Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ардақ Нұрғазыұлы. Қараңғыдағы мәтін...

13.08.2015 2960

Ардақ Нұрғазыұлы. Қараңғыдағы мәтін

Ардақ Нұрғазыұлы. Қараңғыдағы мәтін - adebiportal.kz



Ардақ Нұрғазыұлы

Жазушы Мадина Омарова шығармаларындағы алғадайлық ерекшелік


Әлемді түсіндіру үшін әуелі оны түсініп алу керек. Ендеше, әлем деген не? Түсіну деген не? Түсіндіру деген не? Бүгіннің түсінігімен айтқанда, бұның үшеуі де сөз. Адам баласының санасында малтыққан түйсіктің сөз теңізінен тасқап шығарған мағыналары. Мағына деген — сыртқы әлемге бастайтын жол немесе ұлы дария. Адам осы дарияның бір тамшысы, нақтырақ айтқанда, ең кіші бөлшегі. Содан да адам мен сөзді бөліп қарауға болмайды. Олар теңгенің екі беті сияқты. Ол теңгенің аты — болмыс. Болмыс пенде баласының білетін және біле алмайтын шексіз-шетсіз сыртқы әлем мен дәл сондай ішкі рухани әлемнің түйіскен тұсында тұр. XX ғасырда бас көтерген болмысшылдықтың түп атасы саналатын Ф.Ницшенің: «Әлемді түрліше түсіндіруге болады. Онда жасырын тұрған ештеңе жоқ. Қайта, ол шексіз мағынаға ие» дегені бар. Бүгінге дейін адам баласы дүниені түсіндіруге тырысудан, өз болмысына үңілуден жалыққан емес. Сонау есте жоқ ескі замандардан бүгінге дейін дүниені дін, философия, ғылым, түрлі измдер мен идеологиялар өзінше түсіндіріп, бір қорытынды шығаруға тырысып келеді. Алайда, бұлт етпей тұрмайтын дүниеде түсіндіру жаңа түсіндірумен сабақтасып кетеді де, қалыптасқан түсінік ақырында өзгеріп тынады. Айталық, кез келген дін сияқты ақырғы өзгермейтін ақиқатты айтқандай, кеңес идеологиясы түпкі болмысты қатып-семген шекті мағынамен қаңтарып ұстады. Партия, отан, халықтар достығы, күн көсем, интернационалдық рух, кеңес адамының махаббаты, өзге үшін өзін құрбан ету т.б. сөздер үстемдік құрды. Белгілі мағынадан алғанда осынау сөздер ағын судың ілуде бір кездесетін иірімінде топталған көбік сияқты шынайы болмыспен еш қатысы жоқ еді. Кеңес билігі кезінде жоғарыдағы атаудың кез келгені өзгенің еркін баса билеп, қан төгіп, ұлт пен ұлыстан тартып жеке адамның тағдырына дейін тәлкек етіп, қасіретті қолдан жасап тұрып, қасіреттің мүлде кері мағынасына ие болды. Бұны сөздің әуелгі мағынасының жоғалуы немесе сөздің өлуі демей, басқа не деуге болады?!


Әсілінде, сөз бен болмыс қақ жарылған жерде мағынасыздық мән алады. Тәуелсіздіктен кейінгі қоғамда белең алған рухани құлдыраудың түп себебі де осында жатыр.


Адам өз болмысына жақындаған сайын сөздің дәмін сезіне түседі. Болмыс деген өзіңнің жер басып тұрғаныңды шынайы сезіну. Ф.Кафканың: «Адам екі табаны тиіп тұрған жердің көлемінде ғана өмір сүреді» дегені бар. П.Сллан: «Қол алысу мен поэзияның арасынан еш айырмашылық көріп тұрғаным жоқ» деп жазды. Екеуінің де айтпағы бір сөз. Түйсіну де міне, осы тұстан басталады. Түсіну басталған жерде сөз тіріледі. Кеңес қоғамының жаңбырдай жауған өлген сөздерінің ішінен бері келген тәуелсіз кезеңнің жазушылары үшін сөзді қайта тірілту ең басты міндет болды. Кеңес идеологиясы алып құрылыстар салып, қала тұрғызып қана қойған жоқ, өз идеологиясына қалқан етіп ұстайтын сөзден тау да тұрғызды. Қарапайым сөз тіркесінен басталып, ұзын-ұзын құрмалас сөйлемдерге ұласатын кеңес әдебиетінің құрсауынан босаудың басты жолы алдымен осынау сөйлемдерден азат болу немесе сөйлемді қайта құрудың жолын қарастыру екенін посткеңестік елдердің тәуелсіздіктен кейін әдебиетке келген жазушылары бәрі дерлік аңғарды.


