі жазушының билікке ғана емес, билікке ұмтылып жатқан топтарға да ұнамайтынын аңғартады. Түркияның демократиялану жолы ауыр да бұралаң болды десек, сол бұралаңда түйе боталағандай болатын төңкеріс түрік ағайындар үшін үзілмей келе жатқан үрейлі түс іспетті сезілетіні анық. Мұндай түсті әйтеуір біреудің аяқтатуы керек қой. Мүмкін мемлекеттік төңкеріс тақырыбына Орхан Памук сол үшін де барған шығар. Ал «Қар» романын «Орхан Памуктың басқа да шығармалары сияқты – бөлшектенген, жалғызсыраған, үмітке де қол созған түрік рухының өз тұңғиығына терең бойлауы» (Канада жазушысы М.Атудтың сөзі) деп түсінгеніміз жөн сияқты.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар