Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ардақ Нұрғазы: «5-нөмірлі қасапхана» және К.Воннегут

15.06.2017 1875

Ардақ Нұрғазы: «5-нөмірлі қасапхана» және К.Воннегут

2007 жылдың сәуір айының 11-жаңасында, Нью-Йорктің Манхеттэн өңіріндегі бір емханада, 84-ке қараған жасында АҚШ жазушысы К.Воннегут қайтыс болды. Бірнеше апта бұрын әлем әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар қарт қаламгер өз үйінің баспалдағында сүрініп кетіп, басынан жараланып емханаға түскен екен, сол талықсыған бетінде өмірден өтіпті.

К. Воннегут - өткен ғасырдың соңғы жартысындағы АҚШ әдебиетінде ерекше орыны бар санаулы тұлғалардың бірі. Сыншылар оны Марк Твеннен бері жалғасқан АҚШ әдебиетінің юмор дәстүрін жалғастырушы, тіпті оның юморлары Марк Твеннен де асып түскен деп қарайды. Дегенмен, К.Воннегут әдебиетке 1950 жылдардың басында алғаш фантастикалық шығармаларымен келген. Сол тұста фантастика жөні түзу әдебиет саналмайтын еді. 1969 жылы жазушының «5-нөмірлі қасапхана» романы жарық көргеннен кейін ғана, жазушының басындағы «фантаст жазушы» деген қалпақ көрінбей кетіпті. Жоғарыдағы роман өткен ғасыр әдебиетінде жоғары бағаланады. 1999 жылы «Нью-Йорк Таймс» газеті өткен бір ғасырда ағылшын тілінде жарық көрген ең таңдаулы деген жүз романның тізімін жариялағанда, осы «5-нөмірлі қасапхана» 18 орынды иелеген.

Бұл романды жазушы екінші дүниежүзілік соғыс тұсында өз басынан өткізген нақты істер негізінде жазған.

К. Воннегут АҚШ-тың Индиана штатында дүниеге келген, шешесі кісілікті, бай отбасынан еді. Бірақ, бұл отбасы өткен ғасырдың 1930 жылдарындағы экономикалық дағдарыс себебінен күйрейді. К. Воннегуттың шешесі тұрмыстың өзгерісінен 1944 жылы өзіне өзі қол жұмсаған. Бұл жазушының өміріне елеулі әсер етіпті. 1984 жылы өзі де сондай бір күйзеліске ұрынған жазушы ұйқы дәрісін көп ішіп қойып, қасындағылардың дер кезінде байқап қалуымен ғана аман қалған. Кейін жазушы бұл туралы: «өзіне өзі қол салғандардың бала-шағасы өлімнің елесінен өмір бойы құтыла алмайды, олар бұлай істеуді түптің түбінде бәрін шешетін жол деп қарайды», – деген екен. Зерттеушілер К. Воннегут шығармаларындағы тіршілік, өлім турасында қасіретке емес, ащы күлкіге саятын пайымдауларға көптеп назар аударады. Оның «5-нөмірлі қасапхана» романының өзі осы жағынан көзге түседі. Романда Илум деген біреу екінші дүниежүзілік соғыс тұсында немістердің қоршауында қалады, әу баста ол өзінен басқа үш адаммен серіктеседі. Олардың ортасындағы қайшылық өрши келе бірін-бірі өлтіруге сұқтанады. Сөйтіп жүргенде олар немістердің қолына түсіп қалады. Немістер тұтқынға түскендерді Дрезден деген қалаға айдап келеді. Бұған тұтқындар қатты қуанады. Өйткені, Дрезден ашық қала есептелетін, онда әскери зауыт та, құрылғылар да жоқ еді. Оның үстіне әсем сарайлары бар болатын. Бұндай мәдениеттік түсі алған, бейтарап орынды Одақтас армия бомбылай қоймайтын еді. Тұтқындар бұл арада балалар мен ауыраяқ әйелдерге қажетті азықтар шығаратын орында жұмыс істейді. Бұл орын соғыстан бұрын «5-нөмірлі қасапхана» деп аталатын еді. Дегенмен, бәрі басқаша болады, тұтқындар Дрезденге келіп, төрт күн өткенде, Одақтас армия әуе армиясын жіберіп, қаланың түгін қалдырмай жермен жексен етеді. Илум және бірнеше тұтқын мен тағы бірнеше неміс «5-нөмірлі қасапхананың» жертөлесінде жұмыс істеп жатқандықтан ғана аман қалады. Олар жұмыстан босап далаға шыққанда, кешегі жайнап тұрған қаланың қирап қалған, тіршіліксіз қирандысын ғана көреді. Романда бұл көрініс: «жердің бетін ыс-түтек басқан, дүние қап қара, ештемені көруге болмайды, төбедегі күн қараңғыда жылтыраған ноқат сияқты. Дрезден айдың беті сияқты, мұнда күйген топырақтан өзге ештеңе көзге түспейді. Таудай болып үйіліп, жемтік болып адамның мәйіттері жатыр...»

«5-нөмірлі қасапхана» романы АҚШ-та жарық көрісімен бірден елдегі қасқалар мен жайсаңдардың шамына тиген. Зерттеуге қарағанда өткен шерік ғасырда АҚШ-та шектеуге ұшыраған кітаптардың бірінші орынын осы «5-нөмірлі қасапхана» романы иелеген. Романға қарсы тұрушылар бұл кітап жастарды отаншылдықтан бездіреді, АҚШ армиясының абыройын төгеді т.б. деген айыптар тағады.

К. Воннегут 1997 жылы өзінің жазуды тоқтататынын жариялаған болатын. Бірақ 2005 жылы жазушының «отаны жоқ біреу» деген жаңа эссе-сын кітабы жарыққа шықты. Кітаптағы мақалалардың көбі жазушының соңғы жылдары «Осы заман» журналында жарық көрген туындылары еді. Кітаптың мұқабасы К. Воннегуттың өзі салған суреттен тұрады (жазушының «Жүлдегер таңғы ас» деген романы осындай суреттерге толы екенін ескерте кеткен жөн шығар). Кітаптан сексеннің сеңгіріне шыққан қаламгердің неден алаңдайтынын байқаймыз. Онда жазушы былай дейді: «Меніңше, адамдар өздері жасап жатқан мынау жер шарының болашағын ойлауды бір жола қойған сияқты. Жұрттың мына тірлігі ұзақ қамауда отырған арақкештің тірлігіне ұқсайды, көздері әбден қарауытып кеткен. Мен енді келешек ұрпақтарымда жөні түзу мекен болады дегенге сене алатын емеспін.»

К. Воннегут кезінде өз шығармаларына баға беріп, оларды қатарға тұрғызған екен. Соңғы кітабын жазушы «басым ағарған шақта сыйға тартылған керемет бір шамфан болды ғой» -депті. Жазушы осылай деп өз шығармашылығының соңғы нүктесін қойған.

Ардақ Нұрғазы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Көп оқылғандар