Ол диванда телевизор көріп отыр. Футбол. Ешнәрсесі түсініксіз, мағынасыз футбол. Не деген ұзақ, бітпейтін нәрсе. Жайлап барып алдына отырып алған. Есіл-дерті экранға ауған ол қолын тартқаны болмаса, мән бере қойған жоқ. Бетіне қарады. Кірпіктері ұзын. Қоп-қоңыр. Үлпілдек. Саусағын тигізді...


(Мадина Омарова. «Махаббат»)


Кеңес әдебиетінің көзімен қарасаң, жоғарыдағы жолдарда көп кемістік бар. Тіпті, оны басы бүтін прозалық шығарманың басталуы деуге келмейді. Баспасөзде Мадина Омарованың атына айтылатын сынның негізі де жазушы шығармаларының қысқа, жалаң, тіпті, бір сөзбен аяқталатын сөйлемдердің бар екені, бұл тілді меңгере алмау, қала берді, прозаға дайындықсыз келген дегенге барып саяды. Мұнда шешен сөйлейтін Мұхтар мен Сәбит те, жазба тілмен сөйлейтін Қалихан мен Дулат та, тіпті сөйлемдерді қамшының сабындай қысқа алатын Оралхан да көрінбейді. Кеңес әдебиетінің өлшемі тұрғысынан айтқанда, бұл мүлде жат нәрсе. Ықшам, жинақы түскен жоғарыдағы жолдардың табиғаты монологқа, уақыт пен кеңістіктің арасындағы қиысуды баса сезінуге, содан туындайтын болмыстағы үнсіздік пен бостықты көрнектілендіруге бейім. Бұлар қорытынды шығарудан жалтара отырып, мәтіннің ашықтығы мен көп негіздігін қамтамасыз етеді. Шығарма тіл тұрғысынан баяндаудан гөрі сөздің поэзияға тән табиғатына жақындайды. Айғай ақиқат болудан қалған дәуірде сөздің бұндай бүркемелі түс алуын Юнг «Қаламгердің баса билеген тәртіпке көрсеткен қарсылығы» деп түсіндірген болатын.


Мадина Омарованың шығармалары сөйлем құру дағдысымен ғана емес, жанр тұрғысынан да өзгеше. Жазушының жинаққа кірген шығармаларының көпшілігі қысқа, берісі жарым бет, арысы екі-үш беттен ғана тұрады. Әсілінде, қиық-қиқымнан тұру Мадина Омарованың жалпы шығармаларының басты және ортақ ерекшелігі деуге болады. Бұның тасасында жазушының дүниені түсінудегі таным ерекшелігі тұр. Мәңгілік өзгермейтін ақиқаттан тұрған қоғамның шаңырағы ортасына түскеннен кейінгі кезеңде бас көтерген бұндай таным ақылдың сыртқы әлемді шекті көлемде танитынын, ақиқаттың көп жақтылы болатынын, оны түйсіну үшін жан тереңіне бойлау керектігін аңғартып тұрады. Бұл түйін автордың эстетикалық талғамына әсер еткен. Содан да Мадина Омарованың қаламынан туған жоғарыдағы мәтінді жасандылығы жоқ, Тәуелсіздіктен кейінгі жаңа қоғамның шынайы туындысы деуге әбден негіз бар.


Бұл арада Мадина Омарова шығармаларының поэзиялық түсі басым екенін ерекше атап өтуге тиіспіз. Бұл жағынан Оралхан Бөкейдің әңгімелері көз алдыңа келеді. Алайда, екі жазушы элегиялық сарында үндестік тапқанымен, жазушылықтың мәні, мәтінде көздеген мақсат тұрғысынан бөлектенеді. Айталық, Оралхан Бөкей шығармаларында жазушы немесе «мен» кейіпкер көп жағдайда өзі әңгіме ететін ортаны сырттай бақылаушы немесе естіп-білген адам ретінде сөз етеді. Бұндай сөз алыста жазушы өзі білетін әңгімесін білмейтіндерге (әлі естімегендерге) айтып отырғанын, жұртқа үлкен жақтан таныс дүниені өз тұрғысынан бағалап, сабақтап, қортындысын да шығарып (жазушы өзі қорытып, бағасын береді) отырғанын аңғарылып тұрады. Ал, Мадина Омарованың кейіпкерлері көлденең көк атты біреу емес, сөз еткелі отырған ортаның туындысы, бастысы тағдырмен тайталасқан, болмыстың өзі сияқты күрделі, өткені қандай екіұшты болса, келешегі де сондай болжаусыз пенде болып келеді. Онда таным-түйсік те, сезім де, ой да тікелей сол сәттік ортадан бас көтереді. Сырттан тықпалаған ештеңені таппайсың. Оралхан Бөкей оқырманға майын тамызып тұрып әңгіме айтып берсе, Мадина Омарова сезім мен түйсінуді жеткізеді. Осыдан барып бұл әңгімелер оқиғасы жағынан солғын, поэзияға тән нәзік, сыршылдыққа бейім.


Мадина Омарованың прозасын қазақ әдебиетінің жас, алда шапқан алғадай буыны деп қарауға болады. Бұл бұтақ балауса, балғын, әлсіз көрінгенімен, бәрібір бізді болашаққа бастайтын жас өркен. Көктемде қайта бүрлеген қарт емен ағашы да өн бойындағы тіршіліктің өміршеңдікке толы күш-құдыретін әйгілегенде осылай бұлқынады. Тамырда қуалаған тіршілік нәрі күн көзіне, биікке ұмтылған сайын өзінің балауса бұтағына зор үміт артады. Бұл тамыр мен бұтақтың тереңде жатқан көзге көрінбейтін ерекше махаббаты. Мадина Омарова былай деп жазады:


Мен бұлбұлдың сайрағанын ешқашан естіген емеспін. Естіген күннің өзінде қасымда оның басқа емес, бұлбұл екенін түсіндіретін адам болмаса, танымасым анық. Бірақ, маған бәрібір бұлбұл ұнайды. Әбден жауыр болған, ғасырлар бойы айтыла-айтыла ескірген атағымен, әсіресе мен үшін беймәлімдігімен...


(Мадина Омарова. «Қоңыр әуен»)


Жаңа заманның өте сезімтал, қырағы жазушысы ретінде Мадина Омарованың атына айтар сын болса, меніңше, ол жазушының түйе боталағандай аз жазатыны. Сонымен бірге өзінде бар мүмкіндіктерді толық пайдалана отырып, жаңа бір баспалдаққа көтерілуге құлықты еместігі. Таң қараңғылығын бұлайша соза беруге болмайды.


Мен қолжазбаны қолыма ұстап отырып, жазушының жан сыры ағаш арасына түскен теңбіл көлеңкедей бір сәт тыным алмайтын, өз-өзіне сөйлеуге құмар, өз балшығымен өздерін жасаған кейіпкерлерін көз алдымнан өткіздім. Кенет, ойыма француз жазушысы А.Камюдың «Бөгде» новелласындағы бас кейіпкердің бір бейнесі келді. Шығармада өмір бойы айнала қым-қуыт ортаның дүрмегінде қақпақыл болып жанұшырып жүрген бейшара оқыстан адам өлтіріп, өзі де өлім жазасына кесілген шағында басын көтеріп аспанға қарайды да, таң қалады. Себебі, өмір бойы басын көтеріп көрмеген пенде аспанның көк болатынын білмей өткен ғой. Осы тұрғыдан алғанда Мадина Омарова шығармаларына да сондай бір бас көтеру қажет сияқты.



Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ

әдебиеттанушы, ақын


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар